Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған
жерлердің атаулары туралы 1999 ж. 26 шілдедегі N 456-1
Қазақстан Республикасының Заңы
Осы редакция 2004 жылғы 9 шілдедегі N 586-II Қазақстан Республикасының Заңымен енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
1-тарау. Жалпы ережелер (1 - 3 баптар)
2-тарау. Тауар таңбасын құқықтық қорғау және оны тіркеу шарттары (4 - 10 баптар)
3-тарау. Тауар таңбасының сараптамасы (11 - 13 баптар)
4-тарау. Тауар таңбасын тіркеу (14 - 18 баптар)
5-тарау. Тауар таңбасын пайдалану (19 - 22 баптар)
6-тарау. Тауар таңбасын тіркеудің қолданылуын тоқтату (23 - 24 баптар)
7-тарау. Тауарлар шығарылған жер атауларын құқықтық қорғау және (25 - 29 баптар)
оларды тіркеу шарттары
8-тарау. Тауар шығарылған жер атауына сараптама (30 - 32 баптар)
9-тарау. Тауар шығарылған жер атауын пайдалану құқығын тіркеу (33 - 36 баптар)
және беру
10-тарау. Тауар шығарылған жер атауын пайдалану (37 - 38 баптар)
11-тарау. Тауар шығарылған жер атауын құқықтық қорғаудың (39 - 40 баптар)
қолданылуын тоқтату
12-тарау. Тауар таңбаларын иелерінің құқықтарын және тауарлар (41 - 44 баптар)
шығарылатын жерлердің атауларын пайдалану құқықтарын
қорғау
13-тарау. Қорытынды ережелер (45 - 48 баптар)
Осы Заң Қазақстан Республикасында тауар таңбаларын, қызмет көрсету таңбаларын және тауар шығарылған жерлердің атауларын тіркеуге, құқықтық қорғауға және пайдалануға байланысты туындайтын қатынастарды реттейді.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) бюллетень - тауар таңбалары мен тауар шығарылған жерлердің атауларын қорғау мәселелері жөніндегі Қазпатенттің ресми мерзімдік басылымы;
2) тауар таңбасының немесе тауар шығарылған жердің атауын пайдалану құқығының иесі - кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын, осы Заңға сәйкес тауар таңбасына айрықша құқыққа немесе тауар шығарылған жердің атауын пайдалануға айрықша құқыққа ие заңды тұлға немесе жеке тұлға;
3) географиялық көрсеткіш - бұл - белгілі бір аумақтан, аймақтан немесе жерден шығарылатын тауарды бірыңғайландыру көрсеткіші;
4) өтініш беруші - тауар таңбасын тіркеуге немесе тауар шығарылған жердің атауын тіркеуге және тауар шығарылған жердің атауын пайдалану құқығын беруге өтініш берген заңды немесе жеке тұлға;
5) айрықша құқық - тауар таңбасын немесе тауар шығарылған жердiң атауын өз қалауы бойынша кез келген тәсiлмен пайдалануға оның иесінің мүліктік құқығы;
6) тауар таңбасын немесе тауар шығарылған жердiң атауын пайдалану тауар таңбасы немесе тауар шығарылған жердің атауы қорғалатын тауарларда және (немесе) олардың бумасында оларды қолдану, тауар таңбасының немесе тауар шығарылған жердiң атауының белгiсi бар тауарды жасау, қолдану, әкелу, сақтау, сатуға ұсыну, сату, маңдайшаларда, жарнамада, баспа өнiмiнде немесе өзге iскерлiк құжаттамада қолдану, сондай-ақ оларды азаматтық айналымға өзгеше енгiзу;
7) ұжымдық тауар таңбасы - бұл заңды тұлғалардың және (немесе) жеке кәсiпкерлердiң (бұдан әрi - бiрлестiк) қауымдастығының (одағының) немесе өзге де бiрлестiгiнiң немесе бiрыңғай сапалық немесе басқа да сипаттамалары бар олар шығаратын немесе сататын тауарларды (қызметтердi) белгiлеу үшiн қызмет ететiн тауар таңбасы;
