48) 59-1-бапта:
1-тармақта:
«шешімін» деген сөзден кейін «оңалту жоспарында көзделген іс-шаралардың іске асырылу қорытындысы бойынша борышкер қаржылық орнықтылықтың І сыныбына жатқызылатын, борышкердің қаржылық орнықтылығы туралы банкроттықты басқарушының қорытындысын ескере отырып,» деген сөздермен толықтырылсын;
«шығарады» деген сөз «қабылдайды» деген сөзбен ауыстырылсын;
2-тармақта:
5) тармақша алып тасталсын;
6) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«6) банкроттықты басқарушының кредиторлар жиналысы осы Заңның 69-бабында көзделген тәртіппен борышкерді басқару жөніндегі өкілеттікті жүктеген органға немесе тұлғаға құрылтай құжаттарын, есепке алу құжаттамасын, мүлікке құқық белгілейтін құжаттарды, мөрлерді (олар болған кезде), мөртабандарды, материалдық және өзге де құндылықтарды беру туралы нұсқау қамтылуға тиiс.»;
49) 60-бап алып тасталсын;
50) 61, 63 және 64-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
«61-бап. Әкiмшiлiк шығыстарды бөлу
1. Борышкерді банкрот деп тану, оңалту рәсімін қолдану туралы шешім қабылданған кезде әкімшілік шығыстар борышкердің мүлкіне жатқызылады және осы мүлік есебінен кезектен тыс орны толтырылады.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген әкімшілік шығыстарды сотқа жүгінген өтініш беруші сот:
1) оңалту немесе банкроттық туралы іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы ұйғарым;
2) оңалту рәсімін қолданудан немесе борышкерді банкрот деп танудан бас тарту туралы шешім шығарған жағдайларда төлейді.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген жағдайларда, сотқа екі және одан көп кредитор жүгінген кезде әкімшілік шығыстар осындай кредиторлар арасында олардың талаптарына пропорционал бөлiнедi.»;
«63-бап. Оңалту рәсiмiн қолдану
Оңалту рәсiмi борышкерлерге қатысты сот тәртiбiмен қолданылады.
64-бап. Оңалту рәсiмiн жүргізу мерзiмi
Оңалту рәсiмiн жүргiзу мерзiмiн сот оңалту жоспарын бекіту туралы ұйғарым шығарған кезде белгiлейдi және мұндай ұйғарым заңды күшіне енген күннен бастап есептеледі. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, сот оңалтуды басқарушының өтінішхаты бойынша кредиторлар жиналысының келiсімімен бұл мерзiмдi бір рет, бірақ алты айдан аспайтын мерзімге ұзартуға құқылы.
Табиғи монополиялар субъектiлерi болып табылатын не Қазақстан Республикасының экономикасы үшiн маңызды стратегиялық мәнi бар, азаматтардың өмiрiне, денсаулығына, ұлттық қауiпсiздiкке немесе қоршаған ортаға әсер ете алатын ұйымдар мен дара кәсіпкерлер, сондай-ақ қала құраушы заңды тұлғалар болып табылатын ұйымдар үшін сот оңалтуды басқарушының өтінішхаты бойынша кредиторлар жиналысының келiсімімен оңалту рәсімін жүргізу мерзімін бір рет, бірақ екі жылдан аспайтын мерзімге ұзартуға құқылы.
Оңалту рәсімін жүргізу мерзімін ұзарту туралы өтінішхатты оңалтуды басқарушы оңалту рәсімін жүргізу мерзімі өткенге дейін жиырма жұмыс күні бұрын береді.
