Жоспарлы тексерулерді жүргізу тексеру парақтарының негізінде және тексеру жоспарында белгіленген мерзімдерде жүзеге асырылады.
Бақылауды жүзеге асыру кезінде жеке және (немесе) заңды тұлғаларды жоспардан тыс тексеруге мыналар:
1) тексеру немесе бақылаудың өзге де нысандары нәтижесінде анықталған Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы инспекторлық нұсқамалардың орындалуын бақылау;
2) адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған орта мен жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне зиян келтіру туралы не зиян келтіру қаупінің төнуі туралы жеке және заңды тұлғалардан, мемлекеттік органдардан, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттарынан және жергілікті өкілді органдардан ақпарат алу және өтініштердің түсуі;
3) өзінің қызметіне тексеру жүргізу туралы тексерілетін жеке немесе заңды тұлғаның бастамашылық өтініші;
4) егер оларға қатысты жоспарлы тексеру белгіленген болса, тексерілетін жеке тұлғаның тегінің, атының, әкесінің атының (бар болған кезде) немесе тексерілетін заңды тұлға атауының өзгеруі, сондай-ақ оның қайта ұйымдастырылуы;
5) бастапқы тексерумен келіспейтіні туралы тексерілетін жеке немесе заңды тұлғаның өтініш жасауына байланысты қайта тексеру негіз болып табылады.
3. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзушылықтар анықталған жағдайда, мемлекеттік авиация инспекторлары бұзушылықтарды жою туралы инспекторлық нұсқамалар береді.
16-5-бап. Шетелдік пайдаланушылардың азаматтық әуе кемелерін перрондық тексерулер
1. Шетелдік пайдаланушылардың азаматтық әуе кемелерін перрондық тексерулерді Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) стандарттарының негізінде әзірленген, нысанын азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекітетін тексеру парақтары негізінде мемлекеттік авиация инспекторлары жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасының халықаралық ұшулар үшін ашық әуежайында қонуды жүзеге асырған әуе кемесі мен экипаж тексеруге жатады.
Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган жасалған келісімдер негізінде шетелдік пайдаланушылардың азаматтық әуе кемелеріне жүргізілген перрондық тексерулер бойынша ақпарат жинауға және оны шет мемлекеттермен алмасуға атсалысады.
2. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган тиісті әуеайлақтардағы пайдаланушылар санын, әуе кемесінің типін және қону санын, сондай-ақ ұшу қауіпсіздігі саласындағы тәуекелдер дәрежесін ескере отырып, есептеу әдісіне негізделген, шетелдік пайдаланушылардың азаматтық әуе кемелеріне перрондық тексерулер жүргізудің жылдық жоспарын қабылдайды.
3. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган, егер осындай әуе кемесінің бортында Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттары не пайдаланушы сертификатының шарттары мен пайдалану шектеулері сақталмайды деп есептеуге негіз болса, шетелдік пайдаланушының азаматтық әуе кемесіне жоспардан тыс перрондық тексерулерді жүзеге асырады.
Мұндай негіздер:
1) алдыңғы тексерулер және бақылаудың өзге де нысандары нәтижесінде бұрын анықталған бұзушылықтардың жойылуын бақылау;
2) адам өмірі мен денсаулығына, қоршаған орта мен жеке және (немесе) заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне зиян келтіру не зиян келтіру қаупінің төнуі туралы жеке және (немесе) заңды тұлғалардан, мемлекеттік органдардан ақпарат алу және өтініштердің түсуі;
3) өзінің әуе кемесі мен экипажына тексеру жүргізу туралы тексерілетін шетелдік пайдаланушының бастамашылық өтініші;
4) егер тексерілетін шетелдік пайдаланушыға қатысты жоспарлы тексеру белгіленсе, оны қайта ұйымдастыру және атауын өзгерту;
5) бастапқы тексерумен келіспейтіні туралы тексерілетін шетелдік пайдаланушының өтінішіне байланысты қайта тексеру болып табылады.
4. Шетелдік пайдаланушылардың азаматтық әуе кемелеріне перрондық тексерулерді жүргізу кезінде мемлекеттік авиация инспекторлары инспекцияланатын әуе кемелерінің ұшуын негізсіз кідіртуді болғызбау қағидатын басшылыққа алады.
