4-тармақта:
екінші бөліктегі «бес жұмыс күнінен» деген сөздер «қырық бес күннен» деген сөздермен ауыстырылсын;
үшінші бөліктегі «растайтын» деген сөз «көрсетілген өзгерістер болған кезден бастап отыз күн ішінде уәкілетті органға растайтын» деген сөздермен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы 5, 6, 7-тармақтармен толықтырылсын:
«5. Егер сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ірі қатысушысы Қазақстан Республикасының резиденті-қаржы ұйымы болып табылса, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ірі қатысушысы осы баптың 4-тармағының 1)-3) тармақшаларында көзделген ақпаратты береді, бұл ретте, егер сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ірі қатысушысы уәкілетті органға осы қаржылық есептілікті талап етілген кезеңге табыс етсе, қаржылық есептілік және оған түсіндірме жазба табыс етілмейді.
6. Өзі орналасқан елде шоғырландырылған қадағалауға жататын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының дауыс беретін акцияларының жиырма бес және одан да көп процентін тікелей немесе жанама иеленетін (дауыс беру мүмкіндігі бар) Қазақстан Республикасының резиденті емес ірі қатысушы қаржы жылы аяқталған соң жүз жиырма күн ішінде уәкілетті органға аудиторлық ұйым растамаған шоғырландырылған және шоғырландырылмаған жылдық қаржылық есептілікті және оған түсіндірме жазбаны табыс етуге тиіс.
Өзі орналасқан елде шоғырландырылған қадағалауға жататын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының дауыс беретін акцияларының жиырма бес және одан да көп процентін тікелей немесе жанама иеленетін (дауыс беру мүмкіндігі бар) Қазақстан Республикасының резиденті емес ірі қатысушының жылдық шоғырландырылған қаржылық есептілігіне түсіндірме жазбада мынадай ақпарат:
1) ірі қатысушының (сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының дауыс беретін акцияларының жиырма бес және одан да көп процентін иеленетін (дауыс беру мүмкіндігі бар) заңды тұлғаның) қызмет түрлерінің сипаттамасы;
2) ірі қатысушы (сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының дауыс беретін акцияларының жиырма бес және одан да көп процентін иеленетін (дауыс беру мүмкіндігі бар) заңды тұлға) қатысушысы (акционері) болып табылатын әрбір ұйымның атауы, оның жарғылық капиталындағы қатысу үлесінің мөлшері (тиесілі акцияларының саны), қызмет түрінің немесе түрлерінің сипаттамасы;
3) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ірі қатысушысының ірі қатысушысы (акционері) болып табылатын әрбір ұйымның атауы, оның жарғылық капиталындағы қатысу үлесінің мөлшері (өзіне тиесілі акциялардың саны), осы ұйымның қызмет түрінің немесе түрлерінің сипаттамасы көрсетілуге тиіс.
7. Қазақстан Республикасының резиденті емес болып табылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ірі қатысушысы уәкілетті органға қаржылық есептілікті, оған түсіндірме жазбаны және осы бапта көзделген өзге де мәліметтерді қазақ немесе орыс тілдерінде табыс етеді.».
5. «Акционерлік қоғамдар туралы» 2003 жылғы 13 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2003 ж., № 10, 55-құжат; № 21-22, 160-құжат; 2004 ж., № 23, 140-құжат; 2005 ж., № 14, 58-құжат; 2006 ж., № 10, 52-құжат; № 16, 99-құжат; 2007 ж., № 4, 28, 33-құжаттар; № 9, 67-құжат; № 20, 153-құжат; 2008 ж., № 13-14, 56-құжат):
1) 1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
1) айқын басым көпшілік - акционерлік қоғамның дауыс беретін акцияларының жалпы санының кемінде төрттен үш бөлігі мөлшеріндегі көпшілік;
2) айырбасталатын бағалы қағаз - акционерлік қоғамның шығарылым проспектісімен айқындалатын талаптар мен тәртіп арқылы оның бағалы қағазының басқа түріне айырбасталуға жататын бағалы қағазы;
3) акционер - акцияның меншік иесі болып табылатын тұлға;
4) акция - акционерлік қоғам шығаратын және акционерлік қоғамды басқаруға қатысу, ол бойынша дивиденд және қоғам таратылған жағдайда оның мүлкінің бір бөлігін алу құқығын, сондай-ақ осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде көзделген өзге де құқықтарды куәландыратын бағалы қағаз;
