2. Өтінішке мыналар қоса беріледі:
1) тауар белгісінің немесе белгілеменің жалпыға бірдей белгiлi екенін растайтын мәліметтер;
2) 8х8 сантиметр форматпен саны бес данадағы тауар белгісінің немесе белгілеменің кескіні;
3) өтінішті өкіл берген жағдайда сенімхаттың көшірмесі;
4) тауар белгісін жалпыға бірдей белгiлi деп тану үшін мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжат.
Тауар белгісін Қазақстан Республикасында жалпыға бірдей белгiлi деп тану туралы өтінішті уәкілетті органның тауар белгісін Қазақстан Республикасында жалпыға бірдей белгiлi деп тану жөніндегі комиссиясы (бұдан әрі - уәкілетті органның комиссиясы) қарайды.
Тауар белгісін жалпыға бірдей белгілі деп тану туралы өтінім алынған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде осы өтінімнің және оған қоса берілетін құжаттардың осы баптың талаптарына сәйкестігі тексеріледі.
Тексерудің оң нәтижесі алынған жағдайда, сараптама ұйымы келіп түскен өтінім туралы мәліметтерді бюллетеньде жариялайды.
Жарияланған күннен бастап үш ай өткен соң уәкілетті органның комиссиясы екі ай ішінде өтінімді және белгінің жалпыға бірдей белгілі екенін растайтын оған қоса берілетін материалдарды қарайды.
Өтінім беруші өтінім материалдарына оны қарау аяқталғанға дейін түзетулер, толықтырулар мен нақтылаулар енгізуге құқылы.
Үшінші тұлғалар тарапынан келіспеушілік болған кезде өтінім берушіге тиісті хабарлама жіберіледі, өтінім беруші оған қатысты пікірін өтінімді қарау нәтижелері бойынша қорытынды шығарылғанға дейін ұсынады.
Өтiнiмдi қарау нәтижелерi бойынша уәкiлеттi органның комиссиясы тауар белгісін жалпыға бірдей белгiлi деп тану не мұндай танудан бас тарту туралы шешiм қабылдайды, ол мұндай шешiм қабылданған кезден бастап он жұмыс күнi iшiнде тауар белгісінің иесiне (құқық иеленушіге) жiберiледi.
Егер өтiнiм берушi ұсынған нақты мәлiметтер белгінің жалпыға бірдей белгiлi болуы өтiнiмде көрсетiлгеннен өзге күн екенін растаса, тауар белгісі нақты күннен бастап жалпыға бірдей белгілі деп танылуы мүмкiн.
Тауар белгісін жалпыға бірдей белгілі деп іс жүзінде тану туралы мәліметтер тұтынушыларға сауал қою нәтижелерімен расталады, оны Қазақстан Республикасының аумағындағы мамандандырылған тәуелсіз ұйым жүргізеді. Сауал қою республикалық маңызы бар қаланы, астананы және кемінде бес облыстық маңызы бар қаланы қамтуға тиіс. Бір елді мекендегі респонденттердің жалпы саны кемінде бір жүз адамды құрауға тиіс.
Егер:
1) тауар белгісін жалпыға бірдей белгiлi деп тану үшiн мәліметтердің жеткiлiксiз екені;
2) өтiнiш берушiнiң тауар белгісімен бiрдей немесе айырғысыз дәрежеге дейін ұқсас, қорғалатын немесе бiртектес тауарларға қатысты өзге тұлғаның атына мәлімделген, өтініш беруші өзiнiң тауар белгісін жалпыға бірдей белгiлi деп тануға өтiнiшхат берген күннен неғұрлым ертерек басымдығы бар тауар белгісінің бар екенi анықталса, тауар белгісін жалпыға бірдей белгiлi деп танудан бас тарту туралы шешiм шығарылады.
Уәкілетті орган комиссиясының шешіміне сотқа шағым жасалуы мүмкін.
3. Жалпыға бiрдей белгiлi тауар белгісіне осы Заңда көзделген құқықтық қорғау берiледi.
4. Жалпыға бiрдей белгiлi тауар белгілерін құқықтық қорғау:
1) тiркеудiң қолданылу мерзiмiнің өтуіне байланысты;
2) кез келген мүдделі тұлғаның соттың заңды күшіне енген шешімі негізінде жалпыға бiрдей белгiлi мәртебесін жоғалтуына байланысты жалпыға бiрдей белгiлi тауар белгісін құқықтық қорғауды мерзімінен бұрын тоқтату туралы өтініші бойынша;
3) уәкілетті орган комиссиясы шешiмінiң күшiн жою туралы соттың заңды күшіне енген шешімі негізінде тоқтатылады.
5. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген, белгiлеменi немесе тауар белгісін жалпыға бiрдей белгiлi деп тану негiзiнде Тауар белгілерінің мемлекеттік тізіліміне тиісті мәліметтер енгізіледі.
Жалпыға бiрдей белгiлi деп танылған тауар белгісінің қолданылу мерзімі белгiлеменi немесе тауар белгісін жалпыға бiрдей белгiлi деп тану туралы өтініш уәкілетті органға берілген күннен бастап есептеледі.
Жалпыға бiрдей белгiлi деп танылған тауар белгісінің қолданылу мерзімі оның иесiнiң өтінішхаты бойынша және тауар белгісінің жалпыға бiрдей белгiлi екенiн растайтын мәлiметтер ұсынылған кезде келесi он жыл мерзiмге ұзартылады.
Жалпыға бiрдей белгiлi тауар белгісін тiркеу, оның иесi туралы мәлiметтер және осындай тiркеуге қатысты кейiнгi өзгерiстер Тауар белгілерінің мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзiледi және бюллетеньде жарияланады.
Жалпыға бiрдей белгiлi тауар белгісіне құқық Тауар белгілерінің мемлекеттiк тiзiлiмiнде тіркелгені туралы жазбамен куәландырылады және Тауар белгілерінің мемлекеттiк тiзiлiмiнен үзінді көшірмемен расталады.
Жалпыға бiрдей белгiлi тауар белгісін құқықтық қорғаудың тоқтатылғаны туралы мәліметтер Тауар белгілерінің мемлекеттiк тiзiлiмiне енгізіледі, уәкілетті органның интернет-ресурсына орналастырылады және сараптама ұйымының бюллетенінде жарияланады.
5-тарау. Тауар таңбасын пайдалану
2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен 19-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
19-бап. Тауар белгісін пайдалану шарттары
2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Тауар белгісінің иесi тауар белгісін пайдалануға мiндеттi.
Тауар белгісін басқа тауар белгісімен қатар пайдалануды шектеуге, тауар белгісін өзгертілген түрде, оның ішінде басқа шрифтіде, басқа түсте орындауда, басқа нысанда пайдалануға немесе тауар белгісінің бір жеке немесе заңды тұлғалардың тауарларын (көрсететін қызметтерін) басқа жеке немесе заңды тұлғалардың біртектес тауарларынан (көрсететін қызметтерінен) айыратын қабілетіне нұқсан келтіретіндей тәсілмен пайдалануға тыйым салынады.
2. Делдалдық қызметтi жүзеге асыратын кәсiпкерлер тауар жасаушы келісім берген жағдайда өз белгісін олар өткiзетiн тауарларда тауар жасаушының тауар белгісімен қатар пайдалануға, сондай-ақ оны жасаушының тауар белгісінің орнына қоюға құқылы.
3. Ұжымдық тауар белгісінің иелерi ұжымдық тауар белгісімен қатар өздерi шығаратын тауарларда өз тауар белгілерін пайдалана алады.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2007.02.03. № 237-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2012.12.01. № 537-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2022.20.06. № 128-VII ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 4-тармақ өзгертілді
4. Кез келген мүдделi тұлға сотқа талап қоюды беру күнінің алдындағы үш жыл бойы тауар белгісінің пайдаланылмауына байланысты оның тiркелуіне сотта дау айта алады. Тіркеу әрекетіне қарсы талап қою арызы куәлікте көрсетілген барлық тауарларға не олардың бір бөлiгiне қатысты болуы мүмкін.
Тауар белгісі тіркелген тауарларда және (немесе) олардың қаптамасында тауар белгісі иесiнiң немесе осындай құқық осы Заңның 21-бабының 1 және 2-тармақтарына сәйкес шарт негiзiнде берiлген немесе ұсынылған тұлғаның тауар белгісін қолдануы оны пайдаланудың дәлелi болып есептеледi. Тауар белгісімен белгiленген тауарды жасау, әкелу, сақтау, сатуға ұсыну, сату, оны жарнамада, маңдайшажазуларда, баспа басылымдарында, ресми бланкiлерде, өзге де iскерлiк құжаттамада, сондай-ақ домендік атауда қолдану, тауар белгісіне құқықты беру, оның ішінде Қазақстан Республикасында өткiзiлетiн көрмелерде тауарлардың көрсетiлуi кезiнде қолдану, сондай-ақ оны айналымға өзгеше енгiзу тауар белгісін пайдалану болып танылуы мүмкiн.
