ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ЗАҢЫ
Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік және мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету салаларындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша
өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1. 1999 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне (Ерекше бөлім):
1) 961-баптың 3-тармағы:
мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:
«2-1) географиялық нұсқамалар;»;
3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«3) тауарлар шығарылған жерлердің атаулары;»;
2) 999-баптың 1-тармағының 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«3) өнеркәсiптiк үлгiге патент – он жыл бойы күшiн сақтайды. Патенттің қолданылу мерзімін сараптама ұйымы патент иеленушінің өтінішхаты бойынша әр жолы бес жылға ұзартуы мүмкін. Бұл ретте патенттің жалпы қолданылу мерзімі өтінім берілген күннен бастап жиырма бес жылдан аспауға тиіс.»;
3) 1027-баптың 1-тармағындағы «таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар» деген сөздер «белгілері, қызмет көрсету белгілері, географиялық нұсқамалар және тауарлар» деген сөздермен ауыстырылсын;
4) 1031-баптың үшінші бөлігіндегі «таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар» деген сөздер «белгілері, қызмет көрсету белгілері, географиялық нұсқамалар және тауарлар» деген сөздермен ауыстырылсын;
5) 56-тараудың 3-параграфы мынадай редакцияда жазылсын:
«Параграф 3. Географиялық нұсқама және тауар шығарылған жердiң атауы
1033-бап. Географиялық нұсқаманы және тауар шығарылған жердiң атауын құқықтық қорғау шарттары
1. Географиялық нұсқаманы және тауар шығарылған жердің атауын құқықтық қорғау оларды «Тауар белгілері, қызмет көрсету белгілері, географиялық нұсқамалар және тауарлар шығарылған жерлердің атаулары туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен тіркеу негізінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына орай беріледі.
2. Географиялық объектінің аумағынан шығарылатын, белгілі бір сапасы, репутациясы немесе басқа да сипаттамалары едәуір дәрежеде оның географиялық шығу тегіне байланысты болатын тауарды сәйкестендіретін белгілеме географиялық нұсқама болып табылады. Осы географиялық объектінің аумағында тауар өндірудің оның сипаттамаларының қалыптасуына елеулі әсер ететін кем дегенде бір сатысы жүзеге асырылуға тиіс.
3. Елдің, елді мекеннің, жергілікті жердің немесе басқа да географиялық объектінің қазіргі немесе тарихи, ресми немесе бейресми, толық немесе қысқартылған атауын білдіретін не атауы бар, осындай атауды қамтитын немесе осындай атаудан шыққан және ерекше қасиеттері тек қана немесе басты түрде осы географиялық объектіге тән табиғи жағдайлармен және (немесе) адами факторлармен айқындалатын тауарға қатысты пайдаланылуы нәтижесінде белгілі болған белгілеме тауар шығарылған жердің атауы болып табылады. Осы географиялық объектінің аумағында тауар өндірудің тауардың ерекше қасиеттерінің қалыптасуына елеулі әсер ететін барлық сатысы жүзеге асырылуға тиіс.
4. Тауар өндірілетін географиялық объектінің шекаралары, сондай-ақ белгіленуі үшін географиялық нұсқама және тауар шығарылған жердің атауы пайдаланылатын тауардың ерекше қасиеттері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келуге тиіс. Көрсетілген талаптардың сақталуын бақылау Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
5. Географиялық объектiнiң атауын білдіргенімен немесе атауы болғанымен Қазақстан Республикасында белгiлi бiр тауар түрінің өндірілген жеріне байланысты емес белгiлемесi ретiнде жалпыға бірдей қолдануға енген белгiлеме осы параграфтың қағидаларына сәйкес географиялық нұсқама және тауар шығарылған жердiң атауы болып танылмайды және ол құқықтық қорғау мақсаты үшiн тiркелуге жатпайды. Көрсетілген мән-жай мұндай атауды жосықсыз пайдалану арқылы құқықтары бұзылған тұлғаны оларды Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де тәсілдермен, оның iшiнде жосықсыз бәсекелестік туралы қағидалардың негiзiнде қорғау мүмкiндiгiнен айырмайды.
6. Географиялық нұсқама және тауар шығарылған жердің атауы ретінде құқықтық қорғау берілмейтін белгілемелер Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалады.
