1. Жергiлiктi атқарушы органдар:
1) жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйін есепке алуды жүргізеді және оның сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
2) жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа, патронаттық тәрбиелеуге, білім беру ұйымдарына, медициналық және басқа да ұйымдарға орналастырылғанға дейін олардың тұрғын үйін сақтауды қамтамасыз етеді;
3) жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйіне қорғаншылық белгiлейдi.
2023.19.04. № 223-VІІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2023 ж. 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Баланың заңды өкілдері жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын-жайының сақталуын қамтамасыз етеді.
Баланың заңды өкілдері қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның келісімімен, жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғынжайын Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы бекітетін үлгілік шарт негізінде жалдауға (қосымша жалдауға) бере алады.
Тұрғын үйді жалдау (жалға алу) шарты бойынша алынған ақша жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың банктік шотына есепке жазылуға жатады.
Жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғынжайының сақталу қағидаларын Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы бекітеді.
3. Жергілікті атқарушы органдардың лауазымды адамдары және баланың заңды өкілдері жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйін сақтау жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылықта болады.
15-бап. Баланың білім алуға құқығы
2007.27.07. № 320-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Әрбiр баланың білім алуға құқығы бар және Қазақстан Республикасының білім туралы заңдарына сәйкес оған тегiн бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім және конкурстық негiзде тегiн техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім алуға кепiлдiк берiледi.
2007.27.07. № 320-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Тегiн жалпы орта білім немесе техникалық және кәсіптік білім алғанға дейiн баланы мемлекеттік білім беру мекемесiнен шығару, шығарудың жалпы тәртібін сақтаумен қатар тек қорғаншы және қамқоршы органдарды хабардар ете отырып қана жүргiзiлуi мүмкiн.
2021.26.06. № 56-VII ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалауға сәйкес арнаулы педагогикалық тәрбиенi қажет ететiн мүмкіндігі шектеулі балаларға мемлекеттік бюджеттен белгiленген стандарттар деңгейiнде олардың білім алуына кепiлдiк беретiн қосымша қаражат бөлінеді.
4. Мемлекет балалардың білім алу кезеңiнде әлеуметтiк қорғауды қажет ететiндерiнің күтiп-бағу шығынын толық немесе iшiнара көтередi. Олардың білім алу кезеңiнде әлеуметтiк көмектің мөлшерлерi мен көздерiн Қазақстан Республикасының Yкіметі белгiлейдi.
16-бап. Баланың еңбек бостандығына құқығы
1. Әрбiр баланың еңбек бостандығына, қызмет және кәсiп түрлерiн еркiн таңдауға құқығы бар.
2. Балалар он төрт жастан бастап, ата-аналарының рұқсатымен оқудан бос кезiнде денсаулығына және өсіп-жетiлуiне оңтайлы, баланың дене бiтiмiне, имандылығына және психикалық жай-күйiне зиян келтiрмейтiн қоғамдық пайдалы еңбекке қатысуға, сондай-ақ мамандық алуға құқығы бар. Бұл құқықты халықты еңбекпен қамту қызметi мен жергiлiктi мемлекеттік басқару органдары қамтамасыз етедi.
2007.15.05. № 253-III ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2010.23.11. № 354-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-тармақ өзгертілді
3. Он сегiз жасқа толмаған қызметкерлермен еңбек шартын жасасу және оны бұзу тәртібі және олардың еңбегін реттеудің басқа да ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленедi.
2010.23.11. № 354-IV ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Баланы оның денсаулығына қауіп төндіруі немесе білім алуына кедергі келтіруі не оның денсаулығына және дене бітімі, ақыл-ойы, рухани, моральдық және әлеуметтік жағынан дамуына нұқсан келтіруі мүмкін кез келген жұмысты орындауға қабылдауға немесе тартуға тыйым салынады.
