«Қазақстан Республикасы мемлекеттік көлік саясатының
тұжырымдамасы туралы»
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 11 маусымдағы
№ 801 қаулысы
Қазақстан Республикасының көлік жүйесі салаларын тиімді дамыту мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мемлекеттік көлік саясатының 2008 жылға дейінгі кезеңге арналған тұжырымдамасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникациялар министрлігі салалық жобаларды әзірлеу кезінде осы Тұжырымдаманы басшылыққа алсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Қ. Тоқаев |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2001 жылғы 11 маусымдағы
№ 801 қаулысымен
мақұлданған
Қазақстан Республикасы мемлекеттік көлік саясатының
2008 жылға дейінгі кезеңге арналған
Тұжырымдамасы
Кіріспе
1. Көліктік қызмет көрсету рыногының қазіргі жай-күйі
2. Мемлекеттік көлік саясатының мақсаты
3. Мемлекеттік көлік саясатының басымдықтары мен негізгі бағыттары
3.1. Қазіргі заманғы Ұлттық көлік инфрақұрылымын құру және дамыту
3.2. Дүниежүзілік көлік жүйесіне кірігу процесін жеделдету,
транзиттік әлеуетті дамыту
3.3. Мемлекеттік реттеу жүйесін жетілдіру және бәсекелестік ортаны дамыту
3.4. Әлеуметтік және кадр саясаты
3.5. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету
3.6. Көлік процесінің қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау
3.7. Ақпараттық-талдау қызметі
3.8. Саланы технологиялық және техникалық жаңарту
3.9. Аймақтық көлік саясаты
4. Мемлекеттік көлік саясатын іске асыру тетіктері
Қорытынды
Кіріспе
Халықаралық ынтымақтастықты ауқымын ұлғайту мен әлеуметтік-экономикалық кірігудің қазіргі заманғы процестері мемлекеттердің өз экономикалық әлеуетін одан әрі дамыту мен олардың халықаралық рыноктағы бәсекелестік қабілеті тұғырынан алғанда, ұлттық экономикалардың қолданыстағы модельдерін түзету қажеттілігіне шарасыз әкеледі.
Қазақстан өз геосаяси жағдайына, экономикалық әлеуетіне және тарихи дәстүрлеріне байланысты әлемдікшаруашылық байланыстар жүйесіне халықаралық кірігудің белсенді тарабы және ғаламдық экономикалық процестерге қатысушы болып табылады.
Еуроазиялық құрлықтың орталығында, Еуропаның, Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азияның көлемді және серпінді дамып келе жатқан рыноктарының арасында орналасқан Қазақстанның экономикасы көбіне мемлекеттің жоғары әлеуетті транзиттік мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға байланысты. Ұлттық көлік жүйесінің дамуына, сондай-ақ елдің үлкен аумағы (2725 шаршы километр), халықтың төмен тығыздылығы (орта есеппен 1 шаршы километрге 6 адамнан кем), шикізат және өндірістік ресурстардың едәуір шашыраңқы орналасуы ерекше мән береді.
Халықаралық талдау орталықтарының бағалауы бойынша Оңтүстік-Шығыс және Шығыс Азия - Еуропа бағыттары бойынша транзиттік ағындар 330-400 млрд. АҚШ доллары болып бағаланады, олардың 20%-на дейіні Ресей Федерациясы мен Қазақстанның аумағы арқылы өтуі тиіс. Алайда, әртүрлі себептерге байланысты Қазақстан осы әлеуетті 10%-дан аз пайдаланады. Қазіргі уақытта 1,1 млрд. АҚШ долларын құрайтын ішкі тасымалдар көлемі 2005 жылы 2,6 АҚШ долларына дейін өсуі мүмкін (экономика индикативтік жоспарға сәйкес 45,6% өскен кезде).
