185. Әрбір бөлігі жеке тігіледі және нөмірленеді, соңғы беттеріне уәкілетті тұлға қол қояды, бастапқы баға ұсынысы тігілмейді және жеке беріледі, бірақ бір конвертке салынады.
186. Конвертте әлеуетті өнім берушінің атауы және заңды мекенжайы көрсетіледі. Конверт бірыңғай дистрибьюторға хабарландыруда көрсетілген мекенжай бойынша жіберіледі және «Екі кезеңдік рәсімдерді пайдаланумен өтетін тендер__________________(тендердің атауы көрсетіледі)» және «______________ дейін ашуға болмайды (хабарландыруда көрсетілген конверттерді ашу күні және уақыты көрсетіледі)».
187. Тендерлік өтінімді қамтамасыз ету тігілмейді және конвертке салынбайды, тендерлік өтінім салынған конверттен бөлек ұсынылады және тендерлік өтінімдерді ұсынудың соңғы мерзімі өткенге дейін өтінімдерді қамтамасыз ету журналында тіркеледі.
188. Тендерлік өтінімде, конвертте әлеуетті өнім берушінің грамматикалық немесе арифметикалық қателерді түзету қажет болатын жағдайларды қоспағанда, жолдар арасында ешқандай өндірме, өшірілген сөздер немесе толықтырулар енгізуге жол берілмейді.
189. Тендерлік өтінімнің негізгі бөлігі әлеуетті өнім берушіге қойылатын білікті талаптарына сәйкестігін растайтын мынадай құжаттарды қамтуға тиіс:
1) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша тендерге қатысуға өтінім (электрондық жеткізгіште өтінімге қоса беріліп отырған құжаттардың тізімдемесі ұсынылады);
2) заңды тұлғаның мемлекеттік тіркеу туралы (қайта тіркеу) куәлігінің көшірмесі не заңды тұлғаның мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама, жеке куәлігінің көшірмесі;
3) заңды тұлға үшін жарғының көшірмесі (егер жарғыда құрылтайшылардың, қатысушылардың немесе акционерлердің құрамы көрсетілмесе, сондай-ақ құрылтайшылардың, қатысушылардың құрамы туралы үзінді немесе құрылтай шартының көшірмесі немесе хабарландыру күнінен кейін жұмыс істеп тұрған акцияларды ұстаушылардың тізілімінен үзінді ұсынылады);
4) тиісті мемлекеттік орган берген (кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғаға), заңды тұлға құрмай кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру құқығын беретін құжат көшірмесі, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
5) Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес алынған (жіберілген) рұқсаттар (хабарламалар) немесе электрондық құжат түріндегі рұқсаттар (хабарламалар) көшірмесі, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде расталатын мәліметтер. Мемлекеттік органның ақпараттық жүйесінде мәліметтер болмаған жағдайда әлеуетті өнім беруші Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес алынған (жіберілген) тиісті рұқсаттардың (хабарламалар) нотариат куәландырған көшірмесін;
6) конверттерді ашу күнінің алдындағы бір айдан ерте емес «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы алынған салық төлеушінің салықтық берешегінің, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар және (немесе) жарналар бойынша берешектің жоқ (бар) екендігі туралы мәліметтер;
7) конверттерді ашу күнінің алдында бір айдан ерте емес берілген денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының қаулысымен бекітілген(егер әлеуетті өнім беруші бірнеше банктің немесе шетел банкінің клиенті болып табылса, онда шетелде орналасқан әлеуетті өнім берушінің филиалдары және өкілеттіліктерін қоспағанда, мұндай банктің әрқайсысынан анықтама ұсынылады) әлеуетті өнім берушіге қызмет көрсететін банктің (тердің) екінші деңгейдегі банктердегі, ипотекалық ұйымдардағы және «Қазақстанның даму банкі» акционерлік қоғамындағы бухгалтерлік есепке алу шоттарының үлгі жоспарына сәйкес үш айдан астам созылатын міндеттемелерінің барлық түрлері бойынша мерзімі өткен берешегінің жоқтығы туралы қол қойылған банк анықтамасының түпнұсқасы;
8) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша біліктілігі туралы мәлімет;
9) егер әлеуетті өнім беруші басым құқыққа үміткер болса, тиісті өндірістік практика талаптарына (GMP) немесе халықаралық стандартқа (дәрілік заттарды сатып алу үшін) және (немесе) тиісті дистрибьюторлық практика (дәрілік заттарды сатып алу үшін) (GDP) және тиісті дистрибьюторлық практика (GPP) талаптарына объектінің сәйкестігі туралы сертификаттың көшірмесі (фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алу үшін);
10) егер әлеуетті өнім беруші Қазақстан Республикасының резиденті болып табылмаса және Қазақстан Республикасында салық төлеуші ретінде тіркелмесе, онда оларға Қазақстан Республикасының мемлекеттік кірістер органының осы әлеуетті өнім беруші Қазақстан Республикасының бейрезиденті және салықтық есепте тұрмайтыны туралы хаттың түпнұсқасын немесе көшірмесін ұсынады;
11) қосалқы көрсетілетін қызметтер (медициналық техниканы сатып алу кезінде).
