4) орталық мемлекеттік органдардың ведомстволық бағынысты ұйымдарының басшыларын лауазымдарға тағайындайды жəне лауазымдарынан босатады.
3. Орталық мемлекеттік органдардың аппараттарын аппарат басшылары басқарады.
Орталық мемлекеттік органдардың аппарат басшылары еңбек қатынастары мəселелері Қазақстан Республикасының заңдарына сəйкес жоғары тұрған лауазымды адамдардың (органдардың) құзыретіне жатқызылған мемлекеттік қызметшілерді қоспағанда, орталық мемлекеттік орган аппаратының мемлекеттік қызметшілерін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тəртіппен лауазымдарға тағайындайды жəне лауазымдарынан босатады.
Орталық мемлекеттік органдардың аппарат басшыларының өзге де өкілеттіктерін орталық мемлекеттік органдардың басшылары айқындайды, орталық мемлекеттік органдар туралы ережелерде жəне Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
Өзіне жүктелген лауазымдық міндеттерді орындау үшін аппарат басшысы жеке қолданылатын құқықтық актілерді қабылдауға құқылы.
4. Орталық мемлекеттік органдар ведомстволарының басшылары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тəртіппен:
1) орталық мемлекеттік органдар ведомстволары басшыларының орынбасарларын;
2) орталық мемлекеттік органдар ведомстволарының мемлекеттік қызметшілерін;
3) орталық мемлекеттік органдар ведомстволары аумақтық бөлімшелерінің (астанадағы, облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы) басшыларын;
4) орталық мемлекеттік органдардың ведомстволарына ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшыларын лауазымдарға тағайындайды жəне лауазымдарынан босатады.
5. Орталық мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволарының аумақтық бөлімшелерінің (астанадағы, облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы) басшылары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тəртіппен:
1) орталық мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволарының аумақтық бөлімшелері басшыларының орынбасарларын;
2) орталық мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволарының аумақтық бөлімшелерінің (астанадағы, облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы) мемлекеттік қызметшілерін;
3) аумақтық бөлімшелердің (аудандардағы, облыстық маңызы бар қалалардағы) басшыларын лауазымдарға тағайындайды жəне лауазымдарынан босатады.
6. Əкімдіктерді «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару жəне өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сəйкес əкімдер басқарады.
Əкімдердің өкілеттіктері Қазақстан Республикасының заңдары мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.
Əкімдер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тəртіппен:
1) сайланған мемлекеттік қызметшіні қоспағанда, əкімдердің орынбасарларын, төмен тұрған əкімдерді, аппарат басшыларын;
2) жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың басшыларын;
3) ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшыларын лауазымдарға тағайындайды жəне лауазымдарынан босатады.
7. Əкімдер аппараттары басшыларының өкілеттіктері «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару жəне өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленеді.
8. Жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың басшылары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тəртіппен:
1) жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдар басшыларының орынбасарларын;
2) жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілерін;
3) ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшыларын лауазымдарға тағайындайды жəне лауазымдарынан босатады.
9. Мемлекеттік органдар болып саналатын аппараттардың басшылары, еңбек қатынастары мəселелері Қазақстан Республикасының заңдарына сəйкес жоғары тұрған лауазымды адамдардың (органдардың) құзыретіне жатқызылған мемлекеттік қызметшілерді қоспағанда, аппараттардың мемлекеттік қызметшілерін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тəртіппен лауазымдарға тағайындайды жəне лауазымдарынан босатады.
Мемлекеттік органдар болып саналатын аппараттар басшыларының өзге де өкілеттіктері мемлекеттік органдар туралы ережелерде жəне Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
Өздеріне жүктелген лауазымдық міндеттерді орындау үшін мемлекеттік органдар болып табылатын аппараттардың басшылары жеке қолданылатын құқықтық актілер қабылдауға құқылы.
10. Саяси мемлекеттік лауазымдарға жатпайтын аппарат басшыларына саяси мемлекеттік қызметшілердің міндеттерін, сондай-ақ саяси мемлекеттік қызметшілерге аппарат басшыларының міндеттерін жүктеуге жол берілмейді.
11. Мемлекеттік органдардың басшылары, əкімдер, аппарат басшылары мемлекеттік қызмет персоналын басқаруды ұйымдастыруға дербес жауаптылықта болады.
