232. Екі немесе одан да көп бірдей соңғы баға ұсыныстары берілген жағдайда ең төменгі бағаны анықтау үшін соңғы деп саналатын қосымша баға ұсынысын беруге жол беріледі.
233. Егер әлеуетті өнім берушілер лот бойынша бірдей соңғы баға ұсыныстарын берсе, онда мұндай лот өткізілмеді деп танылады.
234. Ең төмен баға ұсынысын берген әлеуетті өнім беруші жеңімпаз болып танылады.
235. Екінші орын алған әлеуетті өнім беруші ең төменгі баға ұсынысынан кейінгі бағаның негізінде айқындалады.
236. Екінші орын алған әлеуетті өнім беруші бірдей баға ұсынған жағдайда айқындалмайды.
237. Аукцион өткізу кезінде лот бойынша баға ұсынысын қабылдамау негіздемесі:
1) соңғы (қосымша болған жағдайда) баға ұсынысы қол қойылмай, лоты немесе оның бағасы көрсетілмей ұсынылса;
2) соңғы (қосымша болған жағдайда) баға ұсынысын тиісті лот бойынша бөлінген бағадан жоғары баға ұсынған жағдайда. Бұл ретте, егер лот бойынша аукционға қатысатын екеуден аз әлеуетті өнім беруші қалса комиссия бәсекелестік ортаның болмауына байланысты мұндай лотты өтпеген деп таниды және бірыңғай дистрибьютор сатып алуды осы әлеуетті өнім берушіден бір көзден алу тәсілімен жүзеге асырады.
238. Екі кезеңдік тендердің қорытынды шығарылғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде комиссия онда:
1) аукцион басталған және аяқталған күні, уақыты;
2) комиссия құрамы;
3) аукционға жіберілген әлеуетті өнім берушілердің атауы және орналасқан жері (мекенжайы);
4) лоттардың атауы және қысқаша сипаттамасы;
5) екі кезеңдік тендердің қорытындылары бойынша айқындалған ең төменгі баға (бар болса);
6) екінші орын алған әлеуетті өнім беруші лотының бағасы (ол айқындалған жағдайда);
7) әрбір лот бойынша жеңімпаздардың атауы (бар болса);
8) екінші орын алған әлеуетті өнім берушінің атауы (ол анықталған айқындалған жағдайда);
9) екі кезеңдік тендер не оның жеке лоты өткізілмеді деп тану негіздемесі (осындай жағдай туындаған кезде);
10) аукционға қатысу кезінде қайтарылған әлеуетті өнім берушілердің атауы (бар болса);
11) жеткізу шартына қол қоюға тиіс мерзімі қамтылатын қорытынды хаттамасына қол қояды.
239. Аукцион өткеннен кейін бір жұмыс күнінен кешіктірілмей жеңімпаздардың, екінші орын алған әлеуетті өнім берушілердің атауы бірыңғай дистрибьютордың интернет-ресурсында жариялануға тиіс.
240. Екі кезеңдік тендерге қатысушының жазбаша сұрату бойынша бірыңғай дистрибьютор бес жұмыс күні ішінде оған тендер қорытындылары хаттамасының көшірмесін береді.
241. Екі кезеңдік тендер қорытындылары шығарылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде бірыңғай дистрибьютор екі кезеңдік тендер жеңімпаздарымен денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша сатып алу шарттарын немесе қаржылық лизинг шартын жасау үшін қағаз және doc* форматындағы электрондық түрде екі кезеңдік тендер жеңімпазының техникалық ерекшеліктерінің көшірмелері қоса берілген медициналық техниканы сатып алу бойынша екі кезеңдік тендер қорытындылары хаттамаларының нотариат куәландырған көшірмелері тапсырыс берушінің немесе лизинг берушінің қабылдау-өткізу актісі бойынша берілуге тиіс.
242. Медициналық техниканы сатып алу бойынша екі кезеңдік рәсімдерді пайдаланылатын тендердің қорытындылары туралы хаттаманың нотариат куәландырған көшірмелерін алған күннен бастап тапсырыс берушілер он жұмыс күнінен кешіктірмей, лизинг беруші он бес жұмыс күнінен кешіктірмей жеңімпаздармен, ол одан бас тартқан жағдайда екінші орын алған әлеуетті өнім берушілермен бас тартқан кезден үш жұмыс күні ішінде медициналық техниканы сатып алу шарттарын немесе қаржылық лизинг шартын жасайды.
