390. Конкурстық өтінімнің техникалық ерекшелігі (тігілген түрде, беттері нөмірленген, соңғы парағы заңды тұлғаның қолымен расталған) конкурстық өтінімге бөлек қосылып беріледі және конкурстық өтініммен бір конвертке салынады.
391. Әлеуетті өнім беруші өтінімді конвертке салады. Конвертте әлеуетті өнім берушінің атауы және заңды мекенжайы көрсетіледі. Конверт бірыңғай дистрибьютордың хабарландыруында көрсетілген мекенжайға жіберіледі және мынадай: «Медициналық техниканы берудің ұзақ мерзімді шартын жасауға конкурс» және «______ дейін ашуға болмайды (хабарландыруда конверттер ашылатын күні және уақыты көрсетіледі)» деген сөздер болуы тиіс.
392. Медициналық техниканы жеткізудің ұзақ мерзімді шартын жасасуға конкурсқа қатысу үшін әлеуетті өнім беруші мынадай біліктілік талаптарына сәйкестігін растайды:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген лицензияланатын қызметті орындауға лицензиясының болуы;
2) жасалған шарттар бойынша міндеттемелерді орындауға қажетті қаржылық, материалдық және еңбек ресурстарының болуы;
3) заңды тұлғаның құқық қабілеттілігінің болуы;
4) төлем қабілетінің болуы, таратуға жатпауы, сатып алуды өткізу кезінде Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес оның қаржылық-шаруашылық қызметі тоқтатылмауы тиіс;
5) отандық тауар өндіруші мәртебесінің болуы;
6) салық берешегінің, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар және міндетті медициналық әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар және (немесе) жарналар бойынша берешегінің болмауы;
7) жосықсыз әлеуетті өнім берушілер (өнім берушілер) тізбесінде тұрмауы.
393. Медициналық техниканы жеткізудің ұзақ мерзiмдi шартын жасауға конкурсқа қатысуға ниет білдірген әлеуетті өнім берушілер мынадай құжаттар тізбесіне сәйкес өтінім береді:
1) денсаулық сақтау саласындағы орган бекіткен нысан бойынша медициналық техниканың (лоттардың) атауы көрсетілген конкурсқа қатысуға өтінім;
2) әлеуетті өнім берушіге қойылатын біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттар:
заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің көшірмесі не заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама;
заңды тұлға үшін жарғының көшірмесі (егер жарғыда құрылтайшылар, қатысушылар немесе акционерлер құрамы көрсетілмеген жағдайда, құрылтайшылар, қатысушылар құрамы туралы үзіндіні немесе құрылтай шартының көшірмесі немесе хабарландыру күнінен кейін қолданыстағы акцияларды ұстаушылардың тізілімінен үзінді де ұсынылады);
тиісті мемлекеттік орган берген, заңды тұлғаны құрмай кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға құқық беретін құжаттың көшірмесі, жеке куәліктің немесе төлқұжаттың көшірмесі (кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға үшін);
Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес алынған (жіберілген), олар туралы мәліметтер мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде расталатын рұқсаттардың (хабарламалардың) көшірмелері не электрондық құжат түріндегі рұқсаттар (хабарламалар). Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде мәліметтер болмаған жағдайда әлеуетті өнім беруші Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес алынған (жіберілген) тиісті рұқсаттың (хабарламаның) нотариат куәландырған көшірмесін ұсынады;
конкурс жарияланған күннің алдында бір айдан ерте емес «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы алынған салық төлеушінің салық берешегінің, міндетті зейнетақы жарналары бойынша, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша, әлеуметтік аударымдар және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар және (немесе) жарналар бойынша берешегінің жоқ (бар) екендігі туралы мәліметтер;
әлеуетті өнім берушіге қызмет көрсететін банктің Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі басқармасының қаулысымен бекітілген екінші деңгейдегі банктердегі, ипотекалық ұйымдардағы және «Қазақстан Даму Банкі» акционерлік қоғамындағы бухгалтерлік есепке алу шоттарының үлгі жоспарына сәйкес банктің алдында үш айдан астам мерзімге созылған міндеттемелерінің барлық түрлері бойынша мерзімі өткен берешегінің жоқ екені туралы конверттерді ашу күнінің алдында бір айдан ерте емес берілген, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша банктер анықтамасының қол қойылған түпнұсқасы (егер әлеуетті өнім беруші бірнеше банктердің немесе шетелдік банктің клиенті болып табылған жағдайда, онда анықтама банктердің әрқайсысынан ұсынылады);
3) ұсынылатын тауардың нақты техникалық сипаттамалары көрсетілген қағазда және электрондық түрдегі (doc* форматында) техникалық ерекшеліктер;
4) белгіленген үлгідегі ішкі айналымға арналған тауардың шығуы туралы «CT-KZ» сертификатының түпнұсқасы немесе оның нотариат растаған көшірмесі;
5) медициналық техника өндірісінің ISO халықаралық стандартына сәйкестігін растайтын құжаттың нотариат растаған көшірмесі;
6) ұсынылатын медициналық техниканың осы Қағидалардың 395-тармағында көзделген талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттар.