Тауар белгісінің иесi беретiн оны пайдалану дәлелдемесi қарсылықта көрсетiлген уақыт кезеңiне қатысты болуға тиiс.
Тауар белгісінің пайдаланылмауына байланысты оның қолданылуын тоқтату туралы мәселенi шешу кезiнде тауар белгісі өзiне қатысты емес жағдайларға байланысты пайдаланылмағаны жөнiнде иесi ұсынған дәлелдемелер назарға алынады.
5. 2012.12.01. № 537-ІV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
6. 2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
7. 2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен 20-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
20-бап. Ескертпе таңбалау
Тауар белгісіне куәлік иесі тауар белгісіне қатар тұстан пайдаланылып отырған белгі Қазақстан Республикасында тіркелген тауар белгісі екенiн көрсететiн латынның (R) әрпi түрiндегi ескертпе таңбалауын не «тауар белгісі», «товарный знак» немесе «тiркелген тауар белгісі» деген сөз белгiлерiн соға алады.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 21-бап өзгертілді (бұр. ред. қара); 2012.12.01. № 537-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 21-бап жаңа редакцияда
21-бап. Тауар белгісіне айрықша құқық және оны пайдалануға құқық беру
1. Барлық тауарларға (көрсетілетін қызметтерге) не олардың бір бөлiгiне қатысты тауар белгісіне айрықша құқық өзгеге беру шарты бойынша берілуi мүмкiн.
Егер тауар белгісіне айрықша құқық беру тауарға немесе оны жасаушыға қатысты жаңылыстыруға себепшi болса, оған жол берілмейдi.
2. Лицензиялық шарттың, кешенді кәсіпкерлік лицензия шартының немесе өзге де шарттың (лицензиялық шарт) талаптарына сәйкес иесі (лицензиат) болып табылмайтын кез келген тұлға қорғалатын тауар белгісін иесінің (лицензиар) рұқсатымен пайдалануға құқылы.
Тауар белгісін пайдалануға құқық барлық тауарларға (көрсетілетін қызметтерге) не олардың бір бөлiгiне қатысты табысталуы мүмкін.
Егер шартта өзгеше көзделмесе, лицензиат Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында тауар белгісін пайдалануды жүзеге асыруға құқылы.
Тауар белгісін пайдалануға құқықтың қолданылу мерзімі шарттың талаптарына сәйкес немесе қосымша келісім жасасу жолымен ұзартылуы мүмкін.
Шартта мерзім көрсетілмеген жағдайда, тауар белгісін пайдалануға құқықтың қолданылу мерзімі осы шарт тіркелген күннен бастап бес жылға тең болады.
Лицензиялық шартта:
1) тауарлардың (көрсетілетін қызметтердiң) сапасын тауар белгісі иесінің (құқық иеленушінің) тауарлары (көрсететін қызметтерi) сапасынан төмен болмайтындай етіп сақтау;
2) тауар белгісі иесінің (құқық иеленушінің) өз тауарлары (көрсететін қызметтері) сапасын бақылауды жүзеге асыру құқығы туралы талаптар қамтылуға тиiс.
Тауар белгісіне айрықша құқықты басқа тұлғаға беру шарттың тоқтатылуына алып келмейді.
3. Барлық тауарларға (көрсетілетін қызметтерге) қатысты тауар белгісіне айрықша құқық және оны пайдалануға құқық кепіл нысаналары бола алады.
4. Осы бапта көрсетілген шарттар мен қосымша келісімдер жазбаша нысанда жасалады және Тауар белгілерінің мемлекеттік тізілімінде тіркелуге жатады.
5. Айрықша құқық беру немесе лицензиялық шарт осы шарттың мүдделі тарапының өтініші алынған күннен кейінгі он жұмыс күні ішінде тіркелуге жатады.
6. Жазбаша нысанның және (немесе) тіркеу туралы талаптың сақталмауы шарттың маңызсыздығына алып келеді.
