Сатып алу шартының немесе фармацевтикалық қызметтер көрсетуге арналған шарттың орындалуын кепілдікті қамтамасыз етуді тапсырыс беруші әлеуетті өнім берушіге мынадай:
1) өнім берушінің шарттық міндеттемелерді орындамауына немесе тиісінше орындамауына байланысты сатып алу шарты немесе фармацевтикалық қызметтер көрсетуге арналған шарт бұзылған;
2) өнім беру шарты бойынша өзінің міндеттемелерін орындамаған немесе тиісінше орындамаған (беру мерзімдерінің бұзылуы, сапасыз дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды беру және шарттың басқа да талаптарының бұзылуы);
3) орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін сатып алу шартында немесе фармацевтикалық қызметтер көрсетуге арналған шартта көзделген айыппұл санкцияларын төлемеген жағдайларда қайтармайды.
8-параграф. Фармацевтикалық көрсетілетін қызметтердің өнім берушілеріне шығындарды өтеу тәртібі
101. Облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары фармацевтикалық қызметтерді көрсету туралы шартта белгіленген дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың құнын және фармацевтикалық қызметтерді көрсету туралы шартта белгіленген пайыздық арақатынаста көрсетілген дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды тасымалдау, сақтау, есепке алу және өткізу бойынша қызметтер үшін сыйақы мөлшерін фармацевтикалық көрсетілетін қызметтердің өнім берушілеріне ай сайын өтейді.
Бұл ретте дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың құны денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген халықаралық патенттелмеген атауы бойынша шекті бағалардан аспайды және саудалық атауы бойынша шекті бағалардан жоғары болмайды.
102. Облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары фармацевтикалық көрсетілетін қызметтердің өнім берушілеріне қамтамасыз етілген тізілімдер (рецепттер тізілімі) туралы ұсынылған деректерді бөлінген қаражат шегінде амбулаториялық қамтамасыз етуді есепке алу жүйесіндегі деректермен салыстырып тексеру негізінде орындалған жұмыстардың актілеріне сәйкес іс жүзінде көрсетілген қызметтер үшін шығындарды өтейді.
10-тарау. Баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алу
103. Егер біртектес тауарларды немесе фармацевтикалық көрсетілетін қызметті сатып алудың жылдық көлемі баға тұрғысынан заңнамада тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің екі мың еселенген мөлшерінен аспаса, баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алуды (бұдан әрі - бағалық сатып алу) қолдануға жол беріледі.
104. Бағалық сатып алуды қолдану мақсатында бірыңғай дистрибьюторда тауарлардың болмауы жағдайларын қоспағанда, біртекті тауарларды сатып алудың жылдық көлемін қаржы жылы бойы бөлуге жол берілмейді.
105. Уәкілетті орган белгілегеннен аспайтын бағалар бойынша алпыс күндік қажеттілікке дейін, сондай-ақ фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерге тоқсан күндік қажеттілікке дейін дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды (осы тармақтың 2) тармақшасын қоспағанда) сатып алуға:
1) мыналарға:
бірыңғай дистрибьютор мен тапсырыс берушінің арасында жасалған сатып алу шарты бойынша беру мерзімдерін бірыңғай дистрибьютордың бұзуына;
осы Қағидаларда айқындалған тәсілдермен бірыңғай дистрибьютор өткізетін дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды немесе фармацевтикалық көрсетілетін қызметті сатып алудың өтпеуіне байланысты бірыңғай дистрибьютордан алынған хабарламаның негізінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмекті уақтылы көрсету үшін тапсырыс берушіде немесе денсаулық сақтау субъектілерінде (амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету шеңберінде) дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың қалдықтары болмаған;
2) оны медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулықта (дәрілік заттардың айналысы саласындағы уәкілетті орган бекіткен) балаларға қолдануға қарсы көрсетілімдер бар дәрілік затты бірыңғай дистрибьютор сатып алған;
3) дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысы және облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті өкілді органдарының шешімдері негізінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асыруға қажеттілік болған;
4) тауарларды және (немесе) фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша екі кезеңдік тендерлер өткізілмеді деп танылған және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде халықты амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету үшін тауарларды және (немесе) фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асыруға қажеттілік болған жағдайларда жол беріледі.
