Қазақстан Республикасының
Заңы
Трансферттік баға белгілеу туралы
(2014.07.11. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2015 жылғы 29 қазанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Осы Заң халықаралық іскерлік операцияларда және халықаралық іскерлік операцияларға байланысты мәмілелерде мемлекеттік кіріс ысырабын болдырмау мақсатында трансферттік баға белгілеу кезінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.
1-бап. Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және өзге де нормативтік құқықтық актілерден тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
2010.09.05. № 288-IV ҚР Заңымен 2-бап жаңа редакцияда (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) ақпарат көздерінен алынған баға - ресми танылған ақпарат көздерінен, биржалық белгіленімдер туралы деректерден, уәкілетті органдардан, сондай-ақ басқа да ақпарат көздерінен алынған баға;
2) бағалар ауқымы - осы Заңда белгіленген тәртіппен нарықтық бағаларды айқындау әдістерінің бірін немесе ақпарат көздерін қолдану нәтижесінде айқындалған нарықтық бағалардың ең төменгі және ең жоғарғы мәндерімен шектелген нарықтық бағалардың бірқатар мәндері;
2013.05.12. № 152-V ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (2014 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) белгіленім кезеңі - мәміле шарттарына сәйкес мәміле тараптары тиісті биржалық тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің), сондай-ақ бағалары биржалық тауарлардың белгіленімдеріне байланыстырылған биржалық емес тауарлардың күнделікті орташа арифметикалық баға белгіленімдерінің орташа арифметикалық мәнін айқындайтын кезең ішінде тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) өткізуге арналған келісімшартта белгіленген, бірақ биржадағы баға белгіленімдері жарияланған, қатарынан күнтізбелік отыз бір күннен аспайтын баға белгілеу кезеңі;
2013.05.12. № 152-V ҚР Заңымен 3-1) тармақшамен толықтырылды (2014 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
3-1) белгіленім күні - ресми танылған ақпарат көздерінде тауарға (жұмысқа, көрсетілетін қызметке) жарияланған баға белгіленімі бар күн;
4) бірдей тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) - өздеріне тән бірдей негізгі белгілері: физикалық сипаттамалары, сапасы және рыноктағы өтімділігі, шығарған және өндірген елі бар тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер);
5) бірдей (ал олар болмаған жағдайда - біртекті) тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) тиісті рыногы - нарықтық баға қалыптасатын тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) межелі (берілетін) рыногы немесе тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) межелі (берілетін) рыногының базасында нарықтық баға объективті түрде қалыптасатын және (немесе) айқындалатын рынок;
6) біртекті тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) - бірдей болмаса да ұқсас сипаттағы және ұқсас құрамдастардан тұратын, бұл оларға бір ғана функцияларды атқаруға және оларды өзара алмастыруға мүмкіндік беретін тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер);
7) дифференциал - мәміле бағасын немесе ақпарат көзінен алынған бағаны салыстырымды экономикалық шарттарға келтіру үшін қолданылатын түзету мөлшері;
8) жеңілдікті салық салынатын мемлекет - Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес айқындалатын шет мемлекет;
9) комиссиялық (агенттік) сыйақы - мәмілеге қатысушы мен сауда брокері, трейдер немесе агент арасындағы жеке келісімде көзделген, жасалған мәміле сомасы немесе сомасының пайызы түрінде төленетін, тауарды сатып алу-сату, жұмысты орындау, қызметті көрсету бойынша сауда брокерінің, трейдердің немесе агенттің көрсеткен қызметі үшін төлемақы;
10) Қазақстан Республикасының аумағында жасалатын, халықаралық іскерлік операциямен тікелей өзара байланысты мәміле - кейіннен халықаралық іскерлік операцияның мәні болып табылатын тауарларды сатып алу-сату, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету жөніндегі мәміле;
2013.05.12. № 152-V ҚР Заңымен 10-1) тармақшамен толықтырылды (2014 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
