тасымалға төлемге қабілетті сұранысты қанағаттандыруды және көлік шығындарын төмендетуді қамтамасыз ететін тариф саясатын жетілдіру;
көлік құралдары паркін жаңарту үшін айналым қаражаттарын толықтыру;
қалалық, аймақтық, қалааралық, және халықаралық қатынаста әлеуметтік-маңызды жолаушы тасымалдары бойынша қызмет көрсету құқығына тендерлік рәсімдерді құқықтық бекіту;
жеке және ақылы автомобиль жолдарын ұйымдастыру және салу үшін нормативтік құқықтық база жасау;
қазіргі заманғы көлік технологиялары - логистика және мультимодальдық тасымалдар қызметі және нормативтік құқықтық негіз үшін тетіктер әзірлеу және т.б.;
тасымалдау және қамтамасыз ету қызметінің қауіпсіздігі мен сапасын арттыру, оларды жүзеге асыру қаржылай "ашық" және құзыретті болуы мақсатында олардың жекелеген түрлерін лицензиялау практикасына қайтып келу;
көлік секторында сертификаттар жүйесінің нормативтік базасын жетілдіру (үйлесімді ету), сондай-ақ көлік құралдарын техникалық пайдалану ережелерін халықаралық стандарттарға сәйкестендіру болып табылады.
Көлік кешені және оның жекелеген секторларының қызметін регламенттейтін барлық нормативтік құқықтық кесімдер, олардың құқықтық негізін халықаралық құқық, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мүшесі болып табылатын халықаралық ұйымдардың талаптарына жақындатуды ескере отырып, әзірленеді.
Мемлекеттік реттеудің басқа құралы әкімшіліктендіру болып табылады, оны жетілдіру жөніндегі негізгі міндеттер:
бірыңғай көлік саясаты мен жүйесі шеңберінде көлік кешенінің барлық секторларының кешенді дамуын және үйлестірілген қызметін қамтамасыз ету мақсатында Көлік және коммуникациялар министрлігінің басқарушылық қызметін оңтайландыру;
қауіпсіздікті қамтамасыз ету, лицензиялау және сертификаттау, аймақтық бағдарламалар мен саланы дамытудың республикалық бағдарламалары үшін ұсыныстар әзірлеу, олардың іске асырылуын, сондай-ақ бөлінетін бюджет қаражатының пайдаланылуын бақылау және т.б. салалардағы көлік кешенін басқару функцияларын қалыптастыру және күшейту;
аралас қатынаста тасымалдау кезінде көлік түрлерінің жұмысын үйлестіру, сондай-ақ жаңа аумақтарды игеру және қазіргі желілерді қайта жаңарту кезінде көлік түрлерінің жұмысын үйлестіру;
экспедиторлық компаниялар мен логистикалық орталықтардың рөлін күшейту;
республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың құрылымы мен қызметін одан әрі оңтайландыру болып табылады.
Экономикалық реттеу мемлекеттік тариф саясаты, салық және кеден заңнамасы арқылы жүзеге асырылады. Осы реттегіштерді жетілдіру жөніндегі негізгі міндеттер:
қатаң тарифсіз сызбалар бойынша жұмыстан жоғары шекті рентабельділікті белгілеу қағидатын пайдалануға және кейіннен, бәсекелестік ортаның дамуына қарай тасымалдаушылар қызмет көрсетуінің еркін баға құруына кезең-кезеңімен көшу;
сонымен бір мезгілде халыққа әлеуметтік кепілдерді қамтамасыз ету кезінде инфляциялық процестерді ескере отырып, шекті тарифтерді индексациялау тетігін әзірлеу;
заңнамада белгіленген тәртіппен жолаушы тасымалдары бойынша, әсіресе ауылдық жерлерде, әлеуметтік-маңызды қызметтер көрсететін рынок субъектілеріне артықшылықтар беру болып табылады.
Мемлекет көліктік қызмет көрсету рыноктарын кеңейтуге және жетілдіруге, шығындарды төмендетудің және халық пен кәсіпорындарға көлік қызметін көрсету сапасын арттырудың қуатты факторы ретінде кәсіпкерлік пен адам бәсекелестікті дамытуға, әр пайдаланушы бағасын, сапасын, сақталуын, тұрақтылығын және қауіпсіздігін, сервис деңгейін ескере отырып, көліктік қызмет көрсетудің анағұрлым қолайлы түрін еркін таңдап алуына жағдай жасауы жан-жақты жәрдемдесуі тиіс.
