2. Шет қалатындай мән-жайлар болған жағдайда осы баптың бiрiншi тармағында аталған адамдардың өздерi бас тартуын мәлiмдеуге мiндеттi. Шет қалу атқарушылық әрекеттер жасау басталғанға дейiн дәлелденiп жазбаша түрде мәлiмделуге тиiс. Егер шет қалуға негiз туындаса және ол жөнiнде атқарушылық әрекеттер жасау басталып кеткеннен кейiн белгiлi болса, оған орындау процесiнде жол берiледi.
3. Тараптардың сот орындаушысынан, тiлмаштан, маманнан бас тартуын сот орындаушысы кiретiн органның басшысы шешедi, бұл жөнiнде қаулы шығарылады.
4. Сот орындаушысын шет қалдырудан бас тартылу туралы қаулыға белгiленген тәртiппен сотқа шағым берiлуi және наразылық келтiрiлуi мүмкiн. Шағым беру немесе наразылық келтiру атқарушылық әрекеттер жүргiзудi тоқтатпайды.
3-тарау. Ақша сомаларын және өзге мүлiктi
өндiрiп алу тәртiбi
33-бап. Атқару құжаттарын орындауды қамтамасыз ету жөнiндегi атқарушылық әрекеттердi жасау негiздерi
Борышкердiң мүлiктi ысырап етуi немесе жасыруы мүмкiн деп санауға негiз беретiн мән-жайлар болғанда, сондай-ақ өндiрiп алушының өтiнiшi бойынша сот орындаушысы атқару құжаттарының орындалуын қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қолдануға мiндеттi.
ҚР 29.03.00 ж. N 42-II Заңымен 34-бап өзгертілді
34-бап. Атқару құжаттарының орындалуын қамтамасыз ету жөнiндегi шаралар
1. Атқару құжаттарының орындалуын қамтамасыз ету жөнiндегi шаралар мыналар:
1) борышкердiң мүлкiн немесе онда не өзге де жеке немесе заңды тұлғаларда бар (соның iшiнде несие және сақтандыру), бағалы қағаздар мен есептелетiн ақша сомаларын пайдалануға тыйым салу;
Борышкердің банктегі немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардағы ақшасына және басқа да мүлкiне сот орындаушысы прокурордың санкциясымен ғана тыйым салады;
2) борышкердiң өзiнде не басқа жеке немесе заңды тұлғаларда бар мүлкiн алып қою;
3) борышкердiң белгiлi бiр әрекеттер жасауына тыйым салу;
4) борышкердiң оған меншiк құқығы негiзiнде тиесiлi мүлiктi немесе ақша сомаларын пайдалануына тыйым салу не оларды сот атқарушысы белгiлеген шекте пайдалануға нұсқау беру;
5) борышкер мүлкiне сүргi салу;
6) құқық белгiлейтiн құжаттарды алып қою;
7) басқа адамдардың борышкерге мүлiк беруiне немесе оған қатысты өзге де мiндеттемелер орындауына тыйым салу болып табылады.
2. Қажет болған жағдайларда орындауды қамтамасыз етудiң бiрнеше түрiне жол берiлуi мүмкiн.
3. Қамтамасыз етудiң бiр түрiн басқа түрiмен ауыстыру туралы мәселенi сот орындаушысы атқарушылық iс жүргiзуге қатысушы адамдардың өтiнiшi бойынша немесе өз бастамасы бойынша қарайды. Қамтамасыз етудiң бiр түрiн басқа түрiмен ауыстыру туралы мәселенi қарау бұрын белгiленген қамтамасыз ету шараларының қолданылуын кiдiртпейдi.
35-бап. Борышкердiң мүлкiнен өндiрiп алу тәртiбi
1. Атқару құжаттары бойынша өндiрiп алу, егер атқару құжатында өзгеше тәртiп белгiленбесе, бiрiншi кезекте борышкердiң ақша қаражатына, соның iшiнде банк мекемелерiнде тұрған ақша қаражатына да қолданылады.