10-1) қолайсыз әлеуметтiк-экономикалық салдарлар - ұлттық мүдделерді іске асыруға кедергі жасайтын немесе оларға қауіп тудыратын, сондай-ақ ұлттық экономиканың орнықты дамуына қатер төндіретін әлеуметтік және экономикалық салдарлардың жиынтығы;
11) қолданылатын бағаның экономикалық негіздемесі - мәміле бағасының қолданылу негізділігін растайтын және уәкілетті органдарға берілетін құжаттар мен ақпарат;
12) «қол созу» принципі - өзара байланысты тараптар арасындағы мәмілелер шарттарын осы Заңда белгіленген тәртіппен айқындалатын нарықтық баға бойынша мәмілелерді жүзеге асыратын тәуелсіз тараптар арасындағы мәмілелер шарттарымен салыстыру негізінде бағалар ауқымын ескере отырып, нарықтық бағаны айқындау үшін қолданылатын принцип;
13) маржа - тауарларды сатып алу-сату, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету жөніндегі мәмілелерді жүргізу нәтижесінде сауда брокері, трейдер немесе агент алатын сома;
14) маржаның ауқымы - салыстырымды экономикалық шарттарда «қол созу» принципіне сәйкес айқындалған нарықтық маржаның ең төменгі және ең жоғарғы мәндерімен шектелген бірқатар мәндер;
15) мәміле бағасы - осы Заңмен реттелетін мәмілені жасау кезінде мәмілеге қатысушылар қолданатын тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) бағасы;
16) мәмілеге қатысушы - осы Заңмен реттелетін мәмілені жасасқан жеке немесе заңды тұлға;
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 17) тармақша өзгертілді (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 17) тармақша жаңа редакцияда
17) мәмілелер мониторингі бойынша есептілік - трансферттік бағаларды қолдана отырып есепті кезең ішінде жасалған мәмілені қоса алғанда, уәкілетті орган бекітетін тәртіп пен нысанға сәйкес мәмілеге қатысушы жыл сайын мемлекеттік кіріс органдарына ұсынатын мәмілелер бойынша деректер;
18) нарықтық баға - «қол созу» принципіне сәйкес айқындалатын салыстырымды экономикалық шарттарда бірдей (ал олар болмаған жағдайда - біртекті) тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың өзара іс-қимылы кезінде қалыптасқан тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) бағасы;
19) рентабельділік нормаларының ауқымы - салыстырымды экономикалық шарттарда «қол созу» принципіне сәйкес айқындалған рентабельділік нормаларының ең төменгі және ең жоғарғы мәндерімен шектелген рентабельділік нормаларының бірқатар мәндері;
20) рентабельділік нормасы - негізгі қызметтен түскен, тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) өткізуден алынған бухгалтерлік пайданың осы тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) өндіруге және өткізуге жұмсалған шығындарға қатынасы;
21) салықтар бойынша жеңілдіктер - салық төлеушілердің жекелеген санаттары бойынша салық міндеттемелерінен босату (оларды азайту), инвестициялар жөніндегі келісімшартқа сәйкес инвестициялық салық преференцияларының болуы немесе қызметті арнайы экономикалық аймақтар аумағында жүзеге асыру;
22) салыстырымды экономикалық шарттар - егер мұндай шарттар арасындағы айырмашылық бағаға ықпал етпесе немесе мәмілелердің шарттарын осы Заңға сәйкес салыстырымды экономикалық шарттарға келтіру мақсатында түзету мүмкін болса, бірдей (ал олар болмаған жағдайда - біртекті) тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) нарығындағы мәмілелердің шарттары;
23) сауда брокері, агент - мәмілеге қатысушымен жасалған агенттік келісімнің шарттарына сәйкес делдалдық қызмет көрсетулерді орындайтын тұлға;
24) сауда-делдалдық функцияларды орындағаны үшін өтемақы - сауда-делдалдық қызмет көрсетулерді жүзеге асырғаны үшін мәміле тараптары бірінің ақшалай сыйақы немесе тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) өткізу бағасына жеңілдіктер беру (бағаны кеміту) нысанындағы өтеуі;
25) трансферттік баға (трансферттік баға белгілеу) - өзара байланысты тараптар арасында қалыптасатын және (немесе) тәуелсіз тараптар арасында мәмілелер жасау кезінде бағалар ауқымы ескеріле отырып, объективті түрде қалыптасатын нарықтық бағадан айырмашылығы болатын, осы Заңға сәйкес бақылауға жататын баға;