2010.23.11. № 354-IV ҚР Заңымен 16-1-баппен толықтырылды
16-1-бап. Баланың экономикалық қанаудан қорғалу құқығы
Әрбір баланың экономикалық қанаудан қорғалуға құқығы бар.
17-бап. Баланың мемлекеттік көмекке құқығы
1. Мемлекеттік көмек оны алуға құқығы бар әрбiр балаға тағайындалады. Мемлекеттік көмектің мөлшерi және оны көрсетудің шарты мен тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
2. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, оның iшiнде жетiм балалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес толық мемлекеттік қамсыздандырылуда болады.
3. Мемлекеттік органдар ата-анасының қамқорлығынсыз қалған әрбiр балаға, қорғаншылық немесе қамқоршылық нысанына қарамастан, бiрдей материалдық және өзге де жағдайларды қамтамасыз етедi.
18-бап. Мемлекеттік ең төменгi әлеуметтiк стандарттарды белгiлеу
1. Балалардың мүддесiн көздейтiн мемлекеттік саясат мемлекеттік ең төменгi әлеуметтiк стандарттар негiзiнде жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік ең төменгi әлеуметтiк стандарттар әлеуметтiк қызмет көрсетулер бойынша белгiленген ең төменгi көлемде мыналарды:
2007.27.07. № 320-III ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) мемлекеттік білім беру тапсырысына сәйкес кепiлдiк берiлген, жалпыға бiрдей қолжетiмдi тегiн бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім мен конкурстық негiзде тегiн техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім берудi;
2) балаларға тегiн медициналық қызмет көрсетудi, оларды тамақтандырудың ең төменгi нормаларына сәйкес тамақтандыруды қамтамасыз етудi;
3) он бес жасқа толған балалардың кәсiби бағдарлау, қызмет саласын таңдау, жұмысқа орналасу, еңбегiнің қорғалу, еңбегiне ақы төлену құқығын Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен кепілдi қамтамасыз етудi;
2023.20.04. № 226-VІІ ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (2023 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4) балаларға әлеуметтiк қызмет көрсету, оларды әлеуметтiк қорғау, соның iшiнде туылуы мен тәрбиеленуiне байланысты, балалары бар азаматтарға мемлекеттік жәрдемақы төлеу жолымен кепiлдi материалдық қолдауды қамтамасыз ету, сондай-ақ арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды әлеуметтiк бейiмдеу және әлеуметтiк оңалту жөніндегі шараларды;
5) Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңдарына сәйкес тұрғын үйге құқығын қамтамасыз етудi;
6) балаларды сауықтыру мен олардың демалысын ұйымдастыруды, соның iшiнде төтенше жағдайларда, сондай-ақ экологиялық жағынан қолайсыз және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен сондай деп танылған аумақтарда тұратын балаларды сауықтыруды ұйымдастыруды;
7) біліктi заң көмегiн көрсетудi қамтиды.
3. Мемлекеттік ең төменгi әлеуметтiк стандарттар олардың өмiр сүру жағдайларындағы аймақтық айырмашылықтар ескерiле отырып айқындалады. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жергiлiктi мемлекеттік басқарудың органдары қосымша әлеуметтiк стандарттар белгiлей алады.
4. Тиiстi білім беру ұйымдарындағы, арнаулы оқу-тәрбие ұйымдарындағы, денсаулық сақтау, әлеуметтiк қызмет көрсету ұйымдарындағы немесе өзге де мекемелер мен ұйымдардағы балалардың өздерiне ұсынылған қызмет көрсетулердiң мемлекеттік ең төменгi әлеуметтiк стандарттарға сәйкестiгін мезгiл-мезгiл бағалап отыруға құқығы бар.
19-бап. Баланың дем алуға және бос уақытын пайдалануға құқығы
1. Әрбiр бала өзiнiң жасына, денсаулығына және қажеттерiне қарай демалуға және бос уақытын пайдалануға құқылы.