2. Борышкердiң бухгалтерлiк (кассалық) құжаттары бойынша көрсетiлген қолма-қол ақша сомаларынан өндiрiп алу борышкердiң келiсiмiне қарамастан, олардың сақталу орнына тәуелсiз түрде олар ұсынылғаннан немесе табылғаннан соң дереу жүргiзiледi.
3. Борышкерде берешектi өтеу үшiн жеткiлiктi ақша қаражаты болмаған жағдайда ол борышкерге тиесiлi басқа мүлiктен өндiрiп алынады. Өндiрiп алушының келiсiмiмен сот орындаушысы мүлiктi алдын ала бағалап, оны сол қалпында беруге хақылы.
4. Борышкер мүлкiнен атқару құжатын орындау үшiн қажеттi мөлшер мен көлемде, орындау жөнiндегi шығыстар ескерiле отырып өндiрiлiп алынады. Борышкердiң меншiгiнде басқа адамдармен ортақ мүлiк болған жағдайларда оның заңға сәйкес айқындалатын үлесiнен өндiрiлiп алынады. Дау туған жағдайда бұл үлестiң мөлшерiн сот анықтайды.
5. Атқару құжатында аталған белгiлi бiр заттарды өндiрiп алушыға берген кезде сот орындаушысы бұл заттарды борышкерден алып қояды да, өндiрiп алушыға оларды беру актiсiн жасай отырып бередi.
36-бап. Заңды тұлғалар мен жеке кәсiпкерлер мүлкiнен өндiрiп алу
1. Борышкерде берешектi өтеу үшiн жеткiлiктi ақша сомасы болмаған ретте (борышкердiң есеп айырысу (ағымдағы) шотына қызмет көрсетудi жүзеге асыратын банктiң тиiстi ақпараты бар болса,) егер заңда бұл мүлiкке қатысты шектеулер белгiленбесе және заңды тұлға құрылтайшыларының (қатысушыларының) мүлiктi жауапкершiлiгi көзделсе, оған тиесiлi кез келген басқа мүлiктен, сондай-ақ заңды тұлға құрылтайшыларының (қатысушыларының) мүлкiнен өндiрiлiп алынуы мүмкiн.
2. Егер орындау барысында борышкер - заңды тұлғаның немесе жеке кәсiпкердiң мүлкi берешектi өтеу үшiн жеткiлiксiз болатыны анықталса, ал азаматтық заңдарда борышкердi дәрменсiз (банкрот) деп тануға жол берiлсе, сот орындаушысы өндiрiп алушыға бұл туралы хабарлауға мiндеттi.
3. Белгiленген тәртiппен дәрменсiз (банкрот) деп танылған борышкердiң мүлкiнен өндiрiп алу заңдарға сәйкес жүзеге асырылады.
4. Атқару құжатын орындау кезiнде заңды тұлға қайта құрылған жағдайда сот орындаушысы борышкердiң құқықтық мұрагерлiгiн айқындайды және шешiм шығарған сотқа баяндап хат жiберiп, борышкердi оның құқықтық мұрагерiмен ауыстыру туралы ұйғарым шығару туралы ұсыныс жасайды.
37-бап. Кепiлге салынған мүлiктен өндiрiп алу
1. Борышкерге қойылған кепiлмен қамтамасыз етiлмеген барлық талаптарды толық қанағаттандыру үшiн оның қалған мүлкi жеткiлiксiз болған жағдайда өндiрiп алу кепiл ұстаушының азаматтық заңдарда белгiленген құқықтары сақтала отырып, кепiлге салынған мүлiктен жүргiзiлуi мүмкiн.
2. Кепiл ұстаушы өз талабы алдында артықшылығы бар талаптарды кепiлге салынған мүлiк құнынан, алайда осы мүлiк құнынан аспайтын мөлшерде қанағаттандыруға мiндеттi.
ҚР 29.03.00 ж. N 42-II Заңымен 38-бап өзгертілді
38-бап. Борышкердiң басқа адамдардағы ақша сомалары мен басқа мүлкiнен өндiрiп алу
Борышкердiң басқа адамдардағы ақша сомаларынан, сондай-ақ басқа мүлкiнен өндiрiп алу кезiнде сот орындаушысы оларға тыйым салады және мәжбүрлеп орындатуға шаралар қолданады.
