. 94-бап өзгердi - Қазақстан Республикасының 06.05.1999
N 375 Заңымен.
95-бап. Мәжiлiс депутаттарының сайлауы
кезiнде қайта дауыс беру
1. Егер сайлау бюллетенiне екеуден артық Мәжiлiс депутаттығына кандидаттар енгiзiлсе және олардың бiрде-бiреуi сайланбай қалса, округтiк сайлау комиссиясы неғұрлым көп дауыс алған екi кандидат бойынша депутат сайлауы жөнiнде қайта дауыс берудi тағайындайды. Егер кандидатуралардың шығып қалуы нәтижесiнде бiр кандидат қалса, қайта дауыс беру соның кандидатурасы бойынша өткiзiледi.
2. Қайта дауыс беру осы Конституциялық заңның талаптары сақтала отырып екi ай мерзiмнен кешiктiрiлмей өткiзiледi. Қайта дауыс берудi өткiзу туралы бұқаралық ақпарат құралдарында хабарланады.
3.
. 95-бап өзгердi, 3-тармақ алып тасталды - Қазақстан
Республикасының 06.05.1999 N 375 Заңымен.
96-бап. Мәжiлiс депутаттарын қайта сайлау
1. Егер сайлау жарамсыз деп танылса не бiр ғана кандидат немесе екi кандидат дауысқа түскен кезде ол (олар) сайланбай қалса, Орталық сайлау комиссиясы қайта сайлау өткiзу туралы шешiм қабылдайды. Дауыс беру сол сайлау учаскелерiнде және бастапқы сайлау өткiзу үшiн жасалған сайлаушылар тiзiмi бойынша өткiзiледi.
2. Қайта сайлау бастапқы сайлаудан кейiн екi ай мерзiмнен кешiктiрiлмей немесе тиiстi округтiк сайлау комиссиясының ұсынысы бойынша Орталық сайлау комиссиясы белгiлеген мерзiмде өткiзiледi. Қайта сайлау кезiнде жүзеге асыру көзделген сайлау шаралары осы Конституциялық заңмен белгiленген тәртiппен өткiзiледi. Бұл ретте сайлау шараларының қысқартылған мерзiмiн Орталық сайлау комиссиясы белгiлейдi.
3. Қайта сайлау өткiзу туралы бұқаралық ақпарат құралдарында хабарланады.
4. Бұрын дауысқа түскен Мәжiлiс депутаттығына кандидаттар қайта сайлауға қатыспайды.
5. Қайта сайлауға үш проценттiк кедергiден өткен және алдыңғы сайлауға қатысқан саяси партиялар да қатыса алады.
. 96-бап өзгердi және 5-тармақпен толықтырылды - Қазақстан
Республикасының 06.05.1999 N 375 Заңымен.
97-бап. Мәжiлiс депутаттары сайлауының
нәтижелерiн анықтау және жариялау
1. Республиканы тұтас алғанда Мәжiлiс депутаттары сайлауының қорытындыларын Орталық сайлау комиссиясы сайлау өткiзiлген күннен бастап жетi күн мерзiм iшiнде анықтайды.
2. Мәжiлiс депутатының сайлауында:
1) дауыс беруге қатысқан сайлаушылар санының елу процентiнен астамының даусын алған;
2) қайта дауыс беру кезiнде басқа кандидатпен салыстырғанда сайлаушылар даусының көбiрек санын алған;
3) қайта дауыс беру кезiнде бiрден-бiр кандидат дауысқа түскен кезде дауыс беруге қатысқан сайлаушылар даусының елу процентiнен астамын алған кандидат сайланды деп есептеледi.
3. Сайлау қорытындыларын анықтауға және жариялауға байланысты өзге де мәселелер осы Конституциялық заңның Жалпы бөлiмiнде белгiленген ережелерге сәйкес шешiледi.
. 97-бап өзгердi - Қазақстан Республикасының 06.05.1999
N 375 Заңымен.