190. Тендерлік өтінімнің техникалық бөлігі ұсынылатын дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың осы Қағидаларда белгіленген талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттардан тұруға тиіс:
1) медициналық техниканы *doc форматындағы электрондық жеткізгіште ұсынған кезде ұсынылатын тауардың дәлме-дәл сипаттамалары көрсетілген техникалық ерекшелігі;
2) ұсынылып отырған дәрілік заттардың, профилактикалық, (иммундық-биологиялық, диагностикалық, дезинфекциялық) препараттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың осы Қағидалардың 4-тарауында қарастырылған талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттар;
3) дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды сақтау және тасымалдау үшін жағдайлардың болуын тексеру актісінің, қажет болған кезде «салқындату тізбегінің» болуы туралы санитариялық-эпидемиологиялық зерттеу актісінің көшірмесін (актілер өтінімдері бар конверттер ашылған күнге дейін бір жылдан кешіктірілмей берілуге тиіс). Әлеуетті өнім беруші тиісті дистрибьюторлық практика сертификатын (GDP) ұсынған жағдайда жоғарыда көрсетілген актілер ұсынылмайды;
191. Әлеуетті өнім беруші денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша басшы немесе уәкілетті тұлға қол қойған және бір лот бойынша бір ғана (бастапқы, соңғы немесе қосымша) баға ұсынысын береді.
192. Бастапқы баға ұсынысы тендерлік өтінім салынған конвертте ұсынылады.
193. Соңғы баға ұсынысы (қажет болған кезде қосымша) аукцион күні ұсынылады.
194. Әлеуетті өнім берушінің баға ұсыныстарына (бастапқы, соңғы немесе қосымша) бірыңғай дистрибьюторға тауарларды жеткізумен байланысты барлық шығындар енгізіледі.
195. Әлеуетті өнім берушінің тиісті баға ұсынысын ұсынуы хабарламада көрсетілген шарттарды және денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша жеткізу шартының үлгі шартының талаптарын сақтай отырып, тауарды жеткізуді жүзеге асыруды келісуді білдіру нысаны болып табылады.
196. Әлеуетті өнім берушінің өзінің тендерлік өтінімін тендерлік өтінімді ұсыну мерзімі өткенге дейін өзгертуге, қайтаруға және қайтаруды қамтамасыз етуге құқығы бар.
197. Әлеуетті өнім берушінің тендерлік өтінімді қайтару туралы хабарламасы бірыңғай дистрибьюторға жазбаша түрде, бірақ тендерлік өтінімдерді ұсынудың соңғы мерзімінен кешіктірілмей жіберілуге тиіс.
198. Тендерлік өтінімдерді қабылдаудың соңғы мерзімі өткеннен кейін егер бірыңғай дистрибьютордың ескертулерінің негізінде тендерлік өтінімге осы Қағидаларға сәйкес өзгерістер енгізілген болса, тендерлік өтінімдерге және оларды қамтамасыз етуге өзгерістер енгізуге жол берілмейді.
