5) мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартында белгіленген мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі өткенге дейін бір тәуліктен кешіктірмей Мемлекеттік корпорация арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің нәтижесін Мемлекеттік корпорацияға жеткізуді қамтамасыз етуге;»;
екінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«Мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде көрсетілетін қызметтерді алушылардан:
1) ақпараттық жүйелерден алуға болатын құжаттарды;
2) Қазақстан Республикасының зейнетақымен және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелерін реттейтін заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, көрсетілетін қызметті берушінің салыстырып-тексеруі үшін түпнұсқалары ұсынылған құжаттардың нотариат куәландырған көшірмелерін талап етуге жол берілмейді.»;
4) 6-бап мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:
«2-1) Мемлекеттік корпорация арқылы көрсетілуге жататын мемлекеттік қызметтерді іріктеу жөніндегі Ведомствоаралық комиссия туралы ережені және оның құрамын бекітеді;»;
5) 9-бапта:
2), 3), 4), 5) және 6) тармақшалар алып тасталсын;
11) және 12) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
«11) мемлекеттік қызметтер көрсетудің электрондық нысанын көздейтін мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарының жобаларын келісуді жүзеге асырады;
12) электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік қызметтер стандарттарын жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлейді;»;
мынадай мазмұндағы 12-1) және 12-2) тармақшалармен толықтырылсын:
«12-1) құзыреті шегінде Мемлекеттік корпорацияның қызметін тексеруді жүзеге асырады;
12-2) мемлекеттік органдар мен ұйымдардан Мемлекеттік корпорацияның қызметі туралы мәліметтерді алуға құқылы;»;
6) мынадай мазмұндағы 9-1-баппен толықтырылсын:
«9-1-бап. Орталық мемлекеттік органдар арасынан Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын уәкілетті органның құзыреті
Уәкілетті орган:
1) Мемлекеттік корпорацияның қызметі қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
2) ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша Мемлекеттік корпорация арқылы көрсетілуге жататын мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді іріктеу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
3) Мемлекеттік корпорацияның қызметін ұйымдастыруды және бақылауды жүзеге асырады;
4) Мемлекеттік корпорацияның қызметін және оның көрсетілетін қызметті берушілермен өзара іс-қимыл жасауын үйлестіреді;
5) Мемлекеттік корпорацияның қызметін әдіснамалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады;
6) Мемлекеттік корпорация арқылы мемлекеттік қызметтер көрсету көзделген мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарының жобаларын келісуді жүзеге асырады;
7) Мемлекеттік корпорация арқылы ұсынылатын мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарын жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлейді;
8) Мемлекеттік корпорация көрсететін қызметтерге баға белгілеу тәртібін айқындайды.»;
7) 10-баптың 12) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«12) егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, Мемлекеттік корпорацияға мемлекеттік қызметтер көрсету үшін қажетті мәліметтерді қамтитын ақпараттық жүйелерге қолжетімділік береді;»;
8) 11-баптың 10) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«10) егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, Мемлекеттік корпорацияға мемлекеттік қызметтер көрсету үшін қажетті мәліметтерді қамтитын ақпараттық жүйелерге қолжетімділік береді;»;
9) 2-тарау мынадай мазмұндағы 11-1-баппен толықтырылсын:
«11-1-бап. Мемлекеттік корпорацияның қызметін ұйымдастыру
1. Мемлекеттік корпорация «бір терезе» қағидаты бойынша жеке және (немесе) заңды тұлғаларға мемлекеттік қызметтер көрсету, жеке және заңды тұлғалардың міндетті мемлекеттік тіркеуіне жатпайтын жылжымалы мүлік кепілін тіркеу, ғимараттарды, құрылыстарды және (немесе) олардың құрамдастарын техникалық зерттеп-қарау, мемлекеттік жер кадастрын жүргізу, зейнетақымен және әлеуметтік қамсыздандыру саласында қызметін жүзеге асыратын бірыңғай провайдер болып табылады.
Өзге тұлғаларға бірыңғай провайдердің қызметін жүзеге асыруға тыйым салынады.
2. Мемлекеттік корпорация акционерлік қоғам нысанында құрылады, ол коммерциялық емес ұйым болып табылады.
Мемлекеттік корпорацияның өз филиалдары болады.
3. Мемлекеттік корпорацияның жалғыз акционері Қазақстан Республикасының Үкіметі болып табылады. Мемлекеттік корпорацияның уәкілетті органы орталық мемлекеттік органдар арасынан Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен айқындалады.