Халықаралық практика ұлттық деңгейдегі көлік жүйелерінің барабар дамымауы өндіріс пен қызмет көрсету салаларында өзін ақтамайтын шығындарды көбейтіп, шаруашылық қызметінің, іс жүзінде барлық дерлік салаларының дамуын кідіртуге, азаматтардың әлеуметтік кепілдіктерін шектеуге әкелетінін көрсетеді. Транзиттік-көліктік мүмкіндіктерді ұтымды пайдалану экономиканың сабақтас салалары мен аяларын жедел дамытуға ынталандырады. Басқаша айтқанда, көлік стратегиясын таңдап алу, еліміздің өнеркәсіптік кешеніндегі көліктің рөлін жаңаша түсіну, көбінесе, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық жетістіктерінің тиімділігін алдын ала анықтайды.
Қазақстандағы көмірсутегінің болжанған қорлары таяу болашақта Қазақстан дүние жүзіндегі негізгі мұнай жеткізушілердің біріне айналуы мүмкін екендігін көрсетеді. Сондықтан, мұнайды экспортқа тасымалдау проблемасының Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар.
Соңғы кезде нарықтық қатынастарды барынша дамытуға және көлік жүйесінде бәсекелестік ортаны дамытуға бағытталған экономиканы ырықтандыру одан әрі экономикалық ілгерілеуге нақты алғышарттар жасады. Қазақстанда осы жылдары экономиканың өсуіне барабар көлік қызметін көрсету рыногы қалыптасқан. Алайда, көлік жүйесінің қуатты әлеуеті, соның ішінде Қазақстанның аумағы арқылы халықаралық транзит мүмкіндігі әзірше жеткілікті тиімді пайдаланылмайды. Осының бәрі негізгі басымдықтары:
қазіргі заманғы ұлттық көлік инфрақұрылымын қалыптастыру және дамыту;
еліміздің батыс аймағының көлік инфрақұрылымын дамыту;
қазақстандық көлік кешенінің халықаралық көлік жүйесіне кірігуі процесін жеделдету және елдің транзиттік әлеуетін дамыту;
мемлекеттік реттеуді жетілдіру және бәсекелестік ортаны дамыту болып табылатын көлік саласында мемлекеттің қазіргі заманғы стратегиясын әзірлеу қажеттілігіне әкеледі.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік көлік саясаты тұжырымдамасында Қазақстанның экономикалық өсуінің жай-күйіне ықпал ететін көлік жүйесінің жекелеген салаларын дамытуға қолданылатын қағидатты тәсілдер көрсетілген.
Тұжырымдама "Қазақстан-2030" ұлттық стратегиясының ережелерін, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауларын, Қазақстан Республикасы Үкіметінің бағдарламалық құжаттарын дамыта отырып, әзірленген.
1. Көліктік қызмет көрсету рыногының
қазіргі жай-күйі
Қазақстан Республикасының көлік кешені негізгі сипаттамалары мен көрсеткіштері Қосымшада келтірілген темір жол, автомобиль, су, авиация, сондай-ақ технологиялық көліктің басқа да түрлерін біріктіреді.
Еркін нарық қатынастарына көшу көлік кешені қызметінің негізгі көрсеткіштерінде көрініс тапты. Мәселен, 1990 жылдан бастап 1999 жылға дейінгі кезеңде көліктің барлық түрлерімен жүк тасымалдау 2,5 есе, жүк айналымы - 3,5 еседен аса, жолаушылар тасымалы - 5 есе қысқарды. Соңғы екі жылда осы көрсеткіштердің өсу үрдісі байқалып отыр.
Ұлттық экономикада көлік кешені рөлінің тұрақты өсуі байқалады. Егер 90-жылдардың басында Қазақстан Республикасының ішкі жалпы өніміндегі көлік пен байланыстың үлесі 8,9% деңгейінде бағаланса, онжылдықтың соңында ол 13,3% дейін өсті. Бұл ретте, көлік кешені үлес салмағының өсімі, негізінен, елдің экономика құрылымындағы кейбір салаларының үлесі күрт төмендеуінен орын алды.