8) Тауарлар мен қызметтердің халықаралық сыныптамасы - 1957 жылғы 15 маусымда Ницце келiсiмiмен қабылданған, кейiннен өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлген сыныптама;
9) тауар шығарылған жердiң атауы - бұл ерекше қасиеттерi тек қана немесе негiзiнен оны шығаратын жермен, оның iшiнде табиғи жағдайлармен және (немесе) адам факторларымен байланысты тауарды белгілеу үшiн пайдаланылатын географиялық көрсеткiш;
10) жалпыға бiрдей белгiлi тауар таңбасы - бұл Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық келiсiмдерге орай, мүдделi тұлғалардың айғақтарына негiзделген құзыретті органның немесе соттың шешiмiмен жалпыға бірдей белгілі танылған тауар таңбасы;
11) патенттiк сенiмдi өкiлдер - заңдарға сәйкес Қазпатент алдында жеке және заңды тұлғалардың өкiлi болу құқығы берiлген азаматтар;
12) тауар таңбасы, қызмет көрсету таңбасы (бұдан әрi - тауар таңбасы) - бұл осы Заңға сәйкес тiркелген немесе Қазақстан Республикасы қатысатын халықаралық шарттарға орай тiркеусiз қорғалатын, бiр заңды немесе жеке тұлғаның тауарларын (қызметiн) басқа заңды немесе жеке тұлғаның бiртектес тауарларынан (қызметiнен) ажырату үшiн қызмет ететiн белгi.
2-бап. Қазақстан Республикасының тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердiң атаулары туралы заңдары
1. Қазақстан Республикасының тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы заңдары осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актерлерiнен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзге ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
3-бап. Уәкiлеттi мемлекеттiк орган
Мемлекеттiк патент ұйымы (бұдан әрi - Қазпатент) уәкiлеттi мемлекеттiк орган болып табылады, ол осы Заңға сәйкес тауарлар таңбаларын және тауар шығарылған жерлердiң атауларын қорғау саласында мемлекеттiк монополияны қамтамасыз етедi, тауар таңбаларын тiркеуге, тауарлар шығарылған жер атауларын пайдалану құқығын тiркеуге және беруге өтiнiмдер қабылдайды, олар бойынша сараптама жүргiзедi және куәлiктер бередi, тауар таңбаларын тiркеу туралы және тауарлар шығарылған жер атауларын пайдалану құқығын алу туралы мәлiметтердiң ресми жарияланымын жүзеге асырады және патент ведомствосының өзiне жүктелген өзге де мiндеттерiн орындайды.
2-тарау. Тауар таңбасын құқықтық қорғау және
оны тіркеу шарттары
4-бап. Тауар таңбаларын құқықтық қорғау
1. Қазақстан Республикасында тауар таңбаларын құқықтық қорғау осы Заңда белгiленген тәртiпте оларды тiркеу негiзiнде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына орай тiркеусiз берiледi.
2. Тауар таңбаларын құқықтық қорғау кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын кез келген заңды тұлғаларға немесе жеке тұлғаларға берiлуi мүмкiн.
3. Тауар таңбасына құқық куәлiкпен куәландырылады.
4. Тауар таңбасының иесi куәлiкте көрсетiлген тауарлар мен қызметтерге қатысты өзiне тиесiлi тауар таңбасын пайдалану мен оған иелiк етудің айрықша құқығына ие болады. Қазақстан Республикасында қорғалатын тауар таңбасын оның иесiнiң келiсiмiнсiз ешкiм де пайдалана алмайды.
5-бап. Тауар таңбасы ретiнде тiркелетiн белгiлер
1. Тауар таңбасы ретiнде бейнелеу, сөз, әрiп, цифр, көлем белгiлерi және өзге де белгiлер немесе бiр тұлғалардың тауарлары мен қызметтерiн басқа тұлғалардың бiртектес тауарларынан немесе қызметтерiнен ажыратуға мүмкiндiк беретiн олардың аралас үлгiлерi тiркелуi мүмкiн.
