4. Өтiнiш берушiнiң талаптарын растайтын мына құжаттар түпнұсқа түрiнде кiнә қоюға қоса берілуге тиiс:
1) жолаушының өміріне немесе денсаулығына келтірілген зиянды өтеу туралы талап қойылған жағдайда - жол жүру құжаты (билет) және жазатайым оқиға туралы акт;
2) жолаушылар поезының жөнелтiлуi кiдiртiлген немесе ол кешiгiп келген, жол жүргені үшін төлемді қайтару туралы талап қойылған жағдайда - жол жүру құжаты (билет);
3) багажды, жүк-багажды жоғалтқан, жеткiзiп беру мерзiмiн бұзған, багажды, жүк багажды тасымалдағаны үшін тасымалдау ақысын қайтару туралы талап қойылған жағдайда - багаждың, жүк-багаждың түбіртегі;
4) багаж, жүк-багаж жетiспеген, бұзылған (бүлiнген) жағдайда - багаж, жүк-багаж түбіртегі мен коммерциялық акт;
5) жолаушыны, багажды, жүк-багажды тасымалдағаны үшін тариф дұрыс қолданылмаған, багаждың, жүк-багаждың салмағы қате анықталған, тасымалдау төлемдерін айқындау кезіндегі есептеуде қате жіберілген жағдайларда - жол жүру құжаты (билет), багаждың, жүк-багаждың түбіртегі;
6) жүк түгелдей жоғалған жағдайда - жүктің келіп түспегені туралы межелі станцияның белгісі қойылған жүкті қабылдау туралы түбіртек және жөнелтілген жүктің саны мен құнын растайтын құжат;
7) жүк жетiспеген, бұзылған (бүлiнген) жағдайда - темір жол көлiгi жүкқұжаты, межелі станция берген коммерциялық акт және жөнелтілген, жетiспеген, бұзылған (бүлiнген) жүктің саны мен құнын растайтын құжаттар.
Жүк жөнелтуші мен жүк алушы арасындағы есеп айырысу нормаланған және іс жүзіндегі ылғалдылық ескеріле отырып, жүргізілетін жүк жетіспеген жағдайда, кінә қоюға жүкті жөнелту және беру кезіндегі оның ылғалдылығын растайтын құжаттар қоса беріледі.
Жүкті беру кезінде оның бағасын арзандату немесе сортын төмендету жүргізілген жүк бұзылған (бүлiнген) жағдайда кінә қою актісіне сараптама актісі қоса беріледі;
8) жүктi жеткiзiп беру мерзiмдерi бұзылған жағдайда - темір жол көлiгi жүкқұжаты;
9) тариф артық төленген жағдайда - темір жол көлiгi жүкқұжаты немесе жүкті тасымалдауға қабылдау туралы түбіртек және төленгенін растайтын құжаттар;
10) тасымалдау орындалмаған жағдайда - тасымалдаушының жүкті қайтарғаны туралы белгісі қойылған жүкті тасымалдауға қабылдау туралы түбіртек;
11) жүк тасымалдаумен байланысты алымдар мен айыппұлдар артық төленген жағдайда - олардың есептелгенін және төленгенін растайтын құжаттар;
12) тасымалдаушы заңды немесе жеке тұлғаларға тиесілі немесе олар жалға алған вагондарды, контейнерлерді жоғалтқан, зақымдаған жағдайда - межелі станциядағы тасымалдаушының вагондардың, контейнерлердің жеткізілмегені туралы белгісімен жүкті тасымалдауға қабылдау туралы түбіртек, техникалық паспорттар мен оларға меншік құқығын немесе жалға алынғанын растайтын құжаттар.
5. Бір кінә қоюда осы бапта көрсетілген әртүрлі жағдайлар бойынша талаптар біріктірілмеуі тиіс.
Жүктің жоғалғаны, жетіспеуі, бүлінгені немесе бұзылғаны үшін кінә қою әрбір жөнелтілім бойынша жеке қойылады.
Бір атаудағы, бір станцияда бір ғана жүк жөнелтуші бір межелі станцияға бір жүк алушының мекенжайына жөнелткен жүктер бойынша тасымалдауды ресімдеу кезінде тасымалдаушы олар бойынша бір коммерциялық акт жасаған жүк жөнелтілімдері тобы бойынша бір кінә қоюды ресімдеуге рұқсат етіледі.