Экономиканы ырықтандыру мен көлік кешеніндегі құрылымдық өзгерістер еркін көліктік қызмет көрсету рыногының дамуына және Қазақстанның дамып келе жатқан нарықтық экономикасына кірігуге әкелді, нормативтік құқықтық база, сондай-ақ көлікті басқару жүйесі өзгерді. Ішкі (көбіне автомобиль және авиация көлігінде) және салааралық (көбіне автомобиль және теміржол, теміржол және су көлігі арасында) бәсекелестік, сондай-ақ көлік қызметін көрсету рыноктарын игерудегі шетелдік тасымалдаушылармен бәсеке көлік жүйелерінің белгілі бір мөлшерде өзін-өзі сақтауын қамтамасыз етеді.
Үкіметтік сырттан қарыз алуды, сондай-ақ басымдық белгілеу - республика экономикасының нақты секторына шетелдік инвестицияларды тарту арқылы жергілікті атқарушы органдардың қарыз алуын шектеу енгізілген.
Барынша монополиядан шығару және бәсекелестікті ынталандыру автокөлікте жүзеге асырылды: мемлекеттік меншікте автокөлік құралдарының 5% кем паркі қалды.
Су көлігі туралы айтса, онда мемлекеттің меншігінде су жолдары мен навигация құралдары ғана қалды, қалған объектілер акционерлендірілді немесе толық жеке меншікке берілді.
Тіркелген 48 авиакомпания жүзеге асыратын әуе тасымалдары рыногында чартерлік тасымалдарды қоспағанда, қазақстандық тасымалдаушылардың арасында бәсекелестік іс жүзінде жоқ, себебі таяу және шет елдерге тұрақты рейстерді орындау құқығы тек бір авиакомпанияға - ұлттық тасымалдаушыға берілген.
Темір жолдағы институционалдық өзгерістер (көлік кешенінің басқа секторларына қарағанда) анағұрлым баяу қарқынмен жүрді.
Дегенмен, институционалдық өзгерістер жүк және жолаушы көлік ағынын халықаралық қайта бөлудің жаңа экономикалық жағдайында көлік инфрақұрылымының оңтайлы жұмыс істеуін қамтамасыз етпейді. Жүктерді экспедициялау және мултимодальдық тасымалдар жеткілікті дамымаған.
Тасымалдар көлемінің едәуір қысқаруы іс жүзінде көлік кешенінің әрбір секторында тасу қабілеті бойынша резервтер құрды, бұл көлік инфрақұрылымына да, жылжымалы құрамға да қатысты. Алайда, осы резервтер көлік түрлері бойынша да, аумақтар бойынша да тең емес. Сонымен қатар, көлік кешенінің бірқатар сегменттерінде активтерді біркелкі пайдаланбау экономиканың өсу қарқынын көлік кідірте бастайтын рыноктың жекелеген субъектілері мен сегменттерінің залалдығына әкеледі.
Көлік кешені барлық секторларының қызметі транзиттік тасымалдарға арналған тарифтерді барабар реттемеуімен сипатталатынын атап өту керек. Транзиттік тасымалдар бойынша қызмет көрсететін табиғи монополист кәсіпорындар қатаң халықаралық бәсекелестік жағдайында жұмыс істейді.
Темір жол және авиация көлігі үшін жағдай ескірген инфрақұрылымның іс жүзінде толық сақталуымен қиындап отыр.
Бұдан басқа, кешен салаларындағы инвестициялар жетіспеушілігі өз қаражаты мен банк несиелерін жылжымалы құрам мен инфрақұрылым объектілерін жаңартуға жұмсауға мүмкіндік бермейді, мұның өзі негізгі құралдардың едәуір тозуына және жылжымалы құрамның орташа жасының сыни жасқа дейін ұлғаюына әкеледі.
Осының бәрі Қазақстанның транзиттік әлеуетін пайдалануға кедергі жасайды.
Қазақстанның құбыр көлігі көбісі 1990 жылға дейін салынған мұнай - және мұнайөнім құбырлары (6,3 мың км) газ құбырлары (3,2 мың км) және су құбырлары (3,4 мың км) кіреді.
