2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 115-бап өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді); 2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 115-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
115-бап. Автомобиль көлiгiнiң жерi
1. Автомобиль көлiгi қажеттерiне арналған жерге:
1) автомобиль жолдарына, олардың конструкциялық элементтерi мен жол ғимараттарына және олармен технологиялық байланысқан құрылыстар мен ғимараттарға;
2) автовокзалдар мен автостанцияларды, автомобиль көлiгiнiң басқа объектiлерiн және жер бетi мен жерасты үйлерiн, құрылыстарын, ғимараттарын, құрылғыларын пайдалану, күтiп-ұстау, салу, қайта жаңғырту, жөндеу, дамыту үшiн қажеттi жол шаруашылығы объектiлерiн орналастыру үшiн;
3) автомобиль жолдарына бөлiнетiн белдеулердi белгiлеу үшiн бөлiнген жер жатады.
2. Автомобиль көлiгiнiң қажеттерi үшiн бөлiнетiн белдеуге арналған жер учаскелерi жолдың санатына байланысты және жобалау құжаттамасына сәйкес белгiленген нормалардың негiзiнде берiледi.
3. Тұрғын халықтың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету және автомобиль жолдарын пайдалануға жағдай жасау үшiн жолда жүру қауiпсiздiгiнің талаптары ескерiле отырып, оларды пайдаланудың ерекше режимi белгiленiп, ортақ пайдаланудағы автомобиль жолдарына бөлiнетiн белдеулерге екi жағынан iргелес жатқан жер учаскелерi түрiнде жол бойындағы белдеулер жасалады.
Жол бойындағы белдеудің мемлекеттік меншіктегі жер учаскелерін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары жеке және заңды тұлғаларға уақытша жер пайдалануға беруі мүмкін.
4. Жол қызметі, сыртқы (көрнекі) жарнама объектілерін, жол полициясы, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау, кеден қызметі, шекаралық, көліктік бақылау бекеттерін, ветеринариялық және фитосанитариялық бақылау бекеттерін қоспағанда, ортақ пайдаланудағы автомобиль жолдары бойынан бөлінген жер белдеулерінің шегінде ғимараттар мен құрылыстар салуға, сондай-ақ инженерлік коммуникациялар төсеуге тыйым салынады.
Құрылысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын жол қызметі объектілерін және жол сервисі объектілерін қоспағанда, ортақ пайдаланудағы автомобиль жолы бойындағы жол белдеуінде ғимараттар мен құрылыстар салуға тыйым салынады.
116-бап. Теңiз және iшкi су көлiгiнiң жерi
Теңiз және iшкi су көлiгiнiң қажеттерiне арналған жерге теңiз және өзен порттарын, айлақтар, пристаньдар, гидротехникалық ғимараттар, жер бетi және жер асты үйлерiн, құрылыстарын, ғимараттарын, құрылғыларын пайдалану, күтiп-ұстау, салу, қайта жаңғырту, жөндеу, кеңейтiп ұлғайту үшiн қажеттi басқа объектiлердi және теңiз және iшкi су көлiгiнiң басқа да объектiлерiн орналастыру үшiн бөлiнiп берiлген жер жатады.
117-бап. Әуе көлiгiнiң жерi
Әуе көлiгiнiң қажеттерiне арналған жерге әуежайлар, әуеайлақтар, аэровокзалдар, ұшып көтерiлу-қону белдеулерiн және жер бетi мен жер асты үйлерiн, құрылыстарын, ғимараттарын, құрылғыларын пайдалану, күтiп-ұстау, салу, қайта құру, жөндеу, кеңейтiп ұлғайту үшiн қажеттi басқа да жер үстіндегі объектiлердi және әуе көлiгiнiң басқа да объектiлерiн орналастыру үшiн бөлiнiп берiлген жер, сондай-ақ олардың күзет аймақтары жатады.
Күзет аймақтары жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардан жер учаскелерiн алып қоймай белгiленуi мүмкiн.
2012.22.06. № 21-V ҚР Заңымен 118-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
118-бап. Құбыр көлігінің жерлері
Құбыр көлiгiнiң мұқтаждарына арналған жерлерге су құбырларын, газ құбырларын, мұнай құбырларын, мұнай өнімдері құбырлары мен жербеті және жерасты үйлерiн, құрылыстарын, ғимараттарын, құрылғыларын пайдалану, күтiп-ұстау, салу, реконструкциялау, жөндеу, кеңейтiп ұлғайту үшiн қажеттi объектiлердi және құбыр көлiгiнiң басқа да объектiлерiн орналастыру үшiн бөлiнiп берiлген жерлер жатады.