106. Тапсырыс беруші немесе сатып алуды ұйымдастырушы денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша беру көлемін, орнын және кестесін көрсете отырып, кемінде екі үлестес емес әлеуетті өнім берушіден баға ұсыныстарын сұратуды жүзеге асырады.
107. Сұрау салу баға ұсыныстарын қабылдаудың соңғы күнінен күнтізбелік жеті күн қалғанда тапсырыс берушінің немесе сатып алуды ұйымдастырушының интернет-ресурсына хабарландыру орналастыру арқылы жүзеге асырылады. Тапсырыс берушіде интернет-ресурс болмаған жағдайда хабарландыру облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органының интернет-ресурсына орналастырылады. Баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алу өткізу туралы хабарландыру:
1) тапсырыс берушінің немесе сатып алуды ұйымдастырушының атауы мен мекенжайын;
2) сатып алынатын дәрілік заттардың халықаралық патенттелмеген атауларын (саудалық атауы - жеке өзіне жақпаған жағдайда), медициналық мақсаттағы бұйымдардың, медициналық техниканың атауларын, фармацевтикалық көрсетілетін қызметтердің сипаттамасын, сатып алу көлемін, беру орнын, әрбір тауар бойынша сатып алу үшін бөлінген соманы;
3) беру мерзімдері мен шарттарын;
4) құжаттарды ұсыну (қабылдау) орны мен баға ұсыныстарын берудің соңғы мерзімін;
5) баға ұсыныстары салынған конверттерді ашу күнін, уақыты мен орнын қамтиды.
108. Әлеуетті өнім беруші баға ұсыныстарын ұсынудың соңғы мерзімі өткенге дейін желімделген түрде тек бір баға ұсынысын ғана береді. Конверт денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша баға ұсынысын тапсырыс беруші немесе сатып алуды ұйымдастырушы белгілеген мерзімде лицензиялау немесе рұқсат беру рәсімдері арқылы рұқсат беру органдары жүзеге асыратын қызметті немесе әрекеттерді (операцияларды) жүзеге асыруға жеке немесе заңды тұлғаның құқығын растайтын рұқсатты, сондай-ақ ұсынылатын тауарлардың осы Қағидалардың 4-тарауында белгіленген талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттарды, сондай-ақ фармацевтикалық көрсетілетін қызметтердің сипаттамасы мен көлемін қамтиды.
109. Әлеуетті өнім берушінің баға ұсынысын ұсынуы денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша сатып алудың үлгі шартының немесе фармацевтикалық қызмет көрсету шартының талаптары сақталып, тауарды беруді жүзеге асыруға немесе фармацевтикалық қызметтер көрсетуге оның келісімін білдіретін нысан болып табылады.
110. Баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру кезінде тапсырыс беруші немесе сатып алуды ұйымдастырушы баға ұсыныстарын қабылдау аяқталған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде қорытындылар хаттамасын жасайды, оған:
1) сатып алынатын тауарлардың, фармацевтикалық көрсетілетін қызметтердің қысқаша сипаттамасы мен бағасы, олардың саудалық атауы;
2) баға ұсынысын беру күні мен уақыты;
3) сатып алу шарты немесе фармацевтикалық қызметтер көрсету шартын жасау болжанатын әлеуетті өнім берушінің атауы мен орналасқан жері және осындай шарттың бағасы;
4) баға ұсыныстары салынған конверттерді ашу рәсімі кезінде қатысқан әлеуетті өнім берушілердің атауы енгізіледі.
111. Хаттама тапсырыс берушінің немесе сатып алуды ұйымдастырушының интернет-ресурсына орналастырылады.
112. Жеңімпаз болып ең төмен баға ұсынысын ұсынған әлеуетті өнім беруші танылады, бұл туралы оны тапсырыс беруші және (немесе) сатып алуды ұйымдастырушы хабардар етеді.
