7) заңды жауаптылықты енгізуге;
8) экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл бойынша мәселелерді реттеуге қолданылмайды.
3. Жаңа реттегіш құралды енгізу немесе реттеуді қатаңдату кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында мақұлдағаннан кейін ғана жүзеге асырылады.
Кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік саласындағы заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдарды әзірлеу мақсатында құрылатын, Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады, оның негізгі функциялары:
1) реттеушілік әсерді талдау нәтижелерін қарау;
2) Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызметті реттеудің жай-күйі туралы жылдық есепті қарау және мақұлдау;
3) сараптама топтарының ұсынымдарын қарау және олар бойынша шешімдер қабылдау;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асыру болып табылады.
Кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның:
1) орталық атқарушы және басқа да мемлекеттік органдармен және ұйымдармен өзара іс-қимыл жасауға;
2) Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік саласындағы заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныстар мен ұсынымдар енгізуге;
3) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен ұйымдарының өкілдерін кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырыстарына шақыруға және оларды кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша тыңдауға;
4) мемлекеттік органдардан және басқа да ұйымдардан қажетті материалдарды сұратуға және алуға;
5) уақытша және тұрақты жұмыс істейтін сараптама топтарын құруға және олардың ережесін бекітуге құқығы бар.
Осы тармақтың талаптары Қазақстан Республикасы заңдары жобаларының тұжырымдамаларында және Қазақстан Республикасы заңдарының жобаларында реттегіш құралды енгізу немесе реттеуді қатаңдату жағдайларын қоспағанда, өңірлік маңызы бар актілердің жобаларына, сондай-ақ осы баптың 2-тармағының 3) және 4) тармақшаларында көзделген жағдайларға қолданылмайды.
Өңірлік маңызы бар актілер деп Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары және жергілікті өкілді және атқарушы органдар, оның ішінде тиісті аумақтың әкімі қабылдаған нормативтік құқықтық актілер түсініледі.
83-бап. Реттеушілік әсерді талдау
1. Кейіннен мемлекеттік реттеу мақсаттарына қол жеткізуді бағалауға мүмкіндік беретін, енгізілетін реттегіш құралдың және онымен байланысты талаптардың пайдасы мен шығындарын салыстырудың талдамалық рәсімі реттеушілік әсерді талдау болып табылады.
Белгілі бір мақсаттарға қол жеткізу немесе анық айқындалған проблемаларды шешу үшін реттеудің баламалы тәсілдерін бағалау арқылы нақты реттегіш құралдарды пайдалану бөлігінде мемлекеттік саясаттың пәрменділігі мен тиімділігін арттыру реттеушілік әсерді талдаудың мақсаты болып табылады.
2. Реттеушілік әсерді талдау реттегіш құрал енгізілгенге дейін және енгізілгеннен кейін, оның ішінде өздеріне қатысты бұрын реттеушілік әсерді талдау жүргізілмеген қолданыстағы реттегіш құралдар бойынша жүргізіледі.
Енгізілген реттегіш құралдардың, сондай-ақ қолданыстағы реттегіш құралдардың реттеушілік әсерін талдау реттеуші мемлекеттік органдар жыл сайын бекітетін қайта қарау жоспарларына сәйкес, оның ішінде кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органның, Ұлттық палатаның негізделген ұсыныстары ескеріліп жүзеге асырылады.
Осы Кодекстің 80-бабы 2-тармағының 6) тармақшасында көрсетілген құжаттарға қатысты қайта қарау жоспарын облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы жыл сайын, оның ішінде өңірлік кәсіпкерлер палатасының негізделген ұсыныстарын ескеріп бекітеді.
Қолданыстағы реттегіш құралдарды қайта қарау бойынша жоспарларды мемлекеттік органдардың орындамауы туралы ақпарат кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның қарауына шығарылады.
3. Реттеушілік әсерді талдаудың нәтижелері бойынша реттегіш құралды қолдану тиімділігіне қарай реттегіш құралдың күші жойылуы немесе өзгеше түрде қайта қаралуы мүмкін.