Аталған жерлерге шекаралары Қазақстан Республикасының магистральдық құбыр туралы заңнамасына сәйкес айқындалатын жер учаскелерін пайдаланудың ерекше шарттары бар магистральдық құбырлардың күзет аймақтарын қоса алғанда, магистральдық құбырлардың мұқтаждарына арналған жерлер де жатады.
Күзет аймақтары жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардан жер учаскелерiн алып қоймай-ақ белгiленуi мүмкiн.
Магистральдық құбырлардың желілік бөлігін орналастыру және пайдалану мақсаттарында жер учаскелерін бөлу қауымдық сервитут қағидалары бойынша (осы Кодекстің 69-бабының 4-тармағы) жүзеге асырылады.
119-бап. Байланыс және энергетика жерi
1. Байланыс, радио хабарларын тарату, теледидар, ақпарат қажеттерiне арналған жерге тиiстi инфрақұрылымдардың объектiлерiн орналастыру, байланыстың кабель, радиореле және әуе желiлерi, соның iшiнде жер астындағы желiлер үшiн бөлiнiп берiлген жер, сондай-ақ олардың күзет аймақтары жатады.
2. Энергетика жерiне:
2009.04.07 № 166-IV ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) су электр станцияларын, атом станцияларын, жылу станцияларын және олардың құрылыстары мен объектілеріне қызмет көрсететін басқа да электр станцияларын, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін орналастыру;
2) электр таратудың әуе желiлерiн, электр таратудың кабель желiлерiнiң жер бетіндегі құрылыстарын, шағын станцияларды, тарату пункттерiн, энергетиканың басқа да құрылыстары мен объектiлерiн орналастыру үшiн бөлiнiп берiлген жер учаскелерi жатады.
Тұрғын халықтың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету және энергетика мен байланыс объектiлерiн пайдалануға жағдай жасау үшiн, белгiленген тәртiппен бекітілген құрылыс нормалары мен ережелерi, электр желiлерi мен байланыс желiлерiн қорғау ережелерi және басқа да нормативтiк құжаттардың негiзiнде электр желiлерi мен байланыс желiлерiн күзету аймақтары белгiленуi мүмкiн.
2012.06.01. № 529-ІV ҚР Заңымен 119-1-баппен толықтырылды (ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізілді)
119-1-бап. Ғарыш қызметі мұқтажына арналған жер
1. Жерүсті ғарыш инфрақұрылымы объектілерін орналастыру және пайдалану үшін бөлінген жер, сондай-ақ олардың күзет аймақтары ғарыш қызметі мұқтажына арналған жерге жатады.
2. Ғарыш қызметін дамыту үшін жағдайлар жасау мақсатында ғарыш қызметі мұқтажына арналған жерді резервте қалдыру осы Кодекске сәйкес жүзеге асырылады.
3. Шектерінде аймақтарды белгілеу мақсаттарымен үйлеспейтін қызмет түрлері шектелетін немесе оларға тыйым салынатын тасымалдағыш зымырандардан бөлінетін бөлшектер құлайтын аудандарды қоспағанда, халықтың қауіпсіздігін, сондай-ақ жерүсті ғарыш инфрақұрылымы объектілерін сақтауды және қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында жерді пайдаланудың ерекше шарттарымен күзет аймақтары белгіленеді.
2007 ж. 19 желтоқсандағы № 11-ІV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2012.13.02. № 553-IV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 120-бап өзгертілді
120-бап. Қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мұқтаждарына арналған жер
1. Әскери бөлiмдерді, әскери полигондарды, әскери оқу орындарын, арнаулы мемлекеттік органдардың оқу орындарын және Қарулы Күштердiң, басқа әскерлердің, әскери құралымдардың, арнаулы мемлекеттік органдардың өзге де ұйымдарын, қорғаныс және ұлттық қауiпсiздiк саласындағы мiндеттердi атқаратын олардың объектілері мен құрылыстарын орналастыру және олардың тұрақты қызметi үшiн Қазақстан Республикасының Үкiметi берген жер учаскелерi қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мұқтаждарына арналған жер деп танылады.
2. Қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мұқтаждарына байланысты жаттығулар мен басқа да iс-шаралар өткізу үшiн жердi уақытша пайдалану қажет болған жағдайда, жер учаскелерінің меншiк иелерiнен және жердi пайдаланушылардан жер учаскелері алып қойылмайды.
Осы жердi пайдалану iздестiру жұмыстарын жүргiзу үшiн, сондай-ақ ерекше шарттармен пайдаланылатын аймақтар үшiн белгiленген тәртiпке орай жүзеге асырылады.
Жер учаскелерiн аталған мақсаттарда пайдалануға рұқсатты облыстық атқарушы орган бередi.
3. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қорғауды және күзетудi қамтамасыз ету мақсатында инженерлiк-техникалық құрылыстар мен қоршауларды, шекара белгiлерiн, шекарадағы орман жолдарын, коммуникацияларды, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өту пункттерiн жайғастыру мен күтiп-ұстау үшiн жер учаскелерi берiледi.
4. Аудандық атқарушы органдар әскери бөлiмдермен келісім бойынша, қорғаныс қажеттерiне берiлген жерден ауыл шаруашылығына пайдалану үшiн жеке және заңды тұлғаларға жекелеген жер учаскелерiн уақытша жер пайдалануға бере алады.
2009.10.07 № 180-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2012.13.02. № 553-IV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2012.15.02. № 556-ІV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 121-бап өзгертілді
121-бап. Жердi ерекше шарттармен пайдалану аймақтары
1. Тұрғын халықтың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету және өнеркәсiп, көлiк объектiлерi мен өзге де объектiлердi пайдалану үшiн қажеттi жағдайлар жасау мақсатында аймақтар белгiленедi, аймақтарды белгiлеу мақсаттарына сай келмейтiн қызмет түрлерiне олардың шегiнде шек қойылады немесе тыйым салынады.
2. Жердi ерекше шарттармен пайдалану аймақтарына:
1) өнеркәсiп орындарының санитарлық-қорғау аймақтары;
2) темір жол мен автомобиль жолдарына бөлiнiп берiлген белдеуге iргелес жатқан, сел-көшкiн қаупi бар және орманды қорғау аймақтары;
3) бас саға құрылыстарын қорғау аймақтары;
4) әуеайлақ маңындағы белдеулер;
5) магистральды құбыр жолдарының, байланыс, радио және электр желiлерiнiң күзет аймақтары;
2012.09.01. № 533-IV ҚР Заңымен 5-1) тармақшамен толықтырылды
5-1) газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің күзет аймақтары;
6) су күзету аймақтары;
2012.06.01. № 529-ІV ҚР Заңымен 6-1) тармақшамен толықтырылды (ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізілді)
6-1) тасымалдағыш зымырандардан бөлінетін бөлшектер құлайтын аудандарды қоспағанда, жерүсті ғарыш инфрақұрылымы объектілерінің күзет аймақтары;
7) әскери полигондардың аумағы;
8) қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне іргелес жатқан аумақ жатады.
3. Ерекше шарттармен пайдаланылатын аймақтарға енгiзiлген жер сол жерлерде арнаулы белгiлермен көрсетiледi. Бас саға құрылыстарын күзету аймағының бiрiншi белдеуiн қоспағанда, аталған жерлер жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардан алынып қойылмайды.
Осы баптың 2-тармағының 8) тармақшасында көрсетілген аймақтағы жер учаскелері жер учаскелерінің меншік иелерінен, жер пайдаланушылардан алынбайды.
4. Осы баптың 2-тармағының 8) тармақшасында көрсетілген аймақтарды қоспағанда, аталған аймақтардың шекарасы мен олардағы жердi пайдалану режимiн нормаларға және жобалау-техникалық құжаттамаға сәйкес меншiкке немесе жер пайдалануға жердi беру туралы шешiм қабылдаған орган айқындайды.
Осы баптың 2-тармағының 8) тармақшасында көрсетілген аймақтардың шекаралары мен жерлерді пайдалану режимі осы Кодекске және Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару заңнамасына сәйкес қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің негізгі қоршауынан кемінде елу метр қашықтықта белгіленеді.
