9) тексеру жүргізген лауазымды адамның қолтаңбасы көрсетіледі.
Жүргізілген зерттеулердің (сынақтардың), сараптамалардың қорытындылары және тексеру нәтижелеріне байланысты басқа да құжаттар немесе олардың көшірмелері (олар болған кезде) тексеру нәтижелері туралы актіге қоса беріледі.
9. Тексеру нәтижелері бойынша ескертпелері және (немесе) қарсылықтары болған жағдайда, тексерілетін адам оларды жазбаша түрде баяндайды. Ескертпелер және (немесе) қарсылықтар тексеру жүргізу нәтижелері туралы актіге қоса берілуі мүмкін, ол туралы тиісті белгі жасалады.
10. Тексерілетін адамның қолындағы түпнұсқадағы құжаттардың көшірмелерін қоспағанда, қосымшаларының көшірмелерімен бірге тексеру нәтижелері туралы актінің бір данасы танысу және анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қолдану және басқа да іс-қимылдар үшін тексерілетін адамға не оның уәкілетті өкіліне табыс етіледі.
11. Тексеру жүргізу кезінде Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтар болмаған жағдайда, тексеру нәтижелері туралы актіде тиісті жазба жасалады.
12. Тексеру тағайындау туралы актіде көрсетілген тексерудің аяқталған мерзімінен кешіктірмей тексеру нәтижелері туралы актіні тексерілетін адамға табыс еткен күн тексеру аяқталған күн болып саналады.
12-бап. Ұшу қауіпсіздігін және авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың нәтижелері
1. Мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзушылықтар анықталған жағдайларда, мемлекеттік авиация инспекторлары жеке немесе заңды тұлғаларға бұзушылықтарды жою туралы инспекторлық нұсқамалар береді.
Ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларда, мемлекеттік авиация инспекторлары әуе кемесін пайдалануды тоқтату не инспекцияланатын пайдаланушының немесе азаматтық авиация ұйымының және (немесе) авиация персоналының белгілі бір әрекеттерді тоқтатуы туралы талаппен инспекторлық нұсқамалар береді.
2. Инспекторлық нұсқама жеке немесе заңды тұлғаға немесе олардың өкілдерінің қолына немесе жөнелту және алу фактісін растайтын өзге де тәсілмен тапсырылуы тиіс.
Инспекторлық нұсқамада жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (бар болған кезде) немесе заңды тұлғаның атауы, инспекторлық нұсқаманың берілген күні, инспекторлық нұсқаманы жіберудің негізі, анықталған бұзушылықтарды жою туралы талаптар және инспекторлық нұсқаманы орындау мерзімдері, оған шағымдану тәртібі көрсетіледі.
3. Хабарламалы тапсырыс хат арқылы почтамен не хабарламалардың кепілді жеткізілуін қамтамасыз ететін электронды байланыс арналары арқылы электронды түрде жіберілген инспекторлық нұсқама почта операторынан почта жөнелтілімін адресаттың алғаны туралы хабарламаны алған күннен бастап не хабарламаны электронды түрде жіберген күннен бастап бес жұмыс күні өткен соң тапсырылды деп есептеледі.
4. Инспекторлық нұсқама азаматтық және (немесе) эксперименттік авиация саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғалардың орындауы үшін міндетті болып табылады.
5. Инспекторлық нұсқаманы орындамау азаматтық және (немесе) эксперименттік авиация саласындағы қызметті жүзеге асыруға арналған сертификаттың (куәліктің) қолданысын тоқтата тұру немесе оны қайтарып алу үшін негіз болып табылады және Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
Мемлекеттік авиация инспекторлары беретін инспекторлық нұсқамаға жоғары тұрған лауазымды адамға немесе сотқа шағым жасалуы мүмкін.»;
6) мынадай мазмұндағы 12-1-баппен толықтырылсын:
«12-1-бап. Азаматтық авиацияның ұшу қауіпсіздігі жөніндегі бағдарлама
1. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттарына сәйкес ұшу қауіпсіздігі жөніндегі бағдарламаны әзірлейді, ол:
1) азаматтық авиация саласындағы азаматтық авиациядағы ұшу қауіпсіздігін басқару жүйесін білдіреді;
2) халықаралық стандарттарды және ұшу қауіпсіздігін басқару жүйесіне байланысты ұсынылатын практиканы тиімді енгізуді белгілейді;
3) ұшу қауіпсіздігі тәуекелдерін басқарудың жоғары деңгейіне қол жеткізуге және авиациялық оқиғалар мен оқыс оқиғалардың санын үздіксіз азайтуға бағытталған.