Осы баптың үшінші бөлігінде көрсетілген мерзімді сақтамау соттың оңалту рәсімін жүргізу мерзімін ұзартудан бас тартуы үшін негіз болып табылады.»;
51) 65-бап алып тасталсын;
52) 66-бапта:
4) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«4) борышкер - заңды тұлға мүлкінің меншік иесі (ол уәкілеттік берген орган), оның құрылтайшылары (қатысушылары);»;
5) тармақша алып тасталсын;
53) 67-бапта:
1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«1) оңалту рәсімін қолданады және тоқтатады;»;
2) және 6) тармақшалар алып тасталсын;
54) 68 және 69-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
«68-бап. Оңалту рәсімін қолданудың салдары
1. Соттың оңалту рәсімін қолдану туралы шешімі заңды күшіне енген күннен бастап мынадай салдар басталады:
1) кәдімгі коммерциялық операциялар шеңберінен тыс мүлікпен мәмілелер жасасуға тыйым салынады;
2) алынған қарыздар және шығарылған облигациялар бойынша сыйақыларды есепке жазу тоқтатылады;
3) төлеу мерзімі оңалту рәсімін қолданғаннан кейін басталған, моральдық зиянның орнын толтыру туралы талаптарды есепке алмағанда, өмiріне немесе денсаулығына зиян келтiргенi үшiн борышкер жауапты болатын азаматтарға төленетін төлемдердi қоспағанда, өз мүлкіне қатысты қабылданған соттардың шешімдерін, төрелік шешімдерді, мемлекеттік кіріс органдарының, сондай-ақ борышкер - дара кәсіпкердің, борышкер - заңды тұлға мүлкі меншік иесінің (ол уәкілеттік берген органның), құрылтайшыларының (қатысушыларының) шешімдерін орындау тоқтатыла тұрады.
2. Оңалту жоспары бекітілгеннен кейін:
1) борышкерді басқаруды осы Заңның 69-бабында көзделген тәртіппен кредиторлар жиналысы айқындаған тұлға жүзеге асырады;
2) оңалту жоспарында көзделгендерді қоспағанда, кәдімгі коммерциялық операциялар шеңберінен тыс мүлікпен мәмілелер кредиторлар жиналысының келісімімен жасалады;
3) борышкердің өтініші және соттың оңалту жоспарын бекіту туралы заңды күшіне енген ұйғарымының көшірмесі негізінде борышкер мүлкіне салынған барлық шектеулер мен ауыртпалықтар (борышкер шоттарына қойылған инкассолық өкімдер, мүлікке тыйым салуларды және басқалар) оларды салған органдардың тиісті шешімдері қабылданбастан алынады.
69-бап. Оңалту рәсімінде борышкерді басқару
1. Оңалту рәсімінде борышкерді басқаруды кредиторлар жиналысының шешімі бойынша:
1) борышкер - дара кәсіпкер не борышкер - заңды тұлға мүлкінің меншік иесі, құрылтайшысы (қатысушысы) уәкілеттік берген орган немесе тұлға;
2) оңалтуды басқарушы жүзеге асыруға құқылы.
Осы Заңның мақсаттары үшін дара кәсіпкерді оңалту рәсімінде борышкерді басқару деп оның істерін және мүлкін басқару түсініледі.
2. Егер кредиторлардың алғашқы жиналысында борышкерді басқару жөніндегі өкілеттіктерді осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген тұлғаға жүктеу туралы шешім қабылданса, онда кредиторлардың алғашқы жиналысы хабарламалары әкімші қызметін жүзеге асыру құқығы бар тұлғалар хабарламаларының тізіліміне енгізілген тұлғалар арасынан оңалтуды басқарушының кандидатурасын таңдайды.
Оңалтуды басқарушының кандидатурасын таңдаған кезде әкімші қызметін жүзеге асыру құқығы бар тұлғалар хабарламаларының тізілімінде тұрған тұлғаларға қатысты ұсынымдарды кредиторлар жиналысы осындай тұлғалардың кәсіптік бірлестіктерінен алуы мүмкін.
Кредиторлардың алғашқы жиналысы оңалтуды басқарушы сайланған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей уәкілетті органға оның кандидатурасы ұсынылғанға дейін мұндай оңалтуды басқарушыны хабардар етуге міндетті.
Уақытша әкімші осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген шешім шығарылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде уәкілетті органға кредиторлар жиналысының хаттамасын ұсынуға міндетті.
Уәкілетті орган кредиторлар жиналысының хаттамасын алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде кредиторлар жиналысы таңдаған кандидатураны оңалтуды басқарушы етіп тағайындауға міндетті.