Қазіргі уақытта, көбінесе батыстық мұнайқұбыр жүйесі пайдаланылады. Шығыстық мұнайқұбыр жүйесі объективті экономикалық себептерге байланысты іс жүзінде тоқтап тұр.
Газ құбырлары, көбінесе транзиттік болып табылады және Қазақстанның халық аз тұратын орталық және солтүстік батыс аудандарында орналасқан. Республиканың оңтүстік аймағында Өзбекстанның табиғи газымен Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарын қоректендіретін газ құбыры жұмыс істейді.
Қазақстан Республикасындағы көмірсутекті шикізатының бағаланған әлеуеті аса жоғары және қазіргі кезеңде де күшейе беруде.
Республика бойынша тұтас алғанда мұнай мен газ конденсатының күтілген өндіру көлемі 2000 жылы 33,5 тоннаны құрады, 2005 жылы - 60,0 млн. тоннаға және 2010 жылы - 100,0 млн. тоннаға жетеді.
Алайда, шикізаттың ірі қорының болуы - мұнай-газ саласының дамуы үшін міндетті, бірақ жеткіліксіз шарт.
Сондықтан, мұнай-газ өндіретін компаниялардың экспорттық бағыттарға барынша қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін көлік инфрақұрылымының құрылысы мұнай-газ саласын дамытудағы басым бағыттардың бірі болып табылады.
Қазақстанның мұнайды сататын дүниежүзілік рыноктарға дербес жолының жоқтығын ескере отырып, мұнайдың негізгі көлемі көрші Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттердің аумағы арқылы тасымалданады. Бұл Қара және Балтық теңіздерінің экспорттық терминалдары арқылы Еуропа рыноктарына мұнайды тасымалдауға мүмкіндік беретін "Дружба" құбыр жүйесі, сондай-ақ Транс Кавказ көлік дәлізі (Ақтау-Баку-Батуми).
Су құбырлары көбіне Қазақстанның батыс және солтүстік аудандарында орналасқан, Өнеркәсіптік кәсіпорындар мен ауыл шаруашылығы тараптарынан техникалық және ауыз суға сұраныстың төмендеуі су құбырларының өткізу қабілеті оңтайлы пайдаланылмауына әкелді.
Қалыптасқан жағдайды және Қазақстан Республикасындағы көлік кешенін дамыту жолдарын жан-жақты талдау елдің аумағы арқылы тауарлар мен жүктерді тасымалдау шығасыларын төмендетуді, халыққа көрсетілетін көлік қызметінің сапасын жақсартуды, тасымалданатын жүктер мен жолаушылардың қауіпсіздігі мен сақталуын қамтамасыз етуді ескере отырып, кешенді одан әрі реформалау қажеттілігін көрсетеді.
2. Мемлекеттік көлік саясатының мақсаты
Мемлекеттік көлік саясатының мақсаты Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттік тасымалдардың тиімділігін арттыру, көлік қызметін көрсетуге бар және болжанатын қажеттіліктерді қанағаттандыру, олардың сапасын:
Қазақстан Республикасының аумағында қазақстандық экономиканы дамытудың және елдің ұлттық қауіпсіздік мүдделерін қамтамасыз етудің міндетті шарты ретінде бірыңғай, іштей тұйықталған, сырттай шоғырланған көлік кеңістігін қалыптастыру;
көлік инфрақұрылымының дамуындағы үйлестіруді арттыру, көлік құрылысындағы ірі жобаларды әзірлеу және іске асыру, жаңа көлік технологиялары мен техникаларын ендіру;
еліміздің географиялық орналасуын барынша тиімді пайдаланып, көлік кешенінің дүниежүзілік көлік жүйесіне шоғырлануы;
Қазақстанның аумағында бәсекеге төзімді халықаралық көлік дәліздерін қалыптастыру, еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру үшін қажетті және жеткілікті жағдай жасау;
көліктік және өндірістік-тарату процестерін шоғырландыру, логистика қағидаттарына негізделген мультимодальды тасымалдау жүйелерін құру;
қабылданатын басқару шешімдерінің негізділігін қамтамасыз ету үшін мәліметтер базасын және болжау модельдерін (көлік коммуникация кешенін ақпараттандыру) құру;
тасымалдау процесіне барлық қатысушылардың мүдделерін ескеретін және кеңейтілген қайта өндіруді қамтамасыз ететін икемді тариф жүйесін қалыптастыру;
анағұрлым экологиялық және энергия сақтайтын көлік технологияларын ендіру, көліктің қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету және көліктің қоршаған ортаға теріс ықпалын халықаралық нормалар мен стандарттарға сәйкес келетін деңгейге дейін төмендету арқылы жақсарту үшін көлік кешенін қарқынды дамуы болып табылады.