13-тарау. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жері, сауықтыру, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттағы жер
122-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерi
2006.07.07. № 176-III ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жеріне мемлекеттік табиғи қорықтардың, мемлекеттік ұлттық табиғи парктердің, мемлекеттік табиғи резерваттардың, мемлекеттік өңірлік табиғи парктердің, мемлекеттік зоологиялық парктердің, мемлекеттік ботаникалық бақтардың, мемлекеттік дендрологиялық парктер мен мемлекеттік табиғат ескерткіштерінің жері жатады.
Мемлекеттік қорық аймақтары мен мемлекеттік табиғи қаумалдардың жер учаскелері жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардан алынбай, басқа санаттардағы жерлер құрамында бөлінеді және мемлекеттік жер кадастрын жүргізу кезінде ескеріледі.
Мемлекеттік қорық аймақтары мен мемлекеттік табиғи қаумалдардың аумағы шегінде осы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың экологиялық жүйелерінің және оларда орналасқан мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің жай-күйіне және оларды қалпына келтіруге теріс әсер ететін кез келген қызметті шектеу меншік иелері мен жер пайдаланушылардың жер учаскелеріне ауыртпалық болып енгізіледі және бұл жерге орналастыру құжаттамасында ескеріледі.
2008.01.12 № 94-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.20.07. № 464-ІV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 2-тармақ өзгертілді
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерi мемлекет меншiгiнде болады және иеліктен шығаруға жатпайды.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерiн өзге қажеттерге алып қоюға жол берiлмейдi.
Ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн пайдаланылатын, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жеріндегі ауыл шаруашылығы алқаптары аталған мақсаттар үшiн ерекше қорғалатын табиғи аумақтар шекарасындағы елдi мекендерде тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен берiлуi мүмкiн.
Мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған кезде шаруашылық қызметтің шектеулі режимі белгіленген учаскелерді ғана, мемлекеттік бағдарламаларда көзделген туризм объектілерінің, ерекше стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы ғимараттарының құрылысы және жұмыс істеуі, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасының объектілерін салу, оларды жайластыру және күтіп-ұстау үшін ықтимал орналастырудың басқа жолдары болмаған кезде Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен босалқы жерге ауыстыру жағдайларын қоспағанда, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін ауыстыруға жол берілмейді.
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 3-тармаққа орыс тіліндегі мәтінге қатысты түзету енгізілді, қазақ тіліндегі мәтіні өзгермейді
3. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен және жағдайларда ғылыми, мәдени-ағарту, оқу, туристiк және рекреациялық, шектеулi шаруашылық мақсаттары үшiн пайдаланылуы мүмкiн.
Мәдени-ағартушылық iс-шаралар жүргiзу үшiн ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда мұражайлар, лекторийлер, экспозициялар, демонстрациялық учаскелер мен басқа да қажеттi объектiлер құрылуы мүмкiн.
Туризм үшiн және рекреация жүргiзу үшiн ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда туристiк соқпақтармен, көрсетiлiм алаңдарымен, қосынды алаңқайлармен, көлiк тұрақтарымен, кемпингтермен, шатырлы лагерьлермен, қонақүйлермен, мотельдермен, туристiк базалармен, қоғамдық тамақтандыру, сауда және басқа да мәдени-тұрмыстық мақсаттағы объектiлермен жабдықталатын арнайы учаскелер бөлiп шығарылады.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда туристiк және рекреациялық қызмет оларды қорғау режимi ескерiле отырып шектеледi және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес реттеледi.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды шектеулi шаруашылық мақсаттарында пайдалануға тапсырыс режимiмен және шаруашылық қызметтi реттеу режимiмен арнайы бөлiнген учаскелерде ғана жол берiлуi мүмкiн.
2006.07.07. № 176-III ҚР Заңымен 123-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
123-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың күзет аймақтарының жерлерi
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Ерекше күзетуді және қолайсыз сыртқы әсерден қорғауды қамтамасыз ету үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың айналасына, оның ішінде олардың шекарасында орналасқан меншік иелері мен жер пайдаланушылардың жерлеріне, осы аймақтар шегінде осы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың экологиялық жүйесіне және оларда орналасқан мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілеріне қолайсыз әсер ететін кез келген қызметке тыйым салынатын және (немесе) шектеу қойылатын күзет аймақтары белгіленеді.
