9. Көлік қызметі субъектілері жолаушылар мен келушілерді, олардың алып жүретін заттарын, оның ішінде қол жүгі мен багажын тексеріп қарауды жүргізу тәртібі мен талаптарына сәйкестігіне аттестаттауға жатады.
Көлік қызметі субъектілерін аттестаттауды Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен уәкілетті мемлекеттік орган жүргізеді.
10. Тексеріп қарау жүргізілетін көлік инфрақұрылымы объектілерінің, оларға қатысты тексеріп қарау жүргізілмейтін адамдардың, сондай-ақ көлік инфрақұрылымы объектілеріне әкелуге тыйым салынған заттар мен құралдардың тізбелерін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
24-2-бап. Ақпараттық қамтамасыз ету
1. Қазақстан Республикасының аумағына келетін (оның аумағынан кететін) немесе Қазақстан Республикасының аумағында ауысып мініп транзитпен жүретін жолаушыларды теміржол (қала маңы қатынасынан және билет кассаларымен жабдықталмаған жерлерде жолаушыларды отырғызу жағдайларынан басқа), әуе және теңіз көлігімен тасымалдауды жүзеге асыратын тасымалдаушылар, оның ішінде шетелдік тасымалдаушылар, сондай-ақ әуежайлардың пайдаланушылары уәкілетті мемлекеттік органға және (немесе) құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдарға ресімделген және (немесе) броньға қойылған билеттер туралы мәліметтерді, сондай-ақ автоматтандырылған жүйелер мен дерекқор арқылы мәліметтерді нақты уақыт режимінде ұсынуды қамтамасыз етеді.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген уәкілетті мемлекеттік органға және (немесе) құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдарға мәліметтерді беру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген тасымалдауларға билеттерді ресімдеу кезінде билеттер сатуды жүзеге асыратын тасымалдаушы немесе өзге де адам мынадай деректерді:
1) тегін, атын, әкесінің атын (бар болған кезде);
2) ол бойынша жол жүру құжаты (билет) сатып алынатын жеке басты куәландыратын құжаттың түрін және нөмірін;
3) жөнелту орны мен күнін, межеленген пунктті, жүру маршрутының түрін (ауысып мінбейтін, транзиттік);
4) билеттер сатуды жүзеге асыратын тасымалдаушы немесе өзге де адам осы жолаушымен байланыса алатын байланыс деректерін (электрондық почтасының мекенжайын және (немесе) телефон нөмірін) жолаушының келісімімен жазуды қамтамасыз етеді.
4. Билеттерді сатуды жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар оларды ресімдеу кезінде мәліметтердің қазақ және орыс тілдерінде толтырылуын, ал халықаралық тасымалдауларды жүзеге асыру кезінде қосымша ағылшын тілінде толтырылуын қамтамасыз етуге міндетті.»;
13) 25-баптың екінші бөлігінде:
мынадай мазмұндағы 4-1) тармақшамен толықтырылсын:
«4-1) су көлігінің жұмыс істеу тәртібін айқындайтын Қазақстан Республикасының заңдары мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларын жеке және заңды тұлғалардың сақтауына бақылауды және қадағалауды, оларды бұзушылықтарды анықтауды және олардың жолын кесу жөнінде шаралар қолдануды;»;
7) тармақша алып тасталсын;
28) тармақшадағы «бақылауды қамтиды.» деген сөздер «бақылауды;» деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 29) тармақшамен толықтырылсын:
«29) метрополитенде қозғалыс қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуін және техникалық құралдардың күтіп-ұсталуын бақылауды қамтиды.».
