6. Инвестициялық міндеттемелер туралы келісімге өзгерістер осы баптың 3-тармағының екінші бөлігінде белгіленген ережелердің сақталуы ескеріле отырып, тек қана инвестициялар салу кестесін өзгерту бөлігінде енгізілуі мүмкін.
7. Инвестициялық міндеттемелер туралы келісім жасасу осы Кодексте белгіленген талаптарға сәйкес келген кезде инвестициялық преференциялар беруге инвестициялық келісімшарттарды жасасуға кедергі келтірмейді. Бұл ретте салықтар бойынша преференциялар инвестициялық міндеттемелер туралы келісім жасалған кезге қолданыста болатын осы Кодекске және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) сәйкес беріледі.
8. Инвестициялық міндеттемелер туралы келісімнің қолданылуы осы Кодекстің 289-бабының 3-тармағында көрсетілген мерзім өткенге дейін осы тармаққа сәйкес тараптардың келісімі бойынша немесе біржақты тәртіппен тоқтатылуы мүмкін.
Инвестициялық міндеттемелер туралы келісім қолданылатын кезеңде осы баптың 1-тармағының бірінші бөлігінде, 2-тармағында, 3-тармағының екінші бөлігінде және 4-тармағында көзделген міндеттемелер мен шарттар орындалмаған кезде Қазақстан Республикасының Үкіметі хабарлама жіберілген күннен бастап үш ай өткен соң инвестициялық міндеттемелер туралы келісімнің қолданылуын біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатады.
Инвестициялық міндеттемелер туралы келісім мерзімінен бұрын тоқтатылған кезде осындай келісім жасасқан заңды тұлға «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) сәйкес белгіленген тәртіппен өзінің салықтық міндеттемелерін қайта есептеуді жүзеге асырады.
2016.28.12. № 34-VI ҚР Заңымен 295-1-баппен толықтырылды
295-1-бап. Арнайы инвестициялық келiсiмшартты жасасу және бұзу
1. Арнайы инвестициялық жоба үшін инвестициялық преференциялар беруді көздейтін шарт арнайы инвестициялық келісімшарт болып табылады.
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын, арнайы инвестициялық келісімшарттарды жасасу жөніндегі уәкілетті орган арнайы инвестициялық жоба үшін инвестициялық преференциялар беруге арналған өтінім келіп түскен күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын, арнайы инвестициялық келісімшарттарды жасасу жөніндегі уәкілетті орган бекітетін үлгілік арнайы инвестициялық келісімшарттың ережелерін ескере отырып, арнайы инвестициялық келісімшартты қол қою үшін дайындайды.
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Арнайы инвестициялық келісімшартты жасасу және бұзу тәртібі мен шарттарын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын, арнайы инвестициялық келісімшарттарды жасасу жөніндегі уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.
4. Арнайы инвестициялық келісімшарттың қолданылу мерзімі инвестициялық преференциялардың қолданылу мерзімімен айқындалады.
2019.03.04. № 243-VI ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды
5. Тараптардың келісімі бойынша арнайы инвестициялық келісімшарт мерзімінен бұрын тоқтатылған кезде арнайы инвестициялық келісімшартты жасасқан Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы арнайы инвестициялық келісімшарт бойынша берілген инвестициялық преференциялар салдарынан төленбеген кедендік баждардың сомаларын төлемейді.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 295-2-баппен толықтырылды; 2022.30.12. № 177-VІІ ҚР Заңымен 295-2-бап жаңа редакцияда (2023 ж. 12 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
295-2-бап. Инвестициялар туралы келісім
1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілеттік берген тұлға мен заңды тұлға, оның ішінде «Астана» халықаралық қаржы орталығының юрисдикциясында тіркелген заңды тұлға арасында жасалатын, республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің жеті жарым миллион еселенген мөлшерінен кем емес мөлшерде инвестицияларды жүзеге асыруды көздейтін инвестициялық жобаны іске асыруға арналған шарт инвестициялар туралы келісім болып табылады.