Маршруттық немесе топтап тасымалданған жүктер бойынша кінә қою коммерциялық актіде көрсетілген вагондар санына қойылады.
Жүкті жеткізу мерзімі асып кеткен кезде олар бір тәулік ішінде келсе, бірнеше жүк жөнелтілімін бір кінә қоюда біріктіруге рұқсат етіледі.»;
51) мынадай мазмұндағы 89-1-баппен толықтырылсын:
«89-1-бап. Кінә қоюды ресімдеу
1. Кінә қоюда мынадай мәліметтер көрсетіледі:
1) кінә қоюшы өтінім берушінің тегі, аты, әкесінің аты немесе толық атауы, почталық деректемелері, оның жасалған күні;
2) олардың негізінде кінә қойылған мән-жайлар;
3) өтінім берушінің талаптары, кінә қойылған сома және оның есептеулері, банктік деректемелері;
4) кінә қоюға қоса берілетін құжаттардың, сондай-ақ басқа да дәлелдемелердің тізбесі.
2. Жеке тұлғадан келген кінә қоюға өтініш беруші оның жеке басын куәландыратын құжаттың және салық төлеуші куәлігінің көшірмесін қоса беріп, қол қояды.
Заңды тұлғадан келген кінә қою мөрмен куәландырылады және оған ұйымның басшысы немесе ол өкілеттік берген тұлға қол қояды.
3. Жүк жөнелтушіге жүктің қабылданғаны туралы түбіртек және жүк алушыға жүкқұжат электрондық деректер алмасу жүйесі арқылы берілген жағдайда, өтініш беруші жөнелтілім нөмірін, жүктің тасымалдауға қабылданған күнін және тасымалдаушының ақпараттық жүйелеріндегі электрондық досьесінің тіркеу деректерін көрсетеді.»;
52) 90-бап мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:
«1-1. Почтамен жөнелту үшін кінә қою почтамен жөнелтілген күн немесе тасымалдаушының қолына берілген күн кінә қойылған күн болып есептеледі.
Егер кінә қоюды берудің соңғы күні жұмыс істемейтін күнге дәл келсе, кінә қоюды берудің соңғы күні одан кейінгі жұмыс күні болып есептеледі.»;
53) 91-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«91-бап. Кiнә қоюды қараудың тәртібі мен мерзiмдерi
1. Кiнә қою ол алынған күннен бастап бiр ай мерзiмде қаралуға тиiс.
Қараудың нәтижесі туралы тасымалдаушы өтініш берушіні жазбаша нысанда хабардар етеді.
2. Кiнә қоюға жауапта:
1) жауап берілетін кінә қоюшы өтініш берушінің тегі, аты, әкесінің аты немесе толық атауы, почталық деректемелері, жауап берілетін кінә қоюдың күні;
2) кінә қою толық немесе ішінара танылған жағдайда, танылған сома және кінә қоюды қанағаттандыру тәсілі;
3) кінә қою толық немесе iшiнара қабылданбаған жағдайда, кінә қоюдан бас тартуды негіздейтін, тиiстi нормативтiк құқықтық актiлер мен құжаттарға сiлтеме жасалып, бас тартудың дәлелдері;
4) жауапқа қоса берілген құжаттар мен өзге де дәлелдемелердің тізбесі көрсетіледі.
3. Кінә қою толық сомада қанағаттандырылған жағдайда өтініш беруші ұсынған құжаттарды тасымалдаушы қайтармайды.
Кiнә қою толығымен немесе iшiнара қабылданбаған жағдайда, өтініш берушіге кiнә қоюға қоса берілген құжаттар, сондай-ақ егер өтініш берушіде олар жоқ болса, бас тартуды негіздейтін құжаттар жіберілуге тиіс.
4. Егер өтініш беруші берген кінә қою осы Заңның талаптары бұзылып ресімделсе, онда осындай кінә қою қайтарудың себептері көрсетіліп, тасымалдаушыға келіп түскен күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірілмей өтініш берушіге қайтарылады. Осындай кінә қоюды қайтару оны қанағаттандырудан бас тарту болып табылмайды.