77-бап. Персоналды басқару қызметі (кадр қызметі)
1. Персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) өз құзыреті шегінде:
1) мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшелерінің Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасын орындауы жөніндегі қызметін үйлестіреді;
2) кадр мəселелері жөніндегі комиссиялардың қызметін ұйымдастырады;
3) мемлекеттік қызметшілердің қызметін бағалауды жүргізу, мемлекеттік қызметшілерді конкурстық іріктеу, қызметте ілгерілету, мемлекеттік қызметшілерді жұмыстан шығару (өкілеттігін тоқтату) рəсімдерінің сақталуын қамтамасыз етеді;
4) кандидаттарды іріктеуді ұйымдастырады, мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік қызметті өткеруімен байланысты құжаттарды ресімдейді, мемлекеттік қызметшілердің дербес деректерін, мемлекеттік қызметшілердің қызметін бағалау жəне оқудан өту нəтижелері туралы мəліметтерді, оның ішінде мемлекеттік цифрлық кадр жүйесінде есепке алуды жүзеге асырады;
5) келісімшарттық қызметшілерді іріктеуді жəне олармен келісімшарт жасасу, бұзу, оған өзгерістер енгізу процесін ұйымдастырады;
6) мемлекеттік қызметте болумен байланысты шектеулердің сақталуын қамтамасыз етеді;
7) мемлекеттік қызметшінің тағылымдамасын, тəлімгерлігін, ротациясын, қызметін бағалауды, мемлекеттік қызметшілерді даярлауды, қайта даярлауды жəне олардың біліктілігін арттыруды белгіленген мерзімдерге сəйкес ұйымдастырады, мемлекеттік қызметшілерді көтермелеуді қолдану тəртібін əзірлейді;
8) кадрлық жоспарлауды жүзеге асырады, сондай-ақ уəкілетті орган айқындайтын тəртіппен персоналды ерте кəсіптік бағдарлау жəне даярлау мəселелері бойынша оқу орындарымен өзара іс-қимыл жасайды;
9) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2. Персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) мемлекеттік органның басқа құрылымдық бөлімшелерінен ұйымдық жағынан дербес болады, аппарат басшысына, ал сыртқы саяси қызмет саласында басшылықты жүзеге асыратын немесе аппарат басшысының лауазымы енгізілмеген мемлекеттік органда мемлекеттік органның басшысына тікелей бағынады.
3. Персоналды басқару қызметін (кадр қызметін) осы Заңға, Қазақстан Республикасы Президентінің жəне Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілеріне, сондай-ақ уəкілетті органның нормативтік құқықтық актілеріне сəйкес қызмет жұмысын ұйымдастыруда жəне персоналмен жұмыс істеуге қойылатын талаптардың сақталуын қамтамасыз ету үшін жауапты болатын персоналды басқару қызметінің (кадр қызметінің) басшысы басқарады.
Персоналды басқару қызметінің (кадр қызметінің) басшысы үшін персоналды басқару жөніндегі сертификаттың не персоналды басқару саласындағы білімі туралы құжаттың болуы талап етіледі.
4. Астанада, облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, аудандарда, облыстық маңызы бар қалаларда тиісті əкімшілік-аумақтық бірліктердің жергілікті бюджеттерінен қаржыландырылатын атқарушы органдар үшін Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасына сəйкес бірыңғай персоналды басқару қызметін (кадр қызметін) құруға жол беріледі.
Астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, аудандық, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын атқарушы органдарының бірыңғай персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) осы атқарушы органдардың басшыларын тағайындауға құқығы бар лауазымды адамның (органның) шешімі бойынша құрылады.
5. Орталық мемлекеттік орган басшысының шешімі бойынша орталық мемлекеттік орган, оның ведомстволары мен аумақтық бөлімшелері үшін бірыңғай персоналды басқару қызметін (кадр қызметін) құруға жол беріледі.
Орталық мемлекеттік орган ведомствосы басшысының шешімі бойынша орталық мемлекеттік органның ведомствосы мен оның аумақтық бөлімшелері үшін бірыңғай персоналды басқару қызметін (кадр қызметін) құруға жол беріледі.