97-1. Депутаттық мандаттарды партиялық тiзiмдер бойынша
дауыс берудiң қорытындыларына қарай бөлу
1. Орталық сайлау комиссиясы дауыс беруге қатысқан сайлаушылар санының жетi және одан да көп процентiн алған әрбiр партиялық тiзiм үшiн бiртұтас жалпыұлттық округтiң аумағы бойынша берiлген сайлаушылар дауысының жиынтығын есептеп шығарады. Жетi проценттiк кедергiден өткен саяси партияны жақтап дауыс берген сайлаушылар дауысының жиынтығы онға - бiртұтас жалпыұлттық округтiң аумағы бойынша бөлiнетiн депутаттық мандаттар санына бөлiнедi. Алынған нәтиже алғашқы сайлау жеке саны (квота) болып табылады.
2. Депутаттық мандаттарды бөлуге қатысқан әрбiр партиялық тiзiм алған дауыстардың саны алғашқы сайлау жеке санына бөлiнедi. Санды бөлу нәтижесiнде алынған тұтас бөлiк партиялық тiзiм құрған тиiстi саяси партия алатын депутаттық мандаттар саны болып табылады.
3. Егер осы баптың 2-тармағына сәйкес жүргiзiлген iс-әрекеттен кейiн бөлiнбеген мандаттар қалса, оларды қайта бөлу жүргiзiледi. Бөлiнбеген мандаттар осы баптың 2-тармағына сәйкес бөлудiң нәтижесiнде алынған санның ең көп бөлшектенген бөлiгiне (қалдығына) ие болған партиялық тiзiмдерге бiр-бiрден берiледi. Ең көп қалдық тең болған жағдайда басымдық бұрын тiркелген партиялық тiзiмге берiледi.
4. Депутаттық мандаттар кандидаттарды тиiстi партиялық тiзiмге орналастырудың ретiне қатаң сәйкес бөлiнедi.
5. Партиялық тiзiмдердi құраған саяси партиялар арасындағы депутаттық мандаттарды бөлудiң нәтижесiнде сайланған депутат мерзiмiнен бұрын шығып қалған жағдайда, оның мандаты Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен нақ сол партиялық тiзiм бойынша сайланған келесi кандидатқа берiледi.
Тиiстi партиялық тiзiмде кандидаттар қалмаған жағдайда Мәжiлiс депутаттарының келесi сайлауына дейiн мандат бос қалады.
Саяси партия қайта құрылған немесе таратылған жағдайда осы партияның тiзiмi бойынша сайланған Мәжiлiс депутаттары өз өкiлеттiгiн тоқтатады.
. 97-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының
06.05.1999 N 375 Заңымен.
98-бап. Мәжiлiс депутаттарын тiркеу
1. Орталық сайлау комиссиясы сайланған Мәжiлiс депутаттарын округтiк сайлау комиссиялары хаттамаларының негiзiнде тiркейдi.
2. Орталық сайлау комиссиясы округтiк сайлау комиссиясының ұсынысы немесе азаматтардың арыздары бойынша, егер сайлау барысында немесе дауыстарды санау не сайлау нәтижелерiн анықтау кезiнде осы Конституциялық заңды бұзу орын алған болса, Мәжiлiс депутаттары сайлауын жарамсыз деп тануы және Мәжiлiс депутатын тiркеуден бас тартуы мүмкiн. Бұл ретте Орталық сайлау комиссиясының осы шешiмiнiң қабылданған күнiнен бастап он күн iшiнде Мәжiлiс депутаттығына кандидаттар сотқа шағым бере алады, ол он күн мерзiм iшiнде шешiм қабылдайды.
. 98-баптың 1-тармағынан сөздер алынып тасталды -
Қазақстан Республикасының 19.06.1997 N 133-I
Заңымен.
. 98-бап өзгердi - Қазақстан Республикасының 06.05.1999 N 375
Заңымен.
99-бап. Мәжiлiс депутаттарының кезектен тыс сайлауын
және шығып қалған депутаттар орнына сайлау өткiзу
1. Мәжiлiс депутаттарының кезектен тыс сайлауы және шығып қалған депутаттар орнына сайлау осы Конституциялық заңның Мәжiлiс депутаттарының кезектi сайлауы үшiн белгiленген ережелерiне сәйкес өткiзiледi. Бұл ретте сайлау шараларын өткiзу мерзiмiн Орталық сайлау комиссиясы белгiлейдi.