3. Мемлекеттік көлік саясатының
басымдықтары мен негізгі бағыттары
Еліміздің 2000 жылдағы дамуының әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері экономикалық өсу үрдісін көрсетеді, бұл Қазақстан Республикасының 2001-2005 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының индикативтік жоспарының параметрлерімен байланысқан. Қалыптасқан көлік қызметін көрсету рыногы жүктер мен жолаушылардың қажетті тасымалдарын толық көлемде қамтамасыз ете отырып, нарықтық конъюнктура өзгерісіне өткен жылы барабар жауап берді.
Еліміздің экономикалық өрден даму шарттарының бірі экономиканың өсуінен көлік кешенінің озық қарқынмен дамуы болып табылады, себебі дүниежүзілік практика өнеркәсіп өндірісінің 1% өсімі тасымалдар көлемінің 1,5-1,7% өсіміне әкелетінін көрсетеді. Көлік кешенінде белгіленген оң өзгерістер қарқынының сақталуы екі-үш жылдан кейін көлік объективті себептерге бола әлеуметтік-экономикалық өсуді кідіртуге, Қазақстанның халықаралық рыноктағы бәсекелестік тұғырларын едәуір төмендетуге әкелуі мүмкін.
Осыған байланысты мемлекеттік көлік саясатының негізгі басымдықтары:
қазіргі заманғы Ұлттық көлік инфрақұрылымын қалыптастыру және дамыту;
қазақстандық көлік кешенін халықаралық көлік жүйесіне шоғырлану процесін жеделдету және еліміздің транзиттік әлеуетін дамыту;
мемлекеттік реттеуді жетілдіру және бәсекелестік ортаны дамыту болып табылады.
3.1. Қазіргі заманғы Ұлттық көлік инфрақұрылымын
құру және дамыту
Өзара байланыстырылған және бірін-бірі өзара толықтыратын элементтердің технологиялық және пайдаланымдық-сабақтас жүйе ретінде ұлттық көлік инфрақұрылымы мемлекеттік реттеу мен басқарудың тұтас объектісі ретінде қаралады. Оны қалыптастыру мен дамыту жөніндегі негізгі міндеттер:
көлік кешенінің жекелеген секторларының дербес және қатар жұмыс істеуінен оларды дамытудың тұжырымдамалық жағынан бірыңғай стратегиялық моделіне, республикалық және аймақтық деңгейдегі қызметін үйлесімді жоспарлауға көшу;
Қазақстан Республикасының магистральдық транзит-көлік коммуникацияларының халықаралық тәжірибені ескере отырып, оларды кешенді басқаруды, ұстауды және дамытуды қамтамасыз ете отырып, бірыңғай көлік дәліздерін қалыптастыру;
көлік кешенінің барлық секторларының қазіргі көлік желілерінің техникалық және технологиялық деңгейлерін арттыру;
түр аралық технологиялық және ұйымдастырушылық оңтайландыру, өміршеңдігін қамтамасыз ету және пайдалану жүйелерін ұтымды біріктіру және бірлестіру есебінен көлік инфрақұрылымының жұмыс істеу ресурс сыйымдылығын төмендету;
мұнай өңдеу зауыттарына мұнайды жеткізу үшін ішкі мұнай құбырларын салу;
Ресей бағытындағы экспорттық құбырларды қайта жаңарту;
Батыс Қазақстаннан Қытай және Иран бағытында мұнай құбырларын салудың перспективалық жобаларын әзірлеу болып табылады.