9. «Қазақстан Республикасының ішкi iстер органдары туралы» 1995 жылғы 21 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., № 23, 154-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 7, 79-құжат; № 12, 184-құжат; 1998 ж., № 17-18, 225-құжат; № 23, 416-құжат; № 24, 436-құжат; 1999 ж., № 8, 233, 247-құжаттар; № 23, 920-құжат; 2000 ж., № 3-4, 66-құжат; 2001 ж., № 13-14, 174-құжат; № 17-18, 245-құжат; № 20, 257-құжат; № 23, 309-құжат; 2002 ж., № 17, 155-құжат; 2003 ж., № 12, 82-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; № 24, 154, 155-құжаттар; 2006 ж., № 1, 5-құжат; № 3, 22-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; № 3, 20-құжат; № 9, 67-құжат; № 10, 69-құжат; 2008 ж., № 15-16, 61-құжат; 2009 ж., № 8, 44-құжат; № 18, 84-құжат; № 19, 88-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 7, 28, 32-құжаттар; № 8, 41-құжат; № 24, 149-құжат; 2011 ж., № 1, 2, 3-құжаттар; № 2, 25-құжат; № 11, 102-құжат; № 12, 111-құжат; 2012 ж., № 3, 26-құжат; № 4, 32-құжат; № 5, 35-құжат; № 8, 64-құжат; № 15, 97-құжат; 2013 ж., № 1, 2, 3-құжаттар; № 2, 8-құжат):
9-тармақтың 1) тармақшасы 2014 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
1) 10-баптың 1-тармағының 18) тармақшасындағы «автобустарды, олардың базасында жасалған арнаулы автомобильдердi қоса алғанда;» деген сөздер «олардың базасында жасалған арнаулы автомобильдердi қоса алғанда, автобустарды, троллейбустарды» деген сөздермен ауыстырылсын;
2) 11-баптың 1-тармағының 29) тармақшасындағы «қалалық электркөлiгi» деген сөздер «қалалық рельстік көлік» деген сөздермен ауыстырылсын.
10. «Жол жүрiсi қауiпсiздiгi туралы» 1996 жылғы 15 шiлдедегi Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1996 ж., № 14, 273-құжат; 2001 ж., № 24, 338-құжат; 2003 ж., № 10, 54-құжат; № 12, 82-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2005 ж., № 7-8, 23-құжат; 2006 ж., № 1, 5-құжат; № 24, 148-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; 2008 ж., № 13-14, 54-құжат; № 23, 114-құжат; 2009 ж., № 23, 100-құжат; 2010 ж., № 24, 146-құжат; 2011 ж., № 1, 7-құжат; № 2, 25-құжат; № 11, 102-құжат; № 12, 111-құжат; 2012 ж., № 8, 64-құжат; № 15, 97-құжат; № 21-22, 124-құжат; 2013 ж., № 1, 3-құжат):
1) 5-баптың төртінші абзацындағы «қалалық жер үстi электр көлiгiнде» деген сөздер «қалалық жерүсті рельстік көлікте» деген сөздермен ауыстырылсын;
2) 7-баптың он бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«автомобиль жолдарын, жол құрылыстарын, теміржол өтпелерін, қалалық рельстік көлік желілерін пайдалануға қабылдау жөніндегі комиссиялардың жұмысына қатысу;»;
3) 13-бапта:
1-тармақтың төртінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн автомобиль және қалалық жерүстi рельстік көлiк жүргiзушiлерi мен басқа да қызметкерлерiнiң біліктiлiгiн арттыру үшiн жағдай жасауға;»;
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Автомобиль көлігімен және қалалық жерүстi рельстік көлiкпен тасымалдау қызметiн жүзеге асыратын заңды тұлғалар арнайы қағидалар белгiлей алады және жүктердiң түрiн, оларды тасымалдау ерекшелiктерiн ескере отырып және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шектерде жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн көлік құралдарының жүргiзушiлеріне қосымша талаптар қоя алады.»;
10-тармақтың 4) тармақшасы 2014 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
4) 18-бапта:
3-тармақта:
алтыншы бөлікте:
1-тармақшадағы «автобустар, олардың базасында жасалған арнайы автомобильдердi қоса алғанда» деген сөздер «олардың базасында жасалған арнайы автомобильдердi қоса алғанда, автобустар, троллейбустар» деген сөздермен ауыстырылсын;
5) тармақшадағы «мен автобустар, бұған қоса олардың шассилерінде жасалған арнайы автомобильдер» деген сөздер «және олардың шассилерінде жасалған арнайы автомобильдерді қоса алғанда, автобустар, троллейбустар» деген сөздермен ауыстырылсын;
жетінші бөліктің 2) және 3) тармақшалары алып тасталсын;
4-тармақтағы «техникалық реттеу туралы» деген сөздер «техникалық реттеу саласындағы» деген сөздермен ауыстырылсын;
5) 19-баптың 5-тармағының үшінші бөлігіндегі «техникалық реттеу туралы» деген сөздер «техникалық реттеу саласындағы» деген сөздермен ауыстырылсын.