3-параграф. Кепілдікті қамтамасыз ету
199. Әлеуетті өнім беруші екі кезеңдік тендерге қатысу үшін дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды, медициналық техниканы сатып алуға бөлінген соманың үш пайызы мөлшерінде бірыңғай дистрибьюторға тендерлік өтінімді кепілдікті қамтамасыз етуді енгізеді. Бірнеше лот бойынша қатысқан жағдайда әлеуетті өнім беруші әрбір лотқа жеке тендерлік өтінімді кепілдікті қамтамасыз етуді ұсына алады.
200. Тендерлік өтінімді кепілдікті қамтамасыз етуді тендерлік өтінімдерді қабылдаудың соңғы мерзімі өткенге дейін ұсынбаған кезде осындай әлеуетті өнім берушінің тендерлік өтінімі қаралмай қайтарылады.
201. Әлеуетті өнім беруші тендерлік өтінімді кепілдікті қамтамасыз етудің мынадай түрлерінің бірін таңдап ала алады:
1) бірыңғай дистрибьютордың банк шотына енгізілетін кепілдікті ақша жарнасы;
2) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша банктік кепілдіктің түпнұсқасы.
202. Әлеуетті өнім берушіге тендерлік өтінімнің қолданылу мерзімі өткенге дейін тұтастай не енгізілген кепілдікті ақша жарнасы бөлігінде үшінші тұлғалардың талап ету құқығы пайда болуына алып келетін әрекеттерге жол берілмейді.
203.Бірыңғай дистрибьютор банктік кепілдікті тіркеу журналында мынадай мәліметтерді көрсетеді:
1) екі кезеңдік тендердің атауы, хабарландыру күні;
2) кепілдікті қамтамасыз етуді ұсынған әлеуетті өнім берушінің уәкілетті өкілінің тегі, аты, әкесінің аты (бар болса);
3) банктік кепілдікті тіркеу күні мен уақыты.
204. Тендерлік өтінімді кепілдікті қамтамасыз ету тиісті лоттар бойынша қайтарылмайды, егер әлеуетті өнім беруші:
1) тендерлік өтінімдерді қабылдаудың соңғы мерзімі өткеннен кейін тендерлік өтінімді қайтарып алғанда немесе өзгерткенде (бірыңғай дистрибьютордың ескертпесі негізінде тендерлік өтінімге осы Қағидаларға сәйкес енгізілген өзгерістерді қоспағанда);
2) жеңімпаз екі кезеңдік тендер жеңімпазын танылғаннан кейін жеткізу шартын немесе қаржылық лизинг шартын жасаудан бас тартқанда;
3) жеңімпаз жеткізу шартын немесе қаржылық лизинг шартын кепілдікті қамтамасыз етуді енгізбеген немесе уақтылы енгізбегенде;
4) осы лот бойынша сатып алу үшін бөлінген сомадан асқан баға ұсынысын бергенде;
5) осы Қағидаларда белгіленген тәртіпте бастапқы баға ұсынысын бермегенде;
6) екінші орын алған әлеуетті өнім беруші жеткізу шартын немесе қаржылық лизинг шартын жасасудан бас тартқанда;
7) екінші орын алған әлеуетті өнім беруші жеткізу шартын немесе қаржы лизингі шартын жасасқанда шартты орындауда кепілдікті қамтамасыз етуді мерзімінде енгізбесе.
205. Тендерлік өтінімді кепілдікті қамтамасыз ету:
1) әлеуетті өнім беруші тендерлік өтінімді тендерлік өтінімді қабылдаудың соңғы мерзімі өткенге дейін қайтарып алған;
2) екі кезеңдік тендердің қорытындыларын шығару хаттамасына қол қойылған (екінші орын алған жеңімпазын және әлеуетті өнім берушіні қоспағанда);
3) шарт өз күшіне енген және жеңімпаз шартты кепілдікті қамтамасыз еткен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қайтарылады.
206. Екінші орын алған әлеуетті өнім берушіге тендерлік өтінімді кепілдікті қамтамасыз ету жеңімпаз шартты кепілдікті қамтамасыз етуді енгізгеннен кейін бес жұмыс күні ішінде қайтарылады.
207. Бірыңғай дистрибьютор өнім берушімен қаржы лизингі шартын жасасу туралы лизинг беруші хатты алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде тендерлік өтінімді қамтамасыз етуді қайтарып береді.