2. Азаматтық авиациядағы ұшу қауіпсіздігі жөніндегі бағдарлама мыналарды:
1) мемлекеттік деңгейде қауіпсіздік саласындағы саясат пен мақсаттарды;
2) мемлекеттік деңгейде ұшу қауіпсіздігіне байланысты тәуекелдерді басқаруды;
3) мемлекеттік деңгейде азаматтық авиацияның қауіпсіздігін қамтамасыз етуді;
4) мемлекеттік деңгейде азаматтық авиацияның қауіпсіздігін дамытуға жәрдемдесуді қамтиды.»;
7) 13-бап мынадай мазмұндағы 3-1), 3-2), 15-1) және 22-1) тармақшалармен толықтырылсын:
«3-1) азаматтық авиация саласында ұшу қауіпсіздігі жөніндегі бағдарламаны бекітеді;
3-2) Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясында формальдылықты оңайлату мақсатында рәсімдерді белгілеуге жәрдемдесуге тиісті шаралар жиынтығын білдіретін, халықаралық әуе тасымалдары кезіндегі формальдылықты оңайлату бағдарламасын бекітеді;»;
«15-1) Аэронавигациялық ұйымның әуе қозғалысына қызмет көрсету органын және (немесе) радиотехникалық жабдықты пайдалану және байланыс қызметін сертификаттау және сертификат беру қағидаларын, сондай-ақ аэронавигациялық ұйымның әуе қозғалысына қызмет көрсету органдарына және (немесе) радиотехникалық жабдықты пайдалану және байланыс қызметтеріне қойылатын сертификаттық талаптарды бекітеді;»;
«22-1) Қазақстан Республикасының азаматтық авиация ұйымдарын азаматтық авиация саласындағы халықаралық ұйымдардың авиациялық стандарттарын қолдануға жіберу қағидаларын бекітеді;»;
8) 14-баптың 1-тармағында:
1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«1) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын және (немесе) халықаралық стандарттарды жеке және заңды тұлғалардың сақтауын мемлекеттік реттеуді, мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асырады;»;
3) тармақша алып тасталсын;
15) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«15) ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысатын авиация персоналының кәсіптік даярлығының үлгілік бағдарламасын бекітеді;»;
мынадай мазмұндағы 15-1) және 15-2) тармақшалармен толықтырылсын:
«15-1) Радиотелефон байланысында пайдаланылатын тілді меңгеру дәрежесін айқындауға арналған тестілеу қағидаларын бекітеді;
15-2) авиациялық оқу орталықтары мен азаматтық авиация ұйымдары әзірлеген азаматтық авиация персоналын кәсіптік даярлау бағдарламасын келіседі;»;
16), 17) және 23) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
«16) авиация персоналына жататын адамға оның қажеттi бiлiмi мен дағдысының бар екенiн, сондай-ақ оның денсаулығының белгiленген талаптарға сай екенiн растайтын кәсiптiк қызметтi жүзеге асыру құқығына арналған авиация персоналының куәлігін бередi, куәліктің қолданылу мерзімін ұзартады, мұндай куәлiктi қайтарып алады, қолданысын тоқтата тұрады, куәлікке біліктілік белгілері мен арнайы белгілерді енгізеді;
17) азаматтық әуе кемелерін пайдаланушынының сертификатын, авиациялық жұмыстарды орындау құқығына арналған куәлікті, авиациялық оқу орталығының сертификатын, азаматтық авиацияның авиациялық техникасына техникалық қызмет көрсету және жөндеу жөніндегі ұйымның сертификатын, тип сертификатын, әуеайлақтың (тікұшақ айлағының) жарамдылығы сертификатын, азаматтық әуе кемесінің ұшуға жарамдылығы сертификатын, әуежайдың авиациялық қауіпсіздік қызметін тексеріп қарауды ұйымдастыру жөніндегі сертификатты, әуе кемесінің ұшуға жарамдылығының экспорттық сертификатын, аэронавигациялық ұйымның әуе қозғалысына қызмет көрсету органының және (немесе) радиотехникалық жабдықты пайдалану және байланыс қызметінің сертификатын сертификаттауды және беруді жүзеге асырады;»;
«23) шетелдік авиатасымалдаушылардың тұрақты ұшу кестесін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық авиамаршруттарындағы шетелдік авиатасымалдаушылардың тұрақты рейстерінің кестесін бекіту жөніндегі нұсқаулықты бекітеді;»;
38) тармақша алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 38-1), 41-1), 41-2), 41-3), 41-4), 41-5), 41-6), 41-7), 41-8), 41-9), 41-10), 41-11), 41-12), 41-13), 41-14), 41-15) және 41-16) тармақшалармен толықтырылсын:
«38-1) азаматтық және эксперименттік авиация саласындағы ұшуларды іздестіру-құтқару және авариялық-құтқару қызметімен қамтамасыз етуге бақылауды жүзеге асырады;»;
«41-1) мемлекеттік авиация саласындағы уәкілеттік органмен келісу бойынша Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларына сәйкес астана мен астаналық әуежайдың үстіндегі әуе кеңістігін пайдалану тәртібін айқындайды;
41-2) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттары мен ұсынылатын практикасына сәйкестігіне мониторинг жүргізуді жүзеге асырады;
41-3) Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттары мен ұсынылатын практикасынан орын алған айырмашылықтар туралы Халықаралық азаматтық авиация ұйымын (ИКАО) уақтылы хабардар етуді және оларды аэронавигациялық ақпарат құжаттарында жариялауды қамтамасыз етеді;
41-4) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен Авиациялық оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тексеру қағидаларына сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағында азаматтық авиациядағы авиациялық оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тексеру жөніндегі жұмыстарды ұйымдастырады;
41-5) Қазақстан Республикасының Азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізілімінде тіркелген не әуе кемелерінің пайдаланушылары Қазақстан Республикасының жеке немесе заңды тұлғалары болып табылатын әуе кемелерімен басқа мемлекеттердің аумағында болған азаматтық авиациядағы авиациялық оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тексеруге қатысады;
41-6) авиациялық оқиғалар мен оқыс оқиғалардың алдын алу немесе олардың салдарларын азайту мақсаттарында ұсынымдар береді, сондай-ақ осындай ұсынымдардың орындалуына талдау жүргізеді;
41-7) Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізілімінде тіркелген не пайдаланушылары Қазақстан Республикасының жеке немесе заңды тұлғалары болып табылатын әуе кемелерімен болған авиациялық оқиғалар мен оқыс оқиғалар жөнінде статистикалық деректер жүргізеді;
41-8) Қазақстан Республикасының аумағында шет мемлекеттер пайдаланушыларының әуе кемелерімен болған авиациялық оқиғалар мен оқыс оқиғалар жөнінде статистикалық деректер жүргізеді;
41-9) халықаралық азаматтық авиация ұйымдарымен статистикалық деректерді алмасуға қатысады;
41-10) авиациялық оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тексеруге жауапты шет мемлекеттердің органдарымен және халықаралық азаматтық авиация ұйымдарымен ынтымақтасады;
41-11) авиациялық оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тексеру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдарымен ынтымақтасады;
41-12) авиациялық оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тексеру кезінде дәлелдемелердің сақталуын қамтамасыз етеді;
41-13) ұшу қауіпсіздігі туралы құпия ақпараттың қорғалуын қамтамасыз етеді;
41-14) авиациялық оқиғаларды жинау, бағалау, өңдеу, сақтау және тіркеу тетігін қоса алғанда, авиациялық оқиғалар мен оқыс оқиғалар туралы деректерді міндетті және ерікті түрде ұсыну жүйесін әзірлейді, енгізеді, зерделейді және қолдайды;
41-15) мемлекеттік және халықаралық деңгейлерде ұшу қауіпсіздігі туралы ақпарат алмасуға және авиациялық оқиғалар туралы ақпарат таратуға қатысады;
41-16) азаматтық авиацияның ұшу қауіпсіздігіне байланысты ақпаратты жинауды және талдауды, сондай-ақ осындай ақпаратты жасауды және азаматтық авиация саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың назарына жеткізуді жүзеге асырады. Талдау ақпарат көздерін ашуды талап етпейді;»;
2 және 3-тармақтар алып тасталсын;
9) 16-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«16-бап. Азаматтық авиация саласындағы сертификаттау
1. Азаматтық авиация саласындағы сертификаттау кезінде осы Заңда көзделген әуе кемелерінің, әуеайлақтардың және көрсетілетін авиациялық қызметтердің Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестігі расталады.