Шарттың тоқтатылуына байланысты Тауар белгілерінің мемлекеттік тізіліміне өзгерістер енгізу немесе соттың заңды күшіне енген шешімі негізінде тіркеудің күшін жою шарттың мүдделі тарапының өтініші келіп түскен күннен кейінгі бір жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
Тіркеу туралы мәліметтерде мүдделі тұлғаның өтініші алынған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде және шарттың басқа мүдделі тараптарына жазбаша хабарлама жіберілген жағдайда, олардың тиесілілігін, сипатын немесе мазмұнын өзгертпейтін техникалық сипаттағы қателер түзетілуі мүмкін.
7. Тауар белгісіне құқық беру осы Заңда айқындалатын тәртіппен Тауар белгілерінің мемлекеттік тізілімінде тіркеледі.
8. Мыналар:
1) тауар белгісіне айрықша құқықтың тоқтатылған қолданысын қалпына келтіруге арналған мерзімнің болуы;
2) құжаттар топтамасын толық ұсынбау не ұсынылған құжаттардағы мәліметтердің сәйкес келмеуі;
3) ұсынылған құжаттардағы мәліметтердің Тауар белгілерінің мемлекеттік тізіліміндегі немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартқа сәйкес жүргізілетін тізілімдегі мәліметтерге сәйкес келмеуі тауар белгісіне құқық беруді немесе оны пайдалануға құқықты табыстауды тіркеуге уақытша кедергі келтіретін негіздер болып табылады.
9. Осы баптың 8-тармағында көрсетілген негіздер анықталған жағдайда, өтініш берушіге оларды жою туралы сұрау салу жіберіледі.
Тіркеу мерзімі сұрау салу жіберілген күннен бастап үш айға тоқтатыла тұрады.
10. Мыналар:
1) тауар белгісіне айрықша құқықтың тоқтатылған қолданылу мерзімін қалпына келтіруге арналған мерзімнің өтуі;
2) тіркеуге уақытша кедергі келтіретін негіздерді жоюға арналған мерзімнің өтуі;
3) шарттың тарапы болып табылмайтын тұлғадан тіркеу туралы өтінішті алу;
4) тауар белгісіне айрықша құқыққа билік ету құқығын тіркеудің болмауы;
5) тауар белгісіне құқық берілген жағдайда тауарға немесе оны жасаушыға қатысты жаңылыстыру;
6) тарапта тауар белгісін пайдалануға құқықты табыстауға кедергі келтіретін қабылданған міндеттемелердің болуы тауар белгісіне құқық беруді немесе оны пайдалануға құқықты табыстауды тіркеуден бас тартуға негіз болып табылады.
Тауар белгісіне айрықша құқықтың қолданысын тоқтату лицензиялық шарттың қолданылуын тоқтатуға алып келеді.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 22-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
22-бап. Заңды тұлғаны бөлу түрiнде қайта ұйымдастыру кезiнде тауар таңбасына құқықты беру
Заңды тұлға бөлiнген кезде тауар таңбасына құқық тауарлар өндiру немесе қызметтер көрсету қолына көшкен жаңадан пайда болған заңды тұлғаға ауысады.
Тауар таңбасының тiркелуiне себеп болған тауарлар өндiрудiң немесе қызметтер көрсетудiң бiр бөлiгi жаңадан пайда болған заңды тұлғалардың әрқайсысында сақталып қалған жағдайда, жаңа заңды тұлғалар, олардың келісімi болған жағдайда, тауар таңбасының тең иеленушісi болып табылады.
6-тарау. Тауар таңбасын тіркеудің қолданылуын тоқтату
2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен 23-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
23-бап. Тауар белгісін тiркеуге дау айту және оны жарамсыз деп тану
1. Тауар белгісін тiркеуге, егер ол осы Заңның 7-бабы 1-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларын қоспағанда, 6 және 7-баптарында белгiленген талаптар бұзыла отырып жүзеге асырылса, бүкiл қолданылу мерзiмi ішінде немесе, егер ол осы Заңның 7-бабы 1-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында белгiленген талаптар бұзыла отырып жүзеге асырылса, тауар белгісі тiркелген күннен бастап бес жыл iшiнде дау айтылуы және ол толық немесе iшiнара жарамсыз деп танылуы мүмкiн. Осы тармақта көрсетілген негіздер бойынша тауар белгісін тіркеуге қарсылықты уәкілетті органға кез келген мүдделі тұлға беруге құқылы.
