3) егер жұмысты осы тараппен уағдаластық бойынша орындаса тараппен жасалған шартта белгiленген мөлшерде сыйақы алады.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 2-тармағында көзделген жағдайда сыйақы қылмыстық процестi жүргiзiп отырған органның аудармашы, маман, сарапшы шотты ұсынғаннан кейiн шығарған қаулысының негiзiнде төленедi.
174-бап. Қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысқан
адамдардың шыққан шығындарын өтеу
1. Қылмыстық сот iсiн жүргiзу тәртiбiмен жәбiрленушiнiң, азаматтық талапкердiң, азаматтық жауапкердiң, олардың заңды өкiлдерiнiң, қорғалушы мен сенiп тапсырушы үшiн тегiн заң көмегiн көрсететiн қорғаушы мен жеке айыптаушы өкiлiнiң, куәнiң, аудармашының, маманның, сарапшының, куәгердiң мынадай шығындары республикалық бюджет қаражатының есебiнен өтелуге жатады:
1) қылмыстық iстi жүргiзу органының шақыртуы бойынша келуге байланысты шығыстар:
- темiр жол, су, автомобиль (таксидi қоспағанда) көлiгiмен және сол жерде бар басқа да көлiк түрлерiмен жол жүру құны, ал қылмыстық процестi жүргiзушi органның келiсуiмен - әуе көлiгiмен жол жүру құны;
- қызметтiк iссапарларға ақы төлеу үшiн қабылданған норма бойынша бұл шығындарды ұйым, жұмыс берушi өтемейтiн реттегi тұрғын үйдi жалдау құны;
2) бұл адамдар үшiн қылмыстық процестi жүргiзушi органның талап етуi бойынша тұрғылықты тұратын жерiнен тысқары жерде тұруы қажет болған кезде және тәулiктiк ақыны ұйым, жұмыс берушi өтемейтiн кездегi - тәулiктiк ақы;
3) олар үшiн орташа жалақысын ұйым, жұмыс берушi сақтайтын жағдайлардан басқа, қылмыстық процестi жүргiзушi органның талап етуi бойынша қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысуға кеткен барлық уақыт үшiн орташа жалақы;
4) сол адамның қылмыстық процестi жүргiзушi органның талап етуi бойынша тергеу iсiне немесе басқа да iс жүргiзу әрекетiне қатысуы нәтижесiнде сапасынан айырылған немесе жоғалған мүлiктi қалпына келтiруге немесе сатып алуға арналған шығындары.
2. Мемлекеттiк органдар мен ұйымдар жәбiрленушiнiң, оның заңды өкiлiнiң, куәнiң, аудармашының, маманның, сарапшының, куәгердiң қылмыстық процестi жүргiзушi органның талап етуi бойынша қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысуға кеткен барлық уақыты iшiндегi орташа жалақысын сақтауға мiндеттi.
3. Маман мен сарапшыға сондай-ақ оларға тиесiлi химиялық реактивтер мен тапсырылған жұмысты орындау кезiнде жұмсалған басқа да шығыс материалдарының құны, сондай-ақ жұмысты орындау үшiн олардың құрал-жабдықтарды пайдаланғаны, коммуналдық қызмет көрсетулер және машина уақытын тұтынғаны үшiн төлеген ақысы өтеледi.
4. Қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу кезiнде шыққан шығындар осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген адамдардың өтiнiшi бойынша, қылмыстық процестi жүргiзушi органның қаулысының негiзiнде, заңдарда белгiленген мөлшерде өтелуге жатады. Аталған шығыстар сонымен қатар осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген адамдарды тергеу iсiне қатысуға тартқан тараптың есебiнен не осы Кодексте көзделген басқа жағдайларда өтелуi мүмкiн. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 1, 2 және 4-тармақтарында көзделген шығындар заңдарға сәйкес қылмыстық процестi жүргiзушi органның өз бастамашылығымен өтелуi мүмкiн.