Бірдей баға ұсыныстары ұсынылған жағдайда, баға ұсыныстарын бірінші болып ұсынған әлеуетті өнім беруші жеңімпаз болып танылады.
Баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алуға баға ұсынысы мен құжаттарын осы Қағидалардың 113-тармағына сәйкес ұсынған бір әлеуетті өнім беруші қатысқан жағдайда тапсырыс беруші немесе сатып алуды ұйымдастырушы мұндай әлеуетті өнім берушіні сатып алу жеңімпазы деп тану туралы шешім қабылдайды.
Баға ұсыныстары болмаған жағдайда баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алу өткізілмеді деп танылады.
113. Жеңімпаз тапсырыс берушіге немесе сатып алуды ұйымдастырушыға жеңімпаз деп танылған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын мынадай құжаттарды ұсынады:
1) мәліметтері мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде расталатын, «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» 2014 жылғы 16 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес алынған (жіберілген) рұқсаттың (хабарламаның) не электрондық құжат түріндегі рұқсаттардың (хабарламалардың) көшірмелерін ұсынады. Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде мәліметтер болмаған жағдайда әлеуетті өнім беруші «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» 2014 жылғы 16 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес алынған (жіберілген) тиісті рұқсаттың (хабарламаның) нотариат куәландырған көшірмесін ұсынады;
2) заңды тұлғаны құрмай кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға құқық беретін құжаттың көшірмесін (кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға үшін);
3) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің көшірмесі не заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама, жеке куәліктің немесе төлқұжаттың көшірмелері (кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға үшін);
4) заңды тұлға үшін жарғысының көшірмесі (егер жарғыда құрылтайшылардың, қатысушылардың немесе акционерлердің құрамы көрсетілмесе, акцияларды ұстаушылар тізілімінен үзінді көшірме немесе құрылтайшылардың, қатысушылардың құрамы туралы үзінді көшірме немесе сатып алуды хабарлау күнінен кейін берілген құрылтай шартының көшірмесі);
5) «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы алынған салық төлеушінің салық берешегінің, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар және (немесе) жарналар бойынша берешегінің бар-жоғы туралы мәліметтер;
6) әлеуетті өнім берушіге қызмет көрсететін банктің немесе банк филиалының Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі басқармасының қаулысымен бекітілген екінші деңгейдегі банктерде, ипотекалық ұйымдарда және «Қазақстан Даму Банкі» акционерлік қоғамында бухгалтерлік есепке алу шоттарының үлгі жоспарына сәйкес банктің немесе банк филиалының алдында әлеуетті өнім берушінің анықтама берген күннің алдындағы үш айдан астам мерзімге созылған міндеттемелерінің барлық түрлері бойынша мерзімі өткен берешегінің жоқ екені туралы қол қойылған және конверттерді ашу күнінің алдындағы бір айдан ерте емес берілген, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша анықтаманың түпнұсқасы (егер әлеуетті өнім беруші екінші деңгейдегі бірнеше банктің немесе филиалдарының, сондай-ақ шетелдік банктің клиенті болып табылса, осындай банктердің әрқайсысынан);
7) Қазақстан Республикасы салық органының осы әлеуетті өнім беруші Қазақстан Республикасының резиденті болып табылмайтыны туралы анықтамасының түпнұсқасы (егер әлеуетті өнім беруші Қазақстан Республикасының резиденті болып табылмаса және Қазақстан Республикасының салық төлеушісі ретінде тіркелмесе);
8) әлеуетті өнім берушінің осы Қағидалардың 13-тармағында белгіленген біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттар;
9) фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде бірлесіп орындаушының осы Қағидалардың 14-тармағында белгіленген біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттар.
Жеңімпаз біліктілік талаптарына сәйкес келмеген жағдайда баға ұсыныстары тәсілімен сатып алу өткізілмеді деп танылады.
