185. Комиссия оны құру туралы шешім күшіне енген күннен бастап әрекет етеді және өнім беру шарты немесе берудің ұзақ мерзімді шарты жасалған күні өз қызметін тоқтатады. Егер тендер өткізілмеді деп танылса немесе оның қорытындылары жойылған жағдайда комиссия осындай шешім қабылданған күннен бастап өз қызметін тоқтатады. Медициналық техниканы сатып алуды өткізу ұйымдастырылған жағдайда, комиссия өз қызметін екі кезеңдік тендер қорытындылары шығарылған күні тоқтатады.
186. Бірыңғай дистрибьютордың бірінші басшысы (немесе оның міндетін атқаратын адам) комиссия төрағасы болып айқындалады. Комиссияның құрамына бірыңғай дистрибьютордың және денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның қызметкерлері кіреді.
Лизинг беруші үшін медициналық техниканы сатып алу ұйымдастырылған жағдайда лизинг берушінің бірінші басшысы (немесе оның міндеттерін атқаратын адам) төраға болып айқындалады. Комиссия құрамына денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның және лизинг берушінің қызметкерлері кіреді.
187. Комиссия құрамына төраға, төрағаның орынбасары және комиссия мүшелері кіреді. Комиссия мүшелерінің жалпы саны тақ санды құрауға және үш адамнан кем болмауға тиіс. Комиссия хатшысы комиссия мүшесі болып табылмайды және комиссия шешім қабылдаған кезде дауыс беру құқығы болмайды.
188. Төраға комиссия отырыстарына басшылық етеді, оның жұмысын жоспарлайды. Төраға болмаған кезде оның функцияларын комиссияның орынбасары атқарады.
189. Комиссия хатшысы хабарландыру орналастырады, тендерлік өтінімдер салынған конверттерді қабылдайды, комиссия отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстарды, қажетті құжаттар мен материалдар дайындайды, комиссия отырыс өткізгеннен кейін оның хаттамасын ресімдейді, тендерлік өтінімдер салынған конверттерді ұсыну уақыты мен күнін, әлеуетті өнім берушінің уәкілетті өкілінің (тендерлік өтінім салынған конвертті ұсынған адамның) тегін, атын, әкесінің атын (бар болса) көрсете отырып, келіп түскен тендерлік өтінімдерді тіркеу журналын және тендерлік өтінімдерді қамтамасыз етуді тіркеу журналын жүргізеді.
190. Келіп түскен тендерлік өтінімдерді және тендерлік өтінімді кепілдікті қамтамасыз етуді тіркеу журналдары тігілген, беттері нөмірленген, соңғы беті бірыңғай дистрибьютордың мөрімен бекітілген болуға тиіс.
191. Комиссия отырыстары комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан жағдайда өткізіледі. Комиссия шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады және егер қатысып отырған комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Дауыстар тең болған жағдайда комиссия төрағасы немесе ол болмаған жағдайда төрағаның орынбасары дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.
192. Төраға, төрағаның орынбасары немесе комиссия мүшесі болмаған жағдайда хаттамада оның болмау себебі көрсетіледі және оның болмау себебін растайтын құжат қоса беріледі. Тендерлік өтінімдерді алдын ала қарау басталғанға дейін комиссия құрамына комиссияның жоқ мүшелерін алмастыру бөлігінде өзгерістер енгізуге рұқсат етіледі.
193. Комиссия отырысының хаттамаларына барлық қатысып отырған комиссия мүшелері, төраға, оның орынбасары және хатшы қол қояды және әр парағына бұрыштама қол қояды.
194. Бірыңғай дистрибьютор екі кезеңдік тендер тәсілімен сатып алу өткізу кезінде әлеуетті өнім берушілер ұсынған дәрілік заттар, профилактикалық (иммундық-биологиялық, диагностикалық, дезинфекциялаушы) препараттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар сипаттамасының бірыңғай дистрибьютор тізіміне және осы Қағидаларда белгіленген сатылып алынатын дәрілік заттарға, профилактикалық (иммундық-биологиялық, диагностикалық, дезинфекциялаушы) препараттарға, медициналық мақсаттағы бұйымдарға қойылатын талаптарға сәйкестігіне тендерлік өтінімнің техникалық бөлігі бойынша сараптамалық қорытынды алу үшін бейінді мамандықтар бойынша сарапшыны немесе сарапшыларды тартуға құқылы.
