4. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген ақпаратты беру жөніндегі мiндеттердi бұзуына байланысты экспедиторға келтiрген залалдары үшiн клиент жауапты болады.
711-бап. Экспедитордың мiндеттерiн үшiншi тұлғаның атқаруы
1. Егер экспедиция шартынан экспедитордың өз мiндеттерiн жеке өзiнiң атқаруы мiндетi туындамаса, экспедитор өз мiндеттерiн орындауға басқа тұлғаларды тартуға құқылы.
2. Мiндеттеменiң орындалуын үшiншi тұлғаға жүктеу экспедиторды шарттың орындалуы үшiн клиенттiң алдындағы жауаптылықтан босатпайды.
712-бап. Ұстап қалу құқығы
Экспедитор жүктi тек оның экспедициялық қызмет көрсетулерi үшiн алуы тиiс сыйақының төленбеуiне байланысты ғана ұстап қалуға құқылы.
2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 713-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
713-бап. Көлiк экспедициясы шарты бойынша экспедитордың жауапкершiлiгi
1. Экспедиция шарты жөніндегі мiндеттердi орындамағаны немесе тиiстi дәрежеде орындамағаны үшiн экспедитор осы Кодекстiң 20-тарауындағы ережелерге сәйкес белгiленген негiздер мен мөлшер бойынша жауапты болады.
2. Егер экспедитор мiндеттi бұзу тасымалдау шарттарының тиiстi дәрежеде орындалмауынан пайда болғанын дәлелдесе, экспедитордың клиент алдындағы жауаптылығы да экспедитордың алдында тиiстi тасымалдаушы жауап беретiн ережелермен белгiленедi.
2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 714-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
714-бап. Көлiк экспедициясы шартын орындаудан бiржақты бас тарту
1. Клиент немесе экспедитор, бұл туралы басқа тарапқа қисынды мерзiмде ескерте отырып, көлiк экспедициясы шартын орындаудан бас тартуға құқылы.
2. Шартты орындаудан бiржақты бас тарту кезiнде бас тартуды мәлiмдеген тарап екiншi тарапқа шарттың бұзылуынан келтiрiлген залалды өтейдi.
36-тарау. Заем
ҚР Заңымен 10.07.03 ж. № 483-II 715-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
715-бап. Заем шарты
1. Заем шарты бойынша бiр тарап (заем берушi) басқа тараптың (заемшының) меншiгiне (шаруашылық жүргiзуiне, оралымды басқаруына) ақша немесе тектiк белгiлерiмен айқындалған заттарды бередi, ал осы Кодексте немесе шартта көзделген жағдайларда оларды беруге мiндеттенедi, ал заемшы заем берушіге дәл осындай ақша сомасын немесе осы тектегi және сападағы заттардың тең мөлшерiн уақытында қайтаруға мiндеттенедi.
2. Орындалуы ақша немесе тектiк белгiсiмен айқындалған заттарды беруге байланысты шарттарда заем, егер заң актілерінде өзгеше белгiленбесе және тиiстi мiндеттемелердiң мәнiне қайшы келмейтiн болса, аванс, алдын ала ақы төлеу, тауарларға (жұмысқа және қызмет көрсетулерге) мерзiмiн ұзартып және бөлiп-бөлiп төлеу түрiнде беру көзделуi мүмкiн.
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Азаматтар мен заңды тұлғаларға кәсiпкерлiк қызмет ретiнде азаматтардан қарыз түрінде ақша тартуға тыйым салынады және мұндай шарттар маңызсыз болып табылады.
Бұл тыйым салу заемшылар депозиттер қабылдауға уәкiлеттi мемлекеттік органның лицензиясы бар банктер болған жағдайларда, сондай-ақ шығарылуы заңдарда белгiленген тәртiппен тіркелген бағалы қағаздарға ақшаны айырбасқа қабылдау жағдайларында қолданылмайды.