5. Жүк жоғалған және бүлінген жағдайда кінә қоюды қанағаттандыру кезінде өтелуі тиіс сома оның сатушының шотында көрсетілген немесе шартта көзделген бағасы, ал шот болмаған немесе шартта баға көрсетілмеген кезде - салыстырмалы мән-жайлар кезінде әдетте осыған ұқсас тауарлар үшін алынатын баға негізге алынып айқындалады.
Тасымалдаушы залалды өтеумен қатар, жоғалған, жетіспейтін, бүлінген немесе зақымдалған жүктің тасымалданғаны үшін өндіріп алынған тасымалдау төлемақысын, егер осы төлемақы жүктің құнына енгізілмеген болса, қайтарады.
Егер жүк тасымалдауға оның құны жарияланып тапсырылса, онда ол жоғалған жағдайда, тасымалдаушы залалды - жарияланған құны мөлшерінде, ал ішінара жоғалған жағдайда - жүктің жоғалған бөлігіне барабар құнының мөлшерінде өтейді.
6. Егер кінә қоюды қарау кезінде жүктің мекенжайы ауыстырылса, не жүк жөнелтушінің немесе бастапқы жүк алушының өтініші бойынша басқа жүк алушыға берілсе, кінә қою оған жүк берілген жүк алушыны немесе оның өтініші бойынша жүктің мекенжайы ауыстырылған немесе жүк берілген тұлға көрсетіліп, қайтарылады.»;
54) 93-баптың 1-тармағы «қойылған кiнәға» деген сөздерден кейін «оны қарау мерзімі өткен соң» деген сөздермен толықтырылсын;
55) 94-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Темір жол көлігінде қызметтік іс жүргізу мен байланыс қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі.
Поездар қозғалысын жүзеге асыру кезінде уәкілетті орган бекіткен терминдер пайдаланылады.»;
56) мынадай мазмұндағы 94-1-баппен толықтырылсын:
«94-1-бап. Есепке алу және есептілік
Локомотивтiк тартқыштың, вагондардың, контейнерлердің операторлары және тасымалдаушылар жолаушыларды, багажды, жүк-багажды, жүктерді тасымалдау және тасымалдау кезінде жылжымалы құрамды пайдалану туралы уәкілетті орган белгілеген есепке алу және есептілікті ұсыну тәртібін сақтауға міндетті.».
14. «Сауда мақсатында теңізде жүзу туралы» 2002 жылғы 17 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2002 ж., № 2, 16-құжат; 2004 ж., № 20, 116-құжат; № 23, 142-құжат; 2005 ж., № 11, 36-құжат; 2006 ж., № 3, 22-құжат; № 24, 148-құжат; 2007 ж., № 9, 67-құжат; № 18, 143-құжат; 2009 ж., № 24, 134-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат):
1) 1-бапта:
4) тармақшадағы «шарт» деген сөз «жалға кеме беру (алу) шартының түрі;» деген сөздермен ауыстырылсын;
8) тармақшадағы «есептеу» деген сөз «есептеуді» деген сөзбен, «бөлу» деген сөз «бөлуді қамтитын, диспашер жасайтын құжат» деген сөздермен ауыстырылсын;
18) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«18) жүк таситын кеме - жолаушы кемесі болып табылмайтын, жүктерді тасымалдауға арналған кеме;»;
23) тармақша алып тасталсын;
24) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«24) кеме иесі - кеменiң меншiк иесі болып табылатынына немесе оны өзге де заңды негiзде пайдалануына қарамастан өз атынан кемені пайдаланатын тұлға;»;
мынадай мазмұндағы 25-1) тармақшамен толықтырылсын:
«25-1) Кеме қатынасының тіркелімі - кемелерді сыныптайтын және олардың техникалық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мемлекеттік мекеме;»;
29) тармақшадағы «кемелер мен оларға құқықты мемлекеттік тіркеу ережелеріне» деген сөздер «Кемелер мен оларға құқықты мемлекеттік тіркеу қағидасына» деген сөздермен ауыстырылсын;
30) және 36) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
«30) кеменiң сыйымдылығы - кеменің текше метрмен не текше футпен есептелетін, оның жүк үй-жайларының көлеміне қарай тасымалдауға жүк мөлшерін қабылдай алатын мүмкіндігі;»;
«36) мұнай құйылатын кеме - мұнайды және мұнай өнiмдерiн тасымалдау және сақтау үшін жасалған немесе бейімделген жүк кемесі;»;
46) тармақша алып тасталсын;
48) тармақшадағы «уәкiлеттi орган» деген сөздер «Қазақстан Республикасының Үкіметі» деген сөздермен ауыстырылсын;
49) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«49) тасымалдаушы - жолаушыларды, багажды, почта жөнелтілімдері мен жүктердi тасымалдау жөнiндегі қызметті көрсететiн және тасымалдау құжаттарында көрсетiлген кеме иесі;»;
50) және 51) тармақшалар алып тасталсын;
57) тармақшадағы «және тиеу-түсiру жұмыстары мен өзге де техникалық операцияларды жүзеге асырушы» деген сөздер алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 57-1) және 57-2) тармақшалармен толықтырылсын:
«57-1) теңiзде сүйрету - кеменi немесе өзге де жүзбелi объектiнi белгiлi бiр қашықтыққа сүйрету;
57-2) теңiздегi наразылық - кеме жүзiп бара жатқан немесе тұрған кезеңде орын алған оқиға туралы кеме капитанының дәлелдемелердi қамтамасыз ету мақсатында кеме иесiне мүлiктiк талаптар қоюға негiздеме бола алатын мәлiмдемесi;»;
58) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«58) уәкiлеттi орган - сауда мақсатында теңiзде жүзу саласындағы басшылықты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шекте салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;»;
мынадай мазмұндағы 58-1) және 60) тармақшалармен толықтырылсын:
«58-1) Ұлттық теңіз тасымалдаушысы - жолаушыларды, багажды, почта жөнелтілімдері мен жүктерді теңізде тасымалдау жөнінде қызмет көрсететін және Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын заңды тұлға;»;
«60) шетелдік сыныптау қоғамы - Қазақстан Республикасының Үкіметі таныған, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында белгiленген тәртiппен кемелердi техникалық байқауды, куәландыруды және сыныптауды жүзеге асыратын шетелдік ұйым.»;
2) 4-бапта:
2-тармақта:
7) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«7) Кемелердi және оларға құқықтарды мемлекеттік тiркеу қағидасын бекіту;»;
11) тармақша алып тасталсын;
13) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«13) Қазақстан Республикасының теңiзшiсi жеке куәлігінің, теңізде жүзу кітапшасының, дипломдарды растаудың үлгiсiн, оларды ресiмдеу, беру, мерзiмiн ұзарту, сондай-ақ алып қою тәртібін бекіту;»;
14) тармақшадағы «каботажды» деген сөзден кейін «және сауда мақсатында теңізде жүзумен байланысты өзге де қызметті» деген сөздермен толықтырылсын;
16) тармақша алып тасталсын;
17) тармақшадағы «теңіз», «ережелерді» деген сөздер тиісінше «Теңіз», «қағиданы» деген сөздермен ауыстырылсын;
18) тармақша алып тасталсын;
19) тармақшадағы «бекіту жатады.» деген сөздер «бекіту;» деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 20), 21), 22), 23), 24), 25), 26), 27), 28), 29), 30), 31) және 32) тармақшалармен толықтырылсын:
«20) Қазақстан Республикасының теңіз порттарында және оларға кіреберістерде кемелердің жүзу және тұрақта тұру қағидасын бекіту;
21) Кемелердегі авариялық жағдайларды тергеу қағидасын бекіту;
22) кеме құжаттарының тізбесін, нысандарын және кеме құжаттарын жүргізу қағидасын бекіту;
23) жолаушыларды, багаж бен жүктерді тасымалдау қағидасын бекіту;
24) Порт құрылыстары мен теңіз порты акваториясын техникалық пайдаланудың қағидасын бекіту;
25) Кеме экипажының ең аз құрамына қойылатын талаптарды белгілеу;
26) Кеме кітабында мемлекеттік тіркелуге жататын кемелердегі көліктік оқиғаларды тергеу қағидасын бекіту;
27) Кеме жүргізушілерін шағын көлемді кемені басқару құқығына аттестаттау қағидасын бекіту;
28) Шағын көлемді кемені және олар тоқтайтын базаларды (құрылыстарды) пайдалану қағидасын бекіту;
29) Шағын көлемді кемені және олар тұратын базаларды (құрылыстарды) техникалық қадағалау қағидасын бекіту;
30) Кеме тарихын үздіксіз тіркеу журналын жүргізу нысаны мен тәртібін бекіту;
31) Қазақстан Республикасының теңіз көлігі кемелеріндегі қызмет жарғысын бекіту;
32) Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы Заңда, өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.»;
