32-бап. Мемлекеттік ақпараттық саясат мəселелері жөніндегі комиссия
1. Мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу кезінде қоғамдық мүдделерді ескеру жəне қорғау, сондай-ақ халықтың ақпаратқа қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында уəкілетті орган жанынан Мемлекеттік ақпараттық саясат мəселелері жөніндегі республикалық комиссия құрылады.
Мемлекеттік ақпараттық саясат мəселелері жөніндегі республикалық комиссияның негізгі функциялары мыналар болып табылады:
1) республикалық деңгейде мемлекеттік ақпараттық саясаттың тақырыптық бағыттарын бекіту;
2) уəкілетті орган айқындайтын тəртіпке сəйкес өңірлік деңгейде мемлекеттік ақпараттық саясаттың тақырыптық бағыттарының тізбесін қарау жəне ұсыныстарды тұжырымдау;
3) республикалық жəне өңірлік деңгейлерде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу жөніндегі мемлекеттік тапсырысты орналастыру қағидаларына сəйкес республикалық жəне өңірлік деңгейлерде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу жөніндегі, оның ішінде балаларға арналған контентті жасауға жəне өңірлік мерзімді баспасөз басылымдарын дамытуға бағытталған мемлекеттік тапсырысты алуға үміткерлердің өтінімдерін қарау жəне ұсыныстарды тұжырымдау;
32-баптың 1-тармағы екінші бөлігінің 4) тармақшасы 2025 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
4) республикалық деңгейде мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдары үшін гранттардың тақырыптық бағыттарын жəне олар бойынша қаржыландыру көлемдерін айқындау жəне бекіту;
5) Мемлекеттік ақпараттық саясат мəселелері жөніндегі республикалық комиссия туралы ережеде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.
2. Мемлекеттік ақпараттық саясат мəселелері жөніндегі республикалық комиссияның құрамына мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен бірін құрайтын арақатынас негізінде бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы қоғамдық бірлестіктердің өкілдері тартылады.
3. Мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу кезінде қоғамдық мүдделерді ескеру жəне қорғау, сондай-ақ халықтың ақпаратқа қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында жергілікті атқарушы органдар жанынан мемлекеттік ақпараттық саясат мəселелері жөніндегі өңірлік комиссиялар құрылады.
Мемлекеттік ақпараттық саясат мəселелері жөніндегі өңірлік комиссиялардың негізгі функциялары мыналар болып табылады:
1) республикалық жəне өңірлік деңгейлерде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу жөніндегі мемлекеттік тапсырысты орналастыру қағидаларына сəйкес өңірлік деңгейде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу жөніндегі, оның ішінде балаларға арналған контентті жасауға жəне өңірлік мерзімді баспасөз басылымдарын дамытуға бағытталған мемлекеттік тапсырысты алуға үміткерлердің өтінімдерін қарау жəне ұсыныстарды тұжырымдау;
2) республикалық жəне өңірлік деңгейлерде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу жөніндегі мемлекеттік тапсырысты орналастыру қағидаларына сəйкес өңірлік деңгейде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу жөніндегі мемлекеттік тапсырысты алуға үміткерлердің өтінімдерін Мемлекеттік ақпараттық саясат мəселелері жөніндегі республикалық комиссияның қарауына жəне ұсынымдар алу үшін жіберу;
3) мемлекеттік ақпараттық саясат мəселелері жөніндегі өңірлік комиссиялар туралы үлгілік ережеде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.
33-бап 2025 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
33-бап. Бұқаралық ақпарат құралдары үшін гранттар
1. Гранттар мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарына (бұдан əрі - гранттар) отандық контентті дамытуға, Қазақстан Республикасының ақпараттық егемендігін нығайтуға жəне қорғауға беріледі.
Гранттар мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарына, оның ішінде:
балаларға арналған контентті жасауға;
өңірлік мерзімді баспасөз басылымдарын дамытуға беріледі.
2. Мемлекеттік тілдегі гранттардың көлемі гранттардың жалпы жылдық көлемінің үштен екісінен кем болмауға тиіс.
3. Гранттар мынадай түрлерге бөлінеді:
1) қысқа мерзімді гранттар - іске асырылуы бір жылға дейінгі мерзімді құрайтын гранттар;
2) ұзақ мерзімді гранттар - іске асырылуы бір жылдан үш жылға дейінгі мерзімді құрайтын гранттар.
4. Гранттар конкурстық іріктеу негізінде беріледі.