Уәкілетті орган кандидатураны осы Заңның 12-бабы 5-тармағының бірінші бөлігі негізінде оңалтуды басқарушы етіп тағайындауға кедергі келтіретін мән-жайларды анықтаған кезде уәкілетті орган анықталған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде кредиторлар жиналысына оңалтуды басқарушының кандидатурасын тағайындаудан уәжді бас тартуды не осы Заңның 12-бабы 8-тармағының 3) тармақшасы негізінде әкімші қызметін жүзеге асыру құқығы бар тұлғалар хабарламаларының тізілімінен оңалтуды басқарушының хабарламасын алып тастау туралы хабар жіберуге міндетті.
Уәкілетті орган ұсынылған кандидатураны тағайындаудан бас тартқан кезде кредиторлар жиналысы оңалтуды басқарушы етіп тағайындау үшін басқа кандидатураны ұсынуға міндетті.
3. Оңалту рәсімі барысында кредиторлар жиналысы борышкерді басқару жөніндегі өкілеттіктерді жүктеу туралы шешімді:
1) борышкерді басқару жөніндегі өкілеттіктерді оңалтуды басқарушыға жүктей отырып, борышкер - дара кәсіпкерді не борышкер - заңды тұлға мүлкінің меншік иесі, құрылтайшысы (қатысушысы) уәкілеттік берген органды немесе тұлғаны мұндай өкілеттіктерді орындаудан шеттету;
2) борышкерді басқару жөніндегі өкілеттіктерді борышкер - дара кәсіпкерге не борышкер - заңды тұлға мүлкінің меншік иесі, құрылтайшысы (қатысушысы) уәкілеттік берген органға немесе тұлғаға жүктей отырып, оңалтуды басқарушыны мұндай өкілеттіктерді орындаудан шеттету жолымен бір рет өзгертуге құқылы.
Кредиторлар жиналысы осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көзделген шешімді қабылдаған кезде кредиторлар жиналысы осы баптың 2-тармағында көзделген тәртіппен оңалтуды басқарушының кандидатурасын таңдауды жүзеге асырады.
Кредиторлар комитеті осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген шешім шығарылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде уәкілетті органға кредиторлар жиналысының хаттамасын ұсынуға міндетті.
4. Кредиторлар жиналысының күн тәртібіне борышкерді басқару жөніндегі өкілеттіктерді борышкер - дара кәсіпкерге не борышкер - заңды тұлға мүлкінің меншік иесі, құрылтайшысы (қатысушысы) уәкілеттік берген органға немесе тұлғаға жүктей отырып, оңалтуды басқарушыны мұндай өкілеттіктерді орындаудан шеттету туралы мәселе енгізілген кезде кредиторлар комитеті кредиторлар жиналысы өткізілгенге дейін он жұмыс күні бұрын борышкер - дара кәсіпкерді, борышкер - заңды тұлға мүлкінің меншік иесін (ол уәкілеттік берген органды), құрылтайшысын (қатысушысын) осындай мәселенің қаралатыны туралы хабардар етеді.