394. Сатып алынатын медициналық техникаға мынадай талаптар қойылады:
1) медициналық техниканың Қазақстан Республикасында тіркелуі немесе Кодексте көзделген жағдайларда Қазақстан Республикасының аумағына әкелу үшін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның қорытындысының (рұқсат құжатының) болуы. Тіркеу тіркелуін растайтын құжаттың көшірмесімен немесе электрондық-цифрлық қолтаңбамен куәландырылатын ақпараттық Мемлекеттік тізілім ресурсынан алынған көшірме үзіндісімен расталады. Тіркеу қажеттілігінің болмауы сараптама ұйымының немесе денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның хатымен расталады;
2) медициналық техниканы таңбалау, тұтынушы қаптамасы және қолдану жөніндегі нұсқаулық және пайдалану құжаты Кодекстің және денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіптің талаптарына сәйкес келеді;
3) медициналық техника уәкілетті орган бекіткен дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы сақтау қағидаларына сәйкес олардың қауіпсіздігінің, тиімділігі мен сапасының сақталуын қамтамасыз ететін жағдайларда сақталады және тасымалданады;
4) медициналық техника жаңа және бұрын пайдаланылмаған, жеткізу кезінде жиырма төрт айдан асырылмай шығарылған болып табылады;
5) өлшеу құралдарына жататын медициналық техника Қазақстан Республикасының өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттік өлшем бірлігі жүйесінің тізіліміне енгізілген. Қазақстан Республикасының өлшем бірлігі жүйесінің тізіліміне енгізу техникалық реттеу және метрология саласындағы уәкілетті орган берген сертификаттың көшірмесімен расталады. Өлшем бірлігі жүйесінің тізіліміне енгізу қажеттілігінің болмауы техникалық реттеу және метрология жөніндегі уәкілетті органның хатымен расталады;
6) жылжымалы кешен арнайы автокөліктен, медициналық техникадан, медициналық мақсаттағы бұйымдардан тұратын бірыңғай кешен ретінде тіркелген.
395. Комиссия өтінімдер салынған конверттерді хабарландыруда көрсетілген уақытта, мерзімде және орында ашады.
396. Комиссия конверттерді ашу кезінде рәсімдерді өткізу орнын, уақытын мен күнін көрсете отырып, регламентті әлеуетті өнім берушілердің назарына жеткізеді. Регламент бірыңғай дистрибьютордың интернет-ресурсында да орналастырылады.
397. Әлеуетті өнім берушілер не олардың уәкілетті өкілдері өтінімдері бар конверттерді ашу кезінде қатыса алады.
398. Өтінімдер салынған конверттерді ашу кезінде комиссия хатшысы қатысып отырған адамдарға конкурсқа қатысушы әлеуетті өнім берушілердің атаулары мен мекенжайларын, әлеуетті өнім берушілердің өтінімдері ұсынылған лоттардың атауларын хабарлайды және аталған ақпаратты өтінімдер салынған конверттерді ашу хаттамасына тіркейді.