716-бап. Заем шартының нысаны
1. Заем шарты осы Кодекстiң 151-152-баптарының ережелерiне сәйкес нысанда жасалуға тиiс.
2. Заем шарты заемшының облигациясы, қолхаты немесе оған заем берушiнiң белгiлi бiр соманы немесе заттардың белгiлi бiр мөлшерiн бергендiгiн куәландыратын өзге де құжат болған жағдайда да тиiстi жазбаша нысанда жасалды деп танылады.
717-бап. Заем шартын жасасу
Заем шарты, егер осы Кодексте немесе тараптардың келісімiнде өзгеше көзделмесе, ақша немесе заттар берiлген кезден бастап жасалды деп есептеледi.
Шартта ақшаны немесе заттарды бөлшектеп (бөлiп-бөлiп) беру көзделген жағдайларда, егер шартта өзгеше көзделмесе, олардың бiрiншi бөлiгi берiлген кезден бастап шарт жасалды деп есептеледi.
2011.10.02. № 406-IV ҚР Заңымен 718-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2012.05.07. № 30-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2012.26.11 № 57-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 718-бап өзгертілді
718-бап. Қарыз шарты бойынша сыйақы
1. Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде немесе шартта өзгеше көзделмесе, қарыз нысанасын пайдаланғаны үшiн қарыз алушы шартта айқындалған мөлшерде қарыз берушiге сыйақы төлейдi.
2. Банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың, микроқаржы ұйымдарының және кредиттік серіктестіктердің қарыз алушыларының құқықтарын қорғау қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты қарыз беруші алатын сыйақыны, комиссиялардың барлық түрлерін және өзге де төлемдерді қамтитын және Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен есептелетін жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті мөлшерін белгілеу арқылы қамтамасыз етіледі.
Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті мөлшері Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісімен айқындалады.
3. Егер қарыз шарты бойынша қарыз алушыға заттар берiлсе, сыйақы төлеу оның көлемi мен нысаны (ақшалай немесе заттай) шартта көзделген жағдайда жүргiзiледi.
4. Сыйақы төлеудiң тәртібі мен мерзiмдерi қарыз шартында белгiленедi.
Егер сыйақы төлеу тәртібі мен мерзiмдерi шартта белгiленбесе, ол ай сайын төленедi.
5. Егер қарыз алушы қарыз нысанасын мерзiмiнде қайтармаса, сыйақы қарыз нысанасын пайдаланған бүкiл кезеңге төленедi.
719-бап. Заем нысанасын беру
1. Заем нысанасын шартта көзделген мерзiмде, мөлшерде және жағдайда берiледi.
Егер шартта өзгеше көзделмесе, заем нысанасы оны заемшыға берген немесе оның банктегi шотына тиiстi ақша қаражаты есептелген кезден бастап берiлген деп есептеледi.
2. Егер заң актілерінде немесе шартта өзгеше белгiленбесе, заемшы заем берудiң шартта белгiленген мерзiмiне дейін заем берушiнi бұл туралы хабардар ете отырып, заем алудан толық немесе iшiнара бас тартуға құқылы.
3. Тектiк белгiлерiмен айқындалатын заттарды заемға берген кезде олардың саны, түр-түрi, жинақтылығы, сапасы, ыдысы және (немесе) буып-түйiлуi туралы шарттарды орындау, егер шартта өзгеше көзделмесе, тауарларды сатып алу-сату шарттары туралы (осы Кодекстiң 406-492-баптары) ережелерге сәйкес жүзеге асырылуға тиiс.
720-бап. Нысаналы заем
1. Егер шартта өзгеше көзделмесе, заем нысанасыз болады және заемшы алынған заем нысанасын өз қалауы бойынша пайдаланады.