Борышкердiң банктегi немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардағы ақшасына және басқа да мүлкiне сот орындаушысы прокурордың санкциясымен ғана тыйым салады.
39-бап. Өндiрiп алынуға болмайтын мүлiк
1. Азаматтарға қатысты атқару құжаттарын орындау кезiнде заңдарда өндiрiп алуға тыйым салынған мүлiктен өндiрiп алуға болмайды.
2. Өндiрiп алуға болмайтын ақша сомалары мен өзге де мүлiк тiзбесi заңдарға сәйкес белгiленедi.
ҚР 29.03.00 ж. N 42-II Заңымен 40-бап өзгертілді
40-бап. Борышкердiң мүлкiне тыйым салу
1. Борышкердiң мүлкiне тыйым салу мүлiктi хаттаудан және осы мүлiкке билiк етуге тыйым салудан, сондай-ақ банк және өзге де несие мекемелерiндегi борышкердiң ақша сомаларын пайдалануға және оларға билiк етуге тыйым салынғанын хабарлаудан тұрады.
2. Борышкерге меншiк, шаруашылық жүргiзу және оралымды басқару құқығында тиесiлi мүлiкке, оның қайда және iс жүзiнде кiмнiң пайдалануында екендiгiне қарамастан (азаматтық заңдарда белгiленген шектеулер ескерiле отырып) тыйым салынуы мүмкiн.
Борышкердiң банктегi немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардағы ақшасына және басқа да мүлкiне сот орындаушысы прокурордың санкциясымен ғана тыйым салады.
3. Егер борышкер мүлкiнiң басқа адамдарда болуы олардың арасында жасалған шартқа байланысты болса, басқа адамдардың шарттан туындайтын құқықтарын сақтау мүмкiндiгi туралы және мүлiктi алып қою туралы мәселенi қуынымдық iс жүргiзу тәртiбiмен сот шешедi.
4. Сот орындаушысының тыйым салынған мүлiкке билiк етуге немесе оны пайдалануға салған тыйымын бұзу заңдарда көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.
41-бап. Борышкер мүлкiн хаттау
1. Сот орындаушысы өндiрiп алушыға берiлетiн соманы және орындау жөнiндегi шығыстарды өтеу үшiн қажеттi мөлшерде борышкер мүлкiн хаттайды. Сот орындаушысы хатталған заттарға сүргi салуы мүмкiн.
2. Борышкер мүлкiн хаттау борышкердiң және айғақ адамдардың қатысуымен жүргiзiледi. Атқарушылық әрекеттердi жасау жөнiнде алдын ала хабарланған борышкер болмаған жағдайда хаттау оның отбасының қандай да бiр кәмелетке толған мүшесiнiң, заңды тұлғалардың лауазымды адамдарының, ал бұл адамдар болмаған жағдайда - айғақ адамдардың қатысуымен жасалады. Мүлiктi хаттау кезiнде борышкер сот орындаушысына қандай заттардан бiрiншi кезекте өндiрiлiп алынуға тиiс екендiгiн мәлiмдеуге хақылы. Егер ондай мәлiмдеме орындауға кедергi келтiрмесе, сот орындаушысы оны қанағаттандырады.
42-бап. Мүлiкке тыйым салу туралы қаулының мазмұны
1. Мүлiкке тыйым салу туралы қаулыда мыналар көрсетiлуге тиiс:
1) қаулының жасалған уақыты мен орны;
2) қаулы жасаған сот орындаушысының, сондай-ақ қаулы жасау кезiнде қатысқан адамдардың тегi мен аты-жөнi;
3) атқару құжаты орындалатын соттың немесе басқа органның атауы;
4) өндiрiп алушы мен борышкердiң тегi мен аты-жөнi;
5) қаулыға енгiзiлген әрбiр заттың атауы, оның ерекше белгiлерi (салмағы, метражы, тозу дәрежесi және т.б.), әрбiр заттың жеке-жеке бағасы және бүкiл мүлiктiң құны;
6) егер заттарға сүргi салынса, оны көрсету;
7) егер мүлiктi сақтау борышкердiң өзiне жүктелмесе, мүлiк сақтауға берiлген жеке тұлғаның тегi мен аты-жөнi, заңды тұлғаның атауы, олардың мекен-жайы;
8) борышкер мен басқа адамдарға сот орындаушысының әрекеттерiне шағым жасау тәртiбi мен мерзiмiнiң түсiндiрiлгендiгi туралы, сондай-ақ борышкерге немесе мүлiктi сақтаушыға олардың сақтауға берiлген мүлiктi сақтау жөнiндегi мiндеттерi және талан-таражға салғаны, иелiктен айырғаны немесе жасырғаны үшiн жауапкершiлiгi түсiндiрiлгендiгi туралы белгi;
9) өндiрiп алушының, борышкердiң, хаттау кезiнде қатысқан адамдардың ескертпелерi мен арыздары және сот орындаушысының олар жөнiндегi өкiмдерi.
