2. Азаматтың ар-намысы мен қадір-қасиетіне немесе ұйымның (мемлекеттік органның, азаматтардың қоғамдық, шығармашылық, ғылыми, діни не өзге де бірлестігінің жəне заңды тұлғалардың) іскерлік беделіне нұқсан келтіретін, шындыққа сай келмейтін мəліметтерді тарату, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сотқа ықпал жасау Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа алып келеді.
3. Қазақстан Республикасының масс-медиа туралы заңнамасын бұзғаны үшін мемлекеттік органдардың жəне өзге де ұйымдардың оған кінəлі лауазымды адамдары, сондай-ақ масс-медианың меншік иесі, бұқаралық ақпарат құралының таратушысы, бұқаралық ақпарат құралының бас редакторы (редакторы), таратылған хабарлар мен материалдардың авторлары жауапты болады.
4. Масс-медианың меншік иесі, бұқаралық ақпарат құралының бас редакторы (редакторы) Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, соғысты, əлеуметтік, нəсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық жəне рулық астамшылықты, есірткіні, психотроптық заттарды, сол тектестерді жəне прекурсорларды, жарылғыш заттар мен жарғыш құрылғыларды, қатыгездікке, зорлық-зомбылыққа бас ұруды жəне порнографияны насихаттайтын немесе үгіттейтін хабарлар мен материалдарды таратқаны үшін, олардың алынған дереккөздеріне қарамастан, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
5. Масс-медиа, егер мұндай ақпаратты тарату ауыр жəне (немесе) аса ауыр қылмыстар жасауда сот кінəлі деп таныған кəмелетке толмағандарды қоспағанда, құқыққа қайшы əрекеттер (əрекетсіздік) салдарынан зардап шеккен кəмелетке толмаған адамның жəне əкімшілік жəне (немесе) қылмыстық құқық бұзушылықтар жасады деп күдік келтірілген жəне (немесе) айып тағылған кəмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында жүзеге асырылатын жағдайларды қоспағанда, таратылатын хабарлар мен материалдарда олардың ата-аналары жəне өзге де заңды өкілдері туралы ақпаратты қоса алғанда, осы Заңның 14-бабының 5-тармағында көрсетілген ақпаратты жария етуге құқылы емес.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген ақпарат:
1) құқыққа қайшы əрекеттер (əрекетсіздік) салдарынан зардап шеккен он төрт жасқа толған кəмелетке толмаған адамның жəне оның заңды өкілдерінің;
2) құқыққа қайшы əрекеттер (əрекетсіздік) салдарынан зардап шеккен он төрт жасқа толмаған кəмелетке толмаған адамның заңды өкілдерінің;
3) əкімшілік жəне (немесе) қылмыстық құқық бұзушылықтар жасаған он алты жасқа толған кəмелетке толмаған адамның жəне оның заңды өкілдерінің келісімімен масс-медиада таратылуы мүмкін.
Осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген адамдардың бірі масс-медиада ақпарат таратуға өз келісімін бермеген жағдайда, мынадай:
1) он төрт жасқа толған жəне құқыққа қайшы əрекеттер (əрекетсіздік) салдарынан зардап шеккен кəмелетке толмаған адамның немесе егер заңды өкіл осы құқыққа қайшы əрекеттердің (əрекетсіздіктердің) жасалуына күдікті немесе айыпталушы болып табылса, оның заңды өкілдерінің келісімінсіз;
2) зардап шеккен кəмелетке толмаған адамның бір заңды өкілі Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде болған жəне оның келісімін алу мүмкін болмаған жағдайда екінші заңды өкілінің келісімімен болатын жағдайларды қоспағанда, осы ақпаратты таратуға тыйым салынады.
6. Масс-медиа қылмысты тергеп-тексеруге, қылмыс жасауға қатысы бар адамдарды анықтауға, жоғалған кəмелетке толмағандарға іздеу салуға жəрдемдесу мақсатында көрсетілген мақсаттарға қол жеткізу үшін қажетті көлемде жəне Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде белгіленген талаптарды сақтай отырып, қылмыстық процесті жүргізетін органдардан алынған процестік құжаттар негізінде осы баптың 5-тармағының екінші бөлігінде белгіленген адамдардың келісімін алмай, кəмелетке толмаған адамға қатысты мəліметтерді таратуға құқылы.
7. Журналистің (бұқаралық ақпарат құралдары өкілінің) заңды кəсіби қызметіне кедергі жасау Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
68-бап. Шындыққа сай келмейтін мəліметтерді таратқаны үшін жауаптылықтан босатылатын жағдайлар
Бұқаралық ақпарат құралы, сол сияқты оның бас редакторы (редакторы), журналисі шындыққа сай келмейтін мəліметтерді таратқаны үшін, егер олар:
1) ресми хабарларда қамтылса;
2) бұқаралық ақпарат құралының журналистік сұрау салуына берілген жауапта қамтылса немесе бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі уəкілетті тұлғаның (бөлімшенің) материалдарынан алынса;
3) жарнама берушілерден жəне жарнама жасаушылардан алынса;
4) таратылуына заңды күшіне енген сот актілерінде немесе Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынған немесе өзгеше түрде шектеу қойылған ақпаратты таратуды қоспағанда, өкілді органдар депутаттарының, мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының лауазымды немесе уəкілетті адамдарының, жеке жəне заңды тұлғалардың ресми сөйлеген сөздерінің сөзбе-сөз қайталанып берілуі болса;
5) алдын ала жазылып алынбай эфирге шығарылатын авторлық сөздерде не осы Заңға сəйкес редакциялауға жатпайтын мəтіндерде қамтылса;
6) таратылуына заңды күшіне енген сот актілерінде немесе Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынған немесе өзгеше түрде шектеу қойылған ақпаратты таратуды қоспағанда, өз хабарында осы хабарды таратқан бұқаралық ақпарат құралына сілтеме көрсетілген жағдайда уəкілетті органда есепке қойылған басқа бұқаралық ақпарат құралы таратқан хабарларда, материалдарда немесе олардың фрагменттерінде қамтылса;
7) осы Заңның 37-бабына сəйкес белгіленген міндетті хабарларда қамтылса, жауапты болмайды.