5) акциялардың бақылау пакеті - акционерлік қоғам қабылдайтын шешімдерді айқындауға құқық беретін акциялар пакеті;
6) акцияның номиналдық құны - барлық жай және артықшылықты акцияларға арналған және акционерлік қоғамның құрылтай шартында (жалғыз құрылтайшының шешімінде) айқындалатын бірыңғай баға, осы баға бойынша акциялар құрылтайшылар арасында орналастырылады (жалғыз құрылтайшы төлейді);
7) аффилиирленген тұлғалар - тікелей және (немесе) жанама түрде шешімдерді айқындауға және (немесе) әрқайсысы (тұлғалардың бірі) қабылдайтын шешімге, оның ішінде жасалған мәмілеге орай ықпал етуге мүмкіндігі бар (өздеріне берілген өкілеттіктер шеңберінде бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдарды қоспағанда) жеке немесе заңды тұлғалар. Қоғамның аффилиирленген тұлғаларының тізбесі осы Заңның 64-бабында белгіленеді;
8) дауыс беретін акциялар - орналастырылған жай акциялар, сондай-ақ осы Заңда көзделген жағдайларда дауыс беру құқығы берілген артықшылықты акциялар. Дауыс беретін акциялар санына қоғам сатып алған акциялар, сондай-ақ номиналды ұстаудағы және орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде ол туралы мәліметтер жоқ меншік иесіне тиесілі акциялар кірмейді;
9) дивиденд - акционердің өзіне тиесілі акциялар бойынша акционерлік қоғам төлейтін кірісі;
10) жарияланған акциялар - шығарылымын Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығы туралы заңнамасына сәйкес уәкілетті орган тіркеген акциялар;
11) корпоративтік веб-сайт - Интернет желісіндегі, қоғамға тиесілі және уәкілетті орган белгілеген талаптарға сай келетін ресми электронды сайт. Жария компаниялар үшін корпоративтік веб-сайттың болуы міндетті;
12) корпоративтік хатшы - қоғамның директорлар кеңесінің не атқарушы органының мүшесі болып табылмайтын акционерлік қоғамның қызметкері, оны қоғамның директорлар кеңесі тағайындайды және ол қоғамның директорлар кеңесіне есеп береді, сондай-ақ өз қызметі шеңберінде акционерлер жиналысының және қоғамның директорлар кеңесінің отырыстарын дайындауға және өткізуге бақылау жасайды, акционерлердің жалпы жиналысының күн тәртібіндегі мәселелер бойынша материалдарды және қоғамның директорлар кеңесінің отырысына материалдар әзірлеуді қамтамасыз етеді, оларға қол жеткізудің қамтамасыз етілуін бақылайды. Корпоративтік хатшының құзыреті және қызметі қоғамның ішкі құжаттарында айқындалады;
13) кумулятивтік дауыс беру - дауыс беруге қатысушы әрбір акцияға қоғам органы сайланатын мүшелерінің санына тең дауыс саны келетін дауыс беру тәсілі;
14) қоғамды корпоративтік басқару кодексі - қоғам акционерлерінің жалпы жиналысында бекітілетін, қоғамды басқару процесінде туындайтын қатынастарды, оның ішінде қоғамның акционерлері мен органдары арасындағы, қоғам органдары, қоғам және мүдделі тұлғалар арасындағы қатынастарды реттейтін құжат;
15) қоғамның тіркеушісі - қоғамның бағалы қағаздарын ұстаушылардың тізілімдер жүйесін жүргізу жөніндегі кәсіби қызметті жүзеге асыратын ұйым;
16) лауазымды адам - акционерлік қоғамның директорлар кеңесінің, оның атқарушы органының мүшесі немесе акционерлік қоғамның атқарушы органының функцияларын жеке-дара жүзеге асыратын тұлға;
17) миноритарлық акционер - акционерлік қоғамның дауыс беретін акцияларының он процентінен азы тиесілі акционер;
18) орналастыру бағасы - акцияларды бастапқы бағалы қағаздар нарығында орналастыру кезінде айқындалатын акция бағасы;
19) орналастырылған акциялар - акционерлік қоғамның бағалы қағаздардың бастапқы нарығында құрылтайшылар мен инвесторлар құнын төлеген акциялары;
20) тәуелсіз директор - аталған акционерлік қоғамның аффилиирленген тұлғасы болып табылмайтын және өзі директорлар кеңесіне сайланар алдындағы үш жыл ішінде ондай тұлға болмаған (оның осы акционерлік қоғамның тәуелсіз директоры қызметінде болған жағдайды қоспағанда), осы акционерлік қоғамның аффилиирленген тұлғаларына қатынасы жөнінен аффилиирленген тұлға болып табылмайтын; аталған акционерлік қоғамның немесе осы қоғам ұйымының аффилиирленген тұлғаларының лауазымды адамдарына бағынышты емес және директорлар кеңесіне сайланар алдындағы үш жыл ішінде сол тұлғаларға бағынышты болмаған; мемлекеттік қызметші болып табылмайтын; осы акционерлік қоғамның аудиторы болып табылмайтын және өзі директорлар кеңесіне сайланар алдындағы үш жыл ішінде ондай аудитор болмаған; аудиторлық ұйым құрамында жұмыс істейтін аудитор ретінде осы акционерлік қоғамның аудитіне қатыспаған және өзі директорлар кеңесіне сайланар алдындағы үш жыл ішінде мұндай аудитке қатыспаған директорлар кеңесінің мүшесі;