11. «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» 1998 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы 1998 ж., № 16, 214-құжат; 1999 ж., № 19, 646-құжат; 2000 ж., № 3-4, 66-құжат; 2001 ж., № 23, 309-құжат; 2002 ж., № 23-24, 193-құжат; 2004 ж., № 14, 82-құжат; № 23, 138, 142-құжаттар; 2006 ж., № 2, 17-құжат; № 3, 22-құжат; № 4, 24-құжат; № 8, 45-құжат; № 13, 87-құжат; 2007 ж., № 3, 20-құжат; № 19, 148-құжат; 2008 ж., № 15-16, 64-құжат; № 24, 129-құжат; 2009 ж., № 11-12, 54-құжат; № 13-14, 62-құжат; № 18, 84-құжат; 2010 ж., № 5, 20, 23-құжаттар; 2011 ж., № 1, 2-құжат; № 11, 102-құжат; № 12, 111-құжат; № 13, 112-құжат; № 16, 129-құжат; 2012 ж., № 2, 9, 15-құжаттар; № 3, 21-құжат; № 4, 30-құжат; № 11, 80-құжат; № 12, 85-құжат; № 15, 97-құжат; 2013 ж., № 4, 21-құжат):
1) 5-бап мынадай мазмұндағы 1-2-тармақпен толықтырылсын:
«1-2. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген шектеулер әуежайлар қызметтерін көрсететін табиғи монополиялар субъектілеріне қолданылмайды.»;
2) 18-1-бапта:
2-тармақ мынадай мазмұндағы бесінші бөлікпен толықтырылсын:
«Әуежайлар қызметтерін көрсететін табиғи монополия субъектісі осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген іс-қимылдарды жасағанға дейін кемінде күнтізбелік он күн бұрын өзінің аталған іс-қимылдарды жасау ниеті туралы уәкілетті органға хабарлама жіберуге міндетті.»;
3-тармақ мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:
«Осы тармақта көзделген талаптар әуежайлар қызметтерін көрсететін табиғи монополия субъектілеріне қолданылмайды.»;
мынадай мазмұндағы 3-1-тармақпен толықтырылсын:
«3-1. Әуежайлар қызметтерін көрсететін табиғи монополия субъектісі хабарлама жіберген кезде мынадай шарттардың орындалуын қамтамасыз етуге міндетті:
1) өзге қызметтен алынатын табыстар оны жүзеге асыру үшін қажетті шығындарды жабуы тиіс;
2) қызметті жүзеге асыру тиісті көрсетілетін қызметтер (тауарлар, жұмыстар) нарығында бәсекелестікті шектеуге әкелмеуі тиіс;
3) өзге қызметті жүзеге асыру табиғи монополия субъектілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтер (тауарлар, жұмыстар) көлемдері мен сапасының төмендеуіне әкеп соғатын, өндіріс пен реттеліп көрсетілетін қызметтерді (тауарларды, жұмыстарды) ұсыну үшін қажетті негізгі және қаржы қаражатын бөлуге әкеп соқпауы тиіс.
Әуежайлар қызметтерін көрсететін табиғи монополия субъектілері тарапынан осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген талаптарды бұзушылықтар анықталған кезде әуежайлар қызметтерін көрсететін табиғи монополия субъектілерінің өзге қызметті жүзеге асыруына тыйым салынады.».
12. «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» 1999 жылғы 13 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1999 ж., № 19, 649-құжат; 2002 ж., № 4, 32-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2009 ж., № 15-16, 71-құжат; № 19, 88-құжат; 2010 ж., № 7, 32-құжат; 2011 ж., № 11, 102-құжат; 2012 ж., № 4, 32-құжат; 2013 ж., № 1, 2-құжат):
мынадай мазмұндағы 23-1, 23-2 және 23-3-баптармен толықтырылсын:
«23-1-бап. Меншік нысандарына қарамастан, террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуының жай-күйін мемлекеттік бақылау
Меншік нысанына қарамастан, террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуының жай-күйін мемлекеттік бақылау басшылардың немесе өзге де лауазымды адамдардың осы Заңның 10-3-бабында белгіленген іс-шараларды сақтау нысанына жүзеге асырылады.
