278. Өнім беруші жеткізу шартын орындауды қамтамасыз етуді онымен жасалған жеткізу шарты бойынша өз міндеттемелерін тиісінше орындайтынына кепілдік ретінде енгізеді.
279. Өнім беруші жеткізу шартын орындауды қамтамасыз етудің мынадай түрлерінің бірін таңдай алады:
1) бірыңғай дистрибьютордың банк шотына енгізілетін кепілді ақшалай жарна;
2) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша қағаз жеткізгіште банк кепілдігі.
280. Әлеуеттi өнiм берушiнің жеткізу шарты бойынша міндеттемелер толық орындалғанға дейін үшінші тұлғаларда енгізілген кепілдікті ақшалай жарнаға тұтастай не бiр бөлiгiнде талап қою құқығының туындауына алып келетін іс-әрекеттерді жасауына жол берiлмейдi.
281. Шартты орындауды қамтамасыз ету аналогы жоқ дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар бойынша шетелдік өндірушімен (дайындаушы зауыт) шарт жасалған жағдайда енгізілмейді.
282. Бірыңғай дистрибьютор өнім берушіге мынадай жағдайларда:
1) өнім берушінің шарт міндеттемелерін орындамауына немесе тиісінше орындамауына байланысты жеткізу шарты бұзылса;
2) жеткізу шарты бойынша өз міндеттемелерін орындамаса немесе тиісінше орындамаса (жеткізу мерзімдерінің бұзылуы, сапасыз дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды жеткізу және шарттың басқа да талаптарын бұзу);
3) орындамағаны және тиісінше орындамағаны үшін жеткізу шартында көзделген айыппұл санкцияларын төлемесе, жеткізу шартын орындауды қамтамасыз етуді қайтармайды.
16-тарау. Инфекциялық және паразиттік аурулардың пайда болуы мен таралуының алдын алуға, төтенше жағдайларды болдырмауға және олардың салдарын жоюға арналған дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алуды жүзеге асырудың ерекше тәртібі (сатып алудың ерекше тәртібі)
283. Сатып алудың ерекше тәртібі:
1) инфекциялық және паразиттік аурулардың пайда болуы мен таралуының алдын алу;
2) төтенше жағдайларды болдырмау және олардың салдарларын жою қажеттілігі болған жағдайларда жүзеге асырылады.
284. Осы Қағидалардың 3-тарауында көзделген әлеуетті өнім берушіге қойылатын біліктілік талаптары және тауарларға қойылатын талаптар сатып алудың ерекше тәртібі тәсілімен сатып алуға қолданылмайды, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар (келісімдер), сондай-ақ оларды іске асыру үшін қол қойылған халықаралық шарттар негізінде жүзеге асырылады.
285. Сатып алудың ерекше тәртібінің мақсаттары үшін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган:
1) сатып алудың ерекше тәртібіне жататын дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың тізбесін (тізімдерін) және көлемін;
2) кедендік тазарту бойынша шығыстарды қоса алғанда, дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың болжамды құнын (бағасын);
3) сатып алуды қаржыландыру көздерін айқындайды.
286. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар (келісімдер), сондай-ақ оларды іске асыру үшін қол қойылған халықаралық шарттар негізінде шетелдік және халықаралық коммерциялық емес ұйымдарға сатып алудың ерекше тәртібіне қатысуға жол беріледі.
287. Қазақстан Республикасы ратификацияланған халықаралық шарттар шеңберінде жасалған шарттарда (келісімдерде) шарт сомасының жүз пайызы мөлшерінде аванстық (алдын ала) төлемге жол беріледі.
288. Сатып алудың ерекше тәртібін жүзеге асыру кезінде бірыңғай дистрибьютор әлеуетті өнім берушіден:
1) дәрілік заттардың және (немесе) медициналық мақсаттағы бұйымдардың бағалары бойынша ұсынысты;
2) дәрілік заттардың және (немесе) медициналық мақсаттағы бұйымдардың Қазақстан Республикасында тіркелгенін және олардың осы Қағидалардың 4-тарауында белгіленген талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттарды, актілерді сұратады.
289. Сатып алудың ерекше тәртібінің шарты (келісімі) осы тараудың талаптары ескеріле отырып жасалады.
