Темір жол көлігі туралы Қазақстан Республикасының
2001 ж. 8 желтоқсандағы N 266-ІІ
Заңы
(ҚР 08.05.03 ж. N 414-1 Заңымен
енгізілген өзгерістерімен)
Осы редакция 2004 жылғы 9 шілдедегі N 596-II Қазақстан Республикасының Заңымен енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
1-тарау. Жалпы ережелер (1 - 13 баптар)
2-тарау. Темір жол көлігіндегі басқару (14 - 17 баптар)
3-тарау. Темір жол көлігінің қажетіне арналған (18 - 21 баптар)
жер және қорғалатын аймақтар
4-тарау. Темір жол көлігі қызметкерлерінің еңбек (22 - 24 баптар)
қатынастарын реттеу ерекшеліктері
5-тарау. Темір жол көлігінде (25 - 29 баптар)
жолаушыларды сақтандыру
6-тарау. Жүру қауіпсіздігі, темір жол көлігінің (30 - 35 баптар)
жүктері мен объектілерін күзету, ерекше
жағдайларда жұмысты ұйымдастыру
7-тарау. Жүк тасымалдауды ұйымдастыру (36 - 55 баптар)
8-тарау. Кірме жолдар (56 - 63 баптар)
9-тарау. Жолаушыларды, багажды, жүк-багажды және (64 - 72 баптар)
почтаны тасымалдау
10-тарау. Тасымалдаудан туындайтын міндеттемелер (73 - 88 баптар)
бойынша жауапкершілік
11-тарау. Актілер, кінә қою, талап қою (89 - 93 баптар)
12-тарау. Қорытынды және өтпелі ережелер (94 - 97 баптар)
Осы Заң темiр жол көлiгiмен жолаушылар, багаж, жүк, жүк-багаж және почта тасымалдарын жүзеге асыру кезiндегi тасымалдаушылар, темiр жол көлiгi ұйымдары, мемлекеттiк органдар, жолаушылар, жөнелтушiлер, алушылар, жүк жөнелтушiлер, жүк алушылар, басқа да жеке және заңды тұлғалар арасындағы қоғамдық қатынастарды реттейдi.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) багаж - жолаушылар немесе почта-багаж поезында тасымалдауға қабылданған, салмағы екi жүз килограмнан аспайтын мүлiк;
2) тармақ иеленушi - меншiк құқығында немесе өзге де заңды негiзде темiр жолдың кiрме жолдарын иеленушi тұлға;
3) жүк - жүк поезында тасымалдауға қабылданған мүлiк;
4) жүк-багаж - жолаушылар мен почта-багаж поездарында тасымалдауға қабылданған, салмағы екi жүз килограмнан артық мүлiк;
5) жүк жөнелтiлiмi - бiр темiр жол көлiгi жүкқұжатымен тасымалдауға ұсынылатын жүк партиясы;
6) жүк жөнелтушi - тасымалдау құжаттарында көрсетiлген және жүктi жөнелтушi тұлға;
7) жүк алушы - тасымалдау құжаттарында көрсетiлген және жүктi алушы тұлға;
8) темiр жол қатынасы - жөнелтетiн және баратын бекеттер арасында темiр жол көлiгiмен жолаушылар, багаж, жүк, жүк-багаж және почта тасымалдау, оның мына түрлерi:
халықаралық - Қазақстан Республикасы мен шет мемлекеттер арасында және (немесе) Қазақстан Республикасы арқылы транзитпен тасымалдау;
республикалық - Қазақстан Республикасының шегiнде тасымалдау;
қала маңындағы - жолаушыларды қала шегiнде және қашықтығы жүз елу километрден аспайтын қала маңында тасымалдау;
9) темiр жолдар - жылжымалы құрамның жүруi iске асырылатын жылжымайтын мүлiк объектiлерi (тар және кең табан магистралдық, станциялық, кiрме жолдар);
10) темiр жол көлiгi - темiр жолдармен тасымалдауды қамтамасыз ететiн көлiк түрi;
