Қажет болған кезде уəкілетті органның, оның аумақтық бөлімшесінің шешімімен тексеру жүргізу мерзімдері осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген мерзімдерден аспайтын мерзімге бір рет ұзартылады.
Тексеру жүргізу мерзімі ұзартылған жəне (немесе) тоқтатылған (қайта басталған) кезде бұл туралы уəкілетті орган, оның аумақтық бөлімшесі мемлекеттік бақылау субъектісін осындай шешім қабылданған күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей хабардар етеді. Бұл ретте тексеру жүргізу мерзімін ұзарту туралы хабарламаны уəкілетті орган, оның аумақтық бөлімшесі тексеру мерзімдері аяқталғанға дейін бір жұмыс күнінен кешіктірмей цифрлық жүйелер арқылы жібереді.
4. Уəкілетті органның, оның аумақтық бөлімшесінің тексеруші лауазымды адамдарының құрамы уəкілетті органның, оның аумақтық бөлімшесінің шешімімен өзгертілуі мүмкін.
Уəкілетті органның, оның аумақтық бөлімшесінің тексеруші лауазымды адамдарының құрамы өзгерген кезде бұл туралы уəкілетті орган, оның аумақтық бөлімшесі мемлекеттік бақылау субъектісін осындай шешім қабылданған күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей цифрлық жүйелер арқылы хабардар етеді.
5. Тексеру:
1) жүргізілетін тексеру шеңберінде елеулі маңызы бар қажетті мəліметтерді ұсыну туралы мемлекеттік органдарға, мемлекеттік заңды тұлғаларға, лауазымды адамдарға жəне өзге де тұлғаларға сұрау салу жіберілген;
2) төтенше жағдай режимі енгізілген, эпидемияның, карантиндік объектілер ошақтарының жəне аса қауіпті зиянды организмдердің, инфекциялық, паразиттік аурулардың, уланудың, радиациялық авариялардың таралуы орын алған немесе таралу қаупі туындаған жəне солармен байланысты шектеулер болған жағдайларда тоқтатыла тұрады.
Тоқтатыла тұрған тексеруді жүргізу мерзімін есептеу ол қайта басталған күннен бастап жалғастырылады.
Тексеру тоқтатыла тұрған жəне қайта басталмаған мемлекеттік бақылау субъектісін тексеруді жүргізуге жол берілмейді.
6. Тексеру нəтижелері бойынша уəкілетті органның, оның аумақтық бөлімшесінің тексеруші лауазымды адамы:
1) тексеру нəтижелері туралы анықтама;
2) тексеру нəтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсыну жасайды.
7. Тексеру нəтижелері туралы анықтама мемлекеттік бақылау субъектісіне жіберілген күн тексеру аяқталған күн деп есептеледі.
Тексеру нəтижелері туралы анықтама тексеру мерзімінің соңғы күнінен кешіктірілмей жасалады.
Тексеру нəтижелері туралы анықтаманың бірінші данасы мемлекеттік бақылау субъектісіне (басшысына не оның уəкілетті адамына) танысу үшін қол қойғызып қағаз жеткізгіште немесе электрондық нысанда табыс етіледі.
Тексеру нəтижелері туралы анықтаманың екінші данасы мемлекеттік құқықтық статистика жəне арнайы есепке алу саласындағы қызметті өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік органға электрондық нысанда тапсырылады.
Тексеру нəтижелері туралы анықтаманың үшінші данасы уəкілетті органда, оның аумақтық бөлімшесінде қалады.
8. Тексеру нəтижелері бойынша ескертулер жəне (немесе) қарсылықтар болған жағдайда мемлекеттік бақылау субъектісі тексеру нəтижелері туралы анықтаманы алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде ескертулерін жəне (немесе) қарсылықтарын жазбаша түрде баяндайды.
Ескертулер жəне (немесе) қарсылықтар тексеру нəтижелері туралы анықтамаға қоса беріледі, бұл туралы уəкілетті органның, оның аумақтық бөлімшесінің тексеруші лауазымды адамы тиісті белгі жасайды.