Инвестициялар туралы келісімде инвестициялар туралы келісім жасалған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген преференциялар мен жеңілдіктер беру шарттары мен тәртібі айқындалады, сондай-ақ инвестициялар туралы келісім жасасқан заңды тұлғалар үшін қарсы міндеттемелер белгіленеді.
Инвестициялар туралы келісімдер мынадай қызмет түрлеріндегі жобаларды іске асыру үшін жасалмайды:
1) есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымына байланысты қызмет;
2) акцизделетін өнімді өндіру және (немесе) көтерме саудада өткізу;
3) лотерея өткізу;
4) ойын бизнесі саласындағы қызмет;
5) радиоактивті материалдардың айналымына байланысты қызмет;
6) банк қызметі (не банк операцияларының жекелеген түрлері) және сақтандыру нарығындағы қызмет (сақтандыру агентінің қызметінен басқа);
7) аудиторлық қызмет;
8) бағалы қағаздар нарығындағы кәсіптік қызмет;
9) цифрлық майнинг саласындағы қызмет;
10) кредиттік бюролардың қызметі;
11) күзет қызметі;
12) азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының айналымына байланысты қызмет;
13) жер қойнауын пайдалану саласындағы қызмет, оның ішінде кен іздеушілердің қызметі;
14) пайдалы қазбаларды өткізу, оның ішінде трейдерлердің қызметі, көмір, мұнай өткізу жөніндегі қызмет.
2. Инвестициялар туралы келісімнің мерзімі, оны өзгертудің және бұзудың тәртібі мен шарттары инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган бекіткен инвестициялар туралы келісімдерді жасасу, өзгерту және бұзу қағидаларында белгіленген.
3. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардан туындайтын ережелерді, сондай-ақ тараптардың келісімі бойынша инвестициялар туралы келісімге өзгерістер енгізу жағдайларын қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасы өзгерген жағдайда инвестициялар туралы келісімнің ережелері жасалған күнінен бастап жиырма бес жыл бойы өз күшін сақтайды.
296-бап. Инвестициялық дауларды шешу
1. Инвестордың инвестициялық қызметiне байланысты инвесторлар, оның ішінде ірі инвесторлар мен мемлекеттiк органдар арасындағы шарттық мiндеттемелерден туындайтын дау инвестициялық дау болып табылады.
2. Инвестициялық даулар келiссөздер арқылы не дауларды шешудiң тараптармен бұрын келiсілген рәсiмiне сәйкес шешіледі.
2016.08.04. № 489-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Инвестициялық дауларды осы баптың 2-тармағының ережелерiне сәйкес шешу мүмкiн болмаған кезде дауларды шешу Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары мен заңнамалық актiлерiне сәйкес Қазақстан Республикасының соттарында, сондай-ақ тараптардың келiсiмімен айқындалатын төрелiктерде жүргiзiледi.
4. Инвестициялық дауларға жатпайтын даулар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шешiледi.
2020.29.06. № 352-VI ҚР Заңымен 296-1-баппен толықтырылды
296-1-бап. Инвестициялық келісімшарттар талаптарының сақталуын бақылау нысандары
Инвестициялық келісімшарттар талаптарының сақталуын бақылауды инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган мынадай:
1) осы Кодекстің 296-2-бабының 1-тармағына сәйкес ұсынылған есептерді зерделеу және талдау негізінде жүзеге асырылатын камералдық бақылау;
2) инвестициялық қызмет объектісіне бару, оның ішінде инвестициялық келісімшарттың жұмыс бағдарламасы мен талаптарын орындау жөніндегі құжаттарды қарау нысандарында жүзеге асырады.
2020.29.06. № 352-VI ҚР Заңымен 296-2-баппен толықтырылды
296-2-бап. Инвестициялық келісімшарттар талаптарының сақталуын бақылауды ұйымдастыру мен асыру тәртібі
1. Инвестициялық келісімшарт жасалғаннан кейін Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган белгілейтін нысан бойынша инвестициялық келісімшарттың орындалуы туралы жартыжылдық есептерді 25 шілдеден және 25 қаңтардан кешіктірмей, тіркелген активтердің пайдалануға берілуін, технологиялық жабдыққа қосалқы бөлшектердің, шикізаттың және (немесе) материалдардың жеткізілуі мен пайдаланылуын растайтын құжаттарды қоса бере отырып, жұмыс бағдарламасында көзделген шығындардың баптары бойынша таратып жаза отырып ұсынады.
