Бірыңғай дистрибьютордың прайс-парағындағы тауарлардың өлшем бірлігінің бағалары бірыңғай дистрибьютордың тізімі бойынша денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен шекті бағадан аспайды және бірыңғай дистрибьютордың үстеме бағасы ескеріле отырып көрсетіледі.
156. Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды есепке алу мен өткізу жөніндегі көрсетілетін қызметтерді сатып алу нәтижелері бойынша бірыңғай дистрибьютор қорға және облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарына сатып алу қорытындыларының хаттамасын жібереді. Бірыңғай дистрибьютор хаттамамен бір мезгілде денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың бөлінісінде есепке алу мен өткізу жөніндегі көрсетілетін қызметтерді сатып алу жеңімпаздары мен олардың бірлесіп орындаушылары туралы ақпаратты жібереді.
157. Мамандандырылған туберкулезге қарсы денсаулық сақтау ұйымдарының және АИТВ/ЖИТС профилактикасы мен емдеу саласындағы қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдарының немесе амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету шеңберінде таргеттік терапия жүзеге асырылатын онкологиялық бейіндегі денсаулық сақтау ұйымдары мен бірыңғай дистрибьютордың арасында жыл сайын денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша қордың қаражаты есебінен бекітіліген халықты амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету үшін дәрілік заттарды берудің өтеусіз шарттары жасалады.
Мемлекеттік кәсіпорындарға, дауыс беру акцияларының (үлестерінің) елу және одан да көп пайыздары мемлекетке тиесілі заңды тұлғаларға жататын тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық қызметтерді көрсететін денсаулық сақтау субъектілері амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету шеңберінде халыққа дәрілік заттарды және (немесе) медициналық мақсаттағы бұйымдарды тегін босату мақсатында бірыңғай дистрибьютормен денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша қордың қаражаты есебінен сатып алынатын дәрілік заттарды және (немесе) медициналық мақсаттағы бұйымдарды берудің өтеусіз шарттарын жасай алады.
Бірыңғай дистрибьютор түзетілген жиынтық қажеттілікті алған күнінен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық қызметтерді көрсететін мамандандырылған туберкулезге қарсы денсаулық сақтау ұйымдарына және АИТВ/ЖИТС профилактикасы мен емдеу саласындағы қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдарына немесе амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету шеңберінде таргеттік терапия жүзеге асырылатын онкологиялық бейіндегі денсаулық сақтау ұйымдарына, сондай-ақ мемлекеттік кәсіпорындарға, дауыс беру акцияларының елу және одан да көп пайызы (үлесі) мемлекетке тиесілі заңды тұлғаларға жататын денсаулық сақтау субъектілеріне қабылдау-беру актісі бойынша не осындай денсаулық сақтау ұйымдарының электрондық поштасына бір мезгілде хабарламаларды тарата отырып, электрондық құжат түріндегі бірыңғай дистрибьютордың ақпараттық жүйесі арқылы дәрілік заттарды және (немесе) медициналық мақсаттағы бұйымдарды өнім берудің өтеусіз шарттарын қол қоюға жібереді.
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі медициналық қызметтер көрсететін мамандандырылған туберкулезге қарсы денсаулық сақтау ұйымдары және АИТВ/ЖИТС профилактикасы мен емдеу саласындағы қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары немесе амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету шеңберінде таргеттік терапия жүзеге асырылатын онкологиялық бейіндегі денсаулық сақтау ұйымдары, сондай-ақ мемлекеттік кәсіпорындарға, дауыс беру акцияларының елу және одан да көп пайыздары (үлестері) мемлекетке тиесілі заңды тұлғаларға жататын денсаулық сақтау субъектілері бірыңғай дистрибьютордан дәрілік заттарды және (немесе) медициналық мақсаттағы бұйымдарды берудің өтеусіз шарттарын алған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей қол қояды, мөрмен бекітеді және оларды бірыңғай дистрибьюторға қабылдау-беру актісі бойынша не электрондық құжат түрінде бірыңғай дистрибьютордың ақпараттық жүйесі арқылы береді.
158. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган ағымдағы жылғы он бесінші желтоқсаннан кешіктірмей қорға, бірыңғай дистрибьюторға, облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарына, ведомстволық бөлімшелерге (ұйымдарға) келесі қаржы жылы әкімшілік-аумақтық бірлік (облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың) бөлінісінде амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету шеңберінде нақтыланған қаржыландыру көлемін жібереді.
Облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары, сондай-ақ орталық атқарушы органдар мен әскери-медициналық (медициналық) бөлімшелері, ведомстволық бөлімшелері (ұйымдары) бар өзге де орталық мемлекеттік органдар бірыңғай дистрибьютордың прайс-парағына сәйкес жыл сайын бірыңғай дистрибьютордан сұрау салу алған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша дәрілік заттарға, медициналық мақсаттағы бұйымдарға жиынтық түзетілген есептерді ұсынады.
Облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарының, сондай-ақ орталық атқарушы органдар мен әскери-медициналық (медициналық) бөлімшелері, ведомстволық бөлімшелері (ұйымдары) бар өзге де орталық мемлекеттік органдардың жиынтық түзетілген есептері денсаулық сақтау субъектілерінің, сондай-ақ әскери-медициналық (медициналық) бөлімшелердің, ведомстволық бөлімшелердің (ұйымдардың) дәрілік заттарға, медициналық мақсаттағы бұйымдарға қажеттілігінің түзетілген есептерінің негізінде қалыптастырылады.
Дәрілік заттарға, медициналық мақсаттағы бұйымдарға түзетілген есептерді ресімдеу кезінде денсаулық сақтау субъектілері, әскери-медициналық (медициналық) бөлімшелер, ведомстволық бөлімшелер (ұйымдар) мәлімделетін дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың санын олардың сапасын сақтау мақсатында жалпы жылдық көлемінің ең төмен қаптамасының еселеген санына дейін дөңгелектейді.
Түзетілген есептердегі дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың санын денсаулық сақтау субъектілері, әскери-медициналық (медициналық) бөлімшелер, ведомстволық бөлімшелер (ұйымдар) алдын ала есептерде көрсетілген санынан жиырма бес пайызға дейін азайту жағына қарай өзгертуі мүмкін.
Денсаулық сақтау субъектісінің, әскери-медициналық (медициналық) бөлімшелердің, ведомстволық бөлімшелердің (ұйымдар) бірінші басшысының қатысуымен дәрігерлік-консультациялық комиссия қорытындысының негізінде дәрілік заттар айналысы саласындағы уәкілетті орган бекіткен дәрілік заттарды медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес балаларға қолдануға қарсы көрсетілімдер болған, сондай-ақ пациенттің жеке өзіне жақпаған жағдайларда дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың санын жиырма бес пайыздан жоғары, бірақ елу пайыздан асырмай азайтуға жол беріледі.