Кредиторлар жиналысы осы баптың 3-тармағы бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көрсетілген шешімді қабылдаған жағдайда, борышкер - заңды тұлға мүлкінің меншік иесі (ол уәкілеттік берген орган) немесе құрылтайшысы (қатысушысы) кредиторлар жиналысының отырысы өткізілген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде борышкерді басқару жөніндегі өкілеттіктер жүктелген орган немесе тұлға туралы құжаттарды ұсынуға міндетті.»;
55) 70-бапта:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Уақытша әкімші кредиторлардан мәлімделген талаптардың негізі мен сомасын растайтын құжаттарды сұратуға құқылы.»;
2-тармақта:
1) және 2) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
«1) қаржылық орнықтылық туралы қорытынды жасау мақсатында бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есептілік құжаттары негізінде борышкердің қаржылық жағдайы туралы мәліметтер жинауды жүзеге асыруға;
2) үлгілік нысанға сәйкес борышкердің қаржылық орнықтылығы туралы қорытындыны сотқа ұсынуға;»;
3), 4) және 5) тармақшалар алып тасталсын;
6) тармақшадағы «осы Заңның 75-бабының 1-тармағында белгіленген мерзімде өтетін» деген сөздер алып тасталсын;
7) тармақша алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 7-1) тармақшамен толықтырылсын:
«7-1) кредиторлардың алғашқы жиналысын ұйымдастыруға және өткізуге;»;
8) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«8) осы Заңға және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді орындауға міндетті.»;
56) 71 және 72-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
«71-бап. Оңалтуды басқарушының өкілеттігі
1. Оңалтуды басқарушы:
1) ұйымдардан, мемлекеттік органдардан және олардың лауазымды адамдарынан борышкер туралы ақпаратты сұратуға және алуға;
2) кредиторлар жиналысының келісімімен кәдімгі коммерциялық операциялар шеңберінен тыс мәмілелер жасауға;
3) кредиторлар жиналысының келісімімен борышкердің шығыстарын, оның ішінде борышкер жұмыскерлерінің еңбегіне ақы төлеуге арналған шығыстарын ұлғайтуға алып келетін шешімдер қабылдауға;
4) кредиторлардан мәлімделген талаптардың негізі мен сомасын растайтын құжаттарды сұратуға;
5) ақпараттық жүйені қолдана отырып, Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасымен реттелетін қатынастарға қатысуға;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен кредиторлар жиналысы мен кредиторлар комитетінің, уәкілетті органның әрекеттеріне шағым жасауға құқылы.
2. Оңалтуды басқарушы тағайындалған күннен бастап және соттың оңалту жоспарын бекіту туралы ұйғарымы заңды күшіне енгенге дейін оңалтуды басқарушы:
1) кредиторлар талаптарының тізілімін жүргізуге;
2) осы Заңның 25-бабының 1-тармағында белгіленген әрекеттерді жасауға;
3) оңалту рәсімін тоқтату туралы өтінішпен осы Заңның 82-бабының 2-тармағында көзделген негіздердің бірі басталған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде сотқа жүгінуге;
4) осы Заңда және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де міндеттерді орындауға міндетті.
3. Соттың оңалту жоспарын бекіту туралы ұйғарымы заңды күшіне енгеннен кейін оңалтуды басқарушы:
1) борышкер мүлкін басқаруға қабылдауға және борышкер мүлкін қорғау мен бақылауды қамтамасыз етуге;
2) оңалту жоспарының орындалуын қамтамасыз етуге;
3) кредиторлар талаптарының тізілімін жүргізуге;
4) оңалту жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы өтінішхатты кредиторлар жиналысында келісілгеннен кейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей сотқа жіберуге;
5) кредиторлар комитетінің мүшелеріне осы Заңның 27-бабының 4-тармағында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде хабарлама жіберуге;
6) осы Заңның 25-бабының 1-тармағында белгіленген әрекеттерді жасауға;
7) осы Заңның 7-бабында көрсетілген мән-жайлар кезінде борышкер немесе ол уәкілеттік берген адам жасаған мәмілелерді анықтауға және сот тәртібімен, оның ішінде осындай мәмілені анықтаған кредитордың өтінішхаты бойынша оларды жарамсыз деп тану не мүлікті қайтару туралы талап қоюға;
8) әр айдың 15-күнінен кешіктірмей алдыңғы айдағы қаржылық жағдай, жүргізілген мәмілелер туралы ақпаратты кредиторлар комитеті мүшелерінің назарына жеткізуге, кредиторлар комитетінің талабы бойынша кез келген ақпаратты беруге;