23-2-бап. Меншік нысандарына қарамастан, террористік тұрғыдан осал объектілер басшыларының немесе өзге де лауазымды адамдарының белгіленген іс-шараларды сақтауына тексерулер жүргізу тәртібі
1. Меншік нысандарына қарамастан, террористік тұрғыдан осал объектілер басшыларының немесе өзге де лауазымды адамдарының осы Заңның 10-3-бабында белгіленген іс-шараларды сақтауына тексерулерді Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары жылына кемінде бір рет жүргізеді.
2. Тексеруді Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі әзірлеген және бекіткен тексеру парағына сәйкес Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары жүргізеді.
Тексеру парағы оларды сақтамау жеке адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіруге әкеп соғатын, террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуының жай-күйіне қойылатын талаптардың толық тізбесін қамтиды.
3. Тексеру тағайындау туралы акт негізінде тексеру жүргізіледі. Террористік тұрғыдан осал объектілерге тексеру жүргізу кезінде Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары:
1) тексеру тағайындау туралы актіні;
2) қызметтік куәлікті;
3) тексеру парағын көрсетуге міндетті.
4. Тексеру жүргізу мерзімі алдағы жұмыстардың көлемі, сондай-ақ алға қойылған міндеттер ескеріле отырып белгіленеді және жеті жұмыс күнінен аспауға тиіс.
5. Тексеру тағайындау туралы актіні тексерілетін адамға табыс еткен кез тексеру жүргізудің басталған кезі деп саналады.
6. Тексеруді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы ішкі істер органының қызметкері тексеру нәтижелері бойынша екі данада тексеру нәтижелері туралы акт жасайды.
7. Тексеру нәтижелері бойынша ескертпелер және (немесе) қарсылықтар болған жағдайда, тексерілетін адам оларды жазбаша түрде баяндайды. Ескертпелер және (немесе) қарсылықтар тексеру жүргізу нәтижелері туралы актіге қоса берілуі мүмкін, бұл туралы тиісті белгі жасалады.
8. Тексерілетін адамның қолындағы түпнұсқадағы құжаттардың көшірмелерін қоспағанда, қосымшаларының көшірмелерімен бірге тексеру нәтижелері туралы актінің бір данасы танысу және анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қолдану және басқа да іс-қимылдар үшін тексерілетін адамға не оның уәкілетті өкіліне табыс етіледі.
9. Тексеру жүргізу кезінде бұзушылықтар болмаған жағдайда, тексеру нәтижелері туралы актіде тиісті жазба жасалады.
10. Тексеру тағайындау туралы актіде көрсетілген тексерудің аяқталған мерзімінен кешіктірмей тексеру нәтижелері туралы актіні меншік нысандарына қарамастан, террористік тұрғыдан осал объектінің басшысына немесе өзге де лауазымды адамына табыс еткен күн тексеру аяқталған күн болып саналады.
23-3-бап. Террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуының жай-күйін бақылау нәтижелері
1. Тексеру нәтижелері бойынша осы Заңда белгіленген іс-шараларды және оны іске асыру үшін қабылданған Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларын бұзушылық (орындамау) анықталған жағдайларда, меншік нысандарына қарамастан, террористік тұрғыдан осал объектінің басшысына немесе өзге де лауазымды адамына бұзушылықтарды жою туралы нұсқама он жұмыс күні ішінде табыс етіледі.
2. Нұсқама меншік нысандарына қарамастан, террористік тұрғыдан осал объектінің басшысына немесе өзге де лауазымды адамына жеке немесе жөнелту мен алу фактісін растайтын өзге де тәсілмен табыс етілуі тиіс.
Хабарламалы тапсырыс хат арқылы почтамен не хабарламалардың кепілді жеткізілуін қамтамасыз ететін электронды байланыс арналары арқылы электронды түрде жіберілген нұсқама почта немесе өзге де байланыс ұйымының жауабын алған күннен бастап не хабарламаны электронды түрде жіберген күннен бастап бес жұмыс күні өткен соң табыс етілген болып саналады.