243. Екі кезеңдік тендер тәсілімен сатып алу немесе оның қандай да бір лоты мынадай негіздемелердің бірі бойынша өткізілмеді деп танылады:
1) ұсынылған тендерлік өтінімдердің болмауы;
2) екеуден аз тендерлік өтінім ұсынылса;
3) егер аукционға қатысуға бір де бір әлеуетті өнім беруші жіберілмесе;
4) егер аукционға қатысуға бір ғана әлеуетті өнім беруші жіберілсе;
5) егер аукцион жүргізу кезінде аукционға қатысатын екеуден кем әлеуетті өнім беруші қалса;
6) аукционда бірдей соңғы баға ұсыныстар ұсынылуына байланысты жеңімпаз айқындалмаса.
244. Екі кезеңдік рәсімді пайдаланылатын тендер нәтижелері бойынша жеткізу шарты осы Қағидалардың 16-тарауының талаптары ескеріліп бірыңғай дистрибьютор жасалады.
245. Егер әлеуетті өнім беруші жеткізудің ұзақ мерзімді шарттарын жасау үшін лоттарға осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келетін бір тендерлік өтінім берген отандық тауар өндірушілер болып табылса, онда осы Қағидалардың 19-тарауына сәйкес онымен осындай шарт бір көзден алу тәсілі қолданылмай жасалады.
246. Егер екі кезеңдік тендер тәсілімен сатып алу немесе оның қандай да бір лоты өткізілмеді деп танылса бірыңғай дистрибьютор медициналық техниканы сатып алуды ұйымдастыру жағдайларын қоспағанда, осы Қағидаларда белгіленген талаптарды ескере отырып мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
1) екі кезеңдік тендер тәсілімен сатып алуды қайта жүргізу туралы;
2) екі кезеңдік тендер және екі кезеңдік тендер тәсілімен сатып алуды қайта өткізу шарттарының өзгеруі туралы;
3) бір көзден алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру туралы;
4) тапсырыс берушілердің қажеттілігі болмаған жағдайда сатып алуды жүзеге асырудан бас тарту.
Медициналық техниканы сатып алуды ұйымдастыру кезінде осындай шешімді лизинг беруші не денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган қабылдайды.
14-параграф. Бір көзден алу тәсілімен сатып алу
1-параграф. Бір көзден алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру тәртібі
247. Өтпеген сатып алу бойынша бір көзден алу тәсілімен сатып алуды ұйымдастыру және өткізу мынадай кезекті іс-шараларды орындауды көздейді:
1) осы тәсілді қолдану негіздемесімен бір көзден алу тәсілімен сатып алу өткізу туралы бірыңғай дистрибьютордың шешім қабылдауы;
2) бір көзден алу тәсілімен сатып алу рәсімдерін ұйымдастыру және өткізу үшін комиссия құру;
3) осы Қағидалардың 248-тармағының 5) және 6) тармақшаларын қоспағанда, осы Қағидалардың 3 және 4-тарауларының талаптарына сәйкестігін растау туралы сұратумен бір көзден алу тәсілімен сатып алуға қатысу туралы әлеуетті өнім берушіге шақыру жолдау;
4) әлеуетті өнім берушілерге шақыруда көзделген құжаттардың қосымшасымен бір көзден сатып алуға қатысу туралы келісімін жолдау;
5) бір көзден алу тәсілімен сатып алу қорытындылары туралы хаттаманы бірыңғай дистрибьютордың интернет-ресурсына орналастыру;
6) бір көзден алу тәсілімен сатып алу туралы қорытынды хаттамасының негізінде әлеуетті өнім берушілермен шарт жасасу.