2. Мәжiлiс депутаты Парламент өкiлеттiгiнiң конституциялық мерзiмiнiң аяқталуына бiр жылдан аз уақыт қалғанда шығып қалса, оның орнына депутат сайлауы өткiзiлмейдi.
. 99-бап өзгердi - Қазақстан Республикасының 06.05.1999 N 375
Заңымен.
100-бап. Конституциялық Кеңестiң Мәжiлiс депутаттары
сайлауын өткiзудiң дұрыстығы туралы мәселенi қарауы
1. Республика Президентiнiң, Сенат Төрағасының, Мәжiлiс Төрағасының Парламент депутаттары жалпы санының кемiнде бестен бiр бөлiгiнiң, Республика Премьер-Министрiнiң ұсынысы бойынша Конституциялық Кеңес дау туындаған жағдайда Мәжiлiс депутаттары сайлауын өткiзудiң дұрыстығы туралы мәселенi шешедi. Бұл жағдайда сайланған Мәжiлiс депутаттарын тiркеу ұсынысты қарау уақытына тоқтатыла тұрады.
2. Орталық сайлау комиссиясы Мәжiлiс депутаттары сайлауын өткiзудiң дұрыстығы туралы дау туындаған жағдайда сайлауды әзiрлеу мен өткiзуге байланысты материалдарды Конституциялық Кеңеске бередi.
3. Конституциялық Кеңес Конституцияны бұзу анықталған сайлау округтерiнде Мәжiлiс депутаттары сайлауын Конституцияға сәйкес емес деп таныған жағдайда, Орталық сайлау комиссиясы бұл сайлау округiндегi сайлауды жарамсыз деп тану және сайлау жарамсыз деп танылған сайлау округтерiнде екi ай iшiнде қайта сайлау өткiзу туралы шешiм қабылдайды.
. 100-бап өзгердi - Қазақстан Республикасының 06.05.1999
N 375 Заңымен.
13-тарау. Республика мәслихаттары депутаттарының сайлауы
101-бап. Мәслихаттар депутаттары сайлауын тағайындау
1. Мыналар:
1) мәслихаттар өкiлеттiгiнiң конституциялық мерзiмiнiң аяқталуы заңда белгiленген жағдайларды қоспағанда кезектi сайлауды;
2) мәслихаттар өкiлеттiгiнiң мерзiмiнен бұрын тоқталуы кезектен тыс сайлауды;
3) депутат өкiлеттiгiнiң мерзiмiнен бұрын тоқталуы, оны мандатынан айыру не оның қайтыс болуы шығып қалғандардың орнына депутат сайлауын тағайындау үшiн негiз болып табылады.
2. Мәслихат депутаттарының кезектi сайлауын Орталық сайлау комиссиясы мәслихаттардың өкiлеттiк мерзiмiнiң аяқталуынан кемiнде төрт ай бұрын тағайындайды және ол мәслихаттар өкiлеттiгiнiң конституциялық мерзiмiнiң аяқталуына кемiнде бiр ай қалғанда өткiзiлуге тиiс.
3. Өкiлеттiгi мерзiмiнен бұрын тоқтатылған мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын Орталық сайлау комиссиясы мәслихат өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын тоқтату туралы Сенат шешiмiнiң негiзiнде тағайындайды және ол мәслихаттар өкiлеттiгi мерзiмiнен бұрын тоқтатылған күннен бастап екi айдан кешiктiрiлмей өткiзiлуге тиiс.
4. Мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлауды облыстық, қалалық (республикалық маңызы бар қалалар және республика астанасының) сайлау комиссиясы депутаттың мандаты мерзiмiнен бұрын тоқтатылған және одан айырылған не ол қайтыс болған күннен бастап үш айдан кешiктiрмей тағайындайды.
5. Барлық деңгейдегi мәслихаттар депутаттарының кезектi сайлауы бiр мезгiлде өткiзiледi және мерзiмi жөнiнен Президент сайлауына, Парламент Сенаты сайлауына тұспа-тұс келмеуге тиiс.
6. Сайлау күнi туралы хабар бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
. 101-бап өзгердi - Қазақстан Республикасының 06.05.1999
N 375 Заңымен.
