4. Борышкердiң алимент төлеуден жалтару салдарынан ол бойынша берешегi құралған жағдайда берешек сомасына Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң 353-бабына сәйкес айыппұл есептеледi.
64-бап. Борышкердiң жұмыс орны мен табысы туралы мәлiметтер
Борышкермен еңбек қатынасында тұрған немесе ол табыс алатын азаматтар және ұйымдардың лауазымды адамдары сот орындаушысы тағайындаған мерзiмде борышкердiң жұмыс орны мен оның табыстары, атқару құжатына сәйкес ұстап қалу жүргiзiлгендiгi және өндiрiп алған соманың өндiрiп алушыға жiберiлгендiгi туралы, борышкердiң ақша сомалары мен мүлкiнен өндiрiп алу жөнiнде, сондай-ақ борышкердiң жұмыстан босатылғаны туралы, егер өздерiне белгiлi болса, оның жаңа жұмыс орны немесе тұратын жерi туралы дұрыс мәлiметтер беруге мiндеттi. Сот орындаушысының бұл талаптарын орындамау әкiмшiлiк жауаптылыққа әкеп соғады.
65-бап. Алимент төлеу жөнiндегi берешектi өндiрiп алу тәртiбi
1. Барлық алимент төлеу жөнiндегi берешек алимент төлеушiнiң жалақысынан, басқа да табыстарынан өндiрiлiп алынады.
2. Берешектiң мөлшерiн сот орындаушысы шешiмнiң (қаулының) орындалған жерi бойынша, заңдарда көзделген тәртiппен белгiлейдi.
3. Сот орындаушысының берешектi анықтау туралы қаулысына заңда белгiленген тәртiппен шағым берiлуi немесе наразылық бiлдiрiлуi мүмкiн.
66-бап. Жалақыдан ұстап қалудың дұрыстығын бақылау
Сот орындаушысы борышкердiң жалақысы мен басқа табыстарынан ұстап қалу мен ұсталған сомаларды өндiрiп алушыға жiберудiң дұрыстығы мен уақытылы жүргiзiлуiн ұдайы бақылап отыруды жүзеге асырады.
67-бап. Борышкер шетелге тұрақты тұруға немесе жұмысқа және әскери қызметтi өтеуге кеткен жағдайда алимент алу
Борышкер шетелге тұрақты тұруға немесе жұмысқа және әскери қызметтi өтеуге кеткен жағдайда алимент алу тәртiбi заңдармен белгiленедi.
68-бап. Жұмысқа қайта қабылдау туралы атқару құжатының орындалуы
1. Ұйымның басшысы (жұмыс берушi) жұмысқа қайта қабылдау туралы атқару құжатын орындамаған жағдайда сот орындаушысы қызметкерге орташа жалақысын төлеу немесе қызметкердi жұмысқа қайта қабылдау туралы шешiм шығарылған күннен бастап оны орындаған күнге дейiнгi жалақысының айырмасын төлеу жайлы қаулы шығарылғаны жөнiнде сотқа ұсыныс жасайды.
2. Жұмысқа қайта қабылдау туралы шешiмнiң орындалуы әкiмшiлiктiң жұмыстан босату немесе ауыстыру туралы өзiнiң заңсыз өкiмiнiң күшiн жою туралы бұйрық шығарғаннан кейiн болған, жұмыстан заңсыз босатылған немесе ауыстырылған қызметкер бұрынғы мiндеттерiн атқаруға iс жүзiнде жiберiлген кезден бастап аяқталған болып есептеледi.
4-тарау. Өндiрiп алынған ақша сомаларын бөлу
69-бап. Өндiрiп алынған ақша сомаларын бөлу
1. Сот орындаушысы борышкерден өндiрiп алған сомадан ең алдымен атқару құжатын орындау процесiнде борышкерге салынған айыппұлдар өтеледi, содан кейiн орындау жөнiндегi шығыстар өтеледi, қалған сома өндiрiп алушылардың талаптарын қанағаттандыруға берiледi. Барлық талаптарды қанағаттандырылғаннан кейiн қалған сома борышкерге қайтарылады.
2. Борышкерден өндiрiп алынған және өндiрiп алушыларға берiлуге тиiс сомаларды сот орындаушысы депозиттiк шотқа қосады, содан кейiн белгiленген тәртiппен бередi немесе аударады.
