бас миы жай-күйінің функционалдық бұзылуын көрсететін шағымдардың болуы;
бас мидың органикалық зақымдануының клиникалық белгілерінің болуы;
нейропсихологиялық тексеру деректері бойынша когнитивтік бұзылудың объективті белгілерінің болуы;
цереброваскулярлық ағымның зақымдану белгілерінің болуы;
магниттік-резонанстық томография мен компьютерлік томография деректері бойынша ми затының құрылымдық өзгерістері белгілерінің болуы.
Қосымша тексеру кезінде алынған тәуекел факторларымен және өзгерістермен клиникалық симптомдардың қалыптасуының себепті-салдарлық байланысы және кемінде үш шарт болған кезде диагноз қойылады.
Талмалары бар адамдар тереңдетілген медициналық тексерілуге және емделуге жатады.
Вегетативті нерв жүйесінің бұзылуы қоса болатын, мақсатты бағытталған тексеру басқа науқастануларды айқындамаған кезде талма (синкопалды жай-күй) диагнозы қойылады. Басқа науқастанулар немесе бұзылулар (инфекциялар, жарақаттар, уланулар) салдарынан талмалар болған кезде бағандар бойынша талаптардың тиісті тармақтары бойынша куәландырылады. Талмалары бар адамдар көлік құралдарын басқаруға, биіктікте, жылжымалы механизмдерде, отта және суда жұмыс істеуге жарамсыз.
ІІІ баған бойынша куәландырылатын әскери қызметшілерге қатысты ми қан айналымының өтпелі бұзылуына шалдыққаннан кейін ОНЖ-ның функциялары толық қалпына келтірілген кезде бағандар бойынша талаптардың 28-тармағы бойынша босату немесе науқастануы бойынша демалыс беру қажеттілігі туралы қорытынды шығарылады.
25-тармақ. Тармақ бас, жұлын миының қазіргі және бұрынғы (жарақат алған сәттен бір немесе одан көп жылдан кейін) жарақаттары салдарын, орталық нерв жүйесінің жарақаттық зақымдануларының асқынуларын, сондай-ақ ауадағы жарылыс толқынынан және басқа да сыртқы факторлардың әсерінен жарақаттар салдарын көздейді.
25-тармақтың 1) тармақшасына:
бас және жұлын миы функциясының ауыр бұзылуымен жарақаттық зақымдану салдары (тұрақты сал ауруына немесе терең парездерге, жамбас мүшелері функциясының бұзылуына әкеп соқтыратын мидың соғылуы мен қысылуы);
қыртыстық функциялардың бұзылуымен ми затының жарақаттық зақымдалуларының салдары (афазия, агнозия, апраксия, амнестикалық синдром);
жарақаттан кейінгі арахноидит, бассүйек ішіндегі қысымның кенеттен көтерілуіне немесе жиі (жылына 3 және одан көп) эпилептикалық талмаларға әкеп соқтыратын гидроцефалия жатады.
25-тармақтың 2) тармақшасына 25-тармақтың 1) тармақшасында көзделген ошақтық симптомдар мен функциялардың бұзылуы айқын көріну дәрежесіне жетпеген кезде бас немесе жұлын миы жарақаттарының салдары:
аяқ-қолдың функциясын орташа шектейтін парез;
жүру кезінде тұрақсыздық, нистагм, сезімталдық бұзылу түрінде орташа айқын көрінген мишықты бұзылу;
жарақаттық арахноидит;
орташа айқын көрінумен немесе бассүйек ішіндегі қысымның шамалы көтерілуімен, сирек (жылына 3 реттен аз) эпилептикалық талмалармен жарақаттық арахноидит, гидроцефалия жатады.
25-тармақтың 3) тармақшасына бас және жұлын миының жарақаттық зақымдану салдары, тұрақты астениялық-невротикалық белгілермен және вегетативті-қан тамырлы тұрақсыздықпен ұштасатын, неврологиялық мәртебеде шашыраңқы органикалық белгілері (бассүйек иннервациясының ассиметриясы және анизорефлексия, сезімталдықтың жеңіл бұзылуы) айқындалатын, бассүйегі ішіндегі қысымның көтерілуі белгілерінсіз жарақаттық арахноидит жатады.
Осы тармақша бойынша куәландыру жүргізілген емдеу мен оңалту нәтижесінде ауырсыну көріністерінің жағымды динамикасы болмаған, сондай-ақ ұзаққа созылған немесе қайталанған декомпенсациялар кезінде ғана жүргізіледі.