Меншік нысаны мен ведомстволық тиесілігіне қарамастан, көліктің барлық түрлері кәсіпорындарының көліктік қызмет көрсету сапасын арттыруына көлік-экспедиторлық қызмет көрсетуді сертификаттаудың жалпы көліктік жүйесін іске асыру жәрдемдеседі.
Бұл үшін қазіргі мемлекеттік стандарттарды қайта өңдеу, қызметтер мен қызмет көрсету сапасын бағалау өлшемі болып табылатын жаңаларын әзірлеу, сондай-ақ тараптардың құқықтары мен міндеттеріне кепілдік беретін көлік-экспедиторлық қызмет көрсетудің біріздендірілген ережелерін, көліктің жекелеген салаларын реттейтін заң кесімдерін қабылдау талап етіледі. Көліктік сервис сапасы көрсеткіштерінің және оларды бағалау әдістерінің бірыңғай кешені жүйесін бекіту, тұтынушылардың құқықтарын мемлекеттік бақылау және қорғау тетігін жасау, кәсіпорындарды, сондай-ақ сапасын басқарудың үлгілік жобаларын міндетті сертификаттау әдістемесін әзірлеу міндеті тұр.
Құқықтары мен нарықтық жағдайдағы өзара жауапкершілігін айқындай отырып, қазіргі көлік-экспедиторлық тасымалдау құрылымдары, мемлекеттік органдар, кәсіпорындар және көлік қызмет көрсетуін тұтынушылар арасындағы өзара қарым-қатынасты реттеу керек.
Халықаралық экспедиторлық ұйымдардың да қызметін заң жүзінде айқындау қажет. Басымдықтар, сөзсіз, көлік-экспедиторлық қызмет көрсетудің халықаралық және ішкі рыноктарын игеріп жатқан отандық экспедиторларға берілуі тиіс.
Мемлекеттің тарифтік саясаты еркін көлік тарифтерінің инфляция деңгейі мен тасымалға төлемге қабілетті сұранысқа әсерін ескере отырып, еркін баға құрау жүйесіне көшудің жалпы экономикалық үрдісін іске асыруы тиіс.
Бұл үшін тарифтік саясат саласында:
көлік рыногы секторында бәсекелестікті жоғары деңгейдегі еркін баға құрауды қамтамасыз ету;
монополист көлік кәсіпорындарының нақты шығындары мен рентабельділігін бақылауды жүзеге асыру;
табиғи монополиялардың көліктік қызмет көрсетуіне арналып бекітілген тарифтерді белгілеу, басқа ынталандыратын және шектейтін шараларды тарифтік реттеу шараларын келісу;
тарифтік саясатты жетілдіруді және көлік тарифтерін белгілеу саласында келісілген саясат жүргізу туралы үкіметаралық келісімдерге сәйкес бірыңғай тарифтік кеңістіктің сақталуын қамтамасыз ету көзделеді.
Тарифтер жүйесін жетілдірудің негізгі бағыты - оларды тасымал сапасы сыныптары бойынша, сондай-ақ мемлекеттік көлік саясатының басымдылықтарын ескере отырып, саралау болып табылады.
Залалды қызмет түрлерін төте қаржыландыру және рентабельді қызметтер есебінен демеу қаржы беру практикасы тоқтатылуы тиіс.
Сайып келгенде тарифтік саясат халықаралық және ішкі көлік-экономикалық байланыстарды ынталандыруы, әлеуметтік-маңызды тасымалдарды қамтамасыз етуі тиіс.
Тарифтік саясатты әзірлеу кезінде транзитпен түсетін түсім кірістің валюталық бөлігі түсімінің негізгі көзі болып табылатынын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының табиғи монополияға жатқызылған заңды тұлғалары халықаралық көлік қызметін көрсету рыногында бәсекеге түсуге қабілетсіз екенін ескеру керек.