248. Бір көзден алу тәсілімен сатып алуды бірыңғай дистрибьютор мынадай жағдайларда жүзеге асырады:
1) екі кезеңдік тендер тұтастай немесе қандай да бір лот бойынша өткізілмеді деп танылған кезде;
2) тапсырыс берушіден дәрілік заттарды және медициналық техниканың көлемін ұлғайту жағына қарай қосымша өтінім түскен кезде, сондай-ақ сол қаржы жылына төмендемейтін қорды толықтыру үшін сатып алу кезінде.
Бұл жағдайда бірыңғай дистрибьютор сол өнім берушіден белгіленген баға бойынша, жеткізу шартының талаптарына сәйкес бір көзден алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асырады. Бұл ретте осы Қағидалардың талаптарына сәйкестікті растайтын құжаттарды ұсынбайды.
Жеткізуден толықтай бас тарқан жағдайда шақыру бірыңғай дистрибьютор айқындаған басқа әлеуетті өнім берушіге жіберіледі. Өнім беруші ішінара бас тартқан кезде бірыңғай дистрибьютор бұл өнім берушіден сатып алуды жүзеге асырудан бас тартады не ұсынылып отырған ішінара көлемге сатып алуды жүзеге асырады, ал қосымша өтінім көлемінің қалған бөлігін сатып алуды бірыңғай дистрибьютор айқындаған басқа әлеуетті өнім берушіден жүзеге асырады. Бұл ретте тауардың бағасы жеткізудің жасалған шартының белгіленген бағасынан аспауға тиіс.
3)егер екі кезеңдік тендердің жеңімпазы және (немесе) екінші орын алған әлеуетті өнім беруші белгіленген мерзімде жеткізу шартына немесе жеткізудің ұзақ мерзімді шартына қол қоймаса және жалтарса. Мұндай жағдайда бірыңғай дистрибьютор бір көзден алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру туралы шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде екі кезеңдік тендерге қатысқан, жеңімпаздан, екінші орын алған өнім берушіден кейін ең төмен баға ұсынысын берген әлеуетті өнім берушіге шақыру жібереді. Ол бас тартқан не ұсынылған құжаттары осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келмеген жағдайда бірыңғай дистрибьютор шақыруды бірыңғай дистрибьютор айқындаған басқа әлеуетті өнім берушіге жібереді. Бұл ретте жеткізу шартындағы баға жеткізу шартына қол қоюдан бас тартқан екі кезеңдік тендер жеңімпазы бағасынан аспауға тиіс.
4)жеткізу шарты немесе жеткізудің ұзақ мерзімді шарты бойынша өнім берушінің өзінің міндеттемелерін орындамауы, тиісінше орындамауына байланысты жеткізу шартын бұзу кезінде. Мұндай жағдайда бірыңғай дистрибьютор бір көзден алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру туралы шешім қабылданған күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде бірыңғай дистрибьютор айқындаған әлеуетті өнім берушіге қажетті құжаттарды, осы Қағидаларға сәйкестігін растау көрсетілген шақыруды жібереді. Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды жеткізу шарты, жеткізу шарты бұзылған белгіленген бағадан аспайтын баға бойынша жасалады;
5)Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының құрылтайшысы халықаралық ұйымдардан сатып алу кезінде денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның шешімі бойынша, Қазақстан Республикасы ратификацияланған халықаралық шарттар (келісімдер), сондай-ақ оларды іске асыру үшін қол қойылған халықаралық шарттар негізінде;
6)егер сараптама ұйымы:
халықаралық патенттелмеген атауы немесе құрамы бойынша аналогтары жоқ шетелдік өндірушілердің немесе отандық тауар өндірушілердің бір ғана дәрілік затын;
аналогы жоқ медициналық мақсаттағы бұйымды тіркесе.
249. Өткізілмеген екі кезеңдік тендерлер бойынша бір көзден алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асырған кезде бір көзден алу тәсілімен сатып алуға қатысу үшін бірыңғай дистрибьютор шақырған екі кезеңдік тендердің қатысушысы екі кезеңдік тендерге қатысуға жіберілген жағдайда осы екі кезеңдік тендерге қатысушы осы Қағидалардың талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттарды қайта ұсынбайды. Бұл ретте шақыруда қамтылған мәліметтер өткізілмеген екі кезеңдік тендердің шарттарына сәйкес келуге тиіс. Тауарды жеткізу мерзімдерін ағымдағы қаржы жылының шегінде өткізілмеді деп танылған екі кезеңдік тендердің хабарландыруында қарастырылған мерзімдерден асыруға жол беріледі, бірақ бір көзден алу тәсілімен сатып алу жүргізуге жұмсалған мерзімнен аспайды.