2. Шарт заемшының заем нысанасын белгiлi бiр мақсатқа пайдалануы шартымен (нысаналы заем) жасалған жағдайда, заем берушiнiң заемның нысаналы пайдаланылуын бақылауды жүзеге асыруға құқығы бар, ал заемшы заем берушiнiң осындай бақылауды жүзеге асыру мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
3. Заемшы заем нысанасын нысаналы пайдалану жөніндегі мiндеттердi, сондай-ақ осы баптың 2-тармағында көзделген мiндеттердi орындамаған жағдайда заем берушi заем нысанасының берiлмеген бөлiгiне қатысты шартты орындаудан бас тартуға және заемшыдан заем нысанасын және ол бойынша сыйақыны мерзiмiнен бұрын қайтаруды талап етуге құқылы.
721-бап. Заемшының мiндеттемелерiн орындауын қамтамасыз ету
1. Заем нысанасын қайтару және сыйақы төлеу жөніндегі мiндеттемелердi орындау осы Кодексте көзделген әдiстермен қамтамасыз етiлуi мүмкiн. Бұл жағдайда заемшы, егер заң актілерінде немесе шартта өзгеше белгiленбесе, заем берушiге заемның қамтамасыз етiлуiн бақылауға мүмкiндiк беруге мiндеттi.
2. Заемшы нысанасын қайтару және сыйақы төлеу жөніндегі қамтамасыз ету жөніндегі мiндеттердi орындамаған кезде, сондай-ақ заем берушi жауап бермейтiн мән-жайлар бойынша қамтамасыз етудi жоғалтқан немесе оның шарттарын нашарлатқан жағдайда заем берушi заем нысанасының тиiсiнше ұсынылмаған бөлiгiне қатысты шартты орындаудан бас тартуға және заемшыдан заем нысанасын және ол бойынша сыйақыны мерзiмiнен бұрын қайтаруды талап етуге құқылы.
2015.17.07. № 333-V ҚР Заңымен 722-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
722-бап. Заем нысанасын қайтару
1. Заемшы шартта көзделген тәртiппен және мерзiмде заем нысанасын қайтаруға мiндеттi.
Егер шартта өзгеше көзделмесе, заем нысанасы оны заем берушiге берген немесе оның банктегi шотына тиiстi ақша есептелген кезде қайтарылды деп есептеледi.
Егер заем нысанасын қайтару мерзiмi шартта белгiленбесе, оны заемшы ол туралы заем берушi талап еткен күннен бастап отыз күн iшiнде қайтаруы тиiс.
Сыйақы төлеу туралы шартсыз берiлген заем нысанасы мерзiмiнен бұрын қайтарылуы мүмкiн. Сыйақы төлеу шартымен берiлген заем нысанасы заем берушінің келісімімен не, егер ол шартта көзделсе, мерзімінен бұрын қайтарылуы мүмкін.
Егер шартта өзгеше белгiленбесе, заем бойынша сыйақы кез келген уақытта мерзiмiнен бұрын төленуi мүмкiн.
2. Заем берушiнiң келісімiмен заемшының мiндеттемелерi: ақша заемы шарты бойынша - борыш есебiне тектiк белгiлерiмен айқындалған заттарды қабылдаумен; заттар заемы шарты бойынша - борыштың есебiне ақша қабылдаумен орындалуы мүмкiн. Аталған заттардың құны тараптардың келісімiмен айқындалады.
3. Егер шартта заемды бөлшектеп (бөлiп-бөлiп) қайтару көзделсе, заемшы заем нысанасының кезектi бөлiгiн қайтару үшiн белгiленген мерзiмдi бұзған жағдайда заем берушi заем нысанасының қалған барлық бөлiгiнiң тиесiлi сыйақымен бiрге мерзiмiнен бұрын қайтаруды талап етуге, сондай-ақ кепілге салынған мүлікке өндіріп алуды қолдану арқылы өздерінің талаптарын қанағаттандыруға (осы Кодекстің 321-бабы 2-тармағының 4) тармақшасы) құқылы.