1034-бап. Географиялық нұсқаманы және тауар шығарылған жердiң атауын пайдалану құқығы
1. Географиялық нұсқаманы және тауар шығарылған жердің атауын пайдалану құқығын иеленушi тұлға осы нұсқама мен атауды тауарға, қаптамаға, жарнамада, анықтамалықтарда, шоттарда орналастыруға және оларды осы тауарды азаматтық айналымға енгiзуге байланысты өзгеше түрде пайдалануға құқылы.
2. Осы Кодекстiң 1033-бабының 2 және 3-тармақтарында көрсетілген талаптарға сай келетiн тауардың белгiлемесі үшiн географиялық нұсқаманы және тауар шығарылған жердiң атауын бiрнеше тұлға бiрлесiп те, бiр-бiрiне тәуелсiз де тiркетуi мүмкiн. Географиялық нұсқаманы және тауар шығарылған жердiң атауын пайдалану құқығы мұндай тұлғалардың әрқайсысына тиесілі болады.
3. Тіркелген географиялық нұсқамамен және тауар шығарылған жердiң атауымен бірдей немесе ұқсас географиялық белгiлемені алғаш тiркелген күніне дейiн кемiнде алты ай бұрын адал ниетпен пайдаланған тұлға көрсетілген географиялық нұсқама және тауар шығарылған жердiң атауы тіркелген күннен бастап жетi жыл бойы оны одан әрi пайдалану құқығын сақтайды.
4. Географиялық нұсқаманы және тауар шығарылған жердiң атауын пайдалану құқығын иелiктен шығаруға, оны басқаға беру туралы өзге де мәмiлелерге, оларды лицензия негізінде пайдалануға беруге жол берілмейді.
1035-бап. Географиялық нұсқаманы және тауар шығарылған жердiң атауын құқықтық қорғаудың қолданылу саласы
1. Қазақстан Республикасында республика аумағындағы географиялық нұсқамаларға және тауарлар шығарылған жерлердің атауларына құқықтық қорғау берiледi.
2. Егер басқа мемлекеттегi географиялық нұсқама және тауар шығарылған жердiң атауы тауар шығарылған елде, сондай-ақ Қазақстан Республикасында тіркелген болса, оларға Қазақстан Республикасында заңда белгіленген тәртіппен құқықтық қорғау берiледi.
1036-бап. Географиялық нұсқаманы және тауар шығарылған жердiң атауын пайдалану құқығының қолданылу мерзімі
Географиялық нұсқаманы және тауар шығарылған жердiң атауын пайдалану құқығы сараптама ұйымына өтiнiм берілген күннен бастап есептегенде он жыл бойы қолданылады.
Географиялық нұсқаманы және тауар шығарылған жердiң атауын пайдалану құқығының қолданылу мерзiмi географиялық нұсқаманы және тауар шығарылған жердiң атауын пайдалану құқығын беретiн шарттар сақталған кезде оның иесiнің соңғы қолданылу жылы iшiнде берген өтiнiші бойынша он жылға ұзартылуы мүмкiн. Ұзартылу шектеусiз рет жүргiзiлуi мүмкiн.
1037-бап. Географиялық нұсқаманы және тауар шығарылған жердiң атауын құқыққа сыйымсыз пайдалануға байланысты әрекеттер үшін жауаптылық
1. Географиялық нұсқаманы және тауар шығарылған жердiң атауын пайдалану құқығын бұзған тұлға бұзушылықты дереу тоқтатуға және географиялық нұсқаманы және тауар шығарылған жердiң атауын пайдалану құқығының иесіне оның шеккен залалдарын өтеуге міндетті.
2. Географиялық нұсқаманы және тауар шығарылған жердiң атауын не оларға айырғысыз дәрежеге дейін ұқсас белгілемелерді пайдаланудың құқыққа сыйымдылығын айқындауға байланысты дауларды сот Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасында белгіленген тәртіппен қарайды.