3. Тексеру нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы орындауды меншік нысандарына қарамастан, террористік тұрғыдан осал объектінің басшысы немесе өзге де лауазымды адамы оны табыс еткен (алған) күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде жүзеге асырады.».
13. «Темір жол көлігі туралы» 2001 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2001 ж., № 23, 315-құжат; 2003 ж., № 10, 54-құжат; 2004 ж., № 18, 110-құжат; № 23, 142-құжат; 2006 ж., № 3, 22-құжат; № 13, 87-құжат; № 14, 89-құжат; № 16, 99-құжат; № 24, 148-құжат; 2007 ж., № 9, 67-құжат; № 19, 148-құжат; 2008 ж., № 15-16, 64-құжат; № 24, 129-құжат; 2009 ж., № 2-3, 18-құжат; № 18, 84-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 24, 146-құжат; 2011 ж., № 1, 2, 3-құжаттар; № 5, 43-құжат; № 11, 102-құжат; № 12, 111-құжат; 2012 ж., № 2, 14-құжат; № 15, 97-құжат; № 21-22, 124-құжат):
1) заңның тақырыбы мен бүкіл мәтіні бойынша «Темір жол», «темір жол», «темір жолдармен», «темір жолдың»,«темір жолдар», «темір жолдарды», «темір жолдарға», «Темір жолдарды», «темір жолда», «темір жолдардың», «Темір жолдармен», «темір жолдарда», «темір жолдағы» деген сөздер тиісінше «Теміржол», «теміржол», «теміржолдармен», «теміржолдың», «теміржолдар», «теміржолдарды», «теміржолдарға», «Теміржолдарды», «теміржолда», «теміржолдардың», «Теміржолдармен»,«теміржолдарда», «теміржолдағы» деген сөздермен ауыстырылсын;
2) 1-бапта:
мынадай мазмұндағы 10-1), 11-1), 32-1) және 32-2) тармақшалармен толықтырылсын:
«10-1) вокзал маңындағы аумақ - теміржол вокзалына кіреберіс және кірме жолдар, қоғамдық және жеке көліктің аялдама пункттері, қойылатын орындар, автомобиль тұрақтары, абаттандыру элементтері бар теміржол вокзалына іргелес жатқан аумақ;»;
«11-1) диспетчерлік реттеу - нақты уақыт режимінде тасымалдау процесінің операцияларын басқару және олардың мониторингі процесі;»;
«32-1) қауіпсіздікті басқару жүйесі - операцияларды жоспарлау, әзірлеу мен орындау, мониторинг және бақылау, талдау процестерін қамтитын және тасымалдау процесінің қауіпсіздігі жөнінде белгіленген талаптардың орындалуын қамтамасыз етуге және адам өміріне немесе денсаулығына, қоршаған ортаға зиян келтіру, тасымалдау процесіне қатысушылар мен үшінші тұлғалардың мүлкіне залал келтіру қатерін азайтуға бағытталған, тасымалдау процесіне қатысушыны басқарудың өзара байланысты және өзара іс-қимыл жасаушы құрауыштарының жиынтығы;
32-2) қауіпсіздікті басқару жүйесінің аудиті - қауіпсіздікті басқару жүйесінің Теміржол көлігіндегі қауіпсіздік қағидаларында белгіленген талаптарға сәйкестігін диагностикалаудың және бағалаудың жүйелі процесі;»;
39), 40) және 41) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
«39) магистральдық жолдар - Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында теміржол көлігінің жұмыс істеуіне және басқа мемлекеттермен теміржол қатынасын қамтамасыз етуге арналған, басты жолдардан (теміржол станциялары арасындағы аралық жолдардан, іргелес жатқан аралық жолдардың тікелей жалғасы болып табылатын, станциялар шекараларындағы және әдеттегідей, бағыттамалық бұрмаларда ауытқуы жоқ жолдар), сондай-ақ қабылдау-жөнелту жолдарынан (станция шекараларында поездарды қабылдауға, жөнелтуге, басып озуға, айыруға және өткізуге арналған жолдар) тұратын теміржолдар;
40) магистральдық теміржол желісі - халықаралық және республикаішілік теміржол қатынастарын қамтамасыз ететін, өзара жалғасқан магистральдық және станциялық жолдар, сондай-ақ электрмен жабдықтау, жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау, сигнал беру, байланыс объектілері, құрылғылар, жабдықтар, үйлер, құрылыстар, ғимараттар, вокзалдар және олардың жұмыс iстеуi үшiн технологиялық қажеттi өзге де объектілер жүйесі;
