1. Жарияланған акцияларды шығару туралы шешімді акционерлік қоғамның құрылтай жиналысы (жалғыз құрылтайшысы) немесе акционерлердің жалпы жиналысы (дауыс беретін барлық акцияларды иеленетін акционер) қабылдайды.
Акционерлік қоғам жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттік тіркеуге құжаттарды:
1) акционерлік қоғам заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелген;
2) егер бұрын акциялар шығарылымы жарияланған акциялар шығарылымын жарамсыз деп тану туралы сот шешімі негізінде жойылған жағдайда, акционерлердің жалпы жиналысы (жалғыз акционердің шешімімен) жарияланған акцияларды шығару туралы шешім қабылдаған күннен кейін күнтізбелік бір ай ішінде ұсынуға міндетті.
2. Уәкілетті орган акционерлік қоғам заңды тұлға ретінде тіркелген күннен кейін не жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттік тіркеуді жарамсыз деп тану туралы сот шешімі негізінде акционерлік қоғамның акциялар шығарылымы жойылған күннен кейін бір жыл өткеннен кейін жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыруға құқылы емес.
3. Егер акционерлік қоғамның акциялар шығарылымын мемлекеттік тіркеу осы баптың 1-тармағында көрсетілген күннен бастап бір жыл өткеннен кейін жүзеге асырылмаса:
1) акционерлік қоғам ерікті түрде таратылуды немесе басқа ұйымдық-құқықтық нысанға қайта ұйымдастырылуды жүзеге асыруға міндетті;
2) уәкілетті орган акционерлік қоғамды тарату не қайта ұйымдастыру мақсатында сотқа жүгінуге құқылы.
4. Жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттік тіркеу акционерлік қоғам уәкілетті органға ұсынған мынадай құжаттар:
1) еркін нысанда жазылған өтініш;
2) осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында белгіленген жағдайда жарияланған акцияларды шығару туралы құрылтай жиналысы (жалғыз құрылтайшы шешімінің) немесе акционерлердің жалпы жиналысы (дауыс беретін барлық акцияларды иеленетін акционер шешімінің) хаттамасының көшірмесі;
3) осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында белгіленген жағдайда, жарияланған акциялар шығарылымын жарамсыз деп тану туралы сот шешімінің көшірмесі;
4) акционерлік қоғам жарғысының (болған кезде) көшірмесі;
5) акциялар шығарылымы проспекті;
6) акционерлік қоғамның құрылтайшылары арасында орналастырылатын жарияланған акцияларға ақы төленгенін растайтын құжаттар;
7) акционерлік қоғам акцияларды ұйымдастырылмаған нарықта сатып алған кезде олардың құнын айқындау әдістемесі негізінде жүзеге асырылады.
5. Ұсынылған құжаттар Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келген кезде уәкілетті орган жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттік тіркеуді жүзеге асырады және акционерлік қоғамға жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттік тіркеу туралы куәлік пен акциялар шығарылымы проспектісін береді (жібереді).
6. Акциялар шығарылымы проспектісіне өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды тіркеу үшін акционерлік қоғам уәкілетті органға мынадай құжаттарды ұсынады:
1) акциялар шығарылымы проспектісінің өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілетін құрылымдық бірліктерін көрсете отырып, еркін нысанда жазылған өтініш;
2) акциялар шығарылымы проспектісіне өзгерістер және (немесе) толықтырулар;
3) электрондық түрдегі өзгерістер және (немесе) толықтырулар ескерілген акциялар шығарылымы проспектісі;
4) акционерлік қоғамның акциялар шығарылымы проспектісіне өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуге негіз болған шешімнің (хаттаманың) көшірмесі;
5) жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің түпнұсқасы (жарияланған акциялар саны ұлғайған және (немесе) олардың түрі өзгерген, акционерлік қоғамның атауы өзгерген, акционерлік қоғамның орналасқан жері өзгерген кезде);
6) «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 32-бабында белгіленген жағдайларда жарғылық капиталына мемлекет қатысатын акционерлік қоғамның жарияланған акцияларын мәжбүрлі түрде шығару туралы сот шешімінің көшірмесі (акционерлік қоғамның жарияланған акциялары болмаған немесе олар мерзімі өткен салық берешегін өтеуге жеткіліксіз болған жағдайда).