2. Тауар белгісін тiркеуге, егер ол Өнеркәсiптiк меншiктi қорғау жөнiндегi Париж конвенциясына қатысушы елдердің бірінде бірдей немесе айырғысыз дәрежеге дейін ұқсас тауар белгісінің иесі болып табылатын өкілдің атына жүргізілсе, қатысушы елдердің рұқсатынсыз бүкiл қолданылу мерзiмi ішінде дау айтылуы және ол толық немесе iшiнара жарамсыз деп танылуы мүмкiн. Осы тармақта көрсетілген негіз бойынша тауар белгісін тіркеуге қарсылықты уәкілетті органға Өнеркәсiптiк меншiктi қорғау жөнiндегi Париж конвенциясына қатысушы елдердің бірінде тіркелген тауар белгісінің иесі (құқық иеленуші) беруге құқылы.
3. Тауар белгісін тiркеуге, егер тауар белгісі біртектес тауарларға немесе көрсетілетін қызметтерге қатысты айрықша құқығы Қазақстан Республикасында тауар белгісінің басымдығы күнінен ерте туындаған басқа тұлғаның фирмалық атауымен бірдей немесе айырғысыз дәрежеге дейін ұқсас болып табылса, дау айтылуы және ол толық немесе iшiнара жарамсыз деп танылуы мүмкiн.
Осы тармақта көрсетілген негіз бойынша тауар белгісін тіркеуге қарсылықты уәкілетті органға фирмалық атауы біртектес тауарларға немесе көрсетілетін қызметтерге қатысты тіркелген тауар белгісімен бірдей немесе айырғысыз дәрежеге дейін ұқсас болып табылатын заңды тұлға беруге құқылы.
4. Тауар белгісін тіркеуге қарсылықты апелляциялық кеңес ол келіп түскен күннен бастап алты ай ішінде қарауға тиіс. Қарсылық берген тұлғаның, сондай-ақ тауар белгісі иесінің (құқық иеленушінің) дауды қарауға қатысуға құқығы бар.
5. Сараптама ұйымы тауар белгісін тіркеуді жарамсыз деп тануға байланысты оның күшін жою туралы жазбаны Тауар белгілерінің мемлекеттік тізіліміне енгізеді және бұл туралы мәліметтерді бюллетеньде жариялайды және оларды өзінің интернет-ресурсына орналастырады.
Тауар белгісін тіркеу жарамсыз деп танылған жағдайда, сараптама ұйымы жекелеген тауарлар немесе көрсетілетін қызметтер үшін ішінара осы тауарлар немесе көрсетілетін қызметтер үшін тауар белгісін тіркеудің күшін жою туралы жазбаны Тауар белгілерінің мемлекеттік тізіліміне енгізеді, күшін жою туралы мәліметтерді бюллетеньде жариялайды және оларды өзінің интернет-ресурсына орналастырады.
2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен 24-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
24-бап. Тауар белгісінің тiркелуiн қолдануды тоқтату және оны жарамсыз деп тану
1. Тауар белгісінің тiркелуiн қолдану:
1) осы Заңның 15-бабында көзделген оның қолданылу мерзiмiнiң аяқталуына байланысты;
2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) тауар белгісі иесінің (құқық иеленушінің) - жеке тұлғаның қайтыс болуына, заңды тұлғаның таратылуына байланысты;
3) тауар белгісі иесiнiң одан бас тартуы туралы берген жазбаша арызы негiзiнде;
4) осы Заңның 19-бабының 4-тармағына сәйкес тауар белгісі пайдаланылмаған жағдайда;
5) 2012.12.01. № 537-ІV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен 6) тармақшамен толықтырылды
6) Қазақстан Республикасында жалпыға бірдей белгілі деп танылған тауар белгісімен бірдей немесе айырғысыз дәрежеге дейін ұқсас болуына орай, егер осындай тауар белгісін пайдалану тұтынушыны тауарға немесе оны жасаушыға қатысты жаңылыстыруы мүмкін болса, тоқтатылады.