21) төлем агенті - банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым;
22) уәкілетті орган - бағалы қағаздар нарығын реттеу мен қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
23) ірі акционер - бір-бірімен жасалған келісім негізінде әрекет ететін, өзіне (жинақтап алғанда өздеріне) акционерлік қоғамның дауыс беретін акцияларының он және одан да көп проценті тиесілі акционер немесе бірнеше акционер.»;
2) 27-бапта:
1-тармақ мынадай мазмұндағы 1-1), 1-2) тармақшалармен толықтырылсын:
«1-1) акционерлердің жалпы жиналысы қоғам акцияларының делистингі туралы шешім қабылдаған (егер акционер акционерлердің жалпы жиналысына қатыспаса немесе егер ол осы жиналысқа қатысып, аталған шешімді қабылдауға қарсы дауыс берсе);
1-2) сауда-саттықты ұйымдастырушы қоғам акцияларының делистингі туралы шешім қабылдаған;»;
2-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Акционер осы баптың 1-тармағында көрсетілген шешім қабылданған күннен бастап немесе сауда-саттықты ұйымдастырушы қоғам акцияларының делистингі туралы шешім қабылдаған күннен бастап отыз күн ішінде қоғамға жазбаша өтініш жіберу арқылы өзіне тиесілі акцияларды сатып алу туралы қоғамға талап қоюға құқылы.»;
3) 34-баптың 4 және 4-1-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Ұлттық компанияларды қоспағанда, акцияларының бақылау пакеті мемлекетке немесе ұлттық басқарушы холдингке тиесілі қоғамның директорлар кеңесі атқарушы органның ұсынуы бойынша қоғамның қаржы-шаруашылық қызметінің орта мерзімді жоспарларын бекітеді.
Жарғылық капиталына мемлекет қатысатын қоғамдардың қаржы-шаруашылық қызметінің жоспарлары мемлекеттік органдарға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленетін тәртіппен және мерзімдерде табыс етіледі. Акционері мемлекет болып табылатын ұлттық компаниялардың даму жоспарларын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
Акционері ұлттық басқарушы холдинг болып табылатын ұлттық компаниялардың даму жоспарларын осы ұлттық компаниялардың директорлар кеңесі бекітеді.
4.1. Құрылтайшысы және жалғыз акционері Қазақстан Республикасының Үкіметі болып табылатын, қызметінің негізгі мақсаты ұлттық даму институттарының, ұлттық компаниялардың және басқа заңды тұлғалардың өзіне меншік құқығымен тиесілі акциялар пакетін (қатысу үлестерін) басқару болып табылатын акционерлік қоғам ұлттық басқарушы холдинг болып табылады.»;
4) 36-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 9-1) тармақшамен толықтырылсын:
«9-1) қоғам акцияларының ерікті делистингі туралы шешім қабылдау;»;
5) 47-баптың 1-тармағында:
екінші бөліктегі «қоғамның атқарушы органы мүшелерінің (атқарушы органының функцияларын жеке дара жүзеге асыратын тұлғаның)» деген сөздер «қоғам органдары мүшелерінің, сондай-ақ өзге де қызметкерлердің» деген сөздермен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы төртінші және бесінші бөліктермен толықтырылсын:
«Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес қоғамның орналастырылған (дауыс беретін) акцияларының жалпы санының он және одан да көп процентін иеленетін, пайдаланатын, оған билік ететін акционердің ірі қатысушы мәртебесін не өзге де мәртебені иемденуге келісім алу көзделсе, онда ірі акционердің және (немесе) акцияларының жиынтық пакеті қоғам акцияларының он және одан да көп процентін құрайтын акционерлердің өкілі акционерлердің жалпы жиналысында акционердің (акционерлердің) сенімхатында көрсетілген шешімге сәйкес, жалпы жиналыстың әрбір мәселесі бойынша акционердің (акционерлердің) жазбаша нұсқауы болғанда ғана дауыс беруге құқылы.