2. Мүлiкке тыйым салу туралы қаулыға сот орындаушысы және оны жасау кезiнде қатысқан адамдар қол қояды.
43-бап. Борышкер мүлкiн бағалау
Борышкер мүлкiн сот орындаушысы бағалайды. Бұл орайда өндiрiп алушы мен борышкер арасында бағалау туралы қол жеткiзiлген келiсiм ескерiлуi мүмкiн. Егер жекелеген заттарды бағалау қиын болса не борышкер немесе өндiрiп алушы сот орындаушысы жасаған бағалауға қарсы болса, сот орындаушысы мүлiк құнын анықтау үшiн маман тағайындайды. Валюта құндылықтары, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлiк және басқа да тұрмыстық заттар, антиквариат, кескiндеме және мүсiн өнерi туындылары мамандардың мiндеттi түрде қатысуымен бағаланады.
44-бап. Мүлiк сақтау
1. Сот орындаушысы сақтаушыдан сақтауға қолхат алу арқылы сақтау шарты негiзiнде тыйым салынған мүлiктi сақтауға берудi жүзеге асырады.
2. Тыйым салынған мүлiктi сақтаудың тәртiбi мен шарттары Азаматтық кодекспен және басқа да нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленедi.
3. Егер мүлiктi пайдалану оның қасиеттерi бойынша мүлiктiң жойылуына немесе оның бағасының кемуiне әкеп соқпаса, сақтаушы бұл мүлiктi сот орындаушысының рұқсатымен пайдалана алады.
4. Егер борышкер немесе оның отбасының мүшесi сақтаушы болмаса, сақтаушы сақтағаны үшiн сыйақы алады.
5. Мүлiктi пайдаланудан iс жүзiнде алынған пайда шегерiлiп тастала отырып, сақтаушыға бұл мүлiктi сақтау жөнiнде ол жасаған қажеттi шығыстар өтеледi.
6. Мүлiктi сақтауға байланысты жасалған шығыстар атқару құжаттарын жасау жөнiндегi шығыстарға жатқызылады.
45-бап. Мүлiктi сақтаушының жауапкершiлiгi
Тыйым салынып сақтауға берiлген мүлiк талан-тараж етiлген, иелiктен алынған немесе жасырылған жағдайда сақтаушы заңдарға сәйкес жауапты болады.
46-бап. Мүлiкке тыйым салу тәртiбi
1. Мүлiктен өндiрiп алу кезiнде сот орындаушысы оның борышкерге тиесiлi екендiгiн, шынайы құнын және ондағы ауыртпалықты анықтайды.
2. Мүлiктiң борышкерге тиесiлi екенiн анықтап, сот орындаушысы оны хаттауға енгiзедi, өндiрiп алу мөлшерiне қарай бүкiл мүлiкке немесе оның бiр бөлiгiне тыйым салады және жылжымайтын мүлiктi мемлекеттiк тiркеудiң, жылжымалы мүлiк кепiлiнiң тиiстi органдары мен нотариусқа тыйым салуды тiркеу туралы ұсыныс жiбередi.
3. Сот орындаушысы кепiлге берiлген мүлiкке тыйым салынғандығы туралы кепiл ұстаушыға дереу хабарлайды.