Республиканың экономикасын дамытудың жаңа факторларын, қазіргі заманғы технологиялар мен қызмет көрсетулердің жедел дамуын монополиялық және бәсекелестік құрылымдар арақатынасының нақты өзгеруін ескере отырып, қазіргі заңнамаға және табиғи монополия субъектілерінің бағалары мен тарифтерін белгілеу методологиясына өзгерістер енгізіледі.
Көршілес мемлекеттер арқылы өтетін балама бағыттардың болуы Қазақстанның аумағы арқылы өтетін көлік бағыттарының шетелдік жүк жөнелтушілер үшін экономикалық тартымдылығын сақтап қалу мақсатында икемді тарифтік саясатты қолдану методологиясы мен тетігін жылдамырақ әзірлеу қажеттілігін туындатады.
Республикада таяу жылдары мемлекеттік реттеуді кезең-кезеңімен төмендету арқылы монополиялық салаларда бәсекелестік орта жасауға байланысты қауіпті төмендету маңызды.
Ең алдымен, бұл монополияға қарсы реттеудің заңнамалық негіздерін жетілдіруге және "Табиғи монополиялар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына халықаралық транзиттік тасымалдар бөлігінде өзгерістер енгізуге қатысты.
Инвестициялық қызмет көлік кешенін дамытудың республикалық және аймақтық бағдарламаларының негізінде жүзеге асырылады. Инвестициялық мүмкіндіктер шектеулі болуына байланысты, басым бағдарламаларға тікелей қаржыландыру түріндегі мемлекеттік қолдау сақталып отыр. Бұл ретте мемлекеттік инвестициялар белгіленген басымдықтарды ескере отырып, таңдамалы сипатта болуы тиіс және бірінші кезекте жалпы мемлекеттік мәселелерді, соның ішінде қауіпсіздік пен қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі мәселелерді шешуге бағытталуы тиіс. Мемлекеттік қаржыландыру бастамашыл болуы және көлік кешені кәсіпорындарының өз ресурстарын, банк несиелерін және басқа да қосымша бюджеттен тыс қаражатты тартуды ынталандыруы тиіс.
Инвестициялық саясат саласындағы негізгі міндеттер:
1) бюджеттен қоса қаржыландыруға жататын басым жобаларды анықтау және оларды тиісті деңгейдегі бюджеттерге енгізу;
2) жеке, соның ішінде шетелдік капиталды тарта отырып, көлік кешені қаржы-инвестициялық құрылымдарын құру;
3) автомобиль жолдарын қалпына келтіру, темір жолдардың учаскелерін күшейту, сондай-ақ халықаралық транзиттік дәліздердің құрамына кіретін әуежайларды қайта жаңарту үшін қаржылық және техникалық көмек көрсету жөнінде халықаралық ұйымдармен және қаржы институттарымен жұмыс істеу;
4) инвестициялық жобаларды конкурстық негізде іске асыруды қамтамасыз ету болып табылады.
Бағалы қағаздар рыногының даму деңгейі, қаржы-несиелік және салық жүйесін реформалау, сондай-ақ ұлттық көлік инфрақұрылымының қазіргі жай-күйі көлік кешенінің салаларындағы инвестициялық қызметтің жандануын тежейтін факторлар болып табылады.
Мемлекеттік тұрақты экономикалық дамуы және инфляцияның төмендеуі жағдайында кәсіпорынның табысы есебінен, соның ішінде темір жол көлігі және азаматтық авиация салаларында инвестициялау (қаржыландыру) одан әрі дамиды.
Елдегі экономикалық және саяси жағдайдың тұрақтануы көлік кешенінің басым деп танылған салаларында - автомобиль жолдары, темір жол көлігі, азаматтық авиацияны жөндеу салаларына, теңіз сауда флотын құру саласына коммерциялық банктердің несие ресурстарын тартуға мүмкіндік береді.
Жоғарыда аталған жобаларды қауіп-қатерден сақтандыру едәуір ақша қаражатын жинақтаған мемлекеттік емес сақтандыру және зейнетақы қорларының қосымша қаржы ресурстарын тартуға нақты мүмкіндік береді.
Көлік кешені саласына капитал салымдарының жекелеген бағыттары бойынша шетелдік инвестициялардың рөлі сақталуы және едәуір маңызды болуы мүмкін. Бұл республикада базалары мен үйлес нұсқасы жоқ салаларда - азаматтық авиацияда, теңіз кеме қатынасында лизинг компанияларын құру қажеттілігіне байланысты.