26) трансферттік баға белгілеуді қолдану жөніндегі келісім - белгілі бір кезеңге нарықтық бағаны айқындау әдісі және нарықтық бағаны айқындау үшін қолданылатын ақпарат көзі белгіленетін, уәкілетті органдар мен мәмілеге қатысушының арасындағы жазбаша шарт;
27) трейдер - тауарларды сатып алу-сату, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету кезінде дербес және (немесе) мәмілеге қатысушының тапсырмасы бойынша делдалдық функцияларды жүзеге асыратын тұлға;
28) түпкі тұтынушы - мәмілеге қатысушылармен осындай мәмілеге қатысушылар жүзеге асыратын мәміленің экономикалық нәтижелеріне ықпал ететін ерекше өзара қарым-қатынастары жоқ тәуелсіз тарап;
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 29) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
29) уәкілетті орган - Қазақстан Республикасының мемлекеттік кіріс органы;
30) ұзақ мерзімдік баға - ресми танылған ақпарат көздерінде және (немесе) мәмілеге қатысушылар арасындағы келісімшартта (шартта) белгілі бір кезеңге белгіленген мәміле бағасы;
31) халықаралық іскерлік операциялар - тауарларды сатып алу-сату жөніндегі экспорттық және (немесе) импорттық мәмілелер; тұрақты мекеме құрмастан Қазақстан Республикасында қызметін жүзеге асыратын, резидент емес болып табылатын тараптардың бірінің жұмыстар орындау, қызметтер көрсету жөніндегі мәмілелері; Қазақстан Республикасы резиденттерінің Қазақстан Республикасы аумағының шегінен тыс жерлерде тауарларды сатып алу-сату, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету жөнінде жасаған мәмілелері.
2010.09.05. № 288-IV ҚР Заңымен (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2010.30.06. № 297-ІV ҚР Заңымен (2010 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 3-бап өзгертілді
3-бап. Трансферттік баға белгілеу кезінде бақылауды жүзеге асыру
1. Трансферттік баға белгілеу кезіндегі бақылау (бұдан әрі - бақылау) мынадай:
1) халықаралық іскер операциялармен жүзеге асырылады.
Бұл ретте осы тармақшаның мақсаты үшін:
тауарлар экспорты - кеден одағының кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын, Қазақстан Республикасының аумағынан тауарларды әкету, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағынан кеден одағына мүше басқа мемлекеттің аумағына тауарларды әкету;
тауарлар импорты - кеден одағының кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын, Қазақстан Республикасының аумағына тауарларды әкелу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына кеден одағына мүше басқа мемлекеттің аумағынан тауарларды әкелу;
2) Қазақстан Республикасының аумағында:
тараптардың бірі болып табылатын жер қойнауын пайдаланушы өндірген, өткізілетін пайдалы қазбалар бойынша;
салықтар бойынша жеңілдіктері бар тараптардың бірімен;
мәмілелер жасасатын жылдың алдындағы соңғы екі салық кезеңі ішінде салық декларацияларының деректері бойынша залал шеккен тараптардың бірімен жасалатын халықаралық іскерлік операциялармен тікелей өзара байланысты мәмілелер бойынша жүзеге асырылады.
2. Бақылау уәкілетті органдардың:
1) мәмілелер мониторингін;
2) тексерулер;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де рәсімдерді жүргізуі арқылы жүзеге асырылады.
3. Осы Заңға сәйкес жүзеге асырылатын бақылау жүргізу кезінде уәкілетті органдардың өзара іс-қимылының тәртібін уәкілетті органдар айқындайды.
2010.09.05. № 288-IV ҚР Заңымен 4-бап өзгертілді (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4-бап. Уәкілетті органдардың өкілеттіктері
1. Уәкілетті органдар бақылауды жүзеге асыру мақсатында:
1) мәмілеге қатысушылардан, мемлекеттік органдардан және үшінші тұлғалардан нарықтық баға мен дифференциалды айқындау үшін қажетті ақпаратты, сондай-ақ мәмілелер мониторингін жүргізу үшін басқа да деректерді сұратуға;
2) 2014.13.01. № 159-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
3) мәмілелер мониторингін жүзеге асыруға;
4) 2014.13.01. № 159-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
5) 2014.13.01. № 159-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 6) тармақша өзгертілді (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тәртіппен трансферттік баға белгілеуді қолдану жөнінде келісім жасасуға құқылы.