11) темiр жол көлiгiнiң қажетiне арналған жер - темiр жолдар, құрылыстар, жол желiсiндегi және басқа ғимараттар, темiр жол станциялары, қорғаныш екпе ағаштар және жол құрылғылары алып жатқан жер учаскелерi;
12) клиент - жасалған шартқа сәйкес тасымалдаушының қызметiн пайдаланатын тұлға;
13) магистралдық темiр жол желiсi - магистралдық және станциялық жолдарды, оларды пайдалануды қамтамасыз етуге қажеттi электрмен жабдықтау, сигнализация және байланыс объектiлерiн қамтитын магистралдық темiр жол инфрақұрылымы;
14) магистралдық жолдар - Қазақстан Республикасының аймақтары арасында және басқа мемлекеттермен жол қатынасын қамтамасыз ететiн темiр жолдар;
15) Ұлттық темiр жол компаниясы - меншiк иесi мемлекет болып табылатын, магистралдық темiр жол желiсi қызметiн көрсету үшiн құрылған ұйым;
16) қауiптi жүктер - өздерiне тән қасиеттерiне қарай адамдардың, жануарлардың өлiмiне, жарақаттануына немесе ауруға шалдығуына; жарылысқа, өртке, мүлiктердiң бұзылуына немесе жойылуына, сондай-ақ қоршаған табиғи ортаға зиян келтiрiлуiне себеп болуы мүмкiн жүктер;
17) магистралдық темiр жол желiсiнiң операторы - тасымалдау процесiн басқаруды және магистралдық темiр жол желiсi қызметiн көрсетудi жүзеге асыратын тұлға;
18) темiр жол көлiгi ұйымы - тасымалдаушының және (немесе) магистралдық темiр жол желiсi операторының қызмет көрсету жөнiндегi жұмысын жүзеге асыратын тұлға, сондай-ақ тармақ иеленушi;
19) жөнелтушi - багажды, жүк-багажды немесе почтаны жөнелтетiн және тасымалдау құжаттарында көрсетiлген тұлға;
20) темiр жол көлiгiнiң қорғалатын аймақтары - тасымалдау қауiпсiздiгiн, темiр жол көлiгi құрылыстарының, құрылғыларының және басқа объектiлерiнiң сақталуын, төзiмдiлiгi мен берiктiгiн қамтамасыз ету үшiн қажеттi жер учаскелерi;
21) жолаушы - жол жүру құжаты (билетi) бар және поезбен жол жүретiн жеке тұлға;
22) тасымалдаушы - өзiнiң (жалға алған) жылжымалы құрамымен тасымалдауды жүзеге асыратын және тасымалдау құжаттарында көрсетiлген тұлға;
23) тасымалдау құжаттары - ресiмделуi арқылы тасымалдау шарттары жасалатын құжаттар (жол жүру құжаты (билет), багаж бен жүк-багаж квитанциясы, темiр жол көлiгi жүкқұжаты);
24) тасымалдау процесi - тасымалдауларды жүзеге асыру кезiнде орындалатын ұйымдастырушылық және технологиялық тұрғыдан өзара байланысты iс-әрекеттер мен операциялар жиынтығы;
25) жылжымалы құрам - жолаушыларды, багажды, жүктi, жүк-багажды, почтаны тасымалдауға және темiр жол көлiгiн қауiпсiз пайдалануды қамтамасыз етуге арналған, темiр жолдармен қозғалысты жүзеге асыратын тартқыш, өздiгiнен жүретiн және көлiк құралдарының жиынтығы;
26) кiрме жолдар - жүк жөнелтушiлер мен жүк алушыларға қызмет көрсетуге арналған және магистралдық, станциялық, сондай-ақ басқа да темiр жолдарға қосылатын темiр жолдар;
27) алушы - багажды, жүк-багажды немесе почтаны алатын және тасымал құжаттарында көрсетiлген тұлға;