195. Медициналық техниканы сатып алу кезінде сарапшы ұсынылған медициналық техниканың осы Қағидаларда медициналық техникаға, сондай-ақ бірыңғай дистрибьютор хабарлаған техникалық ерекшелікке белгіленген талаптарға сәйкестігіне сараптамалық қорытынды береді.
196. Фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде сарапшы фармацевтикалық көрсетілетін қызметтердің әлеуетті өнім берушілері ұсынған дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың сипаттамасы бойынша олардың осы Қағидалардың талаптарына сәйкестігіне сараптамалық қорытынды береді.
197. Сарапшы комиссия шешім қабылдаған кезде дауыс беруге қатыспайды. Сараптамалық қорытынды жазбаша түрде ресімделеді, сарапшы қол қояды және комиссия отырысының хаттамасына қоса беріледі. Сарапшының сараптамалық қорытындысын комиссия әлеуетті өнім берушіні аукционға жіберу кезінде қабылдайды.
198. Екі кезеңдік тендер өткізу туралы хабарландыру өтінімдерді қабылдаудың соңғы күніне дейін күнтізбелік жиырма күн қалғанда бірыңғай дистрибьютордың интернет-ресурсында мемлекеттік және орыс тілдерінде жарияланады.
199. Екі кезеңдік қайталама тендер жүзеге асырылған жағдайда бірыңғай дистрибьютор тендерлік өтінімдерді ұсынудың соңғы күніне дейін кемінде күнтізбелік он бес күн қалғанда бірыңғай дистрибьютордың интернет-ресурсына хабарландырудың мәтінін орналастырады.
200. Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медициналық техниканы сатып алу бойынша екі кезеңдік тендерді өткізу туралы хабарландыруда мыналар қамтылады:
1) дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды, медициналық техниканы сатып алу бойынша екі кезеңдік тендердің атауы;
2) дәрілік заттардың (халықаралық патенттелмеген атаулары немесе құрамы), медициналық мақсаттағы бұйымдардың, медициналық техниканың атаулары;
3) дәрілік заттардың сипаттамасынан; медициналық мақсаттағы бұйымдардың сипаттамасы және (немесе) техникалық сипаттамасы; медициналық техниканың техникалық сипаттамасы;
4) түзетілген және (немесе) түпкілікті өтінімдерді ескере отырып түзетілуі мүмкін әрбір лот бойынша дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың көлемі;
5) сатып алынатын дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың, медициналық техниканың осы Қағидалардың 4-тарауының талаптарына сәйкестігі туралы талап;
6) медициналық техниканың саны (медициналық техниканы сатып алу ұйымдастырылған жағдайда);
7) дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды, медициналық техниканы беру орны мен шарттары (оның ішінде беру мерзімдері немесе кестелері);
8) екі кезеңдік тендерге қатысуға арналған тендерлік өтінімдерді қабылдау/қабылдауды аяқтау орны, күні, уақыты;
9) екі кезеңдік тендерді өткізуді бастау орны, күні, уақыты;
10) әрбір лот бойынша сатып алуға бөлінген баға және сома;
11) он жылға дейінгі мерзіммен берудің ұзақ мерзімді шарттарын жасауға жол берілетін дәрілік заттардың (халықаралық патенттелмеген атаулары немесе құрамы), медициналық мақсаттағы бұйымдардың атаулары;
12) әлеуетті өнім берушінің осы Қағидалардың 3-тарауының талаптарына сәйкестігі туралы талап;
13) бірыңғай дистрибьютордың атауы, мекенжайы және банктік деректемелері;
14) тендерлік өтінімнің қолданылу мерзімінен кем болмауы тиіс екі кезеңдік тендерге қатысуға арналған тендерлік өтінімді кепілдікті қамтамасыз етуді ұсыну шарттары;
15) тендерлік өтінімдер салынған конверттерді ашу рәсімін өткізу орны, күні, уақыты;
16) ұсынылатын тендерлік өтінімнің мазмұны және ресімдеу бойынша осы Қағидалардың талаптарына сәйкестігі туралы талап.
201. Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алу бойынша екі кезеңдік тендердің өткізілетіні туралы хабарландыруда көрсетілетін бағалар денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен бірыңғай дистрибьютордың үстеме бағасы шегеріле отырып, бірыңғай дистрибьютордың тізімі бойынша денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындаған шекті бағалардан есептеледі.
202. Фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша екі кезеңдік тендерді өткізу туралы хабарландыруда (құрамында есірткі құралдары, психотроптық заттар және олардың прекурсорлары бар дәрілік заттар үшін) мыналар қамтылады:
1) фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша екі кезеңдік тендердің атауы;
2) облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары және орталық атқарушы органдар мен әскери-медициналық (медициналық) бөлімшелері, ведомстволық бөлімшелері (ұйымдары) бар өзге де орталық мемлекеттік органдар ұсынған қажеттіліктің түзетілген есептері ескерілген, түзетілуі мүмкін халықаралық патенттелмеген атауымен дәрілік заттардың тізбесін, бірыңғай дистрибьютордың тізіміне сәйкес олардың шекті бағасы, көлемі;
3) сатып алынатын дәрілік заттардың осы Қағидалардың 4-тарауының талаптарына сәйкестігі туралы талап;
4) дәрілік заттың шекті бағасы бойынша мәлімделген көлемдері және дәрілік заттың шекті бағасына белгіленетін фармацевтикалық көрсетілетін қызметтер үшін сыйақының шекті мөлшері (жиырма бес пайыз) ескерілген лоттың жалпы құнын қамтитын (құрамында есірткі құралдары, психотроптық заттар мен прекурсорлары бар дәрілік заттар үшін) фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алу үшін әрбір лот бойынша бөлінген сома;
5) фармацевтикалық қызметтерді көрсету мерзімдері;
6) алғашқы медициналық-санитариялық, консультациялық-диагностикалық көмекті көрсететін денсаулық сақтау субъектілерінің және фармацевтикалық қызметтерді көрсетуге тиіс олардың құрылымдық бөлімшелерінің тізбесі және мекенжайлары;
7) фармацевтикалық көрсетілетін қызметтер ұсынылуы қажет облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың елді мекендерінің, аудандары мен құрамдас бөліктерінің тізбесі;
8) әлеуетті өнім берушінің және (немесе) оның бірлесіп орындаушыларының осы Қағидалардың 3-тарауының талаптарына сәйкестігі туралы талап;
9) екі кезеңдік тендерге қатысуға арналған тендерлік өтінімдерді қабылдау/қабылдауды аяқтау орны, күні, уақыты;
10) екі кезеңдік тендерді өткізуді бастау орны, күні, уақыты;
11) екі кезеңдік тендерге қатысуға арналған тендерлік өтінімді кепілдікті қамтамасыз етуді ұсыну тәртібі;
12) бірыңғай дистрибьютордың атауы, мекенжайынан және банктік деректемелері;
13) тендерлік өтінімдер салынған конверттерді ашу рәсімін өткізу орны, күні, уақыты;
14) ұсынылатын тендерлік өтінімнің мазмұны және ресімделуі бойынша осы Қағидалардың талаптарына сәйкестігі туралы талап.
Фармацевтикалық көрсетілетін қызметтер өнім берушісіне шығындарды өтеуді бірыңғай дистрибьютор дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың бағаларын және фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алу нәтижелері бойынша белгіленген көрсетілетін қызмет құнын ескере отырып, қордың қаражаты есебінен жүргізеді.
2-параграф. Тендерлік өтінімдердің қолданылу мерзімі, мазмұны, оларды ұсыну және кері қайтарып алу
203. Екі кезеңдік тендерге қатысуға ниет білдірген әлеуетті өнім беруші тендерлік өтінімдерді ұсынудың соңғы мерзімі өткенге дейін хабарландыру мен осы Қағидалардың талаптарына сәйкес жасалған тендерлік өтінімді желімделген түрде бірыңғай дистрибьюторға ұсынады.
204. Бірыңғай дистрибьютор тендерлік құжаттаманы әзірлемейді.
205. Тендерлік өтінімдерді ұсыну үшін соңғы мерзім өткеннен кейін ұсынылған тендерлік өтінім ашылмайды және оны ұсынған әлеуетті өнім берушіге қайтарылады. Бұл ретте тендерлік өтінім ұсынылған уақыт келіп түскен тендерлік өтінімдерді тіркеу журналында белгіленеді.
206. Әлеуетті өнім беруші ұсынған тендерлік өтінімнің қолданылу мерзімі қырық бес жұмыс күнінен кем болмауға тиіс. Қолданылу мерзiмi екі кезеңдік тендердің талаптарында көрсетiлген қолданылу мерзімінен қысқа тендерлік өтiнiм қабылданбайды.