Дәрілік заттарға, медициналық мақсаттағы бұйымдарға қажеттіліктің түзетілген есептері мыналарды қамтиды:
1) нозологиялар;
аурулар;
халықтың санаттары;
дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды тағайындау үшін көрсетілімдер (дәрежесі, сатысы, ауыр ағымы) бөлінісінде дәрілік заттардың (халықаралық патенттелмеген атаулары/құрамы, сипаттамасы), медициналық мақсаттағы бұйымдардың атауын (құрамы, техникалық сипаттамасы):
2) өлшем бірлігін;
3) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың әрбір атауы бойынша шекті бағасын;
4) дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың әрбір атауы бойынша бірыңғай дистрибьютордың прайс-парағы бойынша бағаны;
5) дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың әрбір атауы бойынша санынан;
6) есепке алу және өткізу жөніндегі көрсетілетін қызметтердің өнім берушісінің және оның бірлесіп орындаушысының, елді мекендердің бөлінісінде қаржы жылының ішіндегі санын көрсете отырып, дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды беруді бөлу парағын. Жыл ішінде бөлу парағы түзетілген жағдайда денсаулық сақтау субъектілері бұл туралы облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органын және бірыңғай дистрибьюторды хабардар етеді;
7) дәрілік заттың, медициналық мақсаттағы бұйымның әрбір атауы бойынша санын көрсете отырып қаржы жылы ішіндегі беру кестесін;
8) мәлімделетін дәрілік заттың, медициналық мақсаттағы бұйымның әрбір атауы бойынша сомасынан және қажеттіліктің түзетілген есебі бойынша жалпы сомасын;
9) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен диспансерлік есептегілердің тізбесі бойынша белгілі аурулары бар азаматтардың жекелеген санаттарының қатарынан бекітілген халық санын;
10) алғашқы медициналық-санитариялық, консультациялық-диагностикалық көмек көрсететін денсаулық сақтау субъектілерінің және олардың құрылымдық бөлімшелерінің мекенжайларын;
11) алғашқы медициналық-санитариялық, консультациялық-диагностикалық көмек көрсететін денсаулық сақтау субъектілерінің және олардың құрылымдық бөлімшелерінің мамандану саласынан;
12) уәкілетті орган бекіткен тізбе бойынша диспансерлік есепте тұрған белгілі аурулары бар азаматтардың жекелеген санаттарының қатарынан бекітілген халықты амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету жүзеге асырылатын мамандандырылған туберкулезге қарсы денсаулық сақтау ұйымдарының және АИТВ/ЖИТС профилактикасы мен емдеу саласындағы қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдарының мекенжайларын;
13) қормен жасалған шарттың күнінен, нөмірінен, дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алуға бөлінген сомадан;
14) фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді беру қажет болатын елді мекендердің, аудандар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың құрамдас бөліктерінің тізбесінен тұрады.
159. Денсаулық сақтау субъектілерінде, әскери-медициналық (медициналық) бөлімшелерде, ведомстволық бөлімшелерде (ұйымдарда) сол қаржы жылы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бюджетінің бөлінісінде бөлінген қаражат шеңберінде дәрілік заттарға, медициналық мақсаттағы бұйымдарға қосымша қажеттілік туындаған кезде ағымдағы қаржы жылы ішінде қосымша өтінімдер жинау осы Қағидалардың 158-тармағында сипатталған рәсімдерге ұқсас жүзеге асырылады.
Облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары, сондай-ақ орталық атқарушы органдар мен әскери-медициналық (медициналық) бөлімшелері, ведомстволық бөлімшелері (ұйымдары) бар өзге де орталық мемлекеттік органдар сатып алуға қажеттіліктің қосымша жиынтық есептерін бірыңғай дистрибьюторға тоқсанына бір рет ұсынады.
Бірыңғай дистрибьютор ағымдағы қаржы жылы дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың қосымша көлемін сатып алуды облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары, сондай-ақ орталық атқарушы органдар мен әскери-медициналық (медициналық) бөлімшелері, ведомстволық бөлімшелері (ұйымдары) бар өзге де орталық мемлекеттік органдардың қажеттіліктің қосымша жиынтық есептерінің негізінде тоқсанына кемінде бір рет жүзеге асырады.
160. Бірыңғай дистрибьютор фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алу қорытындылары шығарылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органға және қорға және облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарына дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың бағалары көрсетілген денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша сатып алу нәтижелері туралы есепті береді.
161. Бірыңғай дистрибьютор фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алу қорытындыcы шығарылған күннен бастап он жұмыс күн ішінде фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алу жөніндегі тендер жеңімпазына қабылдау-беру актісі бойынша не фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша тендер жеңімпаздарының электрондық поштасына бір мезгілде хабарлама жібере отырып, бірыңғай дистрибьютордың ақпараттық жүйесі арқылы электрондық құжат түрінде фармацевтикалық қызметтер көрсету туралы шарттарды қол қоюға жібереді.
162. Фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алу жөніндегі тендердің жеңімпаздары бірыңғай дистрибьютордан фармацевтикалық қызметтер көрсету туралы шарттарды алған күнінен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей қол қояды, мөрімен бекітеді және қабылдау-беру актісі бойынша не электрондық құжат түрінде бірыңғай дистрибьютордың ақпараттық жүйесі арқылы оларды бірыңғай дистрибьюторға береді.