4. Егер шартта заем бойынша сыйақыны заем нысанасының өзiн қайтару мерзiмдерiнен бұрын төлеу көзделсе, сыйақыны төлеу үшiн белгiленген мерзiм бұзылған жағдайда заем берушi заемшыдан заем нысанасын тиесiлi сыйақымен бiрге мерзiмiнен бұрын қайтаруды талап етуге, сондай-ақ кепілге салынған мүлікке өндіріп алуды қолдану арқылы өздерінің талаптарын қанағаттандыруға (осы Кодекстің 321-бабы 2-тармағының 4) тармақшасы) құқылы.
723-бап. Заем нысанасын мерзiмiнен бұрын қайтару туралы талапты қанағаттандыру мерзімі
Заем берушi 720-баптың З-тармағында, 721-баптың 2-тармағында, 722-баптың 3 және 4-тармақтарында көзделген негiздер бойынша заем нысанасын мерзiмiнен бұрын қайтару туралы талаптар қойған кезде заем нысанасын қайтарудың және ол бойынша сыйақыны төлеудiң жаңа мерзiмi осы Кодекстiң 722-бабының 1-тармағында белгiленген ереже бойынша есептеледi.
724-бап. Заем шартын даулау
1. Заемшы заем берушiден өзiнiң заем нысанасын (ақшаны немесе заттарды) iс жүзiнде алмағандығын немесе шартта көрсетiлгеннен аз мөлшерде немесе аз санда алынғанын дәлелдей отырып, заем шартын даулауға құқылы.
2. Заем шарты жазбаша түрде жасалуға тиiс жағдайларда (осы Кодекстiң 716-бабы), шарт алдаудың, күш қолданудың, қорқытудың, тараптар өкiлдерiнiң қаскүнемдiк келісімiнiң немесе ауыр мән-жайлар тоғысуының ықпалымен жасалған жағдайларды қоспағанда (осы Кодекстiң 159-бабының 9 және 10-тармақтары), оны куәгерлiк көрсетулер арқылы даулауға жол берiлмейдi.
725-бап. Заем шартында мiндеттеменi жаңалау
1. Сатып алу-сату, мүлiктi жалға алу немесе өзге негiздегi мәмiлелерден пайда болған кез келген мiндеттеме тараптардың келісімi бойынша заем шартымен ресiмделуi мүмкiн.
2. Мiндеттеменi заем шартына ресiмдеу жаңалау туралы талаптарды (осы Кодекстiң 372-бабы) сақтай отырып жүзеге асырылады және заем шарты үшiн көзделген (осы Кодекстiң 716-бабы) нысанда жасалады.
726-бап. Мемлекеттік заем шарты
1. Мемлекеттік заем шарты бойынша заемшы - мемлекет, ал заем беруші - азамат немесе заңды тұлға болады.
2. Мемлекеттік заемдар ерiктi болып табылады.
3. Мемлекеттік заем шарты заем игерушiнiң шығарылған мемлекеттік облигацияларды, сондай-ақ заем берушiнiң заемшыдан одан қарызға берілген ақшаны немесе заем талаптарына байланысты өзге де мүліктік баламаны, белгiленген сыйақыны немесе өзге де мүлiктiк құқықтарды осы заемды айналымға шығару шарттарында көзделген мерзiмде алу құқығын куәландыратын басқа да мемлекеттік бағалы қағаздарды (құжаттық немесе құжаттық емес) алу жолымен жасалады.
4. Мемлекеттік заем шартынан туындайтын өз мiндеттемелерi бойынша, заемшы тиiстi қазынаның мүлкiмен жауап бередi.
5. Қазақстан Республикасының мемлекеттік заем қатынастарына қатысу ерекшелiктерi заң актілерімен белгiленуi мүмкiн.
727-бап. Банк заемы шарты
ҚР 2005.23.12. № 107-III Заңымен 1-бап толықтырылды
1. Банк заемы шарты бойынша заем берушi заемшыға төлемділік, мерзімділік, қайтарымдылық шарттарымен қарызға ақша беруге мiндеттенедi.