2. Тауар таңбасы кез келген бояулы түсте немесе бояулы түстер үйлесiмiнде тiркелуi мүмкiн.
6-бап. Тауар таңбасын тiркеуге жол бермейтiн абсолюттiк негiздер
1. Ажыратылатын реңкi жоқ белгiлерден ғана тұратын, атап айтқанда:
1) тауарлардың белгiлi бiр түрiн белгiлеу үшiн жалпыға ортақ қолданысқа енген;
2) жалпыға ортақ қабылданған рәмiздер мен терминдер болып табылатын;
3) тауарлардың түрiн, сапасын, санын, қасиетiн, мақсатын, құндылығын, сондай-ақ олардың шығарылған немесе өткiзілген жерi мен уақытын көрсететiн;
4) тiркеу талап етiліп отырған тауарлардың табиғи немесе нобайлық кескiнделуiн көрсететiн;
5) бояулы түстi ғана бейнелейтiн тауар таңбаларын тiркеуге жол берiлмейдi.
Көрсетiлген белгiлер тауар таңбасында басымдық жағдайда болмаса, оның қорғалмайтын элементтерi ретiнде пайдаланылуы мүмкiн.
2. Мемлекеттiк елтаңбаларды, тулар мен эмблемаларды, халықаралық ұйымдардың қысқартылған немесе толық атауларын, ресми бақылаулық, кепiлдiк және сынамалық таңбаларды, мөрлердi, олимпиадалық рәмiздердi, наградаларды және басқа да айырым белгiлерiн, сондай-ақ араласып кеткен дәрежеге дейiн оларға ұқсас белгiлердi бейнелейтiн белгiлер тауар таңбалары ретiнде тiркелмейдi.
Егер бұған тиiстi құзыреттi органдардың немесе олардың иелерiнiң келісімі бар болса, мұндай белгілер қорғалмайтын элементтер ретінде пайдаланылуы мүмкін.
3. Тауар таңбалары немесе олардың элементтерi ретiнде:
1) тауарға немесе оның жасаушысына қатысты жалған болып табылатын немесе жаңылыстыруы мүмкiн белгiлердi, оның iшiнде тауар шығарылған жерге қатысты жаңылыстыруы мүмкiн географиялық көрсеткiштердi;
2) тауар шығарылған нақты жердi үстiрт түрде көрсететiн, бiрақ тауар басқа аумақтан шығарылғаны туралы қате түсiнiк беретiн;
3) минералды суларды, шараптарды немесе күштi спирт ішімдiктерiн бiрыңғайландыратын географиялық көрсеткіштер болып табылатын немесе оларды қамтитын белгiлердi, осы жерден шығарылмаған сондай тауарларды белгiлеу үшiн, сондай-ақ егер аударма пайдаланылса немесе белгiде "түрiнде", "үлгiсiнде", "стилiнде" деген немесе басқа да осындай сөздер қоса жазылса, сол белгiлердi;
4) өзiнiң мазмұны жөнiнен қоғамдық мүдделерге, адамгершiлiк пен iзгiлiк принциптерiне қайшы келетiн белгiлердi тiркеуге жол берiлмейдi.
7-бап. Тауар таңбасын тiркеуден бас тартудың өзге де негiздерi
1. Тауар таңбалары ретiнде:
1) бiртектес тауарлар мен қызметтер жөнiнде басқа тұлғаның атына неғұрлым ертерек басымдықпен Қазақстан Республикасында тiркелген тауар таңбаларымен;
2) тауарлар мен қызметтердiң кез келген түрiне қатысты Қазақстан Республикасында жалпыға бiрдей белгiлi тауар таңбаларымен;
3) бiртектес тауарлар мен қызметтерге (керi қайтарып алынғандарынан басқа) қатысты басқа тұлғаның атына неғұрлым ертерек басымдықпен Қазпатентке тiркеуге берiлген белгiлермен;
4) Қазақстан Республикасы аумағында белгiленген тәртiппен тiркелген сертификаттық таңбалармен;
5) тауар шығарылған жердiң осы атауын пайдалану құқығы иесiнiң атына тiркелетiн тауар таңбасының қорғалмайтын элементi ретiнде олар енгiзiлуi мүмкiн жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасында қорғалатын тауар шығарылған жер атауларымен олар араласып кеткен дәрежеге дейiн бiрдей немесе ұқсас белгiлер тiркелуге жатпайды.