25-тармақтың 4) тармақшасына:
жекелеген шашыраңқы органикалық белгілері бар болған кезде бас және жұлын миы жарақаттарының бұрынғы салдары, қозғалыс, сезімталдық, үйлестіру және нерв жүйесінің басқа да функцияларының бұзылуынсыз әлсіз айқын көрінген вегетативті-қан тамырлы тұрақсыздық және астенизацияның шамалы құбылыстары;
жүргізілген емдеуден кейін жай-күйдің жақсаруы, ауырсыну белгілерінің компенсациясы, әскери қызмет міндеттерін орындау қабілетінің компенсациясы жатады.
Бас немесе жұлын миы жарақаты себебінен емделу фактісі немесе анамнезде оның салдары медициналық құжаттармен, ал еңбекке қабілеттілікке, әскери қызмет міндеттерін орындауға жарақат салдарының әсері әскери қызметшілердің қызметтік іс-әрекеттері туралы мәліметтермен, ал азаматтарда жұмыс, оқу орнынан мінездемелермен расталады.
Бас миы жарақаты салдарынан пайда болған, әскери қызмет міндеттерін орындауды қиындататын айқын көрінген эмоционалдық-ерік және интеллектуалдық-мнестикалық бұзылу болған кезде бағандар бойынша талаптардың 14-тармағы бойынша куәландырылады.
Орталық нерв жүйесінің сыртқы факторлармен (радиация, төмен және жоғары температуралар, жарық, ауаның немесе судың, басқа да сыртқы себептердің жоғары немесе төмен қысымдары) зақымдануы салдары болған кезде функциялардың бұзылу дәрежесіне байланысты куәландыру осы тармақтың тиісті тармақшалары бойынша жүргізіледі.
Бассүйектердің зақымданулары мен ақаулары болған кезде осы тармақтан басқа, сондай-ақ бағандар бойынша талаптардың 81-тармағының тиісті тармақшалары қолданылады.
Бас немесе жұлын миының жіті жарақатына шалдыққан адамдарды медициналық куәландыру бағандар бойынша талаптардың 28-тармағы бойынша жүргізіледі.
26-тармақ. Тармақ жеке бассүйек-ми нервтерінің алғашқы және қайталанған (ІІ және VІІІ жұптарынан басқа), нерв түбіртектері мен түйіндердің науқастануларын, полиневропатиялар мен перифериялық нерв жүйесінің басқа да зақымдануларын көздейді.
26-тармақтың 1) тармақшасына:
айқын көрінген ауырсыну синдромы қоса болатын қозғалыстың, сезімталдықтың, трофиканың елеулі айқын көрінген бұзылуы қоса болатын (бір жақты үдеріс кезінде кенеттен айқын көрінген бұлшықеттер атрофиялары: иықтың - 4 см жоғары, білектің - 3 см жоғары, мықынның - 8 см жоғары, жіліншіктің - 6 см жоғары; созылмалы трофикалық жаралар, ойылулар) полиневриттер (полиневропатия), қабыну және уланудан туындаған плекситтер (плексопатиялар), перифериялық нерв ісіктері салдары (нерв жүйесі ауруының басталуынан 6 ай бойы және одан астам сақталатын неврологиялық симптомдар);
үзіліссіз жалғасатын стационарлық емдеуді қажет ететін (4 ай және одан артық) қозғалыс, вегетативті-трофикалық бұзылумен ауыр, тұрақты ауырсыну синдромымен жиі (жылына екі және одан көп рет) қайталанатын және ұзақ ағымды құяңдар;
сәтсіз емделген кезде үштік нерв невралгиясының немесе плекситтердің ауыр түрлері жатады.
26-тармақтың 2) тармақшасына:
негізгі функциясы орташа бұзылған кезде (мимикалық бұлшықеттердің тұрақты парезі, аяқ-қол бұлшықетінің күші төмендеген, қолды көтеру шектелген) перифериялық нервтердің және түйіндердің аурулары;
2 - 3 ай бойы үзіліссіз стационарлық және амбулаторлық емдеуді қажет ететін жиі асқыну кезеңінде дененің мәжбүрлі орналасуымен, нервтер ауруы қоса болатын созылмалы, қайталанатын құяңдар, плекситтер, невропатиялар, невриттер жатады.
26-тармақтың 3) тармақшасына:
қозғалыс, сезімталдық және трофикалық бұзылудың ұлғаюымен, сирек (жылына екі реттен кем) асқынулармен қайталанатын перифериялық нервтердің және түйіндердің аурулары;
аяқ-қол функциясын шамалы бұзатын, бұрын асқынуларға шалдығумен байланысты айқын көрінбеген қалдықты көріністер жатады.
26-тармақтың 4) тармақшасына аяқ-қол функциясын бұзбайтын және қайта қалпына келетін, сезімталдықтың шамалы бұзылуы, шағын атрофиялар немесе бұлшықеттер күшінің әлсізденуі түрінде перифериялық нерв ауруларының қалдықты құбылыстары жатады.