2. Осы Заңның 23-бабының 1-тармағында көрсетiлген негiздер бойынша апелляциялық кеңестiң немесе соттың шешiмiмен, тауар белгісінің тiркелуi толық немесе iшiнара жарамсыз деп танылады.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
3. Сараптама жасау ұйымы Тауар белгілерінің мемлекеттік тiзiлiмiне тауар белгісін тiркеудiң қолданылуы тоқтатылуына немесе оның, жарамсыз деп танылуына байланысты оның күшiн жою туралы жазба енгiзедi.
7-тарау. Тауарлар шығарылған жер атауларын құқықтық қорғау және оларды тіркеу шарттары
2022.20.06. № 128-VII ҚР Заңымен 25-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
25-бап. Географиялық нұсқаманы және тауар шығарылған жердің атауын құқықтық қорғау
1. Қазақстан Республикасында географиялық нұсқаманы және тауар шығарылған жердің атауын құқықтық қорғау осы Заңда белгіленген тәртіппен оларды тіркеу негізінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына орай беріледі.
2. Географиялық нұсқаманы пайдаланудың айрықша құқығы осы географиялық объектіде белгілі бір сапасы, репутациясы немесе басқа да сипаттамалары едәуір дәрежеде оның географиялық шығу тегімен айқындалатын тауарды бірлесіп те, бір-біріне тәуелсіз де өндіретін бірнеше тұлғаға берілуі мүмкін.
Тауар шығарылған жердің атауын пайдаланудың айрықша құқығы осы географиялық объектіде ерекше қасиеттері тек қана немесе негізінен осы географиялық объектіге тән табиғи жағдайлармен және (немесе) адами факторлармен айқындалатын тауарды бірлесіп те, бір-біріне тәуелсіз де өндіретін бірнеше тұлғаға берілуі мүмкін.
3. Шет мемлекеттегі географиялық нұсқаманы және тауар шығарылған жердің атауын тіркеуге, егер көрсетілген белгілемелер тауар шығарылған елде осындайлар ретінде қорғалса, жол беріледі. Көрсетілген географиялық нұсқаманы және тауар шығарылған жердің атауын пайдаланудың айрықша құқығына тауар шығарылған елде оларды пайдалану құқықтары қорғалатын тұлғалар ғана ие бола алады.
2012.12.01. № 537-ІV ҚР Заңымен 26-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2022.20.06. № 128-VII ҚР Заңымен 26-баптың тақырыбы өзгертілді (бұр.ред.қара)
26-бап. Географиялық нұсқамалар және тауарлар шығарылған жерлердiң атаулары ретінде тіркелетін белгілемелер
2022.20.06. № 128-VII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Географиялық нұсқама және тауар шығарылған жердiң атауы ретiнде елдiң, өңiрдiң, елдi мекеннiң, жердiң немесе басқа да географиялық объектiнiң қазiргi немесе тарихи, ресми немесе бейресми, толық немесе қысқартылған атауы, сондай-ақ осындай атаудан шыққан белгi және олардың тауардың көрiнiстік атауымен тiркесi тiркелуi мүмкiн.
2. 2022.20.06. № 128-VII ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2012.12.01. № 537-ІV ҚР Заңымен 27-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2022.20.06. № 128-VII ҚР Заңымен 27-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
27-бап. Географиялық нұсқамалар және тауарлар шығарылған жерлердің атаулары ретінде тіркелмейтін белгілемелер
1. Географиялық нұсқамалар және тауарлар шығарылған жерлердiң атаулары ретiнде мынадай:
1) тауар өндірілген жерге қатысты жаңылысуға алып келуі мүмкін географиялық объектiлердiң атауларын білдіретін;
2) тауар өндiрiлген нақты жердi формальды түрде көрсететiн, бiрақ тауардың басқа аумақтан шығарылғаны жөнiнде қате түсiнiк беретiн;
3) географиялық объектiлердiң тауарлардың өндірілген жерiмен байланысты емес атауын қамтитын;
4) сол түрдегі тауарға қатысты географиялық нұсқама және тауар шығарылған жердің атауы ретінде бұрын тіркелген;
5) егер осындай географиялық нұсқаманы және тауар шығарылған жердің осындай атауын пайдалану тұтынушыны тауарға, оны дайындаушыға қатысты жаңылысуға алып келетіндей болса, басқа тұлғаның атына бұрын тіркелген белгілемемен бірдей немесе оған ұқсас белгілемелер тiркелмейдi.