3. Географиялық нұсқама және тауар шығарылған жердiң атауы не оларға айырғысыз дәрежеге дейiн ұқсас белгілемелер құқық иеленушінің келісімінсіз орналастырылған тауар және оның қаптамасы, жарнама, анықтамалықтар, шоттар контрафактілік деп танылады. Контрафактілік тауарлар және олардың қаптамалары, сондай-ақ оларды жасау үшін пайдаланылған сайман, жабдық немесе өзге де құралдар мен материалдар осындай тауарларды айналымға енгізу қоғамдық мүдделер үшін қажет болатын және Қазақстан Республикасының тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамасының талаптарын бұзбайтын жағдайларды қоспағанда, соттың заңды күшіне енген шешімі негізінде айналымнан алып қойылуға және бұзушының есебінен жойылуға жатады.
4. Құқық иеленуші осы баптың 3-тармағында көрсетілген жағдайларда, контрафактілік тауарлардан және олардың қаптамаларынан заңсыз орналастырылған географиялық нұсқаманы және тауар шығарылған жердiң атауын не оларға айырғысыз дәрежеге дейін ұқсас белгілемелерді алып тастауды талап етуге құқылы.
5. Жұмыстарды орындау немесе қызметтерді көрсету кезінде географиялық нұсқаманы және тауар шығарылған жердiң атауын пайдалану құқығын бұзған тұлға жұмыстарды орындаумен немесе қызметтерді көрсетумен бірге жүретін материалдардан, оның ішінде құжаттамадан, жарнамадан, маңдайшалардан географиялық нұсқаманы және тауар шығарылған жердiң атауын не оларға айырғысыз дәрежеге дейін ұқсас белгілемелерді алып тастауға міндетті.
6. Құқық иеленуші құқық бұзу фактісі дәлелденген кезде залалдарды өтеудің орнына бұзушыдан сот бұзушылықтың сипатын, географиялық нұсқама және тауар шығарылған жердiң атауы не оларға айырғысыз дәрежеге дейiн ұқсас белгілемелер құқық иеленушінің келісімімен орналастырылған біртектес (түпнұсқа) тауарлардың нарықтық құнын негізге ала отырып айқындайтын мөлшерде өтемақы төлеуді талап етуге құқылы.
7. «Тауар белгілері, қызмет көрсету белгілері, географиялық нұсқамалар және тауарлар шығарылған жерлердің атаулары туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда, құқық иеленушінің тауар өндірілетін географиялық объектінің шекараларына және белгіленуі үшін географиялық нұсқама және тауар шығарылған жердің атауы пайдаланылатын тауардың ерекше қасиеттеріне қатысты Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзуы, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар мен уәкілетті органдардың лауазымды адамдарының олар туралы көрінеу жалған мәліметтер беруі Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа алып келеді.».
2. 2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне:
222-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«222-бап. Тауар белгісін, қызмет көрсету белгісін, фирмалық атауды, географиялық нұсқаманы және тауар шығарылған жердің атауын заңсыз пайдалану
1. Бөтен тауар белгісін, қызмет көрсету белгісін, фирмалық атауды, географиялық нұсқаманы және тауар шығарылған жердің атауын немесе бiртектес тауарларға немесе көрсетілетін қызметтерге арналған соларға ұқсас белгілемелерді заңсыз пайдалану, егер бұл іс-әрекет iрi залал келтiрсе, –
сексен айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не сексен сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не жиырма тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2. Қазақстан Республикасында тiркелмеген тауар белгісіне, қызмет көрсету белгісіне, географиялық нұсқамаға және тауар шығарылған жердің атауына қатысты ескертпе таңбалауды заңсыз пайдалану, егер бұл іс-әрекет iрi залал келтiрсе, –
сексен айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не сексен сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не жиырма тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
Ескертпе. Осы бапта көзделген іс-әрекетті алғаш рет жасаған адам залалды өз еркімен өтеген жағдайда қылмыстық жауаптылықтан босатылады.».