9) уәкілетті органға оңалту рәсімінің жүзеге асырылу барысы туралы ағымдағы және сұратылатын ақпаратты уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша, тәртіппен және мерзімдерде беруге;
10) борышкердің кез келген кредиторына оның жазбаша сұрау салуы негізінде өз қызметінің жүзеге асырылу барысы, борышкердің қаржылық жағдайы туралы толық ақпаратты оны алған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей беруге;
11) бұрын оңалту рәсімінде борышкерді басқаруды борышкер - дара кәсіпкер не борышкер - заңды тұлға мүлкінің меншік иесі, құрылтайшысы (қатысушысы) уәкілеттік берген орган немесе тұлға не шеттетілген оңалтуды басқарушы жүзеге асырған жағдайларда, оңалту кезіндегі құқыққа сыйымсыз әрекеттер жасау фактілерін анықтауға;
12) оңалтуды басқарушы шеттетілген (босатылған) жағдайда жаңадан тағайындалған оңалтуды басқарушыға соңғысы тағайындалған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде құрылтай құжаттарын, есепке алу құжаттамасын, борышкердің мүлкіне құқық белгілейтін құжаттарды, мөрлерді (олар болған кезде), мөртабандарды, борышкерге тиесілі материалдық және өзге де құндылықтарды беруге;
13) осы Заңның 82-бабының 1-тармағында, 83-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларда және тәртіппен оңалту рәсімін тоқтату туралы өтінішпен сотқа жүгінуге;
14) сот оңалту рәсімін тоқтату, борышкерді банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғай отырып, оны тарату туралы шешім қабылдаған жағдайда, банкроттықты басқарушыға тағайындалған күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде - құрылтай құжаттарын, мөрлерді (олар болған кезде), мөртабандарды, он жұмыс күні ішінде - есепке алу құжаттамасын, жиырма жұмыс күні ішінде банкротқа тиесілі материалдық және өзге де құндылықтарды беруге;
15) осы Заңда және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де міндеттерді орындауға міндетті.
4. Егер борышкердің оңалту рәсімі қолданылғаннан кейін туындаған ақшалай міндеттемелерінің жалпы сомасы сот оңалту рәсімін қолдану туралы шешім қабылдаған күнге кредиторлық берешектің жалпы сомасының бес пайызынан асып түссе, оңалтуды басқарушы борышкердің жаңа ақшалай міндеттемелерінің туындауына алып келетін әрбір кейінгі мәмілені кредиторлар жиналысының келісімімен жасайды.
72-бап. Оңалту рәсімінде кредиторлар талаптарының тізілімін қалыптастыру
1. Уақытша әкімші оңалту туралы іс бойынша іс жүргізу қозғалған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде уәкілетті органға оңалту туралы іс бойынша іс жүргізуді қозғау және кредиторлардың талаптарды мәлімдеу тәртібі туралы хабарландыруды уәкілетті органның интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде орналастыру үшін жібереді.
Кредиторлардың талаптарын қабылдауды уақытша әкімші борышкердің орналасқан жері бойынша не әкімші ретінде қызметін бастағаны туралы хабарламада өзі көрсеткен әкімшінің тіркелген орны бойынша жүзеге асырады.
Уәкілетті орган хабарландыруды алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оны өзінің интернет-ресурсында орналастыруға міндетті.
Борышкердің интернет-ресурсы болған кезде көрсетілген интернет-ресурста хабарды жариялау міндетті болып табылады.
2. Кредиторлардың борышкерге қоятын талаптарын кредиторлардың талаптарды мәлімдеу тәртібі туралы хабарландыру жарияланған күннен бастап бір ай мерзімнен кешіктірмей өздері мәлімдеуге тиіс.
Кредиторлардың талаптарында:
1) талаптың сомасы туралы (негізгі борыштың, сыйақының (мүдденің), тұрақсыздық айыбы мен өзге де айыппұл санкцияларының, залалдар сомасы туралы жеке-жеке) мәліметтер қамтылуға тиіс. Талап сомасы көрсетілген талап мәлімделген күнге айқындалады;
2) осы Заңның 25-бабының 1-тармағында көзделген, кредиторлар жиналысын өткізу туралы хабарлама тәсілдерінің бірін көрсету қамтылуға тиіс.
Салыстыру үшін құжаттардың түпнұсқалары ұсыныла отырып, талаптың негізі мен сомасын растайтын құжаттардың (заңды күшіне енген сот шешімдері, шарттардың көшірмелері, борышкердің борышты мойындауы) көшірмелері талапқа қоса беріледі.
Кредиторлар талаптың негізі мен сомасын растайтын өзге құжаттарды да ұсынуға құқылы.