3. Мемлекет кiрiсiне аударуға жататын сомаларды сот орындаушысы тiкелей тиiстi банк мекемесiне енгiзедi.
70-бап. Өндiрiп алуға қосылу
Өндiрiп алуды жүргiзу кезiнде басқа iстер бойынша орындау құжаттары бар адамдар өндiрiп алуға қосыла алады.
71-бап. Өндiрiп алушылардың талаптарын қанағаттандыру кезегi
1. Атқару құжаттары бойынша барлық талаптарды қанағаттандыру үшiн борышкерден өндiрiп алынған сома жеткiлiксiз болған жағдайда бұл сома өндiрiп алушылар арасында осы Заңда белгiленген кезек тәртiбiмен бөлiнедi.
2. Әрбiр келесi кезектiң талаптары алдыңғы кезектiң талаптары толық өтелгеннен кейiн қанағаттандырылады. Өндiрiп алынған сома бiр кезектiң барлық талаптарын толық қанағаттандыруға жеткiлiксiз болған жағдайда бұл талаптар әрбiр өндiрiп алушыға тиесiлi сомаға барабар қанағаттандырылады.
72-бап. Бiрiншi кезекте өндiрiп алу
Бiрiншi кезекте алименттердi өндiрiп алу туралы талаптар; мертiгу немесе денсаулыққа өзге де зақым жасау арқылы келтiрiлген, сондай-ақ асыраушысының қайтыс болуына байланысты зиянды өтеу жөнiндегi талаптар; қызметкерлердiң еңбектегi құқық қатынастарынан туындайтын талаптары қанағаттандырылады.
73-бап. Келесi кезектегi өндiрiп алу
1. Екiншi кезекте патенттер берiлген туындыны, өнертабысты, пайдалы модельдi, өнеркәсiптiк үлгiнi пайдаланғаны үшiн авторларға тиесiлi сыйақы төлеу туралы талаптар, азаматтардың мүлкiне қылмыс немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық арқылы келтiрiлген зиянды өтеу жөнiндегi талаптарды қанағаттандырылады.
2. Үшiншi кезекте несие берушiлердiң кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттемелер жөнiндегi талаптары қамтамасыз ету сомаларының шегiнде қанағаттандырылады.
3. Төртiншi кезекте бюджетке және бюджеттен тыс қорларға мiндеттi төлемдер жөнiндегi талаптар; қылмыс жасау немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық арқылы келтiрiлген зиянды өтеу жөнiндегi заңды тұлғалардың талаптары қанағаттандырылады.
4. Бесiншi кезекте қалған талаптардың бәрi қанағаттандырылады.
ҚР 16.11.99 ж. N 479-1 Заңымен 74-бап өзгертілді
74-бап. Атқарушылық әрекеттер жасау жөнiндегi шығыстар
1. Атқарушылық әрекеттердi ұйымдастыру мен оларды өткiзуге жұмсалған бюджет қаражаттары мен атқарушылық iс жүргiзуге қатысушы тараптардың қаражаттары атқарушылық әрекеттер жасау жөнiндегi шығыстар болып табылады.
2. Атқарушылық әрекеттер жасау жөнiндегi шығыстарға:
1) борышкердiң мүлкiн анықтауға, қарауға, бағалауға;
2) борышкер мүлкiн хаттау мен оны пайдалануға тыйым салуды ұйымдастыру мен өткiзуге, мұндай мүлiктi тасымалдау мен сақтауды ұйымдастыруға;
3) тыйым салынған мүлiктi сатуға;
4) тiлмаштарға, мамандарға және белгiленген тәртiппен атқарушылық әрекеттер жасауға тартылған басқа да адамдарға ақы төлеуге;
5) алынып тасталды
6) өндiрiп алынған сомаларды почта арқылы өндiрiп алушыға аударуға (жiберуге);
7) борышкердi iздестiруге;
8) өндiрiп алушының аванстық жарнасына;
9) атқару құжатын орындау процесiндегi басқа да қажеттi әрекеттерге жұмсалған қаражаттар жатады.