2009.12.02. № 133-IV ҚР Заңымен бап 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Ислам банкі заем беруші болып табылатын банк заемы шарты бойынша ақша заемы мерзімділік және қайтарымдылық талаптары бойынша және ақшаны пайдаланғаны үшін сыйақы алынбай жүзеге асырылады.
2. Банк заемы шартына осы Кодекстiң 728-бабында көзделген ерекшелiктерiмен қоса заем шартына қатысты ережелер қолданылады.
10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара); 2007.19.02. № 230-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 728-бап өзгертілді; 2011.10.02. № 406-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара) 728-бап жаңа редакцияда; 2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 728-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
728-бап. Банктік қарыз шартының және микрокредит беру туралы шарттың ерекшелiктерi
Банктік қарыз шартының және микрокредит беру туралы шарттың мынадай ерекшелiктерi бар:
1) банктік қарыз шарты бойынша банк немесе уәкiлеттi мемлекеттік органның банктік қарыз операцияларына лицензиясы бар өзге де заңды тұлға қарыз берушi ретінде әрекет етеді;
2) микрокредит беру туралы шарт бойынша микроқаржы ұйымы қарыз беруші ретінде әрекет етеді;
3) алдағы уақытта берiлуi мүмкiн ақша банктік қарыз шартының, микрокредит беру туралы шарттың нысанасы болып табылады. Соңғы жағдайда, егер осы шарттарда өзгеше көзделмесе, банктік қарыз шарты, микрокредит беру туралы шарт олар жасалған кезiнен бастап (осы Кодекстiң 393-бабының 1-тармағы) күшiне енген болып есептеледi;
4) банктік қарыз шарты, микрокредит беру туралы шарт жазбаша нысанда жасалуға тиіс. Жазбаша нысанды сақтамау банктік қарыз шартының, микрокредит беру туралы шарттың маңызсыздығына алып келеді;
5) егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, банктік қарыз шартында, микрокредит беру туралы шартта банктің немесе уәкілетті мемлекеттік органның банктік қарыз операцияларына лицензиясы бар өзге де заңды тұлғаның, микроқаржы ұйымының шарт талаптарын біржақты өзгерту құқығын көздейтін талап қамтылмайды;
6) Қазақстан Республикасының банк заңнамасында не Қазақстан Республикасының микроқаржы ұйымдары туралы заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, банктік қарыз шартына, микрокредит беру туралы шартқа осы Кодекстің 722-бабы 2-тармағының ережелері қолданылмайды;
7) қарыз алушы қарыз, микрокредит нысанасының кезекті бөлігін қайтару және (немесе) сыйақы төлеу үшін белгіленген мерзімді күнтізбелік қырық күннен асырып бұзған кезде, банктік қарыз шартына, микрокредит беру туралы шартқа осы Кодекстің 722-бабы 3 және 4-тармақтарының ережелері қолданылады.
Банктерге осы банк эмитенті болып табылатын акциялармен қамтамасыз етілген қарыздар не осы акцияларды иеленуге арналған қарыздар беруге тыйым салынады.
37-тарау. Ақшалай талапты беріп қаржыландыру (факторинг)
729-бап. Ақшалай талапты берiп қаржыландыру (факторинг) шарты
1. Ақшалай талапты берiп қаржыландыру шарты бойынша бiр тарап (қаржы агентi) ақшаны басқа тараптың (клиенттiң) билiгiне бередi немесе беруге мiндеттенедi, ал клиент қаржы агентiне клиенттiң (кредит берушiнiң) осы үшiншi тұлғамен (борышқормен) қатынастарынан туындайтын өзiнiң ақшалай талабын қаржы агентiне бередi немесе беруге мiндеттенедi.
Борышқорға ақшалай талабын клиент қаржы агентіне сонымен бірге клиенттің қаржы агенті алдындағы міндеттемелерін атқаруын қамтамасыз ету мақсатында да беруi мүмкiн.