2. Тауар таңбалары ретiнде:
1) олардың неғұрлым ертерек басымдығы болған жағдайда басқа тұлғалардың атындағы Қазақстан Республикасында қорғалатын өнеркәсiптi үлгiлер;
2) бiртектес тауарларға қатысты тауар таңбасына өтiнiмнiң басымдық уақытына дейiн осы атауларға құқық алған басқа тұлғаларға тиесілі Қазақстан Республикасы аумағында жалпыға бірдей белгілі фирмалық атаулар (немесе олардың бiр бөлiгi);
3) белгілi әдебиет, ғылым және өнер шығармаларының атаулары, авторлық құқықты бұза отырып алынған, өнер туындылары мен олардың фрагменттерi;
4) осы адамдардың, олардың мұрагерлерiнiң немесе құқық мирасқорларының жеке мүлiктiк емес құқықтарын бұза отырып, олардың тектерiн, есiмдерiн, бүркеншiк аттарын және солардан таралатын есiмдердi, портреттерi мен факсимилелерiн қайталайтын, сондай-ақ егер бұл белгiлер Қазақстан Республикасы тарихы мен мәдениетiнiң игiлiгi болып табылса, олар тиiстi құзыреттi органның рұқсатынсыз тiркелмейдi.
8-бап. Өтiнiм беру
1. Тауар таңбасын тiркеуге өтiнiмдi Қазпатентке бiр немесе бiрнеше өтiнiм иелерi бередi.
2. Ұжымдық тауар таңбасын тiркеуге өтiнiм ұжымдық тауар таңбасын пайдалану туралы оған қатысушылардың келiсiмiне сәйкес бiрлестiк атынан берiледi.
9-бап. Тауар таңбасын тiркеуге берiлетiн өтiнiмге қойылатын талаптар
1. Өтiнiм бiр тауар таңбасына қатысты болуға тиiс.
2. Өтiнiм бiр үлгi бланкiде берiлуге және:
1) белгiнi тауар таңбасы ретiнде тiркеу туралы, өтiнiм берушiнi, сондай-ақ оның тұрғылықты жерi немесе мекен-жайы көрсетiлген өтiнiштi;
2) мәлiмделген белгiнi;
3) Тауарлар мен қызметтердiң халықаралық сыныптамасына сәйкес тауар таңбасын тiркеу үшiн өтiнiш жасалып отырған тауарлардың және (немесе) қызметтердiң тiзбесiн қамтуға тиiс.
3. Өтінiмге:
1) өтiнiм беру ақысы төленгенiн растайтын құжат;
2) iс жүргiзу өкiл арқылы жүзеге асырылған жағдайда сенiмхат қоса тiркелуге тиiс.
4. Өтiнiм және оған қоса тiркелетiн құжаттар мемлекеттiк тiлде немесе орыс тiлiнде табыс етiледi. Егер құжаттар басқа тiлде табыс етiлген болса, өтiнiм берушi екi ай мерзiмде олардың мемлекеттiк тiлдегi немесе орыс тiлiндегi аудармасын тапсырады.
5. Өтiнiм берiлген күн осы баптың 2-тармағының талаптарына сай өтiнiмнің Қазпатентке түскен күнi бойынша белгiленедi.
6. Өтiнiм құжаттарына қойылатын талаптарды Қазпатент белгiлейдi.
10-бап. Тауар таңбасының басымдығы
1. Тауар таңбасының басымдығы Қазпатентке өтiнiмнiң түскен күнi бойынша белгіленедi.