28) тасымалдау ережелерi - жолаушылар, багаж, жүк, жүк-багаж және почта тасымалдауды жүзеге асыру кезiнде темiр жол көлiгi ұйымдарының қызметiн реттейтiн, уәкiлеттi орган бекiтетiн нормативтiк құқықтық актiлер;
29) қол жүгi - жолаушының вагонда өзiмен бiрге ақысыз тасымалдайтын, салмағы мен көлемi бойынша белгiленген мөлшерден аспайтын жеке заттары;
30) тез бүлiнетiн багаж, жүк, жүк-багаж - жарамдылық мерзiмi шектеулi және тасымалдау мен сақтаудың ерекше жағдайын талап ететiн багаж, жүк, жүк-багаж;
31) арнаулы тасымалдаулар - мемлекет және қорғаныс қажеттерiне арналған арнаулы жүктердi тасымалдау;
32) тасымалдануға болатын мерзiм - тез бүлiнетiн багаждың, жүктiң, жүк-багаждың сертификатта (сапалық куәлiкте) көрсетiлген деректер негiзге алынып, жолда болуының барынша шектi мерзiмi;
33) станциялық жолдар - кiрме жолдарды қоспағанда, темiр жол станциясының шекарасындағы темiр жолдар;
34) уәкiлеттi орган - Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес көлiк саласындағы мемлекеттiк саясатты, Қазақстан Республикасы көлiк кешенiнiң қызметiн үйлестiрудi, реттеудi және бақылауды жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.
2-бап. Темiр жол көлiгi саласындағы мемлекеттiк саясат
1. Темiр жол көлiгi саласындағы мемлекеттiк саясат:
1) көлiк рыногының барлық субъектiлерiнiң темiр жол көлiгi қызметiне еркiн қол жеткiзуi;
2) Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерiн қорғау;
3) тасымалдардың барлық қатысушылары үшiн құқықтық және экономикалық кепiлдiктердiң бiрыңғай стандартын қолдану принциптерiн негiзге алып, халықтың, экономиканың және мемлекеттiң тасымалдарға қажеттiгiн қанағаттандыру үшiн жағдай жасауға бағытталған.
2. Темiр жол көлiгi саласындағы мемлекеттiк саясаттың мақсаты:
1) темiр жол көлiгiнiң магистралдық темiр жол желiсiн дамыту;
2) тасымалдарды дамыту;
3) тасымалдардың қауiпсiз жағдайларын қамтамасыз ету;
4) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес темiр жол көлiгiнде тариф, салық және кеден саясатын жүзеге асыру;
5) темiр жол көлiгiнде еркiн кәсiпкерлiкке жағдай жасау және тасымалдаушылар мен темір жол көлiгi ұйымдарының шаруашылық қызметiне мемлекеттiк органдардың заңсыз араласуына жол бермеу;
6) бәсекелестiктi дамыту, соның iшiнде халықаралық тасымалдар саласындағы бәсекелестiктi дамыту;
7) магистралдық темiр жол желiсiнiң бiрыңғай мүлiктiк кешенiн сақтау;
8) қоршаған ортаны қорғау;
9) темiр жол көлiгiн жұмылдыру дайындығында ұстап тұру;
10) темiр жол көлiгiнiң қажеттерi үшiн импортты алмастыратын өндiрiстi дамытуға жәрдемдесу болып табылады.
3. Темiр жол көлiгi саласындағы мемлекеттiк саясатты жүзеге асыру уәкiлеттi органға және құзыретiне сәйкес өзге де мемлекеттiк органдарға жүктеледi.
3-бап. Темiр жол көлiгiнде жолаушылар, багаж, жүк, жүк-багаж және почта тасымалын ұйымдастыру негiздерi
1. Темiр жол көлiгiмен жолаушылар, багаж, жүк, жүк-багаж және почта тасымалдау Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен және шарттарда жүзеге асырылады.