9. Мемлекеттік бақылау субъектісі таратылған немесе қайта ұйымдастырылған жағдайда уəкілетті орган, оның аумақтық бөлімшесі тағайындалған тексеруді жүргізілмеген деп таниды, тексеру нəтижелері туралы анықтама жасалмайды.
10. Жоспардан тыс тексеру жүргізуге негіз болған жолданымды (хабарды) кері қайтарып алу қабылданған жағдайда осы Заңның 80-бабы 8-тармағы бірінші бөлігінің 1) жəне 2) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша тағайындалған жоспардан тыс тексеру жүргізілмеген деп танылады.
Бұл жағдайда тексеру нəтижелері туралы анықтама жасалмайды, бұл туралы мемлекеттік бақылау субъектісі осындай шешім қабылданған күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірілмей цифрлық жүйелер арқылы хабардар етіледі.
11. Қажет болған жағдайларда арнаулы білім мен дағдылар талап етілетін мəселелерді зерттеу, консультациялар алу үшін уəкілетті орган, оның аумақтық бөлімшесі тексеру қорытындыларына мүдделі емес мемлекеттік органдар мен ведомстволық бағынысты ұйымдардың мамандарын, сарапшыларын жəне (немесе) консультанттарын тексеру жүргізуге тартуы мүмкін.
Уəкілетті органның, оның аумақтық бөлімшесінің талап етуі бойынша мемлекеттік бақылау субъектілері тексеруге жəне қорытынды беруге қатысу үшін мамандарды, сарапшыларды жəне (немесе) консультанттарды бөлуге міндетті.
Тексеруге тартылған маман, сарапшы жəне (немесе) консультант уəкілетті органның, оның аумақтық бөлімшесінің тексеруші лауазымды адамы қойған сұрақтар бойынша қорытындыны жасайды, ол тексеру барысында пайдаланылады жəне тексеру нəтижелері туралы анықтамаға қоса беріледі.
12. Уəкілетті органның, оның аумақтық бөлімшесінің лауазымды адамдарының тексеру жүргізу кезінде:
1) мемлекеттік бақылау субъектісінің аумағы мен үй-жайларына кедергісіз кіруге;
2) тексеру нəтижелері туралы анықтамаға немесе тексеру нəтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынуға қоса тіркеу үшін құжаттардың (мəліметтердің) көшірмелерін қағаз жəне электрондық жеткізгіштерде алуға, сондай-ақ тексеру нысанасына сəйкес автоматтандырылған дерекқорларға (цифрлық жүйелерге) қол жеткізуге;
3) аудио-, фото- жəне бейнетүсірілімді жүзеге асыруға;
4) техникалық бақылау құралдарының, байқау жəне тіркеп-белгілеу аспаптарының, фото- жəне бейнеаппаратураның тексеру нысанасына жататын жазбаларын пайдалануға;
5) мамандарды, сарапшыларды жəне (немесе) консультанттарды тартуға құқығы бар.
13. Мемлекеттік бақылау субъектілері жəне олардың лауазымды адамдары тексеру жүргізілген кезде:
1) уəкілетті органның жəне оның аумақтық бөлімшесінің тексеру жүргізу үшін келген тексеруші лауазымды адамдарын:
тексеру мерзімдері асып кеткен не өткен;
жоспарлы тексеру жүргізу жиілігі сақталмаған;
хабарлама жəне осы бапта көзделген құжаттар болмаған;
тексеру жүргізуге тиісті лауазымдық өкілеттігі жоқ адамдарға тексеру жүргізу тапсырылған;
тексеру мерзімдері осы Заңда белгіленген мерзімнен артық ұзартылған;
осы Заңда белгіленген тексеру жүргізу талаптары өрескел бұзылған жағдайларда тексеруге жібермеуге;
2) егер құжаттар (мəліметтер) жүргізіліп жатқан тексеру нысанасына жатпаса, оларды ұсынбауға;
3) осы Заңда жəне Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген тəртіппен тексеру нəтижелеріне (тексеру нəтижелері туралы анықтамаға, тексеру нəтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынуға) жəне уəкілетті органның, оның аумақтық бөлімшесінің тексеруші лауазымды адамдарының əрекеттеріне (əрекетсіздігіне) шағым жасауға;
4) тексеру жүргізу процесін, сондай-ақ уəкілетті органның, оның аумақтық бөлімшесінің тексеруші лауазымды адамының тексеру шеңберінде жүргізетін жекелеген əрекеттерін тексеруші лауазымды адамның қызметіне кедергі келтірмей, аудио- жəне бейнетехника құралдарының көмегімен тіркеп-белгілеуге құқылы.