47-бап. Борышкерден алынған құнды заттарды сақтау
1. Борышкерден алынған құнды қағаздарды, валюта құндылықтарын, бағалы металдардан, асыл тастардан және iнжуден жасалған зергерлiк және басқа да бұйымдарды, сондай-ақ мұндай бұйымдардың сынақтарын сот орындаушысы банк мекемелерiне сақтауға өткiзедi, бұл шарт негiзiнде жүзеге асырылады.
2. Өндiрiп алушыға ұйғарылған сомаларды және атқару жөнiндегi шығыстарды өтеу үшiн қажеттi, борышкерден алынған ақша сомаларын сот орындаушысы аумақтық әдiлет органының депозиттiк шотына енгiзедi. Депозиттiк шоттағы ақша сомасын есепке алу, сақтау және оны беру тәртiбi нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленедi.
48-бап. Борышкердiң мүлкiн сату кезектiлiгi
Борышкердiң мүлкiнен өндiрiп алу кезiнде бұл мүлiктi сату мынадай кезекпен жүзеге асырылады:
1) бiрiншi кезекте борышкердiң өндiрiске тiкелей қатыспайтын мүлкi: бағалы қағаздар, валюта құндылықтары, бағалы металдар мен асыл тастар, зергерлiк бұйымдар, жеңiл автокөлiк және басқалар сатылады;
2) екiншi кезекте - дайын өнiм (тауарлар), сондай-ақ өндiрiске тiкелей қатыспайтын және өндiрiске тiкелей қатысуға арналмаған өзге де материалдық құндылықтар;
3) үшiншi кезекте - жылжымайтын мүлiк объектiлерi, сондай-ақ шикiзат пен материалдар, станоктар, құрал-жабдықтар, өндiрiске тiкелей қатысуға арналған басқа да негiзгi құрал-жабдықтар;
4) төртiншi кезекте - жалға беру (мүлiктi жалдау), заем, прокат шарты немесе өзге де шарттар бойынша басқа адамдарға берiлген мүлiк.
49-бап. Тыйым салынған мүлiктi сату
1. Тыйым салынған мүлiктi сатуды заң бойынша айналымынан алып тасталған мүлiктi қоспағанда, тыйым салу негiздерi мен мүлiк түрлерiне қарамастан, сот орындаушысы сауда және өзге де мамандандырылған ұйымдар арқылы сауда-саттықта және аукциондарда Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен жүргiзедi.
2. Мүлiктi сату нысанын таңдауды сот орындаушысы мүлiк түрiн және өндiрiп алушы мен борышкердiң пiкiрлерiн ескере отырып белгiлейдi.
3. Егер мүлiк екi ай iшiнде сатылмаса, өндiрiп алушыға бұл мүлiктi бағаланған сомасында өзiнде қалдыру құқығы берiледi. Өндiрiп алушы мүлiктен бас тартқан жағдайда ол борышкерге қайтарылады, ал атқару құжаты, егер борышкердiң өндiрiп алуға болатын басқа мүлкi немесе кiрiстерi болмаса, өндiрiп алушыға қайтарылады.
4. Борышкер мүлкiнен өндiрiп алу кезiнде, егер өндiрiп алынатын мүлiктi сату туралы шешiм қабылданған кезде борышкердiң дәрменсiздiгi (банкроттығы) туралы iс бойынша iс қозғалса, борышкердiң дәрменсiздiгi (банкроттығы) туралы мәселе мәнi бойынша қаралғанға дейiн мүлiктi сату тоқтатыла тұрады.
50-бап. Мемлекетке берiлетiн мүлiктi сату
Мүлiктi тәркiлеу бөлiгiндегi қылмыстық iс бойынша сот үкiмi негiзiнде не мүлiктi мемлекетке беру туралы шешiм негiзiнде тыйым салынған мүлiк заңдарда белгiленген тәртiппен сатылады.
51-бап. Құндылықтарды сату
Борышкерден алынған және банк мекемелерiне сақтауға берiлген бағалы қағаздар, валюта құндылықтары, бағалы металдардан, асыл тастар мен iнжуден жасалған зергерлiк және басқа да бұйымдар, сондай-ақ осындай бұйымдардың сынықтары мен антиквариат Республиканың Үкiметi белгiлейтiн ережелерге сәйкес сатылады.