75-бап. Атқарушылық әрекеттер жасау жөнiндегi шығыстарды өтеу тәртiбi
1. Атқарушылық әрекеттер жасау кезiнде жасалған шығыстар борышкерден өндiрiп алынады.
2. Атқарушылық құжат берiлгенде негiзге алынған қаулының күшi жойылуына байланысты атқарушылық iс жүргiзу тоқтатылған жағдайда атқарушылық әрекеттердiң жасалуы кезiнде жасалған шығыстар республикалық бюджет есебiне жатқызылады.
3. Борышкерден алынған заттарды өндiрiп алушыға беру туралы атқару құжатын орындау кезiнде өндiрiп алушының олардан негiзсiз бас тартуы және, егер ол өзiнiң әркеттерiмен немесе әрекетсiздiгiмен орындауға кедергi жасаса, атқару құжатын өндiрiп алушыға қайтару үшiн атқару iсiн тоқтатқан кезде атқарушылық әрекеттердi жасау кезiнде жасалған шығыстар өндiрiп алушыдан алынады.
4. Бюджет қаражаттары есебiнен келтiрiлген шығыстарды өндiрiп алу және сондай шығыс жасаған органға немесе адамдарға өтеу аға сот орындаушысы немесе сот орындаушылары органының басшысы бекiткен сот орындаушысы қаулысының негiзiнде жүргiзiледi. Шығыстарды өтеу сот орындаушысы жасаған есептеме бойынша жүргiзiледi.
5. Қаулының көшiрмесi тараптарға үш күн мерзiмде жiберiледi. Сот орындаушысының қаулысына заңда белгiленген тәртiппен сотқа шағым берiлуi немесе оған наразылық келтiрiлуi мүмкiн.
76-бап. Өндiрiп алушының шығыстарға аванс беруi
Атқару құжаттарының орындалуын қамтамасыз ету мақсатында өндiрiп алушы атқарушылық әрекеттер жасау жөнiндегi шығыстарға жатқызылатын тиiстi шығыстарды жасау үшiн жеткiлiктi мөлшерде депозиттiк шотқа аванс жарнасын төлеуге құқылы.
5-тарау. Атқарушылық санкция, атқару құжаттарын
орындамағаны үшiн жауапкершiлiк
ҚР 22.12.98 ж. N 327-1 Заңымен 77-бап өзгертілдi
77-бап. Атқарушылық санкция
1. Атқару құжаты нақты орындалған кезде өндiрiп алынған соманың (мүлiк құнының) он процентi мөлшерiнде немесе жеке тұлғалардан - он ай есептiк көрсеткiш және мүлiктiк емес сипаттағы атқару құжаттары бойынша, меншiк нысанына қарамастан, ұйымдардан жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде атқарушылық санкция өндiрiлiп алынады.
2. алынып тасталды
3. Орындаушылық санкция республикалық бюджетке аударылады.
78-бап. Борышкердiң атқару құжаттарын орындамағандығы үшiн жауапкершiлiгi
1. Борышкер атқару құжатын орындамағаны үшiн әкiмшiлiк не қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкiн.
2. Жауапқа тарту борышкердi атқару құжатында көзделген әрекеттердi орындау мiндетiнен босатпайды.
6-тарау. Шетелдiктер, азаматтығы жоқ адамдар және
шетелдiк заңды тұлғалар жөнiнде атқарушылық
әрекеттер жасау. Шет мемлекеттердiң сот
және өзге құжаттарын орындау
79-бап. Соттар мен өзге де органдардың шетелдiктер, азаматтығы жоқ адамдар мен шетелдiк ұйымдар жөнiндегi қаулыларының орындалуы
Соттар мен өзге де органдардың шетелдiктер, азаматтығы жоқ адамдар мен шетелдiк ұйымдар жөнiндегi қаулылары осы Заңға сәйкес орындалады.