Реттегіш құралды енгізу кезінде мәлімделген, кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу мақсаттарына қол жеткізілмеген жағдайда, оның күші жойылуға жатады.
4. Реттеушілік әсерді талдауды мемлекеттік органдар осы Кодекстің 80-бабының 2-тармағында көзделген құжаттардың жобаларына қатысты, сондай-ақ кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган, Ұлттық палата және басқа да мүдделі тұлғалар кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүргізеді.
Бұл ретте соларға қатысты реттеушілік әсерді талдауды олардың әзірлеушілері жүргізетін өңірлік маңызы бар актілерді қоспағанда, реттеушілік әсерді талдауды реттеуші мемлекеттік органдар жүргізеді.
5. Реттеушілік әсерге талдау жүргізу жаңа реттегіш құралды енгізудің немесе реттеуді қатаңдатудың міндетті шарты болып табылады.
6. Кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган:
1) реттеушілік әсерді талдау нәтижелерін қарайды және өңірлік маңызы бар актілердің жобаларын қоспағанда, реттеуші мемлекеттік органдардың, Ұлттық палатаның және басқа да мүдделі тұлғалардың белгіленген рәсімдерді сақтауы туралы қорытынды береді;
2) реттеушілік әсерді талдаудың түйіндерімен келіспеген жағдайда, реттеушілік әсерге баламалы талдау жүргізеді.
7. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың кәсіпкерлік саласындағы басшылықты жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органы:
1) реттеушілік әсерді талдау нәтижелерін қарайды және өңірлік маңызы бар актілердің жобаларын әзірлеушілердің, өңірлік палатаның және басқа да мүдделі тұлғалардың белгіленген рәсімдерді сақтауы туралы қорытынды береді;
2) реттеушілік әсерді талдаудың түйіндерімен келіспеген жағдайда, реттеушілік әсерге баламалы талдау жүргізеді.
Реттеушілік әсерді талдау нәтижелері «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес құрылатын, ведомствоаралық сипаттағы мәселелер бойынша облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімдігінің жанындағы консультативтік-кеңесші органның қарауына шығарылады, олардың мақұлдануы жаңа реттегіш құралды енгізудің немесе реттеуді қатаңдатудың міндетті шарты болып табылады.
8. Реттеушілік әсерді талдаудың және реттеушілік әсерге баламалы талдаудың нәтижелері жалпыға қолжетімді интернет-ресурстарда орналастырылады.»;
10) 84-бапта:
1-тармақта:
бірінші бөлік мынадай мазмұндағы 1-1) және 4) тармақшалармен толықтырылсын:
«1-1) кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеу;»;
10-тармақтың 10) тармақшасының бесінші абзацы 2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
«4) бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу шеңберінде табиғи монополиялар және квазимемлекеттік сектор субъектілері көрсететін міндетті қызметтердің тізбесін бекіту.»;
екінші бөліктің 4) тармақшасы алып тасталсын;
төртінші бөлік алып тасталсын;
11) 85-баптың 2-тармағында:
3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«3) тексеру парақтарының нысандарын әзірлейді және бекітеді;»;
мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:
«3-1) құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы уәкілетті органмен бақылау және қадағалау органдарының тексерулерді және профилактикалық бақылау мен қадағалауды есепке алу жөніндегі ақпаратымен алмасу бойынша өзара іс-қимыл жасайды;»;
10) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«10) Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың кәсіпкерлік саласындағы басшылықты жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органдарының реттеушілік әсерді талдау жөніндегі жұмыстың жай-күйі туралы есептерін қарайды;»;
мынадай мазмұндағы 10-1), 13-1), 13-2) және 13-3) тармақшалармен толықтырылсын:
«10-1) кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның қызметін қамтамасыз етеді;»;
«13-1) ақпараттық құралдардың тізбесін әзірлейді және бекітеді;
13-2) бизнес жүргізудің жеңілдігі бойынша өңірлер мен қалалар рейтингін жүргізеді;
13-3) бизнес жүргізудің жеңілдігі бойынша өңірлер мен қалалар рейтингін жүргізу әдістемесін әзірлейді және бекітеді;»;
12) 86-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы 4-1) тармақшамен толықтырылсын:
«4-1) құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы уәкілетті органның мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүргізуді жетілдіру жөніндегі ұсыныстарын қарау және шешімдерді, оның ішінде Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жолымен қабылдау;»;
13) 90-бапта:
1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«1) өз құзыреті шегінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына рұқсат етілетін шекті бөлшек сауда бағаларын бекітуді және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына рұқсат етілетін шекті бөлшек сауда бағалары мөлшерінің сақталуына мемлекеттік бақылауды;»;
мынадай мазмұндағы 2-1) және 2-2) тармақшалармен толықтырылсын:
«2-1) реттеушілік әсерге баламалы талдау жүргізуді;
2-2) кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органға реттеушілік әсерді талдау жөніндегі жұмыстың жай-күйі туралы есептер ұсынуды;»;
14) 90-2-баптың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«3) экономикалық шоғырлануды реттеу;»;
15) 90-6-бапта:
6) тармақша алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 6-1) және 7-1) тармақшалармен толықтырылсын:
«6-1) экономикалық шоғырлануға келісім алу туралы өтінішхатты қарайды;»;
10-тармақтың 15) тармақшасының бесінші абзацы 2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
«7-1) бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу шеңберінде табиғи монополиялар және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің міндетті қызметтерді көрсету қағидаларын әзірлейді және бекітеді;»;
22) тармақшаның бесінші абзацындағы «экономикалық шоғырлануға мемлекеттік бақылауды жүзеге асырған кезде» деген сөздер «экономикалық шоғырлануды реттеу кезінде» деген сөздермен ауыстырылсын;
33) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«33) нарық субъектісінің, мемлекеттік, жергілікті атқарушы органның, мемлекет нарық субъектілерінің қызметін реттеу функцияларын берген ұйымның әрекеттерінде (әрекетсіздігінде) Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылық белгілерінің болуы туралы хабарламаны нарық субъектілеріне, мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдарға, мемлекет нарық субъектілерінің қызметін реттеу функцияларын берген ұйымдарға жібереді;»;
мынадай мазмұндағы 39-1) тармақшамен толықтырылсын:
«39-1) мемлекеттік монополия субъектілерінің мемлекеттік тізілімін қалыптастырады және жүргізеді;»;
16) 90-7-баптың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«Монополияға қарсы орган қызметкерлерінің қызметтік міндеттерін атқару, оның ішінде Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылуы туралы өтініштерді қарау, Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылық туралы істерді тергеп-тексеру, экономикалық шоғырлануды реттеу және бәсекелестік деңгейінің жай-күйін айқындау кезінде, өздеріне жүктелген өкілеттіктерге сәйкес қызметтік куәліктерін және монополияға қарсы органның Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтарға тергеп-тексеру жүргізу туралы шешімін көрсеткен кезде:»;
17) 94-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 6-1) тармақшамен толықтырылсын:
«6-1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке кәсіпкерлік субъектілері шығарған және қызметін Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын қор биржасының тізіміне енгізілген облигациялар бойынша купондық сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау;»;
18) 95-баптың 1-тармағының үшінші бөлігі мынадай мазмұндағы 7-1) тармақшамен толықтырылсын:
«7-1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке кәсіпкерлік субъектілері шығарған және қызметін Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын қор биржасының тізіміне енгізілген облигациялар бойынша купондық сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау;»;
19) 98-баптың 1-тармағы екінші бөлігінің 4) және 5) тармақшалары алып тасталсын;
20) 100-бапта:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Индустрия және индустриялық-инновациялық даму мен шикізаттық емес экспортты ілгерілету саласындағы басшылықты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шектерде салааралық үйлестіруді және индустриялық-инновациялық қызметті және шикізаттық емес экспортты ілгерілету саласындағы мемлекеттік қолдауды іске асыруға қатысуды жүзеге асыратын орталық атқарушы орган индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті орган болып табылады.»;