250. Екі кезеңдік тендерге қатысуға ұсынылған өтінімдердің болмауы себебінен өткізілмеді деп танылған жағдайда бірыңғай дистрибьютор бір көзден алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру туралы шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде бірыңғай дистрибьютор айқындалған әлеуетті өнім берушіге шақыру жібереді.
251. Екі кезеңдік тендер қатысуға екеуден аз өтінімнің ұсынылуы себебінен өткізілмеді деп танылған жағдайда бірыңғай дистрибьютор осы екі кезеңдік тендерге өтінім ұсынған әлеуетті өнім берушіге бір көзден алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру туралы шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде шақыру жібереді.
Ұсынылған құжаттар осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келмеген кезде бірыңғай дистрибьютор басқа әлеуетті өнім берушіге бір көзден алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру үшін шақыру жібереді.
252. Екі кезеңдік тендер тәсілімен сатып алу екі кезеңдік тендерге қатысуға бірде-бір әлеуетті өнім беруші жіберілмеу себебінен өтпеген деп танылған жағдайда бірыңғай дистрибьютор бір көзден алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру туралы шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде бірыңғай дистрибьютор айқындалған әлеуетті өнім берушіге шақыру жолдайды.
253. Екі кезеңдік рәсімдер тәсілімен сатып алу екі кезеңдік тендерге қатысуға бір ғана әлеуетті өнім беруші жіберілу себебінен өткізілмеді деп танылған жағдайда бірыңғай дистрибьютор бір көзден алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру туралы шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде осы әлеуетті өнім берушіге шақыру жібереді. Жеткізу шартының бағасы оның бастапқы баға ұсынысынан аспауға тиіс.
Жеткізу шартына қол қоюдан бас тарту кезінде бірыңғай дистрибьютор ең төменгі баға ұсынысын берген бір көзден алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру үшін екі кезеңдік тендерге қатысқан әлеуетті өнім берушіге, егер бірдей баға ұсыныстары берілсе, онда тендерлік өтінімді бірінші тіркеген әлеуетті өнім берушіге шақыру жібереді.
Ұсынылған құжаттар осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келмеген жағдайда бірыңғай дистрибьютор басқа әлеуетті өнім берушіге шақыру жібереді.
254. Екі кезеңдік тендер тәсілімен сатып алу отандық өндірушіні ғана жіберу себебінен өткізілмеді деп танылған жағдайда бір көзден алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру туралы шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде бірыңғай дистрибьютор осы әлеуетті өнім берушіге шақыру жібереді.
255. Екі кезеңдік тендер тәсілімен сатып алуға тек қана GMP немесе GDP сертификаты бар әлеуетті өнім берушінің жіберілу себебінен өткізілмеді деп танылған жағдайда бір көзден алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру туралы шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде бірыңғай дистрибьютор осы әлеуетті өнім берушіге шақыру жібереді.
Жеткізу шартына қол қоюдан бас тарту кезінде бірыңғай дистрибьютор екі кезеңдік тендерге қатысқан әлеуетті өнім берушіге шақыру жібереді. Бұл ретте баға осы лот бойынша екі кезеңдік тендерге қатысқан әлеуетті өнім берушінің ең төмен бағасынан аспауға тиіс.
256. Екі кезеңдік тендер тәсілімен сатып алу аукцион өткізу барысында тек қана бір әлеуетті өнім беруші қалу себебінен өткізілмеді деп танылған жағдайда бір көзден алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру туралы шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде бірыңғай дистрибьютор басқа әлеуетті өнім берушіге шақыру жолдайды. Бұл ретте, жасалған жеткізу шартындағы баға әлеуетті өнім берушінің аукционда ұсынған бағасынан аспайды.