3-тармақта:
бірінші абзацтағы «Сауда мақсатында теңiзде жүзу саласында уәкілетті» деген сөздер «Уәкілетті» деген сөзбен ауыстырылсын;
1) тармақша «, оның ішінде халықаралық шарттардың орындалуын қамтамасыз ету» деген сөздермен толықтырылсын;
3), 5-1), 6-1) және 7) тармақшалар алып тасталсын;
9) тармақша «кемелерге» деген сөздің алдынан «кеме кітабында мемлекеттік тіркеуге жататын» деген сөздермен толықтырылсын;
мынадай мазмұндағы 9-1) тармақшамен толықтырылсын:
«9-1) кеме кітабында мемлекеттік тіркеуге жататын кемелердегі көлік оқиғаларын тексеру;»;
10) тармақшадағы «халықаралық жүзуге шығатын», «техникалық» деген сөздер алып тасталсын;
11) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«11) лоцмандық қызметті және өзге де теңіз қызметтерін бақылау;»;
12) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«12) нысанды киім берілетін теңіз көлігіндегі мемлекеттік бақылау қызметкерлері және теңіз көлігі қызметкерлері лауазымдарының (кәсіптерінің) тізбесін, айырым нысаны мен белгілерінің үлгілерін және нысанды киім киіп жүру тәртібін және қамтамасыз ету нормаларын бекіту;»;
15) тармақшадағы «кемелердiң мемлекеттік тiзiлiміндегі» деген сөздер «кеме кітабындағы» деген сөздермен ауыстырылсын;
17) тармақшадағы «каботажды» деген сөзден кейін «және сауда мақсатында теңiзде жүзумен байланысты өзге де қызметті» деген сөздермен толықтырылсын;
22) тармақша алып тасталсын;
23) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«23) порттық құрылыстар мен жасанды аралдардың қауіпсіз пайдаланылуын бақылау;»;
24), 27), 29) және 30) тармақшалар алып тасталсын;
32) тармақшадағы «нормативтiк құқықтық актiлердi, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын» деген сөздер «Қазақстан Республикасы заңдарының және Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулыларының талаптарын» деген сөздермен ауыстырылсын;
33) және 36) тармақшалар алып тасталсын;
40) тармақшаның мемлекеттік тілдегі мәтіні өзгеріссіз қалдырылсын;
44) тармақшаның мемлекеттік тілдегі мәтіні өзгеріссіз қалдырылсын;
46) тармақша «мемлекеттік органдарға» деген сөздерден кейін «авариялық жағдайлардың және» деген сөздермен толықтырылсын;
47) тармақшадағы «жүзеге асыру жатады.» деген сөздер «жүзеге асыру;» деген сөздермен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 48), 49), 50), 51), 52), 53), 54), 55) және 56) тармақшалармен толықтырылсын:
«48) Теңiз кемелерiн сыныптау және жасау қағидасын бекіту;
49) Теңiз кемелерiнiң жүк маркасы туралы қағиданы бекіту;
50) жағалау объектілерін жобалауды, орналастыруды, салуды және пайдалануды келісу;
51) Теңіз кемелерінің жүк көтергіш құрылғыларын куәландыру қағидасын бекіту;
52) Теңіз кемелерінің экипаждарын азық-түлікпен қамтамасыз ету қағидасын бекіту;
53) еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен келісім бойынша Қазақстан Республикасының теңіз флоты кемелерінің жүзу құрамының жұмыс уақыты мен демалыс уақытын реттеу ерекшеліктерін белгілеу;
54) еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен келісім бойынша теңізшілердің еңбегі мен олардың еңбекақысын реттеу ерекшеліктерін белгілеу;
55) теңіз порты акваториясының шекараларын айқындау;
56) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.»;
3) мынадай мазмұндағы 4-1-баппен толықтырылсын:
«4-1-бап. Ұлттық теңіз тасымалдаушысы
1. Ұлттық теңіз тасымалдаушысы:
1) жолаушыларды, багажды, почталық жөнелтілімдер мен жүктерді, оның ішінде гуманитарлық жүкті, арнайы жүктерді тасымалдау жөнінде қызметтер көрсетеді;
2) теңіз флотына арналған кадрларды оқытуға мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру жөнінде ұсыныстар енгізеді;
3) сауда мақсатында теңiзде жүзу саласындағы халықаралық шарттарды іске асыруға қатысады.