14. Мемлекеттік бақылау субъектілері жəне олардың лауазымды адамдары тексеру жүргізілген кезде:
1) уəкілетті органның, оның аумақтық бөлімшесінің тексеруші лауазымды адамдарының тексерілетін мемлекеттік органның аумағы мен үй-жайларына кедергісіз кіруін қамтамасыз етуге;
2) уəкілетті органның, оның аумақтық бөлімшесінің тексеруші лауазымды адамдарының шақыруы бойынша келуге;
3) уəкілетті органның, оның аумақтық бөлімшесінің тексеруші лауазымды адамдарына тексеру нəтижелері туралы анықтамаға немесе тексеру нəтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынуға қоса тіркеу үшін тексерудің нысанасына сəйкес құжаттарды (мəліметтерді) не олардың көшірмелерін қағаз жəне электрондық жеткізгіштерде ұсынуға, сондай-ақ автоматтандырылған дерекқорларға (цифрлық жүйелерге) қолжетімділік беруге;
4) тексеру жүргізу кезінде тексерілетін құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге жол бермеуге міндетті.
15. Тексеруді бастау, тексеру мерзімдерін ұзарту жəне (немесе) тоқтата тұру (қайта бастау), уəкілетті органның, оның аумақтық бөлімшесінің тексеруші лауазымды адамдары құрамының өзгергені туралы хабарламалардың, тексеру нəтижелері туралы анықтаманың жəне тексеру нəтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынудың нысандарын уəкілетті орган бекітеді.
82-бап. Уəкілетті органның, оның аумақтық бөлімшесінің лауазымды адамдары тексеру жүргізу кезінде анықталған бұзушылықтар фактілері бойынша қабылдайтын шаралар
1. Тексеру нəтижелері бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасын бұзу анықталған кезде уəкілетті орган, оның аумақтық бөлімшесі мемлекеттік бақылау субъектісіне немесе оның жоғары тұрған органына (жоғары тұрған лауазымды адамға) тексеру нəтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы қаралуға міндетті ұсынуды енгізеді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де шараларды қабылдайды.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасын бұзу мемлекеттік органның (лауазымды адамның) актісін заңсыз деп тануға негіз болуы мүмкін.
Бұл ретте мемлекеттік органның (лауазымды адамның) мəні бойынша заңға сəйкес келетін актісі, егер жол берілген рəсімдік бұзушылықтар оның заңдылығы мен негізділігіне əсер етпесе, тек қана формальды негіздер бойынша заңсыз деп танылмайды.
Уəкілетті орган, оның аумақтық бөлімшесі тексеру нəтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынуды мемлекеттік бақылау субъектісіне немесе оның жоғары тұрған органына (жоғары тұрған лауазымды адамға) тексеру нəтижелері туралы анықтама жасалған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей енгізеді.
2. Тексеру нəтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсыну табыс етілген (алынған) күнінен кейінгі күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде, онда көрсетілген бұзушылықтарды жою бойынша шаралар қабылдана отырып қаралуға жатады.
3. Мемлекеттік бақылау субъектісі немесе оның жоғары тұрған органы (жоғары тұрған лауазымды адам) тексеру нəтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынуда көрсетілген бұзушылықтарды жою қорытындылары туралы ақпаратты осы баптың 2-тармағында көрсетілген мерзім өткен күннен бастап үш жұмыс күні өткеннен кейін уəкілетті органға, оның аумақтық бөлімшесіне жібереді.