Мемлекеттің қатысуынсыз инвестициялардың басқа нысандарына көшу көлік кешені салаларында қатар жүреді. Мысалы, азаматтық авиацияда шетелдік компаниялардың қатысуымен әуе кемелерін сатып алу мен жөндеу базасын жасауға қаржы лизингін тартуға кірісті.
Көлік кешені салаларындағы инвестициялық қызметтің қатаң белгіленген кезеңділігі мен бағыты болуы тиіс. 2008 жылға дейін автожол саласына, теңіз портын дамытуға мемлекеттік кепілдікпен инвестициялар тарту практикасы сақталады.
Коммерциялық банктердің, зейнетақы қорларының, жеке меншік компаниялардың ішкі инвестицияларын тарту көлік кешенінде концессия және басқалар сияқты объектілерді салудың және пайдаланудың осындай сызбаларын дамытуды көздейді.
2003 жылдан бастап қоржындық инвестицияларды енгізу болжанып отыр, осы үшін көлік кешенінің ұйымдары акциялар, облигациялар, бондар және басқа да бағалы қағаздар шығаруды және оларды қор рыногында орналастыруды көздеп отыр.
Инновациялық салада негізгі күш-жігер мен ресурстар ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелілігін арттыруға шоғырлануы тиіс.
Зерттеулердің басым бағыттары:
бірыңғай өндірістік-техникалық кешен ретінде көлік кешенін тиімді дамыту және еліміздің транзиттік әлеуетін пайдалану жолдарын іздеу;
аймақтық және республикалық ауқымдағы көлік желілерінің ұтымды құрылымдарын әзірлеу;
көлік қызметін көрсету рыногында бәсекелестік ортаны дамыту жөнінде ұсыныстар дайындау;
тасымалдау процесінің озық технологияларын (мультимодальдық тасымалдар, логистика) әзірлеу және Қазақстан Республикасындағы нақты экономикалық жағдаймен байланыстыру;
қазіргі заманғы ақпараттық технологияларды қолданумен перспективалық басқару жүйелерін әзірлеу;
көлік кешеніндегі тарифтерді есептеу методологиясын, салық және кеден саясатын жетілдіру жөнінде ұсынымдар әзірлеу;
көлік кешені үшін импорт алмастыру саласындағы зерттеулер болып табылады.
Көлік кешенін тиімді дамытудың басым шарты барлық іске асырылатын жобаларды ғылыми сүйемелдеу, салалық ғылымның сақталуы мен дамуы болуы тиіс.
Бірінші кезекті міндеттер:
1) темір жол көлігінде тарифтік саясатқа жаңа қағидаттар мен тәсілдерді әзірлеу;
2) аэронавигация қызмет көрсетуіне арналған тарифтерді есептеу әдістемесіне өзгерістер енгізу;
3) отандық кәсіпорындарда жасалуы мүмкін қосалқы бөлшектердің, жабдықтар мен машиналардың номенклатурасын ұлғайту болып табылады.
3.4. Әлеуметтік және кадр саясаты
Негізінен тасымалдау құнын төмендетуді, олардың сапасын жақсартуды, жолаушылар мен жүктерді жеткізу мерзімін қысқартуды талап ететін көлік кешені салаларын реформалауға байланысты салдарларды әлсірету үшін:
еңбек ресурстары саласында халықты жұмыспен қамту, жұмыспен қамтудың белсенді нысандарын қамтамасыз ету, жаңа жұмыс орындарын ашу, сұраныс пен ұсынысты болжаудың, ішкі еңбек рыногын қорғаудың негізінде кадрлардың біліктілігін арттыру, жұмысқа даярлау және қайта даярлау саласындағы мемлекеттік саясатты негізге ала отырып, көлік кешеніндегі экономикалық реформалармен құрылымдық өзгерістердің теріс әлеуметтік салдарларын әлсіретуге бағытталған шаралар кешенін жүзеге асыру;
көлік кешені объектілерінде жұмыссыздар үшін жөндеу - құрылыс, қалпына келтіру жұмыстарында қоғамдық жұмыстар ұйымдастыруды барынша кеңейту;
қазіргі заманғы жалақыны индексациялау, жоғары білікті кадр әлеуетін сақтап қалу, жекелеген қызметкерлер санатының айрықша еңбек ету жағдайын ескере отырып, басқа да әлеуметтік мәселелерді шешу жөніндегі шаралар кіретін салалық тарифтік келісімдер жасасу практикасын жалғастыру;
батыс және шығыс аймақтарындағы ауыл халқын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін су құбырларын пайдаланымдық жай-күйде ұстау;
барлық меншік нысанындағы көлік кәсіпорындары қызметкерлерінің біліктілігін, ең алдымен, көліктегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша арттыру және бақылау жүйесін құру;
білікті кадрларды даярлау үшін жоғары және орта арнаулы оқу орындарының салалық жүйесін қалыптастыру және қолдау қажет.