5. Шетелдік пайдаланушылардың азаматтық әуе кемелеріне инспекциялауды жүргізу барысында анықталған бұзушылықтар мынадай түрде сыныпталады:
1) үшінші санаттағы бұзушылық - ұшу қауіпсіздігіне едәуір әсері бар пайдаланушы сертфикатының белгіленген шарттары мен пайдаланудағы шектеулерін бұзу;
2) екінші санаттағы бұзушылық - ұшу қауіпсіздігіне елеулі әсері бар пайдаланушы сертификатының белгіленген шарттары мен пайдаланудағы шектеулерін бұзу;
3) бірінші санаттағы бұзушылық - ұшу қауіпсіздігіне болмашы әсері бар пайдаланушы сертификатының белгіленген шарттары мен пайдаланудағы шектеулерді бұзу.
Бұзушылықтарды осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген санаттарға жатқызу шарттары тексеру парағымен айқындалады.
6. Үшінші санаттағы бұзушылықты анықтаған жағдайда, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның:
1) әуе кемесін пайдалануға шектеу қоюға не Қазақстан Республикасының аумағында әуе кемесін пайдалануға дереу тыйым салуды енгізуге не анықталған бұзушылықтарды жою бойынша шұғыл түзету іс-қимылдарын қабылдауды талап етуге не әуе кемесін жерде кідіртуге;
2) перрондық тексерудің нәтижелері туралы пайдаланушыға жазбаша түрде хабар беруге және қабылданған түзету іс-қимылдары бойынша дәлелді талап етуге;
3) пайдаланушы тіркелген мемлекет пен әуе кемесі тіркелген және ұшу экипажы куәлігін берген мемлекеттің құзыретті органдарына хабарлауға, сондай-ақ пайдаланушы қабылдаған түзету іс-қимылдарын келісу туралы құзыретті органдардан растауды сұратуға құқығы бар.
7. Егер экипаж Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) стандарттарының не пайдаланушы сертификатының шарттары мен пайдаланудағы шектеулердің анықталған бұзушылықтарын жою бойынша тиісті түзету іс-қимылдарын қабылдамастан, тексерілетін әуе кемесінде ұшуды орындау жөнінде іс-қимылдар жасады деп есептеуге негіз болған жағдайда, мемлекеттік авиация инспекторы әуе кемесінің командирін және (немесе) пайдаланушысын қосымша нұсқау алғанға дейін әуе кемесінің мұндай ұшуға рұқсатының жоқ екендігі туралы хабардар етеді және әуе кемесін жерде кідіртеді.
8. Әуе кемесі жерде кідірген жағдайда, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган, егер тіркеу мемлекеті пайдаланушы мемлекетінен өзгеше болса, әуе кемесін пайдаланушының мемлекеті мен ол тіркелген мемлекеттің құзыретті органдарына дереу хабар береді және осы органдармен бірлесіп әуе кемесі ұшуға рұқсат ала алатын қажетті шарттарды көздейді.
9. Әуе кемесінің ұшуға жарамдылығына қатысты Халықаралық азаматтық авиация ұйымы стандарттарының (ИКАО) не пайдаланушы сертификатының шарттары мен пайдаланудағы шектеулердің бұзылуы анықталған жағдайда, әуе кемесінің ұшуына тыйым салу:
1) әуе кемесінің ұшуға жарамдылығына қатысты бұзушылық жойылғандығын;
2) пайдаланушыда осындай әуе кемесінің арнайы ұшуына арналған рұқсаттың немесе әуе кемесі тіркелген мемлекеттің немесе пайдаланушы мемлекеттің құзыретті органы берген осыған ұқсас құжаттың болуын, сондай-ақ қажет болған кезде транзиттік мемлекеттердің олардың әуе кеңістігінен ұшып өтуге арналған рұқсаттың болуын растайтын құжаттаманы азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органға пайдаланушы ұсынғанға дейін сақталады.
10. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган екінші санаттағы бұзушылықты анықтаған кезде:
1) қабылданған түзету іс-қимылдары туралы растайтын құжаттаманы ұсынуды талап ете отырып, пайдаланушыға шешімі туралы жазбаша хабар береді;
2) әуе кемесін пайдаланушының мемлекеті мен ол тіркелген және ұшу экипажы куәліктерін берген мемлекеттің құзыретті органдарына хабар береді. Қажет болған жағдайда, пайдаланушы қабылдаған түзету іс-қимылдарымен осындай құзыретті органдардың келісуі туралы растауды сұратады.