2. 2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен алып тасталды (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Уәкілетті органдар:
1) мәмілеге қатысушылардың құқықтарын сақтауға;
2) мемлекет мүдделерін қорғауға;
3) қолданылатын бағаның экономикалық негіздемесін, оның ішінде мәміленің бағасын растайтын құжаттарды және дифференциалды, нарықтық бағаны айқындау әдістерінің бірінің қолданылғаны туралы ақпаратты және қолданылатын бағаның негізділігін растайтын басқа да ақпаратты қарауға;
3-1) мәмілеге қатысушының трансферттік баға белгілеуді қолдану жөнінде келісім жасасуға өтінішін мәмілеге қатысушыдан өтініш алған күннен бастап тоқсан жұмыс күні ішінде қарауға;
3-2) мәмілеге қатысушының өтінішін қарау нәтижелері бойынша шешім қабылдаған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде трансферттік баға белгілеуді қолдану жөнінде келісім жасасудан бас тартудың себептерін көрсете отырып, мәмілеге қатысушыға жазбаша жауап жіберуге;
4) мәмілелер мониторингі бойынша белгіленген есептілік нысандарын толтыру тәртібін түсіндіруге;
5) бақылауды жүзеге асыру барысында алынған мәліметтердің құпиялылығын сақтауға;
6) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тексеру нәтижелері бойынша мәмілеге қатысушылардың шағымдарын қарауға міндетті.
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Уәкiлеттi органдар осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінiң актiлерiнде көзделген өзге де өкілеттіктердi орындайды.
2010.09.05. № 288-IV ҚР Заңымен 5-бап өзгертілді (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5-бап. Мәмілеге қатысушылардың құқықтары мен міндеттері
1. Мәмілеге қатысушылар:
1) уәкілетті органдарға қолданылатын бағаның экономикалық негіздемесін, оның ішінде мәміленің бағасын растайтын құжаттарды және дифференциалды, нарықтық бағаны айқындау әдістерінің бірінің қолданылғаны туралы ақпаратты және қолданылатын бағаны растайтын басқа да ақпаратты беруге;
2) уәкілетті органдардан Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасы жөнінде ақпарат және түсініктер алуға;
3) бақылауды жүзеге асыруға байланысты туындайтын мәселелер бойынша жеке өзі не өзінің өкілі арқылы немесе салық консультантының қатысуымен өз мүдделерін білдіруге;
3-1) бақылауды жүзеге асыру және салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламаларға шағым жасау барысында қолданылатын бағаның экономикалық негіздемесін және қолданылатын бағаны растайтын басқа да ақпаратты уәкілетті органдарға беруге;
4) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен тексеру актілері жөніндегі хабарламаларға және уәкілетті органдардың лауазымды адамдарының іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасауға;
5) тексеруге дейін мәміленің бағасын және (немесе) салық салу объектілерін, сондай-ақ салық салуға байланысты объектілерді дербес түзетуге;
6) уәкілетті органдармен трансферттік баға белгілеуді қолдану жөнінде келісім жасасуға құқылы.
2. Мәмілеге қатысушылардың Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құқықтары бар.
3. Мәмілеге қатысушылар:
1) осы Заңға сәйкес міндеттерін уақтылы және толық көлемде орындауға;
2) уәкілетті органдардың заңды талаптарын орындауға;
3) қолданылатын мәміле бағасының негізділігін растайтын есептілік пен құжаттаманы жүргізуге;
4) уәкілетті органдарға ақпаратты және мәмілелер мониторингі бойынша есептілікті, сондай-ақ осы Заңда көзделген тәртіппен өзге де құжаттарды беруге міндетті.