2. Ұлттық теңіз тасымалдаушысына теңіз портының міндетті қызметтері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жеңілдіктер мен артықшылықтар ескеріле отырып, ұсынылады.
3. Ұлттық теңіз тасымалдаушысы туралы ережені Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.».
4) мынадай мазмұндағы 5-1-баппен толықтырылсын:
«5-1-бап. Шет мемлекеттiң туын көтерiп жүзетiн кемелердi пайдалану
Шет мемлекеттiң туын көтерiп жүзетiн кемелерді гидрографиялық, ғылыми, гидротехникалық, құтқару қызметіне және сауда мақсатында теңiзде жүзумен байланысты өзге де қызметке пайдалану Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен уәкiлеттi орган берген рұқсат негiзiнде жүзеге асырылады.»;
5) 8-2-бап мынадай мазмұндағы 8-тармақпен толықтырылсын:
«8. Жағалау объектілерін жобалау, орналастыру, салу және пайдалану уәкілетті органмен келісім бойынша жүзеге асырылады.»;
6) 8-3-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«8-3-бап. Сауда мақсатында теңiзде жүзу үшiн пайдаланылатын кемелердi, порттарды, жағалау объектiлері мен су жолдарындағы құрылыстарды пайдалану кезіндегі қауiпсiздiк талаптары
1. Кемелер, порттар, жағалау объектiлері мен сауда мақсатында теңiзде жүзу процесiмен байланысты теңiздегi құрылыстар қауiптiлiгi жоғары аймақтар болып табылады және сауда мақсатында теңiзде жүзу саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлері мен Қазақстан Республикасы Үкіметі актілерінiң талаптарына сәйкес келуге тиiс.
2. Кемелердi, порттарды, жағалау объектiлерін және теңiздегi құрылыстарды пайдалануды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғалар сауда мақсатында теңiзде жүзу саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлері мен Қазақстан Республикасы Үкіметінiң актілері талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге тиiс.
3. Сауда мақсатында теңiзде жүзу үшiн пайдаланылатын кемелердi пайдалану адам өмiрi мен денсаулығына және қоршаған ортаға терiс әсер етпеуге тиiс.
4. Кеме кітабында мемлекеттік тіркеуге жататын кемелер және олардың тұрағына арналған базалар (құрылыстар) Шағын көлемді кемелерді және олардың тұрағына арналған базаларды (құрылыстарды) техникалық қадағалау жөніндегі қағиданың талаптарына сәйкес келуі тиіс.
5. Кеме кітабында мемлекеттік тіркеуге жататын кемелерді және олардың тұрағына арналған базаларды (құрылыстарды) техникалық қадағалауды уәкілетті орган бастапқы, жыл сайынғы және кезектен тыс техникалық куәландырулар жүргізу жолымен, сондай-ақ арнайы және бақылап тексеріп-қарауды жүргізумен жүзеге асырады.
6. Кеме кітабында мемлекеттік тіркеуге жататын кемелерді және олардың тұрағына арналған базаларды (құрылыстарды) пайдалану Шағын көлемді кемелерді және олардың тұрағына арналған базаларды (құрылыстарды) пайдалану қағидасына сәйкес жүзеге асырылады.
7. Кеме кітабында мемлекеттік тіркеуге жататын өздігінен жүзетін кемелердің кеме жүргізушілері кеме жүргізушілерін даярлау бағдарламасы бойынша оқытудан өтуі және оның шағын көлемді кемені басқару құқығына куәлігі болуы тиіс.