7. Акциялар шығарылымы проспектісіне өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды тіркеу үшін ұсынылған құжаттар Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келген жағдайда уәкілетті орган акционерлік қоғамға:
1) егер акциялар шығарылымы проспектісіне енгізілген өзгерістер және (немесе) толықтырулар бұрын берілген жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттік тіркеу туралы куәлікте көрсетілген мәліметтерді өзгертуді көздесе, жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті;
2) егер енгізілген өзгерістер және (немесе) толықтырулар бұрын берілген жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттік тіркеу туралы куәлікте көрсетілген мәліметтерді өзгертуді көздемесе, акциялар шығарылымы проспектісіне өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды мемлекеттік тіркеу туралы хабарламаны;
3) акциялар шығарылымы проспектісіне өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды береді (жібереді).
8. Жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттік тіркеуден немесе акциялар шығарылымы проспектісіне өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды тіркеуден бас тартылған жағдайда, акционерлік қоғам осы баптың 4 және 6-тармақтарында көрсетілген құжаттарды бас тартуды алған күннен бастап қырық бес жұмыс күні ішінде қайта ұсынады, бұл ретте уәкілетті органның құжаттарды қарау мерзімі қайтадан есептеледі.
9. Жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттік тіркеу, акциялар шығарылымы проспектісіне өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды тіркеу тәртібі, сондай-ақ жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттік тіркеу, акциялар шығарылымы проспектісіне өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды тіркеу үшін құжаттарға қойылатын талаптар уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 12-бап жаңа редакцияда (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
12-бап. Мемлекеттік емес облигациялар шығарылымын (облигациялық бағдарламаны) мемлекеттік тіркеу және мемлекеттік емес облигациялар шығарылымы проспектісіне (облигациялық бағдарлама проспектісіне) өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды тіркеу
1. Мемлекеттік емес облигациялар шығарылымын (облигациялық бағдарламаны) мемлекеттік тіркеу үшін эмитент уәкілетті органға мынадай құжаттарды:
1) еркін нысанда жазылған өтінішті;
2) облигацияларды шығару, орналастыру, айналысқа жіберу және өтеу, облигацияларды орналастыру нәтижесінде эмитент алған қаражатты пайдалану тәртібі, облигацияларды шығару көлемі, саны мен түрі, облигациялардың номиналды құны, облигацияларды ұстаушылардың құқықтары туралы мәліметтер қамтылған мемлекеттік емес облигацияларды шығару туралы эмитент органы шешімінің көшірмесін не облигациялық бағдарламаның шығарылу көлемі туралы мәліметтер қамтылған облигациялық бағдарламаны шығару туралы эмитент органы шешімінің көшірмесін;
3) мемлекеттік емес облигациялар шығарылымы проспектісін (облигациялық бағдарлама проспектісін);
4) эмитент жарғысының көшірмесін (болған кезде);
5) инфрақұрылымдық, сондай-ақ банк кепілдігімен қамтамасыз етілген мемлекеттік емес облигациялар шығарылған жағдайда, эмитенттің міндеттемелерін орындауды қамтамасыз етудің болуын растайтын құжаттарды;
6) егер эмитенттің мемлекеттік емес облигациялар шығарылымы проспектісінде қор биржасының сауда жүйесінде осы облигациялардың айналысы көзделсе, эмитенттің және ол шығаратын мемлекеттік емес облигациялардың қор биржасының тізіміне эмитенттің мемлекеттік емес облигацияларын енгізуге және олардың тізімде болуына қойылатын талаптарға сәйкес келуі туралы қор биржасының қорытындысын, сондай-ақ қор биржасының листинг комиссиясының эмитенттің бағалы қағаздар шығарылымы проспектісіне инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету үшін қажетті қосымша шектеулерді енгізу жөніндегі ұсынымдарын;