2-тармақта:
5) тармақша «әзірлейді» деген сөзден кейін «және бекітеді» деген сөздермен толықтырылсын;
11) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«11) дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалардың, олармен үлестес заңды тұлғалардың, ұлттық басқарушы холдингтердің (Ұлттық әл-ауқат қорын қоспағанда), ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың (Ұлттық әл-ауқат қорының тобына кіретін ұлттық компанияларды қоспағанда) және олармен үлестес заңды тұлғалардың технологиялар мен инновацияларды дамыту бөлігінде даму стратегиялары мен жоспарларын келіседі;»;
мынадай мазмұндағы 24-2), 24-3), 24-4), 24-5), 24-6), 24-7) және 24-8) тармақшалармен толықтырылсын:
«24-2) құзыреті шегінде шикізаттық емес экспортты дамытуды және ілгерілетуді жүзеге асырады;
24-3) Қазақстан Республикасы салалық мемлекеттік органдарының шикізаттық емес экспортты дамыту және ілгерілету мәселелері жөніндегі жұмысын үйлестіреді;
24-4) Қазақстан Республикасының салалық мемлекеттік органдарымен шикізаттық емес экспортты дамыту және ілгерілету мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасайды;
24-5) шикізаттық емес экспортты ілгерілету мәселелері жөніндегі нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;
24-6) Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелерін ескере отырып, экспортты ілгерілету жөніндегі шараларды әзірлейді және бекітеді;
24-7) шикізаттық емес экспорт саласындағы салалық бағдарламаларды келіседі;
24-8) құзыреті шеңберінде мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы мен орындалуын қамтамасыз етеді және оған жауапты болады;»;
21) 101-баптың 2-тармағының 5) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«5) дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалардың, олармен үлестес заңды тұлғалардың, ұлттық басқарушы холдингтердің (Ұлттық әл-ауқат қорын қоспағанда), ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың (Ұлттық әл-ауқат қорының тобына кіретін ұлттық компанияларды қоспағанда) және олармен үлестес заңды тұлғалардың даму стратегиялары мен жоспарларын индустриялық-инновациялық даму мақсаттарына сәйкестігі тұрғысынан келіседі;»;
22) 103-бап мынадай мазмұндағы 1-1), 3-1), 3-2) және 3-3) тармақшалармен толықтырылсын:
«1-1) құзыреті шегінде шикізаттық емес экспортты ілгерілетуді жүзеге асырады;»;
«3-1) индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органға шикізаттық емес экспортты ілгерілету жөнінде ақпарат береді;
3-2) Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелерін ескере отырып, өз құзыреті шегінде шикізаттық емес экспортты ілгерілету жөніндегі шараларды әзірлейді;
3-3) өз құзыреті шеңберінде мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы мен орындалуын қамтамасыз етеді және оған жауапты болады;»;
23) 105-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 8-1) және 8-2) тармақшалармен толықтырылсын:
«8-1) құзыреті шегінде шикізаттық емес экспортты ілгерілетуді жүзеге асырады;
8-2) құзыреті шегінде шикізаттық емес экспортты дамыту үшін жағдайлар жасайды;»;
24) 107-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Қызметтің немесе әрекеттердің (операциялардың) қауіптілік деңгейлері осы Кодекстің 83-бабына сәйкес жүргізілетін реттеушілік әсерді талдау негізінде белгіленеді.»;
25) 109-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібін енгізу үшін реттеуші мемлекеттік органдар осы Кодекстің 83-бабына сәйкес реттеушілік әсерді талдау рәсімін алдын ала жүргізуге тиіс.»;
10-тармақтың 26) тармақшасы 2018 ж. 29 қарашада қолданысқа енгізілді
26) мынадай мазмұндағы 9-1-тараумен толықтырылсын:
«9-1-тарау. Ақпараттық құралдар
112-1-бап. Ақпараттық құралдар
1. Ақпараттық құралдар деп мемлекеттік органдарға немесе өзге де тұлғаларға нормативтік құқықтық актілерде белгіленген, бір мезгілде төмендегі барлық өлшемшарттарға сәйкес келетін ақпаратты беру талаптары түсініледі:
1) ақпарат беру міндетті болып табылады және оны бермеу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа алып келеді;
2) ақпаратты жеке кәсіпкерлік субъектілері береді.