2. Инвестициялық келісімшарт пен арнайы инвестициялық келісімшартқа қосымшаға өзгерістер тараптардың келісуі бойынша жылына екі рет енгізілуі мүмкін.
3. Инвестициялық қызмет объектісіне бару арқылы тексеру жұмыс бағдарламасы аяқталған жағдайда тіркелген активтер пайдалануға берілгеннен кейін алты ай ішінде жүргізіледі.
4. Тексеру нәтижелері бойынша инвестициялар жөніндегі уәкілетті органның өкілі мен инвестициялық келісімшарт жасасқан Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының басшысы инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша инвестициялық келісімшарттың жұмыс бағдарламасын орындаудың ағымдағы жай-күйі туралы актіге қол қояды.
5. Инвестициялық келісімшарттың жұмыс бағдарламасы орындалмаған немесе тиісінше орындалмаған жағдайда, инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган инвестициялық келісімшарт жасасқан Қазақстан Республикасының заңды тұлғасына бұзушылықтарды көрсете отырып, жазбаша нысанда хабарлама жібереді және бұзушылықтарды жою үшін үш ай мерзім белгілейді.
6. Егер инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган жүргізген тексеру нәтижелері бойынша инвестициялық жобаны іске асыру үшін әкелінген және кедендік баждар төлеуден босатылған технологиялық жабдық, оның жинақтауыштары, қосалқы бөлшектері, шикізат және (немесе) материалдар пайдалануға берілмегені не пайдаланылмағаны анықталған жағдайда, инвестициялық келісімшарт бойынша берілген инвестициялық преференцияларға байланысты кедендік баждардың сомасын төлемеген Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өсімпұлды есепке жаза отырып, пайдаланылмаған жабдық, оның жинақтауыштары, қосалқы бөлшектері, шикізат және (немесе) материалдар бөлігінде оларды төлейді.
7. Инвестициялық келісімшарт жасасқан Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы жұмыс бағдарламасын іске асыруды аяқтағаннан кейін екі ай ішінде инвестициялар жөніндегі уәкілетті органға аудиторлық есепті ұсынады, онда мыналар қамтылуға тиіс:
1) жұмыс бағдарламасына сәйкес инвестициялық міндеттемелердің орындалуы туралы ақпарат;
2) жұмыс бағдарламасына сәйкес сатып алынған тіркелген активтер бойынша таратып жазу;
3) жұмыс бағдарламасының орындалғанын растайтын құжаттардың жиынтық тізілімі;
4) инвестициялық келісімшарт талаптарының орындалуы туралы мәліметтер.
Егер инвестициялық келісімшартта инвестициялық субсидия беру көзделген жағдайда, инвестициялық келісім шарт жасасқан Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы екі ай ішінде уәкілетті органға аудиторлық қызмет саласындағы уәкілетті орган белгілеген ең төменгі талаптарға сәйкес келетін аудиторлық ұйымның аудиторлық есебін ұсынады.
8. Мемлекеттің экономикалық мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында инвестициялық келісімшарттың бұзылуы туралы ақпарат:
1) тиісті шаралар қолдану үшін мемлекеттік кіріс органдарына және қажет болған кезде өзге де мемлекеттік органдарға;
2) мемлекеттік заттай грант берілген инвестициялық келісімшарттар бойынша мемлекеттік кіріс органдарына, мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органға және (немесе) жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті органға, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарға жіберіледі.
9. Инвестициялық келісімшарт жасасқан Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының инвестициялық келісімшарттың қолданысы ішінде:
1) берілген мемлекеттік заттай гранттың, сондай-ақ жұмыс бағдарламасына сәйкес сатып алынған мүліктің нысаналы мақсатын өзгертуге;
2) берілген мемлекеттік заттай грантты, сондай-ақ жұмыс бағдарламасына сәйкес сатып алынған мүлікті иеліктен шығаруға құқығы жоқ.