2. Сертификаттаудың мақсаты адамның өмірі мен денсаулығын, қоршаған ортаны, мемлекет мүдделерін қорғау, әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігін және авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, экономиканың және азаматтардың сапалы авиациялық қызметтерге деген қажеттіліктерін қанағаттандыру болып табылады.
3. Осы Заңда белгіленген жағдайларда, сертификаттауды азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
19-тармақтың 9) тармақшасының алтыншы абзацы 2014 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
Азаматтық авиация саласындағы сертификаттау үшін «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексінде (Салық кодексі) айқындалатын тәртіппен және мөлшерде алым алынады. Азаматтық авиация саласындағы сертификаттау көрсетілген алымды мемлекеттік бюджетке төлегеннен кейін жүзеге асырылады.
Беру кезінде сертификат (авиациялық жұмыстарды орындауға арналған куәлік) өтініш берушінің сертификаттық талаптарға сәйкестігін растайды және оған қызметтің рұқсат етілген түрлерін жүзеге асыруға арналған құқық береді.
4. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін сертификаттық талаптарға сәйкес болған кезде өтініш берушіге сертификат (авиациялық жұмыстарды орындауға арналған куәлік) береді.
Азаматтық авиация пайдаланушыларын немесе ұйымдарын сертификаттау процесі олардың белгіленген сертификаттау талаптарына сәйкестігін сертификаттық тексеруді, оның ішінде ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін олардың қаржы-экономикалық жағдайын бағалауды көздейді.
Сертификаттық тексеру шеңберінде өтініш беруші қызметтің сұратылып отырған түрлеріне байланысты функцияларды орындау үшін қажетті қабілеті мен құралдарын көрсетуге міндетті.
5. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган сертификаттау кезінде мыналарға:
1) сертификатты (авиациялық жұмыстарды орындауға арналған куәлік) берер алдында, сертификаттау рәсімдеріне жататын азаматтық авиация ұйымдарына қолданылатын сертификаттау талаптарына сәйкестігіне;
2) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы заңнамасына сәйкес, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен түзету іс-қимылдарының жоспарын орындауға (қолдануға) сертификаттық тексеруді жүзеге асырады.
6. Осы баптың 5-тармағында көзделген сертификаттық тексеру:
1) сертификаттық тексеру жүргізу жөніндегі мемлекеттік авиация инспекторлары үшін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган әзірлеген нұсқамалық материал пайдаланыла отырып жүзеге асырылуы;
2) тексерілетін жеке және заңды тұлғаларға сертификаттық тексерудің тиісті нәтижелері ұсынылуы тиіс.»;
10) 2-тарау мынадай мазмұндағы 16-1, 16-2, 16-3, 16-4, 16-5 және 16-6-баптармен толықтырылсын:
«16-1-бап. Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тұрақты қадағалау
1. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган жеке және заңды тұлғалардың ұшу қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуіне тұрақты қадағалауды жүзеге асырады.
Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тұрақты қадағалауға азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган сертификаттаған азаматтық авиация пайдаланушылары мен ұйымдары жатады.
2. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган тұрақты қадағалауды жүзеге асыру кезінде:
1) сертификаттау талаптары мен Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестігін ұстауды;
2) осы Заңның 16-3-бабына сәйкес түзету іс-қимылдарының жоспарын орындауды тексереді.
3. Осы баптың 2-тармағында көзделген тексеру:
1) тұрақты қадағалауды жүргізу жөніндегі мемлекеттік авиация инспекторлары үшін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган әзірлеген нұсқамалық материал пайдаланыла отырып жүзеге асырылуы;
2) тексерілетін жеке және заңды тұлғаларға ұшу қауіпсіздігін қадағалаудың тиісті нәтижелерін беруі;
3) бұрынғы қадағалаудың нәтижелеріне және азаматтық авиация пайдаланушылары мен ұйымдарының ұшу қауіпсіздігін басқарудың белгіленген жүйесі шеңберінде ұшу қауіпсіздігі саласындағы басымдықтарға негізделуі;
4) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органға осы Заңның 16-3-бабына сәйкес шаралар қолдану үшін бұзушылықтардың жоқ екені немесе бар екені туралы мәліметтерді ұсынуы тиіс.