2011.20.07. № 464-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Мемлекеттік табиғи қорықтардың, мемлекеттік ұлттық табиғи парктердің, мемлекеттік табиғи резерваттар мен мемлекеттік өңірлік табиғи парктердің күзет аймағы аумағында табиғат пайдалану мөлшері, шекарасы, режим түрлері және тәртібі оларды құру жөніндегі жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негіздемелермен айқындалады, осы Кодексте және «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының шешімдерімен белгіленеді.
Бұл ретте меншік иелері мен жер пайдаланушылардың жер учаскелерінің шекаралары бойынша немесе табиғи географиялық межелер бойынша белгіленетін және сол жерлерде арнаулы белгілерімен белгіленетін күзет аймағының ені екі километрден кем болмауға тиіс.
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара); 2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың қорғалатын аймақтары шегіндегі жер учаскелерi осы аймақтарды қорғаудың белгiленген режимi сақтала отырып пайдаланылады.
Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иелiктен шығару осы Кодексте және «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгiленген шарттар мен тәртіпке сәйкес жүргізіледі.
2011.20.07. № 464-ІV ҚР Заңымен 124-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
124-бап. Жердi ерекше қорғалатын табиғи аумақтар санатына жатқызу
Жердi ерекше қорғалатын табиғи аумақтар санатына жатқызу Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
125-бап. Сауықтыру мақсатындағы жер
1. Сауықтыру мақсатындағы жерге табиғи шипалы факторлары бар курорттар, сондай-ақ аурудың алдын алу мен емдеудi ұйымдастыру үшiн қолайлы жер учаскелерi жатады.
2. Адам ауруының алдын алу мен емдеудi ұйымдастыру үшiн қолайлы санитарлық және экологиялық жағдайларды сақтау мақсатында сауықтыру мақсатындағы аумақтар жерiнде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес санитарлық-қорғау аймақтары белгiленедi.
Сауықтыру мақсатындағы жердiң күзет, санитарлық-қорғау және өзге де қорғау аймақтарының шекарасы мен оны пайдалану режимiн жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар айқындайды.
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-тармақ өзгертілді
3. Белгiленген санитарлық режимге сәйкес осы жер учаскелерiн шаруашылық айналымынан толығымен алып қою (санитарлық-қорғау аймағының бiрiншi белдеуi) көзделетiн жағдайларды қоспағанда, санитарлық-қорғау аймақтары шегіндегі жер учаскелерi жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардан алып қойылмайды. Бұл ретте көрсетілген учаскелер осы Кодексте және «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда және тәртіппен мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылады.
Жер учаскелерiн санитарлық-қорғау аймақтарының екiншi және үшiншi белдеулерi шекарасында пайдалану осы аймақтарды күзетудiң белгiленген режимi сақтала отырып жүзеге асырылады.
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 126-бапқа орыс тіліндегі мәтінге қатысты түзету енгізілді, қазақ тіліндегі мәтіні өзгермейді
126-бап. Рекреациялық мақсаттағы жер
1. Халықтың ұйымдасқан түрдегi жаппай демалысы мен туризмiне арналған және сол үшiн пайдаланылатын жер рекреациялық мақсаттағы жер деп танылады.
2. Рекреациялық мақсаттағы жер құрамына демалыс үйлерi, пансионаттар, кемпингтер, дене шынықтыру және спорт объектiлерi, туристiк базалар, стационарлық және шатырлы туристiк-сауықтыру лагерьлерi, балықшы және аңшы үйлерi, орман парктерi, туристiк соқпақтар, трассалар, балалар және спорт лагерьлерi, осы сияқты басқа да объектiлер орналасқан жер учаскелерi кiруi мүмкiн. Рекреациялық мақсаттағы жерге қала маңындағы жасыл аймақ жерлерi де жатады.
3. Рекреациялық мақсаттағы жердi пайдалану тәртібі мен режимiн жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар белгiлейдi.
4. Жер учаскелерiнiң меншiк иелерiмен және жер пайдаланушылармен келісім бойынша белгiленген туристiк соқпақтар мен трассаларды пайдалану сервитуттар негiзiнде жүзеге асырылуы мүмкiн.
5. Рекреациялық мақсаттағы жерде олардың нысаналы мақсатына сәйкес келмейтiн қызметке тыйым салынады.