Мемлекеттік бақылау субъектісі немесе оның жоғары тұрған органы (жоғары тұрған лауазымды адам) тексеру нəтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынуда көрсетілген бұзушылықтарды жою қорытындылары туралы ақпаратты белгіленген мерзімде бермеген немесе толық бермеген жағдайда уəкілетті орган, оның аумақтық бөлімшесі осы Заңның 80-бабының 8-тармағы бірінші бөлігінің 3) тармақшасына сəйкес жоспардан тыс тексеру тағайындайды.
4. Мемлекеттік бақылау субъектісінің немесе оның жоғары тұрған органының (жоғары тұрған лауазымды адамның) тексеру нəтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынуда көрсетілген бұзушылықтарды жою бойынша шаралар қабылдамауы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
5. Мемлекеттік бақылау субъектілерінің лауазымды адамдарының əрекеттерінде (əрекетсіздігінде) қылмыстық не əкімшілік құқық бұзушылық белгілері анықталған кезде уəкілетті орган, оның аумақтық бөлімшелері тексеру материалдарын уəкілетті мемлекеттік органдарға жіберу бойынша шаралар қабылдайды.
83-бап. Тексерудің жарамсыздығы
1. Егер тексеру осы бапта белгіленген, тексеру жүргізуге қойылатын талаптарды өрескел бұза отырып жүргізілсе, оны уəкілетті орган жарамсыз деп таниды немесе Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тəртіппен жарамсыз деп танылады.
Тексеруді жарамсыз деп тану тексеру нəтижелері туралы анықтаманың, тексеру нəтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынудың жарамсыздығына алып келеді.
2. Мыналар тексеру жүргізуге қойылатын талаптарды өрескел бұзушылықтарға жатады:
1) тексеру жүргізуге негіздердің болмауы;
2) тексерудің басталғаны туралы хабарламаның болмауы;
3) уəкілетті органның, оның аумақтық бөлімшесінің өз құзыретіне кірмейтін мəселелер бойынша тексерулер тағайындауы.
3. Мемлекеттік бақылау субъектісі тексеру нəтижелері туралы анықтаманы алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде уəкілетті орган, оның аумақтық бөлімшесі жүргізген тексеруді жарамсыз деп тану туралы жолданыммен уəкілетті органға (лауазымды адамға) жүгінуге құқылы.
Мемлекеттік бақылау субъектісінің жолданымын қарау жолданым келіп түскен күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады. Мемлекеттік бақылау субъектісінің жолданым беруі тексеру нəтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою бойынша шаралар қабылдауды жоққа шығармайды.
Уəкілетті органның (лауазымды адамның) мемлекеттік бақылау субъектісінің жолданымын қанағаттандырудан бас тартуына сотқа шағым жасалуы мүмкін.
4. Мемлекеттік бақылау субъектісі уəкілетті органға тексеруді жарамсыз деп тану туралы жүгінуге арналған белгіленген мерзімді дəлелді себеппен өткізіп алған жағдайда, уəкілетті орган бұл мерзімді қалпына келтіруі мүмкін.
Өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіру мақсатында дəлелді себептер ретінде мемлекеттік бақылау субъектісін жолданым беру мүмкіндігінен айыратын себептер танылады.
Уəкілетті органға тексеруді жарамсыз деп тану туралы жүгінуге арналған мерзімді өткізіп алу уəкілетті органның жолданымды қабылдаудан бас тартуына негіз болмайды. Тексеруді жарамсыз деп тану туралы жүгіну мерзімін өткізіп алу себебі жолданымды қарау кезінде анықталады жəне жолданымды қанағаттандырудан бас тарту негіздерінің бірі болуы мүмкін.
84-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасын бұзу себептерін мониторингтеу жəне талдау
1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасын бұзу себептерін мониторингтеу жəне талдау (бұдан əрі - мониторингтеу жəне талдау) Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының, оның ішінде мемлекеттік органдардың жұмыс уақыты режимінің бұзылуын анықтауға, олардың алдын алуға жəне болғызбауға, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының талаптары қолданылатын өзге де ұйымдардың қызметін бюрократиядан арылтуға бағытталған шараларды қамтиды.