4. Тұрақты қадағалауды жүргізу тұрақты қадағалауды қамтамасыз ету жөніндегі бағдарлама шеңберінде азаматтық авиация пайдаланушылары мен ұйымдарын жоспарлы тексеру арқылы жүзеге асырылады.
5. Азаматтық авиация саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының шегінде немесе одан тыс жерлерде азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган берген сертификаттар (авиациялық жұмыстарды орындауға арналған куәлік) негізінде өз қызметін жүзеге асыру кезінде сертификаттау талаптарын үнемі сақтайтынын растайтын ақпаратты, құжаттарды береді және мемлекеттік авиация инспекторларының өздерінің қарауындағы жерлер мен аймақтарда сертификаттау нысанасы болып табылатын ақпараттарға, құжаттарға, бұйымдарға, бөліктер мен жабдықтарға қолжетімділігін қамтамасыз етуге міндетті.
6. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган жоспардан тыс тексерулер жүргізу жөнінде шешім қабылдау үшін азаматтық авиация пайдаланушылары мен ұйымдарының қаржы-экономикалық жағдайын бағалауға арналған деректерді қоса алғанда, тұрақты қадағалау функцияларын орындау үшін деректерді жинайды және өңдейді.
16-2-бап. Тұрақты қадағалауды қамтамасыз ету жөніндегі бағдарлама
1. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган жыл сайын тұрақты қадағалауды қамтамасыз ету жөніндегі бағдарламаны қабылдайды, ол сертификатталған азаматтық авиация пайдаланушылары мен ұйымдарының сертификаттау талаптарына сәйкестігін ұстау бойынша азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган жүргізетін іс-шаралар кешенін білдіреді.
2. Тұрақты қадағалауды қамтамасыз ету жөніндегі бағдарлама азаматтық авиация пайдаланушылары мен ұйымдарының тәуекелдер дәрежесін бағалау, оның ішінде азаматтық авиация пайдаланушылары мен ұйымдарының қаржы-экономикалық жағдайын бағалау ескеріле отырып әзірленеді және сертификатта (авиациялық жұмыстарды орындауға арналған куәлікте) көзделген қызмет түрлерін қамтиды.
Азаматтық авиацияның пайдаланушылары мен ұйымдары азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органға тоқсан сайын азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша қаржы-экономикалық жағдай туралы ақпарат береді.
3. Тұрақты қадағалауды қамтамасыз ету жөніндегі бағдарлама тексерулерді жоспарлауды, қадағалау мәселелері бойынша азаматтық авиацияның пайдаланушылары мен ұйымдарының лауазымды адамдарымен өзара іс-қимыл жасауды және жүргізілген тексерулер нәтижелерін есепке алуды қамтиды.
16-3-бап. Тұрақты қадағалауды жүзеге асыру кезінде анықталған, белгіленген талаптарды бұзушылықтар деңгейі және бұзушылықтарды жою жөніндегі шаралар
1. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзу дәрежесіне қарай, тұрақты қадағалау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтар бірінші және екінші деңгейдегі бұзушылықтар болып бөлінеді.
2. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды ұшу қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіретіндей елеулі бұзушылықтар бірінші деңгейдегі бұзушылықтарға жатады.