Гранттарға арналған конкурсты уəкілетті орган жариялайды жəне хабарландыру уəкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылуға жатады.
5. Мемлекеттік ақпараттық саясат мəселелері жөніндегі республикалық комиссия Қазақстан Республикасының мемлекеттік ақпараттық саясатының басым бағыттарына сəйкес гранттардың тақырыптық бағыттары мен көлемдерін бекітеді жəне олар белгіленген тəртіппен Республикалық бюджет комиссиясында қаралуға тиіс.
6. Гранттар беру мен олардың іске асырылуын мониторингтеу уəкілетті орган айқындайтын тəртіппен бірыңғай медиаплатформада жүзеге асырылады.
Уəкілетті орган Қазақстан Республикасының ақпаратқа қол жеткізу туралы заңнамасына сəйкес гранттар беру жəне оларды іске асыру рəсімдерінің ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз етеді.
7. Тəуелсіз сараптама комиссиясы тиісті біліктілігі бар сарапшылардан тұрады.
Тəуелсіз сараптама комиссиясының құрамы мен ережесін уəкілетті орган бекітеді.
Уəкілетті орган жанындағы гранттар бөлу жөніндегі комиссия тəуелсіз сараптама комиссиясының қорытындысы негізінде уəкілетті орган айқындайтын тəртіппен гранттар беру туралы шешім қабылдайды.
8. Осы баптың күші «Салық жəне бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексімен (Салық кодексі) жəне Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен реттелетін, гранттар беру процесінде туындайтын қатынастарға қолданылмайды.
9. Уəкілетті орган, сондай-ақ өзге де мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өз құзыреттері шегінде гранттардың пайдаланылуын бақылауды жүзеге асырады.
10. Гранттарды қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңдарында бекітілген бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Гранттар беру үшін көзделген бюджет қаражаты осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде, грант беруге жəне оның іске асырылуына арналған шартта белгіленген мақсаттарда жəне тəртіппен оларды іске асырудың бүкіл мерзіміне, бірақ үш жылдан аспайтын мерзімге пайдаланылады.
11. Гранттар шеңберінде жасалған өнімге айрықша авторлық құқық жəне сабақтас құқықтар бұқаралық ақпарат құралдарына тиесілі.
5-тарау. БҰҚАРАЛЫҚ АҚПАРАТ ҚҰРАЛДАРЫНЫҢ АЗАМАТТАРМЕН ЖƏНЕ ҰЙЫМДАРМЕН ӨЗАРА
ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫНЫҢ ЖАЛПЫ МƏСЕЛЕЛЕРІ
34-бап. Авторлық туындылар мен хаттар
1. Редакция, масс-медианың меншік иесі Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес зияткерлік меншікке авторлық құқық пен өзге де құқықтарды қоса алғанда, зияткерлік меншік құқығының пайдаланылатын объектілеріне, сондай-ақ дербес деректерді өңдеуге жəне қорғауға құқықтарды сақтауға міндетті.
2. Пайдаланушылар масс-медиада орналастыратын ақпаратты қоса алғанда, оқырман хаттарын жариялау кезінде олардың мəтінін мазмұнының мағынасын бұрмаламай қысқартуға жəне редакциялауға жол беріледі.
3. Егер осы Заңда өзгеше көзделмесе, бұқаралық ақпарат құралының редакциясын ол қабылдамай тастаған материалды жариялауға міндеттеуге ешкім құқылы емес.
Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынған мəліметтерді қамтитын, интернет-ресурста пайдаланушылар орналастыратын ақпаратты қоса алғанда, оқырман хаттарын бұқаралық ақпарат құралдарында орналастыруға жол берілмейді.
35-бап. Ресми хабарлар
1. Ресми хабар ауызша немесе жазбаша нысанда, оның ішінде электрондық құжат нысанында таратылуы мүмкін.
Ресми хабарды ауызша нысанда тарату ақпарат иеленушінің басшысының немесе осыған уəкілеттік берілген лауазымды адамының көпшілік алдында сөз сөйлеуі арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.
Ресми хабарды жазбаша түрде, оның ішінде электрондық құжат нысанында таратқан кезде оған ақпарат иеленушінің басшысы немесе осыған уəкілеттік берілген лауазымды адамы қол қоюға (электрондық құжат жағдайында - электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куəландырылуға) тиіс.
2. Ресми хабар бұқаралық ақпарат құралдарына олардың меншік нысанына жəне тиесілілігіне қарамастан, тең шарттарда беріледі.