2. Ақшалай талапты беріп қаржыландыру шарты бойынша қаржы агентінің мiндеттемелерi клиент үшiн бухгалтерлiк есеп жүргiзудi және берудiң нысанасы болып табылатын ақшалай талаптарға (ақшалай талаптар бойынша шоттар ашу) қатысты құжаттар ұсынуды, сондай-ақ клиентке осы талаптарға байланысты өзге де қаржылық қызмет көрсетуді қамтуы мүмкiн.
3. Осы Кодекспен белгiленген (осы Кодекстiң 339-347-баптары) талаптарды беру туралы жалпы ережелер, егер осы тарауда өзгеше көзделмесе, ақшалай талапты берiп қаржыландыруға қолданылады.
730-бап. Ақшалай талапты берiп қаржыландыру туралы шарттың нысаны
Ақшалай талапты берiп қаржыландыру шарты осы Кодекстiң 346-бабында белгіленген талаптарды сақтай отырып жазбаша түрде жасалуға тиiс.
731-бап. Қаржыландыруды алу мақсатындағы берiлген ақшалай талап
1. Төлем мерзiмi келген ақшалай талап (қойылып келген талап) та, болашақта туындайтын ақша алу (келешектегi талап) құқығы да қаржы беру нысанасы болуы мүмкiн.
Беру нысанасы болып табылатын ақша талабы клиенттiң қаржы агентiмен жасасқан шартында қолданылып келген ақшалай талапты шарт жасалған кезде, ал келешектегi талапты - ол туындаған кезден кешiктiрмей бiрыңғайландыруға мүмкiндiк беретiндей болып белгiленуге тиiс.
2. Қолданылып келген ақшалай талап шарт жасалған кезден бастап, егер онда өзгеше көзделмесе, қаржы агентiне ауысты деп есептеледi.
Келешектегi ақшалай талапты беру кезiнде шартта көзделген талапты берудiң нысанасы болып табылатын ақшаны борышкерден алу құқығының өзi пайда болғаннан кейiн қаржы агентiне ауысты деп есептеледi.
Егер ақшалай талапты беру белгiлi бiр оқиғамен байланысты болса, ол осы оқиға басталғаннан кейiн күшiне енедi. Мұндай жағдайда ақшалай талапты берудi қосымша ресiмдеу талап етiлмейдi.
732-бап. Клиенттiң қаржы агентiнiң алдындағы жауапкершiлiгi
1. Егер шартта өзгеше көзделмесе, беру нысанасы болып табылатын ақшалай талаптың жарамсыздығы үшiн қаржы агентiнiң алдында клиент жауапты болады.
2. Егер клиент ақшалай талапты беру құқығына ие болса және осы талапты беру кезiнде борышқордың ол талапты орындамауға құқығы болатын мән-жайлар оған белгiсiз болса, беру нысанасы болып табылатын ақшалай талап жарамды деп танылады.
3. Егер клиент пен қаржы агентiнiң арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, клиент қаржы агентi оны орындауды ұсынған жағдайда беру нысанасы болып табылатын талапты борышқордың орындамағаны немесе тиiстi түрде орындамағаны үшiн жауап бермейдi.
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 733-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
733-бап. Талапты беруге тыйым салудың жарамсыздығы
1. Қаржы агентiне ақшалай талапты беру, тiптi клиент пен оның борышкері арасында оған тыйым салу немесе оны шектеу туралы келiсiм болғанда да жарамды болып табылады.
2. Осы баптың 1-тармағында белгіленген ереже клиент пен борышкер арасындағы оған тыйым салу немесе оны шектеу туралы қолда бар келісімді бұза отырып талапты беруге байланысты клиентті борышкер алдындағы міндеттемелерден немесе жауаптылықтан босатпайды.
734-бап. Ақшалай талапты кейiн беру
Егер ақшалай талапты берiп қаржыландыру шартында өзгеше көзделмесе, қаржы агентiнiң ақшалай талапты кейiн беруiне жол берiлмейдi.