Орталық мемлекеттік орган мен оның ведомствосының, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың аумақтық бөлімшелері үшін орталық мемлекеттік орган мен оның ведомствосының өңіраралық немесе облыстық аумақтық бөлімшесінде бірыңғай персоналды басқару қызметін (кадр қызметін) құруға жол беріледі. Аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың аумақтық бөлімшелерінің бірыңғай персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) орталық мемлекеттік орган мен оның ведомствосының өңіраралық немесе облыстық аумақтық бөлімшесі немесе жоғары тұрған орган басшысының шешімі бойынша құрылады.
6. Персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) туралы үлгілік ережені жəне персоналды басқару қызметінің (кадр қызметінің) жұмысын ұйымдастыру қағидаларын уəкілетті орган бекітеді.
78-бап. Құқық бұзушылық профилактикасы қызметі. Əдеп жөніндегі уəкіл
1. Құқық бұзушылық профилактикасы қызметі мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшелерінің Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы жəне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасын сақтау жөніндегі қызметін үйлестіру мақсатында кемінде бір жүз жиырма штат бірлігі саны бар мемлекеттік органдарда құрылады.
2. Құқық бұзушылық профилактикасы қызметі:
1) тəртіптік комиссияның қызметін ұйымдастырады;
2) қызметтік тергеп-тексерулер жүргізу, мемлекеттік қызметшілерді тəртіптік жауаптылыққа тарту рəсімдерінің сақталуын қамтамасыз етеді;
3) мемлекеттік қызметшілердің қызметтік əдепті, оның ішінде əлеуметтік желілерде сақтауын бақылау мен мониторингтеуді жүзеге асырады;
4) мемлекеттік қызметшілердің Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулер мен тыйым салуларды сақтауына жəрдемдеседі;
5) мемлекеттік қызметшілердің кəсіби қызметіне заңсыз араласу, лауазымдық міндеттерін атқаруымен байланысты оларға тағылған негізсіз айыптаулар, қудалау мен өзге де құқыққа қайшы əрекеттер мəселелері бойынша соттарда олардың мүдделерін білдіруді жəне қорғауды жүзеге асырады;
6) мемлекеттік қызметшілердің жауаптылығын қарау практикасына талдау жүргізеді;
7) мемлекеттік қызметшілерді жауаптылыққа тарту туралы ұсыныстар енгізеді;
8) тəртіптік жазамен байланысты емес құқықтық ықпал ету шараларын қабылдауды қамтамасыз етеді;
9) мемлекеттік органда жұмыс уақыты режимінің сақталуын мониторингтеуді жүзеге асырады;
10) жеке жəне заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасын бұзу жəне қызметтік əдепті сақтау мəселелері бойынша лауазымды адамдардың əрекеттеріне (əрекетсіздігіне) шағымдарын қарайды;
11) сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша шаралар қабылдауды қамтамасыз етеді;
12) мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын ішкі бақылауды жүзеге асырады;
13) мемлекеттік органның ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметін бақылауды, комплаенс-қызметтердің жұмысын үйлестіруді жүзеге асырады;
14) мемлекеттік қызметшілердің құқықтық мəдениетін арттыру, мемлекеттік органда корпоративтік мəдениетті қалыптастыру, қолайлы моральдық-психологиялық ахуалды дамыту жөнінде шаралар қабылдайды;
15) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
3. Құқық бұзушылық профилактикасы қызметінің өз функцияларын орындау үшін қажетті ақпарат пен материалдарға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шектерде қол жеткізуге құқығы бар.
4. Құқық бұзушылық профилактикасы қызметі мемлекеттік органның басқа құрылымдық бөлімшелерінен ұйымдық жағынан дербес болады жəне мемлекеттік органның басшысына тікелей бағынады.
5. Ведомстволары, аумақтық бөлімшелері, шет елдерде мекемелері бар орталық мемлекеттік органдардың, сондай-ақ астана, облыстар, республикалық маңызы бар қалалар əкімдері аппараттарының құқық бұзушылық профилактикасы қызметін əдеп жөніндегі уəкіл басқарады.
Ведомстволары, ведомстволарының аумақтық бөлімшелері жоқ мемлекеттік органдарда, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінде, орталық мемлекеттік органдар ведомстволарының аумақтық бөлімшелерінде, шет елдердегi мекемелерде, тексеру комиссияларында, облыстық маңызы бар қалалар, аудандар, қалалардағы аудандар əкімдерінің аппараттарында, мəслихаттардың аппараттарында құқық бұзушылық профилактикасы қызметін құқық бұзушылық профилактикасы қызметінің басшысы басқарады.