257. Аналогтары жоқ дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды әлеуетті өнім берушіден-шетелдік өндірушіден (дайындаушы зауыт) сатып алу кезінде бірыңғай дистрибьютор мыналарды:
1) дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың бағасы бойынша ұсынысты;
2) дәрілік заттардың осы Қағидалардың 4-тарауында көзделген талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттарды;
3) шетелдік заңды тұлға шет мемлекеттің заңнамасы бойынша заңды тұлға болып табылатынын растайтын, мемлекеттік және орыс тілдеріне нотариат куәландырған аудармасы бар шетелдік өндірушінің (дайындаушы зауыт) заңдастырылған немесе мойындалған құжаты немесе егер шетелдік өндірушінің (дайындаушы-зауыт) Қазақстан Республикасы аумағында өкілдігі/филиалы болса, онда өкілдікті/филиалды есептік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәлікті және өкілдік/филиал туралы ережені;
4) дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды өндіруге және/немесе көтерме, бөлшек саудада өткізуге шетелдік өндірушінің (дайындаушы зауыт) құқығын растайтын құжаттардың заңдастырылған немесе танылған көшірмелерін, мемлекеттік және орыс тілдеріне нотариат куәландырған аудармасымен сұратады.
Егер алдыңғы жылы шетелдік өндірушімен (дайындаушы-зауыт) шарт қолданыста болған жағдайда бірыңғай дистрибьютор осы тармақтың 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды талап ете алмайды.
258. Әлеуетті өнім беруші-отандық өндірушіден аналогтары жоқ дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алуды жүзеге асырған кезде бірыңғай дистрибьютор мыналарды:
1) дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың бағасы бойынша ұсынысты;
2) осы Қағидалардың 4-тарауында көзделген талаптарға дәрілік заттардың сәйкестігін растайтын құжаттарды;
3) осы Қағидалардың 3-тарауына сәйкес біліктілік талаптарын растайтын құжаттарды сұратады.
259. Аналогтары жоқ дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды шетелдік өндірушіден бір көзден алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру кезінде отандық өндірушімен шетелдік өндірушімен (дайындаушы зауыт), шетелдік заңды тұлғаның филиалымен не Қазақстан Республикасында заңды тұлға ретінде тіркелген еншілес компаниямен, фармацевтикалық компания тобына кіретін және Қазақстан Республикасы аумағына тауарларды экспорттауға уәкілеттік берілген заңды тұлғамен 3 жылға дейінгі мерзімге келесі жағдайларда:
1) Қазақстан Республикасында халықаралық патенттелмеген атауы бойынша аналогтары жоқ тек бір дәрілік зат тіркелген болса немесе құрамы бойынша халықаралық патенттелмеген атауы болмаған жағдайда;
2) Қазақстан Республикасында аналогтары жоқ тек бір медициналық мақсаттағы бұйым тіркелген болса, азаматтық-құқықтық шарт жасалады.
Бір көзден алу тәсілімен сатып алу жүзеге асырылған кезде тапсырыс берушінің қосымша өтінімдері бойынша азаматтық-құқықтық шартқа қосымша келісім жасалған жағдайда азаматтық-құқықтық шартта көрсетілген тіркелген баға қолданылады.
260. Аналогтары жоқ тауарларды жеткізу бойынша азаматтық-құқықтық шарт:
1) тиісті қаржы жылына міндеттемелері орындалғаннан кейін Қазақстан Республикасында халықаралық патенттелмеген атауы бойынша дәрілік заттың аналогтары тіркелген;
2) дәрілік заттарды және медициналық мақсаттағы бұйымдарды бірыңғай дистрибьютордың сатып алу тізімінен алынған;
3) дәрілік заттың, медициналық мақсаттағы бұйымның Қазақстан Республикасында тіркеуінің қолданылу мерзімі тоқтатылған жағдайларда бұзылады.
Бұл ретте осы талап жасалатын азаматтық-құқықтық жеткізу шартында көрсетіледі.
261. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы құрған ұйымнан бір көзден алу тәсілімен сатып алу кезінде мыналарды:
1) баға ұсынысын;
2) Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының ұйымды құруын растайтын құжаттарды;
3) Қазақстан Республикасында тіркелмеген дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алу жағдайларын қоспағанда, дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың Қазақстан Республикасында тіркелгенін және олардың осы Қағидалардың 4-тарауының талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттарды;
4) дәрілік заттардың шығу тегінің сертификатын, өндіруші зауыт Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының алдын ала біліктілігінен өтуінің растамасын, жарамдылық мерзімі және сақтау шарттары бойынша кепілдік хаттарды ұсынады.
262. Осы параграфқа сәйкес бірыңғай дистрибьюторға жолданған шақыруға әлеуетті өнім беруші үш жұмыс күні ішінде шақыруда көзделген құжаттарды қоса бере отырып, қатысу туралы растауды немесе себептерін көрсетіп қатысудан бас тарту туралы хат жолдайды. Бірыңғай дистрибьютор құжаттарды ұсыну мерзімін әлеуетті өнім берушінің негізделген өтініші бойынша күнтізбелік жиырма күнге дейін ұзарта алады. Бұл ретте осы тармақта белгіленген мерзімде жауаптың болмауы қатысудан бас тарту ретінде бағаланады.
263. Бірыңғай дистрибьютор жеткізу шартына қол қойғанға дейін жеткізу шартының бағасын төмендетуге қатысты әлеуетті өнім берушімен келіссөздер жүргізеді. Әлеуетті өнім беруші мұндай ұсыныстан бас тарта алады, бұл бірыңғай дистрибьютордың өнім беру шартына қол қоюдан бас тарту үшін негіз болып табылмайды.
264. Осы Қағидалардың 248-тармағының 5) және 6) тармақшаларына сәйкес сатып алуды қоспағанда, бір көзден алу тәсілімен сатып алу қорытындылары бойынша жеткізу шарты осы Қағидалардың 15-тарауының талаптары ескеріліп, жасалады.
265. Бірыңғай дистрибьютор әлеуетті өнім беруші сұрау салынған құжаттарды ұсынған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде бір көзден алу тәсілімен сатып алу қорытындылары туралы хаттама жасайды және интернет-ресурсқа орналастырады.
2-параграф. Бір көзден алу тәсілімен сатып алу өткізілмеді деп тану негіздері
266. Мынадай жағдайларда:
1) егер әлеуетті өнім берушінің құжаттары осы Қағидалардың талаптарына және сатып алу шарттарына сәйкес келмесе;
2) егер әлеуетті өнім берушінің осы Қағидалардың 9-тармағында көзделген сатып алуға қатысуға байланысты шектеулері болса;
3) егер әлеуетті өнім беруші бір көзден алу тәсілімен сатып алуға қатысудан бас тартса, бір көзден алу тәсілімен сатып алу өткізілмеді деп танылады.
267. Бір көзден алу тәсілімен сатып алу өткізілмеді деп танылған жағдайда бірыңғай дистрибьютор, медициналық техниканы сатып алуды ұйымдастыру жағдайларын қоспағанда, мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
1) екі кезеңдік тендер тәсілімен сатып алуды қайтадан өткізу туралы;
2) екі кезеңдік тендер шарттарын өзгерту және екі кезеңдік тендер тәсілімен қайтадан өткізу туралы;
3) бір көзден алу тәсілімен сатып алуды қайтадан жүзеге асыру туралы;
4) сатып алуды жүзеге асырудан бас тарту туралы шешім.
Медициналық техниканы сатып алуды ұйымдастыру кезінде мұндай шешімді лизинг беруші немесе денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган қабылдайды.
15-тарау. Жеткізу шарттарын жасасу және орындау
1-параграф. Жеткізу шартын жасасу
268. Сатып алу қорытындылары шығарылғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде бірыңғай дистрибьютор жеңімпазға, әлеуетті өнім берушіге денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша жасалған қол қойылған жеткізу шартының жобасын жібереді.
269. Жеңімпаз, әлеуетті өнім беруші жеткізу шартының жобасын алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде қол қояды және оны бірыңғай дистрибьюторға ұсынады немесе бірыңғай дистрибьюторды жеткізу шартының талаптарымен келіспейтіні туралы немесе оған қол қоюдан бас тартатыны туралы жазбаша хабардар етеді.