7) облигацияларды ұстаушылардың өкілімен жасалған шарттың көшірмесін (облигацияларды ұстаушылардың өкілімен шарт жасасу міндеті осы Заңның талаптарында көзделген және (немесе) шарт жасасу эмитенттің бастамасымен болған жағдайда);
8) ұйымдастырылған нарыққа облигациялар орналастыруды жоспарлайтын эмитенттер үшін эмиссиялық бағалы қағаздарды қор биржасының ресми тізіміне енгізу және олардың тізімінде болу мәселелері бойынша консультациялық қызметтер көрсететін ұйыммен жасалған шарттың көшірмесін (осындай ұйыммен шарт жасасу міндеті осы Заңның талаптарында көзделген жағдайда);
9) жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған эмитенттер үшін эмитенттің кірісін оның қатысушылары арасында бөлу тәртібін;
10) эмитенттің аудиторлық есептермен расталған, соңғы екі қаржы жылындағы жылдық қаржылық есептілігінің көшірмелерін, сондай-ақ аудиторлық есептердің көшірмелерін (жаңадан құрылған эмитенттерді қоспағанда);
11) мемлекеттік емес эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымын мемлекеттік тіркеуге құжаттарды берер алдында соңғы тоқсанның аяғындағы не мемлекеттік емес эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымын мемлекеттік тіркеуге құжаттарды берер алдында соңғы тоқсаннан кейінгі айдың 25-күніне дейін ұсынған жағдайда, соңғы тоқсанның алдындағы тоқсанның аяғындағы жағдай бойынша эмитенттің қаржылық есептілігінің көшірмесін ұсынуға міндетті;
Аяқталған қаржы жылы үшін қаржылық есептіліктің аудиторлық есебі болмаған жағдайда, эмитент ағымдағы жылғы 1 қаңтар - 1 маусым аралығындағы кезеңде уәкілетті органға соңғы аяқталған жылдың алдындағы екі жыл үшін қаржылық есептілікті және көрсетілген кезең үшін қаржылық есептіліктің аудиторлық есебін ұсынады. Аяқталған қаржы жылы үшін аудиторлық есеп пен қаржылық есептілікті эмитент Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жылдық қаржылық есептілік бекітілген күннен бастап бір ай ішінде ұсынады.
2. Мемлекеттік емес облигациялар шығарылымын (облигациялық бағдарламаны) мемлекеттік тіркеу үшін Қазақстан Республикасының бейрезиденті-эмитент уәкілетті органға қосымша мынадай құжаттарды ұсынуға міндетті:
1) Қазақстан Республикасының бейрезиденті-эмитент орналасқан мемлекеттің заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының бейрезиденті-эмитенттің заңды тұлға ретінде тіркелгенін растайтын құжаттың көшірмесі, дұрыстығын нотариат куәландырған оның қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасы қоса тіркеледі;
2) Қазақстан Республикасының бейрезиденті-эмитенттің құрылтай құжаттарының көшірмелері, дұрыстығын нотариат куәландырған оның қазақ және орыс тілдеріндегі аудармалары қоса тіркеледі;
3) шетел мемлекетінің қаржы нарығын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органының облигациялар шығарылымын (облигациялық бағдарламаны) мемлекеттік тіркеуге өтініш беру күніне дейін үш айдағы кезеңде Қазақстан Республикасының бейрезиденті-эмитенттің пруденциялық нормативтерді және бейрезиденттің уәкілетті органы белгілеген өзге де нормалар мен лимиттерді сақтауы туралы хаты (егер Қазақстан Республикасының бейрезиденті-эмитент қаржы ұйымы болып табылса).
3. Құрылтайшылар (жалғыз құрылтайшы) жарғылық капиталды төлегеннен кейін ғана эмитент мемлекеттік емес облигациялар шығарылымын (облигациялық бағдарламаны) мемлекеттік тіркеуге құжаттарды ұсынуға құқылы.
4. Микроқаржы ұйымдарының, кредиттік серіктестіктердің, өзара сақтандыру қоғамдарының және ломбардтардың мемлекеттік емес облигациялар шығаруға құқығы жоқ.
5. Ұсынылған құжаттар Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келген кезде уәкілетті орган облигациялар шығарылымын (облигациялық бағдарламаны) мемлекеттік тіркеуді жүзеге асырады және эмитентке облигациялар шығарылымын (облигациялық бағдарламаны) мемлекеттік тіркеу туралы куәлік пен мемлекеттік емес облигациялар шығарылымы проспектісін (облигациялық бағдарлама проспектісін) береді (жібереді).