Құқық бұзушылық профилактикасы қызметі туралы үлгілік ережені жəне құқық бұзушылық профилактикасы қызметінің жұмысын ұйымдастыру тəртібін уəкілетті орган бекітеді.
6. Орталық мемлекеттік орган басшысының шешімі бойынша орталық мемлекеттік органда, оның ведомстволары мен аумақтық бөлімшелерінде құқық бұзушылық профилактикасының бірыңғай қызметін құруға жол беріледі.
Орталық мемлекеттік орган ведомствосы басшысының шешімі бойынша орталық мемлекеттік орган ведомствосында жəне оның аумақтық бөлімшелерінде құқық бұзушылық профилактикасының бірыңғай қызметін құруға жол беріледі.
Орталық мемлекеттік орган мен оның ведомствосының аудандық, облыстық маңызы бар қалалардың аумақтық бөлімшелері үшін орталық мемлекеттік орган мен оның ведомствосының өңіраралық не облыстық аумақтық бөлімшесінде құқық бұзушылық профилактикасының бірыңғай қызметін құруға жол беріледі. Аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың аумақтық бөлімшелерінің құқық бұзушылық профилактикасының бірыңғай қызметі орталық мемлекеттік орган мен оның ведомствосының өңіраралық немесе облыстық аумақтық бөлімшесі немесе жоғары тұрған орган басшысының шешімімен құрылады.
Астанада, облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, аудандарда жəне облыстық маңызы бар қалаларда тиісті əкімшілік-аумақтық бірліктердің жергілікті бюджеттерінен қаржыландырылатын атқарушы органдар үшін осы атқарушы органдардың басшыларын тағайындауға уəкілеттік берілген лауазымды адамның (органның) шешімімен Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасында белгіленген тəртіппен құқық бұзушылық профилактикасының бірыңғай қызметі құрылады.
7. Əдеп жөніндегі уəкіл қызметтік əдептің сақталуын қамтамасыз етуді, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы жəне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасын бұзушылық профилактикасын Əдеп жөніндегі уəкіл туралы ережеге сəйкес жүзеге асырады.
Əдеп жөніндегі уəкілдің ұсынымдары мен ұсыныстары жіберіліп отырған мемлекеттік қызметшілердің қарауы үшін міндетті.
8. Əдеп жөніндегі уəкілдердің қызметін үйлестіруді, əдіснамалық қамтамасыз етуді жəне бағалауды уəкілетті орган жүзеге асырады. Қажет болған кезде уəкілетті орган мемлекеттік органға əдеп жөніндегі уəкілді атқаратын лауазымынан босату туралы ұсыну енгізе алады.
9. Əдеп жөніндегі уəкіл туралы ережені уəкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
10. Əдеп жөніндегі уəкіл лауазымына мемлекеттік органның бірінші басшысымен келісу бойынша уəкілетті органның іссапарға жіберілген мемлекеттік қызметшісі тағайындалады.
Əдеп жөніндегі уəкіл лауазымына тағайындалған, іссапарға жіберілген мемлекеттік қызметшінің уəкілетті орган өкілі мəртебесі сақталады.
Мемлекеттік қызметшіні іссапарға жіберу мүмкін болмаған кезде уəкілетті органмен келісу бойынша əдеп жөніндегі уəкіл лауазымына тиісті мемлекеттік органның өзге де мемлекеттік қызметшілері тағайындалуы мүмкін.
Əдеп жөніндегі уəкіл лауазымына орналасу конкурс өткізілмей жүзеге асырылады.
11. Əдеп жөніндегі уəкіл лауазымын атқаратын, іссапарға жіберілген мемлекеттік қызметші үшін жалақы мен Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасында көзделген өзге төлемдер ол іссапарға жіберілген тиісті мемлекеттік органның қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
12. Əдеп жөніндегі уəкілдің тəртіптік жауаптылығын тиісті шешім қабылдау үшін тиісті мемлекеттік орган жіберген оның тəртіптік теріс қылық жасағаны туралы мəліметтер негізінде уəкілетті орган қарайды.