Акциялар пакеті қоғам акцияларының оннан аз процентін құрайтын акционердің және (немесе) акцияларының жиынтық пакеті қоғам акцияларының оннан аз процентін құрайтын акционерлердің өкілі жалпы жиналыстың әрбір мәселесі бойынша шешімді сенімхатта жазбаша көрсетпей-ақ акционердің (акционерлердің) мүдделерін білдіруге құқылы.»;
6) 53-баптың 2-тармағында:
10) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«10) ішкі аудит қызметінің сандық құрамын, өкілеттік мерзімін айқындау, оның басшысы мен мүшелерін тағайындау, сондай-ақ олардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату, ішкі аудит қызметінің жұмыс тәртібін, ішкі аудит қызметі қызметкерлеріне еңбекақы және сыйлықақы төлеудің мөлшері мен талаптарын айқындау;»;
15) тармақшадағы «, сондай-ақ олардың қызметі мәселелері бойынша шешімдер қабылдау» деген сөздер алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 15-1) тармақшамен толықтырылсын:
«15-1) акцияларының (жарғылық капиталдағы қатысу үлесінің) он және одан да көп проценті қоғамға тиесілі заңды тұлға акционерлерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысының құзыретіне жатқызылатын қызмет мәселелері бойынша шешімдер қабылдау;»;
7) 64-баптың 1-тармағының 9) тармақшасындағы «акцияларының» деген сөзден кейін «(ұйымның қатысу үлесінің)» деген сөздермен толықтырылсын.
6. «Бағалы қағаздар рыногы туралы» 2003 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2003 ж., № 14, 119-құжат; 2004 ж., № 16, 91-құжат; № 23, 142-құжат; 2005 ж., № 7-8, 24-құжат; № 14, 58-құжат; № 23, 104-құжат; 2006 ж., № 3, 22-құжат; № 4, 24-құжат; № 8, 45-құжат; № 10, 52-құжат; № 11, 55-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; № 4, 28-құжат; № 9, 67-құжат; № 17, 141-құжат; 2008 ж., № 15-16, 64-құжат):
1) тармақшаның бірінші - бесінші абзацтары 2009 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енгізілді
1) 1-бапта:
4) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«4) бағалы қағаздар нарығында айла-шарғы жасау - бағалы қағаздар нарығы субъектілерінің ұсыныс пен сұраныстың объективті арақатынасы нәтижесінде бағалы қағаздарға белгіленген бағадан жоғары немесе төмен баға белгілеуге және (немесе) ұстауға, бағалы қағазбен сауда-саттықтың көрінісін жасауға және (немесе) инсайдерлік ақпаратты пайдаланып мәміле жасауға бағытталған іс-әрекеттері;»;
11) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«11) бағалы қағазды ұстаушы - бағалы қағаздар бойынша құқықтары бар, бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдері жүйесінде немесе номиналды ұстауды есепке алу жүйесінде тіркелген, бағалы қағаздар бойынша құқықтарға ие тұлға, сондай-ақ пайларын ұстаушылар ортақ үлестік меншік құқығында инвестициялық пай қоры активтерінің құрамына кіретін бағалы қағаздар бойынша құқықтарды иеленетін инвестициялық пай қоры;»;
1) тармақшаның алтыншы - сегізінші абзацтары 2010 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енгізілді
26) тармақша «тізілімі жүйесінде» деген сөздерден кейін «(жеке шоттардың бірыңғай жүйесінде)» деген сөздермен толықтырылсын;
мынадай мазмұндағы 26-1) тармақшамен толықтырылсын:
«26-1) жеке шоттардың бірыңғай жүйесі - жүргізілуін тіркеушілер жүзеге асыратын бағалы қағаздарды ұстаушылардың тізілімдері жүйесіндегі мәліметтер жиынтығын көрсететін, орталық депозитарий қалыптастырған деректер базасы;»;
1) тармақшаның тоғызыншы -он бесінші абзацтары 2009 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енгізілді
27) тармақшада:
«тіркеуші» деген сөздің алдынан «орталық депозитарий,» деген сөздермен толықтырылсын;
«эмиссиялық бағалы қағаздар» деген сөздер «қаржы құралдары» деген сөздермен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы 62-1) тармақшамен толықтырылсын:
«62-1) орталық депозитарийдің есепке алу жүйесі - депозитарлық қызметті жүзеге асыру кезінде орталық депозитарий қалыптастыратын мәліметтер жиынтығы;»;
74) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«74) тіркелген тұлға - бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушының есепке алу жүйесінде ашылған жеке шоты бар тұлға;»;
2) 8-баптың 2-тармағының 3) тармақшасындағы «үш» деген сөз «он екі» деген сөздермен ауыстырылсын;
3) 9-баптың 5-тармағындағы «үш» деген сөз «он екі» деген сөздермен ауыстырылсын;
4) 16-бапта:
тақырыбындағы және 2, 3-тармақтардағы «үш» деген сөз «он екі» деген сөздермен ауыстырылсын;
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Айналыс мерзімі үш айдан аспайтын облигациялар шығарылымын бағалы қағаздары уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген қор биржасы тізімінің санаттарына енгізілген эмитент жүзеге асыруға құқылы.