22-тарау. Iс жүргізу шығындары
175-бап. Iс жүргiзу шығындары
Iс жүргiзу шығындары:
1) куәларға, жәбiрленушiлерге және олардың өкiлдерiне, сарапшыларға, мамандарға, аудармашыларға, куәгерлерге осы Кодекстiң 173,174-баптары тәртiбiмен төленетiн сомалардан;
2) тұрақты жалақысы жоқ куәларға, жәбiрленушiлерге және олардың өкiлдерiне, куәгерлерге оларды қалыпты жұмыстарынан қол үздiргенi үшiн төленетiн сомалардан;
3) жұмыс iстейтiн және тұрақты жалақысы бар куәларға, жәбiрленушiлерге және олардың заңды өкiлдерiне, куәгерлерге олардың қылмыстық процестi жүргiзушi органға шақыртылуына байланысты кеткен барлық уақыты үшiн толық алмаған жалақысын өтеу үшiн төленетiн сомалардан;
4) мiндеттер қызметтiк тапсырма тәртiбiмен орындалғаннан басқа жағдайларда сарапшыларға, аудармашыларға, мамандарға олардың анықтау, алдын ала тергеу процесiнде немесе сотта өз мiндеттерiн орындағаны үшiн төленетiн сыйақыдан;
5) қорғаушының заң көмегiн көрсеткенi үшiн төленетiн сомалардан, сезiктi, айыпталушы немесе сотталушы адам оны төлеуден босатылған не адвокат анықтауға, алдын-ала тергеуге немесе сотқа клиентпен келiсiм жасамай, тағайындау бойынша қатысқан жағдайда;
6) заттай дәлелдемелердi сақтау мен жөнелтуге жұмсалған сомалардан;
7) сот сараптамасы органдарында сараптама жүргiзуге жұмсалған сомалардан;
8) тергеуден немесе соттан жасырынған айыпталушыны iздестiруге байланысты жұмсалған сомалардан;
9) айыпталушыны тергеушiге немесе сотқа ол дәлелсiз себептермен келмеген жағдайда алып келуге байланысты, сондай-ақ сотталушының дәлелсiз себептермен келмеуiне не оның сотқа мас болып келуiне байланысты сот қарауын басқа уақытқа қалдыруға байланысты жұмсалған сомалардан;
10) қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу кезiнде келтiрiлген өзге шығындардан құралады.
176-бап. Iс жүргiзу шығындарын төлеттiру
1. Iс жүргiзу шығындарын сот сотталушыға жүктеуi мүмкiн немесе олар мемлекет есебiне жатқызылады.
2. Аудармашыға, сондай-ақ осы баптың төртiншi және бесiншi бөлiктерiнде көзделген жағдайларда қорғаушыға төленген сомаларды қоспағанда, сот сотталушыдан iс жүргiзу шығындарын төлеттiруге құқылы. Iс жүргiзу шығындары жазадан босатылған сотталушыға да жүктелуi мүмкiн.
3. Iске аудармашының қатысуына байланысты iс жүргiзу шығындары мемлекет есебiне жатқызылады. Егер аудармашы өз функцияларын қызметтiк тапсырма тәртiбiмен орындаған болса, онда оның еңбегiне ақы төлеудi мемлекет аудармашы жұмыс iстейтiн ұйымға өтейдi.
4. Егер сезiктi немесе айыпталушы қорғаушыдан бас тартатынын мәлiмдесе, бiрақ ол қанағаттандырылмай, қорғаушы iске тағайындау бойынша қатысса, онда адвокаттың еңбегiне ақы төлеу жөнiндегi шығындар мемлекет есебiне қабылданады.
5. Сотталушы ақталған немесе iс осы Кодекстiң 37-бабының бiрiншi бөлiгiнiң 1, 2-тармақтарына және 269-бабының екiншi бөлiгiне сәйкес қысқартылған жағдайда iс жүргiзу шығындары мемлекет есебiне жатқызылады. Егер сотталушы iшiнара ғана ақталса, сот оны ол кiнәлi деп танылған айыппен байланысты iс жүргiзу шығындарын төлеуге мiндеттейдi.