13. Уəкілетті орган əдеп жөніндегі уəкіл лауазымына іссапарға жіберілген мемлекеттік қызметшіні кейіннен Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген негіздерде жəне тəртіппен ол атқарған лауазымынан төмен емес лауазымға тағайындай отырып, кері шақыртып алуы мүмкін.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген, тиісті біліктілікке жəне кəсіби даярлыққа сəйкес келетін лауазым болмаған жағдайда, кері шақыртылған мемлекеттік қызметші уəкілетті органдағы өзге бос лауазымға тағайындалады.
Мемлекеттік қызметші лауазымға тағайындалудан бас тартқан жағдайда, ол жұмыстан шығарылуға жатады.
14. Əдеп жөніндегі уəкіл лауазымына орналасу үшін мемлекеттік органға іссапарға жіберілген мемлекеттік қызметшіні жұмыстан шығару осы Заңда белгіленген тəртіппен уəкілетті орган оны лауазымынан босатқаннан (жұмыстан шығарғаннан) жəне кері шақыртып алғаннан кейін жүзеге асырылады.
Əдеп жөніндегі уəкілді жұмыстан шығару уəкілетті органмен келісу бойынша немесе оның ұсынуы негізінде, сондай-ақ уəкілетті орган іссапарға жіберілген мемлекеттік қызметшіні осы Заңда белгіленген тəртіппен кері шақыртып алған жағдайларда жүзеге асырылады.
15. Осы баптың ережесі Қазақстан Республикасы Президентінің Əкімшілігіне, Қазақстан Республикасы Құрылтайының Аппаратына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің Аппаратына, Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Аппаратына, уəкілетті органға қолданылмайды.
11-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАҚЫЛАУ. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ САЛАСЫНДАҒЫ ЗАҢНАМАСЫН БҰЗУ СЕБЕПТЕРІН МОНИТОРИНГТЕУ ЖƏНЕ ТАЛДАУ
79-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау
1. Уəкілетті орган мен оның аумақтық бөлімшелерінің мемлекеттік органдардың Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасын сақтауын қамтамасыз етуге бағытталған қызметі Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау болып саналады.
2. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау тексеру нысанында жүзеге асырылады.
80-бап. Тексерудің жалпы мəселелері
1. Уəкілетті орган мен оның аумақтық бөлімшелері тексеруді:
1) тексерілетін мемлекеттік органға бару арқылы;
2) тексерілетін мемлекеттік органға бармай, лауазымды адамдарды шақырту жəне материалдарды сұрату, сондай-ақ мемлекеттік органдардың цифрлық жүйелері арқылы жүргізеді.
2. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының сақталуы тексеру нысанасы болып саналады.
3. Мемлекеттік органдар тексеру нысанындағы мемлекеттік бақылау субъектісі деп танылады.
4. Орталық мемлекеттік органдардың, олардың ведомстволарының қызметін тексеруді уəкілетті органның лауазымды адамдары жүргізеді.
Жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың, мəслихаттар аппараттарының, тексеру комиссияларының, орталық мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволарының аумақтық бөлімшелерінің қызметін тексеруді өз құзыреті шегінде уəкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің лауазымды адамдары, ал қажет болған жағдайда уəкілетті органның лауазымды адамдары жүргізеді.
5. Тексерулер жоспарлы жəне жоспардан тыс тексерулер болып бөлінеді.
6. Уəкілетті органның бірінші басшысы жоспарлы тексерулер жүргізу жылының алдындағы жылдың 20 желтоқсанына дейін жəне ағымдағы күнтізбелік жылдың 20 маусымына дейін бекіткен мемлекеттік бақылау субъектілерін тексерудің жартыжылдық жоспары жоспарлы тексеру тағайындауға негіз болады.
Жиынтығында жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қала əкімінің аппараты мен атқарушы органдары, сондай-ақ орталық мемлекеттік орган, оның ведомстволары жəне олардың аумақтық бөлімшелері жоспарлы тексеруге жатады.
Мемлекеттік бақылау субъектілерін тексерудің жартыжылдық жоспары уəкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.
Мемлекеттік бақылау субъектілерін тексерудің жартыжылдық жоспарына уəкілетті органның бірінші басшысының шешімімен өзгерістер енгізілуі мүмкін.
Мемлекеттік бақылау субъектісіне қатысты жоспарлы тексеру жылына бір реттен артық жүргізілмейді.