17-тарау. Дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдардың өндірісін құруға ниеті бар әлеуетті өнім берушілерден медициналық техниканы жеткізудің ұзақ мерзімді шарты бойынша сатып алуды жүзеге асырудың ерекше тәртібі
290. Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды жеткізудің ұзақ мерзімді шарттарын жасасуға конкурс өткізу мақсатында бірыңғай дистрибьютор номенклатураны қалыптастырғанға дейін дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды жеткізудің ұзақ мерзімді шарттарын жасау бойынша әлеуетті өнім берушілердің өтініштерін ескере отырып, алдын ала номенклатураны қалыптастырады және оны денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органға бекіту үшін жібереді.
Алдын ала номенклатура әлеуетті өнім берушілердің дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар тізбесіндегі олар бойынша конкурс өткізілетін жылы қолданыста болған, дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды жеткізудің бұрын жасалған ұзақ мерзімді шарттары жоқ дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың атауын қамтиды.
291. 2015 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңде жасалған дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды жеткізудің ұзақ мерзімді шарттары бойынша жеткізу кезеңі дәлелденген клиникалық тиімділігі жоқ дәрілік заттарды алып тастау арқылы конкурстық рәсімдер өткізбестен, тараптардың келісімімен әрбір атауы бойынша жеткізу басталған күннен бастап жеті жылдан бастап он жылға дейін ұзартылады. Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды жеткізудің ұзақ мерзімді шартында инвестициялық жобаны іске асыру мерзімі болмаған жағдайда, оны іске асыру мерзімі жеткізу басталғанға дейін осы тармақтың талаптарына сәйкес көрсетілген шарт ұзартылған күннен бастап екі жылдан аспайтын мерзімге белгіленеді.
292. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың алдын ала номенклатурасын алған кезден бастап он жұмыс күні ішінде бірыңғай дистрибьюторға формулярлық комиссия мақұлдаған дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың халықаралық патенттелмеген атауын немесе құрамын, техникалық сипаттамаларын, дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың әрбір атауы бойынша жеткізу кезеңінің ұзақтығын көрсете отырып, бекітілген номенклатураны немесе негіздеме ұсына отырып, дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың атаулары бойынша ұзақ мерзімді жеткізу шарттары бойынша сатып алудың орынсыздығы туралы қорытындыны ұсынады.
293. Бірыңғай дистрибьютор дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың номенклатурасын сатып алудың орынсыз екені туралы қорытынды алған жағдайда, дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың тиісті атаулары (лоттары бойынша) бойынша жеткізудің ұзақ мерзімді шартын жасауға конкурс жарияламайды.
294. Бірыңғай дистрибьютор жеткізудің ұзақ мерзімді шарттарын жасауға конкурс өткізу үшін бағалау комиссиясын (бұдан әрі - комиссия) құрады және оның құрамын бекітеді.
295. Комиссия жеткізудің ұзақ мерзімді шартын жасаған кезден бастап немесе ұзақ мерзімді жеткізу шартын жасауға конкурс өткізілмеді деп танылғанда өз қызметін тоқтатады.
296. Комиссия құрамына:
1) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның дәрілік қамтамасыз етуге жетекшілік ететін құрылымдық бөлімшесінің басшысынан төмен емес қызметкерлері;
2) индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органның фармацевтикалық өнеркәсіпке жетекшілік ететін құрылымдық бөлімшесінің басшысынан төмен емес қызметкерлері;
3) тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органның басқарма басшысынан төмен емес қызметкерлері (келісім бойынша);
4) сараптама ұйымының дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы мамандандырылған сараптау мәселелеріне жетекшілік ететін құрылымдық бөлімшелерінің басшыларынан төмен емес қызметкерлері;
5) бірыңғай дистрибьютордың құрылымдық бөлімшелерінің басшыларынан төмен емес қызметкерлері;
6) Қазақстан Республикасының «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері кіреді.
297. Комиссияның құрамына төраға, төрағаның орынбасары және комиссия мүшелері кіреді. Комиссия мүшелерінің жалпы саны тақ санды құрауы тиіс және тоғыз адамнан кем болмауы тиіс. Комиссияның шешімдері хаттамамен ресімделеді. Комиссия хатшысы комиссия мүшесі болып табылмайды және комиссия шешім қабылдаған кезде дауыс беру құқығы болмайды.
298. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның комитет төрағасының орынбасарынан төмен емес қызметкері төраға болып, бірыңғай дистрибьютордың басшысы төрағаның орынбасары болып тағайындалады.