2. Егер өтiнiм Қазпатентке аталған күннен бастап алты ай iшiнде түссе, тауар таңбасының басымдығы (конвенциялық басымдық) Өнеркәсіптiк меншiктi қорғау жөнiндегi Париж конвенциясына қатысушы елде, сондай-ақ онда көзделген халықаралық немесе аймақтық ұйымда тауар таңбасына бiрiншi өтiнiм берiлген күн бойынша белгiленуi мүмкiн. Конвенциялық басымдыққа өтiнiш жасалған кезде өтiнiм берушi алғашқы өтiнiм нөмiрiн, берiлген күнiн және ол берiлген елдi көрсетіп, алғашқы өтiнiмнiң куәландырылған көшiрмесiн қоса тiркеуi қажет.
3. Ресми танылған халықаралық көрмелердiң экспонаттарына орналастырылған тауар таңбасының басымдығы (көрмелiк басымдық), егер өтiнiм Қазпатентке көрсетiлген уақыттан бастап алты ай iшiнде түссе, көрмеде экспонатты ашық көрсете бастаған күн бойынша белгiленуi мүмкiн.
4. Конвенциялық немесе көрмелiк басымдық құқығын пайдаланғысы келетiн өтiнiм берушi мұны тауар таңбасына өтiнiм берген кезде немесе өтiнiм Қазпатентке түскен күннен бастап екi ай iшiнде көрсетуге және осындай талаптың заңдылығын растайтын тиiстi құжаттарды тапсыруға мiндеттi.
5. Өтiнiм бөлiнген жағдайда өтiнiмдердiң әрқайсысы бойынша басымдық алғашқы өтiнiмнiң басымдық күнi бойынша белгiленедi.
3-тарау. Тауар таңбасының сараптамасы
11-бап. Сараптаманы жүргiзу тәртiбi
1. Қазпатент өтiнiмдер сараптамасын кезең-кезеңмен жүргiзедi:
1) алдын-ала сараптама - өтiнiм түскен күннен бастап екi ай iшiнде жүргiзiледi, оның барысында өтiнiмнiң мазмұны, осы Заңның 5 және 9-баптарында белгiленген талаптарға сәйкес қажеттi құжаттардың бар-жоғы тексерiледi;
2) толық сараптама - өтiнiм берiлген күннен бастап он екi ай iшiнде жүргiзiледi, оның барысында мәлiмделген белгiнiң осы Заңның 6 және 7-баптарында белгiленген талаптарға сәйкестiгi тексерiледi.
2. Қазпатент сараптаманың кез келген кезеңiнде қосымша материалдар сұратуға құқылы, олар өтiнiм иесiне сұрау салу жiберiлген күннен бастап үш ай iшiнде табыс етiлуге тиiс.
Өтiнiм берушi қосымша материалдарды не көрсетiлген мерзiмдi ұзарту туралы өтiніштi белгiленген мерзiмде табыс етпеген жағдайда iс жүргiзу тоқтатылып, өтiнiм керi қайтарылып алынған болып есептеледi.
12-бап. Сараптама нәтижелерi бойынша шешiм
1. Алдын ала жасалған сараптама нәтижелері бойынша өтінім берушiге өтiнiмнiң қарауға қабылданғаны, оған тиiстi нөмiр берiлгенi, берiлген күнi және басымдық күнi белгiленгенi туралы не өтiнiмдi қарауға қабылдаудан бас тартылғаны туралы дәлелдi қорытынды түрiнде хабарланады.
2. Толық сараптама нәтижелерi бойынша Қазпатент тауар таңбасын тiркеу туралы немесе тiркеуден бас тарту туралы шешiм қабылдайды. Тiркеу туралы шешiм тауарлар мен қызметтердiң бүкiл тiзбесiне не олардың бiр бөлiгiне қатысты болуы мүмкiн.
3. Тауар таңбасын тiркеу туралы сараптама шешiмi оны Тауар таңбаларының мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзгенге дейiн неғұрлым ертерек басымдығы бар өтiнiмнiң анықталуына байланысты қайта қаралуы мүмкiн.