2. Осы тараудың ережелері салықтық, кедендік, қаржылық саясат саласында бар, сондай-ақ бір реттеу субъектісіне қолданылатын ақпараттық құралдарға қолданылмайды.
Осы тараудың мақсаттары үшін қаржылық саясат деп қаржы ұйымдарының, қаржы ұйымдары болып табылмайтын сақтандыру нарығына қатысушылардың, микроқаржы ұйымдарының, коллекторлық агенттіктердің, қаржы ұйымдарына ірі қатысушылардың, эмиссиялық бағалы қағаздар эмитенттерінің, кредиттік бюролардың, сақтандыру топтарының және банк конгломераттарының құрамына кіретін тұлғалардың, төлем қызметтерін көрсететін нарық субъектілерінің қызметімен, валюталық құқық қатынастарын реттеумен, қаржылық қызметтер көрсетумен, сондай-ақ қаржы құралдарын шығарумен, олардың айналысымен, өтеумен және күшін жоюмен байланысты қатынастар жиынтығы түсініледі.
112-2-бап. Ақпараттық құралдардың түрлері
Ақпараттық құралдардың мынадай түрлері болады:
1) мемлекеттік органдарға тұрақты негізде ұсынылатын мерзімді есептілік;
2) мемлекеттік органдардың мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруы кезінде ғана берілетін ақпаратты қоспағанда, мемлекеттік органның бастамасы бойынша ақпаратты біржолғы беру;
3) рұқсат беру рәсімдерінің немесе өзге де бастамашылық өтініштердің шеңберінде жеке кәсіпкерлік субъектісінің бастамасы бойынша берілетін ақпаратты қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда мемлекеттік органдарға ақпаратты біржолғы беру;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында тікелей көзделген жағдайларда, үшінші тұлғаларға берілетін ақпарат.
112-3-бап. Ақпараттық құралдарды енгізу ерекшеліктері
1. Ақпараттық құралдар нормативтік құқықтық актілерде тікелей көзделген жағдайларда ғана енгізіледі.
2. Ақпараттық құралдарды енгізуді көздейтін нормативтік-құқықтық актілер қолданысқа енгізілгеннен кейін реттеуші мемлекеттік орган ақпараттық құралдардың тізбесіне толықтырулар енгізуге бастамашылық жасауға тиіс.»;
27) 117-бапта:
1-тармақтың екінші және төртінші бөліктеріндегі «сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган» деген сөздер «жергілікті атқарушы органдар» деген сөздермен ауыстырылсын;
3-тармақтағы «сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган» деген сөздер «жергілікті атқарушы орган сауда қызметі субъектілерімен консультациялар өткізгеннен кейін» деген сөздермен ауыстырылсын;
28) 120-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
«Уәкілетті мемлекеттік органдар мемлекеттік монополия субъектісі өндіретін және өткізетін тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге баға белгілеу қағидаларына сәйкес мемлекеттік монополия субъектілерінің өтінімдерін қарау кезінде жария тыңдаулар өткізеді.»;
29) 124-5-баптың 1-тармағы 5) тармақшасының үшінші абзацындағы «көрсетілетін қызметтерді қоспағанда, жүктерді теміржол көлігімен тасымалдау және локомотивтік тартқыш жөніндегі қызметтерді көрсету салаларында қоғамдық маңызы бар нарықтар субъектілерінің тауарларына (жұмыстарына, көрсетілетін қызметтеріне) қолданылады.» деген сөздер «көрсетілетін қызметтерді;» деген сөздермен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы төртінші абзацпен толықтырылсын:
«контейнерлерде, контрейлерлік жөнелтілімдермен жүктерді, бос контейнерлерді және бос фитингілік платформаларды теміржол көлігімен тасымалдау жөніндегі көрсетілетін қызметтерді қоспағанда, жүктерді теміржол көлігімен тасымалдау және локомотивтік тартқыш жөніндегі қызметтерді көрсету салаларында қоғамдық маңызы бар нарықтар субъектілерінің тауарларына (жұмыстарына, көрсетілетін қызметтеріне) қолданылады.»;
30) 129-бапта:
2 және 4-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Осы баптың 5-тармағында және осы Кодекстің 140-бабының 3 және 5-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, бақылау және қадағалау субъектiлеріне мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүргiзудi ұйымдастыру саласындағы қатынастарды мемлекеттік реттеу құқықтық мәртебесiне және қызмет түрлерiне қарамастан, осы Кодекске сәйкес жүзеге асырылады.»;
«4. Осы Кодекстің 130 және 131-баптарын қоспағанда, осы тараудың күші:
1) кеден ісі саласындағы мемлекеттік бақылауға;
2) жер қойнауын пайдаланушылардың жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар және (немесе) лицензиялар талаптарын орындауын бақылауға байланысты қатынастарға қолданылмайды.»;
6-тармақ алып тасталсын;
7 және 8-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«7. Осы баптың 4 және 5-тармақтарында санамаланған қатынастарға ішкі бақылау бөлігінде «Әкімшілік рәсімдер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының күші қолданылады.