Перифериялық нерв жүйесінің қайталанған зақымданулары кезінде бағандар бойынша талаптардың тиісті тармақтары қолданылады.
27-тармақ. Тармақ бассүйек ми жарақатының (ІІ және VІІІ жұптарынан басқа) және перифериялық нервтер жарақатының салдарын көздейді.
27-тармақтың 1) тармақшасына айқын көрінген және тұрақты қозғалыс, сезімталдық бұзылу, трофиканың (26-тармақтың 1-тармақшасына ұқсас) бұзылу болған кезде нерв сабақтарының және түйіндерінің жарақаттану немесе жаралану салдары, сондай-ақ айқын көрінген ауырсыну синдромы қоса болатын зақымдану салдары жатады.
27-тармақтың 2) тармақшасына бұлшықеттер топтарынан немесе жекелеген бұлшықеттерден қол-аяқтың негізгі функциясы орташа бұзылатын нервтер мен түйіндері зақымдануларының салдары, бет нервтерінің негізгі сабақтарының немесе ірі тарамдарының зақымдануы салдарынан мимикалық бұлшықеттердің параличі жатады.
27-тармақтың 3) тармақшасына аяқ-қолдың функциясы шамалы бұзылған кезде (білезіктің бүгілу күші төмендеген және оның сыртқы флексиясы шектелген кезде бір кәрі жіліктің немесе шынтақ нервтерінің зақымдануы) нервтердің, түйіндердің зақымдану салдары жатады.
27-тармақтың 4) тармақшасына функциялары толық қалпына келтірілген, ал қалған жеңіл құбылыстар зақымданған нервпен иннервацияланған сезімталдықтың минималды айқын көрінген бұзылуы немесе бұлшықеттердің сәл әлсізденуі түрінде қол-аяқ функциясын шектемейтін нервтердің зақымдану салдары жатады.
Перифериялық нервтердің жарақатынан немесе операциялық емделгеннен кейін әскери қызмет міндеттерін орындау қабілетін толық қалпына келтіруге кемінде бір ай мерзім қажет болған кезде медициналық куәландыру бағандар бойынша талаптардың 28-тармағы бойынша жүргізіледі.
28-тармақ. Тармақ жіті инфекциялық, паразитарлық және басқа да науқастанулардан, улану зақымдануларынан және нерв жүйесінің жарақаттарынан, сондай-ақ бас және жұлын миы тамырларының жіті науқастануларынан кейінгі жай-күйді көздейді.
Әскери қызметшіге науқастануы бойынша демалыс беру қажеттілігі туралы ӘДК қорытындысы жіті серозды менингитке, кене энцефалитінің менингеалды түріне, менингококкты инфекцияның генерализденген түрлеріне (менингит, менингоэнцефалит, менингококкцемия) шалдыққаннан, емделу және ликворды санациялау аяқталғаннан кейін астениялық жай-күйдің нәтижесімен полирадикулоневриттердің аралас түрлері кезінде және одан кейін шығарылады. Менингококкты менингит кезінде лимфоциттер саны 75 пайыз және одан артық болған кезде цитоздың 50 жасушадан төмен азаюы ликворды санациялау критерииі болып табылады. Жоғарыда аталған науқастануларға шалдыққан әскери қызметшілер оңалтуға жіберіледі.
Көрсетілген науқастанулардың асқынбаған түрде өтуі кезінде және толық сауыққанда әскери қызметшілер босатылады.
Айқын көрінген клиникалық белгілері бар бас миының шайқалуына немесе бас миының соғылуына шалдыққан әскери қызметшілерді куәландыру кезінде науқастануы бойынша демалыс беру туралы қорытынды шығарылады.
Науқастануы бойынша демалыстан кейін ІV баған бойынша куәландырылатын әскери қызметшілер қайта медициналық куәландыруға жатады.
Әскерге шақыру учаскелеріне тіркеу, мерзімді әскери қызметке шақыру, келісімшарт бойынша әскери қызметке кіру кезінде менингитке, менингоэнцефалитке шалдыққан азаматтар, егер емдеу аяқталғаннан кейін кемінде он екі ай өтсе, әскери қызметке уақытша жарамсыз деп танылады. Қайта куәландыру емдеу мен оңалтудың нәтижесіне байланысты бағандар бойынша талаптардың 22-тармағының тиісті тармақшалары бойынша жүргізіледі.
Азаматтар мидың жіті жабық жарақатынан кейін әскерге шақыру учаскелеріне тіркелген, мерзімді әскери қызметке шақырылған, келісімшарт бойынша әскери қызметке кіретін кезде жарақаттың ауырлығына және функциясы бұзылуының айқын көрінуіне байланысты он екі айға дейін әскери қызметке уақытша жарамсыз деп танылады.