10. Кедендік баждар салудан босату объектілерінің нысаналы пайдаланылуын бақылау Еуразиялық экономикалық комиссия айқындаған тәртіппен жүзеге асырылады.
26-тарау. ҮШІНШІ ЕЛДЕРГЕ ҚАТЫСТЫ АРНАЙЫ ҚОРҒАУ, ДЕМПИНГКЕ ҚАРСЫ ЖӘНЕ ӨТЕМАҚЫ ШАРАЛАРЫ
297-бап. Ішкі нарықты қорғау шараларын енгізу туралы жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін қорғау мақсатында үшінші елдерден шығарылатын және Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауарларға қатысты ішкі нарықты қорғау шаралары арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шаралары түрінде енгізілуі мүмкін.
Үшінші елдер деп Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың қатысушылары болып табылмайтын елдер және (немесе) елдер бірлестіктері, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия бекітетін әлем елдерінің сыныптауышына енгізілген аумақтар түсініледі.
2. Арнайы қорғау, демпингке қарсы немесе өтемақы шараларын енгізу және қолдану, қайта қарау немесе олардың күшін жою не тиісті шараны қолданбау туралы шешімдерді Еуразиялық экономикалық комиссия қабылдайды.
Арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану, арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану алдындағы тергеп-тексеруді жүргізу «Үшінші елдерге қатысты арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шаралары туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі.
298-бап. Шаралардың түрлері
1. Импорттық квотаны, арнайы квотаны немесе арнайы бажды, оның ішінде алдын ала арнайы бажды енгізу арқылы Еуразиялық экономикалық комиссияның шешімі бойынша қолданылатын Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына тауардың өскен импортын шектеу жөніндегі шара арнайы қорғау шарасы болып табылады.
2. Демпингке қарсы бажды, оның ішінде алдын ала демпингке қарсы бажды енгізу немесе экспорттаушы қабылдаған баға міндеттемелерін мақұлдау арқылы Еуразиялық экономикалық комиссияның шешімі бойынша қолданылатын демпингтік импортқа қарсы іс-қимыл шарасы демпингке қарсы шара болып табылады.
3. Өтемақы бажын (оның iшiнде алдын ала өтемақы бажын) енгізу не субсидиялаушы үшінші елдің уәкiлеттi органы немесе экспорттаушы қабылдаған ерікті мiндеттемелерді мақұлдау арқылы Еуразиялық экономикалық комиссияның шешiмi бойынша қолданылатын, мүше мемлекеттердің экономика саласына экспорттаушы үшінші елдің ерекше субсидиясының әсер етуін бейтараптандыру жөніндегі шара өтемақы шарасы болып табылады.
299-бап. Арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану қағидаттары
Арнайы қорғау шарасы, егер тергеп-тексеру нәтижелері бойынша Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына осы тауардың импорты мүше мемлекеттердің экономика саласына елеулі нұқсан келтіретіндей немесе осындай нұқсан келтіру қатерін төндіретіндей өскен мөлшерлерде (мүше мемлекеттерде ұқсас немесе тікелей бәсекелес тауарды өндірудің жалпы көлеміне абсолютті немесе салыстырмалы көрсеткіштерде) және жағдайларда жүзеге асырылып жатқаны анықталған болса, тауарға қолданылуы мүмкін.
Демпингке қарсы шара, егер тергеп-тексеруді жүргізетін орган жүргізген тергеп-тексеру нәтижелері бойынша Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына осындай тауардың импорты мүше мемлекеттердің экономика саласына материалдық нұқсан келтіретіндігі, осындай нұқсанды келтіру қатерін төндіретіні немесе мүше мемлекеттердің экономика саласын құруды едәуір баяулататыны анықталған болса, демпингтік импорттың нысанасы болып табылатын тауарға қолданылады.