6. Мемлекеттік емес облигациялар шығарылымы проспектісіне (облигациялық бағдарлама проспектісіне) өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды тіркеу үшін эмитент уәкілетті органға мынадай құжаттарды:
1) еркін нысанда жазылған өтінішті;
2) мемлекеттік емес облигациялар шығарылымы проспектісіне (облигациялық бағдарлама проспектісіне) өзгерістер және (немесе) толықтыруларды;
3) электрондық түрдегі өзгерістер және (немесе) толықтырулар ескерілген, мемлекеттік емес облигациялар шығарылымы проспектісін (облигациялық бағдарлама проспектісі);
4) мемлекеттік емес облигациялар шығарылымы проспектісіне (облигациялық бағдарлама проспектісіне) өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуге негіз болған шешімнің (хаттаманың) көшірмесін;
5) мемлекеттік емес облигациялар шығарылымын (облигациялық бағдарламаны) мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің түпнұсқасын (облигациялар саны азайған, мемлекеттік емес облигациялар түрі, айналыс мерзімі өзгерген, эмитенттің атауы өзгерген, эмитенттің орналасқан жері өзгерген кезде) ұсынады.
7. Мемлекеттік емес облигациялар шығарылымы проспектісіне (облигациялық бағдарлама проспектісіне) өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды тіркеу үшін ұсынылған құжаттар Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келген жағдайда, уәкілетті орган эмитентке:
1) мемлекеттік емес облигациялар шығарылымын (облигациялық бағдарламаны) мемлекеттік тіркеу туралы өзгертілген куәлікті (мемлекеттік емес облигациялар саны азайған және (немесе) олардың түрі, айналыс мерзімі өзгерген, эмитенттің атауы өзгерген, эмитенттің орналасқан жері өзгерген кезде);
2) егер енгізілген өзгерістер және (немесе) толықтырулар бұрын берілген мемлекеттік емес облигациялар шығарылымын мемлекеттік тіркеу туралы куәлікте көрсетілген мәліметтерді өзгертуді көздемесе, мемлекеттік емес облигациялар шығарылымы проспектісіне (облигациялық бағдарлама проспектісіне) өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды мемлекеттік тіркеу туралы хабарламаны;
3) мемлекеттік емес облигациялар шығарылымы проспектісіне (облигациялық бағдарлама проспектісіне) өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды береді (жібереді).
8. Осы баптың 1-тармағының 4), 10) және 11) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды, егер осы құжаттар мемлекеттік емес облигациялар шығарылымын (облигациялық бағдарламаны) немесе мемлекеттік емес облигациялар шығарылымы (облигациялық бағдарлама) проспектісіне өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды мемлекеттік тіркеу үшін құжаттар ұсынылатын күнге дейін қаржылық есептілік депозитарийінің интернет-ресурсында орналастырылған болса, эмитент уәкілетті органға ұсынбайды.
9. Мемлекеттік емес облигациялар шығарылымын (облигациялық бағдарламаны) мемлекеттік тіркеу, мемлекеттік емес облигациялар шығарылымы проспектісіне (облигациялық бағдарлама проспектісіне) өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды тіркеу тәртібі, сондай-ақ мемлекеттік емес облигациялар шығарылымын (облигациялық бағдарламаны) мемлекеттік тіркеуге, мемлекеттік емес облигациялар шығарылымы проспектісіне (облигациялық бағдарлама проспектісіне) өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды тіркеуге арналған құжаттарға қойылатын талаптар уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 13-бап жаңа редакцияда (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
13-бап. Облигациялық бағдарламаны және облигациялық бағдарлама шегінде мемлекеттік емес облигациялар шығарылымын мемлекеттік тіркеудің ерекшеліктері
1. Облигациялық бағдарламаны мемлекеттік тіркеуді уәкілетті орган он жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.
Облигациялық бағдарлама шегінде мемлекеттік емес облигациялардың алғашқы шығарылымын мемлекеттік тіркеу эмитенттің қалауы бойынша осы облигациялық бағдарламаны мемлекеттік тіркеумен бір мезгілде жүзеге асырылуы мүмкін, бұл ретте осы құжаттарды уәкілетті орган олар ұсынылған күннен кейін он жұмыс күні ішінде қарауға тиіс.
Тіркелген облигациялық бағдарлама шегінде мемлекеттік емес облигациялар шығаруды мемлекеттік тіркеу үшін эмитент уәкілетті органға ұсынған құжаттарды уәкілетті орган олар ұсынылған күннен кейін бес жұмыс күні ішінде қарауға тиіс.