Шарттың сомасы қаржы жылына фармацевтикалық көрсетілетін қызметтердің іс жүзінде көрсетілген көлемі ескеріле отырып түзетіледі.
163. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмекті көрсетуге арналған дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алу үшін бөлінетін бюджет қаражатын және (немесе) қор активтерін оңтайлы және тиімді жұмсау мақсатында облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары, сондай-ақ орталық атқарушы органдар және әскери-медициналық (медициналық) бөлімшелері, ведомстволық бөлімшелері (ұйымдар) бар өзге де орталық мемлекеттік органдар қажеттіліктердің (алдын ала, түзетілген және қосымша) есебін, амбулаториялық дәрілік қамтамасыз етуге бөлінген қаржы қаражатының пайдаланылуының (игерілуінің) рецептілердің жазылуын (тағайындалуына), халықтың дәрілік заттарға қолжетімділігіне мониторингті, әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде (облыстар, республикалық маңызы бар қала мен астана) қажет болған кезде дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды бөлуді (қайта бөлуді) жүзеге асырады.
164. Бірыңғай дистрибьютор орындалған жұмыс актілеріне сәйкес қамтамасыз етілген рецепттер туралы ұсынылған деректерді бөлінген қаражат шегінде амбулаториялық дәрілік қамтамасыз етуді есепке алудың ақпараттық жүйесіндегі деректермен салыстыру негізінде іс жүзінде көрсетілген қызметтер үшін фармацевтикалық көрсетілетін қызметтердің өнім берушілеріне фармацевтикалық қызметтерді көрсетуге арналған шартта белгіленген дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың құнын және дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды тасымалдау, сақтау, есепке алу және өткізу жөніндегі көрсетілетін қызметтер үшін сыйақы мөлшерін өтейді.
165. Бірыңғай дистрибьютор фармацевтикалық көрсетілетін қызметтердің өнім берушілеріне фармацевтикалық қызметтерді көрсетуге арналған шартта белгіленген дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың құнын және бірыңғай дистрибьютордың қызметтер көрсету туралы шартының талаптарына сәйкес қор ақы төлегеннен кейін фармацевтикалық қызметтерді көрсетуге арналған шартта белгіленген пайыздық арақатынаста көрсетілген дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды тасымалдау, сақтау, есепке алу және өткізу жөніндегі көрсетілетін қызметтер үшін сыйақы мөлшерін өтейді.
Бұл ретте дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың құны денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген халықаралық патенттелмеген атауы бойынша шекті бағалардан және саудалық атауы бойынша тіркелген бағалардан аспайды.
13-тарау. Медициналық техниканы сатып алуды жоспарлау және ұйымдастыру
1-параграф. Медициналық техниканы сатып алуды жоспарлау
166. Тапсырыс берушілер осы Қағидалардың 2-бөліміне сәйкес бюджеттік бағдарламаның әкімшісімен және (немесе) қормен келісу бойынша клиникалық-техникалық негіздеме және техникалық ерекшелік негізінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде бірыңғай дистрибьютордың тізіміне енгізілмеген медициналық техниканы сатып алуды жүзеге асырады.
167. Тапсырыс беруші тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде бірыңғай дистрибьютордың тізімі бойынша медициналық техниканы сатып алуды осы Қағидалардың 22-тарауына сәйкес денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен немесе денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарымен келіспей және лизинг берушінің сараптамалық бағалаусыз міндетті түрде бірыңғай дистрибьюторға өтінім беру арқылы жүзеге асырады.
168. Құны 5000000 (бес миллион) теңгеден бастап 50000000 (елу миллион) теңгеге дейінгі медициналық техника денсаулық сақтау ұйымы берген өтінімге сәйкес лизинг берушінің қаражаты есебінен және осы Қағидалардың 4-бөліміне сәйкес сатып алынады.
Егер медициналық техника қаржы лизингі шарттары мен талаптарына сай болмаса, оны лизинг беруші сатып алмайды.