2. Мониторингтеу жəне талдау міндеттері:
1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасын, оның ішінде мемлекеттік органдардың жұмыс уақыты режимін сақтау, сондай-ақ бұзушылықтар жасауға ықпал ететін немесе ықпал етуі мүмкін процестер мен өзгерістерді талдау;
2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының бұзылуын, сондай-ақ оларды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау үшін мемлекеттік қызметтің жұмыс істеуі туралы ақпаратты жинау, есепке алу, жүйелеу, қорыту жəне талдау;
3) Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасын бұзуға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жоюға бағытталған басқарушылық шешімдер қабылдауға жəрдемдесу.
3. Мониторингтеуді жəне талдауды уəкілетті орган жəне оның аумақтық бөлімшесі цифрлық жүйелерде көрініс тапқан мəліметтерді жəне мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдар ұсынатын деректерді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасын бұзу туралы өзге де ақпарат көздерінен алынатын ақпаратты зерделеу мен талдау негізінде жүзеге асырады.
4. Орталық мемлекеттік органдардың, олардың ведомстволарының, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының талаптары қолданылатын өзге де ұйымдардың қызметін мониторингтеуді жəне талдауды уəкілетті органның лауазымды адамдары жүргізеді.
Орталық мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволарының аумақтық бөлімшелерінің, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын, астана, облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, облыстық маңызы бар қалалар, аудандар əкімдері аппараттарының жəне атқарушы органдарының, мəслихат аппараттарының, тексеру комиссияларының, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының талаптары қолданылатын өзге де ұйымдардың қызметін мониторингтеуді жəне талдауды уəкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің лауазымды адамдары, ал қажет болған жағдайда уəкілетті органның лауазымды адамдары жүргізеді.
5. Мониторингтеу жəне талдау қашықтан бақылау нысанында жəне қажет болған кезде мониторингтеу жəне талдау субъектісіне бару арқылы жүргізіледі.
Қашықтан бақылау тұрақты негізде цифрлық жүйелер жəне мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдар ұсынатын деректер арқылы жүргізіледі.
Мемлекеттік органдар, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының талаптары қолданылатын өзге де ұйымдар не олардың уəкілетті өкілдері мониторингтеуді жəне талдауды жүргізу кезінде уəкілетті органның жəне оның аумақтық бөлімшелерінің лауазымды адамдарының мониторингтеу жəне талдау субъектісінің аумағына жəне үй-жайларына кедергісіз кіруін, сондай-ақ автоматтандырылған дерекқорларға (цифрлық жүйелерге) қол жеткізуін қамтамасыз етеді.
Келу барысында уəкілетті органның жəне оның аумақтық бөлімшелерінің лауазымды адамдары түсініктеме талап ете алады, сондай-ақ тіркеп-белгілеудің техникалық құралдарын пайдалана алады.
Мемлекеттік қызметшілердің жұмыс уақытынан тыс уақытта жұмыс орнында болу фактілерін уəкілетті органның жəне оның аумақтық бөлімшелерінің лауазымды адамдары акт жасайды.
Қажет болған кезде мониторингтеу жəне талдау субъектісіне бару арқылы мониторингтеуді жəне талдауды жүргізу үшін əдеп жөніндегі уəкілдер немесе құқық бұзушылықтың алдын алу қызметінің басшысы тартылуы мүмкін.
Қажет болған жағдайда арнаулы білім мен дағдылар талап етілетін мəселелерді зерттеу, консультациялар алу үшін уəкілетті орган, оның аумақтық бөлімшесі мониторингтеу жəне талдау жүргізуге мамандарды, сарапшыларды жəне (немесе) консультанттарды тартуы мүмкін.
6. Мониторингтеу жəне талдау нəтижелері бойынша уəкілетті орган немесе оның аумақтық бөлімшесі мониторингтеу жəне талдау нəтижелері туралы анықтама жəне бұзушылықтарды (олар бар болған кезде) жою туралы қорытынды жасайды.