2. Ата-анасы немесе олардың орнындағы адамдар өздерiнiң қабiлеттерi мен мүмкiндiктерiне сәйкес баланың күтiлуi мен жан-жақты дамуына қажеттi өмiрлiк жағдайларды қамтамасыз етедi.
3. Мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес балалардың сауықтыру, спорт, шығармашылық және бос уақытын пайдаланатын өзге де ұйымдарын, лагерьлер мен санаторийлердi құрады және оларды қолдап отырады.
4. Мемлекет балалардың демалуға, сауығуға және бос уақытын пайдалануға құқығын қамтамасыз ету жөніндегі iс-шараларды жүзеге асырады.
2011.11.10. № 484-IV ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды
5. Балалардың сауықтыру, спорт, шығармашылық және бос уақытты өткізетін өзге де ұйымдарында, лагерьлері мен санаторийлерінде құдайға құлшылық етуді, дiни жораларды, рәсімдерді және (немесе) жиналыстарды өткізуге, сондай-ақ діни ілімдерді таратуға бағытталған іс-әрекеттерге жол берілмейді.
20-бап. Баланың мiндеттерi
Әрбiр бала Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандығын, ар-ожданы мен қадiр-қасиетiн, Республиканың мемлекеттік нышандарын құрметтеуге, еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға, тарихи және мәдени мұралардың сақталуына қам-қарекет жасауға, тарих және мәдениет ескерткiштерiн сақтауға, табиғатты сақтауға және табиғи байлықтарға ұқыпты қарауға мiндеттi.
4-тарау. Бала және отбасы
2010.23.11. № 354-IV ҚР Заңымен 21-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
21-бап. Баланың отбасында өмiр сүру және тәрбиелену құқығы
Баланың мүдделерiне қайшы келетiн жағдайларды қоспағанда, әрбiр баланың отбасында өмiр сүруге және тәрбиеленуге құқығы, өзiнiң ата-анасын және басқа да жақын туыстарын бiлуге құқығы, олардың қамқорлығы мен тәрбиесiн алуға құқығы бар.
2010.23.11. № 354-IV ҚР Заңымен 22-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
22-бап. Баланың отбасындағы құқықтары
Әрбір бала отбасында Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы Заңда және Қазақстан Республикасының басқа да заңдарында белгіленген жеке мүліктік емес және мүліктік құқықтарға ие.
2010.23.11. № 354-IV ҚР Заңымен 23-баптың орыс тіліндегі мәтініне өзгеріс енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді
23-бап. Бала тәрбиелеп отырған отбасыларына мемлекеттік қолдау
Мемлекет бала тәрбиелеп отырған отбасыларына Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен әлеуметтiк көмек беру арқылы қолдау көрсетедi.
24-бап. Ата-анасының баланы тәрбиелеу, күтiп-бағу және асырау жөніндегi мiндетi
2019.01.04. № 240-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Ата-анасы немесе басқа да заңды өкілдері баланың жан-жақты дамуы үшiн қажеттi өмір сүру жағдайын жасауға мiндеттi.
2. Ата-анасы баланы тәрбиелеуге, оны күтiп-бағуды жүзеге асыруға, материалдық жағынан қолдап, оның әл-ауқатына қамқорлық жасауға, тұрғын үймен қамтамасыз етуге міндеттi.
25-бап. Баланың ата-анасымен бipгe тұру құқығы
1. Баланың өз ата-анасымен немесе басқа да заңды өкілдерiмен бiрге тұруға құқығы бар.
2. Баланың, ата-анасының немесе заңды өкілдерiнiң ықтиярынсыз баланы ата-анасынан немесе заңды өкілдерiнен айыруға тыйым салынады. Оларды айыру туралы шешiмдi ерекше жағдайларда және баланы қорғау мақсатында қандай дәрежеде қажет болуына қарай сот қана қабылдайды.
3. Ата-анасы бiр-бiрiнен бөлек тұрған жағдайда баланың тұратын жерi ата-анасының келісімiмен, ал ол болмаған жағдайда, ата-аналар арасындағы дау сот арқылы шешiледi. Бұл орайда сот бала ата-анасының жеке қасиеттерi мен жағдайларын, сондай-ақ баланың мүдделерi мен пiкiрiн ескередi.