7. Мемлекеттік бақылау субъектілерін тексерудің жартыжылдық жоспарына енгізу үшін мынадай ақпарат көздері пайдаланылады:
1) уəкілетті органның жəне (немесе) оның аумақтық бөлімшелерінің, Қазақстан Республикасы Президенті Əкімшілігінің алдыңғы тексерулерінің нəтижелері;
2) уəкілетті орган мен оның аумақтық бөлімшелері жүргізетін, мемлекеттік бақылау субъектілері ұсынатын есептілік пен мəліметтерді, оның ішінде цифрлық жүйелер арқылы мониторингтеу нəтижелері;
3) қоғамдық резонанс тудырған оқиғалардың болуы;
4) мемлекеттік бақылау субъектілеріне қатысты Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасы талаптарының бұзылуына жеке жəне заңды тұлғалар жолданымдарының болуы;
5) мемлекеттік бақылау субъектілерінің интернет-ресурстарын, бұқаралық ақпарат құралдарын халық тарапынан сын тудырған материалдардың болуы тұрғысынан талдау;
6) мемлекеттік бақылау субъектілері ұсынатын, сондай-ақ өзге де ақпарат көздерінен алынатын мəліметтерді талдау нəтижелері;
7) Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасын бұзу себептерін мониторингтеуді жəне талдауды жүргізу нəтижелері.
Мемлекеттік бақылау субъектілерін тексерудің жартыжылдық жоспарына енгізу кезінде нақты мемлекеттік бақылау субъектісіне қатысты бұрын пайдаланылған ақпарат көздері не Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес талап қоюдың жалпы ескіру мерзімі өткен деректер пайдаланылмайды.
8. Мыналар жоспардан тыс тексеруге негіз болады:
1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасын бұзу мəселелері бойынша мемлекеттік бақылау субъектілерінің əрекеттеріне (əрекетсіздігіне) жəне шешімдеріне жеке жəне заңды тұлғалардың жолданымдары;
2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының талаптарын бұзу фактілері жөніндегі мемлекеттік органдардың жолданымдары;
3) тексеру нəтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынулардың орындалуын бақылау;
4) Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасын бұзу себептерін мониторингтеуді жəне талдауды жүргізу нəтижелері бойынша анықталған бұзушылықтар;
5) ақпарат сұрату арқылы зерделенген, бұқаралық ақпарат құралдарындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасын бұзу туралы жарияланымдар мен хабарлар.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 5) тармақшасында көзделген ақпаратты сұрату арқылы зерделенген, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасын бұзу туралы бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдар деп Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасын ықтимал бұзу туралы мəліметтерді қамтитын, қосымша деректер алу үшін оларға қатысты мынадай əрекеттер жүргізілген:
1) жарияланымда баяндалған фактілер бойынша құжаттар мен түсініктемелер ұсыну үшін мемлекеттік бақылау субъектісіне ресми сұрау салу жіберілген;
2) уəкілетті орган мен оның аумақтық бөлімшесі сұрау салуға жауап ретінде алынған ақпаратты зерделеу мен бағалау жүргізген жарияланымдар түсініледі.
Ақпарат сұрату арқылы зерделенген, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасын бұзу туралы бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдар, егер ақпарат расталса немесе Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының бұзылуына негізді күдік тудырса, жоспардан тыс тексерулер жүргізуге негіз болады.
9. Анонимдік жолданымдар келіп түскен жағдайларда жоспардан тыс тексерулер жүргізілмейді.
81-бап. Тексеру жүргізу тəртібі
1. Мемлекеттік бақылау субъектісіне цифрлық жүйелер арқылы тексеру басталатыны туралы хабарламаның жіберілуі тексеру жүргізудің басталуы деп есептеледі.
2. Уəкілетті органның, оның аумақтық бөлімшесінің лауазымды адамдары мемлекеттік бақылау субъектісіне келген кезде қызметтік куəлігін не сəйкестендіру картасын көрсетуге міндетті.
3. Тексеру жүргізу мерзімдері алдағы жұмыстардың көлемі, сондай-ақ қойылған міндеттер ескеріле отырып белгіленеді жəне:
1) жоспарлы тексеру басталған күннен бастап күнтізбелік жиырма күннен;
2) жоспардан тыс тексеру басталған күннен бастап күнтізбелік он күннен аспауға тиіс.