52-бап. Тыйым салынған мүлiктi комиссиялық негiзде және сауда-саттықтарда сату жолымен өткiзу
Осы Заңның 50, 51-баптарында аталғандарын қоспағанда, борышкердiң тыйым салынған мүлкiн сату мүлiк тұрған жердегi сауда ұйымдары арқылы комиссиялық негiзде не сауда-саттықтарда сату жолымен жүргiзiледi. Мүлiктi сату мақсатында бiр елдi мекеннен екiншi елдi мекенге тасымалдауға өндiрiп алушының, борышкердiң есебiнен олардың өзара келiсiмi бойынша ғана жол берiледi.
53-бап. Алдағы сауда-саттық туралы хабарлау
Борышкердiң мүлкi сауда-саттықта сатылатын жағдайда сот орындаушысы алдағы сауда-саттық туралы республикалық немесе облыстық ресми баспасөз органдарында сауда-саттық өткiзiлгенге дейiн он күннен кешiктiрмей хабарлайды. Кепiлге берiлген мүлiктiң сауда-саттықта сатылатын уақыты мен орны туралы сот орындаушысы кепiл ұстаушыға хабарлайды.
54-бап. Сауда-саттықты өткiзу тәртiбi
1. Сауда-саттыққа қатысқысы келетiн адамдар өздерiнiң оған қатысуына кедергi жоқ екендiгi туралы қолхат беруге және сот орындаушысына мүлiк бағасының бес процентi мөлшерiнде кепiлдеме беруге мiндеттi. Сауда-саттықта ұтып шыққан адам енгiзген сома сату бағасына есептеледi. Сауда-саттықтың басқа қатысушыларына олардың салған кепiлдемесi сауда-саттық аяқталған соң дереу қайтарылады.
2. Сауда-саттық тыйым салу туралы актiде көрсетiлген мүлiктiң бағалау құнынан басталады. Мүлiк сауда-саттықта ең жоғары баға ұсынған адамға сатылған болып есептеледi. Сатып алушы сауда-саттық аяқталғаннан кейiн бес күн iшiнде ол мүлiкке ұсынған соманы, сауда-саттық басталар алдында енгiзiлген кепiл ақшаны қоса, толық енгiзуге мiндеттi. Сатып алушы өзiнен алынуға тиiстi барлық соманы белгiленген мерзiмде енгiзбеген жағдайда, сауда-саттық алдында салынған кепiл ақша оған қайтарылмайды және мемлекет кiрiсiне түседi. Сатып алушының сауда-саттыққа қатысуға құқығы болмағандығы анықталған жағдайда да кепiл ақша мемлекет кiрiсiне түседi. Мүлiктi сатып алушы одан алынатын барлық соманы төлегеннен кейiн сот орындаушысы оған өткен сауда-саттық туралы актiнiң көшiрмесiн бередi.
3. Сот атқарушылық iс жүргiзу бойынша шешiм шығарған сот орындаушылары мен судьялардың, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерi мен жақын туыстарының сауда-саттыққа қатысуына болмайды.
55-бап. Сауда-саттықты өткiзiлмеген деп жариялау
1. Сот орындаушысы:
1) егер сауда-саттыққа екiден кем сатып алушы келсе;
2) егер келгендердiң ешқайсысы мүлiктiң бастапқы бағасына үстеме жасамаса;
3) егер сатып алушы өзiнiң мүлiктi сатып алған сомасын бес күн iшiнде толық енгiзбесе сауда-саттық өткiзiлмеген деп жариялайды.
Сот орындаушысы сауда-саттық өткiзiлмеген деп тану туралы қаулы шығарады.
2. Егер сауда-саттық өткiзiлмесе, кепiл ақша оны салған адамдарға қайтарылады, бұған осы баптың 1-тармағының 3-тармақшасында көзделген жағдайлар кiрмейдi.