299. Төраға оның қызметіне басшылық етеді, отырыстарда төрағалық етеді, жұмысты жоспарлайды және оның шешімдерінің іске асырылуына жалпы бақылауды жүзеге асырады. Төраға болмаған уақытта оның функцияларын орынбасары атқарады.
300. Бірыңғай дистрибьютордың қызметкері комиссия хатшысы болып табылады, ол әлеуетті өнім берушілерден өтінімдері бар конверттерді қабылдайды, комиссия отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстарды, қажетті құжаттар мен материалдарды дайындайды, комиссия отырысы өткен соң оның хаттамаларын рәсімдейді, келіп түскен өтінімдерді және конверттерді ашу рәсіміне қатысуға ниет білдірген әлеуетті өнім берушілерді тіркеу журналдарын жүргізеді, онда әлеуетті өнім берушілердің өтінімдері бар конверттерді ұсыну уақыты мен күні, әлеуетті өнім берушінің уәкілетті өкілінің (өтінімі бар конвертті ұсынған және конверттерді ашу рәсіміне қатысқан адамның) тегі, аты, әкесінің аты көрсетіледі. Келіп түскен өтінімдерді және конверттерді ашу рәсіміне қатысуға ниет білдірген әлеуетті өнім берушілерді тіркеу журналдары тігілген, беттері нөмірленген, соңғы бетіне бірыңғай дистрибьютордың уәкілетті адамының қолы қойылған болуы тиіс.
301. Комиссия отырысы комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан жағдайда өткізіледі.
302. Комиссияның шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады және егер оған қатысқан комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілігі дауыс берген болса, қабылданған болып саналады. Дауыстар тең болған жағдайда, комиссия төрағасы немесе ол болмаған жағдайда төрағаның орынбасары дауыс берген шешім қабылданған болып есептеледі.
303. Қажет болған кезде комиссия өлшемшарттар бойынша сәйкестігін бағалау үшін тиісті салалардан сарапшыны тарта алады. Сарапшының комиссия шешім қабылдаған кезде дауыс беруге құқығы болмайды.
304. Сарапшы бағалау өлшемшарттары бойынша комиссия қойған сұрақтарға сараптамалық қорытынды береді.
305. Сараптамалық қорытынды ұсынымдық сипатқа ие және өтінімдерді бағалау кезінде ескеріледі, жазбаша түрде ресімделеді, сарапшы қол қояды және комиссия отырысының хаттамасына қоса беріледі.
306. Бірыңғай дистрибьютор әлеуетті өнім берушілер өтінімдерін беретін соңғы күнге дейін кемінде күнтізбелік 20 (жиырма) күн бұрын өзінің интернет-ресурсына мемлекеттік және орыс тілдерінде жеткізудің ұзақ мерзімді шартын жасауға конкурс өткізілетіні туралы хабарландыру орналастырады.
307. Жеткізудің ұзақ мерзімді шартын жасауға конкурс өткізілетіні туралы хабарландыруда мынадай мәліметтер:
1) бірыңғай дистрибьютордың атауы, мекенжайы және банктік деректемелері;
2) дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың халықаралық патенттелмеген атаулары немесе құрамы және олардың техникалық сипаттамалары көрсетілген дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың номенклатурасы;
3) жеткізудің ұзақ мерзімді шартын жасауға конкурсқа қатысу үшін өтінімдерді қабылдаудың аяқталатын күні, уақыты және орны;
4) өтінімдер салынған конверттерді ашу күні, уақыты және орны қамтылады.
308. Жеткізудің ұзақ мерзімді шартын жасасу үшін конкурсқа қатысуға ниет білдірген әлеуетті өнім беруші өтінімдерді қабылдау мерзімінің соңғы күніне дейін бірыңғай дистрибьюторға жабылған түрде өтінімді ұсынады.
309. Оларды ұсыну соңғы мерзімі өткеннен кейін алынған, сондай-ақ нөмірленбеген және әлеуетті өнім берушінің қолымен расталмаған өтінім қабылданбайды және ол ұсынған әлеуетті өнім берушіге кері қайтарылады.
310. Әлеуетті өнім беруші өтінім беру мерзімі аяқталғанға дейін өз өтінімін өзгерте алады немесе кері қайтара алады. Әлеуетті өнім берушінің өтінімді қайтару туралы хабарламасы бірыңғай дистрибьюторға жазбаша түрде жіберілуі керек, бірақ өтінім берудің соңғы мерзімінен кешіктірілмеуі тиіс.