41) магистральдық теміржол желісінің көрсетілетін қызметтері - поездарды өткізу мен олардың қозғалысы үшін магистральдық теміржол желісін пайдаланумен байланысты, Ұлттық инфрақұрылым операторы тасымалдаушыларға көрсететін қызметтер;»;
42) тармақша алып тасталсын;
44), 45), 47) және 49) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
«44) пайдалану құжаттамасы - инфрақұрылым объектілерін, ғимараттарды, теміржол көлігінің жылжымалы құрамын, арнайы жылжымалы құрамын, конструкцияларын, жабдықтары мен мүкәммалын пайдалану тәртібін көздейтін құжаттама;
45) поезд - Ұлттық инфрақұрылым операторы айқындаған маршрут бойынша жүретін, белгіленген сигналдары бар, жұмыс істеп тұрған бір немесе бірнеше тартқыш көлік құралдары (локомотивтері немесе моторлы-вагонды жылжымалы құрамдары) бар, құралған және тіркелген вагондар құрамы, вагонсыз локомотивтер, моторлы вагондар және арнайы өздігінен жүретін жылжымалы құрам;»;
«47) станциялық жолдар - станциялар шекараларындағы теміржолдар: станциялар шекараларындағы магистральдық жолдарды қоспағанда, сұрыптау, тиеу-түсіру, тартымдық, деполық, жалғастырғыш, арнайы теміржолдар;»;
«49) тасымалдау - жолаушыларды, багажды, жүк-багажды, почта жөнелтілімдерін, жүктерді жөнелту пунктінен межеленген пунктке апару;»;
мынадай мазмұндағы 49-1) тармақшамен толықтырылсын:
«49-1) тасымалдау бойынша көрсетілетін қызметтерді пайдаланушы - жолаушы, жүк жөнелтуші (жөнелтуші), жүк қабылдаушы (қабылдаушы), экспедитор;»;
53) және 54) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
«53) тасымалдау процесі - теміржол көлігімен тасымалдауды дайындау, жүзеге асыру және аяқтау кезінде орындалатын ұйымдастырушылық және технологиялық тұрғыдан өзара байланысты операциялар жиынтығы;
54) тасымалдау процесіне қатысушы - тасымалдау бойынша көрсетілетін қызметтерді пайдаланушы, тасымалдаушы, Ұлттық инфрақұрылым операторы, локомотивтік тартқыш операторы, вагондар (контейнерлер) операторы;»;
мынадай мазмұндағы 54-1), 54-2) және 55-1) тармақшалармен толықтырылсын:
«54-1) тасымалдау процесінің қауіпсіздігі (бұдан әрі - қозғалыс қауіпсіздігі) - қауіпті фактордың іске асу ықтималдығы мен оның салдарларының ауырлық дәрежесінің ұштасуын ескере отырып, адам өміріне, денсаулығына, қоршаған ортаға зиян келтіруге, тасымалдау процесіне қатысушылар мен үшінші тұлғалардың мүлкіне залал келтіруге байланысты, тасымалдау процесі операцияларын орындау кезінде жол берілмейтін қатердің болмауы;
54-2) тасымалдаушы - жүктерді немесе жолаушыларды, багажды, жүк-багажды, почта жөнелтілімдерін тасымалдау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын және тасымалдау құжаттарында көрсетілген, тартқыш көлік құралдарын қоса алғанда, меншік құқығымен немесе өзге де заңды негіздерде жылжымалы құрамды иеленетін тұлға;»;
«55-1) теміржол вокзалының класы - теміржол вокзалының орындалатын жұмыстар (көрсетілетін қызметтер) көлеміне және техникалық жарақтандырылуына қарай айқындалған мәртебесі;»;
56) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«56) теміржол вокзалы - класына қарай халыққа теміржол көлігімен тасымалдау және багажды, жүк-багажды қабылдау-беру жөніндегі қызметтерді көрсетуге арналған үйлердің, ғимараттардың (жолаушы платформаларын, вокзал өтпелерін және вокзал маңындағы аумақты қоса алғанда) және басқа да мүлік түрлерінің кешені;»;