6. Iс жүргiзу шығындары оны төлеуге тиiс адам мүлiктiк жағынан дәрменсiз болған жағдайда мемлекет есебiне жатқызылады. Егер iс жүргiзу шығындарын төлеттiру сотталушының асырауындағы адамдардың материалдық жағдайына айтарлықтай әсер ететiн болса, сот сотталушыны iс жүргiзу шығындарын төлеуден толық немесе iшiнара босатуға құқылы.
7. Iс бойынша бiрнеше сотталушыны кiнәлi деп тани отырып, сот iс жүргiзу шығындары олардың әрқайсысынан қандай мөлшерде төлеттiрiлуге тиiс екенiн белгiлейдi. Бұл ретте сот сотталушы кiнәсiнiң сипатын, қылмыс үшiн жауапкершiлiк дәрежесiн және мүлiктiк жағдайын есепке алады.
8. Кәмелетке толмағандардың қылмыстары туралы iстер бойынша сот iс жүргiзу шығындарын кәмелетке толмағандардың ата-аналарына немесе олардың орнындағы адамдарға жүктей алады.
9. Сотталушы жеке айыптау iсi бойынша ақталған кезде сот iс жүргiзу шығындарын шағымы бойынша iс жүргiзу басталған адамға толық немесе iшiнара төлеттiруге құқылы. Тараптардың бiтiмге келуiне байланысты iс қысқартылған кезде iс жүргiзу шығындары бiр немесе екi тараптан де төлеттiрiледi.
10. Айыпталушы қайтыс болған жағдайда оның мұрагерлерi iс жүргiзу шығындарына байланысты мiндеттемелер бойынша жауап бермейдi.
11. Iс жүргiзу шығындарын төлеттiру құқығы соттың тиiстi шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап үш жыл өткен соң ескіруiне байланысты тоқтатылады.
Ерекше бөлім
6-бөлім. Қылмыстық іс бойынша сотқа
дейінгі іс жүргізу
23-тарау. Қылмыстық іс қозғау
177-бап. Қылмыстық iс қозғауға себептер мен негiздер
1. Қылмыстық iс қозғауға мыналар себеп болады:
1) азаматтардың арыздары;
2) кiнәсiн мойындап келу;
3) мемлекеттiк органның лауазымды адамының немесе ұйымда басқару функцияларын атқарып отырған адамның хабарламасы;
4) бұқаралық ақпарат құралдарындағы хабар;
5) лауазымды адамдардың және қылмыстық iс қозғауға құқық берiлген органдардың қылмыс туралы мәлiметтердi тiкелей анықтауы.
2. Қылмыстық iс қозғауға қылмыстық iс бойынша iс жүргiзудi болдырмайтын мән-жайлар болмай, қылмыс белгiлерiн көрсететiн жеткiлiктi деректердiң болуы негiз болып табылады.
178-бап. Азаматтардың арыздары
1. Азаматтардың қылмыс туралы арыздары ауызша немесе жазбаша болуы мүмкiн. Жазбаша арызға оны берiп отырған адам қол қоюға тиiс.
2. Тергеу iс-әрекетiн жүргiзу кезiнде немесе сот талқылауы барысында жасалған қылмыс туралы ауызша арыз тиiсiнше тергеу iс-әрекетiнiң немесе сот отырысының хаттамасына енгiзiледi. Өзге жағдайларда жеке хаттама жасалады. Хаттама арыз берушi, оның тұратын жерi немесе жұмыс орны, сондай-ақ оның жеке басын куәландыратын құжаттар туралы мәлiметтердi қамтуға тиiс. Хаттамаға арыз берушi және арызды қабылдаған лауазымды адам қол қояды.
3. Арыз берушiге әдейi жалған сөз жеткiзгенi үшiн Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 351-бабы бойынша қылмыстық жауаптылық туралы ескертiледi, бұл туралы хаттамада белгi қойылып, ол арыз берушiнiң қол қоюымен куәландырылады.