102-бап. Мәслихаттар депутаттарына қойылатын талаптар
Мәслихат депутаты болып сайлану үшiн азамат Конституцияның 86-бабының 3-тармағында белгiленген талаптарды қанағаттандыруға, сондай-ақ Конституцияның 33-бабының 2-тармағына және осы Конституциялық заңға сәйкес сайлау құқығына ие болуға тиiс.
. 102-бап өзгердi - Қазақстан Республикасының 06.05.1999
N 375 Заңымен.
103-бап. Мәслихаттар депутаттығына кандидаттар ұсыну
1. Мәслихаттар депутаттығына кандидаттар ұсынуды белгiленген тәртiп бойынша тiркелген республикалық немесе жергiлiктi қоғамдық бiрлестiктер, сондай-ақ өзiн-өзi ұсыну жолымен азаматтар жүзеге асырады.
2. Мәслихат депутаттығына кандидаттар ұсынуды Республикалық немесе жергiлiктi қоғамдық бiрлестiктердiң жоғары органдары әр кандидат дауысқа түсiп отырған сайлау округiн көрсете отырып жүргiзедi. Қоғамдық бiрлестiк депутаттыққа кандидаттар ретiнде сол қоғамдық бiрлестiктiң мүшесi емес адамдарды ұсынуға хақылы. Қоғамдық бiрлестiк әр сайлау округiнен мәслихат депутаттығына бiр ғана кандидат ұсына алады. Мәслихат депутаттығына кандидаттар ұсыну туралы шешiм республикалық немесе жергiлiктi қоғамдық бiрлестiктiң жоғарғы органы мүшелерiнiң жалпы санының көпшiлiк даусымен қабылданады және ол хаттаманың үзiндiсiмен ресiмделедi.
3. Республикалық немесе жергiлiктi қоғамдық бiрлестiк жоғарғы органының шешiмi үш күн мерзiмнен кешiктiрiлмей:
1) ұсынылған кандидаттың назарына жеткiзiледi;
2) кандидаттың дауысқа түсуге келiсiмi туралы өтiнiшiмен бiрге тиiстi округтiк сайлау комиссиясына жiберiледi.
4. Азаматтардың мәслихат депутаттығына кандидаттар ұсынуы өзiн-өзi ұсыну тәртiбiмен тиiстi округтiк сайлау комиссиясына осы аумақтық сайлау округi бойынша мәслихат депутаттығына кандидат болып дауысқа түсу ниетi туралы өтiнiш беру жолымен жүргiзiледi.
5. Ешкiм бiреуден артық сайлау округiнде кандидат болып ұсыныла алмайды.
6. Сайлау тағайындалған кезде өзгеше белгiленбесе, депутаттыққа кандидаттар ұсыну, сайлау күнiнен үш ай бұрын басталып, сайлау күнiне екi ай қалғанда аяқталады.
7. Егер кандидаттардың бiр де бiрi ұсынылмаған не ұсынылған барлық кандидаттар өз кандидатураларын алып тастаған немесе кетiп қалған жағдайда, аумақтық сайлау комиссиясы тиiстi округтiк сайлау комиссиясының ұсынуы бойынша кандидаттар ұсыну мерзiмiн ұзартады, бiрақ ол жиырма күннен аспауға тиiс.
8. Округтiк сайлау комиссиясы үш күн iшiнде кандидаттың Конституция мен осы Конституциялық заңда өзiне қойылған талаптарға сәйкестiгiн анықтайды.
. 103-бап өзгердi - Қазақстан Республикасының 06.05.1999
N 375 Заңымен.
104-бап. Мәслихаттар депутаттығына кандидаттар тiркеу
1. Депутаттыққа кандидаттарды тiркеудi округтiк сайлау комиссиялары жүзеге асырады.