11. Бірінші санаттағы бұзушылық анықталған кезде мемлекеттік авиация инспекторы оларды жою жөнінде шаралар қабылдау үшін бұл туралы шетелдік пайдаланушының азаматтық әуе кемесінің командирін хабардар етеді.
16-6-бап. Мемлекеттік авиация инспекторы
1. Азаматтық және эксперименттік авиация саласында мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруға уәкілетті азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның лауазымды адамы мемлекеттік авиация инспекторы болып табылады.
Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру кезінде мемлекеттік авиация инспекторының қызметіне жеке және (немесе) заңды тұлғалардың, мемлекеттік органдардың араласуына жол берілмейді.
2. Мемлекеттік авиация инспекторларының өз міндеттерін орындау кезінде:
1) қызметтік міндеттерді жүзеге асыру үшін ангарларды, отын қоймаларын, пайдаланушылардың қызметтік үй-жайларын және авиациялық оқу орталықтарын қоса алғанда, Қазақстан Республикасы әуежайларының барлық бақыланатын аймақтарына, әуе кемелеріне және азаматтық авиация ұйымдарының объектілеріне кедергісіз кіруге;
2) авиация персоналының біліктілігі туралы ақпаратты қоса алғанда, азаматтық авиацияның пайдаланушылары мен ұйымдарынан ақпарат, құжаттар сұратуға, сондай-ақ оларды ұсыну мерзімдерін белгілей отырып, өз функцияларын орындау үшін қажетті түсініктемелер мен материалдарды талап етуге;
3) оларды орындау мерзімдерін белгілей отырып, азаматтық авиация пайдаланушылары мен ұйымының лауазымды адамдарына ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша инспекторлық нұсқамалар беруге;
4) әуе кемесінің кабинасында немесе салонында болу құқығымен ұшу кезінде пайдаланушымен келісу бойынша азаматтық әуе кемесінің бортында болуға құқығы бар.
3. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуына бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру кезінде мемлекеттік авиация инспекторлары:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға;
2) «Мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы мен осы Заңда белгіленген тәртіпке сәйкес тексерулер жүргізуге;
3) тексеру жүргізу кезеңінде азаматтық авиация ұйымының белгіленген жұмыс режиміне кедергі келтірмеуге;
4) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды бұзудың алдын алу, анықтау және жолын кесу бойынша Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес берілген өкілеттіктерді уақтылы және толық көлемде орындауға;
5) авиация персоналы куәлігінің, кеме, ұшу құжаттамасының, сертификаттардың, рұқсаттардың және берілуі осы Заңда көзделген құжаттардың болуын, сондай-ақ шетелдік кемелерді қоса алғанда, азаматтық әуе кемелерінің Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерінің ұшуға жарамдылығы талаптарына және тексеру парағына сәйкес Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттарына сәйкестігін тексеруге міндетті.
4. Азаматтық авиацияның пайдаланушысы немесе ұйымы, тексеруге жататын объектілер, құралдар әуеайлақ (тікұшақ айлағы) аумағында болған кезде, әуеайлақты (тікұшақ айлағын) пайдаланушы оларға мемлекеттік авиация инспекторының қызметтік куәлікті көрсетуі негізінде кедергісіз кіруін қамтамасыз етуге міндетті.
5. Мемлекеттік авиация инспекторлары Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін, мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын Қазақстан Республикасы органдары қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеудің бірыңғай жүйесі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сметасы (бюджет) негізінде белгіленетін ақшалай ризықпен қамтамасыз етіледі.
Ақшалай ризық ақшалай үлесті (лауазымдық айлықақы), ерекше еңбек жағдайлары үшін үстемеақыларды және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленетін басқа да үстемеақылар мен сыйлықақыларды қамтиды.
6. Мемлекеттік авиация инспекторлары талап етілетін кәсіптік даярлық деңгейін ұстап тұру үшін кезең-кезеңмен:
1) кәсіптік деңгейді ұстау жөніндегі курстарда оқытудан өтуге;
19-тармақтың 10) тармақшасының бір жүз екінші, бір жүз үшінші және бір жүз төртінші абзацтары 2014 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
2) авиациялық техниканы пайдаланып және (немесе) авиациялық тренажерлерде жаттығудан өтуге;
3) азаматтық авиация және пайдаланушылар ұйымдарында кәсіптік даярлықты (біліктілікті) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін Мемлекеттік авиация инспекторларын кәсіптік даярлау және олардың біліктілігін ұстау қағидаларында белгіленген көлемде және деңгейде ұстауға тиіс.