4. "Домалақ арыздар" тек олар алдын-ала тексерiлгеннен кейiн, егер оларда осы Кодекстiң 177-бабының екiншi бөлiгiнде аталған жеткiлiктi деректер болғанда ғана қылмыстық iс қозғауға себеп бола алады.
179-бап. Кiнәсiн мойындап келу
1. Кiнәсiн мойындап келу - адамның оған қатысты әлi күмән келтiрiлмегенде немесе аталған қылмысты жасағанына айып тағылмағанда өзi жасаған қылмысы туралы ерiктi мәлiмдеуi.
2. Аталған мәлiмдеменi жазбаша да және ауызша да нысанда жасауға болады және оны мәлiмдеушi қылмыстық процестi жүргiзетiн органға беруге тиiс. Ауызша мәлiмдеме хаттамаға енгiзiледi, хаттамада жасалған мәлiмдеме егжей-тегжейлi жазылады. Хаттамаға кiнәсiн мойындап келген адам және мәлiмдеменi қабылдаған лауазымды адам қол қояды.
3. Кiнәсiн мойындап келген кездегi мәлiмдемеде қылмысқа бiрге қатысқан адамдар аталған жағдайда мәлiмдеушiге әдейi жалған хабар бергенi үшiн қылмыстық жауаптылық туралы ескертiледi.
180-бап. Мемлекеттiк органның лауазымды адамының немесе ұйымда
басқару функцияларын атқаратын адамның хабарлауы
Мемлекеттiк органның лауазымды адамының немесе ұйымда басқару функцияларын атқаратын адамның қылмыс туралы хабарлауы жазбаша түрде жасалуға тиiс. Оған қылмыс туралы жасалған хабарды растайтын құжаттар мен өзге де материалдар қоса тiркеледi.
181-бап. Бұқаралық ақпарат құралдарындағы хабар
1. Бұқаралық ақпарат құралдарындағы хабар газетте немесе журналда жарияланғанда не радио немесе теледидар арқылы таратылғанда қылмыстық iс қозғауға себеп бола алады.
2. Қылмыс туралы хабарды жариялаған немесе таратқан бұқаралық ақпарат құралдарында басқару функцияларын атқаратын адамдар қылмыстық iс қозғауға құқығы бар адамның талап етуi бойынша жасалған мәлiмдеменi растайтын өз қолындағы құжаттар мен өзге де материалдарды беруге, сондай-ақ мәлiметтердi ақпарат көзiн құпия ұстау шартымен берген жағдайларды қоспағанда, сол мәлiметтердi берген адамның атын атауға мiндеттi.
182-бап. Қылмыстық iстi қозғауға құқық берiлген лауазымды
адамдардың және органдардың қылмыс туралы
мәлiметтердi тiкелей анықтауы
Қылмыс туралы мәлiметтердi анықтау қылмыстық iстi қозғауға мынадай жағдайларда:
1) өзiнiң қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде анықтау органының қызметкерi, тергеушi, прокурор қылмыстың куәлары болғанда не қылмыстың iзiн немесе салдарын ол жасалғаннан кейiн бiрден байқағанда;
2) анықтау органы мен анықтаушы қылмыс туралы мәлiметтердi өз функцияларын жүзеге асыру кезiнде немесе басқа бiр қылмыс туралы iс бойынша анықтауды жүргiзу кезiнде алғанда;
3) тергеушi қылмыс туралы мәлiметтердi басқа қылмыс туралы қылмыстық iс бойынша тергеу кезiнде алғанда;
4) прокурор қылмыс туралы мәлiметтердi заңдардың орындалуына қадағалау жасаған кезде алғанда себеп болады.
183-бап. Қылмыс туралы арыздар мен хабарларды
қабылдау мен қараудың мiндеттiлiгi
1. Қылмыстық iзге түсу органы кез келген жасалған немесе дайындалып жатқан қылмыс туралы арызды немесе хабарды қабылдауға, тiркеуге және қарауға мiндеттi. Арыз берушiге арызды немесе хабарды қабылдаған адамды, оны тiркеген уақыт пен арыз немесе хабар бойынша шешiм қабылдануға тиiстi уақытты көрсете отырып, қылмыс туралы қабылданған арыздың немесе хабардың тiркелгенi туралы құжат берiледi.