Егер жеңімпаз деп танылған әлеуетті өнім беруші осы тармақта белгіленген мерзімдерде жеткізу шартының жобасына қол қоймаса, бірыңғай дистрибьютор жеңімпаз жеткізу шартын жасасудан жалтарған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде екінші орын алған әлеуетті өнім берушіге қол қойылған жеткізу шартының жобасын жібереді. Екінші орын алған әлеуетті өнім беруші жеткізу шартының жобасына қол қояды және жеткізу шартының жобасы оған ұсынылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде оны бірыңғай дистрибьюторға ұсынады.
Жеңімпаз деп танылған не екінші орын алған әлеуетті өнім беруші осы Қағидаларда белгіленген мерзімдерде бірыңғай дистрибьюторға қол қойылған жеткізу шартын немесе жеткізу шартын жасасқанымен, шартты орындауды қамтамасыз етуді енгізбеген жағдайда, онда мұндай әлеуетті өнім беруші шарт жасасудан жалтарды деп танылады және осы Қағидаларға сәйкес конкурсты өткізу тәртібіне сәйкес қайтадан конкурс өткізіледі.
270. Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, жеткізу шарты оған тараптар қол қойған кезден бастап күшіне енеді.
271. Жеткізу шартының жобасын дайындау кезінде бірыңғай дистрибьютор сатып алынатын дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың санын олардың сапасын сақтау мақсатында өз қалауы бойынша (санын ұлғайту немесе азайту жағына қарай) екінші қаптамаға дейін дөңгелектейді.
272. Осы параграфта көзделген жеткізу шартын жасасуға қойылатын талаптар аналогы жоқ дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар бойынша шетелдік өндірушімен (дайындаушы зауыт) немесе отандық өндірушімен жасалатын азаматтық-құқықтық шарттарға қолданылмайды.
273. Жеткізу шартына өнім берушіні таңдауға негіз болып табылған ұсыныстың мазмұнын өзгертуі мүмкін қандай да бір өзгерістерді және (немесе) жаңа шарттарды (бағаны, көлемді азайтуды қоспағанда) енгізуге, оның ішінде жеткізу шартында көрсетілген тауардың саудалық атауын басқа тауардың саудалық атауымен алмастыруға (техникалық сипаттамасы мен сапасы өзгермеген кезде) жол берілмейді.
274. Сапаның және өнім берушіні таңдауға негіз болған басқа да шарттардың өзгермеуі жағдайында жасалған жеткізу шартына:
1) тараптардың өзара келісімі бойынша тауарлардың бағаларын және тиісінше шарттың бағасын азайту бөлігінде;
2) тауарлардың көлемін өзгерту бөлігінде өзгерістер енгізуге жол беріледі.
275. Заңнамада белгіленген тәртіппен тиісті бюджеттер бекітілгеннен кейін тапсырыс берушілер бірыңғай дистрибьюторға ұсынған түзетілген өтінімде сатып алынатын дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың көлемдері азайтылған жағдайда, жеткізу шартына да жеткізу көлемінің тиісінше азаюы бойынша және шарт сомасына мөлшерлес өзгерістер енгізіледі.
276. Бірыңғай дистрибьютор жеткізу шартына қол қойғанға дейін жеңімпазбен немесе әлеуетті өнім берушімен жеткізу шартының бағасын төмендету мақсатында келіссөздер жүргізе алады. Жеңімпаз, әлеуетті өнім беруші мұндай төмендетумен келіспеуіне болады, бұл ретте бірыңғай дистрибьютор жеңімпазбен немесе әлеуетті өнім берушімен жеткізу шартына қол қоюдан жалтара алмайды.
2-параграф. Жеткізу шартын орындауды қамтамасыз ету
277. Өнім беруші жеткізу шартына қол қойған күннен бастап он жұмыс күні ішінде бірыңғай дистрибьюторға жеткізу шартының құнынан 3% мөлшерінде өнім берушінің жеткізу шартын орындауды кепілдікті қамтамасыз етуді енгізгенін растайтын құжаттың түпнұсқасын ұсынады.