2. Осы Заңның 10-бабының 1-тармағында айқындалған негіздерден басқа, уәкілетті орган:
1) эмитенттің бастамасы бойынша еркін делистингті қоспағанда, осы облигациялық бағдарлама шегінде жүзеге асырылған мемлекеттік емес облигациялар шығарылымының делистингі жүргізілген;
2) облигациялық бағдарлама шегінде мемлекеттік емес облигациялар шығарылымын мемлекеттік тіркеу нәтижесінде айналыста жүрген мемлекеттік емес облигациялар шығарылымдарының жалпы сомасы осындай облигациялық бағдарламаның тіркелген көлемінен асып кеткен;
3) облигациялық бағдарлама шегінде мемлекеттік емес облигациялар шығарылымын мемлекеттік тіркеу үшін құжаттар ұсынылған күні эмитенттің өзі шығарған, қор биржасының тізіміндегі борыштық бағалы қағаздар болмаған және осы Заңның 15-бабының 1-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда, эмитентке облигациялық бағдарлама шегінде мемлекеттік емес облигациялар шығарылымын мемлекеттік тіркеуден бас тартуға құқылы.
Осы тармақтың күші Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда қаржы ұйымына немесе бас ұйым ретінде банк конгломератына кіретін және қаржы ұйымы болып табылмайтын ұйымға ол қайта құрылымдауды жүргізген кезде қолданылмайды.
3. Эмитент облигациялық бағдарлама шегінде құрылымы бойынша әртүрлі мемлекеттік емес облигациялар шығарылымдарын жүзеге асыруға құқылы.
3-тарау. Облигациялар шығару мен олардың айналысының ерекше талаптары
14-бап. 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред. қара)
07.07.04 ж. № 577-II ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2005.21.04. № 46-III ҚР Заңымен ; 2006.20.02. № 127-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2009.13.02. № 135-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2009.11.07. № 185-IV ҚР Заңымен (жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен (2010 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2011.10.02. № 406-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 15-бап өзгертілді; 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 15-бап жаңа редакцияда (бұр.ред. қара); 2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 15-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
15-бап. Мемлекеттік емес облигациялар шығарудың шарттары
2012.12.01. № 539-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред. қара); 2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Егер мемлекеттік емес облигациялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеу үшiн құжаттарды уәкiлеттi органға ұсыну күнге эмитентте айналыстағы бағалы қағаздарды (акцияларды қоспағанда) шығару шарттарын (оның ішінде сыйақы төлеу немесе бағалы қағаздарды өтеу жөнiндегi мiндеттемелерiн) уақтылы орындамаған немесе орындамаған, сондай-ақ айналыстағы бағалы қағаздардың (акцияларды және облигацияларды ұстаушылар келіскен жағдайда облигациялардың ерікті делистингін қоспағанда) делистинг жағдайлары болмаса ғана және инфрақұрылымдық облигациялар эмитентiн қоспағанда, эмитент мынадай талаптардың бiрiн сақтаған жағдайда:
1) облигациялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеу үшiн құжаттарды уәкiлеттi органға ұсыну күнi эмитентте уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнде белгiленген талаптарға сәйкес рейтинг агенттiктерi бiрінiң талап етілетiн ең төменгi рейтингi болса;
2) облигациялар шығарылымын мемлекеттік тіркеу үшін құжаттарды уәкілетті органға ұсыну алдындағы соңғы тоқсанның қорытындылары бойынша эмитенттiң левередж шамасы уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде көрсетілген шамадан аспаса;
3) жаңадан шығарылған облигациялар ипотекалық облигациялар болып табылса, эмитент облигациялар шығарылымын жүзеге асыруға құқылы.
Осы тармақтың талаптары:
1) ұлттық басқарушы холдингке;
2) Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендiру туралы заңнамасына сәйкес айқындалған, осы арнайы қаржы компаниясының жалғыз құрылтайшысы (акционері) болып табылатын оригинатор немесе орындаушы облигациялардың эмитентіне осы тармақта қойылатын талаптарды сақтаған кезде жобалық қаржыландыру немесе секьюритилендіру мәмілелері шеңберінде облигациялар шығаруды жүзеге асыратын арнайы қаржы компаниясына;
3) Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендiру туралы заңнамасына сәйкес жобалық қаржыландыру мәмілелері шеңберінде облигациялар шығаруды жүзеге асыратын, оларда мемлекет тапсырыс беруші ретінде танылатын арнайы қаржы компаниясына қолданылмайды.