4-параграф. Тендерлік өтінімдерді ашу және қарау
208. Тендерлік өтінімдер салынған конверттерді ашуды комиссия екі кезеңдік тендер өткізу туралы хабарландыруда көрсетілген күні, уақытта және орында жүргізеді.
209. Тендерлік өтінімдер салынған конверттерді ұсынудың соңғы мерзімі мен оларды ашудың соңғы мерзімі арасындағы кезең екі сағаттан аспауға тиіс.
210. Хабарландыруда және осы Қағидаларда белгіленген мерзімде және тәртіпте берілген әлеуетті өнім берушілердің тендерлік өтінімдері бар конверттер ашуға жатады.
211. Тендерлік өтінімді ұсынған әлеуетті өнім беруші және (немесе) оның уәкілетті өкілі тендерлік өтінімдер салынған конверттерді ашуға қатыса алады.
Әлеуетті өнім берушілер және олардың уәкілетті өкілдері олар тендерлік өтінімдер салынған конверттерді ашу рәсімін жазып алу үшін пайдалануға ниетін аудио жазбалар мен бейнежазбалардың техникалық құралдары туралы комиссияны хабардар етеді.
212. Конверттерді ашу кезінде комиссия отырысында:
1) комиссия хатшысы қатысушыларға комиссия құрамы; белгіленген мерзімде тендерлік өтінімдерді ұсынған әлеуетті өнім берушілерді тіркеу журналында тіркелген тендерлік өтінімдер туралы хабардар етеді; осы тендер бойынша өзге де ақпаратты жария етеді;
2) төраға немесе комиссия мүшелерінің ішінен айқындалған тұлға: тендерлік өтінімдер салынған конвертті ашады, құжаттар тізбесін және олардың қысқаша мазмұны мен әрбір лот бойынша мәлімделген бастапқы баға ұсынысын жария етеді:
3) комиссия хатшысы тендерлік өтінімдер салынған конвертті ашу хаттамасын оны ашқан күннен бастап үш жұмыс күні ішінде ресімдейді және оны ресімдегеннен кейінгі келесі күні бірыңғай дистрибьютордың интернет-ресурсында жариялайды.
213. Тендерлік комиссия ашу хаттамасын жариялаған күннен бастап он жұмыс күні ішінде тендерлік өтінімдердің осы Қағидалардың талаптарына сәйкестігін алдын ала қарайды.
214. Комиссия хатшысы тендерлік өтінімдерді ашу күнінен бастап үшінші жұмыс күнінен кешіктірмей тендерлік өтінімдерді сарапшы қарауына (тартылған жағдайда) береді.
215. Комиссия осы Қағидалардың талаптарына сәйкессіздігі анықталған жағдайда осындай әлеуетті өнім берушілерге бірыңғай дистрибьютордың интернет-ресурсында алдын ала қарау хаттамасы орналасқан күннен бастап үш жұмыс күні ішінде тендерлік өтінімдерді сәйкестендіру үшін құқық береді.
216. Осы Қағидалардың 9-тармағын бұзған әлеуетті өнім берушілерге комиссия ескертулерді жою құқығын бермейді.
217. Комиссия енгізілген тендерлік өтінімдерді қамтамасыз етуді мынадай жағдайларда осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келмейді деп таниды:
1) банктік кепілдік түрінде берілген тендерлік өтінімдерді қамтамасыз етудің қолданылу мерзімінің жеткіліксіздігі;
2) комиссияға белгілеуге мүмкіндік бермейтін мәліметтердің болмағанын көрсететін тендерлік өтінімдерді қамтамасыз етудің тиісінше ресімдемеуі:
тендерлік өтінімді қамтамасыз етуді берген тұлға;
оған қатысу үшін банктік кепілдік түрінде тендерлік өтінімді қамтамасыз ету енгізілетін екі кезеңдік тендердің атауы;
тендерлік өтінімді қамтамасыз етудің қолданылу мерзімі, банктік кепілдік түрінде берілген оны ұсыну шарттары;
тендерлік өтінімді қамтамасыз ету берілген тұлға; оның пайдасына тендерлік өтінімді қамтамасыз ету енгізілетін тұлға.