4. Өтiнiм иесi өзiне сараптама шешiмi жiберiлген күннен бастап үш ай мерзім ішінде шешімді қайта қарау туралы өтінішпен дәлелдi қарсылық тапсыруға құқылы. Қарсылықты қарау нәтижелерi бойынша тауар таңбасын тiркеу туралы шешiм шығарылады не алғашқы шығарылған шешiм толық немесе iшiнара расталады.
5. Осы баптың 4-тармағына сәйкес шығарылған сараптама шешiмiмен келiспеген жағдайда өтiнiм берушi өзiне сараптама шешiмi жiберiлген күннен бастап оған үш ай iшiнде Қазпатентке қарсылық бере алады. Қарсылық келiп түскен күннен бастап төрт ай iшiнде оны апелляциялық кеңес қарауға тиiс.
13-бап. Өтiнiм берушiнiң құқықтары
Өтiнiм берушiнiң:
1) өтiнiмдi сараптаманың кез келген кезеңiнде керi қайтарып алуға;
2) өтiнiмге сараптама жасау барысында туындайтын мәселелердi қарауға қатысуға;
3) толық сараптама аяқталғанша өтiнiм материалдарын мәнi бойынша өзгертпей, оларды толықтыруға, анықтауға немесе түзетуге;
4) сұрау салуға жауап беру немесе қарсылық бiлдiру үшiн белгiленген мерзiмдi ұзарту, бiрақ алты айдан аспайтын мерзiмге ұзарту туралы өтiнiш беруге;
5) өткiзiп алынған мерзiмдi қалпына келтiру туралы, бiрақ өткiзiп алынған мерзiм аяқталған күннен екi айдан кешiктiрмей қалпына келтiру туралы өтiнiш беруге;
6) қарсы қойылған материалдармен танысуға құқығы бар.
4-тарау. Тауар таңбасын тіркеу
14-бап. Тауар таңбаларының мемлекеттiк тiзiлiмi
1. Тауар таңбаларын тiркеу Тауар таңбаларының мемлекеттiк тiзiлiмiнде жүргiзiледi.
2. Тауар таңбаларының мемлекеттік тізіліміне:
1) тауар таңбасының бейнесi;
2) оның иелерi туралы мәлiметтер;
3) тауар таңбасын тiркеудiң нөмiрi мен күнi;
4) тауар таңбасы тiркелген тауарлар мен қызметтердiң тiзбесi;
5) Қазпатентке берiлген өтiнiмнiң нөмiрi мен күнi;
6) егер конвенциялық басымдық белгiленген болса, алғашқы
өтiнiм берiлген ел, оның нөмiрi және берiлген күнi;
7) тауар таңбасын тiркеуге қатысты басқа да мәлiметтер енгiзiледi.
3. Тауар таңбаларының мемлекеттiк тiзiлімi жалпыға ортақ болып табылады. Мүдделi тұлғалардың өтiніші бойынша Қазпатент Тауар таңбаларының мемлекеттiк тiзiлiмiнен көшiрме бередi.
4. Тауар таңбасының иесi тiркеуге қатысты өзгерiстер туралы Қазпатентке хабарлап отыруға мiндеттi.
15-бап. Тiркеудiң қолданылу мерзiмi
1. Тауар таңбасының тiркелуi өтiнiм берiлген күннен бастап он жыл бойы қолданылады.
2. Тауар таңбасын тiркеудiң қолданылу мерзiмi оның қолданылуының соңғы жылы iшiнде берiлген иесiнiң өтiнiшi бойынша әр жолы он жылға ұзартылып отырылуы мүмкiн. Тiркеудiң қолданылу мерзiмiнiң ұзартылуы туралы мәлiметтер Тауар таңбаларының мемлекеттiк тiзiлiмiне және куәлiкке енгiзiледi.
3. Осы баптың 2-тармағында көрсетiлген өтiнiш беру мерзiмi тiркеудiң қолданылу мерзiмi аяқталған соң алты ай iшiнде берiлген иесiнiң арызы бойынша қалпына келтiрiлуi мүмкiн.