26-бап. Баланың өзiнен бөлек тұратын ата-анасымен қарым-қатынас жасау құқығы
1. Баланың өмiрi мен денсаулығына қатер төндiретiн жағдайлардың болуын қоспағанда, баланың өзiнен бөлек тұратын ата-анасы туралы ақпарат алуға, олармен кездесiп, араласып тұруға құқығы бар.
2. Бала құқығын шектеуге байланысты туындаған, осы бапта көзделген даулар сот тәртібімен шешiледi.
5-тарау. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланың құқықтары
2016.09.04. № 501-V ҚР Заңымен 27-бап жаңа редакцияда (2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
27-бап. Қорғаншылық, қамқоршылық, патронат және баланы қабылдайтын отбасы
1. Ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаға қорғаншылық, қамқоршылық немесе патронат белгіленеді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оның мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтарының қорғалуы үшін ол баланы қабылдайтын отбасына берілуі мүмкін.
2. Жасы он төртке толмаған балаларға қорғаншылық белгіленеді, ал он төрттен бастап он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандарға қамқоршылық белгіленеді.
3. Жергілікті атқарушы органдар қорғаншылық және қамқоршылық органдары болып табылады.
4. Ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған, оның ішінде тәрбиелеу, емдеу немесе басқа да мекемедегі балаға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес патронат белгіленуі мүмкін.
5. Тәрбиелеу мекемесіндегі жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес баланы қабылдайтын отбасына берілуі мүмкін.
6. Аға-інілері мен апа-сіңлілері (қарындастары) бар балаға қорғаншылық немесе қамқоршылық белгіленген жағдайда, олардың бірге тұруы үшін жағдай жасалады.
28-бап. Бала асырап алу
Отбасында өсiріп-жетiлдiру мен тәрбиелеу үшiн жағдайлар жасау мақсатында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен асырап алуға берiлуi мүмкін.
2016.09.04. № 501-V ҚР Заңымен 28-1-баппен толықтырылды
28-1-бап. Бала қонақтайтын отбасы
Барлық үлгідегі (білім беру, медициналық және басқа да) ұйымдардағы жетім балалар және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар білім беру процесіне байланысты емес кезеңдерде (каникулдар, демалыс және мереке күндері) бала қонақтайтын отбасыларға берілуі мүмкін.
2024.23.02. № 64-VIII ҚР Заңымен 28-2-баппен толықтырылды (2024 ж. 27 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді)
28-2-бап. Тәлімгерлік
1. Жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарындағы он жасқа толған жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тәлімгерлікті өтеусіз негізде жүзеге асыратын тәлімгер бекітілуі мүмкін. Тәлімгерлікті ұйымдастыру тәртібін Қазақстан Республикасының балалар құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы айқындайды.
2. Тәлімгер жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарындағы жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға өз бетінше өмір сүруге дайындалуға жеке қолдау мен көмек көрсетеді.