2. Қылмыс туралы арызды немесе хабарды қабылдаудан негiзсiз бас тартуға прокурорға немесе сотқа осы Кодексте белгiленген тәртiп бойынша шағымдануға болады.
3. Сотқа түскен қылмыс туралы арыз немесе хабар, жеке айып тағу iсiн қозғау жағдайларын қоспағанда, прокурорға жiберiледi, бұл туралы арыз берушiге хабарланады.
4. Сот қылмыстық, азаматтық немесе әкiмшiлiк iстi талқылау кезiнде қылмыс белгiлерiн байқағанда ол туралы жеке қаулы арқылы прокурорға хабарлауға мiндеттi.
ҚР 05.05.00 ж. N 47-ІІ Заңымен 184-бап өзгертілді
184-бап. Қылмыстар туралы арыздар мен хабарларды қарау
мерзiмдерi
Қылмыс туралы арыз немесе хабар бойынша шешiм ол түскен күннен бастап үш тәуліктен кешiктiрiлмей қабылдануға тиiс. Қажет болған жағдайда қосымша мәлiметтер алу, құжаттарды немесе өзге материалдарды талап ету, оқиға өткен жердi қарау, сараптама жүргiзу үшiн бұл мерзiмдi анықтау органының бастығы, тергеу бөлiмiнiң бастығы он тәулiкке дейiн, ал ерекше жағдайларда - бiр айға дейiн ұзарта алады, бұл туралы жиырма төрт сағаттың iшiнде прокурорға хабарлануға тиiс.
185-бап. Қылмыс туралы арызды немесе хабарды қарау
нәтижесiнде қабылданатын шешiмдер
1. Қылмыс туралы арызды немесе хабарды алған әрбiр жағдайда немесе қылмыс тiкелей анықталғанда анықтаушы, анықтау органы, тергеу бөлiмiнiң бастығы, тергеушi немесе прокурор мынадай шешiмдердiң бiрiн қабылдайды:
1) қылмыстық iс қозғау туралы;
2) қылмыстық iс қозғаудан бас тарту туралы;
3) арызды, хабарды тергеу ретiмен, ал жеке айып тағу iстерi бойынша - сот ретiмен беру туралы.
2. Қабылданған шешiм туралы арыз берушiге хабарланады және сонымен бiр уақытта оған шешiмге шағым беру құқығы түсiндiрiледi.
3. Арыз немесе хабар тергеу немесе соттау ретiмен жiберiлген жағдайда анықтау органы, тергеу бөлiмiнiң бастығы, тергеушi, прокурор қылмысты болдырмау немесе бұлтартпау, сонымен қатар қылмыс iзiн бекiту шараларын қолдануға мiндеттi.
ҚР 11.07.01 ж. N 238-II Заңымен 186-бап өзгертілді
186-бап. Қылмыстық iс қозғау тәртiбi
1. Осы Кодекстiң 177-бабында көрсетiлген себеп пен негiз болған кезде анықтаушы, анықтау органы, тергеу бөлiмiнiң бастығы, тергеушi, прокурор қылмыстық iс қозғау туралы қаулы шығарады.
2. Қаулыда: оның шығарылған уақыты мен орны, оны кiм жасағаны, iс қозғаудың себептерi мен негiздерi, ол кiмге қатысты немесе қандай факт бойынша қозғалып отырғаны, белгiлер бойынша iс қозғалып отырған қылмыстық заңның бабы, сондай-ақ iстiң бұдан былайғы бағыты көрсетiледi. Қылмыстық iс қозғау туралы қаулының көшiрмесi жиырма төрт сағаттың iшiнде прокурорға жiберiледi. Қабылданған шешiм туралы арыз берушiге және өзiне қатысты iс қозғалып отырған адамға оған қылмыстық iзге түсудiң басталуына байланысты құқықтар мен мiндеттердi түсiндiре отырып, хабарланады.