80-бап. Халықаралық және шетелдiк соттар мен төрелiк соттардың шешiмдерiн орындау
Қазақстан Республикасында халықаралық және шетелдiк соттардың, сондай-ақ төрелiк соттардың шешiмдерiн орындау тәртiбi Қазақстан Республикасы бекiткен тиiстi халықаралық шарттармен және осы Заңмен белгiленедi. Шетелдiк сот шешiмiнiң негiзiнде Қазақстан Республикасының соты берген атқару парағы шешiм заңды күшiне енген сәттен бастап үш жыл iшiнде мәжбүрлеп орындатуға берiлуi мүмкiн. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңда барынан өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
7-тарау. Сот орындаушыларының құқықтық жағдайы
81-бап. Сот орындаушысы
1. Сот орындаушысы - мемлекеттiк қызметте тұратын және соттар мен басқа да органдардың қаулыларын орындау бойынша өзiне заңмен жүктелген мiндеттердi орындайтын лауазымды адам.
2. Соттар мен басқа да органдардың қаулыларын орындау жөнiндегi сот орындаушысының қоятын талаптары барлық органдар, меншiк нысанына қарамастан ұйымдар, лауазымды адамдар мен азаматтар үшiн мiндеттi.
82-бап. Сот орындаушысының қызметiн ұйымдастыру
1. Сот орындаушысын аумақтық әдiлет органының басшысы қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
2. Атқарушылық iс жүргiзу мiндеттерiн жүзеге асыру үшiн Әдiлет министрлiгiнде және оның аумақтық әдiлет органдарында тиiсiнше құрылымдық бөлiмшелер құрылады.
3. Жоғары Соттан басқа барлық соттар жанында сот орындаушылары болады.
4. Сот орындаушыларының сан құрамы судьялардың сан құрамына сәйкес болуға тиiс.
83-бап. Сот орындаушысына қойылатын талаптар
1. Жиырма жасқа толған, сотталмаған, әдетте, жоғары немесе арнаулы орта заң бiлiмi және кемiнде екi жыл жұмыс стажы бар Қазақстан Республикасының азаматы сот орындаушысы болып тағайындалуы мүмкiн.
2. Сот орындаушысы өзiне берiлген құқықтарды Заңға қатаң сәйкес пайдалануға және өз қызметiнде азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiне қысым жасауға жол бермеуге мiндеттi.
84-бап. Сот орындаушысының жауапкершiлiгi
Сот орындаушысы өзiне жүктелген мiндеттердi орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны, лауазымдық өкiлеттiгiн асыра пайдаланғаны, мемлекеттiк және еңбек тәртiбiн бұзғаны үшiн заңдарда белгiленген тәртiппен жауап бередi.
85-бап. Сот орындаушысының қызметiн бақылау
Сот орындаушысының қызметiн бақылауды Әдiлет министрлiгi мен оның аумақтық органдары жүзеге асырады.
ҚР 29.03.00 ж. N 42-II Заңымен 86-бап өзгертілді
86-бап. Сот орындаушысының атқарушылық әрекеттер жасау кезiндегi құқықтары мен мiндеттерi
1. Сот орындаушысы заңда белгiленген тәртiппен:
1) орындауға қатысты мәселелер бойынша қаулылар шығаруға;
2) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамалар жасауға;
3) атқарушылық әрекеттер жасау кезiнде туындаған мәселелер бойынша, Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген коммерциялық, банктiк және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi жария етуге қойылатын талаптарды сақтай отырып, қажеттi ақпарат, түсiнiктемелер мен анықтамалар алуға;
4) атқарушылық әрекеттер жасағанда негiзге алынған атқару құжаттары түсiнiксiз болған жағдайда түсiнiк алу үшiн сотқа немесе атқару құжатын берген басқа да органдарға жүгiнуге;
5) атқарушылық әрекеттер жасау кезiнде пайда болған мәселелер бойынша, оның iшiнде орындау мерзiмiн кейiнге қалдыру, мерзiмiн ұзарту, орындау тәсiлi мен тәртiбiн өзгерту туралы, сондай-ақ борышкердi iздестiру мәселелерi бойынша сотқа ұсыныстар енгiзуге;
6) iс жүргiзiлiп жатқан атқару құжаттары бойынша азаматтар мен лауазымды адамдарды шақыртуға;
7) кез келген меншiк нысанындағы ұйымдарда атқару құжаттарының орындалуын және олар бойынша қаржы құжаттамасының жүргiзiлуiн тексеруге;
8) нақты атқарушылық әрекеттер жасау мәселелерi бойынша тапсырмалар беруге;
9) борышкерлер, сондай-ақ өздерiнде борышкерге тиесiлi мүлiктiң бар екенiн растайтын деректер болған жағдайда басқа адамдар орналасқан немесе соларға тиесiлi үй-жайлар мен қоймаларға кiруге, қажет болған жағдайда үй-жайлар мен қоймаларды мәжбүрлеп ашып қарауға, айғақ адамдардың қатысуымен тексерулер жүргiзуге;
10) борышкерлердiң банктердегi ақшасы мен бағалы қағаздарына осы Заңда көзделген тәртiппен тыйым салуға;
11) тыйым салынған мүлiктi алуға, сақтау үшiн беруге және сатуға;
12) алынған мүлiктi сақтау үшiн ұйымдардың үй-жайын, сол мүлiктi тасу үшiн өндiрiп алушы мен борышкердiң көлiгiн заңдарда белгiленген тәртiппен пайдалануға;
13) атқарушылық iс жүргiзу туралы заңдарда көзделген өзге де әрекеттер жасауға;
14) қажет болған жағдайларда атқару құжаттарының бұлжытпай орындалуын қамтамасыз ету үшiн iшкi iстер органдарының қызметкерлерiн немесе бөлiмшелерiн тартуға хақылы.