7. Ұшуда авиациялық инспекцияларды жүзеге асыру және авиациялық техниканы пайдалана отырып біліктілік деңгейін ұстау кезінде мемлекеттік авиация инспекторларының өмірі мен денсаулығын сақтандыру Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.»;
11) 17-бапта:
2-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«3) әуе трассаларынан және жергілікті әуе желілерінен тыс, әуе кеңістігінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан ұшып өту кезінде аэронавигациялық ұйымның әуе қозғалысын басқару органдары немесе әуе қозғалысына қызмет көрсету органдары мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша жүзеге асырады.»;
3-тармақтың екінші бөлігі алып тасталсын;
6 және 9-тармақтар алып тасталсын;
12) 19-баптың 3-тармағының екінші, үшінші және төртінші бөліктері алып тасталсын;
13) 20-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«20-бап. Әуе кеңiстiгiнде аэронавигациялық қызмет көрсетуді ұсыну
1. Осы Заңның 18-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетiлген қызметті жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдаланушылар үшін аэронавигациялық қызмет көрсету шарттар (жария шарттар) негiзiнде жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдаланушыларға ұсынылатын аэронавигациялық қызмет көрсету:
1) апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа ұшыраған әуе кемелері, сондай-ақ борттағы авариялық жағдайға, материалдық бөлiгiнің істен шығуына немесе ақауы болуына байланысты маршруттары өзгертілген әуе кемелері әуе кемесiнiң ұшып бара жатқан жері айқындалған кезден бастап;
2) iздестiру-құтқару жұмыстарын жүргiзу үшін әуе кемелерi;
3) дүлей зілзалалар кезінде халыққа медициналық және (немесе) гуманитарлық көмек көрсету үшiн әуе кемелерi;
4) Қазақстан Республикасы мемлекеттік авиациясының әуе кемелері;
5) Қазақстан Республикасының Президентін, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрін, корольдiк тұлғаларды, шет мемлекеттердің мемлекет және үкiмет басшыларын тасымалдайтын әуе кемелерi;
6) егер шарт ережелерінде әуе қозғалысына қызмет көрсеткені үшін ақы төлеуден босату көзделген болса, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес ұшуды орындаған жағдайларда, өтеусіз жүзеге асырылады.
3. Ұсынылатын аэронавигациялық қызмет көрсетулер үшін әуе кеңістігін пайдаланушылардан төлемақы алуды аэронавигациялық ұйым жүзеге асырады. Аэронавигациялық қызмет көрсетуге кіретін қызметтерді ұсынуға қатысушы ұйымдармен құқықтық қатынастарды реттеу шарттар негізінде жүзеге асырылады.»;
14) 31-баптың 2-тармағының екінші сөйлемі алып тасталсын;
19-тармақтың 15) тармақшасы 2014 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
15) мынадай мазмұндағы 35-1-баппен толықтырылсын:
«35-1-бап. Аэронавигациялық ұйымның әуе қозғалысына қызмет көрсету органдарын және (немесе) радиотехникалық жабдықты пайдалану және байланыс қызметтерін сертификаттау
1. Аэронавигациялық ұйымның әуе қозғалысына қызмет көрсету органдары және (немесе) радиотехникалық жабдықты пайдалану және байланыс қызметтері аэронавигациялық ұйымның әуе қозғалысына қызмет көрсету органдарына және (немесе) радиотехникалық жабдықты пайдалану және байланыс қызметтеріне қойылатын сертификаттық талаптарға сәйкес келуі тиіс.
Көрсетілген органдар мен қызметтердің сәйкестігі аэронавигациялық ұйымның әуе қозғалысына қызмет көрсету органының және (немесе) радиотехникалық жабдықты пайдалану және байланыс қызметінің сертификатын берумен расталады. Сертификат аэронавигациялық ұйымның құрамына кіретін әуе қозғалысына қызмет көрсету органдарының және (немесе) радиотехникалық жабдықты пайдалану және байланыс қызметтерінің барлығына не бір бөлігіне ресімделеді.