Қор биржасында айналысқа жіберілетін (жіберілген), айналыс мерзімі үш айдан аспайтын облигацияларға қойылатын талаптар уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.»;
5) 22-1-бапта:
1-тармақта:
2) тармақшаның екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«осы облигациялар уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген қор биржасы тізімінің санаттарына енгізілуге тиіс;»;
3) тармақшаның екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«осы облигациялар бойынша қор биржасының оларды уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген қор биржасы тізімінің санаттарына енгізуге келісімі алынуға тиіс;»;
4) тармақшаның екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«осы акциялар уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген қор биржасы тізімінің санаттарына енгізілуге тиіс;»;
6) 24-бапта:
2-тармақтың бірінші бөлігі «аяқталғаннан кейін» деген сөздерден кейін «бір ай ішінде» деген сөздермен толықтырылсын;
екінші бөлік алып тасталсын;
7) тармақша 2010 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енгізілді
7) 36-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«36-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздармен мәмілелерді тіркеу
1. Эмиссиялық бағалы қағаздармен мәмілелер осы Заңға және уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес тіркелуге жатады.
Номиналды ұстауға берілген эмиссиялық бағалы қағаздарды қоспағанда, номиналды ұстаушылар болып табылмайтын жеке және (немесе) заңды тұлғалар тараптары болып табылатын ұйымдастырылмаған нарықта эмиссиялық бағалы қағаздармен жасалған мәміле бағалы қағаздарды ұстаушылардың тізілімдері жүйесінде тіркеледі.
Номиналды ұстауға берілген, ұйымдастырылған немесе ұйымдастырылмаған нарықта эмиссиялық бағалы қағаздармен жасалған мәміле уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде көзделген тәртіппен номиналды ұстау жүйесінде (орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде) тіркеледі.
Жасалуы нәтижесінде эмиссиялық бағалы қағаздар номиналды ұстауға (номиналды ұстаудан) ауыстырылатын эмиссиялық бағалы қағаздармен жасалған мәміле бағалы қағаздарды ұстаушылардың тізілімдері жүйесінде тіркеледі.
2. Эмиссиялық бағалы қағаздармен жасалған мәмілені бағалы қағаздарды ұстаушылардың тізілімдері жүйесінде тіркеуді тіркеуші мәмілеге қатысушылардың бағалы қағаздармен мәмілені тіркеуге қарсы бұйрықтары негізінде (бір жақты мәміле тіркелген жағдайда мәмілеге қатысушының бағалы қағаздармен мәмілені тіркеуге арналған бұйрығының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де құжаттардың негізінде) жүзеге асырады және ол:
1) бұйрық берген адамның өкілеттіктерін тексеруді және бұйрық нысанының белгіленген талаптарға сай болуын;
2) бұйрықтың тіркелуін;
3) бұйрықта көрсетілген іс-әрекеттерді жасау мүмкіндігін тексеруді;
4) бұйрықты орындаудан бас тартуға негіздер болмаған кезде онда көрсетілген іс-әрекеттерді жүзеге асыруды;
5) орталық депозитарийге бағалы қағаздармен мәмілені жеке шоттардың бірыңғай жүйесінде көрсету туралы өкімнің жіберілуін;
6) орталық депозитарийдің мәмілені жеке шоттардың бірыңғай жүйесінде көрсету туралы растауын алғаннан кейін клиентке бұйрығының орындалғаны туралы есепті жіберуді қамтиды.