Мониторингтеу жəне талдау субъектілері бұзушылықтарды жою туралы қорытындының орындалғанын растайтын материалдарды уəкілетті органға немесе оның аумақтық бөлімшесіне бұзушылықтарды жою мерзімі өткен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде міндетті түрде ұсына отырып, оны алған күннен кейінгі күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде орындауға тиіс.
12-тарау. МЕМЛЕКЕТТІҢ ФУНКЦИЯЛАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІН ІСКЕ АСЫРУҒА ЖƏРДЕМДЕСУ
85-бап. Мемлекеттік органдардың функциялары мен міндеттерін іске асыруға жəрдемдесуді жүзеге асыратын адамдар
1. Осы тармақта аталған адамдар мемлекеттің функциялары мен міндеттерін іске асыруға жəрдемдесуді жүзеге асырады.
Мыналар мемлекеттің функциялары мен міндеттерін іске асыруға жəрдемдесуді жүзеге асыратын адамдарға жатады:
1) келісімшарттық қызметшілер;
2) шетелдік жұмыскерлер;
3) мемлекеттік органдарға техникалық қызмет көрсетуді жəне олардың жұмыс істеуін қамтамасыз етуді жүзеге асыратын адамдар;
4) «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сəйкес мемлекеттік заңды тұлғаларда басқарушылық функцияларды атқаратын адамдар.
2. Мемлекеттің функциялары мен міндеттерін іске асыруға жəрдемдесуді жүзеге асыратын адамдар мемлекеттік лауазымдарды атқара алмайды.
Аталған адамдарға жақын туыстарымен, жұбайымен (зайыбымен) жəне (немесе) жекжаттарымен бірге қызмет (жұмыс) істеуге жол бермеу бөлігінде осы Заңның 14-бабы 2-тармағының ережелері қолданылады.
3. Мемлекеттің функциялары мен міндеттерін іске асыруға жəрдемдесуді жүзеге асыратын адамдар «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген мүдделер қақтығысына жол бермеу, оны болғызбау жəне реттеу жөніндегі шектеулер мен міндеттерді қабылдайды.
Аталған адамдар материалдық-техникалық, қаржылық жəне ақпараттық қамтамасыз ету құралдарын, басқа да мемлекеттік мүлікті жəне қызметтік ақпаратты қызметтік емес мақсаттарда пайдалануға, сондай-ақ қызметтік жағдайын лауазымдық өкілеттігін жүзеге асырумен байланысты емес мақсаттарда пайдалануға құқылы емес.
Шектеулердің қабылдануын персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) жұмысқа қабылданған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде жазбаша түрде тіркеп-белгілейді. Шектеулерді қабылдамау жұмысқа қабылдаудан бас тартуға не жұмыстан шығаруға алып келеді.
4. Мемлекеттің функциялары мен міндеттерін іске асыруға жəрдемдесуді жүзеге асыратын адамдарға осы Заңда реттелмеген бөлікте Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің ережелері қолданылады.
Мемлекеттік заңды тұлғаларда басқарушылық функцияларды атқаратын адамдарға қызметтік əдеп талаптарын сақтау, мүдделер қақтығысын болғызбау жəне реттеу, сондай-ақ мемлекеттік қызметке кір келтіретін тəртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін жауаптылық бөлігінде осы Заңның ережелері қолданылады.
Мемлекеттік органдар келісімшарттық қызметшілердің, шетелдік жұмыскерлердің, мемлекеттік органдарға техникалық қызмет көрсетуді жəне олардың жұмыс істеуін қамтамасыз етуді жүзеге асыратын адамдардың мінез-құлық қағидаларын белгілейді.
5. Мемлекеттің функциялары мен міндеттерін іске асыруға жəрдемдесуді жүзеге асыратын адамдармен еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген тəртіппен, сондай-ақ осы баптың 3-тармағында көзделген шектеулер сақталмаған, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тəртіптік теріс қылықтар жасалған, қызметтік əдеп бұзылған жағдайларда тоқтатылуы мүмкін.