3. 2015 жылғы 31 қазандағы Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне:
1) 60-баптың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Осы Кодекстің 58-бабы бірінші бөлігінің 1) және 6) тармақшаларында көрсетілген тапсырма бойынша өкілдер осы баптың бірінші бөлігінде көзделген құқықтармен қатар мемлекеттік органдардан, қоғамдық бірлестіктерден, заңды тұлғалардан анықтамаларды немесе өзге де құжаттарды сұратуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен заң көмегін көрсету үшін өзге де әрекеттерді жасауға құқылы.»;
2) 112-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«112-бап. Тегін заң көмегін көрсету
1. Судья істі сот талқылауына дайындаған кезде немесе сот істі қараған кезде мына адамдардың:
1) асыраушысының қайтыс болуынан келтірілген зиянды өтеу туралы даулар бойынша талап қоюшылардың;
2) жұмысына байланысты денсаулығының зақымдануынан келтірілген не қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген зиянды өтеу туралы даулар бойынша талап қоюшылардың;
3) ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге және қорғауға байланысты даулар бойынша талап қоюшылар мен жауапкерлердің;
4) алименттерді өндіріп алу туралы атқарушылық іс жүргізу шеңберінде өндіріп алушылар болып табылатын көпбалалы отбасылардағы балаларды күтіп-бағуға алименттерді өндіріп алу туралы даулар бойынша талап қоюшылар мен жауапкерлердің;
5) Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жәбірленушілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге және қорғауға байланысты даулар бойынша талап қоюшылар мен жауапкерлердің;
6) кәсіпкерлік қызметке байланысты емес даулар бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушылар, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар адамдар, жасына байланысты зейнеткерлер болып табылатын талап қоюшылар мен жауапкерлердің;
7) заңға сәйкес ақталған адамдарға зиянды өтеу туралы даулар бойынша талап қоюшылардың істерін қараған кезде оларды заң көмегіне ақы төлеуден және өкілдік етуге байланысты шығыстарды өтеуден толық босатуға және оларды бюджет қаражаты есебіне жатқызуға міндетті.
2. Адвокат, заң консультанты көрсететін заң көмегіне ақы төлеу және қорғау мен өкілдік етуге байланысты шығыстарды өтеу мөлшерін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
Адвокат, заң консультанты көрсететін заң көмегіне ақы төлеу және қорғау мен өкілдік етуге байланысты шығыстарды өтеу тәртібі Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі бекіткен заң көмегіне ақы төлеу қағидаларында белгіленеді.
3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген жағдайларда, адамның заң көмегіне ақы төлеуден және өзінің атынан өкілдік етуге байланысты шығыстарды өтеуден босату туралы өтінішхатына осы адамның бюджет қаражаты есебінен заң көмегін алу құқығын растайтын құжаттар мен басқа да дәлелдемелер қоса тіркелуге тиіс.
4. Сот адамды заң көмегіне ақы төлеуден және оның атынан өкілдік етуге байланысты шығыстарды өтеуден босату туралы немесе өтінішхатты қанағаттандырудан бас тарту туралы ұйғарым шығарады, ол шағым жасалуға, прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қаралуға жатпайды. Шығарылған ұйғарыммен келіспейтіні туралы дәлелдер апелляциялық шағымға, прокурордың өтінішхатына енгізілуі мүмкін.
5. Адамды заң көмегіне ақы төлеуден және оның атынан өкілдік етуге байланысты шығыстарды өтеуден босату туралы сот ұйғарымы азаматтық істі қарайтын соттың тұрған жеріндегі аумақтық адвокаттар алқасына және тиісті заң консультанттары палатасына жазбаша түрде немесе заң көмегінің бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы электрондық құжат нысанында дереу жіберіледі, олар сот белгілеген мерзімде адвокаттың немесе заң консультантының сотқа қатысуын қамтамасыз етуге міндетті.».