16-бап. Тiркеу туралы мәлiметтердi жариялау
Тауар таңбаларының мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзілген тауар таңбасын тiркеуге қатысты мәлiметтердi, сондай-ақ тiркеуге қатысты бұдан былайғы өзгерiстердi Тауар таңбаларының мемлекеттiк тiзiлiмiне тiкелей жазылған соң Қазпатент бюллетеньде жариялайды.
17-бап. Тауар таңбасын қайта тiркеу шарттары
Тiркелуінiң қолданылу мерзiмi өтiп кеткен тауар таңбасы тiркеудiң қолданылуы тоқтатылған күннен бастап үш жыл бойы бұрынғы иесiнен басқа тұлғаның атына қайта тiркелмейдi.
Осы шарт тауар таңбасының иесi тiркеудiң қолданылу мерзiмi аяқталғанға дейiн бас тартқан жағдайда да қолданылады.
18-бап. Тауар таңбасына берiлетiн куәлiк
1. Осы Заңға сәйкес тiркелген тауар таңбасына белгiленген үлгiдегi куәлiк беріледi.
2. Тауар таңбасына берілген куәлік тауар таңбасының тіркелу фактiсiн, оның басымдығын, куәлiкте көрсетiлген тауарлар мен қызметтерге қатысты тауар таңбасына иесiнiң айырықша құқығын куәландырады.
3. Куәлiктiң нысанын Қазпатент белгiлейдi.
5-тарау. Тауар таңбасын пайдалану
19-бап. Тауар таңбасын пайдалану шарттары
1. Тауар таңбасының иесi тауар таңбасын пайдалануға мiндеттi.
2. Делдалдық қызметтi жүзеге асыратын кәсiпкерлер тауар жасаушы келiсiм берген жағдайда өз таңбасын олар өткiзетiн тауарларда тауар жасаушының тауар таңбасымен қатар пайдалануға, сондай-ақ оны жасаушының тауар таңбасының орнына қоюға құқылы.
3. Ұжымдық тауар таңбасының иелерi ұжымдық тауар таңбасымен қатар өздерi шығаратын тауарларда өз тауар таңбаларын пайдалана алады.
4. Кез келген мүдделi тұлға тiркелген күннен бастап бес жыл немесе қарсылық бiлдiрудiң алдындағы бес жыл бойы мүлдем пайдаланылмауына байланысты тауар таңбасын тiркеудiң қолданылуына қарсы Қазпатентке қарсылық бiлдiре алады. Қарсылық куәлiкте көрсетiлген барлық тауарларға немесе олардың бiр бөлiгiне қатысты болуы мүмкiн және оны апелляциялық кеңес, түскен күннен бастап алты ай iшiнде қарауға тиiс.
Тауар таңбасын пайдаланудың дәлелi болып оның тiркелуiне себеп болған тауарларда және (немесе) олардың бумасында қолданылуы есептеледi. Тауар таңбасын жарнамада, баспа басылымдарында, ресми бланкiлерде, маңдайшаларда немесе Қазақстан Республикасында өткiзiлетiн көрмелерде тауарлардың көрсетiлуi кезiнде қолдану оның пайдаланылғаны болып танылуы мүмкiн.
Тауар таңбасының пайдаланылмауына байланысты оның қолданылуын тоқтату туралы мәселенi шешу кезiнде тауар таңбасы өзiне қатысты емес жағдайларға байланысты пайдаланылмағаны жөнiнде иесi ұсынған дәлелдемелер назарға алынады.
5. Тiркелген тауар шығарылған жердiң атауымен араласып кеткен дәрежеге дейiн бiрдей немесе ұқсас тауар таңбасын тауар шығарылған жердiң атауын тiркеу күнiне дейiн кемiнде алты айға дейiн риясыз пайдалана бастаған тұлғалар оны кейiннен Қазпатент белгiлейтiн мерзiм шегiнде, бiрақ аталған тiркеу күнiн есептегенде, кемiнде жетi жыл пайдалану құқығын сақтайды. Тауар таңбасы пайдаланылмаған немесе тауар шығарылған жердiң атауы тiркелген күнге дейiн алты айдан аз уақыт пайдаланылған кезде тауар таңбасының қолданылуы мерзiмiнен бұрын тоқтатылады.