Аэронавигациялық ұйымның әуе қозғалысына қызмет көрсету органдарын және (немесе) радиотехникалық жабдықты пайдалану және байланыс қызметтерін сертификаттауды азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
2. Аэронавигациялық ұйымның әуе қозғалысына қызмет көрсету органдарын және (немесе) радиотехникалық жабдықты пайдалану және байланыс қызметтерін сертификаттау тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
3. Егер аэронавигациялық ұйымның әуе қозғалысына қызмет көрсету органы және (немесе) радиотехникалық жабдықты пайдалану және байланыс қызметі қойылатын сертификаттық талаптарға сәйкес келмеген жағдайларда, аэронавигациялық ұйымның әуе қозғалысына қызмет көрсету органы және (немесе) радиотехникалық жабдықты пайдалану және байланыс қызметі сертификатын беруден бас тарту жүргізіледі.
4. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган аэронавигациялық ұйымның әуе қозғалысына қызмет көрсету органы және (немесе) радиотехникалық жабдықты пайдалану және байланыс қызметі сертификатының қолданысын мынадай жағдайларда:
1) аэронавигациялық ұйымның әуе қозғалысына қызмет көрсету органы және (немесе) радиотехникалық жабдықты пайдалану және байланыс қызметі сертификаттық талаптарды сақтамаған жағдайда;
2) аэронавигациялық ұйымның өзінің қарауындағы әуе қозғалысына қызмет көрсету органына немесе радиотехникалық жабдықты пайдалану және байланыс қызметіне қатысты өтініші бойынша бұзушылықтар жойылғанға дейін тоқтата тұрады.
5. Егер аэронавигациялық ұйымның әуе қозғалысына қызмет көрсету органы және (немесе) радиотехникалық жабдықты пайдалану және байланыс қызметі - аэронавигациялық ұйымның әуе қозғалысына қызмет көрсету органы және (немесе) радиотехникалық жабдықты пайдалану және байланыс қызметі сертификатының қолданысын тоқтата тұрған күннен бастап алты ай ішінде анықталған бұзушылықтарды жоймаса, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган тиісті сертификатты қайтарып алады.
6. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша сертификаттық талаптардан уақытша ауытқуларға, егер мұндай ауытқулар белгіленген ұшу қауіпсіздігінің деңгейіне баламалы деңгейді қамтамасыз ететін қосымша шаралар енгізумен өтелетін болса, жол беріледі.»;
16) 38-баптың 1-тармағының бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Қазақстан Республикасында пайдалануға арналған азаматтық әуе кемесiн Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) жергілікті жердегі шуылға қатысты талаптарға сәйкестігіне азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган азаматтық әуе кемесінің ұшуға жарамдылығы сертификатына қосымша болып табылатын шуыл жөніндегі сертификатты бере отырып, сертификаттайды.»;
17) 40-бап мынадай мазмұндағы 4-1-тармақпен толықтырылсын:
«4-1. Егер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында немесе азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган беретін рұқсаттарда өзгеше көзделмесе, шетелдік пайдаланушылардың азаматтық әуе кемелерімен Қазақстан Республикасының аумағында қалыптастырылатын коммерциялық әуе тасымалына байланысты тұрақты емес (бір реттік) халықаралық ұшуды орындауға жол берілмейді.»;
18) 41-баптың 9 және 10-тармақтары алып тасталсын;
19) 43-баптың 4-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Ұшу жарамдылығына әсер ететiн, азаматтық әуе кемесi үлгісінің бекітілген конструкциясы (типтік конструкциясы) немесе оның пайдалану-техникалық құжаттамасы өзгерген жағдайда, әуе кемесiнiң осы үлгісі үлгі сертификатына қосымшаны алу үшін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның қосымша сертификаттауына жатады.»;
20) 44-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Азаматтық әуе кемесінің данасын сертификаттауды Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен, Азаматтық әуе кемесі данасын сертификаттау және оның ұшуға жарамдылық нормаларына сәйкестігіне куәлік беру қағидаларына сәйкес әуе кемелері пайдаланушыларын біріктіретін коммерциялық емес ұйымдарды тарта отырып, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган жүргізеді.»;
21) 45-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Қазақстан Республикасының жеке немесе заңды тұлғаларының меншiгiндегi азаматтық әуе кемелерiне құқықтар және аталған әуе кемелерiмен жасалатын мәмiлелер, сондай-ақ қайтарылмайтын өкілеттіктер азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi органның Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемелерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiнде тiркеуіне жатады.