59) тармақша алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 60-1) тармақшамен толықтырылсын:
«60-1) теміржол көлігінің көмекші қызметі - тасымалдау процесінің қатысушысы болып табылмайтын және инфрақұрылым объектілерін, ғимараттарды, теміржол көлігінің жылжымалы құрамын, арнайы жылжымалы құрамын, конструкцияларын, жабдықтары мен мүкәммалын жобалау, жасау, оларға техникалық қызмет көрсету, жөндеу және кәдеге жарату бойынша қызметтер көрсететін жеке немесе заңды тұлға;»;
64) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«64) Ұлттық жолаушылар тасымалдаушы - Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын, акцияларының бақылау пакеті Ұлттық теміржол компаниясына тиесілі, жолаушыларды, багажды, жүк-багажды, почта жөнелтілімдерін тасымалдау бойынша қызметтер көрсететін, оның ішінде арнайы және әскери тасымалдауларды орындайтын заңды тұлға;»;
мынадай мазмұндағы 64-1) және 64-2) тармақшалармен толықтырылсын:
«64-1) Ұлттық жүк тасымалдаушы - Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын, акцияларының бақылау пакеті Ұлттық теміржол компаниясына тиесілі, жүктерді тасымалдау бойынша қызметтер көрсететін, оның ішінде арнайы және әскери тасымалдауларды орындайтын заңды тұлға;
64-2) Ұлттық инфрақұрылым операторы - акцияларының бақылау пакеті Ұлттық теміржол компаниясына тиесілі, магистральдық теміржол желісін пайдалануды, күтіп-ұстауды, жаңғыртуды, салуды жүзеге асыратын және магистральдық теміржол желісі қызметтерін көрсететін заңды тұлға;»;
65) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«65) Ұлттық теміржол компаниясы - Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, акцияларының бақылау пакеті ұлттық басқарушы холдингке тиесілі, дамудың жалпы бағыттарын айқындайтын және теміржол көлігі саласында қызметін жүзеге асыратын Ұлттық инфрақұрылым операторы, ұлттық тасымалдаушылар және өзге де үлестес заңды тұлғалар қызметінің бағыттарын үйлестіруді қамтамасыз ететін акционерлік қоғам;»;
3) 2-бапта:
тақырып мынадай редакцияда жазылсын:
«2-бап. Теміржол көлiгiнің мемлекеттік саясаты және жұмыс істеу қағидаттары»;
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Теміржол көлігінің жұмыс істеуі мынадай қағидаттар:
1) Қазақстан Республикасының бірыңғай әлеуметтік-экономикалық кеңістігін сақтау және нығайту;
2) Қазақстан Республикасының бірыңғай көлік жүйесінің жұмыс істеуінің келісімділігі;
3) теміржол көлігі инфрақұрылымының тұтастығын және іркіліссіз жұмыс істеуін сақтау;
4) тасымалдау процесінің қауіпсіздігін, үздіксіздігін және іркіліссіздігін қамтамасыз ету;
5) көлік нарығының барлық субъектiлерiнiң теміржол көлiгi қызметтерін ұсынуға және алуға еркін қол жеткізуі;
6) Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін қорғау;
7) тасымалдаулардың барлық қатысушылары үшін құқықтық және экономикалық кепілдіктердің бірыңғай стандартын қолдану негізінде жүзеге асырылады.»;
2-тармақта:
бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Теміржол көлігі саласындағы мемлекеттік саясат халық пен мемлекеттің тасымалдауларға деген қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жағдай жасауға бағытталған. Теміржол көлiгi саласындағы мемлекеттік саясаттың мақсаттары:»;
11) тармақшадағы «кеңейту болып табылады.» деген сөздер «кеңейту;» деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 12) және 13) тармақшалармен толықтырылсын:
«12) мемлекет, тасымалдау процесіне қатысушылар мен теміржол көлігінің көмекші қызметі мүдделерінің тепе-теңдігін қамтамасыз ету;