2. Сот орындаушысы:
1) соттың талапты қамтамасыз ету жөнiндегi ұйғарымын орындауға;
2) тараптарға немесе олардың өкiлдерiне атқарушылық iс жүргiзу материалдарымен танысуға, олардан үзiндiлер жасауға, көшiрмелер түсiруге мүмкiндiк беруге;
3) атқарушылық iс жүргiзу жөнiндегi арыздар мен тараптардың өтiнiштерiн қарауға және солар бойынша қаулы шығаруға, оларға шағым немесе наразылық беру мерзiмдерi мен тәртiптерiн түсiндiруге, егер оның өзi атқарушылық iс жүргiзудiң аяқталуына тiкелей немесе жанама түрде мүдделi болса немесе оның әдiлдiгiне күмән туғызатын өзге де мән-жайлар бар болса, iстi қараудан бас тартуға;
4) атқарушылық iс жүргiзу туралы заңдарда көзделген өзге де әрекеттер жасауға мiндеттi.
87-бап. Сот орындаушысының әрекеттерiне шағым беру
Сот орындаушысының атқару құжатын орындау жөнiндегi немесе сондай әрекеттердi жасаудан бас тарту жөнiндегi әрекеттерiне өндiрiп алушы немесе борышкер шағым беруi мүмкiн. Шағым сот орындаушысының әрекет жасаған күннен немесе әрекет жасау уақыты мен орны туралы хабарланбай, аталған адамдарға ол жөнiнде белгiлi болған күннен бастап он күн iшiнде сот орындаушысының қызмет ететiн учаскесiндегi аудандық сотқа берiледi.
ҚР 16.11.99 ж. N 479-1; 05.05.00 ж. N 48-II Заңдарымен 88-бап өзгертілді
88-бап. Сот орындаушыларының қызметi мен құқықтық жағынан қорғалуын қамтамасыз ету
1. Сот орындаушыларының қызметiн ұйымдық және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету республикалық бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
2. алынып тасталды
3. Сот орындаушысы мемлекеттiк қызметшi болып табылады. Бiлiктiлiк сыныптары, беру, оны төмендету және одан айыру, демалыстар беру, зейнетақымен қамтамасыз ету, сондай-ақ үстемақы төлеу тәртiбi заңдарға сәйкес белгiленедi.
4. алынып тасталды
5. Сот орындаушысының заңды талаптарын орындамау, сот орындаушысын борышкердiң ақша сомалары немесе мүлкiнiң барлығын тексеруге жiберуден бас тарту, сұратуы бойынша мәлiметтер бермеу, оларды қорлау, қорқыту, оларға күш көрсету немесе сот орындаушыларының қызметтiк әрекетiн орындауына байланысты оның немесе отбасы мүшелерiнiң өмiрiне, денсаулығына, мүлкiне қол сұғу, сот орындаушысының қызметтiк мiндеттерiн атқаруға кедергi келтiретiн басқа да әрекеттер заңдарға сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
Қазақстан Республикасының