3. Егер қылмыс жасаудан зардап шеккен адам белгiлi болса, қылмыстық iс қозғаумен бiр уақытта ол жәбiрленушi деп танылады, ал егер қылмыс жасалғаны туралы хабармен бiрге азаматтық талап қойылса, онда бұл адам сонымен қатар азаматтық талапкер деп танылады.
187-бап. Қылмыстық iс қозғаудан бас тарту
1. Қылмыстық iс қозғауға негiздер болмаған кезде қылмыстық iзге түсу органы қылмыстық iс қозғаудан бас тарту туралы қаулы шығарады.
2. Қылмыстық iс қозғаудан бас тарту туралы қаулының көшiрмесi жиырма төрт сағаттың iшiнде прокурорға және арыз берушiге жiберiледi. Бұл ретте арыз берушiге құқықтары мен қаулыға шағымдану тәртiбi түсiндiрiлуге тиiс.
3. Тергеушiнiң, анықтаушының қылмыстық iс қозғаудан бас тарту туралы қаулысына тиiсiнше тергеу бөлiмiнiң бастығына, анықтау органының бастығына, сондай-ақ прокурорға немесе сотқа осы Кодексте белгiленген тәртiп бойынша шағымдануға болады. Соттың жеке айыптау туралы арызды қабылдаудан бас тарту туралы қаулысына жоғары тұрған сотқа шағымдануға болады.
4. Егер келiп түскен арызда (хабарда) азаматтардың саяси, еңбек, тұрғын үй, отбасы және өзге де құқықтарын бұзушылық, сондай-ақ азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбiмен қорғалатын ұйымдардың заңды мүдделерiн бұзушылық байқалса, онда қылмыстық iс қозғаудан бас тартумен бiр уақытта мүдделi адамдарға құқықтары және бұзылған құқықтар мен мүдделердi қалпына келтiру үшiн азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбiмен сотқа жүгiну тәртiбi түсiндiрiлуге тиiс.
188-бап. Қылмыс туралы хабарды немесе арызды тергелуiне
немесе сотталуына қарай беру
1. Қылмыстық iс қозғауға құқық берiлген лауазымды адам немесе орган қылмыс туралы арызды немесе хабарды қылмыстық iс қозғамай, тергелуi бойынша тек мынадай:
1) қылмыс бұл ауданнан тысқары жерде жасалып және қылмыстық iс қозғау туралы мәселенi шешу үшiн қылмыс жасалған жерде тексеру iс-әрекетiн жасау қажет болған;
2) қылмыстық iс қозғау туралы мәселенi шешу үшiн ол тергеуiне жатқызылған орган ғана жүргiзе алатын тексеру iс-әрекеттерiн жасау қажет болған жағдайларда ғана беруге құқылы.
2. Арыздың немесе хабардың қылмыстық iс қозғамай, тергелуi бойынша берiлгенi туралы жиырма төрт сағаттың iшiнде прокурор хабардар етiлуге тиiс.
3. Қылмыстық iс қозғамай сотталуы бойынша беруге жәбiрленушiлердiң жеке айыптау тәртiбiмен iзге түсетiн қылмыстары туралы шағымдары ғанажатады.
189-бап. Қылмыстық iзге түсу органының қылмыстық
iс қозғалғаннан кейiнгi iс-әрекетi
Қылмыстық iс қозғалғаннан кейiн:
1) прокурор iстi алдын ала тергеу немесе анықтау жүргiзуi үшiн тергеушiге немесе анықтау органына жiбередi;
2) тергеушi алдын-ала тергеу жүргiзуге кiрiседi;
3) алдын-ала тергеу жүргiзу мiндеттi болып табылатын iстер бойынша анықтау органы шұғыл тергеу iс-әрекеттерiн орындағаннан кейiн iстi алдын-ала тергеу iсiн жүргiзуге жiбередi; осы Кодекстiң 285-бабында аталған қылмыстар туралы iстер бойынша анықтау жүргiзедi.