Шартта ақшалай талапты кейiн беруге жол берiлген жағдайларда оған тиiсiнше осы тараудың ережелерi қолданылады.
735-бап. Борышқордың қаржы агентiне ақшалай талапты орындауы
1. Борышқор қаржы агентiне ол клиенттен немесе қаржы агентiнен ақшалай талаптың аталған қаржы агентiне берiлгендiгi туралы жазбаша хабарлама алған жағдайда төлем жүргiзуге мiндеттi.
Хабарламада орындалуға жататын ақшалай талап нақты белгiленуге және төлем жүргiзiлуi тиiс қаржы агентi көрсетiлуi керек.
2. Борышқордың өтiнiшi бойынша қаржы агентi қисынды мерзiмде борышқорға ақшалай талаптың қаржы агентiне шындығында берiлгенiне дәлелдеме ұсынуға мiндеттi. Егер қаржы агентi бұл мiндеттi орындамаса, борышқор клиенттiң алдындағы өзінің міндеттемелерiн орындау үшiн оған аталған талап бойынша төлем жүргiзуге құқылы.
3. Борышқордың қаржы агентi алдында ақшалай талапты орындауы осы баптың ережелерiне сәйкес борышқорды клиенттiң алдындағы тиiстi мiндеттемелерiнен босатады.
736-бап. Қаржы агентiнiң борышқордан алынған сомаларға құқықтары
1. Егер ақшалай талапты берiп қаржыландыру шарты бойынша клиенттi қаржыландыру одан осы талапты қаржы агентiнiң сатып алуы жолымен жүзеге асырылса, соңғысы борышқордан талапты орындау үшiн алатын барлық сомаға құқықты иемденедi, ал клиент өзi алған сома қаржы агентi клиентке төлеген сомадан аз болғаны үшiн қаржы агентi алдында жауап бермейдi.
2. Егер қаржы агентiне ақшалай талапты беру клиенттiң агент алдындағы өзiнiң мiндеттемесiн орындауды қамтамасыз ету әдiсi ретiнде жүзеге асырылса және талапты берiп қаржыландыру шартында өзгеше көзделмесе, қаржы агентi клиентке есеп табыс етуге және оған талапты берiп қамтамасыз етілген клиент мiндеттемелерi сомасынан асатын соманы беруге мiндеттi. Егер қаржы агентi борышқордан алған ақша клиенттiң қаржы агентiне талапты берумен қамтамасыз етiлген мiндеттемелерi сомасынан аз болып шықса, клиент мiндеттемелердiң қалған бөлiктерi бойынша жауапты болады.
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды
3. Егер ақшалай талапты беріп қаржыландыру шартында өзгеше көзделмесе, осы баптың қағидалары қолданылады.
737-бап. Борышқордың қарсы талаптары
Қаржы агентi борышқорға төлем жүргiзудi талап еткен жағдайда, борышқор осы Кодекстiң 370-бабына сәйкес талаптың қаржы агентiне берiлгенi туралы жазбаша хабарламаны өзi алған уақытта борышқорда болған, клиентпен арадағы шартқа негiзделген өзінің ақшалай талаптарын есепке алуға ұсынуға құқылы.
Егер клиент борышқор алдында мiндеттемелерi бар екенi туралы оған хабарламаса, қаржы агентi есепке алудан бас тартуға құқылы.
738-бап. Қаржы агентi алған сомаларды борышқорға қайтару
1. Клиент борышқормен жасалған шарт бойынша өзiнiң мiндеттемелерiн бұзған жағдайда, соңғысы агентке ауысқан талаптар бойынша өзi төлеген сомаларды, егер борышқордың осындай соманы тiкелей клиенттен алуға құқығы болса, қайтаруды қаржы агентiнен талап етуге құқығы жоқ.