2. Тасымалдаушы осы Заңда және Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда көзделгеннен басқа жағдайларда, ақысын төлеген және жол жүру немесе багаж, жүк, жүк-багаж және почта тасымалдарына арналған тасымалдау құжаттарын дұрыс ресiмдеген қызмет пайдаланушыларға тасымал жасаудан бас тартуға құқығы жоқ.
4-бап. Темiр жол көлiгi туралы заңдар
1. Темiр жол көлiгi туралы заңдар Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда осы Заңдағыдан өзге ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
3. Әскери және арнайы тасымалдарды ұйымдастыру, қамтамасыз ету және орындау ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының заңдарымен реттеледi.
5-бап. Темiр жол көлiгiнiң ортақ және жеке пайдаланылатын объектiлерi
1. Магистралдық темiр жол желiсi Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында темiр жол көлiгiнiң ортақ пайдаланылатын объектiсi болып табылады, мемлекет меншiгiнде болады және жекешелендiруге жатпайды.
2. Магистралдық темiр жол желiсiне жатпайтын темiр жолдар жеке пайдалану объектiсi болып табылуы және жеке меншiкте болуы мүмкiн.
"Қазақстан темiр жолы" ұлттық компаниясы" жабық акционерлiк қоғамын құру туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 ж. 15 наурыздағы N 310 қаулысы қараңыз
6-бап. Магистралдық темiр жол желiсi
1. Тасымалдаушылар магистралдық темiр жол желiсi бойынша тасымалдарды магистралдық темiр жол желiсiн пайдалану ережелерiне сәйкес жүргiзедi.
2. Тасымалдаушы магистралдық темiр жол желiсiн пайдаланғаны үшiн магистралдық темiр жол желiсiнiң операторына Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгiленген мөлшерде ақы төлейдi.
3. Магистралдық темiр жол желiсiнiң операторы тасымалдаушыларға магистралдық темiр жол желiсi мен оның жабдықтарын тең құқықпен пайдалануды қамтамасыз етуге мiндеттi.
4. Ұлттық темiр жол компаниясы магистралдық темiр жол желiсiн салуды, күтiп ұстауды және жаңғыртуды Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен бағдарлама бойынша жүзеге асырады.
7-бап. Темiр жол қатынасын тоқтату
Мемлекеттiк меншiк болып табылатын темiр жол бойынша темiр жол қатынасын тоқтатуды Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң шешiмi бойынша уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
8-бап. Темiр жол көлiгiндегi шарттар
1. Тасымалдау шарттарының мiндеттi талаптары Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде, осы Заңда және соларға сәйкес шығарылған тасымалдау ережелерiнде белгiленедi. Тараптар тасымалдау шарттарының өзге де талаптарын белгiлеуге ерiктi.
2. Жолаушылар тасымалын ұйымдастырған кезде Ұлттық темiр жол компаниясы мен тасымалдаушылардың мемлекеттiк басқару органдарымен өзара қарым-қатынасы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шарт талаптарымен жүзеге асырылады.
3. Тасымалдаушы өздерiнiң құзыретiне сәйкес мәлiмделген ерекше маңызды тасымалдарды жүзеге асыру туралы мемлекеттiк органдардың жазбаша нұсқауларын (шешiмдерiн) орындауға мiндеттi. Тиiстi нұсқауларда (шешiмдерде) осындай тасымалдар үшiн есеп айырысу тәртiбi мен мерзiмдерi туралы мәлiметтер болуға тиiс.
4. Темiр жол көлiгiмен халықаралық қатынаста және транзитпен жолаушыларды, багажды, жүктi және жүк-багажды тасымалдау Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес жүзеге асырылады.
9-бап. Жылжымалы құрамды тiркеу
Жылжымалы құрам уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен мiндеттi мемлекеттiк тiркелуге тиiс.
10-бап. Лицензиялау
Темiр жол көлiгiндегi қызметтiң жекелеген түрлерi Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңдарына сәйкес берiлетiн лицензия негiзiнде жүзеге асырылады.