169. Құны 50000000 (елу миллион) теңгеден жоғары, сондай-ақ бірегейлендіруді талап ететін медициналық техниканы тапсырыс беруші, сондай-ақ бюджеттік бағдарламаның әкімшісі осы Қағидаларға сәйкес облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне жергілікті деңгейдегі медициналық ұйымдарды материалдық-техникалық жарақтандыруға берілетін ағымдағы нысаналы трансферттерді қоса алғанда, республикалық бюджет қаражатының есебінен сатып алады.
Бұл ретте сұратылып отырған медициналық техникаға клиникалық-техникалық негіздемеге, оңтайлы техникалық сипаттамаларға және құнына сараптамалық бағалауды жүзеге асыратын ұйым жүзеге асырады.
2-параграф. Бірыңғай дистрибьютор арқылы медициналық техниканы сатып алу
170. Республикалық бюджет қаражатының есебінен облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне жергілікті деңгейдегі медициналық ұйымдарды материалдық-техникалық жарақтандыруға берілетін ағымдағы нысаналы трансферттерді қоса алғанда, осы Қағидалардың 3-бөліміне сәйкес медициналық техниканы сатып алуды ұйымдастыруды бірыңғай дистрибьютор осы Қағидалардың 173-тармағына сәйкес уәкілетті органның өтінімі негізінде жүзеге асырады.
171. Ай сайын, есептi айдан кейiнгi айдың 5-күніне дейiнгі мерзімде бірыңғай дистрибьютор республикалық бюджет қаражатының есебінен, сондай-ақ бірыңғай дистрибьютордың тізімі бойынша сатып алынған медициналық техникаға сатып алуға мониторинг жүргізеді және денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органға денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген нысан бойынша есепті ұсынады.
172. Медициналық техниканы сатып алуды дайындау және ұйымдастыру үшін лизинг берушінің сараптамалық бағалауын алу қажет.
173. Медициналық техниканы сатып алуды дайындау және ұйымдастыру және сараптамалық бағалауды алу мақсатында денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган лизинг берушіге тапсырыс берушілерден алынған өтінімді ұсынады, ол мыналарды қамтиды:
1) медициналық техниканың тізбесін;
2) клиникалық-техникалық негіздемені;
3) техникалық ерекшелікті;
4) беру санын, мерзімін, шарттары мен орнын;
5) әрбір атауы бойынша медициналық техниканы сатып алуға бөлінген соманы;
6) тапсырыс берушінің толық атауынан, банктік деректемелерін, мекенжайынан (пошта және заңды), телефонның/факстің байланыс нөмірін, электрондық пошта мекенжайынан, тапсырыс беруші басшысының лауазымын және тегі, аты, әкесінің атын (бар болса);
7) сатып алынатын медициналық техникада көрсетілуі жоспарланған медициналық қызметтердің тізбесі мен санын қамтитын ақпаратты;
8) пайдаланудың техникалық шарттарын;
9) сатып алынатын медициналық техниканы пайдаланатын мамандар туралы мәліметтерді.
174. Лизинг беруші денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган тапсырыс берушілердің ақпаратын ұсынған кезден бастап қырық жұмыс күні ішінде әрбір атауы бойынша медициналық техниканың клиникалық-техникалық негіздемесі, оңтайлы техникалық сипаттамасы және құны бөлігінде сараптамалық бағалау жүргізеді және оның нәтижелері бойынша сараптамалық қорытындының ажырамас бөлігі болып табылатын техникалық ерекшелікті бекітумен сараптамалық қорытынды шығарады.
175. Біріздендіруді талап ететін медициналық техниканы сараптамалық бағалау нәтижелері бойынша бірыңғай біріздендірілген бір техникалық ерекшелікке әрбір тапсырыс беруші бойынша сараптамалық қорытынды шығарылады.
176. Ұсынылған өтінімнің толықтығы мен дұрыстығы бұзылған жағдайда осы Қағидалардың 173-тармағына сәйкес лизинг беруші өтінімді сараптамалық бағалау жүргізбей денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органға қайтарады.