Өтемақы шарасы өндіру, егер тергеп-тексеруді жүргізетін орган жүргізген тергеп-тексеру нәтижелері бойынша Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына осындай тауардың импорты мүше мемлекеттердің экономика саласына материалдық нұқсан келтіретіні, осындай нұқсанды келтіру қатерін төндіретіні немесе мүше мемлекеттердің экономика саласын құруды едәуір баяулататыны анықталған болса, экспорттау немесе тасымалдау кезінде экспорттаушы үшінші елдің ерекше субсидиясы пайдаланылған импортталатын тауарға қолданылуы мүмкін.
Мүше мемлекеттер деп Еуразиялық экономикалық одақтың мүшелері және Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың Тараптары болып табылатын мемлекеттер түсініледі.
6-БӨЛІМ. КӘСІПКЕРЛІК СУБЪЕКТІЛЕРІНІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ҚОРҒАУ НЫСАНДАРЫ МЕН ТӘСІЛДЕРІ
27-тарау. КӘСІПКЕРЛІК СУБЪЕКТІЛЕРІНІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ
300-бап. Кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғау нысандары
1. Әрбір кәсіпкерлік субъектісінің өз құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сот арқылы қорғауға құқығы бар.
Кәсіпкерлік субъектілерінің бұзылған немесе даулы құқықтарын қорғау Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де тәртіппен (төрелік, медиация, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл, омбудсмен, келіссөздер, наразылық тәртіп және өзгелер) жүзеге асырылуы мүмкін.
2. Кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғау осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда лауазымды адамдардың әрекеттерiне (әрекетсіздігіне) және мемлекеттік органдардың актілеріне (шешімдеріне) шағым жасау арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.
3. Заңдарда арнайы көзделген жағдайларда, кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғау құқығы бұзылған кәсіпкерлік субъектісінің тiкелей iс жүзiндегi немесе заңдық әрекеттерiмен (өзiн-өзi қорғау) жүзеге асырылуы мүмкiн.
2020.29.06. № 351-VI ҚР Заңымен 301-бап жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
301-бап. Қорғаудың соттағы нысаны
Кәсіпкерлік субъектілері бұзылған немесе даулы құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерiн қорғау үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен сотқа жүгiнуге құқылы.
302-бап. Тараптары кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын дауларды сотқа дейін реттеу
1. Құқықтары мен заңды мүдделерi бұзылған кәсіпкерлік субъектілері осы құқықтарды бұзушымен дауды тікелей реттеу мақсатында оған Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен жазбаша кінәрат қоюын білдіреді.
2. Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда, дауды реттеудің сотқа дейінгі тәртібін сақтау міндетті емес болғанда, кәсіпкерлік субъектісі өзінің бұзылған құқығын қорғау үшін тікелей сотқа жүгінуге құқылы.
2020.29.06. № 351-VI ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Даулар сотқа дейінгі тәртіппен реттелмеген жағдайда, кәсіпкерлік субъектілері Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен сотқа жүгiнуге құқылы.
303-бап. Қорғаудың соттан тыс нысандары
1. Кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғау Қазақстан Республикасының заңдарында және (немесе) шартта көзделген мынадай нысандарда:
1) төрелікте;
2) медиация қолдану арқылы;
3) партисипативтік рәсім тәртібімен жүзеге асырылуы мүмкін.
2. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғаудың басқа да соттан тыс нысандары белгіленуі мүмкін.
3. Кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз ету, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру процесінде туындайтын келіспеушіліктерді реттеу мақсатында кәсіпкерлік субъектілері осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген жағдайларда Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілге, омбудсменге жүгінуге құқылы.
304-бап. Төрелікте құқықтарды қорғау
1. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, азаматтық-құқықтық қатынастардан туындаған дау төрелік келісім болған кезде Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен төрелікте қаралуы мүмкін.
2016.08.04. № 489-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Дауды шешу үшін төреліктер тұрақты жұмыс істейтін төрелік немесе нақты дауды шешуге арналған төрелік түрінде құрылуы мүмкін.