8. Осы баптың 4 және 5-тармақтарында көрсетілген, бақылау және қадағалау жүргізу кезінде туындайтын қатынастар Қазақстан Республикасының көрсетілген салалардағы қатынастарды реттейтін заңдарында белгіленеді.»;
11-тармақ алып тасталсын;
31) 130-баптың 2-тармағындағы «142-бабының 1-тармағында,» деген сөздер алып тасталсын;
32) 132-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«132-бап. Мемлекеттік бақылау және қадағалау субъектілері мен объектілері. Мемлекеттік бақылау және қадағалау субъектілерінің (объектілерінің) қызметіне қойылатын талаптар
1. Қызметіне мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүзеге асырылатын жеке тұлғалар, заңды тұлғалар, оның ішінде мемлекеттік органдар, заңды тұлғалардың филиалдары мен өкілдіктері мемлекеттік бақылау және қадағалау субъектілері болып табылады.
Мемлекеттік бақылау және қадағалау субъектiсінде меншік құқығымен немесе өзге де заңды негізде болатын, мемлекеттік бақылауға және қадағалауға жататын мүлік мемлекеттік бақылау және қадағалау объектісі болып табылады.
2. Мемлекеттік бақылау және қадағалау субъектiлерінiң (объектілерінің) қызметiне қойылатын талаптар нормативтiк құқықтық актiлерде, ал Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарында және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларында ғана белгiленедi.»;
33) 135-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Бақылау және қадағалау органының өз қызметін жүзеге асыру барысында жедел ден қою шараларын қолдану құқығымен Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарын қадағалау субъектілерінің сақтауын тексеру, профилактика жүргізу және байқау жөніндегі қызметі мемлекеттік қадағалау (бұдан әрі - қадағалау) болып табылады, оның нәтижелері бойынша әкімшілік жазалар қолданылуы мүмкін.»;
34) 137-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«137-бап. Бақылау және қадағалау нысандары
1. Бақылау және қадағалау субъектілерінің (объектілерінің) қызметін бақылау және қадағалау:
1) ұйымдастыру және жүргізу тәртібі - осы Кодексте, ал осы Кодексте көзделген жағдайларда Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында айқындалатын тексеру;
2) егер «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) өзгеше көзделмесе, ұйымдастыру және жүргізу тәртібі осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында айқындалатын, алдын алу-профилактикалық сипаттағы профилактикалық бақылау мен қадағалау нысанында жүзеге асырылады.
2. Профилактикалық бақылау мен қадағалау:
1) бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау мен қадағалауға;
2) бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау мен қадағалауға бөлінеді.
3. Бақылау және қадағалау органы осы Кодекстің 141-бабының 3-тармағына сәйкес бақылаудың және қадағалаудың нақты субъектісіне (объектісіне) қатысты жүзеге асыратын, құқық бұзушылықтардың профилактикасына, адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне олардан төнетін қатердің профилактикасы мен алдын алу мақсатында олардың жасалу себептері мен жағдайларын жою үшін ұсынымдар беруге бағытталған бақылау мен қадағалау бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау мен қадағалау болып табылады.