3. Бұқаралық ақпарат құралының берілген ресми хабарларды түсіндіру жөніндегі жазбаша сұрау салуына ақпарат иеленуші сұрау салу тіркелген күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірмей Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тəртіппен жауап ұсынуға не оны ұсыну мерзімін немесе уəжді бас тартуды көрсете отырып жауап беруге міндетті.
Ақпарат иеленушінің басшысы қосымша зерделеу мен тексеруді талап ететін, берілген ресми хабарларды түсіндіру жөніндегі жазбаша сұрау салуды қарау мерзімін күнтізбелік он бес күннен аспайтын мерзімге бір рет ұзартуы мүмкін, ол жөнінде бұқаралық ақпарат құралына қарау мерзімі ұзартылған кезден бастап екі жұмыс күні ішінде хабар беріледі.
4. Қойылған мəселелерді шешу құзыретіне кірмейтін ақпарат иеленушіге бұқаралық ақпарат құралынан берілген ресми хабарларды түсіндіру жөніндегі жазбаша сұрау салу келіп түскен жағдайда, осы сұрау салу екі жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде тиісті органдарға жіберіліп, ол жөнінде бұқаралық ақпарат құралына хабар берілуге тиіс.
Бұқаралық ақпарат құралдарының жазбаша жəне (немесе) электрондық құжат нысанында берілген ресми хабарларды түсіндіру жөніндегі сұрау салулары бас редактордың (редактордың), уəкілетті тұлғаның немесе аккредиттелген журналистің қолы қойылып жіберіледі жəне (немесе) электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы куəландырылады.
5. Жазбаша немесе электрондық құжат нысанында берілген ресми хабарларды түсіндіру жөніндегі сұрау салуларға жауаптар жолданым келіп түскен тілде ұсынылады.
Берілген ресми хабарларды түсіндіру жөніндегі сұрау салуларға жауаптар, егер сұрау салудың өзінде өзгеше көрсетілмесе, келіп түскен сұрау салу нысанында ұсынылады.
6. Бұқаралық ақпарат құралының өкілі сұратылатын мəліметтерді беруден бас тарту бойынша жоғары тұрған органға, лауазымды адамға Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тəртіппен шағым жасай алады.
36-бап. Ресми хабарларға кірмейтін ақпаратты беру туралы сұрау салулар
1. Бұқаралық ақпарат құралы ақпарат иеленушіге ресми хабарға кірмейтін ақпаратты беру туралы сұрау салулармен жүгінуге құқылы.
Бұқаралық ақпарат құралының журналисі ақпарат иеленушіге телефон арқылы ауызша сұрау салумен жүгінген кезде өзін таныстыруға жəне əңгіменің аудиожазбасы жүргізілген жағдайда, ол жөнінде хабарлауға міндетті.
Бұқаралық ақпарат құралдарының жазбаша жəне (немесе) электрондық құжат нысанында берілген ақпаратты беру туралы сұрау салулары бас редактордың (редактордың), уəкілетті тұлғаның немесе аккредиттелген журналистің қолы қойылып жіберіледі жəне (немесе) электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы куəландырылады.
Сұрау салуға жауап, егер сұрау салудың өзінде өзгеше көрсетілмесе, ол келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде, келіп түскен сұрау салу нысанында жəне тілінде ұсынылады.
Сұратылатын ақпарат бірнеше ақпарат иеленушінің құзыретіне кіретін жəне жазбаша сұрау салуға жауап беру кезінде өзге ақпарат иеленушілерден ақпарат алу талап етілетін жағдайларда, ақпарат иеленушінің басшысы қарау мерзімін күнтізбелік он бес күннен аспайтын мерзімге бір рет ұзартуы мүмкін, ол жөнінде бұқаралық ақпарат құралына қарау мерзімі ұзартылған кезден бастап екі жұмыс күні ішінде хабар беріледі.
2. Сұрау салу бойынша ақпарат беруден:
1) егер сұрау салудың мазмұны сұрау салу жіберілген ақпарат иеленушінің құзыретіне кірмесе;
2) егер сұрау салу осы Заңның талаптарына сəйкес келмесе;
3) егер сұратылатын ақпарат қолжетімділігі шектелген ақпаратқа жататын болса;
4) мемлекеттік бақылау нəтижелері бойынша шешім қабылданғанға дейін;
5) ведомствоаралық жəне ведомствоішілік хат алмасу немесе мемлекеттік органдардағы кеңесулер негізінде тұжырымдалатын түпкілікті шешім қабылданғанға дейін;
6) шет мемлекеттерден немесе халықаралық ұйымдардан келіп түскен құжаттарды ашу шарттары туралы өзара келісім қабылданғанға дейін бас тартылады.