11-бап. Сертификаттау
1. Темiр жол көлiгiнiң қызметiне жататын өнiмдердi, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi мiндеттi сертификаттау Қазақстан Республикасының сертификаттау туралы заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Шет мемлекет берген сертификатты Қазақстан Республикасының сертификаттау туралы заңдарына сәйкес мемлекеттiк сертификаттау жүйесi таныған жағдайда, ол Қазақстан Республикасында жарамды деп есептеледi.
12-бап. Тарифтер және ақы төлеу
1. Тасымалдаушының көрсеткен қызметiне бағаны, соның iшiнде тарифтi (тасымал ақысын) тасымалдаушы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгiлейдi.
2. Жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар тасымалдаушының шығыстарын өтей отырып, жолаушылардың қала маңы қатынасында жол жүру бағасына (тарифтерiне) жеңiлдiктер бере алады.
3. Халықаралық қатынаста тарифтi (тасымалдау ақысын) қолдану ережесi Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында белгiленедi.
13-бап. Тасымалдауға талап қою құқығын беру
Жүк жөнелтушiге байланысты себептер бойынша жүзеге асырылмаған (толық көлемiнде жүзеге асырылмаған) тасымалға алдын ала ақы төленген жағдайда, жүк жөнелтушi ақша қаражатын қайтарып алуға немесе тасымалдаушының келiсiмiмен осы тасымалға талап ету құқығын басқаға беруге құқылы.
2-тарау. Темір жол көлігіндегі басқару
14-бап. Темiр жол көлiгiндегi мемлекеттiк басқару
1. Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң темiр жол көлiгi саласындағы құзыретiне:
1) темiр жол көлiгiн дамыту тұжырымдамалары мен бағдарламаларын бекiту;
2) Ұлттық темiр жол компаниясының мәртебесiн белгiлеу;
3) Ұлттық темiр жол компаниясы мен тасымалдаушылардың тасымалды жүзеге асыру кезiнде мемлекеттiк органдармен өзара iс-қимылының тәртiбiн белгiлеу;
4) магистралдық темiр жол желiсiн пайдалану ережелерiн бекiту;
5) магистралдық, станциялық және кiрме жолдарда жүру қауiпсiздiгi талаптарының сақталуын тексеру ережелерiн бекiту;
6) магистралдық темiр жол желiсiне кiретiн темiр жолдардың тiзбесiн бекiту, сондай-ақ темiр жолдарды осындай тiзбеден шығару;
7) темiр жол көлiгiнiң қауiптiлiгi жоғары аймақтарда жолаушылардың, азаматтардың болу және объектiлер орналастыру, оларда жұмыс жүргiзу, темiр жолдар арқылы жүру және өту ережелерiн бекiту;
8) әскери және арнаулы тасымалдарды жүзеге асыру тәртiбiн белгiлеу;
9) темiр жол көлiгiнiң мiндеттi сертификаттауға жататын өнiмiнiң, жұмыстарының, көрсетiлетiн қызметтерiнiң тiзбесiн бекiту;
10) айрықша қасиеттерiне қарай жүктердiң жекелеген түрлерiн күзетудi қамтамасыз ету тәртiбiн белгiлеу және осындай жүктердiң тiзбесiн бекiту;
11) темiр жол көлiгi қызметiне байланысты объектiлердi мемлекеттiк әлеуметтiк сала объектiлерiне жатқызу тәртiбiн, сондай-ақ темiр жол көлiгi ұйымдарының осындай объектiлердi күтiп-ұстауына жұмсайтын шығындарының нормативтерiн белгiлеу;
12) халықаралық, республикалық және қала маңындағы қатынастарда әлеуметтiк маңызды бағыттар бойынша магистралдық темiр жолдарда жолаушылар тасымалын ұйымдастыру туралы шешiм қабылдау;
13) темiр жол көлiгiнiң қорғалатын аймақтарының жерiн пайдалану тәртiбiн, мөлшерiн және режимiн белгiлеу;
14) Қазақстан Республикасының аумағы бойынша транзиттiк жолаушылар қатынасына тыйым салу туралы шешiм қабылдау;
15) тасымалдауды шектеу туралы, Қазақстан Республикасының аумағына (аумағынан) багаж, жүк және жүк-багаж әкелуге, әкетуге, транзиттiк тасымалдауға тыйым салу туралы шешiм қабылдау;
16) темiр жол көлiгiн басқару саласындағы өзге де мәселелер жатады.