2. Қоғамдық бiрлестiктен ұсынылған кандидатты тiркеу мынадай құжаттар:
1) қоғамдық бiрлестiктiң жоғары органының, осы қоғамдық бiрлестiктiң тиiсiнше Республика Әдiлет министрлiгiнде, облыстық, қалалық (республикалық маңызы бар қаланың, Республика астанасының) әдiлет басқармасында тiркелгенi туралы құжаттың көшiрмесi тiркеле отырып, тиiстi сайлау округi бойынша кандидат ұсыну жөнiндегi отырысы хаттамасының үзiндiсi;
2) азаматтың өзiн ұсынған қоғамдық бiрлестiктен осы сайлау округi бойынша депутаттыққа кандидат болып дауысқа түсуге келiсiмi туралы өтiнiшi;
3) кандидат туралы өмiрбаяндық деректер бар болған ретте жүргiзiледi;
4) психикалық денсаулық жағдайы туралы медициналық анықтама.
3. Өзiн-өзi ұсынған жағдайда кандидатты тiркеу мынадай құжаттар:
1) осы сайлау округi бойынша кандидат болып дауысқа түсу ниетi туралы өтiнiшi;
2) кандидат туралы өмiрбаяндық деректер;
3) кандидаттың сайлау жарнасын енгiзгенiн растайтын құжат бар болған ретте жүзеге асырылады.
3) психикалық денсаулық жағдайы туралы медициналық анықтама.
4. Тiркеуге мәслихат депутаттығына кандидаттардың кез келген саны ұсынылады.
5. Мәслихат депутаттығына кандидаттар тiркеу туралы округтiк сайлау комиссиясы хаттама жасайды, ол бес күн мерзiм iшiнде тиiстi аумақтық сайлау комиссиясына табыс етiледi.
6. Округтiк сайлау комиссиясы:
1) кандидаттарды тiркегеннен кейiн жетiншi күннен кешiктiрмей жергiлiктi баспасөз құралдарында әр кандидаттың тегiн, атын, әкесiнiң атын, туған жылын, атқаратын қызметiн (жұмысын), жұмыс орны мен тұрғылықты жерiн, сондай-ақ кандидаттың өз қалауына қарай оның қоғамдық бiрлестiкке қатыстылығы мен ұлты туралы мәлiметтердi көрсете отырып тiркеу туралы хабар жариялайды;
2) тiркеген кезде кандидаттарға тиiстi куәлiктер бередi;
3) Конституция мен осы Жарлық талаптарын бұзу орын алса, сондай-ақ осы Конституциялық заңмен белгiленген өзге де жағдайларда кандидатты тiркеуден бас тартады немесе тiркеу туралы шешiмнiң күшiн жояды.
7. Кандидатты тiркеуден бас тартуға немесе тiркеу туралы шешiмнiң жойылуына қоғамдық бiрлестiк немесе кандидаттың өзi аумақтық сайлау комиссиясына немесе сотқа жетi күн мерзiм iшiнде шағым бере алады. Бұл ретте аумақтық сайлау комиссиясы немесе сот шағым берiлген күннен бастап жетi күн мерзiм iшiнде шешiм шығарады.
8. Мәслихат депутаттығына кандидатты тiркеу, егер сайлау тағайындалған кезде өзгеше белгiленбесе, сайлау күнiнен екi ай бұрын басталып, сайлау күнiне қырық күн қалғанда аяқталады.
. 104-бап толықтырылды - Қазақстан Республикасының 08.05.1998
N 222 Заңымен.
. 104-бап өзгердi - Қазақстан Республикасының 06.05.1999 N 375
Заңымен.
105-бап. Кандидатурасын алып тастау,
мәслихат депутаттығына кандидат
етiп ұсыну туралы шешiмнiң күшiн жою
1. Мәслихат депутаттығына кандидат тiркеуге дейiнгi және одан кейiнгi уақытта, бiрақ дауыс берiлетiн күннен кемiнде жетi тәулiк бұрын, бұл туралы округтiк сайлау комиссиясына жазбаша өтiнiш бере отырып, өз кандидатурасын қайтып ала алады.
2. Республикалық немесе жергiлiктi қоғамдық бiрлестiктiң жоғары органы тiркеуге дейiнгi және одан кейiнгi уақытта, бiрақ дауыс берiлетiн күннен кемiнде жетi тәулiк бұрын округтiк сайлау комиссиясына тиiстi ұсыныс берiп, мәслихат депутаттығына кандидат ұсыну туралы шешiмiнiң күшiн жоя алады.