3. Бұқаралық ақпарат құралдарының сұрау салуына жауап ұсынбағаны немесе уақтылы жауап ұсынбағаны үшін мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
4. Бұқаралық ақпарат құралының өкілі мемлекеттік басқару органдарының жəне лауазымды адамдардың азаматтар құқықтарына нұқсан келтіретін құқыққа сыйымсыз əрекеттеріне шағым жасау үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тəртіппен сұрау салынған ақпаратты беруден бас тартуға шағым жасай алады.
37-бап. Міндетті хабарлар
1. Белгілі бір аумақта халықтың тыныс-тіршілік ету жағдайлары бұзылған кезде тиісті саланың уəкілетті мемлекеттік органдары өз құзыреті шеңберінде жəне (немесе) жергілікті атқарушы органдар оқиға басталған кезден бастап үш сағаттан кешіктірмей, уəкілетті орган айқындайтын тəртіпке сəйкес бұқаралық ақпарат құралдарына ағымдағы ахуал туралы ресми хабарлар беруге міндетті.
Ресми хабарларды бермегені немесе уақтылы бермегені үшін мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
2. Бұқаралық ақпарат құралдарының редакциялары өтеусіз негізде мыналарды:
1) заңды күшіне енген сот шешімін, егер онда осы сот процесі бойынша жауапкер болып табылған бұқаралық ақпарат құралында жауапты немесе теріске шығаруды жариялау туралы талап қамтылатын болса;
2) «Төтенше жағдай туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабына сəйкес төтенше жағдайды енгізу туралы ресми хабарларды;
3) «Азаматтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 47-бабында көзделген уəкілетті мемлекеттік органдардың ресми хабарларын;
4) «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабы 2-тармағында көзделген уəкілетті мемлекеттік органдардың ресми хабарларын;
5) осы баптың 1-тармағында көзделген уəкілетті мемлекеттік органдардың ресми хабарларын жариялауға міндетті.
3. Міндетті хабарларды:
1) эфирге күн сайын шығатын теле-, радиоарналар - бір тəулік ішінде;
2) жарыққа (эфирге) шығу кезеңділігі немесе уақыты өзгеше бұқаралық ақпарат құралдары - осындай жарияланымдар үшін уəкілетті мемлекеттік органдар не сот белгілеген мерзімде жариялайды.
38-бап. Теріске шығару немесе жауап беру құқығы
1. Азамат немесе заңды тұлға бұқаралық ақпарат құралдарынан осы бұқаралық ақпарат құралында таратылған, шындыққа сай келмейтін жəне оның ар-намысына, қадір-қасиетіне жəне іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мəліметтерді теріске шығаруды талап етуге құқылы. Мұндай құқыққа азаматтың немесе заңды тұлғаның өкілдері де ие болады.
Азамат немесе заңды тұлға теріске шығаруға жүгінген жағдайда бұқаралық ақпарат құралында таратылған мəліметтердің шындыққа сай келетіні жөнінде дəлелдемелері болмаған осы бұқаралық ақпарат құралының редакциясы оларды нақ сол бұқаралық ақпарат құралында теріске шығаруға міндетті.
Осы бапта көрсетілген құқықтардың бұзылуына байланысты бұқаралық ақпарат құралдарына қойылатын талаптар бойынша талап қоюдың ескіру мерзімі осындай мəліметтер бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған күннен бастап бір жылды құрайды.
2. Теріске шығару туралы талап шындыққа сай келмейтін мəліметтер осы бұқаралық ақпарат құралында олардың таратылған уақыты мен тəсілі көрсетіле отырып, жазбаша ресімделуге тиіс.
Мерзімді баспасөз басылымдарында теріске шығару теріске шығарылатын хабар немесе материал орналастырылған жерде нақ сол қаріппен жариялануға жəне «Теріске шығару» тақырыбымен орналастырылуға тиіс.
Телевизия жəне радио арқылы теріске шығару теріске шығарылатын хабар немесе материал сияқты нақ сол тəулік уақытында жəне нақ сол теле-, радиобағдарламада, ал көрсетілген теле-, радиобағдарлама жабылып қалған жағдайда оған сəйкес келетін тақырыптық бағыттағы өзге теле-, радиобағдарламада берілуге тиіс.
Интернет-басылымдарда теріске шығару теріске шығарылатын хабар немесе материал жарияланған бөлімде нақ сол қаріппен жəне «Теріске шығару» тақырыбымен жариялануға тиіс.