399. Конкурстық өтінімдер салынған конверттерді ашқан кезден бастап он жұмыс күні ішінде комиссия әлеуетті өнім берушілер ұсынған конкурстық өтінімдердің біліктілік талаптарына және осы Қағидалардың талаптарына сәйкестігі тұрғысынан қарайды.
Әлеуеттi өнiм берушiлердiң банкроттық не тарату рәсiмiне қатысы жоқтығы бөлiгiнде олардың бiлiктiлiк талаптарына сәйкес келуiн нақтылау мақсатында комиссия банкроттық не тарату рәсiмдерiнiң жүргiзiлуiн бақылауды жүзеге асыратын уәкiлеттi органның интернет-ресурсында орналастырылған ақпаратты қарайды, олардың жосықсыз өнім берушілер тізбесінде болуы бөлігінде денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның интернет ресурсына орналастырылған ақпаратты қарайды.
400. Комиссия регламентке сәйкес күні мен уақытына сәйкес, бірақ конкурстық өтінімдерді қараудың оныншы жұмыс күнінен кешіктірмей ашу хаттамасын (отырыс өткізу және бірыңғай дистрибьютордың интернет-ресурсында орналастыру арқылы) әлеуетті өнім берушілердің назарына жеткізеді, онда мынадай ақпарат көрсетіледі:
1) әлеуетті өнім берушілердің әрқайсысы қатысатын лоттардың нөмірлері көрсетілген, конкурстық өтінімдерді ұсынған әлеуетті өнім берушілердің атаулары;
2) әлеуетті өнім берушілердің конкурстық өтінімдерінің мазмұны;
3) конкурстық өтінімдері толықтырулар мен өзгерістерді қажет етпейтін әлеуетті өнім берушілердің атаулары;
4) конкурстық өтінімдеріне ескертулер бар әлеуетті өнім берушілердің атаулары;
5) әлеуетті өнім берушілердің конкурстық өтінімдеріне ескертулер;
6) комиссия көрсеткен ескертулерді жою үшін толықтырулар енгізу мерзімі;
7) екі конкурстық өтінімнен аз өтінім ұсынылған лоттардың нөмірі.
401. Комиссия көрсеткен ескертулерді жою мерзімі ашу хаттамасы жария етілген күнді қоспағанда, үш жұмыс күнін құрайды.
402. Ескертулер жойылғаннан кейін конкурстық өтінім беру кезінде қойылатын талаптарға сәйкес рәсімделген толықтырулар түріндегі өзгертілген конкурстық өтінім ашу хаттамасында көрсетілген өзгерістерді енгізу мерзімдерінде комиссияның хатшысына ұсынылады.
403. Толықтырулары бар конверттерді ашуды комиссия ашу хаттамасында көрсетілген мерзімде жүзеге асырады. Әлеуетті өнім берушілер не олардың уәкілетті өкілдері конкурстық өтінімдерге толықтырулары бар конверттерді ашу кезінде қатыса алады.
404. Өзгерістер енгізу үшін мерзімінде ұсынылған конкурстық өтінімдерге толықтыруларды зерделегеннен кейін комиссия регламентке сәйкес күні мен уақытында, бірақ толықтырулар салынған конверттер ашылатын күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей, ең жоғары жеңілдікті айқындау рәсіміне жіберілген әлеуетті өнім берушілердің тізбесін хабарлайды.