56-бап. Сауда-саттық өткiзiлмеген деп жариялаудың салдары
1. Сауда-саттық өткiзiлмеген деп жарияланған жағдайда өндiрiп алушыға мүлiктi бастапқы бағалау сомасында өзiне қалдыру құқығы берiледi. 2. Егер мұндай өтiнiш түспесе, сот орындаушысы мүлiктiң алғашқы бағасын бастапқы бағасынан 20 процентке кемiтедi және сауда-саттық өткiзiлмеген деп хабарлағаннан кейiн кемiнде он күн өткен соң қайтадан сауда-саттық белгiлейдi. Қайталама сауда-саттық бiрiншi сауда-саттық үшiн белгiленген ережелер сақтала отырып хабарланады және өткiзiледi.
3. Қайтадан сауда-саттық өткiзiлмеген деп танылған жағдайда сот орындаушысы осы Заңда белгiленген ережелердi сақтай отырып, үшiншi рет сауда-саттық белгiлейдi. Бұл орайда қайталама сауда-саттық үшiн белгiленген баға қатысушылардың бiреуi мүлiктi жарияланған бағамен сатып алуға келiскен кезге дейiн хабарланған ретпен төмендетiле бередi.
4. Сауда-саттық үшiншi рет өткiзiлмеген деп жарияланып, өндiрiп алушы сатылатын мүлiктi өзiне қалдырудан бас тартқан жағдайда бұл мүлiкке тыйым салудың күшi жойылады.
57-бап. Борышкердiң жалақысынан және өзге де табыс түрлерiнен өндiрiп алу
1. Мерзiмдi төлемдердi өндiрiп алу туралы шешiмдердi орындау кезiнде, Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген айлық есептiк көрсеткiштiң екi еселенген мөлшерiнен аспайтын соманы өндiрiп алу кезiнде, өндiрiп алынатын соманы толық өтеу үшiн борышкердiң мүлкi болмаған немесе мүлкi жеткiлiксiз болған жағдайда борышкердiң жалақысы мен өзге де табыс түрлерiнен өндiрiлiп алынады.
2. Борышкердiң жалақысынан және өзге де табыс түрлерiнен өндiрiп алынған кезде сот орындаушысы осы Заңның талаптарын ескере отырып қаулы шығарады, онда берiлген сома толық өндiрiп алынғанға дейiн ай сайын қандай мөлшерде ақша ұсталуға тиiс екендiгi көрсетiледi және оны орындау үшiн борышкер еңбек қатынастарында тұрған немесе сыйақы алатын жұмыс берушiге жiбередi.
3. Сот орындаушысы борышкердiң жалақысынан және басқа да табыстарынан ақшаның дұрыс және уақтылы ұсталуына, сондай-ақ ұсталған соманың өндiрiп алушыға уақытында жiберiлуiне ұдайы бақылау жасап отыруды жүзеге асыруға мiндеттi.
4. Борышкер жұмыстан босатылған жағдайда онымен еңбек қатынастарында тұрған жұмыс берушi бұл жөнiнде сот орындаушысына хабарлама жiберiп, атқару құжатын қоса жолдауға мiндеттi. Тұрғылықты жерi өзгерген жағдайда борышкер сот орындаушысына өзiнiң жаңа мекен-жайын хабарлауға мiндеттi.
58-бап. Борышкердiң жалақысынан және табысының өзге де түрлерiнен ұстап қалу мөлшерiн есептеу
Ұсталып қалу мөлшерi - борышкердiң алуына тиесiлi жалақы (табыс) сомасынан есептеледi.
59-бап. Борышкердiң жалақысынан және табысының өзге де түрлерiнен ұстап қалу мөлшерi
Бiрнеше атқару құжаттары бойынша борышкердiң жалақысынан немесе табысының өзге де түрлерiнен өндiрiлiп алынған жағдайда борышкер жалақысының немесе өзге де табысының кемiнде 50 процентi сақталуға тиiс.
60-бап. Жазасын өтеп жүрген борышкердiң жалақысынан өндiрiп алу
1. Түзеу жұмыстарын өтеп жүрген адамдардан атқару құжаттары бойынша өндiрiп алу соттың үкiмi немесе қаулысы бойынша жүргiзiлген ұстап қалу сомасы есепке алынбай, жалақының толық сомасынан жүргiзiлуге тиiс.
2. Еңбекпен түзеу мекемелерiнде жазасын өтеп жүрген адамдардан, сондай-ақ денсаулық сақтайтын емдеу-профилактикалық мекемелерде емделiп жатқан, маскүнемдiкпен, нашақорлықпен және уытқұмарлықпен ауыратын адамдардан өндiрiп алу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргiзiледi.