311. Әлеуетті өнім беруші өтінімді конвертке салады, онда әлеуетті өнім берушінің атауы және заңды мекенжайы көрсетілуі тиіс. Конверт бірыңғай дистрибьютордың хабарландыруда көрсетілген мекенжайына жіберілуге және: «Жеткізудің ұзақ мерзімді шартын жасауға арналған конкурс» және «__________дейін ашуға болмайды (хабарландыруда конверттерді ашу күні және уақыты көрсетіледі)» деген сөздер болуы тиіс.
312. Әлеуетті өнім беруші өтінімді түпнұсқада және көшірмеде беттері нөмірленген, бөлек тігілген түрде, конверттерде түпнұсқа және көшірме екенін, сондай-ақ өзінің заңды және нақты мекенжайын көрсете отырып ұсынады, соңғы парағы уәкілетті адамның қолымен расталады.
313. Жеткізудің ұзақ мерзімді шартын жасауға арналған конкурсқа қатысуға ниет білдірген әлеуетті өнім берушілер мынадай құжаттар тізбесіне сәйкес өтінім береді:
1) дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың атаулары (лоттары) көрсетіле отырып және өтінімге денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша қоса берілетін құжаттардың тізімдемесін қоса бере отырып, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша конкурсқа қатысуға арналған өтінім;
2) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің немесе анықтаманың көшірмесі;
3) заңды тұлға жарғысының көшірмесі (егер жарғыда құрылтайшылар, қатысушылар немесе акционерлер құрамы көрсетілмесе, акция иелерінің тізілімінен немесе құрылтайшылар, қатысушылар құрамы туралы үзінді немесе құрылтай шартының көшірмесі де ұсынылады);
4) мыналар:
инвестициялық жобаның мақсаты және операторы;
инвестициялық жобаның құны және қаржыландыру көздері; коммерциялық бөлім;
өнімді сату бағдарламасы;
техникалық бөлім;
технологияның сипаты;
жабдықтың сипаты;
экологиялық бөлім;
қаржы бөлімі;
әлеуметтік-экономикалық бөлім;
жобалық тәуекелдер, дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар өндірісін құру және (немесе) жаңғырту бойынша инвестициялық жобаны іске асыру мерзімдері;
дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды жеткізу кезеңінің басталу күні;
денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша, дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар өндірісін құру және (немесе) жаңғырту бойынша инвестициялық жобаны іске асыру кезеңдері мен жартыжылдық кесте;
өндірілетін дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың тізімі;
инфрақұрылымы туралы ақпарат көрсетіле отырып, техникалық-экономикалық негіздеме және (немесе) бизнес-жоспар;
5) конкурс жарияланған күннің алдында бір айдан ерте емес «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы алынған салық төлеушінің салық берешегінің, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша, әлеуметтік аударымдар және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар және (немесе) жарналар берешегінің жоқ (бар) екендігі туралы мәліметтер;
6) әлеуетті өнім берушіге қызмет көрсететін банктің Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі басқармасының қаулысымен бекітілген екінші деңгейдегі банктердегі, ипотекалық ұйымдардағы және «Қазақстан Даму Банкі» акционерлік қоғамындағы бухгалтерлік есепке алу шоттарының үлгі жоспарына сәйкес банктің алдында әлеуетті өнім берушінің үш айдан астам мерзімге созылған міндеттемелерінің барлық түрлері бойынша мерзімі өткен берешегінің жоқ екені туралы конкурс жарияланған күннен ерте емес берілген, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша банк анықтамасының қол қойылған түпнұсқасы (егер әлеуетті өнім беруші бірнеше банктің немесе шетелдік банктің клиенті болып табылған жағдайда, онда осындай банктердің әрқайсысынан мұндай анықтама беріледі).
Осы тармақшада көзделген бірнеше дәрілік заттарға, медициналық мақсаттағы бұйымдарға өтінім берілген жағдайда, техникалық-экономикалық негіздеме және (немесе) бизнес-жоспар туралы ақпарат әрбір атау бойынша жеке ұсынылады.
314. Комиссия өтінімдер салынған конверттерді хабарландыруда көрсетілген уақытта, мерзімде және орында ашады.
315. Әлеуетті өнім берушілер не олардың уәкілетті өкілдері өтінімдер салынған конверттерді ашу кезінде қатыса алады.
Әлеуетті өнім берушілер және олардың уәкілетті өкілдері өтінімдер салынған конверттерді ашу рәсімін жазу үшін пайдалануға ниет етіп отырған аудиожазба мен бейне түсірілімнің техникалық құралдары туралы комиссияны хабардар етеді.