Бірінші кезекте:
1) Қазақстан Республикасының автомобиль жолдарын дамытудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу және орындауға қабылдау;
2) Қазақстан Республикасының аумағында тұйықталған және аймақаралық қатынаста оңтайландырылған темір жолдар желісін құру жөніндегі жобалау-іздестіру және құрылыс жұмыстарын аяқтау;
3) Ақтау портын қайта жаңартуды аяқтау;
4) құбыр көлігін дамытудың көп векторлығын жалғастыру қажет.
Көлік инфрақұрылымын қалыптастыру және дамыту тікелей қаржылай қолдау, инвестицияларды мемлекеттік кепілдікпен қамтамасыз ету, көлік кешенінің даму болжамдарын ескере отырып, дәліздерді кешенді дамытудың мемлекеттік және аймақтық бағдарламаларын және т.б іске асыру арқылы жүзеге асырылады.
3.2. Дүниежүзілік көлік жүйесіне кірігу процесін жеделдету,
транзиттік әлеуетті дамыту
Дүниежүзілік көлік жүйесіне кірігу барынша еркін қозғалыс үшін жағдай жасауды, көліктік және өзге де ілеспе сервистік қызметтерді жеткілікті көлемде және халықаралық талаптар деңгейінде көрсетуді білдіреді. Осыған қол жеткізу үшін:
Қазақстан Республикасы қосылған халықаралық Конвенциялар мен Келісімдердің, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қол қойған және бекіткен үкіметаралық шарттардың құқықтық, техникалық және технологиялық қамтамасыз етуін әзірлеу;
Қазақстан Республикасы үшін басым халықаралық Конвенциялар мен Келісімдерді анықтау олардың құқықтық және материалдық-техникалық қамтамасыз етілуін дайындау;
Қазақстан Республикасының әртүрлі аймақтық және халықаралық ұйымдардағы құқықтық және экономикалық мүдделерін қамтамасыз ету жөніндегі белсенді және салмақты іс-қимылы, ұлттық көлік кешені мүдделерін ескере отырып, олардың қызметін үйлестіру;
тасымалдау процесін ұйымдастыру және басқару ережелерін біріздендіру мақсатында аумағы бойынша Қазақстан Республикасы үшін тартымды негізгі транзиттік ағындар өтетін мемлекеттермен тарифтік және кедендік саясатта бірыңғай көзқарастарды әзірлеу;
Қазақстан Республикасының аумағы арқылы жолаушылар мен жүктердің қозғалысы кезінде физикалық емес кедергілер жою;
шекарадан өту рәсімдерін жеделдету және оңайлату мақсатында одан өту пункттерін техникалық қамтамасыз ету қажет.