Көлікшілердің әлеуметтік қорғанымдылығының негізгі шараларының бірі - кепілдігін қамтамасыз ететін әлеуметтік сақтандыру жүйесін дамыту, соның ішінде өндірістегі жазатайым оқиғалардан және кәсіби аурулардан сақтандыру, жұмыс істейтіндер шын жақсы және қауіпсіз еңбек жағдайын жасау. Көлік кешені кәсіпорындарын қайта құрылымдауды жүргізу кезінде көлік кешенінің жұмыстан босатылатын қызметкерлерінің жұмыспен қамтылуын және әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету жөнінде шаралар көзделеді және қаржы қаражаты бөлінеді.
Бірінші кезектегі міндеттер:
1) салалық тарифтік келісімдердің орындалуын бақылау;
2) көлік кәсіпорындары қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жөнінде іс-шаралар әзірлеу;
3) жұмыссыздар үшін қоғамдық жұмыстар ұйымдастыру болып табылады.
3.5. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету
Еліміздің қорғаныс қабілетін және экономикалық тәуелсіздігін сақтап қалу, сондай-ақ төтенше жағдайларда көліктің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін көлік кешенінің жұмылдыратын резервтері болуы тиіс. Оларды құру және қолдау үшін:
көлік кешенін дамыту стратегиясын ұлттық қауіпсіздік стратегиясымен, мемлекеттік әскери доктринамен және төтенше жағдайдағы жұмыспен үйлестіру және өзара түзету енгізу;
қажетті жағдайда объектілер мен жүйелерді материалдық-техникалық қамтамасыз етудің айрықша тәртібін белгілей отырып, қорғаныстық маңызы бар және/немесе төтенше жағдайды жою кезінде пайдаланылатын көлік кешені жүйелері мен объектілерін дамытуға бірінші дәрежелі көңіл бөлу;
республикалық бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру және олардың орындалуын мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру арқылы көлік кәсіпорындарына мемлекеттік қорғаныстық тапсырыстар белгілеу;
көлік кешенінің жұмылдыру дайындығы жөнінде қажетті нормативтік құжаттарды әзірлеуді жүзеге асыру, жұмылдыру дайындығы жүйесін және жаңа экономикалық жағдайдағы жұмылдыру органдарының құрылымын әзірлеу;
ақпараттандыру, байланыс және басқару құралдарының айрықша жағдайда тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету көзделеді.
Көлік кешенінің жүйелері мен объектілерінің төтенше жағдайдағы қызметін қолдау жөніндегі іс-шаралар мемлекеттік мақсаттық бағдарламаларға және Қазақстан Республикасының жұмылдыру жоспарына сәйкес алдын-ала әзірленіп, жүзеге асырылады.
Көлік қызметтері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, соның ішінде қоғамдық тәртіпті қорғау және қылмысқа қарсы күрес мәселелерін шешуде ішкі істер органдарымен өзара тығыз іс-қимылды жүзеге асырады.
Мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігін көлік кешені қызметіне байланысты бөлігінде арттыру үшін оның материалдық-техникалық базасын күшейту, айрықша жағдайда немесе төтенше жағдайда жұмыс істеуге дайындау жөніндегі шаралармен қатар, басқа елдердің көлік инфрақұрылымдарын пайдалану қажеттілігінен тәуелділігі жою көзделеді.