316. Өтінімдер салынған конверттерді ашу кезінде комиссия хатшысы қатысып отырған адамдарға конкурсқа қатысушы әлеуетті өнім берушілердің атауларын және мекенжайларын, әлеуетті өнім берушілердің өтінімдері ұсынылған лоттардың атауларын хабарлайды және аталған ақпараттық өтінімдер салынған конверттерді ашу хаттамасына тіркейді.
317. Комиссия хатшысы индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органға конверттерді ашу рәсімінен кейін үш жұмыс күні ішінде салалық қорытынды алу үшін өтінімдердің көшірмелерін жібереді.
318. Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті орган өтінім көшірмелерін алған кезден бастап он жұмыс күні ішінде бірыңғай дистрибьюторға: жоба конкурс комиссиясының одан әрі қарауына ұсынылады немесе ұсынылмайды деген салалық қорытындыны жібереді.
319. Салалық қорытынды техникалық-экономикалық негіздеме және (немесе) бизнес-жоспар негізінде мынадай өлшем шарттар бойынша беріледі: жобаның зерттелу дәрежесі, қаржыландыру көздері, инфрақұрылыммен және жер учаскесімен қамтамасыз етілуі.
320. Өтінімдерді бағалау кезінде:
1) әлеуетті өнім берушілер өтінімде көрсетілген инвестициялық жобаны таныстыру үшін комиссияның отырысына шақырылады;
2) сұрақтар мен ескертулер туындаған жағдайда комиссия әлеуетті өнім берушілерден өтінімде ұсынылған құжаттар бойынша түсіндірулерді сұратады. Әлеуетті өнім беруші үш жұмыс күні ішінде комиссияға жазбаша түсіндірмені ұсынады;
3) осы Қағидалардың талаптарына сай келмейтін өтінімді осы талаптарға сәйкес келтіру үшін сұратуларға, ұсыныстарға немесе толықтыруларға жол берілмейді;
4) бірыңғай дистрибьютор хабарлаған дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың атаулары ғана ескеріледі.
321. Комиссия өтінімдерді индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органның салалық қорытындысын алғаннан кейін келесі күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде қарайды.
Әлеуеттi өнiм берушiлердiң банкрот не тарату рәсiмiне қатысы жоқтығы бөлiгiнде олардың бiлiктiлiк талаптарына сәйкес келуiн нақтылау мақсатында комиссия банкрот не тарату рәсiмдерiнiң жүргiзiлуiн бақылауды жүзеге асыратын уәкiлеттi органның интернет-ресурсына орналастырылған ақпаратты қарайды, олардың жосықсыз өнім берушілер тізбесінде болуы бөлігінде денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылған ақпаратты қарайды.
322. Дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың (лоттардың) атаулары бойынша ұсынылған осы тараудың талаптарына сәйкес кері қайтарылмаған екі және одан да көп (лотта бәсекелестік орта болған жағдайда) өтінімді комиссия балдық жүйемен бағалайды.
323. Әлеуетті өнім берушілердің өтініміне мынадай бағалау өлшем шарттары (балдық жүйе) қолданылады:
1) инвестициялық жобаны іске асыруды толық өтейтін қаржы құралдарының болуы туралы растау:
инвестициялық жобаны іске асыруды толық өтейтін қаржы құралдары (банктің анықтамасы) - 2 балл немесе инвестициялық жобаны іске асыруды толық өтейтін тартылатын қаржы құралдары (банк анықтамасы, қарыз туралы шарт, кредиттік лимит беру туралы шарт) - 1 балл;
2) мамандығы бойынша кемінде бес жыл жұмыс тәжірибесі бар фармацевтикалық өндірістің тиісті мамандарын тарту туралы растау - 2 балл;
3) техникалық-экономикалық негіздемеге және (немесе) бизнес-жоспарға сәйкес дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды өндіру үшін технологиялық жабдықтың болуы туралы растау (технологиялық жабдықтарды меншік құқығына сатып алуды (ниетін) растайтын құжат) - 1 балл;
4) инвестициялық жобада көрсетілген дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың өндірісін құру үшін пайдаланылатын тиісті үй-жайдың болуы туралы растау:
меншік құқығындағы үй-жай (үй-жайға меншік құқығын растайтын құжат және конкурс жарияланған күннен бұрын берілмеген жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) және оның техникалық сипаттамалары туралы анықтама) - 2 балл, немесе жалға, сенімгерлікпен басқаруға, уақытша пайдалануға алынған үй-жай (жалға, сенімгерлік басқаруға, уақытша пайдалануға алу туралы шарт (келісім) - 1 балл;
5) дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың өндірісін құру үшін пайдаланылатын жер учаскесінің болуы туралы растау:
дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың өндірісін құру үшін пайдаланылатын меншіктегі жер учаскесі (тиісті инвестициялық жобаға сәйкес келетін нысаналы мақсаты көрсетілген жер учаскесінің актісі және конкурс жарияланған күннен бұрын берілмеген жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) және оның техникалық сипаттамалары туралы анықтама) - 2 балл, немесе дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың өндірісін құру үшін пайдаланылатын жалға, сенімгерлікпен басқаруға, уақытша жер пайдалануға алынған жер учаскесі (тиісті инвестициялық жобаға сәйкес келетін нысаналы мақсаты көрсетілген жер учаскесінің актісі) - 1 балл;
6) құрылыс салу жағдайында жобалау-сметалық құжаттамасына мемлекеттік сарапта қорытындысының болуы - 2 балл;
7) құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүзеге асыруға лицензиялардың көшірмелерін және оған қосымшаларды ұсына отырып, құрылыс-монтаждау жұмыстарына шарттың болуы - 1 балл;
8) Қазақстан Республикасында өндірілетін дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды ТМД елдеріне жеткізуге келісімшарттар ұсынған әлеуетті өнім берушіге - 1 балл беріледі;
9) әлеуетті өнім берушіге өндіріс циклі бойынша мынадай балдар беріледі:
толық Қазақстанда шығарылған дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар өндірісіне (Қазақстан Республикасының аумағында шығарылатын өнімдерден ғана тұратын Қазақстанда өндірілетін дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар) - 3 балл, немесе жеткілікті өңдеу өлшем шарттарына сәйкес дәрілік заттарға, медициналық мақсаттағы бұйымдарға өзіне тән қасиет беру үшін субстанцияларды/шикізатты қайта өңдеу арқылы дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар өндірісіне - 2 балл, немесе «in-bulk»-ты қоса алғанда, қайта қапталған өнім/қапталған дайын өнім өндірісіне - 0,5 балл.
«СТ-KZ» ішкі айналым үшін тауардың шыққан тегі туралы сертификаты бар дәрілік заттар/медициналық мақсаттағы бұйымдар осы тармақ бойынша жалпы негізде, өндірістік циклға сәйкес бағаланады.
Өндіріс циклі бойынша қорытынды балл мынадай формула бойынша орташа арифметикалық мәнді айқындау жолымен айқындалады (осы тармақшаға ғана қолданылады):
Б=(N1+N2+Nn)/Р
Б - өндіріс циклі бойынша қорытынды балл;
N - тиісті лот үшін балл;
Р - комиссия конкурсқа қабылдаған лоттар саны.
Балл алу үшін әлеуетті өнім беруші денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша ақпаратты ұсынады.
324. Балл алу үшін барлық құжаттар түпнұсқада немесе нотариат растаған көшірмелер түрінде беріледі.
325. Осы тарауда көзделген әрбір өлшем шарт бойынша балдарды қосу арқылы ең көп балл жинаған әлеуетті өнім беруші жеңімпаз деп танылады.
326. Жарияланған номенклатурадан қалған дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың атаулары (лоттары) балдарының кемуі бойынша тиісінше кейінгі орын алған әлеуетті өнім берушілер арасында бөлінеді.
327. Балдар тең болған жағдайда, комиссия жеңімпазды ең жоғары шартты бағалық жеңілдік бойынша айқындайды.
328. Өтінімдерді қарау қорытындылары бойынша бағалау хаттамасы жасалады, оған қатысушы комиссия мүшелері қол қояды және мынадай:
1) индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті орган инвестициялық жобаларын іске асыруға орынды немесе орынсыз деп танылған әлеуетті өнім берушілер туралы;
2) ұзақ мерзімді жеткізу шартын жасауға жататын номенклатурасы бар әлеуетті өнім берушілер туралы;
3) ең жоғары баға жеңілдігін айқындау рәсіміне жіберілген әлеуетті өнім берушілер туралы (балдар тең болған жағдайда), сондай-ақ әлеуетті өнім берушілерден ең жоғары шартты баға жеңілдігін қабылдау күні, уақыты және орны туралы ақпараттарды қамтиды.