61-бап. Әлеуметтiк сақтандыру жөнiндегi жәрдемақыдан өндiрiп алу
Еңбекке уақытша жарамсыздығы кезiнде төленетiн әлеуметтiк сақтандыру жөнiндегi жәрдемақыдан, баланы күтуiне байланысты iшiнара ақы төленетiн демалыс кезеңiнде әйелге берiлетiн жәрдемақыдан, сондай-ақ оқушылардың стипендиялары мен жұмыссыздық жөнiндегi жәрдемақыдан өндiрiп алу соттың, алимент төлету туралы және мертiктiрумен немесе денсаулығын өзгедей зақымдаумен, сондай-ақ асыраушысының қайтыс болуынан келтiрiлген зиянды өтеу туралы шешiмi бойынша ғана жүргiзiлуi мүмкiн.
62-бап. Өндiрiлiп алуға болмайтын ақша сомасы
Мыналардан:
1) мертiктiрумен немесе денсаулығын өзгедей зақымдаумен, сондай-ақ асыраушысының қайтыс болуы салдарынан келтiрiлген залалды өтеу үшiн борышкер алған сомалардан;
2) адамдарға қызметтiк мiндеттерiн орындау кезеңiнде мертiккен (жарақаттанған, зақымданған, контузия алған) кезде оларға төленетiн және олардың қаза табуына (қайтыс болуына) байланысты отбасы мүшелерiне төленетiн сақтандыру сомалары мен бiр жолғы жәрдемақыдан;
3) бала тууға байланысты, көп балалы және жалғыз басты аналарға, кәмелетке толмаған балалардың ата-анасын iздеу кезеңiнде оларды асырауға, зейнеткерлер мен 1-топтағы мүгедектердi күтiп-бағуға төленетiн жәрдемақыдан;
4) жәбiрленушiлердiң қосымша тағамына, санаториялық-курорттық емдеу мен протездеуге және мертiктiрумен не денсаулығын өзгедей зақымдаумен залал келтiрiлген жағдайларда оларды күтiп-бағу жөнiндегi шығыстарға төленетiн сомалардан;
5) зиянды немесе қысылтаяң жағдайлардағы жұмысқа төленетiн өтемақылардан, сондай-ақ табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың зардаптарын жою кезiнде экологиялық апаттан немесе радиациялық әсерден зардап шеккен азаматтарға төленетiн ақша сомасынан;
6) төлем көзiне қарамастан, бiр жолғы сипаттағы сыйлықтан, материалдық көмектен;
7) қызметкердiң жұмыстан шығардағы немесе отставкаға кетердегi жәрдемақысынан;
8) пайдаланылмаған демалыс үшiн (бiрнеше жылдың демалысын бiрiктiрген жағдайлардан басқа) өтемақыдан;
9) жерлеуге берiлген жәрдемақыдан;
10) заңда көзделген өзге де тұрақты емес сипаттағы төлемдерден өндiрiп алуға болмайды.
63-бап. Борышкердiң жалақысы болмаған жағдайда алимент өндiрiп алу тәртiбi
1. Алимент төлемдерiн жалақыдан немесе өзге де табыстардан үш ай бойы қатарынан өндiрiп алу мүмкiн болмаған жағдайда борышкердiң мүлкiнен өндiрiп алынады, бұған осы Заңның 39-бабына сәйкес өндiрiп алуға болмайтын мүлiк кiрмейдi.
Мүлiктен өндiрiп алу туралы сот орындаушысы қаулы шығарады.
2. Алименттер жөнiндегi берешек мөлшерiн сот орындаушысы өндiрiп алушының қалауы бойынша борышкердiң өндiрiп алу жүргiзiлмеген уақыт iшiнде алған не оның берешектi анықтау кезiне қарай алған нақты жалақысын (табысын) негiзге ала отырып шешiм орындалатын жерде белгiлейдi.
3. Егер борышкер бұл кезеңде жұмыс iстемеген болса, берешек орташа айлық жалақының негiзге ала отырып айқындалады.