3. Мұндай жағдайларда округтiк сайлау комиссиясы кандидатты тiркемейдi немесе кандидатты тiркеу туралы шешiмнiң күшiн жояды.
4. Егер кандидатурасын алып тастау немесе кандидатты ұсыну туралы шешiмнiң күшiн жою осыған мәжбүр ететiн себептерсiз жүргiзiлген болса, онда округтiк сайлау комиссиясы сайлау науқанын өткiзуге республикалық бюджеттен жұмсалған қаражаттың бiр бөлiгiн кандидаттың немесе оны ұсынған тиiстi қоғамдық бiрлестiктiң есебiне жатқызуға хақылы.
. 105-бап өзгердi - Қазақстан Республикасының 06.05.1999
N 375 Заңымен.
106-бап. Мәслихат депутаттығына кандидаттың
сенiм бiлдiрген адамдары
Депутаттыққа кандидаттың үшке дейiн сенiм бiлдiрген адамдары болуы мүмкiн.
107-бап. Тiркеу мерзiмi аяқталғаннан кейiн
шығып қалғандардың орнына мәслихаттар
депутаттығына кандидаттар ұсыну
1. Тiркеу мерзiмi аяқталғаннан кейiн барлық кандидаттар шығып қалған жағдайда тиiстi округтiк сайлау комиссиясының ұсынысы бойынша аумақтық сайлау комиссиясы өз шешiмiмен сайлау мерзiмiн әрi кеткенде екi айға ұзартады.
2. Мұндай жағдайда мәслихат депутаттығына кандидаттар ұсыну осы Конституциялық заңда белгiленген ережелерге сәйкес жүзеге асырылады.
. 107-бап өзгердi - Қазақстан Республикасының 06.05.1999
N 375 Заңымен.
108-бап. Мәслихат депутатын сайлау кезiнде дауыстарды санау
1. Учаскелiк сайлау комиссиясы дауыс беру нәтижелерi бойынша дауыс беру хаттамасын жасайды, ол дереу округтiк сайлау комиссиясына жiберiледi.
2. Мәслихат депутатын сайлау нәтижелерi учаскелiк сайлау комиссияларының хаттамалары негiзiнде округтiк сайлау комиссиясының отырысында анықталады. Мәслихат депутаттары сайлауының нәтижелерi туралы округтiк комиссия төрағасы мен мүшелерiнiң қолы қойылып, сайлау өткiзiлген күннен бастап екi күннен аспайтын мерзiмде тиiстi аумақтық сайлау комиссиясына жiберiлетiн хаттама жасалады.
3. Дауыс беру нәтижесi мен сайлау нәтижесiн анықтаумен байланысты өзге де мәселелер осы Конституциялық заңның Жалпы бөлiмiнде белгiленген ережелерге сәйкес шешiледi.
. 108-бап өзгердi - Қазақстан Республикасының 06.05.1999
N 375 Заңымен.
109-бап. Мәслихат депутатын сайлау
кезiндегi қайта дауыс беру
1. Егер сайлау бюллетенiне екеуден артық мәслихат депутаттығына кандидат енгiзiлген болса әрi олардың бiрде-бiрi сайланбаса, онда округтiк сайлау комиссиясы неғұрлым көп дауыс алған екi кандидат жөнiнен депутат сайлауы бойынша қайта дауыс беру тағайындайды. Егер кандидатуралардың кетiп қалуы нәтижесiнде бiр кандидат қалса, онда қайта дауыс беру оның кандидатурасы бойынша өткiзiледi.
2. Қайта дауыс беру осы Конституциялық заңның талаптарын сақтай отырып, бiр ай мерзiмнен кешiктiрiлмей жүргiзiледi. Қайта дауыс берудi өткiзу туралы жергiлiктi бұқаралық ақпарат құралдарында хабарланады.
3.
. 109-бап өзгердi - Қазақстан Республикасының 06.05.1999 N 375
Заңымен.
110-бап. Мәслихаттар депутаттарын қайта сайлау
1. Егер сайлау жарамсыз деп танылса не бiр кандидат дауысқа түскен жағдайда ол сайланбаса, аумақтық сайлау комиссиясы қайта сайлау өткiзу жөнiнде шешiм қабылдайды. Дауыс беру сол сайлау учаскелерiнде бастапқы сайлауды өткiзу үшiн жасалған сайлаушылар тiзiмдерi бойынша өткiзiледi.