Бірінші деңгейдегі бұзушылыққа:
мемлекеттік авиация инспекторына азаматтық авиация пайдаланушысының және (немесе) ұйымының объектілеріне (әуе кемелерін, үйлерді, құрылыстарды, ангарларды, отын қоймаларын, қызметтік үй-жайларды қоса алғанда және оның аумағына) кіргізуден бас тарту;
ұсынылған құжаттарды бұрмалау арқылы азаматтық авиация пайдаланушысының немесе ұйымының сертификат (авиациялық жұмыстарды орындауға арналған куәлік) алуы, сертификаттау талаптарына сәйкестікте ұстауы;
азаматтық авиацияның пайдаланушысының немесе ұйымының заңға қайшы іс-қимылдар жасауы немесе сертификатты (авиациялық жұмыстарды орындауға арналған куәлік) заңсыз пайдалануы;
азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның тиісті бекітуінсіз, Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осындай органның бекітуіне жататын құжаттамаға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу;
түзету іс-қимылдарының жоспарын азаматтық авиация пайдаланушысының немесе ұйымының белгіленген мерзімде азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органға оны бағалауды жүргізу үшін ұсынбау немесе екінші деңгейдегі заң бұзушылық кезінде азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган белгілеген немесе ұзартқан мерзімдерде түзету іс-қимылдарын орындамау;
осы Заңға сәйкес, соның негізінде сертификаттың (авиациялық жұмыстарды орындауға арналған куәліктің) қолданысы тоқтатыла тұратын не сертификатты (авиациялық жұмыстарды орындауға арналған куәлікті) қайтарып алатын өзге де жағдайлар кіреді.
3. Бірінші деңгейдегі бұзушылықтарға кірмейтін, Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды бұзудың барлығы екінші деңгейдегі бұзушылықтарға жатады.
4. Мемлекеттік қадағалауды жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылық анықталған кезде, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган немесе мемлекеттік авиация инспекторы азаматтық авиацияның пайдаланушысына немесе ұйымына анықталған бұзушылықтарды жою үшін түзету іс-қимылдарын қабылдау талабымен нұсқама жібереді.
Қажет болған жағдайда, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган әуе кемесі тіркелген шет мемлекеттің құзыретті органына хабарлайды.
5. Бірінші деңгейдегі бұзушылық болған кезде азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган азаматтық авиацияның пайдаланушысы немесе ұйымы анықталған бұзушылықтарды жойған кезге дейін осы Заңда белгіленген жағдайларда және тәртіпте, сертификатты (авиациялық жұмыстарды орындауға арналған куәлікті) қайтарып алу немесе оны толық немесе ішінара шектеу немесе қолданысын тоқтата тұру жөнінде шаралар қабылдайды.
6. Екінші деңгейдегі бұзушылықтар болған кезде азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган:
1) анықталған бұзушылықтарды жою үшін бұзушылық анықталған кезден бастап үш айдан аспайтын мерзім белгілейді. Азаматтық авиация пайдаланушысы немесе ұйымы азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган белгілеген мерзімдерде анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі түзету іс-қимылдарының жоспарын әзірлейді. Бұзушылықтарды жою үшін белгіленген мерзім бекітілген түзету іс-қимылдары жоспарының мерзімдерін өзгерту қажеттігін негіздеу шартымен ұзартылуы мүмкін;
2) азаматтық авиация пайдаланушысы немесе ұйымы ұсынған анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі шараларды бағалау негізінде түзету іс-қимылдарының жоспарын бекітеді не оны негіздемесімен қоса пысықтауға қайтарады.
7. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган азаматтық авиация пайдаланушысының немесе ұйымының түзету іс-қимылдарының жоспарын ұсынуын және (немесе) жоспарда белгіленген мерзімдерде түзету іс-қимылдарын орындауын бақылайды.
Көрсетілген жоспар азаматтық авиация пайдаланушысы немесе ұйымы инспекторлық нұсқаманы алған кезден бастап он күндік мерзімде азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органға ұсынылуы тиіс.
8. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган азаматтық авиация пайдаланушылары мен ұйымдары тарапынан түзету іс-қимылдарын қоса алғанда, барлық анықталған бұзушылықтарды, оларды жою жөнінде қабылданған шаралар мен белгіленген мерзімдерді есепке алуды жүргізеді.
16-4-бап. Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуді бақылау
1. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган қызметі азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның сертификаттауына жатпайтын, бірақ осы Заңның 10-2-бабында көзделген қызметке жататын жеке және (немесе) заңды тұлғалардың ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуіне бақылауды жүзеге асырады.
2. Бақылау жеке және (немесе) заңды тұлғаларды жоспарлы және жоспардан тыс тексеру, әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігі талаптарын сақтаудағы олардың қызметін бақылау және талдау арқылы жүзеге асырылады.