2. Уәкiлеттi органның құзыретiне:
1) темiр жол желiсiн және темiр жол көлiгiн дамыту жөнiндегi тұжырымдамалар мен бағдарламаларды әзiрлеу;
2) темiр жол көлiгi саласындағы қатынастарды реттейтiн заң актiлерiн және өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеу;
3) темiр жол көлiгiне азаматтардың өмiрi мен денсаулығын, тұтынушылардың құқықтарын, қоршаған ортаны қорғауды, қоғамның қауiпсiздiгiн, сондай-ақ көрсетiлетiн қызмет сапасын қамтамасыз ететiн бiлiктiлiк талаптарын бекiту;
4) жолаушыларды, багажды, жүктердi, жүк-багажды және почтаны тасымалдау ережелерiн, техникалық пайдалану ережелерiн бекiту;
5) киiм нысанының (погонсыз) және айырым белгiлерiнiң үлгiлерiн, нысанды киiмдi киiп жүру тәртiбiн, қамтамасыз ету нормасын және нысанды киiм киiп жүруге құқығы бар темiр жол көлiгi қызметкерлерi лауазымдарының (кәсiптерiнiң) тiзбесiн бекiту;
6) жылжымалы құрамды тiркеу тәртiбiн белгiлеу;
7) тасымалдауды ұйымдастыруға және (немесе) тасымалдауға байланысты қызметтердi орындауға жасалған шарттар бойынша мiндеттемелердi қамтамасыз ету тәртiбi мен шараларын белгiлеу;
8) жүру қауiпсiздiгi мен қоршаған ортаны қорғаудың белгiленген талаптарына жай-күйi сай келмейтiн магистралдық темiр жол желiсiнiң, темiр жолдар мен жылжымалы құрамның объектiлерiн пайдалануды тоқтата тұру және тоқтату;
9) жер ресурстарын басқару жөнiндегi уәкiлеттi органмен келiсе отырып, бөлiнген белдеудегi темiр жол көлiгiнiң қажетiне арналған жердi пайдалану тәртiбiн белгiлеу;
10) халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру;
11) кадрлар даярлауды, қайта даярлауды және олардың бiлiктiлiгiн арттыруды ұйымдастыру;
12) темiр жол көлiгi қызметкерлерiн кәсiби ерекшелiк белгiсiмен марапаттау тәртiбiн бекiту;
13) жүру қауiпсiздiгi талаптары бұзылуының мемлекеттiк статистикалық есептiлiгiн жүргiзу;
14) өз құзыретi шегiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы мәселелердi қарау;
15) Қазақстан Республикасының көлiк туралы заңдарына сәйкес өзге де мәселелер жатады.
3. Жергiлiктi атқарушы органдардың темiр жол көлiгi саласындағы құзыретiне:
1) қала маңында жолаушылар тасымалдауды ұйымдастыру туралы шешiмдi тасымалдаушы немесе өзге де мүдделi тұлға қабылдайтын жағдайларды қоспағанда, осындай шешiм қабылдау;
2) төтенше жағдайлар туындаған кезде тасымалдауды уақытша тоқтату туралы шешiм қабылдау жатады.
15-бап. Ұлттық темiр жол компаниясы
1. Ұлттық темiр жол компаниясы өз қызметiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырады.
2. Ұлттық темiр жол компаниясы магистралдық темiр жол желiсiн иелену мен пайдалануды жүзеге асырады және магистралдық темiр жол желiсiнiң операторы мен тасымалдаушының функциясын атқарады.
