1. Мемлекеттік инвестициялық жобаның инвестициялық ұсынысын, бюджеттік инвестициялардың қаржылық-экономикалық негіздемесін мемлекеттік орган ақпараттандыру және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету салаларындағы қорытындыларды алу үшін уәкілетті органға және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органға енгізеді.
Инвестициялық ұсыныстарға, қаржылық-экономикалық негіздемелерге ақпараттандыру саласында сараптама жүргізу инвестициялық ұсыныстарға, бюджеттік инвестициялардың қаржылық-экономикалық негіздемелеріне ақпараттандыру саласында сараптама жүргізу қағидаларына сәйкес жүргізіледі.
2. «Электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілерін құруға және дамытуға бағытталған бюджеттік инвестициялық жобалар бойынша инвестициялық ұсыныс «электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектісін құруға және дамытуға арналған техникалық тапсырма қоса беріліп, қорытындыға енгізіледі.
Шығыстардың есеп-қисабының негіздемесі, «электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілерін құруға және дамытуға бағытталған бюджеттік инвестициялық жобаның жүзеге асырылуы мен тиімділігін айқындау тұрғысынан бағалауды уәкілетті орган жүзеге асырады және ақпараттандыру саласындағы қорытындыда көрсетіледі.
3. Инвестициялық ұсынысты уәкілетті орган және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган келіп түскен күннен бастап жиырма жұмыс күнінен аспайтын мерзімде қарайды.
4. Ақпараттандыру және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету салаларындағы бюджеттік инвестициялардың қаржылық-экономикалық негіздемесіне қорытындылар толық құжаттар топтамасы келіп түскен күннен бастап отыз жұмыс күнінен кешіктірілмей беріледі.»;
22-тармақтың 33) тармақшасы 2019 ж. 30 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді
33) 58-бап алып тасталсын;
22-тармақтың 34) тармақшасы 2019 ж. 30 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді
34) 59-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«59-бап. Ақпараттандыру және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету салаларындағы техникалық құжаттаманы және мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша құжаттаманы келісу
1. «Электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектісін құруға және дамытуға арналған техникалық тапсырманы келісуді уәкілетті орган және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган «электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілерін құруға және дамытуға арналған техникалық тапсырмаларды жасау және қарау қағидаларында айқындалған тәртіппен және мерзімдерде жүзеге асырады.
2. «Электрондық үкiметтiң» сервистік интеграторы әзірлеген ақпараттық-коммуникациялық көрсетілетін қызметті жобалауға арналған тапсырманы келісу ақпараттандырудың сервистік моделін іске асыру қағидаларында айқындалған тәртіппен және мерзімдерде жүзеге асырылады.
3. Ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің республикалық және жергілікті жобалары шеңберінде «электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілерін құру және дамыту кезінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының конкурстық құжаттамасы, жекеше әріптесті айқындау жөніндегі тікелей келіссөздер кезінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасына бизнес-жоспар Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы заңнамасына сәйкес уәкілетті органмен келісіледі.».
23. «Мемлекеттік сатып алу туралы» 2015 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2015 ж., № 23-II, 171-құжат; 2016 ж., № 7-II, 55-құжат; № 8-II, 72-құжат; № 24, 126-құжат; 2017 ж., № 4, 7-құжат; № 9, 18-құжат; № 14, 51-құжат; № 23-III, 111-құжат; № 24, 115-құжат; 2018 ж., № 10, 32-құжат; № 11, 37-құжат; № 13, 41-құжат; № 22, 82-құжат):
1-баптың 7) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«7) мемлекеттік қорғаныстық тапсырыстың құрамына кіретін әскери мақсаттағы тауарлар (өнімдер), қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарлар (өнімдер), әскери мақсаттағы жұмыстар мен әскери мақсаттағы көрсетілетін қызметтер;».
24-тармақ 2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
24. «Стандарттау туралы» 2018 жылғы 5 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2018 ж., № 17-18, 59-құжат):
1) 6-баптағы «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының», «Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі» деген сөздер тиісінше «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың», «қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс саласындағы уәкілетті орган» деген сөздермен ауыстырылсын;
2) 15-баптың 5) тармақшасындағы «стандарттау жөніндегі құжаттарды (әскери ұлттық стандарттарды қоспағанда)» деген сөздер «егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, стандарттау жөніндегі құжаттарды» деген сөздермен ауыстырылсын.
2-бап.
1. Осы Заң:
1) 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 4-тармағының 1) тармақшасын және 15-тармағының 1) тармақшасын;
2) алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізілетін 1-баптың 1-тармағының 1), 4) және 5) тармақшаларын, 2-тармағын, 22-тармағының 1), 2), 3), 4), 5), 7), 8), 9), 10), 11), 12), 13), 14), 15), 16), 17), 18), 19), 20), 21), 22), 23), 24), 25), 26), 27), 28), 29), 30), 31), 32), 33) және 34) тармақшаларын;
3) алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілетін 1-баптың 22-тармағының 6) тармақшасын;
4) 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 4-тармағының 2) тармақшасын, 11-тармағы 2) тармақшасының екінші және үшінші абзацтарын, 20-тармағы 4) тармақшасының екінші абзацын және 24-тармағын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. Техникалық-экономикалық негіздемесі осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін бекітілген, сондай-ақ техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуге бюджет қаражаты бөлінген ақпараттық жүйелерді құруға және дамытуға бағытталған мемлекеттік инвестициялық жобаларды жоспарлау осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін қолданыста болған тәртіппен жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2019 жылғы 18 наурыз
№ 237-VІ