9-тарау. ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР
69-бап. Өтпелі ережелер
1. Уəкілетті органның цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға көшу мерзімдерін белгілеу жөніндегі актілерінде айқындалған əкімшілік-аумақтық бірліктерді қоспағанда, цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға көшкенге дейін аналогтік эфирлік телерадио хабарларын таратудың жұмыс істеуі қамтамасыз етіледі.
2. Уəкілетті орган цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға көшудің уəкілетті орган айқындаған тəртібіне сəйкес цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға көшу мерзімдерін оған көшкенге дейін кемінде алты ай бұрын белгілейді.
Цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға көшкенге дейін мемлекеттік емес еркін қолжетімді теле-, радиоарналарды тарату бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының əкімшілік-аумақтық бірлігінің аумағында цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға көшу цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға көшудің уəкілетті орган айқындаған тəртібі мен мерзімдеріне сəйкес жүзеге асырылады.
3. Цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға көшкенге дейін телеарналар үшін барлық бұрын берілген телевизиялық хабарларды таратуды ұйымдастыру жөніндегі қызметпен айналысуға арналған лицензиялар мен жиіліктер белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) пайдалануға арналған рұқсаттар қолданылады. Бұл ретте телерадиокомпаниялар осы Заңның талаптарына сəйкес цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға көшкеннен кейінгі бір жыл ішінде телеарналарды есепке қоюды жүзеге асыруға міндетті.
4. Цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға көшу кезінде əкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында аналогтік жиіліктер белдеулері, радиожиіліктер (радиожиілік арналары) арқылы таратылатын телеарналар осы жиіліктерді, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) босатады.
Əкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында аналогтік жиіліктер белдеулері, радиожиіліктер (радиожиілік арналары) арқылы таратылатын телеарналарды уəкілетті орган нақ осы əкімшілік-аумақтық бірліктердің аумағында конкурс өткізбестен цифрлық эфирлік телерадио хабарларын тарату желісіндегі еркін қолжетімді теле-, радиоарналар тізбесіне міндетті түрде қосады.
Телеарна еркін қолжетімді теле-, радиоарналардың бекітілген тізбесінде болмаған жағдайда телерадио хабарларын таратудың ұлттық операторы техникалық мүмкіндік болған кезде хабар таратудың цифрлық эфирлік желісі арқылы таратылатын теле-, радиоарналар топтамасының құрамына оны өз бетінше қосуға құқылы.
Осы теле-, радиоарналарды тарату жасалған шарттар негізінде белгіленген тарифтерге сəйкес жүзеге асырылады.
5. Цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға көшкеннен кейін уəкілетті орган айқындаған тізбе бойынша цифрлық эфирлік телехабар таратумен қамтылмайтын əкімшілік-аумақтық бірліктердің аумағындағы аналогтік жиіліктер белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) қоспағанда, аналогтік телерадио хабарларын тарату кезінде телеарналарға берілген радиожиілік спектрін пайдалануға арналған рұқсаттар мен теле-, радиоарналарды тарату жөніндегі қызметпен айналысуға арналған лицензиялар өз қолданысын тоқтатады.
6. Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында цифрлық эфирлік телерадио хабарларын тарату арқылы еркін қолжетімді теле-, радиоарналарды трансляциялауды қамтамасыз ету мақсатында телерадио хабарларын таратудың ұлттық операторы жиіліктер белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) пайдалануға арналған рұқсатты конкурс өткізілместен алады.
7. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға көшкенге дейін мемлекеттік атаулы əлеуметтік көмек алушылар болып табылатын жеке тұлғаларды уəкілетті орган айқындайтын тəртіппен телевизиялық абоненттік жалғамалармен қамтамасыз етуді ұйымдастырады.
Жалғамалармен қамтамасыз ету жеке өзінің атынан немесе отбасының жəне өзімен үнемі бірге тұратын басқа да адамдардың атынан жүгінген бір мемлекеттік атаулы əлеуметтік көмек алушыға бір жалғама деген есеппен жүргізіледі.
Жалғамалармен қамтамасыз ету біржолғы болып табылады, жалғамалар алушыға, оның отбасы мүшелеріне жəне онымен үнемі бірге тұратын басқа адамдарға қайта берілмейді.
70-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тəртібі
1. Осы Заң 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 11) тармақшасын, 7-баптың 5) тармақшасын, 32-баптың 1-тармағы екінші бөлігінің 4) тармақшасын, 33-бапты қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. Осы Заңның 1-бабы 35) тармақшасының күші 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрсын, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақша мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«35) республикалық деңгейде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу жөніндегі мемлекеттік тапсырыс - бұқаралық ақпарат құралдарында орналастырылатын, бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу жөніндегі қызметтерді көрсетуге арналған тапсырыс;».
3. Мыналардың:
1) «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» 1999 жылғы 23 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының;
2) «Телерадио хабарларын тарату туралы» 2012 жылғы 18 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ
Астана, Ақорда, 2024 жылғы 19 маусым
№ 93-VIII ҚРЗ