3. Магистралдық темiр жол желiсi операторының және тасымалдаушының функциясын атқаратын Ұлттық темiр жол компаниясының құрылымдық бөлiмшелерiн iшкi қаржылық бөлудiң тәртiбi мен талаптарын уәкiлеттi орган белгiлейдi.
16-бап. Тасымалдау процесiн басқару
1. Магистралдық темiр жол желiсiнiң операторы тасымалдау процесiн орталықтандырылған басқаруды және ұйымдастыруды жүзеге асырады, магистралдық темiр жол желiсiн пайдалану ережелерiне сәйкес тасымалдаушылармен шарттар жасасады.
2. Магистралдық темiр жол желiсiнiң операторы техникалық пайдалану ережелеріне сай келмейтін жылжымалы құрамды магистралдық темiр жол желiсiне жiбермеуге мiндеттi.
17-бап. Темiр жол станциясы
1. Тасымалдаушы тиiстi операцияларды жүргiзу үшiн ашық темiр жол станциялары арасында тасымалдарды жүзеге асырады.
2. Жұмыс режимiн, сондай-ақ барлық немесе жекелеген операцияларды орындау үшiн темiр жол станцияларын ашу мен жабуды уәкiлеттi орган тиiстi жергiлiктi атқарушы органмен келiсе отырып белгiлейдi.
3. Шекара, кеден, ветеринария, фитосанитария органдары және басқа органдар темiр жол станциясы аумағындағы өз қызметтерiн темiр жол станциясының жұмыс режимiнде жүзеге асырады.
4. Темiр жол станцияларының жолаушыларды, багажды, жүк-багажды және почтаны тасымалдау жөнiндегi операцияларды, сондай-ақ жүктердi қабылдау, тиеу, түсiру және беру жөнiндегi операцияларды жүзеге асыру жөнiндегі қызмет көрсетулеріне тасымалдаушылардың тең дәрежеде қол жеткiзуi қамтамасыз етiлуге тиiс.
3-тарау. Темір жол көлігінің қажетіне арналған
жер және қорғалатын аймақтар
18-бап. Темiр жол көлiгiнiң қажетiне арналған жер
1. Тасымалдаушыға немесе темiр жол көлiгi ұйымына өздерiне жүктелген мiндеттердi жүзеге асыру үшiн жер пайдалануға немесе меншiкке берiлетiн жер темiр жол көлiгiнiң қажетiне арналған жер болып табылады.
2. Темiр жол көлiгiнiң қажетiне арналған жерге мынадай темiр жолдарға және олармен технологиялық байланыстағы құрылғылар мен ғимараттарға:
1) магистралдық жолдарға және олармен технологиялық байланыстағы құрылғылар мен құрылыстарға (темiр жол төсемi, көпiрлер, тоннельдер, виадуктер, сигналдық жабдықтар, қызметтiк-техникалық ғимараттар);
2) кiрме жолдарға;
3) энергетика, локомотив, вагон, жол және жүк шаруашылықтарының, сумен қамтамасыз ету және канализация ғимараттарымен, құрылыстарымен, қорғаныш және бекiткiш екпе ағаштарымен, арнаулы темiр жол көлiгiне қызмет көрсетуге арналған қызметтiк және басқа да объектiлерiмен бiрге темiр жол станцияларына бөлiнген жерлер жатады.
3. Темiр жол көлiгiнiң қажетiне арналған жер уәкiлеттi мемлекеттiк органдар белгiлеген қала құрылысын салу мен экология талаптарына, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес санитариялық және өзге де нормаларға сәйкес келуге тиiс.
4. Темiр жол көлiгi ұйымдары өздерiнiң кiнәсiнен қоршаған ортаға келтiрген зияны үшiн, сондай-ақ темiр жол көлiгiнiң қажетiне арналған жердi тиiсiнше күтiп-ұстамағаны үшiн Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес жауапты болады.