Уәкілетті органдардың сұратуы бойынша мәмілеге қатысушы күнтізбелік тоқсан күн ішінде ақпаратты және қолданылатын мәміле бағасының негізділігін растайтын құжаттарды береді;
5) уәкілетті органдардың талап етуі бойынша тексерулер жүргізу барысында қолданылатын бағаның экономикалық негіздемесін, оның ішінде мәміленің бағасын растайтын құжаттарды және дифференциалды, нарықтық бағаны айқындау әдістерінің бірінің қолданылғаны туралы ақпаратты және қолданылатын бағаны растайтын басқа да ақпаратты беруге міндетті.
4. Мәмілеге қатысушылар осы Заңда көзделген өзге де міндеттерді орындайды.
2010.09.05. № 288-IV ҚР Заңымен 6-бап өзгертілді (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6-бап. Мәмілелер мониторингі
1. Мәмілелер мониторингі мәмілеге қатысушылар қолданатын бағаларды уәкілетті органдардың байқап отыруы арқылы жүзеге асырылады.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Тізбесін уәкілетті орган бекітетін тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) бойынша халықаралық іскерлік операциялар мәмілелер мониторингіне жатады.
3. Мәміле бағасының нарықтық бағадан ауытқығаны анықталған жағдайда уәкілетті органдар мәмілелер мониторингінің нәтижелері бойынша трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша тексеру жүргізеді.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Мәмiлелер мониторингiн жүзеге асыру қағидаларын уәкілетті орган бекiтедi және оларда мәмiлеге қатысушының мәмілелер мониторингі бойынша бекiтiлген есептiлiк нысандарын толтыру және оларды уәкілетті органдарға ұсыну тәртібі, сондай-ақ мәмілелер мониторингі бойынша құжаттама жүргiзу тәртібі қамтылады.
2010.09.05. № 288-IV ҚР Заңымен 7-бап өзгертілді (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
7-бап. Мәмілелер мониторингі бойынша есептілік және құжаттама
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Мәмілелер мониторингі бойынша есептілік мынадай ақпаратты:
1) мыналарды:
тараптардың өзара байланыстылығы туралы деректерді;
мәмілеге қатысушының кәсіпкерлік қызметінің, мәмілеге қатысушы өз қызметін жүзеге асыратын саланың және нарық шарттарының сипатталуын;
баға белгілеуге ықпал ететін факторларға қатысты ақпаратты қоса алғанда, болжамдарды, бизнес стратегиясын, трансферттік баға белгілеудің әдістемесін;
функционалдық талдауды, қатерді талдауды, материалдық және материалдық емес активтерді;
халықаралық стандарттар бойынша есептерді, оның ішінде қаржылық есептілікті қоса алғанда, баға қолдану негізділігін растайтын құжаттаманы;
2) нарықтық бағаны айқындау үшін қолданылатын әдісті;
3) ақпарат көзін;
4) осы Заңның 3-бабында көрсетілген мәмілелер бойынша, шарттардан (келісімшарттардан), шот фактуралардан (инвойстардан), кедендік жүк декларацияларынан алынған мәліметтерден, қаржы ұйымдары ұсынатын мәліметтерден, сондай-ақ дифференциалды айқындау үшін қажетті өзге де мәліметтерден тұратын ақпаратты;
5) физикалық сипаттамасын, сапасы мен нарықтағы өтімділігін, шығарылған және өндірілген елін, тауар белгісінің болуын және тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) сапалық сипатына байланысты басқа да ақпаратты қоса алғанда, тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) сипатталуын;
6) шарттық талаптарды;
7) іскерлік операциялар жүргізу стратегиясын;
8) маржаны, сауда брокерінің, трейдердің немесе агенттің комиссиялық (агенттік) сыйақысын не олардың сауда-делдалдық функцияларды орындағаны үшін өтемақыларды қамтиды. Бұл ретте, егер мәмілеге қатысушылар үшін маржаның құрамдастарын ашатын ақпарат қолжетімді болса, мәмілеге қатысушы мұндай ақпаратты береді және егер маржа сауда брокерінің, трейдердің немесе агенттің комиссиялық (агенттік) сыйақысын не сауда-делдалдық функцияларды орындағаны үшін өтемақыны қамтитын жағдайда, уәкілетті органдар бұл құрамдастарды бақылауды жүзеге асыру кезінде есепке алмайды;
9) мәміле бағасын қолданудың дұрыстығын негіздейтін және мәміле бағасының нарықтық бағадан ауытқу шамасына ықпал ететін басқа да деректерді қамтиды.