Шағын көлемді кемені басқару құқығына куәлік беруді, шағын көлемді кемелердің кеме жүргізушілерін даярлау бағдарламасын келісуді және шағын көлемді кемелердің кеме жүргізушілерін даярлау жөніндегі курстарды тіркеуді уәкілетті орган Шағын көлемді кемені басқару құқығына кеме жүргізушілерін аттестаттау қағидасына сәйкес жүзеге асырады.»;
7) 10-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Спутниктік байланыстың кеме станциясының шақыру сигналын және сәйкестендiру нөмірін беру тәртібін байланыс саласындағы уәкілетті орган айқындайды.»;
8) 11-баптың 3-1 және 5-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:
«3-1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтерiп жүзу құқығы:
1) мемлекеттiң;
2) азаматтардың және Қазақстан Республикасы заңнамасында белгiленген тәртiппен тiркелген мемлекеттік емес заңды тұлғалардың меншiгіндегі кемелерге;
3) өнім бөлу туралы келісімге сәйкес Каспий теңізінде қызметін жүзеге асыратын шетелдік заңды тұлғалардың меншігіндегі кемелерге (мердігерлік компаниялар, оператор, агенттер) беріледі, бұл ретте осындай кемелерге Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтерiп жүзу құқығын берудің ерекшеліктері Кемелерді және оларға құқықтарды мемлекеттік тіркеу қағидасымен айқындалады.»;
«5. Кемелерді және оларға құқықтарды мемлекеттік тіркеу қағидасында көзделген тәртіппен уәкiлеттi органның шешiмi негiзiнде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көтерiп жүзу құқығы бербоут-чартер бойынша:
1) қазақстандық жалға кеме алушыға;
2) өнім бөлу туралы келісімге сәйкес Қазақстан Республикасында белгіленген тәртіппен тіркелген филиалдары арқылы Каспий теңізінде қызметін жүзеге асыратын шетелдік заңды тұлғаларға (мердігерлік компанияларға, операторға, агенттерге, қосымша мердігерлерге) пайдалануға берілген, шет мемлекеттiң кемелер тiзiлiмiнде тiркелген кемеге уақытша берілуі мүмкін.»;
9) 14 және 15-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
«14-бап. Кеме құжаттары
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі тізбесін, нысанын және жүргізу тәртібін айқындайтын кеме құжаттары кемеде болуға тиіс.
Көшірмесін осы құжатты берген орган растауы немесе нотариус куәландыруы тиіс кемеге меншік құқығы туралы куәлікті қоспағанда, кеме құжаттарының түпнұсқалары кемеде болуға тиіс.
2. Шетелде жүзуге шығатын кемелердiң, Қазақстан Республикасының суларында жүзуге арналған тиiстi қағидада көзделген құжаттардан басқа, Қазақстан Республикасының заңнамасында және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда белгiленген құжаттары болуға тиiс.
3. Шет мемлекеттердiң Қазақстан Республикасының аумақтық суларына кiретiн кемелерiнде Қазақстан Республикасының заңнамасында және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда белгiленген құжаттар болуға тиiс.
15-бап. Кемелерді техникалық байқау, куәландыру және оларды сыныптау
1. Кеме теңiзде жүзу қауiпсiздiгi талаптарын қанағаттандыратыны анықталғаннан кейiн ғана жүзуге жiберiлуi мүмкiн.
2. Кемелерді техникалық байқауды, куәландыруды және оларды сыныптауды Кеме қатынасының тіркелімі немесе шетелдік сыныптау қоғамдары жүзеге асырады.
Бұл ретте кемелерді куәландыру жөніндегі өкілеттіктер және оларды шетелдік сыныптау қоғамдарының беру шарттары уәкілетті орган мен шетелдік сыныптау қоғамдары арасындағы келісімдерде айқындалады.
Кемеге сынып беру Кеме қатынасының тіркелімі немесе шетелдік сыныптау қоғамы беретін сыныптау куәлігімен куәландырылады.
Қазақстан Республикасының өзге мемлекеттік органдары мен заңды тұлғаларының кемелерге және кеменің жекелеген элементтеріне техникалық байқауды жүзеге асыруына тыйым салынады.
3. Кеме құжаттары болмаған кезде немесе шетел туын көтерiп жүзiп жүрген кеме Қазақстан Республикасының теңiз портына келген кезде, тиiстi құжаттарының болуына қарамастан, теңiзде қауiпсiз жүзудiң техникалық регламенттерде белгiленген талаптарын қанағаттандырмаса, уәкiлеттi орган мұндай кеменi Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көтерiп жүзушi кемелермен бiрдей негiзде куәландырудан өткізуге құқылы.»;