20-бап. Ескертпе таңбалау
Тауар таңбасына куәлік иесі тауар таңбасына қатар тұстан пайдаланылып отырған белгі Қазақстан Республикасында тіркелген тауар таңбасы екенiн көрсететiн латынның (R) әрпi түрiндегi ескертпе таңбалауын не "тауар таңбасы", "товарный знак" немесе "тiркелген тауар таңбасы" деген сөз белгiлерiн соға алады.
21-бап. Тауар таңбасына құқықты беру
1. Куәлiкте көрсетілген барлық тауарлар мен қызметтерге не олардың бiр бөлiгiне қатысты тауар таңбасына берiлген ерекше құқықты оның иесi басқа тұлғаға шарт бойынша беруi мүмкiн.
Егер ол тауарға немесе оның жасаушысына қатысты жаңылыстыруға себепшi болатын болса, тауар таңбасына құқықты беруге жол берілмейдi.
Тауар таңбасына құқықтың ауысуы, оның iшiнде оны шарт бойынша немесе құқық мирасқорлығы тәртiбiмен беру Қазпатентте тiркелуге тиiс.
2. Тауар таңбасын пайдалану құқығын тауар таңбасының иесi (лицензиар) басқа тұлғаға (лицензиатқа) куәлiкте көрсетiлген барлық тауарлар мен қызметтерге не олардың бiр бөлiгiне қатысты лицензиялық шарт бойынша беруi мүмкiн.
Лицензиатқа тауар таңбасын пайдалануға рұқсат беретiн лицензиялық шарт тауарлардың немесе қызметтердiң сапасы лицензиар тауарлары мен қызметтерiнiң сапасынан төмен болмайтыны және лицензиардың осы ереженің орындалуына бақылау жасауға құқығы бар екенi туралы ереженi қамтуға тиiс. Тауар таңбасына құқықтың күшi тоқтатылғанда, лицензиялық шарттың қолданылуы тоқтатылады.
Тауар таңбасына құқықтың басқа тұлғаға ауысуы лицензиялық шартты тоқтатуға әкеп соқпайды.
3. Тауар таңбасына құқықты беру туралы шарт немесе лицензиялық шарт жазбаша түрде жасалып, Қазпатентте тiркелуге тиiс. Тiркеу туралы жазбаша нысан мен талаптарды сақтамау шарттың жарамсыздығына әкеп соғады.
22-бап. Заңды тұлғаны бөлу түрiнде қайта ұйымдастыру кезiнде тауар таңбасына құқықты беру
Заңды тұлға бөлiнген кезде тауар таңбасына құқық тауарлар өндiру немесе қызметтер көрсету қолына көшкен жаңадан пайда болған заңды тұлғаға берiледi.
Тауар таңбасының тiркелуiне себеп болған тауарлар өндiрудiң немесе қызметтер көрсетудiң бiр бөлiгi жаңадан пайда болған заңды тұлғалардың әрқайсысында сақталып қалған жағдайда, жаңа заңды тұлғалар, олардың келiсiмi болған жағдайда, тауар таңбасының тең иеленушісi болып табылады.
6-тарау. Тауар таңбасын тіркеудің қолданылуын
тоқтату
23-бап. Тауар таңбасын тiркеуге дау айту
1. Тауар таңбасын тiркеуге, егер ол осы Заңның 7-бабының 1-тармағының 1)-3) тармақшаларын қоспағанда, 6 және 7-баптарда белгiленген талаптарды бұза отырып жүзеге асырылса, бүкiл қолданылу мерзiмi бойы немесе егер ол осы Заңның 7-бабының 1-тармағының 1)-3) тармақшаларында белгiленген талаптарды бұза отырып жүзеге асырылса, тауар таңбасы тiркелген күннен бастап бес жыл iшiнде дау айтылып, ол толық немесе iшiнара жарамсыз деп танылуы мүмкiн.