ҚР 09.08.02 ж. N 346-II Заңымен 190-бап өзгертілді
190-бап. Прокурордың қылмыстық iс қозғаудың
заңды болуын қадағалауы
Қылмыстық iс қозғаудың заңды болуын қадағалай отырып, прокурор:
1) анықтаушының, анықтау органының немесе тергеушiнiң қылмыстық iс қозғау туралы қаулысының күшiн жоюға және қылмыстық iс қозғаудан бас тартуға немесе материалдарды қосымша тексepy үшiн iс жүргiзуге жiберуге;
2) анықтаушының, анықтау органының немесе тергеушiнiң қылмыстық iс қозғаудан бас тарту туралы қаулысының күшiн жоюға және қылмыстық iс қозғауға;
3) анықтаушының, анықтау органының немесе тергеушiнiң қылмыстық iс қозғау туралы қаулысының күшiн жоюға және егер қылмыстық iс бойынша тергеу iс-әрекеттерi жасалған болса, оны тоқтатуға құқылы.
24-тарау. Алдын-ала тергеу жүргізудің
жалпы шарттары
191-бап. Алдын-ала тергеудiң мiндеттiлiгi
1. Алдын-ала тергеудi осы Кодекстiң 33-бабының бiрiншi бөлiгiнде және 285-бабында көрсетiлген қылмыстар туралы iстердi қоспағанда, барлық қылмыстық iстер бойынша жүргiзу мiндеттi.
2. Алдын ала тергеудi кәмелетке толмағандар немесе өздерiнiң дене немесе ақыл-ой кемiстiктерiне байланысты өздерiнiң қорғану құқықтарын өздерi жүзеге асыра алмайтын адамдар жасаған қылмыстар туралы барлық қылмыстық iстер бойынша жүргiзу мiндеттi.
3. Қылмыстық iстер бойынша алдын-ала тергеудi Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң, iшкi iстер және салық полициясы органдарының тергеушiлерi жүргiзедi.
4. Қылмыстық iстердi тергелуi бойынша бiр органнан екiншi органға беру осы Кодекске сәйкес жүргiзiледi.
ҚР 09.12.98 ж. N 307-1; 05.05.00 ж. N 47-II; 16.03.01 ж. N 163-II; 19.02.02 ж. N 295-II Заңдарымен 192-бап өзгертілді
192-бап. Тергелу ретi
1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 156-163,165-174,233,233-1,233-2,236,238-240,243,244,247-249-баптарында,255-бабында (екінші, үшінші және төртінші бөліктерінде жаппай қырып-жоятын қаруды, сол сияқты жаппай қырып-жоятын қару жасау кезінде пайдаланылуы мүмкін материалдарды немесе жабдықтарды ұрлауға не қорқытып алуға қатысты), 306-бабында,318-бабында,330-бабында (екiншi бөлiгiнде), 331-бабында (екiншi бөлiгiнде), 367-бабында (үшінші және бесінші бөліктерінде), 368-бабында (үшінші бөлігінде), 369-бабында (үшінші бөлігінде), 372-бабында (бесінші және алтыншы бөліктерінде), 373-бабында (үшінші бөлігінде), 374-бабында (үшінші бөлігінде), 375,376 баптарында,380-бабында (үшінші бөлігінде), 381-бабында (үшінші бөлігінде), 382-бабында (екінші бөлігінде), 383-386 баптарында көзделген қылмыстар туралы қылмыстық iстер бойынша, алдын-ала тергеудi Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң тергеушiлерi жүргiзедi.
2. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 96-103-баптарында,107-бабында (екiншi бөлiгiнде), 113,114-баптарында,116-бабында (үшiншi және төртiншi бөлiктерiнде), 117-бабында (үшiншi және төртiншi бөлiктерiнде), 120-122,125-баптарында,126-бабында (екiншi және үшiншi бөлiктерiнде), 127-бабында,128-бабында (екiншi және үшiншi бөлiктерiнде), 131-бабында,132-бабында (екiншi және үшiншi бөлiктерiнде), 133,138-баптарында,141-бабында (екiншi бөлiгiнде), 142,143,145 (екінші және үшінші бөліктерінде) баптарында, 145-бабында (екiншi бөлiгiнде), 146-155-баптарында,175-бабында (екiншi және үшiншi бөлiктерiнде), 178-бабында (екiншi және үшiншi бөлiктерiнде), 179,181-бабында (екiншi және үшiншi бөлiктерiнде), 183-бабында (екiншi және үшiншi бөлiктерiнде), 184-бабында,185-бабында (екiншi, үшiншi және төртiншi бөлiктерiнде), 186-бабында (үшiншi бөлiгiнде), 187-бабында (екiншi және үшiншi бөлiктерiнде), 188-бабында (екiншi бөлiгiнде), 228, 229,230-баптарында (екiншi бөлiгiнде), 231, 232, 234,237,241, 242,245, 246-баптарында,251-бабында (екiншi және үшiншi бөлiктерiнде), 252-бабында (екiншi және үшiншi бөлiктерiнде), 254-бабында (екiншi бөлiгiнде), 255-бабында (бiрiншi, үшінші және төртінші бөліктерінде), 256-бабында (екiншi бөлiгiнде), 257-бабында (екiншi және үшiншi бөлiктерiнде), 259-бабында (екінші бөлігінде), 260-бабында,261-бабында (екiншi және үшiншi бөлiктерiнде), 262-бабында (екiншi бөлiгiнде), 263-бабында(үшінші және төртінші бөліктерінде), 264-бабында (екiншi бөлiгiнде), 266-бабында (екiншi бөлiгiнде), 267-269-баптарында,271-бабында (екiншi бөлiгiнде), 275-бабында (екiншi бөлiгiнде), 277-286-баптарында,287-бабында (екiншi бөлiгiнде), 288-бабында (екiншi бөлiгiнде), 289-бабында,292-бабында (екiншi бөлiгiнде), 294-бабында,295-бабында296-бабында (екiншi және үшiншi бөлiктерiнде), 298-бабында (үшiншi және төртiншi бөлiктерiнде), 299-бабында (екiншi және үшiншi бөлiктерiнде), 300-бабында (екiншi және үшiншi бөлiктерiнде), 301-бабында,302-бабында (екiншi бөлiгiнде), 303-305-баптарында,307-бабында (бiрiншi бөлiгiнде), 308-бабында (бiрiншi бөлiгiнде), 309,310, 311 (бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде), 312-316,319-322-баптарында,327-бабында (екiншi және үшiншi бөлiктерiнде), 335-338,340,344-346,348,349, 350-баптарында,358-бабында (екiншi бөлiгiнде), 361-бабында,367-бабында (екiншi, төртiншi бөліктерінде), 368-бабында (екiншi бөлігінде), 369-бабында (екiншi бөлiгiнде), 370-бабында (үшiншi бөлiгiнде), 372-бабында (төртiншi бөлiгiнде), 373-бабында (екiншi бөлiгiнде), 374-бабында (бірінші және екiншi бөлiктерiнде), 377-бабында (екiншi бөлiгiнде), 378-бабында (екiншi бөлiгiнде), 379-бабында (екiншi бөлiгiнде), 382-бабында (бірінші бөлiгiнде), 387-бабында (екiншi бөлiгiнде), 390-бабында (екiншi және үшiншi бөлiктерiнде), 391-бабында (екiншi және үшiншi бөлiктерiнде), 392,393-баптарында көзделген қылмыстар туралы қылмыстық iстер бойынша, алдын ала тергеудi iшкi iстер органдарының тергеушiлерi жүргiзедi. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 176-бабында (екінші және үшінші бөліктерінде), 213,218-баптарында,223-бабында (екінші бөлігінде) көзделген қылмыстар туралы істер бойынша алдын-ала тергеуді, егер олардың тергеуі ішкі істер органдары тергеушілерінің тергеу жүргізуіне жатқызылған қылмыстарды тергеумен тікелей байланысты болса және қылмыстық істі жеке іс жүргізуге бөліп шығаруға болмайтын болса, ішкі істер органдарының тергеушілері де жүргізе алады.