Жеке шоттардың бірыңғай жүйесінде көрсетілмеген мәміле тіркелген болып табылмайды.
3. Бұйрықты орындаудан бас тартуға негіздер болған кезде тіркеуші клиентті бас тартудың негіздері туралы жазбаша хабардар етуге міндетті.
Тіркеуші:
1) егер осы мәмілені тіркеу үшін табыс етілген құжаттар осы Заңның және (немесе) уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінің және (немесе) тіркеушінің ішкі құжаттарының талаптарына сәйкес келмесе;
2) бағалы қағаздарды ұстаушылардың тізілімдері жүйесінде ашылған жеке шоттардағы бағалы қағаздардың саны орталық депозитарийдің деректеріне сәйкес келмеген кезде орталық депозитарий мәмілені жеке шоттардың бірыңғай жүйесінде көрсетуден бас тартқан жағдайда эмиссиялық бағалы қағаздармен жасалған мәмілені бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерін жүргізу жүйесінде тіркеуден бас тартуға міндетті.
4. Эмиссиялық бағалы қағаздармен мәмілелерді орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде тіркеу депоненттердің немесе сауда-саттықты ұйымдастырушының бағалы қағаздармен мәмілелерді тіркеуге арналған тиісті бұйрықтарының не Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де құжаттардың негізінде жүзеге асырылады.
Депонент бағалы қағаздармен мәмілені тіркеуге арналған бұйрықты орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде депонент клиентінің бұйрығы негізінде ресімдейді.
Бір номиналды ұстаушының клиенттері арасында мәміле жасасу кезінде бағалы қағаздарға меншік құқықтарының ауысуын тіркеуді номиналды ұстаушы жүзеге асырады және орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде көрсетіледі.
Әртүрлі номиналды ұстаушылардың клиенттері арасында мәміле жасасу кезінде бағалы қағаздарға меншік құқықтарының ауысуын тіркеу номиналды ұстаушылардың есепке алу жүйесінде кейіннен көрсетіле отырып, олардың жеке шоттары бойынша орталық депозитарийде жүзеге асырылады.
5. Ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында эмиссиялық бағалы қағаздармен жасалатын мәмілелерді тіркеу тәртібі орталық депозитарийдің және сауда-саттықты ұйымдастырушының ішкі құжаттарында белгіленеді.
6. Бағалы қағаздар бойынша құқықтардың өзгертілуін немесе тоқтатылуын тіркеуді тіркеуші (номиналды ұстаушы) сот шешімі бойынша жүзеге асырады және орталық депозитарий Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес барлық қажетті деректемелер қамтылған атқарушылық парақтың негізінде көрсетеді.
7. Орталық депозитарий, тіркеуші, номиналды ұстаушы осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында белгіленген негіздер болмаған кезде тіркелген тұлғалардың жеке шоттары (қосалқы шоттары) бойынша жазбаларды дербес енгізуге құқылы емес.
8. Тіркеуші (номиналды ұстаушы) бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерін жүргізу жүйесінде (номиналды ұстауды есепке алу жүйесінде) ашылған жеке шоттардағы эмиссиялық бағалы қағаздар санын өзіндік есепке алу деректерін орталық депозитарийдің деректерімен салыстырып тексеруді уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен жүзеге асырады.
9. Тіркеушінің (номиналды ұстаушының) жеке шоттар бойынша жазбалар енгізуіне негіз болып табылатын құжаттар (тіркелген тұлғаны сәйкестендіру құжаттарын қоспағанда) бес жыл бойы сақталуға тиіс.
10. Шетелдік бағалы қағаздарға немесе осы Заңның 59-бабының 1-тармағында белгіленген функцияларды жүзеге асыратын шетелдік ұйымдарға қатысты есепке алу ерекшеліктері және құқықтарды растау уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
11. Мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша құқықтарды тіркеудің ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленеді.»;
8) тармақша 2010 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енгізілді
8) 38-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«38-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша құқықтарды растау
1. Эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша құқықтарды растау бағалы қағаздарды ұстаушылардың тізілімдері жүйесінде (жеке шоттардың бірыңғай жүйесінде) және (немесе) номиналды ұстаушының есепке алу жүйесінде және (немесе) орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде бағалы қағаздарды ұстаушының жеке шотынан үзінді көшірмені беру жолымен жүзеге асырылады.