207. Әлеуетті өнім берушінің тендерлік өтінімі үш бөлімнен: негізгі, техникалық және бастапқы баға ұсынысынан тұрады.
208. Негізгі және техникалық бөлімдері тігіледі және бөлек нөмірленеді, соңғы беттеріне әлеуетті өнім берушінің бірінші басшысы немесе уәкілетті адамы қол қояды және әлеуетті өнім берушінің мөрімен бекітіледі, бастапқы баға ұсынысы тігілмейді.
Тендерлік өтінімнің барлық үш бөлігі бір конвертке салынады.
Әлеуетті өнім беруші осы тармақтың талаптарына сәйкес келмейтін тендерлік өтінімді ұсынған кезде әлеуетті өнім берушінің мұндай тендерлік өтінімі қаралмай қайтарылады.
209. Конвертте әлеуетті өнім берушінің атауы мен заңды мекенжайы көрсетіледі. Конверт хабарламада көрсетілген мекенжай бойынша бірыңғай дистрибьюторға жіберіледі және ол «Екі кезеңдік тендер______________ (тендердің атауы көрсетіледі)» және «________________________ дейін ашпаңыз» (хабарламада көрсетілген конверттерді ашу күні мен уақыты көрсетіледі)» деген сөздерді қамтуға тиіс.
210. Тендерлік өтінімді кепілдікті қамтамасыз ету тігілмейді және конвертке желімденбейді, тендерлік өтінімнен бөлек ұсынылады және тендерлік өтінімдерді ұсынудың соңғы мерзімі өткенге дейін тендерлік өтінімді кепілдікті қамтамасыз етуді тіркеу журналында тіркеледі.
211. Тендерлік өтінімде, конвертте әлеуетті өнім берушіге грамматикалық немесе арифметикалық қателерді түзету қажет болатын жағдайларды қоспағанда, конкурстық өтінімде, конвертте жолдар арасында ешқандай қосымша жазулар, өшірілген сөздер немесе толықтырулар болмауға тиіс
212. Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды, медициналық техниканы сатып алуға қатысуға арналған тендерлік өтінімнің негізгі бөлігі мынадай құжаттарды қамтуға тиіс:
1) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша тендерге қатысуға арналған өтінім. Электрондық жеткізгіште:
денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша өтінімге қоса берілетін құжаттардың тізімдемесі;
PDF форматында өтінімге қоса берілетін барлық құжаттардың көшірмесі ұсынылады;
2) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің не заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтаманың көшірмесі;
3) заңды тұлға үшін жарғының көшірмесі (егер жарғыда құрылтайшылардың, қатысушылардың немесе акционерлердің құрамы көрсетілмесе, құрылтайшылардың, қатысушылардың құрамы туралы үзінді немесе хабарландыру күнінен кейін берілген құрылтай шартының көшірмесі немесе қолданыстағы акция ұстаушыларының тізілімінен үзінді ұсынылады);
4) заңды тұлға құрмай кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға құқық беретін тиісті мемлекеттік орган берген құжаттың көшірмесі, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі (кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға үшін);
5) мәліметтері мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде туралы расталатын «Рұқсаттар мен хабарламалар туралы» 2014 жылғы 16 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес алынған (жіберілген) тиісті фармацевтикалық қызметпен айналысуға және (немесе) медициналық мақсаттағы бұйымдарды немесе медициналық техниканы өткізуге рұқсаттардың және (немесе) хабарламалардың көшірмелері. Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде мәліметтер болмаған жағдайда әлеуетті өнім беруші «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» 2014 жылғы 16 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес алынған (жіберілген) тиісті рұқсаттың (хабарламаның) нотариат куәландырған көшірмесін ұсынады;
6) конверттерді ашу күнінің алдында бір айдан ерте емес «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы алынған салық төлеушінің салық берешегінің, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар және (немесе) жарналар бойынша берешегінің бар-жоғы туралы құжат;
7) әлеуетті өнім берушіге қызмет көрсететін банктен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі басқармасының қаулысымен бекітілген екінші деңгейдегі банктерде, ипотекалық ұйымдарда және «Қазақстан Даму Банкі» акционерлік қоғамында бухгалтерлік есепке алу шоттарының үлгі жоспарына сәйкес банктің алдында үш айдан астам мерзімге созылған міндеттемелерінің барлық түрлері бойынша мерзімі өткен берешегінің жоқ екені туралы қол қойылған, конверттерді ашу күнінің алдында бір айдан ерте емес берілген, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша анықтаманың түпнұсқасы (егер әлеуетті өнім беруші екінші деңгейдегі бірнеше банктің немесе филиалдарының, сондай-ақ шетелдік банктің клиенті болып табылса, осындай банктердің әрқайсысынан);
8) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша біліктілігі туралы мәліметтер;
9) егер әлеуетті өнім беруші басым құқыққа үміткер болған жағдайда әлеуетті өнім берушінің дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналысы саласындағы объектісінің тиісті өндірістік практика (GMP) (дәрілік заттарды сатып алу үшін) немесе «Техникалық реттеу туралы» 2004 жылғы 9 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен ИСО сапаны басқару жүйесі стандартының (медициналық мақсаттағы бұйымдар сатып алу үшін) және (немесе) тиісті дистрибьюторлық практикада (GDP) (дәрілік заттарды және медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алу үшін) талаптарына сәйкестігі туралы сертификаттың көшірмесі;
10) әлеуетті өнім беруші Қазақстан Республикасының резиденті болып табылмаған және Қазақстан Республикасының салық төлеушісі ретінде тіркелмеген жағдайда осы әлеуетті өнім берушінің Қазақстан Республикасының бейрезиденті екендігі және салық есебінде тұрмайтыны туралы Қазақстан Республикасының мемлекеттік кірістер органы хатының түпнұсқасы немесе көшірмесі;
11) қосымша көрсетілетін қызметтерді ұсыну туралы хат (медициналық техниканы сатып алу кезінде);
12) әлеуетті өнім берушінің және (немесе) бірлесіп орындаушының осы Қағидалардың 14-тармағына (фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде) сәйкес біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттар;
13) осы Қағидалардың 9-тармағына сәйкес үлестестіктің жоқ екендігі туралы хат;
14) осы Қағидалардың 9-тармағында көрсетілген фактілер анықталған жағдайда осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен өнім беру шартын бұзуға келісу туралы хат.
213. Фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алуға қатысуға арналған тендерлік өтінімнің негізгі бөлігі мынадай құжаттарды қамтуға тиіс:
1) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша тендерге қатысуға арналған өтінім. Электрондық жеткізгіште:
денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша өтінімге қоса берілетін құжаттардың тізімдемесі;
PDF форматында өтінімге қоса берілетін барлық құжаттардың көшірмесі ұсынылады;
2) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің не заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтаманың көшірмесі;
3) заңды тұлға үшін жарғының көшірмесі (егер жарғыда құрылтайшылардың, қатысушылардың немесе акционерлердің құрамы көрсетілмесе құрылтайшылардың, қатысушылардың құрамы туралы үзінді немесе хабарландыру күнінен кейін берілген құрылтай шартының көшірмесі немесе қолданыстағы акция ұстаушыларының тізілімінен үзінді ұсынылады);
4) заңды тұлға құрмай кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға құқық беретін тиісті мемлекеттік орган берген құжаттың көшірмесі, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі (кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға үшін);
5) мәліметтері мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде расталатын «Рұқсаттар мен хабарламалар туралы» 2014 жылғы 16 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес алынған (жіберілген) тиісті фармацевтикалық қызметпен айналысуға және (немесе) медициналық мақсаттағы бұйымдарды немесе медициналық техниканы өткізуге рұқсаттардың және (немесе) хабарламалардың көшірмелері. Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде мәліметтер болмаған жағдайда, әлеуетті өнім беруші «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» 2014 жылғы 16 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес алынған (жіберілген) тиісті рұқсаттың (хабарламаның) нотариат куәландырған көшірмесін ұсынады;
6) конверттерді ашу күнінің алдында бір айдан ерте емес «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы алынған салық төлеушінің салық берешегінің, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналар бойынша берешектің бар-жоғы туралы растайтын құжат;