2. Қайта сайлау бастапқы сайлаудан кейiн екi ай мерзiмнен кешiктiрiлмей өткiзiледi. Қайта сайлауда жүзеге асыру көзделген сайлау шаралары осы Конституциялық заңда белгiленген ережелерге сәйкес жүргiзiледi. Бұл ретте сайлау шараларының қысқартылған мерзiмiн аумақтық сайлау комиссиясы белгiлейдi.
3. Қайта сайлау өткiзу туралы жергiлiктi ақпарат құралдарында хабарланады.
4. Бұрын дауысқа түскен мәслихаттар депутаттығына кандидаттар қайта сайлауға қатыспайды.
. 110-бап өзгердi - Қазақстан Республикасының 06.05.1999
N 375 Заңымен.
111-бап. Мәслихаттар депутаттары сайлауының қорытындыларын
анықтау және жариялау
1. Мәслихат депутаттары сайлауының қорытындыларын тиiстi аумақтық сайлау комиссиялары сайлау өткiзiлген күннен бастап бес күн мерзiмнен кешiктiрмей анықтайды.
2. Мәслихаттың сайланған депутаты болып:
1) дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың елу процентiнен астамының даусын алған;
2) қайта дауыс беру кезiнде басқа кандидатқа қарағанда дауыс беруге қатысқан сайлаушылар даусының көпшiлiгiн алған;
3) қайта дауыс беру кезiнде бiрден бiр кандидат дауысқа түскен жағдайда дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың елу процентiнен астамының даусын алған кандидат саналады.
3. Мәслихат депутаттары сайлауының қорытындыларын анықтау мен жариялауға байланысты басқа мәселелер осы Конституциялық заңның Жалпы бөлiмiнде белгiленген ережелерге сәйкес шешiледi.
. 111-бап өзгердi - Қазақстан Республикасының 06.05.1999
N 375 Заңымен.
112-бап. Мәслихаттар депутаттарын тiркеу
1. Тиiстi аумақтық сайлау комиссиясы округтiк сайлау комиссияларының хаттамалары негiзiнде сайланған мәслихаттар депутаттарын тiркейдi.
2. Тиiстi аумақтық сайлау комиссиясы округтiк сайлау комиссиясының ұсынысы немесе азаматтардың арыздары бойынша, егер сайлау барысында немесе дауыстарды санау не сайлау нәтижелерiн анықтау кезiнде осы Конституциялық заңды бұзу орын алса, мәслихат депутаты сайлауын жарамсыз деп тануы және мәслихат депутатын тiркеуден бас тартуы мүмкiн. Бұл орайда мәслихат депутаттығына кандидаттар аумақтық сайлау комиссиясының осы шешiмiне оның қабылданған күнiнен бастап он күн iшiнде сотқа шағым бере алады, ол он күн iшiнде шешiм қабылдайды.
. 112-бап өзгердi - Қазақстан Республикасының 06.05.1999 N 375
Заңымен.
113-бап. Мәслихаттар депутаттарының қайта
сайлауы мен шығып қалғандардың
орнына депутаттар сайлауын өткiзу
1. Мәслихаттар депутаттарының қайта сайлауы мен шығып қалғандардың орнына депутаттар сайлауы осы Конституциялық заңда мәслихаттар депутаттарының кезектi сайлауы үшiн белгiленген ережелерге сәйкес өткiзiледi. Бұл ретте сайлау шараларын өткiзу мерзiмiн тиiстi аумақтық сайлау комиссиясы белгiлейдi.
2. Мәслихат өкiлеттiгiнiң конституциялық мерзiмiнiң бiтуiне бiр жылдан аз уақыт қалғанда мәслихат депутаты шығып қалған жағдайда шығып қалғанның орнына депутат сайлауы өткiзiлмейдi.
. 113-бап өзгердi - Қазақстан Республикасының 06.05.1999 N 375
Заңымен.