2. Талапты берудiң нәтижесiнде қаржы агентiне төленген соманы тiкелей клиенттен алуға құқығы бар борышқордың қаржы агентiнен бұл сомаларды қайтаруды, егер соңғысының клиент алдындағы талаптың берiлуi бойынша оны қаржыландыруды жүзеге асырудағы мiндеттерiн орындамағаны не борышқордың алдындағы талаптың берiлуiне байланысты қаржыландыруға жататын мiндеттеменi клиенттiң орындамағанын бiле тұра қаржыландыруды жүргiзгенi дәлелденсе, дегенмен де талап етуге құқылы.
2006.20.02. № 127-III ҚР Заңымен 738-1-баппен толықтырылды; 2012.12.01. № 539-ІV ҚР Заңымен 738-1-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
738-1-бап. Жобалық қаржыландыру және секьюритилендiру кезiнде ақшалай талап етуді беру
Жобалық қаржыландыру және секьюритилендiру кезiнде ақшалай талап етудің берілуіне орай қаржыландыру ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендiру туралы заңнамалық актiсiнде белгiленедi. Егер Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендiру туралы заңнамалық актiсiнде өзгеше белгiленбесе, осы тараудың ережелерi жобалық қаржыландыру және секьюритилендiру мәмiлелерiне қолданылады.
38-тарау. Банктік қызмет көрсету
1. Жалпы ережелер
2012.05.07. № 30-V ҚР Заңымен 739-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
739-бап. Банктiк қызмет көрсету шарты
1. Банктiк қызмет көрсету шарты бойынша бiр тарап (банк) екiншi тараптың (клиенттiң) тапсырмасы бойынша банктiк қызмет көрсетуге, ал клиент, егер шартта өзгеше көзделмесе, осы көрсетiлген қызметке ақы төлеуге мiндеттенедi.
2. Банктiк қызмет көрсету шарты:
1) банктiк шот шарты;
2) ақша аудару шарты;
3) банк салымы шарты;
4) заңдарда немесе тараптардың келісімiнде көзделген өзге де шарт түрлері болып бөлінеді.
2-1. Банкпен банк шоты шартын және (немесе) банк салымы шартын жасасқан кезде банк шоттары ашылады.
3. Банк клиенттiң өз ақшасына кедергiсiз билік ету құқығына кепiлдiк бере отырып, банк шотындағы ақшаны пайдалана алады.
ҚР 29.03.2000 № 42-II Заңына сәйкес 740-бап өзгерді; 2009.11.07 № 185-IV ҚР Заңымен 740-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2011.10.02. № 406-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2013.21.06. № 106-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2016.26.07. № 12-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 740-бап өзгертілді
740-бап. Банктегі ақшаға билік етуді шектеу
2017.30.06. № 80-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Азаматтардың және заңды тұлғалардың банктік шоттардағы ақшаcына тек қана сот актілері негізінде соттар және сот орындаушыларының сот санкциялаған қаулылары негізінде сот орындаушылары Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік және азаматтық процестік заңнамасында және Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен және негіздер бойынша тыйым салуы мүмкін.
Клиенттің банктік шоттарындағы ақшасына сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасында көзделген негіздер бойынша және тәртіппен мүлікке билік етуге уақытша шектеу не мүлікпен мәмілелер және өзге де операциялар жасауға шектеу белгілеуі мүмкін.
Мүлікке билік етуге уақытша шектеу, мүлікпен мәмілелер және өзге де операциялар жасауға шектеулер белгілеуге, мыналарға:
1) мемлекеттік бюджеттен және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді есепке жатқызуға арналған банктік шоттардағы ақшаға;
2) тұрғын үй төлемдерін есепке жатқызуға арналған банктік шоттардағы ақшаға;
3) нотариус депозиті шарттарында енгізілген ақшаға;
4) «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жасалған білім беру жинақтау салымы туралы шарт бойынша банктік шоттардағы ақшаға;
5) банктік шоттардағы әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының активтеріне;
6) уәкілетті мемлекеттік орган лицензиядан айырған және (немесе) мәжбүрлеп тарату процесінде тұрған банктердің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларының ақшасына тыйым салуға жол берілмейді.