405. Әлеуетті өнім берушілерді ең жоғары жеңілдікті айқындау рәсіміне жіберу хаттамасына комиссия ең жоғары жеңілдікті айқындау рәсіміне жіберілген әлеуетті өнім берушілердің тізбесін жария еткен күні қол қояды. Бірыңғай дистрибьютор рұқсат беру хаттамасына комиссия мүшелері қол қойған күннен кейін келесі жұмыс күні оны өзінің интернет-ресурсына орналастырады. Рұқсат беру хаттамасы мынадай ақпаратты қамтиды:
1) әлеуетті өнім берушілердің әрқайсысы қатысатын лоттардың нөмірлері көрсетілген конкурстық өтінімдер ұсынған әлеуетті өнім берушілердің атаулары;
2) әлеуетті өнім берушілердің конкурстық өтінімдерінің мазмұны;
3) конкурстық өтінімдеріне ескертулер болмаған әлеуетті өнім берушілердің атаулары;
4) конкурстық өтінімдеріне комиссияның ескертулері болған әлеуетті өнім берушілердің атаулары, сондай-ақ өтінімдерге толықтырулар ұсыну туралы ақпарат;
5) ең жоғары жеңілдікті айқындау рәсіміне әлеуетті өнім берушілерді жіберу туралы комиссияның шешімі.
406. Комиссия ұсынылған өзгерістерді зерделегеннен кейін, егер:
1) ұсынылған өтінім осы Қағидалардың 393-тармағының талаптарына сәйкес келмесе;
2) әлеуетті өнім беруші осы Қағидалардың 392-тармағында көзделген біліктілік талаптарына сәйкес келмесе;
3) әлеуетті өнім беруші ұсынатын медициналық техника осы Қағидалардың 394-тармағында көзделген талаптарға сәйкес келмесе;
4) егер сарапшы әлеуетті өнім беруші ұсынған медициналық техниканы техникалық сипаттамалардың (техникалық ерекшеліктердің) талаптарына сәйкес келмейді деп таныса;
5) ұсынылған техникалық ерекшелікте ұсынылып отырған медициналық техниканың техникалық сипаттамасы дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың және медициналық техниканың айналысы саласындағы мемлекеттік сараптама ұйымының сайтында орналасқан тіркеу құжаттамасында және (немесе) тіркеу куәлігінде көрсетілген техникалық сипаттамаға және (немесе) жинақтауышқа сәйкес келмесе, өтінімді толық не лоттар бойынша қайтарылады.
407. Конкурсқа лот бойынша тек бір ғана отандық өндіруші қатысқан жағдайда, ол осы тарауда көзделген біліктілік және өзге де талаптарға сәйкес келген кезде соңғысымен автоматты түрде ұзақ мерзімді шарт жасалады.
408. Лот бойынша бәсекелес орта болған жағдайда, комиссия жеңімпазды ең жоғары бағалық жеңілдік рәсімі бойынша айқындайды.
409. Бірыңғай дистрибьютордың интернет-ресурсында рұқсат беру хаттамасын орналастырған күннен бастап екінші жұмыс күні комиссия ең жоғары баға жеңілдігі рәсіміне жіберілген әлеуетті өнім берушілерден баға жеңілдіктерін қабылдауды бастайды.
410. Әлеуетті өнім беруші бағалық жеңілдікті беруге уәкілетті адамның қатысуын қамтамасыз етеді.
411. Әлеуетті өнім берушінің бастапқы баға жеңілдігі бірінші басшының немесе осындай баға жеңілдігіне қол қоюға уәкілетті адамның қолы қойылған лот бойынша ең жоғары бағалық жеңілдік көрсетіле отырып, жазбаша түрде ұсынылады.
Баға жеңілдігінің ең төменгі қадамы 1 %-ды (бір пайыз) құрайды.
412. Қандай да бір лот бойынша әлеуетті өнім беруші бастапқы баға жеңілдігін ұсынбаған жағдайда, әлеуетті өнім беруші осы лот бойынша соңғы баға жеңілдігін ұсыну мүмкіндігінен айырылады және тиісті лот бойынша ең жоғары бағалық жеңілдікті айқындау рәсіміне қатысудан шеттетіледі.
413. Егер тиісті лот бойынша ең жоғары шартты баға жеңілдігін айқындау рәсіміне қатысудан шеттетілу нәтижесінде бір ғана әлеуетті өнім беруші қалса, соңғысы жеңімпаз деп танылады.