4. Мемлекеттік корпорация:
1) мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын арттыруды қамтамасыз етеді;
2) мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттары мен регламенттерінің сақталуын қамтамасыз етеді;
3) көрсетілетін қызметті алушылардың мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібі туралы хабардар болуын қамтамасыз етеді;
4) көрсетілетін қызметті алушылардың мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша өтініштерін қарайды;
5) мемлекеттік қызметтер көрсету саласында қызметкерлердің біліктілігін арттыруды қамтамасыз етеді;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес «бір терезе» қағидаты бойынша жеке және (немесе) заңды тұлғаларға мемлекеттік қызметтер көрсетеді;
7) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.»;
10) 14-баптың 3) және 4) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:
«3) орталық мемлекеттік органдардың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының, қаладағы аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдерінің, сондай-ақ көрсетілетін қызметті берушілердің және (немесе) олардың лауазымды адамдарының, Мемлекеттік корпорацияның және (немесе) оның қызметкерлерінің мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдану тәртібін;
4) мемлекеттік қызмет көрсету, оның ішінде электрондық нысанда және Мемлекеттік корпорация арқылы көрсету ерекшеліктері ескеріле отырып, өзге де талаптарды көздейді.»;
11) 17-баптың 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«4) мемлекеттік қызмет көрсету процесінде Мемлекеттік корпорациямен және (немесе) өзге де көрсетілетін қызметті берушілермен өзара іс-қимыл жасау тәртібін, сондай-ақ ақпараттық жүйелерді пайдалану тәртібін сипаттауды көздейді.»;
12) 18-баптың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«2) Мемлекеттік корпорация арқылы;»;
13) 20-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«20-бап. Мемлекеттік корпорация арқылы мемлекеттік қызметтер көрсету
1. Көрсетілетін қызметті алушының өтініші мен құжаттарын көрсетілетін қызметті берушілерге қағаз жеткізгіште жөнелтуді көздейтін мемлекеттік қызметтерді Мемлекеттік корпорация арқылы көрсету кезінде өтініштер мен құжаттар қабылданған күн мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартында белгіленген мемлекеттік қызмет көрсету мерзіміне кірмейді.
2. Мемлекеттік корпорацияның қызметкері мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартында көзделген тізбеге сәйкес құжаттардың толық топтамасы көрсетілетін қызметті алушыда болған кезде оның өтінішін қабылдауға міндетті.
Көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартында көзделген тізбеге сәйкес құжаттардың толық топтамасын ұсынбаған жағдайда, Мемлекеттік корпорацияның қызметкері өтінішті қабылдаудан бас тартады.
3. Мемлекеттік корпорация арқылы мемлекеттік қызмет көрсету кезінде көрсетілетін қызметті алушының жеке басын сәйкестендіруді Мемлекеттік корпорацияның қызметкерлері жүзеге асырады.
4. Мемлекеттік корпорация арқылы мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде көрсетілетін қызметті берушілермен өзара іс-қимыл жасау мемлекеттік қызметтер көрсету мониторингінің ақпараттық жүйесі пайдаланыла отырып жүзеге асырылады.
5. Көрсетілетін қызметті алушының өтініші бойынша Мемлекеттік корпорацияның қызметкері көрсетілетін қызметті алушы ұсынған құжаттың түпнұсқасынан жасалған құжаттың электрондық көшірмесін куәландырады.
6. Мемлекеттік корпорацияның қызметкерлері мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, ақпараттық жүйелерде қамтылған, заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді пайдалануға көрсетілетін қызметті алушының жазбаша келісімін алуға міндетті.»;
14) 21-бапта:
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Мемлекеттік корпорация арқылы электрондық нысанда мемлекеттік қызмет көрсету кезінде көрсетілетін қызметті алушының жазбаша келісімі негізінде электрондық құжат нысанындағы оның сұрау салуын Мемлекеттік корпорацияның қызметкері өзіне қызметтік мақсатта пайдалану үшін берілген электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырады.»;
мынадай мазмұндағы 5-тармақпен толықтырылсын:
«5. Электрондық нысанда мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін мемлекеттік органдар тұрақты түрде өздерінің ақпараттық жүйелеріндегі электрондық ақпараттық ресурстарын жаңартылған күйде ұстап тұруға міндетті.»;
15) 23-бапта:
1-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«1) мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарын көрсетілетін қызметті берушілердің орналасқан жерлерінде және Мемлекеттік корпорацияда орналастыру;»;
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Орталық мемлекеттік органдар, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары, қаладағы аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдері, көрсетілетін қызметті берушілер және Мемлекеттік корпорация көрсетілетін қызметті алушылар өтініш жасаған кезде оларға қажетті түсініктемелермен бірге мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібі туралы ақпаратты дереу беруге міндетті.»;
16) 25-бапта:
2-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Орталық мемлекеттік органның, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының, қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің, көрсетілетін қызметті берушінің, Мемлекеттік корпорацияның атына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы оны тіркеген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қарауға жатады.»;