Егер сыйақы (мүдде) және залалдар бойынша осы тармақтың екінші бөлігінің 1) тармақшасында көрсетілген талап сомасы сот оңалту рәсімін қолдану туралы шешім қабылдаған күнге өзгерсе, онда кредитор сот осындай шешім қабылдаған күннен бастап он жұмыс күні ішінде көрсетілген өзгерісті ескере отырып, өзінің талаптарын қайта мәлімдейді.
Кредиторлардың шетел валютасында көрсетілген талаптары сот оңалту рәсімін қолдану туралы шешім қабылдаған күнге Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген ресми бағам бойынша теңгемен ескеріледі.
3. Кредитордың осы баптың 2-тармағында көрсетілген мерзімнен кешіктіріліп мәлімделген талабы кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізіледі, бірақ мұндай кредитор бір ай мерзімде мәлімделген кредиторлар талаптары толық қанағаттандырылғанға дейін кредиторлар жиналысында дауыс беру құқығынан айырылады.
4. Кредиторлардың талаптарын уақытша әкімші немесе оңалтуды басқарушы олар мәлімделген күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарауға тиіс.
Қарау нәтижелері бойынша танылған талаптар кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізуге жатады.
Кредиторлардың бұрын сотқа өздері мәлiмдеген талаптары, егер олар осы баптың 2-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген талаптарға сәйкес келсе, кредитордың өтініші болған кезде тiзiлiмге енгiзiлуi мүмкiн.
Кредиторлар талаптарының тізіліміне осы Заңның 90-бабының 7-тармағында көзделген талаптар енгізілмейді.
5. Кредиторлардың оңалту рәсiміне қатысуына байланысты шығыстары орнын толтыруға жатпайды.
6. Кредиторлардың талаптарын қарау нәтижелері туралы (талапты толық көлемде немесе бір бөлігін тану немесе танымау себептерін көрсете отырып танымау туралы) уақытша әкімші шешім қабылданған күннен кейінгі күні әрбір кредиторды жазбаша хабардар етуге міндетті.
Кредитордың талабын (толық көлемде немесе бір бөлігін) тану туралы хабарламада уақытша әкімші кредиторлардың алғашқы жиналысының өткізілетін күнін, уақытын, орнын және күн тәртібін көрсетуге міндетті.
Уақытша әкімшінің шешімімен келіспеген кезде кредитор уақытша әкімшінің хабарламасын алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде оңалту туралы істі қарайтын сотта оған шағым жасауға құқылы.
7. Уақытша әкімші тағайындалған күнінен бастап екі айдан кешіктірілмейтін мерзімде кредиторлар талаптарының тізілімін, сондай-ақ талаптары танылмаған кредиторлардың тізбесін уәкілетті орган белгілеген тәртіппен, мерзімдерде және нысан бойынша қалыптастыруға және уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастыру үшін қазақ және орыс тілдерінде уәкілетті органға жіберуге міндетті.
Уәкілетті орган уақытша әкімшіден кредиторлар талаптарының тізілімін алған күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірмей оны өзінің интернет-ресурсында орналастыруға міндетті.
Қалыптастырылған кредиторлар талаптарының тізіліміне өзгерістер мен толықтырулар уәкілетті орган айқындаған тәртіппен енгізіледі.
8. Кредитор кредиторлар талаптарының тізілімі жарияланған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде басқа кредиторлар талаптарының мөлшері мен негіздеріне шағым жасауға құқылы.»;
57) 73-бапта:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Оңалту жоспарында борышкердің төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жөніндегі нақты іс-шаралар (оңалту шаралары) және осы Заңның 77-бабының 2-тармағында көрсетілген кредиторлар талаптарын қанағаттандыру графигі қамтылуға тиіс.
Оңалту жоспарының үлгілік нысанын уәкілетті орган бекітеді.
Табиғи монополиялар субъектілері болып табылатын не Қазақстан Республикасының экономикасы үшін маңызды стратегиялық мәні бар, азаматтардың өміріне, денсаулығына, ұлттық қауіпсіздікке немесе қоршаған ортаға әсер ете алатын ұйымдардың және дара кәсіпкерлердің оңалту жоспары - тиісті орталық атқарушы органмен, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тиісті аумақтық органымен, ал қала құраушы заңды тұлғалардың оңалту жоспары - облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың тиісті жергілікті атқарушы органымен келісіледі.