Азаматтық әуе кемелерiн, әуе кемелерінің кепілі туралы шарттарды және қайтарылмайтын өкілеттіктерді мемлекеттiк тiркегені үшiн «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексінде (Салық кодексi) айқындалатын тәртiппен және мөлшерде алым алынады. Азаматтық әуе кемелерiн мемлекеттiк тiркеу көрсетілген алым мемлекеттік бюджетке төленгеннен кейiн жүзеге асырылады.»;
22) 46-баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 5) тармақшасындағы «болмаған жағдайларда Қазақстан Республикасы әуе кемелерінің тиісті тізілімінен шығарылады.» деген сөздер «болмаған;» деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 6) тармақшамен толықтырылсын:
«6) қайтарылмайтын өкілеттікті атқарған жағдайларда, Қазақстан Республикасы әуе кемелерінің тиісті тізілімінен шығарылады.»;
23) 47-бапта:
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Азаматтық әуе кемесі ұшуға жарамды болуға тиіс және ұшуға жарамдылықтың қолданыстағы сертификаты болған кезде пайдалануға жіберіледі.
Егер азаматтық әуе кемесі құрастырылған, жасалған, жарақтандырылған және техникалық қызмет көрсету мен жөндеуден өткен болса, сондай-ақ Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасы мен Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамасының талаптарына сәйкес оның ұшу сапасы болса, ұшуға жарамды деп танылады.
Қазақстан Республикасы аумағының үстінен ұшқан кезде шетелдік әуе кемесінің Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттары негізінде шет мемлекет берген және Қазақстан Республикасында танылған ұшуға жарамдылығының сертификаты мен шуыл бойынша сертификаты болуға тиіс.
Ұшуға жарамдылығының сертификаты:
1) пайдалануға жарамдылық туралы бағалау актісімен расталған, азаматтық әуе кемесінің Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемелерінің ұшуға жарамдылық нормаларына сәйкестігі негізінде;
2) Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемесінің ұшуға жарамдылығын сертификаттау және сертификат беру қағидаларына сәйкес;
3) Аса жеңіл авиация саласындағы сертификаттау қағидаларына сәйкес беріледі.
Әуе кемелерінің ұшуға жарамдылығын сертификаттауды азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
Аса жеңіл авиация әуе кемелерінің ұшуға жарамдылығын сертификаттауды әуе кемелерін пайдаланушыларды біріктіретін коммерциялық емес ұйымдарды тарта отырып, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
Бекітілген типтік конструкциясы жоқ әуе кемесінің ұшуға жарамдылығын сертификаттауды әуе кемелерін пайдаланушыларды біріктіретін коммерциялық емес ұйымдарды тарта отырып, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.»;
3-тармақ алып тасталсын;
8-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
«Әуе кемесінің ұшуға жарамдылық нормаларына сәйкес болмауы жойылмаған жағдайда, тоқтатыла тұрған күннен бастап алты ай ішінде ұшуға жарамдылық сертификаты қайтарып алынады.»;
24) 48-баптың 4-тармағының бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Азаматтық авиацияның авиациялық техникасына техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жөніндегі ұйымды сертификаттауды азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.»;
25) 51-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«51-бап. Әуе кемесiн жалдау
1. Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізілімінде тіркелген әуе кемесiнiң меншiк иесi болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматтары немесе ұйымдары кемені экипажымен қоса немесе экипажсыз Қазақстан Республикасының пайдаланушысына немесе шетелдiк пайдаланушыға жалға беруге құқылы.
Қазақстан Республикасының пайдаланушысы Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің азаматтарына немесе ұйымдарына тиесілі әуе кемесін экипажымен қоса немесе экипажсыз жалға алуға құқылы.
2. Шетелдік жалға алушының Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізілімінде тіркелген не оның пайдаланушысы Қазақстан Республикасының азаматтық авиация ұйымы болып табылатын жалға алынған әуе кемесінде ұрыс қимылдары, қарулы қақтығыстар аймағында ұшуды орындауына және қару-жарақтарды, оқ-дәрілерді, әскери құралымдарды тасымалдауға байланысты ұшуды орындауына тыйым салынады.