4. «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» 1996 жылғы 10 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына:
1) бүкіл мәтін бойынша «I тарау», «II тарау», «III тарау», «IV тарау» және «V тарау» деген сөздер тиісінше «1-тарау», «2-тарау», «3-тарау», «4-тарау» және «5-тарау» деген сөздермен ауыстырылсын;
2) 9-1-баптың 2-тармағының екінші бөлігіндегі «бастапқы кодын (бастапқы мәтінді), негізгі техникалық сипаттамаларын, бағдарламалау тілін, іске асырушы ЭЕМ-нің типін» деген сөздер «негізгі техникалық сипаттамаларын, бағдарламалау тілін, іске асырушы ЭЕМ-нің типін, сондай-ақ бастапқы кодын (бастапқы мәтінді)» деген сөздермен ауыстырылсын;
3) 19-бап мынадай мазмұндағы 8) тармақшамен толықтырылсын:
«8) меншік нысанына қарамастан білім беру ұйымдарының жинақтарда, газеттерде және басқа да мерзімді баспа басылымдарында құқыққа сыйымды түрде жарияланған жекелеген мақалалар мен көлемі шағын туындыларды, өзге де құқыққа сыйымды түрде жарияланған жазбаша шығармалардан қысқаша үзінділерді (иллюстрациялармен немесе иллюстрацияларсыз) кіріс алмай қайта шығаруы және олардың көшірмелерін білім алушылар мен педагогтерге емтихандар, аудиториялық сабақтар өткізу және өз бетінше дайындалу үшін осыған қажетті мөлшерде беру.»;
4) 43-баптың 4-тармағында:
«шарттар негізінде» деген сөздер «шарттардың негізінде» деген сөздермен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
«Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын бірнеше ұйымға мүліктік құқықтарды ұжымдық басқаруға өкілеттіктер берілген жағдайда, берілген өкілеттіктер көлемі және (немесе) аумағы және (немесе) басқару салалары бойынша ерекшеленуге тиіс.»;
5) 44-бапта:
1-тармақтағы «III тарауына» деген сөздер «2 және 3-тарауларына» деген сөздермен ауыстырылсын;
2-1-тармақ «құжаттарды» деген сөзден кейін «жазбаша түрде не электрондық құжат нысанында» деген сөздермен толықтырылсын;
6) 45-бапта:
1) тармақша «пайдаланушылармен» деген сөзден кейін «жазбаша түрде не электрондық құжат нысанында» деген сөздермен толықтырылсын;
4) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«4) «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 166-бабы 1-тармағының талаптарын сақтай отырып, лицензиялық шартта көзделген сыйақыны және (немесе) осы баптың 3) тармақшасында көзделген сыйақыны жинауға;»;
7) 46-бапта:
1-тармақта:
1) тармақшадағы «есептер беріп тұруға» деген сөздер «есептерді ұйымның интернет-ресурсындағы жеке кабинет арқылы беріп тұруға» деген сөздермен ауыстырылсын;
2) тармақшада:
мынадай мазмұндағы екінші сөйлеммен толықтырылсын:
«Сыйақыны бөлу және төлеу құқық иеленушінің азаматтық белгісі, тұратын елі, санаты және өзге де негіздер бойынша кемсітусіз, әділ жүзеге асырылуға тиіс.»;
үшінші сөйлем «арналған» деген сөзден кейін «, сондай-ақ арнаулы қорларға жіберілетін» деген сөздермен толықтырылсын;
5), 6), 7) және 9) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
«5) мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымның қызметі туралы хабар беру мақсатында интернет-ресурс құруға, интернет-ресурстың тәулік бойғы режимде қолжетімділігін, онда орналастырылатын ақпараттың ашықтығын, сондай-ақ осындай ақпараттың өтеусіз негізде берілуін қамтамасыз етуге;
6) авторлық немесе сабақтас құқықтар объектісінің атауын, автордың немесе өзге құқық иеленушінің атын, ал мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйыммен өзара мүдделілік білдіру туралы шарттар бойынша құқықтар берілген жағдайда – осындай ұйымның атауын қоса алғанда, өзіне басқаруға берілген құқықтар, сыйақы мөлшерлемелері туралы ақпаратты интернет-ресурста орналастыруға;
7) ұйым өкілдері туралы ақпаратты өзінің интернет-ресурсында орналастыруға;»;
«9) пайдаланушының атауын және оның тұрған жерін, сондай-ақ осындай шарттың жасалған күнін қоса алғанда, пайдаланушылармен жасалған шарттар туралы ақпаратты өзінің интернет-ресурсында орналастыруға;»;
мынадай мазмұндағы 10) және 11) тармақшалармен толықтырылсын:
«10) Қазақстан Республикасының аумағында мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдармен өзара мүдделілік білдіру туралы шарттар жасасуға;
11) уәкілетті органды жалпы жиналыс өткізілетін күнге дейін он жұмыс күнінен кешіктірмей жалпы жиналыстың өткізілетін уақыты мен орны туралы жазбаша түрде немесе электрондық құжат нысанында хабардар етуге, сондай-ақ оған қолжетімділікті қамтамасыз етуге міндетті.»;
мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:
«1-1. Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйым өзінің бухгалтерлік (қаржылық) есептілігіне аудит жүргізу, сондай-ақ сыйақыны жинауды, бөлуді және төлеуді жүзеге асыру кезінде ақшамен операциялардың жүргізілуін және құжаттамалық ресімделуін, жиналған сыйақыны бөлудің осындай ұйым бекіткен әдістемеде көзделген талаптарға сәйкестігін, арнайы қорлардан жүзеге асырылған нысаналы түсімдер мен төлемдердің есепке алынуын, осындай ұйымның қызметіне қойылатын және осы бапта белгіленген өзге де талаптардың сақталуын тексеру үшін екі жылда кемінде бір рет тәуелсіз аудиторлық ұйымды тартуға міндетті.
Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйым аудиторлық қорытындыны және тексеру нәтижелерін тиісті бухгалтерлік (қаржылық) есептілікпен бірге бекітілген (қол қойылған) күннен бастап бір ай мерзімде өзінің интернет-ресурсында жариялауға міндетті, олар құқық иеленушілер үшін бес жыл бойы ашық қолжетімділікте болуға тиіс.
Аудитке және тексерілуге жататын бухгалтерлік (қаржылық) есептілік және осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген өзге де ақпарат құпия сипаттағы мәліметтерді қамтитын ақпаратқа, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияға жатқызылмайды.
Аудит және тексеру жүргізуге арналған шығыстар мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйым шығыстарының құрамына енгізіледі.»;
2-тармақтың үшінші бөлігіндегі «көрсетілген мерзім» деген сөздер «осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген мерзім» деген сөздермен ауыстырылсын;
8) 46-2-бапта:
4-тармақтағы «жазбаша түрде» деген сөздер алып тасталсын;
7-тармақта:
4) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«4) басқа мемлекеттердің мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын осындай ұйымдарымен өзара мүдделілік білдіру туралы қолданыстағы шарттардың болуын;»;
мынадай мазмұндағы бесінші бөлікпен толықтырылсын:
«Уәкілетті орган ұйымның осы Заңның 46-бабында көзделген міндеттерді орындамауына және (немесе) тиісінше орындамауына байланысты аккредиттеуден бас тарту туралы шешім қабылдаған жағдайда, ұйым осы Заңның 43-бабының 3-тармағында белгіленген ұжымдық басқару салаларындағы қызметті жүзеге асыруға уәкілетті органда аккредиттеу туралы куәлікті уәкілетті орган аккредиттеуден бас тарту туралы шешім қабылдаған күннен бастап екі жыл ішінде алуға құқылы емес.»;
9) 47-1-бап 8) тармақшасындағы «тартылған жағдайларда кері қайтарып алуы мүмкін.» деген сөздер «тартылған;» деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 9) тармақшамен толықтырылсын:
«9) авторларға, орындаушыларға және фонограмма шығарушыларға Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген ең төменгі сыйақы мөлшерлемелерінен төмен сыйақы мөлшерлемелері қолданылған жағдайларда кері қайтарып алуы мүмкін.».
5. «Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы» 1999 жылғы 13 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:
1) 3-1-баптың 2-тармағының 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«4) патенттік сенім білдірілген өкіл қызметімен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттау, оларды патенттік сенім білдірілген өкілдердің тізілімінде тіркеу, патенттік сенім білдірілген өкілдердің тізілімінен шығару, патенттік сенім білдірілген өкілдің куәлігін жарамсыз деп тану және патенттік сенім білдірілген өкілдердің тізілімінде мәліметтердің күшін жою;»;
2) 5-баптың 3-тармағы екінші бөлігінің екінші сөйлемі алып тасталсын;
3) 8-бапта:
1-тармақта:
бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Өтінім бергені үшін ақы төленген жағдайда өтінім берілген күннен бастап бір ай ішінде сараптама ұйымы ол бойынша алдын ала сараптама жүргiзедi. Алдын ала сараптама жүргiзу барысында өтiнiмге басымдық берiлген күн белгiленедi, қажеттi құжаттардың бар-жоғы және олардың өздеріне белгіленген талаптарға сәйкестігі тексеріледі.»;
төртінші бөліктегі «өтінім берушінің атауын» деген сөздер «өтініш беруші – заңды тұлғаның атауын не жеке тұлғаның тегін, атын, әкесінің атын (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе)» деген сөздермен ауыстырылсын;