114. Сатып алуды ұйымдастырушы қорытындылар хаттамасын үш жұмыс күні ішінде тапсырыс берушіге жібереді. Тапсырыс беруші біліктілік талаптарына сәйкес келетін жеңімпаз анықталған немесе қорытындылар хаттамасын алған күннен кейін күнтізбелік үш күн ішінде денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша жасалатын қол қойылған сатып алу шартын немесе фармацевтикалық қызметтерді көрсетуге арналған шартты әлеуетті өнім берушіге жібереді. Осы Қағидалардың 92, 93, 94 және 95-тармақтарында белгіленген талаптар баға ұсыныстары тәсілімен сатып алуға қолданылмайды.
115. Алған күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде жеңімпаз сатып алу шартына, фармацевтикалық қызметтерді көрсетуге арналған шартқа қол қояды не тапсырыс берушіні немесе сатып алуды ұйымдастырушыны оның шарттарымен келіспейтіні немесе қол қоюдан бас тартатыны туралы жазбаша хабардар етеді. Көрсетілген мерзімде қол қойылған сатып алу шартын, фармацевтикалық қызметтерді көрсетуге арналған шартты ұсынбау оны жасасудан бас тарту болып есептеледі (шарт жасасудан жалтару). Келіспеушіліктерді қарау мерзімі екі жұмыс күнінен аспауға тиіс.
11-тарау. Бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру тәртібі
116. Бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алу:
1) тендер өткізілмеді деп танылғанда (сатып алу жарамсыз деп танылған жағдайларды қоспағанда);
2) баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алу өткізілмеді деп танылғанда;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен төтенше жағдайлардың жариялануы салдарынан тендерлер өткізуге мүмкіндігін болдырмайтын осы дәрілік заттарға және медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техникаға жедел қажеттілік туындағанда;
4) тапсырыс беруші, сатып алуды ұйымдастырушы немесе бірыңғай дистрибьютор тендердің қорытындысын шығарғанға дейінгі кезеңге тауарларды, фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асыруға қажеттілік болғанда;
5) сол қаржы жылы тауарлардың, фармацевтикалық көрсетілетін қызметтердің қосымша көлеміне қажеттілік болғанда қолданылады. Бұл ретте тауарға немесе фармацевтикалық көрсетілетін қызметке баға сол қаржы жылы сатып алынған тауардың не фармацевтикалық көрсетілетін қызметтің бағасынан аспауға тиіс. Сол бір өнім берушіден сол қаржы жылы онымен сатып алу немесе фармацевтикалық қызметті көрсетуге арналған шарт жасалған жағдайда, жасалған шартқа тиісті өзгерістер енгізіледі және 3 және 4-тараулардың талаптарына сәйкес растау талап етілмейді. Фармацевтикалық қызметтерді көрсетуге арналған шартта көзделген, фармацевтикалық қызмет қосымша көрсетілетін тауарлардың санын ұлғайту деп фармацевтикалық көрсетілетін қызметтердің қосымша көлемі деп түсініледі (бағасы, саудалық атауы, дозасы және сапасы өзгермейтін кезде);
6) халықты амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету үшін тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде алпыс күндік қажеттілікке дейін тауарларды есепке алу және өткізу жөніндегі көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша екі кезеңдік тендер бірыңғай дистрибьютордан алынған хабарламаның негізінде өткізілмеді деп танылғанда;
7) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде:
медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулықта (дәрілік заттардың айналысы саласындағы уәкілетті орган бекіткен) балаларға қолдануға қарсы көрсетілімдері бар дәрілік затты бірыңғай дистрибьютор сатып алған жағдайда балаларды қамтамасыз ету мақсатында;
дәрігерлік-консультациялық комиссия қорытындысының және облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті өкілді органдарының шешімдері негізінде пациенттің жеке өзіне жақпаған жағдайларда қажеттілік болғанда фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асыруға;
8) уәкілетті орган белгілегеннен аспайтын баға бойынша тауарларды есепке алу және өткізу бойынша қызметті алпыс күндік қажеттілікке дейінгі (осы тармақтың 2) тармақшасын қоспағанда) сатып алуды жүзеге асыру қажеттілігі болғанда, сондай-ақ фармацевтикалық көрсетілетін қызметтердің тоқсан күндік қажеттілігіне дейін тауарларды, сондай-ақ тауарларды есепке алу мен өткізу бойынша қызметтерді сатып алу бойынша екі кезеңдік тендерлер өткізілмеді деп танылған жағдайда жол беріледі;
9) Қазақстан Республикасында, сондай-ақ одан тыс жерлерде өндірілген немесе қайта өңделген тұтынуға (қолдануға) дайын тауарларды өндіретін өнім берушінің немесе оның үлестес тұлғаларының тауарлар беруі көзделген, жасалған мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты болғанда қолданылады.
117. Бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру кезінде тапсырыс беруші немесе сатып алуды ұйымдастырушы әлеуетті өнім берушіден:
1) баға ұсынысын;
2) әлеуетті өнім берушінің осы Қағидалардың 3-тарауымен белгіленген біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттарды;
3) мәлімделген дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың осы Қағидалардың 4-тарауының ережелеріне сәйкестігін растайтын құжаттарды сұратады.
Егер екіден аз тендерлік өтінім ұсынылуы себебінен тендер өткізілмеді деп танылса немесе осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келетін отандық тауар өндірушінің, әлеуетті өнім берушінің бір ғана өтінімі берілсе, осындай әлеуетті өнім беруші осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларында көзделген құжаттарды ұсынбайды.
118. Бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру кезінде хаттама жасалады, оған:
1) бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алуды қолдану негіздемесі;
2) сатып алынатын тауарлардың немесе фармацевтикалық көрсетілетін қызметтердің қысқаша сипаттамасы, олардың саудалық атауы;
3) сатып алу шартын немесе фармацевтикалық қызметтер көрсету шартын жасау болжанып отырған өнім берушінің атауы мен орналасқан жері және осындай шарттың бағасы;
4) осы Қағидалардың 3 және 4-тарауларында белгіленген талаптарға сәйкестігі енгізіледі.
119. Осы тәсілмен сатып алу шарты немесе фармацевтикалық қызметтер көрсету шарты осы Қағидалардың 9-тарауының 6-параграф ережелерінің негізінде жасалады.
120. Сатып алуды бір көзден сатып алу тәсілімен ұйымдастыру және өткізу мынадай жүйелі іc-шаралардың орындалуын көздейді:
1) тапсырыс берушінің немесе сатып алуды ұйымдастырушының осы тәсілді қолданудың негіздемесімен бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алу өткізу туралы шешім қабылдау;
2) тапсырыс берушіні немесе сатып алуды ұйымдастырушыны айқындауды және бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алу рәсімін өткізу;
3) әлеуетті өнім берушіге бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алуға қатысу туралы шақыру жіберу;
4) әлеуетті өнім берушінің шақыртуда көзделген құжаттарды қоса бере отырып бір көзден сатып алуға қатысу туралы келісім жіберуін;
5) әлеуетті өнім беруші ұсынған осы Қағидалардың талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттарды қарау;
6) бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алу қорытындылары туралы хаттаманы тапсырыс берушінің немесе сатып алуды ұйымдастырушының интернет-ресурсына орналастыру;
7) әлеуетті өнім берушімен бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алу қорытындылары туралы хаттаманың негізінде сатып алу шартын немесе фармацевтикалық қызметтер көрсету шартын жасасу.
121. Бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алуды өткізу туралы шешімді тапсырыс беруші (сатып алуды ұйымдастырушы) осы Қағидаларда көзделген негіздер бойынша сатып алу өткізілмеді деп танылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қабылдайды.
122. Тапсырыс беруші немесе сатып алуды ұйымдастырушы әлеуетті өнім беруші сұратылған құжаттарды ұсынған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алу қорытындылары туралы хаттаманы қалыптастырады және интернет-ресурсқа орналастырады.
123. Ұсынылған тендерлік өтінімдердің болмауы себебінен тендер тәсілімен сатып алу өткізілмеді деп танылған жағдайда тапсырыс беруші немесе сатып алуды ұйымдастырушы бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру туралы шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде тапсырыс беруші немесе сатып алуды ұйымдастырушы айқындаған әлеуетті өнім берушіге шақырту жібереді.