414. Комиссия хатшысы әлеуетті өнім берушілер ұсынған барлық бағалық жеңілдіктерін, соның ішінде лот бойынша ең жоғары шартты бағалық жеңілдігін жариялайды және оларға бастапқы шартты бағалық жеңілдікті арттыруға ұсыныс жасайды.
415. Түпкілікті бағалық жеңілдіктерін қабылдау уақыты комиссия хатшысының осындай баға жеңілдіктерін қабылдаудың басталғаны туралы хабарлаған кезінен бастап бес минутқа дейінгі уақытты құрайды.
416. Егер бастапқы бағалық жеңілдікті ұсынған әлеуетті өнім беруші түпкілікті бағалық жеңілдікті ұсынбаса, комиссия оның бастапқы бағалық жеңілдігін түпкілікті ретінде қабылдайды.
417. Ең жоғары бағалық жеңілдікті айқындау рәсімі ең жоғары бағалық жеңілдік біреу болған жағдайда түпкілікті болып табылады.
418. Лот бойынша бірдей екі түпкілікті баға жеңілдігі болған жағдайда, жеңімпаз «СТ КZ»-ға сәйкес қазақстандық қамтудың ең көп үлесі бойынша айқындалады.
419. «СТ КZ»-ға сәйкес бірдей қазақстандық қамту үлесі ұсынылған жағдайда, конкурсқа қатысуға өтінімді бұрын берген әлеуетті өнім беруші жеңімпаз болып танылады.
420. Басқа бағалық жеңілдіктерге қарағанда ең жоғары шартты бағалық жеңілдікті ұсынған әлеуетті өнім беруші жеңімпаз деп танылады.
421. Ұсынылған бағалық жеңілдік ұзақ мерзімді жеткізу шартының қолданылу мерзімінде қолданылады. Бағалық жеңілдік өсу жағына өзгереді және кему жағына қарай өзгермеуі тиіс.
422. Ұсынылған бағалық жеңілдік сатып алу жылына медициналық техниканың бағаларына мынадай формула бойынша қолданылады:
денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген шекті баға бағалық жеңілдікті азайтқанда, медициналық техниканың бағасына теңеледі.
423. Комиссия отырыста қортынды шығарады және хаттамаға қол қояды.
424. Қорытындылар хаттамасында:
1) ең жоғары жеңілдікті айқындау рәсімі өтетін күн, басталу және аяқталу уақыты;
2) ең жоғары жеңілдікті айқындау рәсіміне қатысқан әлеуетті өнім берушілердің атаулары мен мекенжайлары;
3) лоттардың атаулары мен қысқаша сипаты;
4) бірде бір әлеуетті өнім беруші шықпаған лоттардың атаулары;
5) конкурстың қорытындысы бойынша айқындалған ең жоғары жеңілдік;
6) конкурс жеңімпаздарының атаулары мен мекенжайлары;
7) автоматты түрде жеткізудің ұзақ мерзімді шарты жасалатын әлеуетті өнім беруші туралы бір ғана өтінім ұсынғаны туралы ақпарат көрсетіледі.
425. Ең жоғары жеңілдікті айқындау рәсімі аяқталған кезден бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей бірыңғай дистрибьютор лоттар бойынша медициналық техниканы берудің ұзақ мерзімді шартын жасасу конкурсының қорытынды хаттамасын интернет-ресурсқа жариялайды.
426. Бірыңғай дистрибьютор денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша Медициналық техниканы жеткізудің үлгілік ұзақ мерзімді шартына сәйкес оған қол қойылған кезден бастап бес жұмыс күні ішінде қорытынды хаттаманың негізінде медициналық техниканы берудің ұзақ мерзімді шартын жасасады.
427. Медициналық техниканы ұзақ мерзімді жеткізу шарттарын жасасқан күннен бастап бес жұмыс күні ішінде бірыңғай дистрибьютор денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органға және тапсырыс берушілерге конкурстың қорытынды хаттамасын және конкурс жеңімпазының қағаз және электрондық түрдегі (doc* форматында) техникалық ерекшеліктерінің көшірмелерін қоса бере отырып, өткізілген конкурстың қорытындысы және конкурс жеңімпаздарының тізімі бар ақпараттық хат жібереді.