Теріске шығарудың көлемі теріске шығарылатын хабардың немесе материалдың көлемінен екі жəне одан да көп есе аспауы керек.
3. Бұқаралық ақпарат құралдарында құқықтарына немесе заңды мүдделеріне нұқсан келтіретін өзіне қатысты мəліметтер жарияланған азаматтың немесе заңды тұлғаның нақ сол бұқаралық ақпарат құралдарында өз жауабын тегін жариялауға құқығы бар.
Мерзімді баспасөз басылымдарында жауап теріске шығарылатын хабар немесе материал орналастырылған жерде нақ сол қаріппен жариялануға жəне «Жауап» тақырыбымен орналастырылуға тиіс.
Телевизия жəне радио арқылы жауап теріске шығарылатын хабар немесе материал сияқты нақ сол тəулік уақытында жəне нақ сол теле-, радиобағдарламада, ал көрсетілген теле-, радиобағдарлама жабылып қалған жағдайда оған сəйкес келетін тақырыптық бағыттағы өзге теле-, радиобағдарламада берілуге тиіс.
Интернет-басылымдарда жауап теріске шығарылған хабар немесе материал жарияланған бөлімде нақ сол қаріппен жəне «Жауап» тақырыбымен жариялануға тиіс.
Жауаптың көлемі теріске шығарылатын хабардың немесе материалдың көлемінен екі жəне одан да көп есе аспауы керек.
Азаматтың немесе заңды тұлғаның не олардың өкілдерінің жауабы:
жарыққа (эфирге) күн сайын шығатын бұқаралық ақпарат құралдарында - азаматтан немесе заңды тұлғадан не олардың өкілдерінен жауап беруге құқық беру туралы талап алынған күннен бастап күнтізбелік бес күн ішінде;
жарыққа (эфирге) шығу кезеңділігі не уақыты өзгеше бұқаралық ақпарат құралдарында - жуық арада жоспарланатын шығарылымда жарияланады немесе беріледі.
Бұқаралық ақпарат құралы, егер азаматтың немесе заңды тұлғаның не олардың өкілдерінің жауабында таратылуына Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынған немесе жеке жəне (немесе) заңды тұлғалардың немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерін өзгеше түрде бұзатын ақпарат қамтылса, жауапты жариялаудан бас тартуға құқылы.
4. Азаматтың немесе заңды тұлғаның бұқаралық ақпарат құралында теріске шығаруды не жауапты жариялау туралы талабы, егер бұқаралық ақпарат құралы мұндай жарияланымнан бас тартқан не бір айдың ішінде теріске шығаруды немесе жауапты жарияламаған жағдайда, сондай-ақ осы бұқаралық ақпарат құралы таратылған жағдайда, сотта қаралады.
5. Заңды күшіне енген сот шешімін орындау үшін таратылатын теріске шығару не жауап:
1) жарыққа (эфирге) аптасына кемінде бір рет шығатын бұқаралық ақпарат құралдарында - егер өтініш беруші өзгеше белгілемесе, теріске шығару туралы талап алынған күннен бастап екі тəулік ішінде;
2) жарыққа (эфирге) шығару кезеңділігі не уақыты өзгеше бұқаралық ақпарат құралдарында - егер өтініш беруші өзгеше белгілемесе, жуық арада жоспарланатын шығарылымда жарияланады.
6. Өзіне қатысты шындыққа сай келмейтін жəне ар-намысына, қадір-қасиетіне жəне іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мəліметтер таратылған азамат мұндай мəліметтерді теріске шығарумен қатар олардың таратылуынан келтірілген залалды жəне моральдық зиянды өтеуді Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тəртіппен талап етуге құқылы.
Өзіне қатысты іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мəліметтер таратылған заңды тұлға мұндай мəліметтерді теріске шығарумен қатар олардың таратылуынан келтірілген залалды өтеуді Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тəртіппен талап етуге құқылы.
39-бап. Бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі уəкілетті тұлға (бөлімше)
1. Орталық мемлекеттік жəне жергілікті атқарушы органдарда, орталық атқарушы органдардың ведомстволарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын жəне есеп беретін мемлекеттік органдарда (Мемлекеттік күзет қызметін қоспағанда) мемлекеттік органның құзыретіне, сондай-ақ оның қызметіне жататын мəселелер бойынша ақпарат таратуды жүзеге асыратын, бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі уəкілетті тұлға тағайындалады не уəкілетті бөлімше құрылады.