Осы баптың бірінші бөлігінің 1), 5), 6), 7), 8) және 9) тармақшаларында көрсетілген ақпарат осы Заңмен реттелетiн мәмiлелерді жасау кезінде мәмiле бағасының нарықтық бағадан ауытқу шамасына әсер ететiн осындай шарттар мен деректер болған жағдайда мемлекеттік кіріс органдарына берiледi.
2. Мәмілеге қатысушылар, оның ішінде осы Заңға сәйкес мәмілелер мониторингіне жатпайтын тауарлармен мәмілелерді жүзеге асыратын мәмілеге қатысушылар қолданылатын бағаның негізділігін растайтын құжаттаманы жүргізуге және оны уәкілетті органдардың сұратуы бойынша уәкілетті органдарға беруге міндетті.
8-бап. Уәкілетті органдардың басқа ұйымдармен өзара іс-қимылы
1. Уәкілетті органдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мына субъектілерден:
1) мемлекеттік органдардан;
2) банктерден, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардан;
3) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарынан, сақтандыру брокерлерінен;
4) бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушыларынан;
5) аудиторлардан, аудиторлық ұйымдардан;
6) халықаралық іскерлік операцияларға қатысы бар өзге де ұйымдардан мәміле бағасының қолданылу дұрыстығын айқындау үшін қажетті ақпарат сұратуға құқылы.
2. Ақпарат беру және мемлекеттік органдардың мамандарын тексерулерге тарту туралы сауалдар күнтізбелік отыз күн ішінде орындалуға міндетті.
2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2010.30.06. № 297-ІV ҚР Заңымен (2010 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 9-бап өзгертілді
9-бап. Трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша тексерулер жүргізу
1. Уәкілетті органдар мынадай жағдайларда:
1) мәміле бағасының нарықтық бағадан ауытқуы анықталған кезде;
2) мемлекеттік органдардан алынған трансферттік бағаларды қолдану фактілері туралы ақпарат негізінде;
3) нарықтық бағалар бойынша ақпарат көздері болмаған жағдайда, Қазақстан Республикасының салық заңнамасын және кеден одағының және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасын сақтау мәселелері бойынша уәкілетті органдар жүзеге асыратын тексерулерді жүргізу кезінде трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша тексерулер жүргізеді.
2011.06.01. № 378-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді
2. Трансферттік бағаларды қолдану саласындағы мемлекеттік бақылау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
Тексеру «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандары осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
Мемлекеттік кіріс органдары жүзеге асыратын тексеруді және мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандарын жүргізу тәртібі мен мерзімдерінің ерекшеліктері Қазақстан Республикасының салық заңнамасында және Кеден одағының және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында айқындалады.
2010.09.05. № 288-IV ҚР Заңымен 10-бап жаңа редакцияда (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
10-бап. Салық салу объектілеріне және (немесе) салық салумен байланысты объектілерге түзету
1. Тексеру жүргізу барысында бағалар ауқымы ескеріле отырып, мәміле бағасының нарықтық бағадан ауытқу фактісі анықталған кезде, уәкілетті органдар осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген тәртіппен салық салу объектілеріне және (немесе) салық салумен байланысты объектілерге түзету жасайды.
2. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, биржалық тауарлар бойынша ақпарат көздерінде көрсетілген бағалар ауқымы және дифференциал ескеріле отырып, салық салу объектілеріне және (немесе) салық салумен байланысты объектілерге түзету жасалады. Биржалық тауарлардың тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
3. Егер осы баптың 4-тармағында өзгеше көзделмесе, ауыл шаруашылығы өнімімен мәмілелер бойынша мәміленің бағасы нарықтық бағадан он проценттен артық ауытқыған кезде, салық салу объектілеріне және (немесе) салық салумен байланысты объектілерге түзету жасалады.