Бірінші кезектегі міндеттер:
1) экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралардың орындалуын бақылау;
2) көлік кешенінің жұмылдыру дайындығы мәселелерін реттейтін нормативтік құқықтық кесімдерді дайындау;
3) автомобиль жолдарының бір километрін ұстауға және жөндеуге ең аз қаржыландыру нормативін белгілеу болып табылады.
3.6. Көлік процесінің қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау
Табиғи нарықтық реттегіштер тасымалдау процесін жүзеге асыру кезінде азаматтардың денсаулығы мен өмірін қорғау, авариялық деңгейін төмендету және қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету сияқты аса маңызды қоғамдық мәселелерді оңтайлы шешуді әрдайым қамтамасыз ете бермейді. Сондықтан, мемлекет тиісті реттеу функцияларын өзіне алады:
ұлттық Көлік техникасын сертификаттау және лицензиялау жүйелерінің қызметін, оған техникалық қызмет көрсетуді және көлік қызмет көрсетулерін жетілдіру;
техникалық пайдалану ережелерін, көлік техникасына техникалық қызмет көрсету, жөндеу және қарау тәртібін жетілдіру;
көлік құралдарын техникалық пайдалану ережелеріне қойылатын нормативтік талаптардың және тасымалдау кезіндегі техникалық және экологиялық қауіпсіздік жөніндегі талаптардың орындалуына бақылауды күшейту;
көлік техникасының техникалық жай-күйіне диагноз қоюдың қазіргі заманғы құралдарын енгізу;
тасымалдар қауіпсіздігінің және қоршаған ортаны қорғаудың қажетті деңгейін қамтамасыз ететін көлік техникасын сатып алуды ынталандыратын экономикалық тетіктерді әзірлеу және енгізу;
көлік жобаларының экологиялық сараптамасын қамтамасыз ету, экологиялық осал аймақтарда көлік кешені қызметіне экологиялық мониторингін ұйымдастыру;
көлік бағыттарының жай-күйін тексеру жөніндегі кешенді шаралар мен бағдарламаларын қабылдау және қажетті акциялар өткізу.
Бірінші кезектегі міндеттер:
1) техникалық қызмет көрсетуді, техниканы жөндеуді және көліктік қызмет көрсетуді сертификаттау және лицензиялау тізбесіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу;
2) отынға және жағармай материалдарына қойылатын сертификаттау талаптарын әзірлеу;
3) бейтарап қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде іс-шаралар әзірлеу болып табылады.
3.7. Ақпараттық-талдау қызметі
Көлік кешенінің барлық секторларын үйлесімді және үйлестірілген ретте дамытуды қамтамасыз ету, сондай-ақ оның жекелеген секторларын басқаруды арттыру, қаржы және материалдық ресурстарды оңтайлы бөлуді қамтамасыз ету үшін көлікте мыналарды көздейтін кешенді ақпараттандыру қажет:
көліктің әрқилы түрлерінің ақпараттық кешендерін түйістіруді және көліктік қызмет көрсету рыногы мониторингінің негізінде көлік кешенінің қазіргі заманғы ақпараттық ортасын құру;
аймақтық, республикалық және халықаралық деңгейде жүк және жолаушы ағындары жөнінде болжам, сондай-ақ көлік кешені мен оның жекелеген элементтерін дамытудың перспективалық жоспарларын жасау;
логистикалық орталықтар, көлік-экспедициялық тірек пункттерін құру.
Бірінші кезектегі міндеттер:
1) көлік кешенінің электрондық деректер базасын жасау;
2) логистикалық орталықтарын құру жөнінде іс-шаралар әзірлеу болып табылады.
3.8. Саланы технологиялық және техникалық жаңарту
Қазіргі заманғы көлік технологиялары (мультимодальдық тасымалдар, логистика, ғаламдық логистикалық провайдерлік және т.б.) елдің экономикасының қарқынды өсуі үшін көлік кешенінің әртүрлі секторларының синергетикалық тиімділігін іске асыруға мүмкіндік береді. Осындай технологияларды Қазақстанда ұйымдастыру және дамыту жөніндегі негізгі бағыттар:
сан алуан көлік түрлері тікелей өзара іс-қимыл жасайтын түйінді пункттерде көлік инфрақұрылымын жетілдіру, оларда көп функционалды терминалдық кешендерді, ақпараттық және логистикалық орталықтарды құру;
халықаралық тәжірибені ескере отырып, әртүрлі көліктің (ыдыс, тиеу-түсіру жабдығы және т.б.) өзара іс-қимылын техникалық қамтамасыз ету.