Көрсетілген сәйкессіздіктер бойынша комиссия әлеуетті өнім берушілерге бірыңғай дистрибьютордың интернет-ресурсында алдын ала қарау хаттамасы орналасқан күннен бастап үш жұмыс күні ішінде тендерлік өтінімдерді сәйкестендіру құқығын береді.
218. Алдын ала қарау нәтижелері бойынша хаттама жасалады.
Тендерлік өтінімдерді алдын алу қарау хаттамасы бірыңғай дистрибьютордың интернет-ресурсында он жұмыс күні ішінде, қайта екі кезеңдік тендер кезінде тендерлік өтінімдерді қарау басталған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде орналастырылады, онда:
1) ол қатысатын лот нөмірлері және олардың мәлімдеген әрбір лот бойынша бастапқы баға ұсыныстарын көрсетілген тендерлік өтінімдерді ұсынған әлеуетті өнім берушілердің атауы;
2) аукционға жіберілген әлеуетті өнім берушілердің атауы;
3) олардың тендерлік өтінімдерге ескертулері бар, себептері көрсетілген әлеуетті өнім берушілердің атауы;
4) соның ішінде ескертулерді жою қажет ашу хаттамасын жариялаған күнді қоспағанда, үш жұмыс күні ішіндегі мерзім;
5) ол бойынша екі тендерлік өтінімнен аз ұсынылған лоттардың нөмірлері;
6) ол бойынша отандық тауар өндірушілерінің тендерлік өтінімдері ұсынылған лоттардың нөмірлері;
7) дәрілік заттарды өндірудің тиісті өндірістік практика талаптарына (GMP) және (немесе) медициналық мақсаттағы бұйымдарды өндірудің халықаралық стандарт талаптарына сәйкестігі расталған жағдайда жеткізудің ұзақ мерзімді шарттарын жасасу мүмкіндігі бар отандық тауар өндірушілердің тендерлік өтінімдері салынған лоттардың нөмірлері;
8) ол бойынша кәсіпкерлік бастамаға қолдау көрсетілген лоттардың нөмірлері айқындалады.
219. Алдын ала қарау хаттамасына төраға және комиссияның барлық мүшелері, сондай-ақ тендерлік өтінімдерді алдын ала қарау туралы шешім қабылданған күні комиссия хатшысы қол қояды.
220. Әлеуетті өнім беруші бірыңғай дистрибьюторға комиссия ескертулері бойынша алдын ала қарау хаттамасында көрсетілген мерзімде тендерлік өтінімді беру кезінде қойылатын талаптарға сәйкес рәсімделген тендерлік өтінімге толықтырулар ұсынады.
221. Толықтырулар салынған конвертті комиссия алдын ала қарау хаттамасында көрсетілген мерзімде ашады. Әлеуетті өнім беруші және (немесе) толықтыруды ұсынған оның уәкілетті өкілі тендерлік өтінімге толықтырулар салынған конверттерді ашу кезінде қатыса алады.
222. Толықтырулар салынған конвертті берудің соңғы мерзімі мен оны ашу мерзімі арасындағы кезең екі сағаттан аспауға тиіс.
223. Комиссия тендерлік өтінімдерді бес жұмыс күні ішінде, қайта екі кезеңдік тендер кезінде толықтыруларды ашқаннан кейін үш жұмыс күні ішінде қайта қарайды.
224. Тендерлік өтінімдерді қайта қарау кезінде комиссия:
1) алдын ала қарау хаттамасы тізбесінде көрсетілген әлеуетті өнім берушілердің тендерлік өтінімдерін оларды осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келтіру мен ескертулерді жоюдың толықтығы мәніне қайта қарайды;
2) толық емес, осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келмейтін құжаттар тізбесін ұсынған әлеуетті өнім берушілерді айқындайды;
225. Тендерлік өтінімде қамтылған, ұсынылған мәліметтердің дұрыстығы күмән келтірген жағдайда жетпейтін құжаттарды толықтырумен не тендерлік өтінімге ұсынылған құжаттарды ауыстырумен байланысты комиссия әрекетін қоспағанда, комиссияға қажетті шараларды қабылдауға жол беріледі.