3. Мыналар тәлімгер бола алмайды:
1) Қазақстан Республикасының азаматтығы жоқ және кәмелетке толмаған адам;
2) сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған адам;
3) жұбайын (зайыбын) сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған адам;
4) сот ата-ана құқықтарынан айырған немесе сот ата-ана құқықтарын шектеген адам;
5) өзіне Қазақстан Республикасының заңымен жүктелген міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін қорғаншы немесе қамқоршы міндеттерінен шеттетілген адам;
6) бұрынғы бала асырап алушы, егер оның кінәсінен сот бала асырап алудың күшін жойса;
7) денсаулық жағдайына байланысты ата-ана құқықтарын жүзеге асыра алмайтын адам (адам бала асырап ала алмайтын, оны қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа, патронатқа қабылдай алмайтын аурулардың тізбесін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілейді);
8) тұрақты тұрғылықты жері жоқ адам;
9) дәстүрлі емес сексуалдық бағдарды ұстанатын адам;
10) тәлімгер болып тағайындалған кезде қасақана қылмыс жасағаны үшін өтелмеген немесе алынбаған сотталғандығы бар адам;
11) тәлімгерлік белгіленген кезде өзін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейімен қамтамасыз ететін кірісі жоқ адам;
12) наркологиялық немесе психоневрологиялық диспансерлерде есепте тұрған адам;
13) адам өлтіру, денсаулыққа қасақана зиян келтіру сияқты, халық денсаулығына және адамгершілікке, жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін, экстремистік немесе террористік қылмыстар, адам саудасы үшін сотталғандығы бар немесе болған, қылмыстық қудалауға ұшырап отырған немесе ұшыраған адам (Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігі 1) және 2) тармақшаларының негізінде өздеріне қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылған адамдарды қоспағанда) тәлімгер бола алмайды.
Егер тәлімгер болып тағайындалатын адам некеде тұрса (ерлі-зайыпты болса) не өзге адамдармен бірге тұрып жатса, жұбайына (зайыбына) не бірге тұратын адамдарға осы тармақтың бірінші бөлігінің 4) - 6), 10), 12) және 13) тармақшаларында белгіленген талаптар қолданылады.
4. Тәлімгердің:
1) жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында тұрып жатқан балаға баруға, сондай-ақ баланың және осы білім беру ұйымы басшысының келісімімен баламен тұрып жатқан жерінен тыс жерде қарым-қатынас жасауға;
2) білім беру процесіне байланысты емес кезеңдерде (каникулдар, демалыс және мереке күндері) баланың қосымша білім беру қызметтерін, тәрбиелік және медициналық қызметтерді алуына көмек көрсетуге құқығы бар.
5. Тәлімгердің:
1) баланы Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерге әкетуге;
2) медициналық көмек көрсету үшін баланы медициналық ұйымға орналастыру немесе оны ішкі істер органдарына жеткізу жағдайларын қоспағанда, баламен оның тұрып жатқан жерінен тыс жерде қарым-қатынас жасаған кезде баланы үшінші тұлғалардың (жеке және (немесе) заңды тұлғалардың) қарауына қалдыруға;
3) тәлімгерлік туралы шарттың өзге де талаптарын бұзуға құқығы жоқ.
6. Тәлімгер:
1) баламен бірге болу кезеңінде оның өмірі мен денсаулығына жауапты болуға;
2) қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдарға немесе жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған, бала тұрып жатқан білім беру ұйымына баланың өміріне және (немесе) денсаулығына қауіп төндіретін жағдайдың туындағаны, оның ауырып қалғаны, жарақат алғаны, медициналық көмек көрсету үшін баланың медициналық ұйымға орналастырылғаны немесе ішкі істер органдарына жеткізілгені туралы дереу хабарлауға;
3) тәлімгерлік туралы шарттың өзге де талаптарын сақтауға міндетті.
2009.11.07. № 185-IV ҚР Заңымен 29-бап өзгертілді (жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
29-бап. Баланы тәрбиелейтiн, емдейтiн және сол сияқты өзге де мекемелерде күтiп-бағу мен тәрбиелеу
1. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала, оны отбасында тәрбиелеуге беруге мүмкіндiк болмаған жағдайда, тәрбиелейтiн, емдейтiн немесе сол сияқты өзге де балалар мекемелерiне орналастырылуға тиiс.
2. Балаға тиесiн алимент, жәрдемақы және басқа әлеуметтiк төлемдер оның банк шотына аударылады және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен төленедi.
3. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған тәрбиелейтiн, емдейтiн және сол сияқты өзге де мекемелердегi балаға отбасылық тәрбиеге жақындатылған жағдай жасалады. Баланың күтіп-бағуды пайдалануға, тәрбие, білім алуға, жан-жақты дамуға, ар-ожданы мен қадiр-қасиетінің құрметтелуiне, өз мүдделерiнің қамтамасыз етiлуiне, ана тiлінiң, мәдениетiнiң, ұлттық әдет-ғұрпы мен дәстүрiнің сақталуына құқығы бap.
4. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тәрбиеленетiн, емделетiн және сол сияқты өзге де мекемелердiң аталған мекемелердегi балаларға қатысты педагогикаға жат немесе азғындық әрекеттер жасаған қызметкерлерi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
2010.23.11. № 354-IV ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған тәрбиелейтiн, емдейтiн және соған ұқсас басқа да мекемелердегi баланың құқықтары мен мүдделерiн қорғауды, оның жұмысқа орналасуына жәрдемдесудi жергiлiктi атқарушы органдар жүзеге асырады. Ата-анасынан кәмелеттiк жасқа толғанға дейiн айрылған жетiм балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңдарына сәйкес пайдалануға мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй беріледi.
30-бап. Баланың құқықтарын қорғау жөніндегi функцияны жүзеге асыратын ұйымдар
2010.29.12. № 372-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.26.12. № 517-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.18.02. № 175-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді; 2019.01.04. № 240-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2022.03.05. № 118-VII ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2022.27.06. № 129-VII ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2023.20.04. № 226-VІІ ҚР Заңымен (2023 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Туғаннан үш жасқа дейінгі жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, туғаннан төрт жасқа дейінгі психикалық және физикалық дамуы бұзылған балаларға арналған, баладан бас тарту қаупі бар отбасыларды психологиялық-педагогикалық қолдап отыруды жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдарына туғаннан үш (төрт) жасқа дейінгі жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қабылданады. Туғаннан үш жасқа дейінгі жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, туғаннан төрт жасқа дейінгі психикалық және физикалық дамуы бұзылған балаларға арналған, баладан бас тарту қаупі бар отбасыларды психологиялық-педагогикалық қолдап отыруды жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдарында балаларды уақытша бағып-күту үшін арнаулы бөлімшелер ашылады.
Арнаулы бiлiм беру ұйымдарына он бiр жастан он сегiз жасқа дейiнгi девиантты мiнез-құлықты балалар орналастырылады.
Ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарына он бір жастан он сегіз жасқа дейінгі, тәрбиелеудің, оқытудың ерекше жағдайларын қажет ететін және арнаулы педагогикалық тәсілді талап ететін балалар орналастырылады.
Отбасы үлгісіндегі балалар ауылын, жасөспірімдер үйін және кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығын қоспағанда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарына үш жастан он сегіз жасқа дейінгі жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қабылданады.
Жалпы үлгiдегi жалпы білiм беретiн мектеп-интернатқа жетiм балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ табысы аз және көп балалы отбасылардың алты жастан он сегiз жасқа дейiнгi, осы үлгiдегi ұйымдарда күтіп-бағуға медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ балалар қабылданады.
Медициналық-әлеуметтік мекемеге (ұйымға) күтімге, медициналық, тұрмыстық қызмет көрсетуге және әлеуметтік-еңбекке бейімдеуге мұқтаж, төрт жастан он сегіз жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар қабылданады.
Отбасы үлгiсiндегi балалар ауылына он сегiз жасқа дейiнгi жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қабылданады. Балаларды отбасы үлгiсiндегi балалар ауылдарына қабылдау тәртібі мен оларды күтiп-бағу шарттары Қазақстан Республикасының отбасы үлгісіндегі балалар ауылдары және жасөспірімдер үйлері туралы заңнамасында айқындалады.
Жасөспірімдер үйінде балалар ауылы, балалар үйі, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернат әкімшілігінің шешімі негізінде, психоневрологиялық аурулары бар адамдарды қоспағанда, он алты жастан жиырма үш жасқа дейінгі балалар ауылдарының тәрбиеленушілері және балалар үйлерінің, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернаттардың түлектері әлеуметтік бейімдеуден өте алады.