127-бап. Тарихи-мәдени мақсаттағы жер
2007.21.07. № 307-III ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Тарихи-мәдени мұра объектілері, оның ішінде тарих және мәдениет ескерткіштері орналасқан жер учаскелері тарихи-мәдени мақсаттағы жерлер деп танылады.
Аумақтарды игеру кезінде жер учаскелері бөліп берілгенге дейін тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау жөнінде зерттеу жұмыстары жүргізілуге тиіс.
Тарихи, ғылыми, көркемдік және өзге де мәдени құндылығы бар объектілер табылған жағдайда, жер пайдаланушылар одан әрі жұмыс жүргізуді тоқтата тұрып, бұл туралы тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі уәкілетті органға хабарлауға міндетті.
Тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталып тұруына қатер төндіруі мүмкін жұмыстардың барлық түрлерін жүргізуге тыйым салынады.
2007.21.07. № 307-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жағдайларды қоспағанда, тарихи-мәдени мақсаттағы жерге жатқызылған жер учаскелерi оның меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардан алып қойылмайды.
Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында тарихи-мәдени мақсаттағы жерлерде Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен қорғау аймақтары, құрылыс салуды реттеу аймақтары және қорғалатын табиғи ландшафт аймақтары белгіленеді.
Тарихи-мәдени мұра объектілерінің қорғау аймақтарының, құрылыс салуды реттеу аймақтарының және қорғалатын табиғи ландшафт аймақтарының шекараларын тиісті жергілікті атқарушы органдардың ұсынуы бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті өкілді органдары (мәслихаттар) бекітеді.
Аталған аймақтарды айқындаудың тәртібі мен олардағы жерді пайдалану режимін тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
2007.21.07. № 307-III ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды
3. Қорғалатын аймақтардың, құрылыс салуды реттеу аймақтарының және қорғалатын табиғи ландшафт аймақтарының шегінде тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген негіздерде және тәртіппен әкімшілік ықпал ету шараларын қолдануы мүмкін
14-тарау. Орман қорының жері
128-бап. Орман қорының жерi ұғымы және оның құрамы
1. Орманды, сондай-ақ ағаш өспеген, бiрақ орман шаруашылығының қажеттерiне берiлген жер учаскелерi орман қорының жерi деп танылады.
2. Орман қорының жерi мемлекеттік және жекеше орман қоры жерiнен тұрады.
3. Табиғи өскен орманы бар және мемлекеттік бюджет қаражаты есебiнен отырғызылған жасанды орманы бар жер, сондай-ақ орман шаруашылығын жүргiзетiн мемлекеттік ұйымдарға тұрақты жер пайдалануға берiлген ормансыз жер мемлекеттік орман қорының жерiне жатады.
2006.07.07. № 176-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 4-тармақ жаңа редакцияда
4. Жекеше орман қорының жерлеріне осы Кодекске сәйкес жеке және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға орман өсіру үшін нысаналы мақсатпен жеке меншікке немесе ұзақ мерзімді жер пайдалануға берілген:
1) қолдан өсірілген екпелер;
2) табиғи, тұқымдық және (немесе) вегетативтік жолмен өскен екпелер;
3) жекеше орман питомниктері;
4) арнайы мақсаттағы плантациялық екпелер;
5) агроорман-мелиорациялық екпелер;
6) жеке меншіктегі шаруашылық автомобиль жолдарын бөлу жолақтарындағы қорғаныштық екпелер отырғызылған жерлер жатады.
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 129-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
129-бап. Ауыл шаруашылығы мақсаттары үшін және құрылыс объектілерін салу үшін жер пайдалануға мемлекеттік орман қорының жерлерін беру
Орман қоры жеріндегі орман шаруашылығының қажеттерiне пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы алқаптары Қазақстан Республикасының орман заңдарына сәйкес ауыл шаруашылығы мақсаттары үшiн жеке және заңды тұлғаларға берiлуi мүмкiн.
Орман ресурстары сауықтыру, рекреациялық, тарихи-мәдени, туристік және спорттық мақсаттар; аңшылық шаруашылығы мұқтаждықтары; жанама орман пайдалану үшін ұзақ мерзімді орман пайдалануға берілген мемлекеттік орман қоры жерінде орман пайдаланушыларға құрылыс объектілері үшін учаскелер беру Қазақстан Республикасының орман заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
130-бап. Орман қорының жерiн жердiң басқа санаттарына ауыстырудағы шектеулер