2. Географиялық объектінің атауын білдіргенімен немесе қамтығанымен, бірақ Қазақстан Республикасында белгілі бір тауар түрінің өндірілген жерімен байланысты емес оның белгілемесі ретінде жалпыға бірдей қолдануға енген белгілеме географиялық нұсқама және тауар шығарылған жердің атауы болып танылмайды және ол құқықтық қорғау мақсаттары үшін тіркелуге жатпайды.
2009.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2022.20.06. № 128-VII ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 28-бап жаңа редакцияда
28-бап. Географиялық нұсқаманы және тауар шығарылған жердің атауын тіркеуге және (немесе) оларды пайдалану құқығын беруге арналған өтінімді беру және оны кері қайтарып алу
1. Өтінім сараптама ұйымына:
географиялық нұсқаманы тіркеуге және (немесе) географиялық нұсқаманы пайдалану құқығын беруге (бұдан әрі - географиялық нұсқамаға арналған өтінім);
тауар шығарылған жердің атауын тіркеуге және (немесе) тауар шығарылған жердің атауын пайдалану құқығын беруге (бұдан әрі - тауар шығарылған жердің атауына арналған өтінім) беріледі.
2. Өтініш беруші (өтініш берушілер) географиялық нұсқамаға арналған өтінімді, тауар шығарылған жердің атауына арналған өтінімді Географиялық нұсқамалардың мемлекеттік тізіліміне, Тауарлар шығарылған жерлер атауларының мемлекеттік тізіліміне енгізілгенге дейін оларды қараудың кез келген кезеңінде кері қайтарып алуы мүмкін.
2022.20.06. № 128-VII ҚР Заңымен 29-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
29-бап. Географиялық нұсқамаға арналған өтінімге, тауар шығарылған жердің атауына арналған өтінімге қойылатын талаптар
1. Географиялық нұсқамаға арналған өтінім бір географиялық нұсқамаға қатысты болуға тиіс.
Тауар шығарылған жердің атауына арналған өтінім тауар шығарылған бір жерге қатысты болуға тиіс.
2. Географиялық нұсқамаға арналған өтінім үлгілік бланкіде ұсынылуға және онда мыналар қамтылуға тиіс:
1) өтініш берушіні (өтініш берушілерді), сондай-ақ оның (олардың) тұрған жерін немесе тұрғылықты жерін көрсете отырып, географиялық нұсқаманы мемлекеттік тіркеу туралы және (немесе) осындай географиялық нұсқамаға құқық беру туралы өтініш;
2) мәлімделетін белгілеме;
3) өзіне қатысты географиялық нұсқаманы мемлекеттік тіркеу сұралатын тауар түрі;
4) тауар шығарылған (өндірілген) жердің нұсқамасы (географиялық объектінің шекаралары);
5) тауар сипаттамаларының оның шығарылған (өндірілген) жерімен байланысына қатысты мәліметтер;
6) тауардың географиялық шығу тегімен едәуір дәрежеде айқындалатын, оның сапасының, репутациясының және (немесе) өзге де сипаттарының сипаттамасы (оны өндіру үшін пайдаланылатын бастапқы материалды, физикалық, химиялық, микробиологиялық, органолептикалық немесе өзге де сипаттамаларын қоса алғанда);
7) егер бұл тауардың сипаттамаларын қалыптастыруға және сақтауға елеулі әсер етсе, тауарды өндіру тәсілінің сипаттамасы, сондай-ақ оны сақтау мен тасу шарттары туралы ақпарат;
8) егер бұл Қазақстан Республикасының заңдарында көзделсе, тауар өндіру жөніндегі қызметті жүзеге асыру құқығын растайтын мәліметтер.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Егер атауы географиялық нұсқама ретінде мәлімделетін географиялық объект Қазақстан Республикасының аумағында болса, өтінімге уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес мемлекеттік органдар берген осы географиялық объектінің шекараларында өтініш берушінің тауардың ерекше қасиеттерінің қалыптасуына елеулі әсер ететін, тауар өндірісінің кем дегенде бір сатысын жүзеге асыратыны туралы жергілікті атқарушы органның қорытындысы қоса беріледі. Сондай-ақ өтінімге мәлімделген тауардың белгілі бір сапасы, репутациясы және (немесе) басқа да сипаттамалары едәуір дәрежеде оның географиялық шығу тегімен айқындалатынын растайтын құжат немесе құжаттар қоса беріледі.