2016.08.04. № 489-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Тұрақты жұмыс істейтін төреліктерді ұйымдастыру және олардың қызметінің тәртібі олардың регламенттерінде және Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында белгіленеді.
2016.08.04. № 489-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Егер нақты дауды шешу үшін құрылатын төрелікті ұйымдастыруға және оның қызметінің тәртібіне қойылатын өзге де талаптар Қазақстан Республикасының заңында және халықаралық шарттарында белгіленбесе, онда олар тараптардың келісімімен айқындалады.
5. Егер төрелік шешім онда белгіленген мерзімде ерікті түрде орындалмаса, онда ол Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде көзделген тәртіппен мәжбүрлеп орындалуға жатады.
305-бап. Құқықтарды медиация рәсімін қолдану арқылы қорғау
1. Кәсіпкерлік субъектілері арасында медиация жүргізу тараптардың өзара келісімі бойынша және олардың арасында медиация туралы шарт жасалған кезде жүзеге асырылады.
2. Кәсіпкерлік субъектілері қатысатын азаматтық және өзге де құқықтық қатынастардан туындайтын дауларды реттеу кезінде медиация сотқа жүгінгенге дейін де, сот талап-арызды қабылдағаннан кейін де қолданылуы мүмкін.
3. Медиация жүргізудің тәртібі мен шарттары «Медиация туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделеді.
306-бап. Құқықтарды партисипативтік рәсім тәртібімен қорғау
1. Кәсіпкерлік субъектілері партисипативтік рәсім тәртібімен дауды реттеу туралы келісім жасасуға құқылы.
2. Партисипативтік рәсім екі тарап адвокаттарының дауды реттеуге жәрдемдесумен тараптар арасында келіссөздер жүргізу арқылы судьяның қатысуынсыз өткізіледі.
3. Партисипативтік рәсімді өткізудің тәртібі мен шарттары Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексімен реттеледі.
28-тарау. ҚАЗАҚСТАН КӘСІПКЕРЛЕРІНІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛ.ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ОМБУДСМЕН
1-параграф. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің құқықтық мәртебесі
307-бап. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл ұғымы
1. Мемлекеттік органдарда кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделеріне өкілдік ету, оларды қамтамасыз ету және қорғау мақсатында, сол сияқты кәсіпкерлік қоғамдастықтың мүдделерін қорғау үшін Қазақстан Республикасы Президентінің өкімімен лауазымға тағайындалатын адам Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл болып табылады.
Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Қазақстан Республикасының Президентіне есеп береді.
2. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілге осы Кодексте көзделмеген функцияларды жүктеуге ешкімнің құқығы жоқ. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің қызметіне қандай да бір заңсыз араласуға жол берілмейді.
3. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде саяси партиялардағы және өзге де қоғамдық бірлестіктердегі өзінің мүшелігін тоқтата тұрады.
4. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл саяси қызметпен айналысуға құқылы емес.
5. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл қызметке кіріскеннен кейін белгіленген тәртіппен бір ай ішінде осы адамға заңды түрде тиесілі ақшаны, сондай-ақ мүліктік жалдауға берілген мүлікті қоспағанда, өзінің меншігіндегі коммерциялық ұйымдардың үлестерін, акцияларын (акциясын), жарғылық капиталға қатысу үлестерін және пайдаланылуы кіріс алуға әкелетін өзге де мүлікті өз лауазымын атқару уақытында сенімгерлік басқаруға беруге міндетті. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл өзіне тиесілі облигацияларды, ашық және аралық инвестициялық пай қорларының пайларын сенімгерлік басқаруға бермеуіне болады, сондай-ақ сенімгерлік басқаруға берілген мүліктен кіріс алуға құқығы бар және тұрғын үйді мүліктік жалға беруге құқылы.
6. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл оқытушылық, ғылыми немесе өзге де шығармашылық қызметтен басқа, басқа ұйымдарда ақы төленетін лауазымдарды атқара алмайды.
308-бап. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл қызметінің негіздері
Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің қызметі:
1) заңдылыққа;
2) кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау басымдығына;
3) объективтілікке;
4) жариялылыққа негізделеді.
309-бап. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің функциялары