құрастырылған және мультимодальдық тасымалдарға ұйымдастыру жағынан жәрдемді қамтамасыз ету, мультимодальдық операторлар желісін дамыту;
ауыл шаруашылығы және әлеуметтік маңызды қалалық жолаушы тасымалдарын қамтамасыз ету үшін лизингтік көлік компанияларын құру;
қазіргі құбырлардың өткізу қуаттылығын ұлғайту және жаңаларын салу болып табылады.
Көлік кешені әртүрлі салаларының техникалық базасын жетілдіру мыналарды көздейді:
Автомобиль көлігі:
қала автобустарының, соның ішінде сыйымдылығы үлкен автобустар паркін қазіргі заманғы жылжымалы құраммен толықтыру;
автокөлік құралдарына сервистік, соның ішінде фирмалық қызмет көрсету жүйесін дамыту;
сұранысы жоғары жылжымалы құрамының өз автомобиль өндірісін дамыту.
Транзиттік дәліздердің құрамына кіретін автомобиль жолдары:
магистральдық автожолдарды, халықаралық нормалармен сәйкестендіру және олардың тұрақты көлік-пайдаланымдық жай-күйін қолдау, соның ішінде жекелеген, анағұрлым бұзылған автомобиль жолдары учаскелерін қалпына келтіру; автожол көпірлерінің көлемдерін кеңейту және жүк көтерімділігін ұлғайту;
қазіргі заманғы жол-құрылыс техникасын сатып алу;
бейтарап қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде нормативтер әзірлеу.
Темір жол көлігі:
республиканың аймақтары арасында ең қысқа байланысты қамтамасыз ететін темір жол учаскелерінің құрылысын салу;
транзиттік дәліздердің құрамына кіретін темір жол учаскелерін және жылдам жолдарының учаскелерін күшейту;
диспетчерлік кешендерді автоматтандыру, оларды қазіргі заманғы бағдарламалық қамтамасыз етумен және байланыс құралдарымен қамтамасыз ету;
жолдарды қалпына келтіру және жөндеу үшін қазіргі заманғы техниканы сатып алу;
қазіргі заманғы тепловоздарды құрастыру өндірісін ұйымдастыру;
локомотив және вагон парктерін жаңарту.
Су көлігі:
өзен кеме қатынасы жолдарын ұстау үшін техникалық флотты жетілдіру және жаңарту;
теңіз сауда флотын құру;
теңіз кемелеріне қызмет көрсету жөнінде база жасау;
жүктерді өңдеу жөнінде қазіргі заманғы терминалдарды салу.
Әуе көлігі:
ұшақтарға техникалық қызмет көрсету және жөндеу жөніндегі өз қуаттылықтарын құру;
лизинг негізінде әуе кемелері паркін толықтыру;
негізгі әуежайлардың техникалық жай-күйін Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) нормалары мен ұсынымдарына дейін жеткізу және еуропалық стандарттарға көшу;
спутниктік байланыс, навигация және бақылау жүйелерін тартумен әуе қозғалысын ұйымдастыру жүйесін жетілдіру.
Көлік кешенінің барлық салаларында техникалық базаны жетілдіру тасымалдау процесінің қауіпсіздігін және көліктің қоршаған ортаға теріс әсерін халықаралық стандарттарға сәйкес деңгейге дейін төмендетуді қамтамасыз етуі тиіс.
3.9. Аймақтық көлік саясаты
Аймақтық көлік саясатының (мемлекеттік саясаттың шеңберінде) басты міндеттері аумақтардың дербес әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін экономикалық негіз қалыптастыру мен нығайту және аумақтық еңбек бөлінісінің артықшылығын пайдалану болып табылады. Аймақтық саясаттың көліктік мәнісі ауылдық жерлерде және жеке аймақтарда көлік қызметін көрсетуді жақсартуға, көлікті тиісті резервтерді алдын-ала жасауды талап ететін төтенше жағдайларда жұмыс істеуге дайындауға байланысты.