3-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«1) көрсетілетін қызметті алушының шағымы бойынша орталық мемлекеттік орган, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы, қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімі, көрсетілетін қызметті беруші, Мемлекеттік корпорация қабылдаған шешімге оның қанағаттанбауы себептерін кешенді зерделеуді қамтамасыз етуге;»;
17) 29-бапта:
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына қоғамдық мониторинг жүргізу кезінде жеке тұлғалар, коммерциялық емес ұйымдар, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпияларды, коммерциялық және өзге де заңмен қорғалатын құпияны құрайтын ақпаратты қоспағанда, мемлекеттік қызметтер көрсету саласына жататын қажетті ақпаратты орталық мемлекеттік органдардан, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарынан, қаладағы аудандар, аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар, ауылдық округтер әкімдерінен, Мемлекеттік корпорациядан осы ақпарат олардың интернет-ресурстарында болмаған жағдайда, сұратуға құқылы.»;
3-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«1) орталық мемлекеттік органдардың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының, қаладағы аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдерінің, Мемлекеттік корпорацияның, сондай-ақ көрсетілетін қызметті берушілердің Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы заңнамасының талаптарын сақтауы туралы ақпаратты;»;
4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Орталық мемлекеттік органдар, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары, қаладағы аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдері, Мемлекеттік корпорация, сондай-ақ көрсетілетін қызметті берушілер мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына қоғамдық мониторинг қорытындысын ескере отырып, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын арттыру жөнінде шаралар қабылдайды.».
26. «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» 2013 жылғы 21 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2013 ж., № 7, 35-құжат):
1) 8-бап мынадай мазмұндағы 3-тармақпен толықтырылсын:
«3. Субъект «электрондық үкімет» веб-порталында пайдаланушы кабинеті арқылы, сондай-ақ субъектінің «электрондық үкімет» веб-порталында тіркелген ұялы байланысының абоненттік номері арқылы «электрондық үкімет» веб-порталының хабарламасына жауап ретінде бір реттік парольді жіберу жолымен немесе қысқа мәтіндік хабарлама жөнелту жолымен дербес деректердi жинауға, өңдеуге келісім беруге құқылы.»;
2) 10-бап мынадай мазмұндағы 4-тармақпен толықтырылсын:
«4. Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріндегі дербес деректерді үшінші тұлғалар «электрондық үкімет» веб-порталындағы пайдаланушы кабинетінен берілген субъектінің келісімі болған жағдайда «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы, сондай-ақ субъектінің «электрондық үкімет» веб-порталында тіркелген ұялы байланысының абоненттік нөмірі арқылы «электрондық үкімет» веб-порталының хабарламасына жауап ретінде бір реттік парольді жіберу жолымен немесе қысқа мәтіндік хабар жөнелту жолымен ала алады.».
27. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» 2013 жылғы 21 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2013 ж., № 10-11, 55-құжат; № 21-22, 115-құжат; 2014 ж., № 1, 1-құжат; № 6, 28-құжат; № 8, 49-құжат; № 11, 61-құжат; № 19-I, 19-II, 96-құжат; № 21, 122-құжат; № 22, 131-құжат; № 23, 143-құжат; 2015 ж., № 6, 27-құжат; № 8, 45-құжат; № 10, 50-құжат; № 15, 78-құжат):
1) 1-бапта:
12) тармақшадағы «уәкiлеттi ұйымнан төленетін» деген сөздер «жасына байланысты» деген сөздермен ауыстырылсын, 16) тармақшадағы «уәкілетті ұйымнан» деген сөздер «жасына байланысты зейнетақы төлемдері» деген сөздермен ауыстырылсын, 17) тармақшадағы «уәкiлеттi ұйымнан» деген сөздер «жасына байланысты» деген сөздермен ауыстырылсын және 39) тармақшадағы «уәкiлеттi ұйымнан төленетiн мемлекеттiк базалық зейнетақы төлемiн және зейнетақы төлемдерiн» деген сөздер «мемлекеттiк базалық зейнетақы төлемiн және жасына байланысты зейнетақы төлемдерiн» деген сөздермен ауыстырылсын;
40) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«40) «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі - Мемлекеттік корпорация) - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру үшін, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;»;
2) 4-бапта:
2-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Мемлекеттiк базалық зейнетақы төлемi жасына байланысты және (немесе) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан және (немесе) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдерiн, сондай-ақ мүгедектiгi бойынша мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақы алуына қарамастан беріледі.»;
4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің, еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерiнiң мөлшерiн арттыру Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен жыл сайын жүргiзiледi.»;
3) 7-бапта:
2), 3) және 4) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
«2) жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшерiн жыл сайын арттыру тәртiбiн айқындайды;
3) жасына байланысты зейнетақы төлемдерін бiр жарым есе мөлшерде тағайындауға еңбек өтілін жеңiлдiкпен есептеу үшiн сот-медициналық сараптаманы және патологиялық-анатомиялық диагностиканы жүзеге асыратын ұйымдардағы жұмыстар тiзбесiн әзiрлейдi;
4) толық маусым iшiндегi жұмысы жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшiн бiр жылғы жұмыс өтіліне есепке жатқызылатын өнеркәсiптiң маусымдық салаларының тiзiмiн әзiрлейдi;»;
мынадай мазмұндағы 6-1), 6-2), 6-3), 6-4) және 6-5) тармақшалармен толықтырылсын:
«6-1) міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын және (немесе) өсімпұлдарды дербестендірілген есепке алуды жүргізу тәртібін айқындайды;
6-2) зейнетақымен және әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы ақпараттық жүйелер мен дерекқорларға қол жеткізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
6-3) құзыреті шегінде Мемлекеттік корпорацияның қызметін тексеруді жүзеге асырады;
6-4) Мемлекеттік корпорацияның статистикалық және өзге де есептік ақпаратты ұсыну қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
6-5) зейнетақымен және әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы ақпараттық жүйелерді қолдау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;»;
8) және 9-6) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
«8) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының Мемлекеттік корпорацияға салымшылармен (алушылармен) міндетті зейнетақы жарналары, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы жасалған және қолданысын тоқтатқан шарттар жөніндегі мәліметтерді электрондық құжат айналымын пайдалана отырып ұсынуы қағидаларын әзірлейді және бекітеді;»;
«9-6) мемлекеттiк базалық зейнетақы төлемiн бюджет қаражаты есебiнен беру, сондай-ақ жасына байланысты зейнетақы төлемдерiн тағайындау және жүзеге асыру қағидаларын әзірлейді және бекiтедi;»;
4) 2-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
«2-тарау. Зейнетақымен қамсыздандыруды жүзеге асыру тәртібі»;
5) 9-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«9-бап. Зейнетақы төлемдерiн алу құқығы
Азаматтарға осы Заңда белгіленген жағдайлар басталған кезде мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін және зейнетақы төлемдерін алу құқығына кепілдік беріледі.
Зейнеткерлік жасқа толған зейнеткерлерге еңбек сiңiрген жылдары үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн тағайындалған жасына байланысты зейнетақы төлемдерiн қайта тағайындату құқығы берiледi.»;
6) 10-бапта:
тақырып және 1-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«10-бап. Зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар азаматтар санаттары
1. Зейнетақы төлемдерi азаматтардың мынадай санаттарына:»;
2 және 3-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алушы, оның ішінде мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін алушы қайтыс болған жағдайда, оның отбасына не жерлеуді жүзеге асырған адамға республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 15,7 еселенген мөлшерінде жерлеуге арналған біржолғы төлем төленеді.
3. Ұлы Отан соғысының қатысушысы немесе мүгедегі болып табылатын, жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алушы қайтыс болған жағдайда, оның отбасына не жерлеуді жүзеге асырған адамға республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 36,6 еселенген мөлшерінде жерлеуге арналған біржолғы төлем төленеді.»;
7) 11-бапта:
тақырып мынадай редакцияда жазылсын:
«11-бап. Жасына байланысты зейнетақы төлемдерiн тағайындау»;
1-тармақта:
бірінші бөліктің бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Жасына байланысты зейнетақы төлемдерiн тағайындау:»;
екінші бөліктің бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«Бұл ретте әйелдерге жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау:»;
2-тармақтың үшінші абзацындағы және 3-тармақтағы «Орталықтан төленетiн» деген сөздер «жасына байланысты» деген сөздермен ауыстырылсын;
4-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Жасына байланысты зейнетақы төлемдері толық көлемде осы баптың 1-3-тармақтарында белгіленген жасқа толғанда азаматтардың мынадай санаттарына:»;
5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«5. Жасына байланысты зейнетақы төлемдері толық емес көлемде осы баптың 1 - 3-тармақтарында аталған азаматтардың санаттарына олардың жасына байланысты зейнетақы төлемін толық көлемде алу құқығы болмаған кезде, 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша кемінде алты ай еңбек өтілінің болуына қарай тағайындалады.»;
6 және 7-тармақтардағы «Орталықтан төленетiн» және «Орталықтан» деген сөздер тиісінше «Жасына байланысты», «жасына байланысты» деген сөздермен ауыстырылсын;
8) 12-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«12-бап. Мемлекеттiк базалық зейнетақы төлемiн және жасына байланысты зейнетақы төлемдерiн жүзеге асыру кезеңi
Мемлекеттiк базалық зейнетақы төлемi және жасына байланысты зейнетақы төлемдерi өмiр бойына тағайындалады және қайтыс болған немесе Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен айын қоса алғанда жүзеге асырылады.»;
9) 13-баптың тақырыбы және 1-тармағының бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«13-бап. Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшiн еңбек өтілін есептеу
1. Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшiн еңбек өтілін есептеу кезiнде мыналар есепке алынады:»;
2-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшiн еңбек өтілін жеңiлдiкпен есептеу кезiнде мыналар да есепке алынады:»;
10) 14-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«1. 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiнгi кезеңге жасына байланысты зейнетақы төлемдерiн есептеу үшiн еңбек өтілі еңбек кiтапшасымен расталады.»;
11) 14-1 және15-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
«14-1-бап. Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін тағайындау тәртібі мен мерзімі
1. Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін тағайындауға өтініш тізбесін орталық атқарушы орган айқындайтын құжаттарымен қоса Мемлекеттік корпорацияға беріледі.