7) әлеуетті өнім берушіге қызмет көрсететін банктен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі басқармасының қаулысымен бекітілген екінші деңгейдегі банктерде, ипотекалық ұйымдарда және «Қазақстан Даму Банкі» акционерлік қоғамында бухгалтерлік есепке алу шоттарының үлгі жоспарына сәйкес банктің алдында үш айдан астам мерзімге созылған міндеттемелерінің барлық түрлері бойынша мерзімі өткен берешегінің жоқ екені туралы қол қойылған, конверттерді ашу күнінің алдында бір айдан ерте емес берілген, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша анықтаманың түпнұсқасы (егер әлеуетті өнім беруші екінші деңгейдегі бірнеше банктің немесе филиалдарының, сондай-ақ шетелдік банктің клиенті болып табылса, осындай банктердің әрқайсысынан);
8) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша біліктілігі туралы мәліметтер;
9) осы Қағидалардың 14-тармағының 1), 3), 10) 11) тармақшаларында белгіленген фармацевтикалық көрсетілетін қызметтердің әлеуетті өнім берушісінің біліктілік талаптарына әлеуетті бірлесіп орындаушының сәйкестігін растайтын құжаттар;
10) осы Қағидалардың 9-тармағына сәйкес үлестестіктің жоқ екендігі туралы хат;
11) осы Қағидалардың 9-тармағында көрсетілген фактілер анықталған жағдайда осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен өнім беру шартын бұзуға келісу туралы хат;
12) шарт жасауға басымдық алу үшін объектінің тиісті дәріханалық практика (GPP) талаптарына сәйкестігі туралы сертификаттың көшірмесі бар болса;
13) әлеуетті өнім беруші сатып алудың жеңімпазы болып танылған жағдайда, оның фармацевтикалық қызметті көрсетуге арналған бірлесіп орындаушылардың тізбесі ұсынылған және бірлесіп орындаушылардың мекенжайы көрсетілген фармацевтикалық қызметтерді көрсетуге оның бірлесіп орындаушыларымен шарттар жасау туралы кепілдік хаты;
14) тендердің жеңімпазы болып танылған жағдайда, амбулаториялық дәрілік қамтамасыз етуді есепке алудың ақпараттық жүйесін жүргізу үшін ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды, соның ішінде бірлесіп орындаушыларда орнату туралы кепілдік хат;
15) осы Қағидаларда тыйым салынған бірыңғай дистрибьютормен қарым-қатынасының жоқ екендігін растау туралы хат;
16) әлеуетті өнім берушінің оңалту, банкроттық не тарату рәсімдеріне қатысы жоқ екенін, әлеуетті өнім берушінің жосықсыз әлеуетті өнім берушілер тізбесінде болмауын растайтын құжат.
Бірлесіп орындаушы тартылған жағдайда фармацевтикалық көрсетілетін қызметтердің әлеуетті өнім берушісі де тендерлік өтінімге қызметтерді немесе іс-қимылды (операцияларды) жүзеге асыруға бірлесіп орындаушының құқықтарын растайтын мәліметтері мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде расталатын «Рұқсаттар мен хабарламалар туралы» 2014 жылғы 16 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес алынған (жіберілген) рұқсаттардың (хабарламалардың) не электрондық құжат түріндегі рұқсаттардың (хабарламалардың) көшірмелерін ұсынады.
214. Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медициналық техниканы сатып алуға қатысуға арналған тендерлік өтінімнің техникалық бөлігі ұсынылып отырған дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың және медициналық техниканың осы Қағидаларда белгіленген талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттарды қамтуға тиіс:
1) ұсынылатын медициналық техниканың сипаттамалары көрсетілген Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіркеуге сәйкес*doc форматында электрондық жеткізгіште техникалық ерекшелігі;
2) қолданыстағы құжаттың көшірмесі немесе сараптама ұйымының электрондық-цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған, конверттерді ашу сәтіне мемлекеттік тіркелуін растайтын Мемлекеттік тізілімнің ақпараттық ресурсынан үзінді көшірме не тауарды Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге және қолдануға уәкілетті орган рұқсатының нотариат куәландырған көшірмесі немесе «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы алынған тауарды Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге және қолдануға уәкілетті органның рұқсаты;
Тіркеу куәлігінің қолданылу мерзімі өткенге дейін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген және өндірілген дәрілік заттарға, медициналық мақсаттағы бұйымдарға: әкелінуін және мәлімделген көлемнің болуын растайтын құжаттар ұсынылады: тауарды Қазақстан Республикасына әкелуін (кедендік жүк декларациясының нотариат куәландырған көшірмесі, хабарландыру шыққан күннен ерте емес қойма анықтамасы): отандық тауар өндірушілердің өндіруі (хабарландыру шыққан күнінен ерте емес қойма анықтамасын); заңнамада белгіленген тәртіппен берілген тауарлардың қауіпсіздігі туралы қорытындының көшірмесі;