Әлеуетті өнім берушілердің олардың банкроттық не таратылу рәсімдеріне жатқызылмауы бөлігінде біліктілік талаптарына сәйкестігін нақтылау мақсатында конкурстық комиссия банкроттық не таратылу рәсімдерінің жүргізілуіне бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылған олардың жосықсыз әлеуетті өнім берушілерінің тізбесінде болуы бөлігінде ақпаратты қарайды, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның интернет-ресурсындағы ақпаратты қарайды.
226. Қайта қарау нәтижелері бойынша аукционға жіберу хаттамасы жасалады, оған барлық комиссия мүшелері қол қояды және қайта қарау мерзімі аяқталғаннан кейін келесі күні бірыңғай дистрибьютордың интернет-ресурсында орналастырылады.
227. Аукционға жіберу хаттамасы:
1) әрбір әлеуетті өнім беруші қатысатын лоттардың нөмірлері көрсетілген тендерлік өтінімдерді ұсынатын әлеуетті өнім берушілердің атауынан;
2) тендерлік өтінімдеріне ескертулер болмаған әлеуетті өнім берушілердің атауынан;
3) тендерлік өтінімдерге комиссияның ескертпесі, сондай-ақ тендерлік өтінімдерге толықтырулар ұсыну туралы ақпараты бар әлеуетті өнім берушілердің атауынан;
4) ол бойынша отандық тауар өндірушілер тендерлік өтінімдер ұсынған лоттардың нөмірлерінен;
5) кәсіпкерлік бастамаға қолдау көрсетілген лоттардың нөмірлерінен;
6) әрбір лот бойынша әлеуетті өнім берушінің бастапқы баға ұсынысынан;
7) бәсекелестік ортаның болмауына байланысты аукционға қатыспайтын ол бойынша бір ғана әлеуетті өнім беруші жіберілген лоттардың нөмірлерінен;
8) әлеуетті өнім берушілерді аукцион жіберу туралы комиссия шешімінен тұрады.
5-параграф. Тендерлік өтінімді қабылдамау негіздемелері
228. Комиссия тендерлік өтінімді мына жағдайларда тұтастай немесе лот бойынша қабылдамайды:
1) осы Қағидалардың талаптарына сәйкес тендерлік өтінімнің кепілдікті қамтамасыз етуді ұсынбаса;
2) заңды тұлғаның мемлекеттік (қайта) тіркеу туралы куәлік көшірмесін немесе заңды тұлғаның мемлекеттік (қайта) тіркеу туралы анықтаманы, жеке куәлік көшірмесін ұсынбаса;
3) заңды тұлға үшін жарғы көшірмесін ұсынбаса (егер жарғыда құрылтайшылар, қатысушылар немесе акционерлер құрамы көрсетілмесе, құрылтайшылар, қатысушылар құрамы туралы үзінді ұсынылады немесе акция ұстаушыларының тізілімінен үзінді немесе сатып алу хабарланған күннен кейін құрылтайшы шарттың көшірмесі ұсынылады);
4) тиісті мемлекеттік орган берген (кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғаға), заңды тұлға құрмай кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру құқығын беретін құжат көшірмесі, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін (кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғаға) ұсынбаса;
5) Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес алынған (жіберілген) рұқсаттар (хабарламалар) немесе электрондық құжат түріндегі рұқсаттар (хабарламалар) көшірмесі, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде расталатын мәліметтер. Мемлекеттік органның ақпараттық жүйесінде мәліметтер болмаған жағдайда әлеуетті өнім беруші Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес алынған (жіберілген) тиісті рұқсаттардың (хабарламалар) нотариат куәландырған көшірмесін ұсынбаса;
6) конверттерді ашу күнінің алдындағы бір айдан ерте емес «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы алынған салық төлеушінің салықтық берешегінің, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар және (немесе) жарналар бойынша берешектің жоқ (бар) екендігі туралы мәліметтер ұсынылмаса;