19-бап. Темiр жол көлiгiнiң қажетiне арналған жердi бөлу мен пайдалану тәртiбi
1. Жер учаскелерiн беру Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Жер учаскелерi темiр жолдар мен темiр жол станцияларын дамытудың жобалау-техникалық құжаттамасы мен бас схемаларына сәйкес, уәкiлеттi органмен келiсе отырып белгiленген тәртiппен бекiтiлетiн нормативтер бойынша берiледi.
3. Бөлiнген белдеудегi темiр жол көлiгiнiң қажетiне арналған жердi пайдалану тәртiбiн Қазақстан Республикасының жер туралы заңдарына сәйкес уәкiлеттi орган белгiлейдi.
20-бап. Темiр жол көлiгiнiң қорғалатын аймақтары
1. Халықтың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, сондай-ақ темiр жол көлiгiнiң қажетiне арналған жерге бөлiнген белдеуге жанасатын жер учаскелерiндегi объектiлердi қауiпсiз пайдалану мақсатында, жер пайдаланудың ерекше жағдайларымен қорғалатын аймақтар белгiленедi, олардың шегiнде аймақтарды белгiлеу мақсаттарымен сыйыспайтын қызмет түрлерiне шек қойылады немесе тыйым салынады.
2. Темiр жол көлiгiнiң қорғалатын аймақтарына көлiк құрылыстарының, құрылғыларының және басқа объектiлерiнiң сақталуын, берiктiгiн әрi орнықтылығын қамтамасыз етуге қажеттi қорғаныш орман аймақтары, жер учаскелерi, сондай-ақ темiр жол көлiгiне бөлiнген белдеуге жанасатын, сел қаупi, көшкiн қаупi және басқа да қауiптi жағдайлар болатын аймақтардағы және өңiрлердегi жер учаскелерi жатады.
3. Темiр жол көлiгi қорғалатын аймақтарының жерi меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың иелiгiнен алынбайды және олар бұл жердi белгiленген шектеулердi сақтай отырып пайдаланады.
21-бап. Қорғалатын аймақтардағы жерлердi пайдалануды шектеу
1. Темiр жол көлiгiнiң қорғалатын аймақтарында:
1) темiр жол көлiгiнiң қажетiне арналған жерге iргелес жатқан учаскенiң меншiк иесiнiң немесе оны пайдаланушының жазбаша келiсiмiнсiз тұрақты және уақытша сипаттағы құрылыс, монтаждау және тау-кен жұмыстарын жүргiзуге;
2) көшкiннiң, шөгiндiнiң, сел тасқынының, сай-жыраның пайда болуына, сусымалы құмдардың, қар үйiндiлерiнiң, көшкiнiнiң туындауына, өзге де осындай зардаптарға әкелiп соғатын тәсiлдермен ағаштарды кесуге және өсiмдiк қабатын бұзуға тыйым салынады.
2. Қорғалатын аймақтар жерiнiң меншiк иелерi мен пайдаланушылары темiр жол көлiгiнiң қорғалатын аймақтарындағы жерлердi пайдаланудың режимiн бұзғаны үшiн Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген жауаптылықта болады.
4-тарау. Темір жол көлігі қызметкерлерінің еңбек
қатынастарын реттеу ерекшеліктері
22-бап. Темiр жол көлiгi қызметкерлерiнiң еңбек қатынастарын реттеу ерекшелiктерi
1. Темiр жол көлiгi қызметкерлерiнiң еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңдарымен, осы Заңмен, бас келiсiммен, салалық (тарифтiк) келiсiмдермен, жеке еңбек және ұжымдық шарттармен реттеледi.
2. Темiр жол көлiгiнiң поездар қозғалысына тiкелей байланысты қызметкерi кәсiби даярлығы мен денсаулығы жөнiнен уәкiлеттi орган белгiлейтiн талаптарға сай болуға тиiс.
3. Темiр жол көлiгiнiң поездар қозғалысына тiкелей байланысты қызметкерi жұмыс режимiнiң ерекшелiктерiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.
23-бап. Темiр жол көлiгiнiң қызметкерiн жұмыстан шеттетудiң қосымша негiздерi