428. Өткізілген конкурстың қорытындысы бойынша денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган он бес жұмыс күні ішінде бірыңғай дистрибьютордан сатып алынуға тиіс медициналық техниканың тізімін бекітеді.
429. Бірыңғай дистрибьютор денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен, бірыңғай дистрибьютордан сатып алынуға тиіс медициналық техниканың тізімін алғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде медициналық техниканың атауларын, техникалық сипаттамасы мен жиынтығын, тауардың әрбір атауы бойынша бір бірлігінің және жиынтық бөлігінде шекті құнын, медициналық техниканы жеткізу мерзімдерін көрсете отырып, өзінің интернет-ресурсында орналастырады.
430. Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне жергілікті деңгейде медициналық ұйымдарды материалдық-техникалық жарақтандыруға берілетін ағымдағы нысаналы трансферттерді қоса алғанда, республикалық бюджет қаражаты есебінен сатып алынатын ұзақ мерзімді жеткізу шарттары бойынша отандық өндірушінің медициналық техникасына қажеттілікті айқындау мақсатында тапсырыс берушілер кейіннен есепті тоқсандық кезеңнен кейінгі айдың 5-күнінен кешіктірмей Бірыңғай дистрибьюторға бере отырып (медициналық техникаға қажеттілік), денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органға медициналық техниканың тізбесі, саны, техникалық ерекшелігі, клиникалық-техникалық негіздемесі қамтылған ақпаратты ұсынады.
431. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган тапсырыс берушілерден ақпаратты алған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде алған ақпаратты клиникалық-техникалық негіздеме бөлігінде сараптамалық бағалауды жүргізу және сараптамалық қорытынды шығару үшін лизинг берушіге жібереді.
432. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган ақпарат берген кезден бастап, сондай-ақ медициналық техниканы жергілікті бюджет есебінен сатып алатын тапсырыс берушілерден алған ақпараттарды ұсынған кезден бастап жиырма жұмыс күні ішінде лизинг беруші денсаулық сақтау ұйымының медициналық техниканы қабылдауға және тиісінше пайдалануға дайындық деңгейін, медициналық техниканың денсаулық сақтау ұйымы көрсететін қызметтерге сәйкестігін айқындау мақсатында клиникалық-техникалық негіздемесі бөлігінде сараптамалық бағалауды жүргізеді және оның нәтижелері бойынша сараптамалық қорытынды шығарады.
433. Лизинг беруші сараптама қорытындысы шығарылған кезден бастап үш жұмыс күні ішінде сараптама қорытындысын денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органға жібереді.
434. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган лизинг беруші сараптама қорытындысын ұсынған кезден бастап он жұмыс күні ішінде алған сараптама қорытындысын тапсырыс берушіге кейіннен бірыңғай дистрибьюторға өтінім ұсыну үшін жібереді.
435. Тапсырыс берушілер медициналық техниканы жеткізудің ұзақ мерзімді шарттарын жасасуға өткізілген конкурстың қорытындылары бойынша денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган тізімді бекіткеннен кейін, сондай-ақ бюджет бекітілгеннен кейін бірыңғай дистрибьюторға өтінім береді, онда мыналар:
1) сатып алынатын медициналық техниканың атауы;
2) техникалық ерекшелігі, жиынтығы, саны, жеткізу мерзімі, шарттары және орны;
3) облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне жергілікті деңгейде медициналық ұйымдарды материалдық-техникалық жарақтандыруға берілетін ағымдағы нысаналы трансферттерді қоса алғанда, республикалық бюджет қаражаты есебінен медициналық техника сатып алынған жағдайда лизинг берушінің сараптамалық қорытындысының көшірмесі;
4) мемлекеттік тіркеу туралы анықтамалары немесе куәліктері, жарғысы/ережелерінің көшірмелері қоса берілген тапсырыс берушілердің толық атауы, олардың деректемелері, мекенжайы (пошта және заңды), байланыс телефондарының, факстарының нөмірлері, электрондық поштасының мекенжайы, бірінші басшының немесе оны алмастыратын адамның лауазымы, тегі, аты, әкесінің аты (болған кезде), сатып алуды жүзеге асыруға жауапты адамның тегі, аты, әкесінің аты (болған кезде), шеңберінде сатып алу жоспарланған бағдарламаның, кіші бағдарламаның, ерекшеліктің атауы, банктік деректемелер қамтылады.