124. Екеуден аз тендерлік өтінімнің берілуі себебінен тендер тәсілімен сатып алу өткізілмеді деп танылған жағдайда тапсырыс беруші немесе сатып алуды ұйымдастырушы бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру туралы шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде осы тендерге қатысуға өтінім берген әлеуетті өнім берушіге шақыру жібереді. Тендерге қатысуға бір де бір әлеуетті өнім берушінің жіберілмеуі себебінен тендер тәсілімен сатып алу өткізілмеді деп танылған жағдайда, тапсырыс беруші немесе сатып алуды ұйымдастырушы бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру туралы шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде ең төмен баға ұсынысын берген әлеуетті өнім берушіге, егер бірдей баға ұсыныстары берілсе, онда осы Қағидалардың 9-тармағында белгіленген шектеуге байланысты қабылданбаған адамдарды қоспағанда, тендерлік өтінімін бірінші болып тіркеген әлеуетті өнім берушіге шақыру жібереді.
125. Тапсырыс берушінің не сатып алуды ұйымдастырушының сатып алу шартына, фармацевтикалық қызметтерді көрсетуге арналған шартқа қол қойғанға дейін тауардың не фармацевтикалық көрсетілетін қызметтің бағасын азайту мақсатында тендердің жеңімпазы болып танылған әлеуетті өнім берушімен келіссөздер жүргізуіне жол беріледі. Әлеуетті өнім беруші өзінің қалауы бойынша тауардың немесе фармацевтикалық көрсетілетін қызметтің бағасын азайтуға келісетіні немесе келіспейтіні туралы шешім қабылдайды, бұл тапсырыс берушінің не сатып алуды ұйымдастырушының тендер жеңімпазы болып танылған әлеуетті өнім берушімен шартқа қол қоюдан бас тартуы үшін негіздеме болып табылмайды.
126. Осы тарауға сәйкес жіберілген тапсырыс берушінің немесе сатып алуды ұйымдастырушының шақыруына әлеуетті өнім беруші бес жұмыс күні ішінде тапсырыс берушіге, сатып алуды ұйымдастырушыға шақыруда көзделген құжаттарды қоса бере отырып сатып алуға қатысатыны туралы өзінің растауын не себептерін көрсете отырып сатып алуға қатысудан бас тартатыны туралы хат жібереді. Бұл ретте осы тармақта белгіленген мерзімде жауаптың болмауы сатып алуға қатысудан бас тарту ретінде бағаланады.
12-тарау. Бірыңғай дистрибьютордың тізімі бойынша сатып алу
1-параграф. Бірыңғай дистрибьютордың тізімі туралы
127. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бірыңғай дистрибьютордың тізімі бойынша сатып алуды жүзеге асыру үшін ағымдағы қаржы жылының бірінші маусымынан кешіктірмей бірыңғай дистрибьютордың келесі қаржы жылына арналған тізімін бекітеді, ол тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету үшін дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды қамтиды.
Бірыңғай дистрибьютордың тізімін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күнінен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей қорға, бірыңғай дистрибьюторға, облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарына, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін немесе міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсететін ведомстволық бөлімшелерге (ұйымдарға) жібереді.
128. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган қажеттілігіне қарай бірыңғай дистрибьютордың бекітілген тізіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізеді.
129. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бірыңғай дистрибьютордың тізімімен бірге қорға және бірыңғай дистрибьюторға жедел, стационарлық, стационарды алмастыратын көмекті көрсету және аурулардың профилактикасы кезінде амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету және дәрілік қамтамасыз ету шеңберінде келесі қаржы жылы әкімшілік-аумақтық бірлік бөлінісінде (облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың) қаржыландырудың бекітілген көлемін жібереді.
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін немесе міндетті әлеуметтік медициналық көмек жүйесіндегі медициналық көмекті көрсететін ведомстволық бөлімшелер (ұйымдар) бірінші маусымға дейінгі мерзімде қорға және бірыңғай дистрибьюторға келесі қаржы жылына қаржыландырудың бекітілген көлемін жібереді.