Дербес құрылымдық уəкілетті бөлімше жəне (немесе) штаттық лауазым Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес бекітілген штат саны лимиттерінің шегінде құрылады, сондай-ақ мемлекеттік органның (арнаулы мемлекеттік органдарды қоспағанда) бірінші басшысына тікелей бағынады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген, штат саны жиырма бес адамнан аз мемлекеттік органдарда осы баптың 2-тармағында белгіленген функциялар мемлекеттік орган қызметкерлерінің біріне негізгі функционалдық міндеттерінен босатылмай жүктеледі.
2. Бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі уəкілетті тұлға (бөлімше) өз қызметін арнаулы мемлекеттік органдар мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қызметінің өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып, уəкілетті орган бекіткен үлгілік ереженің негізінде əзірленген ереже негізінде жүзеге асырады.
3. Бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі уəкілетті тұлға (бөлімше) уəкілетті орган айқындайтын тəртіпке сəйкес уəкілетті органмен өзара іс-қимыл жасайды.
4. Бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі уəкілетті тұлға (бөлімше) Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тəртіппен біліктілікті арттыру курстарынан өтеді.
5. Бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі уəкілетті тұлға (бөлімше) мемлекеттік орган жойылған (таратылған) немесе қайта ұйымдастырылған жағдайларды қоспағанда, осы баптың 1-тармағында көрсетілген мемлекеттік органның штат саны бойынша (штаттық кестесінен) алып тасталуға жатпайды.
40-бап. Масс-медиада балаға қатысты кибербуллинг фактілерін қарау мəселелері бойынша өтініштер
1. Балаға қатысты кибербуллинг фактілері анықталған жағдайда азамат не баланың заңды өкілі құқыққа қайшы əрекеттер орын алған масс-медианың атауын көрсете отырып, балаға қатысты жасалып жатқан кибербуллинг фактілері туралы өтінішпен уəкілетті органға жазбаша түрде немесе электрондық құжат нысанында жүгінуге құқылы.
Жазбаша түрде немесе электрондық құжат нысанында берілген өтініштер қол қойылып жіберіледі жəне (немесе) электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куəландырылады.
Балаға қатысты кибербуллинг фактілері бойынша өтінішті сараптама тобы ол келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қарайды.
Сараптама тобын құру, сондай-ақ балаға қатысты кибербуллинг фактілері бойынша өтінішті қарау тəртібін уəкілетті орган айқындайды. Жауап мемлекеттік тілде немесе жүгіну тілінде ұсынылады.
Сұратылатын ақпарат бірнеше ақпарат иеленушінің құзыретіне кіретін жəне өтінішке жауап беру кезінде өзге ақпарат иеленушілерден ақпарат алу талап етілетін жағдайларда, уəкілетті орган қарау мерзімін күнтізбелік он бес күннен аспайтын мерзімге бір рет ұзартуы мүмкін, ал өтініш берушіге қарау мерзімі ұзартылған кезден бастап екі жұмыс күні ішінде хабар беріледі.
2. Егер өтініш мазмұнында балаға қатысты кибербуллинг фактілері жасалып жатқан масс-медиа көрсетілмесе, өтінішті қараудан бас тартылады.
3. Кибербуллинг фактілері бойынша азаматтың не баланың заңды өкілінің өтінішіне жауап ұсынбағаны немесе уақтылы ұсынбағаны үшін уəкілетті органның лауазымды адамдары Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
4. Өтінішті қараудан бас тартуға азамат не баланың заңды өкілі Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тəртіппен шағым жасай алады.
Ескертпе. Осы баптың мақсатында кибербуллинг деп масс-медиа пайдаланыла отырып жасалған, балаға қатысты қорлау сипатындағы жүйелі (екі жəне одан да көп) əрекеттер, баланы қудалау жəне (немесе) қорқыту, оның ішінде қандай да бір əрекетті жасауға немесе жасаудан бас тартуға мəжбүрлеуге бағытталған əрекеттер түсініледі.
41-бап. Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін өзін-өзі реттеу мəселелері жөніндегі қоғамдық-кəсіптік кеңестер
1. Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін өзін-өзі реттеу мəселелері жөніндегі қоғамдық-кəсіптік кеңес медиасаланы дамыту мақсатында ерікті негізде құрылады.
2. Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін өзін-өзі реттеу мəселелері жөніндегі қоғамдық-кəсіптік кеңес өз қызметін уəкілетті орган бекіткен үлгілік ереже негізінде жүзеге асырады.