436. Бірыңғай дистрибьютор тапсырыс берушілерден өтінім алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде сатып алу шартын қабылдау-беру актісі бойынша тапсырыс берушілерге қол қоюға береді.
437. Тапсырыс берушілер бірыңғай дистрибьютордан сатып алу шартын алған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей толық көлемде оларға қол қояды.
438. Бірыңғай дистрибьютор жыл сайын медициналық техниканы берудің ұзақ мерзімді шартын жасасқаннан кейін жеткізудің ұзақ мерзімді шартының ажырамас бөлігі болып табылатын медициналық техниканы жеткізу туралы тиісті қаржы жылына арналған қосымша келісіммен рәсімделетін тапсырыс берушілердің әрбір келесі күнтізбелік жылға өтінімдерінің негізінде мынадай:
1) медициналық техника бірыңғай дистрибьютордың тізіміне енгізген;
2) тапсырыс берушілер медициналық техниканы жеткізу санын (көлемін) айқындаған;
3) медициналық техниканы жеткізудің ұзақ мерзімді шартының талаптарында белгіленген әлеуетті өнім берушіге, медициналық техникаға қойылатын талаптарға сәйкестігі расталған жағдайларда медициналық техниканы сатып алуды жүзеге асыруға міндеттенеді.
439. Бірыңғай дистрибьютор жыл сайын тапсырыс берушілерден өтінім алған кезден бастап күнтізбелік жиырма күннен кешіктірмей отандық өндірушіге денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша жеткізудің ұзақ мерзімді шарты шеңберінде сатып алынатын медициналық техниканы жеткізу туралы қосымша келісімді қол қою үшін жібереді. Отандық өндіруші қосымша келісімді алған күннен бастап 10 (он) жұмыс күнінен кешіктірмей оған қол қояды.
440. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган ұсынған шекті құнын ұлғайту немесе кеміту жағына қарай және (немесе) техникалық сипаттамаларын жақсару жағына қарай өзгерту негізінде техникалық сипаттамаларын жақсарту жағына қарай және (немесе) шекті құны өзгертілген жағдайда, лизинг берушіге қосымша келісім жасау жолымен сараптамалық бағалау жүргізгеннен кейін жеткізудің ұзақ мерзімді шартына жылына бір реттен асырмай өзгерістер енгізуіне жол беріледі.
441. Отандық тауар өндіруші денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органға техникалық сипаттамаларды жақсарту жағына қарай өзгертілген жағдайда, медициналық техниканың құнын ұлғайтуға жүгіне алады.
Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган лизинг берушіге сараптамалық бағалауды түзетуге өтінім жібереді, онда медициналық техниканың тізбесі, саны, медициналық техниканың болжамды құны, жақсарту жағына қарай техникалық сипаттамасы қамтылуы тиіс.
Отандық тауар өндірушілер сараптамалық бағалау жүргізу үшін ақылы қызметтер көрсету туралы жасалған шарттың негізінде лизинг берушіден тиісті сұрауды алған кезден бастап бес жұмыс күні ішінде лизинг берушіге медициналық техниканың жиынтығы бөлігінде, әрбір атауы бойынша құнының ұлғайғанын растайтын жазбаша негіздеме мен құжаттарды ұсынады.
Лизинг беруші отандық тауар өндірушілерден құжаттарды алған кезден бастап жиырма жұмыс күні ішінде медициналық техниканың құнына сараптамалық бағалау жүргізеді және оның қорытындылары бойынша бір бірлігі үшін және жиынтық бөлігінде шекті құнын көрсете отырып, сараптамалық қорытынды шығарады.