Адамдар мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін тағайындату үшін «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы өтініш жасауға құқылы.
2. Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін тағайындау мерзімі өтініштің қоса берілген құжаттарымен бірге Мемлекеттік корпорацияда тіркелген күнінен бастап сегіз жұмыс күнінен аспайды.
3. Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін тағайындауды мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін және жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындайтын орган өтініш берілген күннен бастап жүргізеді.
4. Өтініш пен қажетті құжаттардың Мемлекеттік корпорацияда тіркелген күні мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін тағайындауға өтініш жасалған күн болып есептеледі.
15-бап. Жасына байланысты зейнетақы төлемдерiнiң мөлшерiн есептеу
1. Жасына байланысты зейнетақы төлемдерiн толық көлемде есептеу осы Заңның 16-бабына сәйкес айқындалатын орташа айлық кірістің 60 пайызы есебiнен жүргiзiледi.
2. Жасына байланысты зейнетақы төлемдерiнiң мөлшерiн есептеу 1995 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыстағы үзiлiстерге қарамастан, қатарынан кез келген үш жыл iшiндегi орташа айлық кіріс негiзге алына отырып жүзеге асырылады.
«Байқоңыр» кешенiнiң ресейлiк ұйымдарында жұмыс iстеген кезеңде алынған кірісті қоспағанда, 1998 жылғы 1 қаңтардан басталған кезең үшін орташа айлық кірістің мөлшерi орталық атқарушы орган айқындайтын тәртiппен жинақтаушы зейнетақы қорларына немесе бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына мiндеттi зейнетақы жарналары жүзеге асырылған кіріске сәйкес белгiленедi.
3. «Байқоңыр» кешенiнiң ресейлiк ұйымдарында жұмыс iстеген адамдарға 1998 жылғы 1 қаңтардан басталған кезең үшін орташа айлық кірістің мөлшерi жұмыс берушi беретiн кіріс туралы анықтамамен расталатын кіріске сәйкес белгiленедi.
Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін есептеу жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін өтініш жасалған күнге уәкілетті орган белгілеген, Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының шетел валюталарына қатысты ресми бағамы бойынша Ресей Федерациясының валютасымен төленген кіріс мөлшері негізге алына отырып жүргізіледі.
4. Талап етілетін еңбек өтілінен артық 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін жұмыс істеген әрбір толық жыл үшін жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1 пайызға ұлғайтылады, бірақ ол зейнетақы төлемдерін есептеу үшін ескерілетін кірістің 75 пайызынан аспайды.
5. Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне, әскери қызметшілерге, ішкі істер органдарының, прокуратураның, Қазақстан Республикасының бұрынғы Мемлекеттік тергеу комитетінің қызметкерлеріне және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен өндірістердің, жұмыстардың, кәсіптердің, лауазымдардың және көрсеткіштердің № 1 тізімі бойынша және жұмыс орындарын аттестаттау нәтижелері бойынша зейнетақы 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін жеңілдікті шарттарда тағайындалған адамдарға төленетін зейнетақы төлемдерінің мөлшерлерін қоспағанда, 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін тағайындалған жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің ең жоғары мөлшері республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленетін айлық есептік көрсеткіштің 41 еселенген мөлшерінің 75 пайызынан аспауға тиіс.»;