Қазақстанның транзиттік әлеуетінің дамуын мемлекеттік қолдауды қамтамасыз ету үшін мынадай міндеттерді шешу қажет:
халықаралық көлік дәліздерінің құрамына кіретін көлік инфрақұрылымын техникалық дамытуға инвестицияларды бірінші кезекте тарту;
соның ішінде шетелдік капиталды тарта отырып, транзиттік дәліздерде сервистік қызмет көрсетулерді (логистикалық орталықтар, жолаушылар және жүк терминалдары, байланыс құралдары, жылжымалы құрамға техникалық қызмет көрсету және жөндеу, мотельдер, кемпингтер және т.б.) жеделдете дамыту үшін жағдайды қамтамасыз ету;
Қазақстан Республикасының халықаралық әуежайларында тиісті қызмет көрсету құрылымы бар транзиттік аймақтар құру;
халықаралық көлік ұйымдарындағы және көлік саласындағы, соның ішінде екі жақты негізде қабылданатын мемлекетаралық келісімдерді іске асырудағы ынтымақтастықты кеңейту және тереңдету;
Қазақстанның аумағында қазақстандық және шетелдік операторлардың қызметін бақылаудың тиімді мемлекеттік жүйесін құру;
халықаралық ұйымдар мен жекелеген мемлекеттерді үкіметтері көлік қызметі саласында жаңа, неғұрлым қатаң экологиялық, техникалық және өзге де талаптарды қолданысқа енгізгенде қазақстандық тасымалдаушылардың сыртқы және ішкі рыноктардағы қызметін қорғау және қолдау жөніндегі қажетті шараларды жүзеге асыру;
Қазақстанның халықаралық көлік магистралында халықаралық көлік-экономикалық конъюнктурасының өзгеруіне сәйкес коммуникацияларды дамыту стратегиясын түзету;
республика үшін басым халықаралық конвенциялар мен келісімдерде қосылу;
шектес мемлекеттермен де, халықаралық көлік бағыттарына қатысушы елдермен де келісілген және Қазақстан үшін экономикалық тиімді сыртқы саясат жүргізу.
Көкейкесті проблемалардың бірі Қазақстанның Дүниежүзілік Сауда Ұйымына қосылуы болып табылады. Көлік мәнісін қоса алғанда, сыртқы экономикалық қызметті реттеу саласындағы нормалау жөніндегі іс-шаралар кешені қазақстан заңнамасының Дүниежүзілік Сауда Ұйымының нормаларына, қағидалары мен ережелеріне сәйкестігін қамтамасыз етуден басқа, мемлекеттің экономикалық қауіпсіздік талаптарына толық көлемде жауап беруі тиіс.
Басым міндеттер:
1) Оңтүстік-Солтүстік, Солтүстік-Оңтүстік және Шығыс-Батыс бағытында Қазақстан үшін басым транзиттік дәліздердің тізбесін анықтау;
2) құрылысы мен қалпына келтірілуін қаржыландыру мүмкіндіктерін ескере отырып, халықаралық көлік дәліздерін дамыту басымдылығын белгілеу болып табылады.
3.3. Мемлекеттік реттеу жүйесін жетілдіру және
бәсекелестік ортаны дамыту
Мемлекеттік реттеудің негізінде басты қағидат - кәсіпкерлік қызмет еркіндігі сақталады, мұның өзі барлық рынок субъектілері үшін көліктік және онымен байланысты сервистік қызмет көрсету үшін бірдей мүмкіндікті білдіреді. Негізгі назар жекешелендіру сәттерінен рыноктың барлық меншік нысанындағы субъектілерінің қатынастарын жетілдіруге, олардың тиімді дамуы үшін жағдай жасауға аударылады.
Бұл ретте мемлекет аса маңызды көлік коммуникацияларына (магистральдық автомобиль және темір жолдар) және көлік инфрақұрылымының басты объектілеріне (республикалық маңыздағы әуежайлар, Ақтау порты, әртүрлі навигациялық, диспетчерлік қызметтер және т.б.) меншік құқығын өзінде сақтап қалады, олардың қызметінің ұлттық қауіпсіздік пен қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты емес бөлігін ғана коммерцияландырады.
Аймақтық маңыздағы көлік инфрақұрылымы объектілері жергілікті атқарушы органдарының басқаруына беріледі, қызметі бәсекелестік ортада жүзеге асырылуы мүмкін көлік инфрақұрылымының сервистік кәсіпорындары республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың құрамынан шығарылады және жекешелендіріледі.
Негізгі реттеу құралы ретінде нормативтік құқықтық қамтамасыз ету пайдаланылады. Оны жетілдіру жөніндегі негізгі міндеттер:
көлік кешенінің жекелеген секторларындағы қызметті реттейтін нормативтік құқықтық кесімдерді әзірлеу;
көлік қызметін көрсету рыногында монополиялық орын алған көлік кешенінің секторларында (жоғарыда аталғандарды қоспағанда) қайта құрылымдауды жалғастыру;