177. Лизинг беруші сараптамалық қорытынды шыққан кезден бастап келісім алғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде тапсырыс берушілерге бекітілген техникалық ерекшелікті келісу үшін жібереді.
178. Тапсырыс берушілер лизинг берушіден алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде сатып алынатын медициналық техниканың техникалық ерекшелігін келіседі, ол тігілген және нөмірленген түрде, әр парағына бұрыштама қол қойылып, тапсырыс берушінің уәкілетті адамының қолымен куәландырылып, лизинг берушіге ұсынылады.
179. Лизинг беруші үш жұмыс күні ішінде тізбе, саны, беру орны және әрбір атауы бойынша медициналық техниканы сатып алуға бөлінген сома бөлігінде тігілген техникалық ерекшелікпен сараптамалық қорытындыны денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органға келісуге жібереді.
180. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган келіскеннен кейін лизинг берушіден тапсырыс берушімен келісілген және лизинг беруші бекіткен, тігілген техникалық ерекшелікпен сараптамалық қорытындыны алған кезден бастап бес жұмыс күні ішінде оны әрбір атауы бойынша қағаз және электрондық жеткізгіште саны, мерзімі, беру шарттары мен орны, медициналық техниканы сатып алуға бөлінген сомасы бойынша салынған өтінімді қоса бере отырып бірыңғай дистрибьюторға сатып алуды ұйымдастыру үшін жібереді.
181. Бірыңғай дистрибьютор денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен келісілген сатып алынатын медициналық техниканың тізімі, саны, мерзімі, беру орны мен шарттары және сатып алуға бөлінген сомасы, әрбір атауы бойынша медициналық техниканың техникалық сипаттамалары (техникалық ерекшелігі) көрсетілген өтінімді алған күнінен бастап он жұмыс күні ішінде осы Қағидалардың 3-бөлімінде көзделген тәртіппен сатып алуды ұйымдастырады.
3-бөлім. Бірыңғай дистрибьютордың сатып алуды жүзеге асыру тәртібі
14-тарау. Екі кезеңдік тендер өткізу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру тәртібі
1-параграф. Екі кезеңдік тендер өткізуді ұйымдастыру
182. Екі кезеңдік тендер өткізу тәсілімен сатып алу мынадай жүйелі кезеңдердің жиынтығын білдіреді:
1) бірінші кезеңде мынадай іс-шаралар жүзеге асырылады:
комиссияны құру, комиссияның хатшысын айқындау;
денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның бейінді мамандықтар бойынша сарапшыны немесе сарапшыларды айқындауы және олардың екі кезеңдік тендер тәсілімен сатып алу өткізуге қатысуын қамтамасыз етуі;
бірыңғай дистрибьютордың интернет-ресурсына екі кезеңдік тендерді өткізу туралы хабарландыруды орналастыру;
тендерлік өтінімдерді қабылдау, ашу және алдын ала қарау;
сарапшыны немесе сарапшыларды (қажет болған кезде) тарту;
ұсынылатын тауарлардың бағаларын қоспағанда, тендерлік өтінімдерге, бастапқы баға ұсыныстарына толықтыруларды осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен сәйкес келтіру бөлігінде қабылдау және қарау;
әлеуетті өнім берушілерді аукционға жіберу;
2) екінші кезеңде:
әлеуетті өнім берушілердің бағаларын салыстыру арқылы аукцион өткізу;
екі кезеңдік тендердің қорытындыларын шығару және осы кезең үшін Қағидаларда көзделген жағдайларда екі кезеңдік тендерді немесе оның жекелеген лоттарын өткізілмеді деп айқындау.
183. Екі кезеңдік тендерді ұйымдастыру және өткізу үшін бірыңғай дистрибьютор тендерлік комиссия (бұдан әрі - комиссия) құрады және оның құрамын әрбір екі кезеңдік тендерге бөлек бекітеді.
184. Комиссия құру және оның хатшысын айқындау туралы шешімді бірыңғай дистрибьютордың бірінші басшысы (немесе оның міндеттерін атқаратын адам) қабылдайды.