14-тарау. Қазақстан Республикасының жергiлiктi
өзiн-өзi басқару органдарына сайлау
114-бап. Жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына
сайлау тағайындау
1. Мыналар:
1) жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының заңмен белгiленген өкiлеттiгi мерзiмiнiң аяқталуы сайлау тағайындауға;
2) жергiлiктi өзiн-өзi басқару органы мүшесiнiң өкiлеттiгiнiң мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы, оның мандатынан айыру не оның қайтыс болуы шығып қалғанның орнына мүше сайлауын тағайындауға негiз болып табылады.
2. Жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының сайлауын аумақтық сайлау комиссиясы жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының өкiлеттiгi мерзiмiнiң бiтуiнен кемiнде екi ай бұрын тағайындайды және олардың заңмен белгiленген өкiлеттiгi мерзiмiнiң бiтуiне кемiнде бiр ай уақыт қалғанда өткiзiлуге тиiс.
3. Сайлау күнi туралы хабар жергiлiктi бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
115-бап. Жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының
мүшелерiне қойылатын талаптар
Жергiлiктi өзiн-өзi басқару органының мүшесi болып сайлану үшiн азамат Қазақстан Республикасының тиiстi заңымен белгiленген талаптарды қанағаттандыруға, сондай-ақ оның Конституцияның 33-бабының 2-тармағына сәйкес сайлану құқығы болуға тиiс.
116-бап. Жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiн
сайлау кезiндегi сайлау округтерi мен сайлау
комиссиялары
Жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiн сайлау кезiнде:
1) халық топтары жинақы тұратын ауылдық және қалалық жергiлiктi қауымдастықтардың аумақтары сайлау округтерi болып табылады.
2) округтiк сайлау комиссиясының қызметiн тиiстi аумақтық сайлау комиссиясы атқарады.
3) сайлауды ұйымдастыру мен өткiзудi учаскелiк сайлау комиссиялары жүзеге асырады.
117-бап. Жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының
мүшелiгiне кандидаттар ұсыну
1. Жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелiгiне кандидаттар ұсыну құқығы сайлау құқығы бар әрi ауылдық және қалалық жергiлiктi қауымдастықтарда жинақы тұратын кемiнде елу азамат болған жағдайда құқылы азаматтар жиналысында, сондай-ақ өзiн-өзi ұсыну жолымен азаматтарда болады.
2. Жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына кандидаттар ұсыну туралы шешiмдi жиналысқа қатысқан азаматтар санының көпшiлiк даусымен қабылданады, ол тиiстi хаттамамен ресiмделедi.
3. Азаматтар жиналысының шешiмi үш күн мерзiмнен кешiктiрiлмей:
1) ұсынылған кандидаттың назарына жеткiзiледi;
2) кандидаттың дауысқа түсуге келiсiмi туралы өтiнiшiмен бiрге тиiстi аумақтық сайлау комиссиясына жiберiледi.
4. Азаматтардың жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелiгiне кандидаттар ұсынуы өзiн-өзi ұсыну тәртiбiмен тиiстi аумақтық сайлау комиссиясына жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелiгiне тиiстi ауылдық немесе қалалық жергiлiктi қауымдастық аумағы бойынша кандидат болып дауысқа түсу ниетi туралы өтiнiш беру жолымен жүргiзiледi.
5. Осы ауылдық немесе қалалық жергiлiктi қауымдастық аумағында тұрмайтын азамат жергiлiктi өзiн-өзi басқару органының мүшелiгiне кандидат болып ұсыныла алмайды.
6. Ұсынылатын кандидаттар саны шектелмейдi.
7. Кандидаттарды ұсыну сайлау тағайындалғаннан кейiнгi келесi күннен басталып сайлау күнiнен он төрт күн бұрын аяқталады.
8. Егер бiр де бiр кандидат ұсынылмаған не барлық ұсынылған кандидаттар өздерiн тiркегенге дейiн кандидатураларын қайтып алған жағдайда, аумақтық сайлау комиссиясы кандидаттар ұсыну мерзiмiн ұзартады, бiрақ ол әрi кеткенде жиырма күннен аспайды.
9. Аумақтық сайлау комиссиясы үш күн iшiнде кандидаттың Конституцияда және осы Конституциялық заңда қойылған талаптарға сәйкестiгiн анықтайды.