Ұсынылған оңалту жоспарын осы тармақтың үшінші бөлігінде көрсетілген келісетін мемлекеттік органдар келіп түскен күнінен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды.»;
2-тармақ:
«кредиторлармен» деген сөзден кейін «және оңалтуды басқарушымен» деген сөздермен толықтырылсын;
мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
«Әзірленген оңалту жоспары бір кезектегі кредиторлар талаптарын қанағаттандырудың тең шарттарын көздеуге тиіс.»
5-тармақтағы «ақшалай қаражат» деген сөздер «ақша» деген сөзбен ауыстырылсын;
6 және 7-тармақтар алып тасталсын;
9-тармақтағы «2)» деген цифр «4)» деген цифрмен ауыстырылсын;
11-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«11. Сот:
1) егер оңалту жоспарына қарсы дауыс берген кредитор сотқа оңалту жоспарында іске асырылуы осындай кредитордың талаптарын банкроттық рәсімін қолдануға қарағанда аз көлемде қанағаттандыруға алып келетін іс-шаралардың қамтылғандығы жөнінде негіздеме ұсынған;
2) осы Заңның 26-1-бабының талаптары сақталмаған жағдайларда, оңалту жоспарын бекітуден бас тартады.»;
11-1-тармақ алып тасталсын;
12-тармақта:
3) және 4) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
«3) борышкерді басқару құқығының оңалтуды басқарушыға өтуі туралы;
4) борышкердің оңалту жоспарын бекіту туралы ұйғарым шығарылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде - оңалтуды басқарушыға құрылтай құжаттарын, мөрлерді (олар болған кезде), мөртабандарды, он бес жұмыс күні ішінде - есепке алу құжаттамасын, екі ай ішінде материалдық және өзге де құндылықтарды беруі туралы нұсқаулар қамтылуға тиіс.»;
мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
«Кредиторлар жиналысы борышкерді басқару жөніндегі өкілеттікті оңалтуды басқарушыға осы Заңның 69-бабының 2-тармағында көзделген тәртіппен жүктеген жағдайда осы тармақтың бірінші бөлігі 3) және 4) тармақшаларының ережелері қолданылады.»;
58) 75-бапта:
тақырып мынадай редакцияда жазылсын:
«75-бап. Кредиторлар жиналысының оңалту рәсіміндегі өкілеттігі»;
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Кредиторлардың алғашқы жиналысын уақытша әкімші кредиторлар талаптарының тізілімі уәкілетті органның интернет-ресурсында жарияланғаннан кейін оңалту туралы істің сотта қаралу кезеңінде өткізеді.»;
мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:
«1-1. Кредиторлардың алғашқы жиналысының құзыретіне:
1) борышкерді басқару жөніндегі өкілеттікті борышкер - дара кәсіпкерге не борышкер - заңды тұлға мүлкінің меншік иесі, құрылтайшысы (қатысушысы) уәкілеттік берген органға немесе тұлғаға жүктеу туралы шешім қабылдау;
2) әкімші қызметін жүзеге асыру құқығы бар тұлғалар хабарламаларының тізіліміне енгізілген тұлғалар арасынан оңалтуды басқарушының кандидатурасын таңдау;
3) борышкерді басқару жөніндегі өкілеттік жүктелген жағдайларда оңалтуды басқарушыға негізгі сыйақыны төлеу мөлшерін айқындау;
4) борышкер - дара кәсіпкердің не борышкерді басқару жөніндегі өкілеттік борышкер - заңды тұлға мүлкінің меншік иесі, құрылтайшысы (қатысушысы) уәкілеттік берген органға немесе тұлғаға жүктелген жағдайларда, осындай органның немесе тұлғаның ақшалай сыйақысының сомасын айқындау;
5) уақытша әкімші осы Заңның 49-бабы 4-тармағының 3) тармақшасында көзделген қаржылық орнықтылық туралы қорытындыны жасаған жағдайда оңалту рәсімін қолдануды келісу жатады.»;