7) конверттерді ашу күнінің алдындағы бір айдан ерте емес «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы алынған салық төлеушінің салықтық берешегінің, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар және (немесе) жарналар бойынша берешектің жоқ (бар) екендігі туралы мәліметтер;
8) осы Қағидалардың 3-тарауының талаптарына сәйкес банктің қол қойылған анықтамасының түпнұсқасы ұсынылмаса;
9) банктің немесе банк филиалының анықтамасында осы анықтама берілген күннің алдындағы үш айға созылған әлеуетті өнім берушінің міндеттемелері бойынша мерзімі өткен берешектің болуы;
10) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша біліктілік туралы мәліметтерді ұсынбаса;
11) осы Қағидалардың талаптарына және хабарландыру шарттарына сәйкес техникалық ерекшелік ұсынбаса;
12) әлеуетті өнім беруші осы Қағидалардың талаптарына және (немесе) хабарландыруға сәйкес келмейтін техникалық ерекшелікті ұсынса;
13) дәйексіз ақпаратты ұсыну фактісі анықталса;
14) банкроттық не таралу рәсіміне жатса;
15) осы Қағидалардың 4-тарауында көзделген талаптарға ұсынылған дәрілік заттардың, профилактикалық (иммундық-биологиялық, диагностикалық, дезинфекциялық) препараттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың және медициналық техниканың, фармацевтикалық көрсетілетін қызметтердің сәйкестігін растайтын құжаттарды ұсынбаса;
16) дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды сақтау және тасымалдау үшін жағдайлардың болуын тексеру актісінің, қажет болған кезде «салқындату тізбегінің» болуы туралы санитариялық-эпидемиологиялық зерттеу актісінің көшірмесі ұсынылмаса не көрсетілген актілер, тиісті дистрибьюторлық практиканың сертификатын (GDP) ұсыну жағдайын қоспағанда, өтінімдер салынған конверттер ашылған күнге дейін бір жылдан кешіктіріліп ұсынылса;
17) егер мәлімделген медициналық техниканың техникалық ерекшелігін тіркеу куәлігімен және (немесе) тіркеу дерегімен айқындалған техникалық сипаттамаға және (немесе) құрауыштарға сәйкес келмесе;
18) осы Қағидалардың 19-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда осы Қағидалардың 18-тармағының талаптарына сәйкес келмесе;
19) осы Қағидалардың 26, 31-тармақтарында көзделген;
20) егер тендерлік өтінімнің қолданылу мерзімі хабарландырылған екі кезеңдік тендер шарттарында көрсетілген мерзімнен қысқа болса;
21) егер баға ұсынысы берілмесе немесе қол қойылмаған баға ұсынысы берілсе;
22) халықаралық патенттелмеген атауы және (немесе) сауда атауы бойынша уәкілетті орган белгілеген тиісті лот және шекті бағасы бойынша сатып алу үшін бөлінген бағалардан жоғары баға ұсынысын берсе;
23) тендерлік өтінім және (немесе) өтінімге толықтырулар тігілмеген түрде, беттері нөмірленбеген, конвертке салынбаған, конвертте әлеуетті өнім берушінің, бірыңғай дистрибьютордың атауы немесе заңды мекенжайы көрсетілмей ұсынылса.
6-параграф. Аукцион
229. Аукцион аукционға жіберу хаттамасында көрсетілген уақытта басталады. Әлеуетті өнім беруші баға ұсыныстарын беруге уәкілетті тұлғаның қатысуын қамтамасыз етеді.
230. Хатшы не комиссия мүшесі екі кезеңдік тендер қатысушыларына лот бойынша аукционға жіберілген әлеуетті өнім берушілердің барлық бастапқы баға ұсыныстарын хабарлайды, одан кейін бастапқы баға ұсынысын төмендетуді ұсынады.
Аукционның қадамы ұсынылатын бастапқы баға ұсынысының кемінде жарты (0,5) пайызын құрайды.
231. Соңғы баға ұсыныстарын қабылдауға оларды қабылдау хабарланған кезден бастап саналатын бес минутқа дейін уақыт бөлінеді. Егер бастапқы баға ұсынысты енгізген әлеуетті өнім беруші соңғы баға ұсыныс енгізбесе, онда оның бастапқы ұсынысы соңғы ұсыныс ретінде қабылданады.