2. Осы облигацияларды шығару проспектісінде белгіленген облигациялар айналымы мерзімі ішінде эмитент мынадай шарттарды сақтауға:
1) эмитент активтерінің құрамына кіретін мүлікті иеліктен шығару күні эмитент активтерінің жалпы құнының жиырма бес пайызынан асатын сомаға иеліктен шығармауға;
2) эмитент облигацияларының шығарылымына байланысты емес міндеттемелерді облигациялар шығарылымын мемлекеттік тіркеу күніне аталған эмитент активтерінің жалпы құнының он пайызынан астамын орындамау фактілеріне жол бермеуге;
3) эмитенттің құрылтай құжаттарына эмитент қызметінің негізгі түрлерін өзгертуді көздейтін өзгерістер енгізбеуге;
4) ұйымдық-құқықтық нысанын өзгертпеуге міндетті.
Эмитент осы тармақта көзделген шарттарды бұзған жағдайда, жиналған сыйақыны ескере отырып, эмитент облигацияларды ұстаушылардың талаптары бойынша облигациялардың номиналды құнына сәйкес келетін бағамен облигацияларды сатып алуға міндетті.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының талаптары:
1) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда ұйым міндеттемелерін қайта құрылымдауды жүргізген кезде оған;
2) банкке немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға қолданылмайды.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) тармақшасында аталған эмитенттер уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген талаптарды сақтаған жағдайда облигациялар шығарылымын жүзеге асыруға құқылы.
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды
4. Эмитент мемлекеттік емес облигациялар шығарудың шарттарын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылықта болады.
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 16-бап жаңа редакцияда (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
16-бап. Айналыс мерзімі он екі айдан аспайтын мемлекеттік емес облигациялар шығару
1. Айналыс мерзімі он екі айдан аспайтын мемлекеттік емес облигацияларды орналастыру және олардың айналысы қор биржасының сауда жүйесінде ғана жүзеге асырылады.
2. Айналыс мерзімі он екі айдан аспайтын мемлекеттік емес облигациялар шығарылымын мемлекеттік тіркеу, айналыс мерзімі он екі айдан аспайтын мемлекеттік емес облигацияларды өтеу қорытындылары туралы хабарламаны қарау тәртібі, сондай-ақ айналыс мерзімі он екі айдан аспайтын мемлекеттік емес облигациялар шығарылымын мемлекеттік тіркеу, айналыс мерзімі он екі айдан аспайтын мемлекеттік емес облигацияларды өтеу қорытындылары туралы хабарламаны қарау үшін құжаттарға қойылатын талаптар уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
17-бап. Айырбасталатын облигациялар шығару
1. Акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған эмитент айырбасталатын облигациялар шығаруды жүзеге асыруға құқылы. Айырбасталатын облигациялар шығару мүмкiндiгi акционерлік қоғамның жарғысында көзделуге тиiс.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Облигацияларды акционерлік қоғамның акцияларына айырбастау облигацияларды эмитенттiң акцияларына айырбастаудың облигациялар шығару проспектiсiнде және (немесе) Қазақстан Республикасының банк заңнамасында белгiленген талаптары мен тәртібіне сәйкес жүргiзiледi.
2009.13.02. № 135-IV ҚР Заңымен 18-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 18-бап жаңа редакцияда (бұр.ред. қара); 2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 18-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
18-бап. Агенттiк облигациялардың шығарылымы
Агенттiк облигациялардың шығарылымы, айналымы және оларды өтеу шарттары мен тәртібі, агенттiк облигациялардың шығарылымын мемлекеттiк тiркеу мақсатында қаржы агенттiгi және кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес жеке тұлғалардың ипотекалық қарыздарын сатып алуды жүзеге асыратын, акцияларының жүз пайызы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне тиесілі заңды тұлға уәкiлеттi органға табыс ететін құжаттардың тізбесі, шығарылымды мемлекеттiк тiркеу тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнде белгiленедi.
2005.21.04. № 46-III ҚР Заңымен 18-1-баппен толықтырылды
18-1-бап. Инфрақұрылымдық облигациялар шығарудың, айналысы мен өтелуінің ерекшеліктері
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Инфрақұрылымдық облигациялар шығарылымын мемлекеттік тіркеу, инфрақұрылымдық облигациялар шығарылымының проспектісіне өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды тіркеу, инфрақұрылымдық облигацияларды өтеу қорытындылары туралы хабарламаны қарау тәртібі, сондай-ақ инфрақұрылымдық облигациялар шығарылымын мемлекеттік тіркеу, инфрақұрылымдық облигациялар шығарылымы проспектісіне өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды тіркеу, инфрақұрылымдық облигацияларды өтеу қорытындылары туралы хабарламаны қарау үшін құжаттарға қойылатын талаптар уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.