86-бап. Келісімшарттық қызметшілер
1. Ұлттық жəне өзге де жобаларды іске асыру үшін мемлекеттік органдарға келісімшарттық қызметшілер тартылуы мүмкін.
Келісімшарттық қызметшілерді тарту тəртібін, келісімшарттық қызметшілер тартылатын жобалардың түрлерін, еңбекке ақы төлеу шарттары мəселелерін жəне олардың қызметін реттеудің өзге де мəселелерін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
2. Осы Заңның 21-бабының 2-тармағында көзделген, мемлекеттік қызметке қабылдау кезінде қойылатын талаптарға сай келмейтін Қазақстан Республикасының азаматтарын келісімшарттық қызметшілер ретінде тартуға болмайды.
3. Келісімшарттық қызметші ретінде тартылатын Қазақстан Республикасының азаматтары белгіленген біліктілік талаптарына сай болуға тиіс. Келісімшарттық қызметшінің біліктілік талаптарын жəне оның мемлекеттік органмен өзара іс-қимыл жасау алгоритмін уəкілетті органмен келісу бойынша ұлттық жəне өзге де жобаларды іске асыру үшін жауапты мемлекеттік органның лауазымды адамы бекітеді.
4. Келісімшарттық қызметшіні тарту ұлттық жəне өзге де жобаларды іске асыру үшін жауапты мемлекеттік органның лауазымды адамының ұсынуы бойынша келісімшарт жасасу жəне жұмыс берушінің актісін шығару арқылы жүзеге асырылады.
Мемлекеттік органның келісімшарттық қызметшісі келісімшартының мерзімі қойылған міндеттерді орындау кезеңіне, бірақ ұлттық жəне өзге де жобаларды іске асыру кезеңі ішінде ұзарту мүмкіндігімен күнтізбелік бір жылдан аспайтын кезеңге белгіленеді.
5. Келісімшарттық қызметшінің жұмыс графигі жəне өзге де жеке еңбек жағдайлары мемлекеттік органның келісімшарттық қызметшісінің келісімшартында белгіленеді.
Келісімшарттық қызметшінің еңбегіне ақы төлеу шарттары орындалған жұмыс көлемінің (қойылған міндеттердің) уақыт (міндеттерді, жобаларды іске асыру кезеңдері), сандық жəне (немесе) сапалық көрсеткіштері көрсетіле отырып, келісімшарттық қызметшінің келісімшартында белгіленеді.
Келісімшарттық қызметшілердің еңбегіне ақы төлеу мемлекеттік органды ұстауға не ұлттық жəне өзге де жобаларды іске асыруға көзделген қаражатты үнемдеу есебінен жүзеге асырылады.
6. Мемлекеттік органның келісімшарттық қызметшісінің келісімшарты тараптардың келісімі бойынша бұзылуы мүмкін, келісімшартты бұзудың өзге де талаптары, сондай-ақ оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу келісімшартта жазылады.
Келісімшарттық қызметші мен мемлекеттік орган арасындағы даулар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тəртіппен шешіледі.
87-бап. Шетелдік жұмыскерлер
1. Мемлекеттік органдар уəкілетті комиссияның шешімі бойынша шетелдік жұмыскерлерді Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сəйкес жұмысқа қабылдай алады.
Шетелдік жұмыскерлердің лауазымдарын мемлекеттік органдар уəкілетті комиссиямен келісу бойынша белгілейді.
Шетелдік жұмыскерлерді мемлекеттік органдарға тарту тəртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
2. Мемлекеттік органдарға жұмысқа қабылдау кезінде шетелдік жұмыскерлер Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдары уəкілетті органмен бірлесіп айқындайтын тəртіппен Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының міндетті арнайы тексеруінен өтуге тиіс.
88-бап. Мемлекеттік органдарға техникалық қызмет көрсетуді жəне олардың жұмыс істеуін қамтамасыз етуді жүзеге асыратын адамдар