ІІІ және ІV бағандар бойынша куәландырылатын әскери қызметшілерге қатысты нерв жүйесі функциясының қайта қалпына келуімен немесе астениялық жай-күймен аяқталған ми қан айналымының жіті бұзылуына алғаш шалдыққаннан кейін, кейіннен медициналық куәландыру жүргізумен науқастануы бойынша демалыс беріледі.
7-тарау. Көз және оның қосалқы аппаратының аурулары
29-тармақ. Тармақ туа біткен және жүре пайда болған (аурулардың, жарақаттар мен күйіктердің салдары) өзгерістерді немесе қабақтың орналасу кемістігін, қабақтың, жас шығу жолдарының, көз ұясының және көздің дәнекер қабығының науқастануларын көздейді. Әскери қызметке жарамдылық туралы қорытынды анатомиялық өзгерістердің айқын көріну дәрежесіне, науқастанудың (жарақат пен күйік) өту ауырлығына, емдеу нәтижелеріне, көз функциясына байланысты шығарылады.
29-тармақтың 1) тармақшасына:
егер олар көз қозғалысын елеулі шектесе немесе көруге кедергі келтірсе, қабақтардың өзара немесе көз алмасымен қосылып өсуі;
көздің тітіркенуін туындататын қабақтардың қайырылып кетуі немесе кірпіктердің көз алмасы бағыты бойынша өсуі;
теріс айналуы, мүйізгек қабығының жабылуына кедергі келтіретін тыртықтық бұзылуы немесе қабақтардың орналасу кемшіліктері (птоздан басқа), тұрақты лагофтальм жатады.
29-тармақтың 2) тармақшасына:
тыртықтың пайда болуымен және қабақтар шеттерінің қасқалануымен кенеттен айқын көрінген жара блефариттері;
сәтсіз стационарлық емделген кезде жиі (жылына кемінде екі рет) асқынулармен, гипертрофиямен және шырыш асты тіннің кенеттен айқын көрінген инфильтрациясымен созылмалы конъюнктивиттер;
конъюнктиваның созылмалы трахоматозды зақымдануы;
жас шығу жолдарының науқастанулары және бірнеше рет хирургиялық емдегеннен кейін емделмейтін көз функцияларының үдемелі бұзылуымен қанат тәрізді перденің қайталануы;
бұлшықеттердің қатаюы болмаған кезде үстіңгі қабақ бір көзде қарашықтың жартысынан көбін немесе екі көзде қарашықтың үштен бір бөлігінен аса жапқан кезде туа біткен немесе пайда болған птоз;
лакопротез енгізумен жас шығу жолдарына реконструктивті операциялардан кейінгі жай-күй жатады.
Көз функцияларының тұрақты бұзылуымен трахома салдары кезінде қорытынды осы бұзылуды көздейтін бағандар бойынша талаптардың тиісті тармақтары бойынша шығарылады.
Жекелеген қабыршақты қабақ шеттерінің шамалы гиперемиясымен қарапайым блефарит, жекелеген фолликулдармен фолликулярлы конъюнктивит, қабақ бұрыштарында және конъюнктивті күмбездер саласында конъюнктиваның барқыт тәрізділігі, тегі трахоматозды емес конъюнктиваның жекелеген ұсақ үстіңгі тыртықтары, сондай-ақ конъюнктиваның, мүйізгектің басқа да өзгерістерінсіз және жыл бойы трахоматозды үдерістің қайталануынсыз трахоматоз текті конъюнктиваның тегіс тыртықтары, үдеу құбылыстарынсыз жалған және шынайы қанат тәрізді перде осы тармақты қолдануға негіздеме болып табылмайды, әскери қызмет өткеруге, ӘОО-ға оқуға түсуге кедергі келтірмейді.
Көктемгі талаурау және конъюнктиваның басқа да аллергиялық зақымданулары кезінде айқын көріну дәрежесіне, науқастанудың өту ауырлығына, асқынулар жиілігіне және жүргізілген емделудің тиімділігіне байланысты медициналық куәландыру осы тармақтың 2) немесе 3) тармақшалары бойынша жүргізіледі.
Әскери қызметшілерге қатысты жіті трахома себебінен емделгеннен кейін науқастануы бойынша демалыс беру қажеттілігі туралы қорытынды шығарылмайды.
Емдеуді аяқтау қажет болған кезде бағандар бойынша талаптардың 36-тармағы бойынша 15 тәулікке дейін әскери қызмет міндеттерін орындаудан босату туралы қорытынды шығарылады.
30-тармақ. Тармақ туберкулезді, дегенеративті, дистрофиялық және басқа (туа біткен) текті созылмалы, қиын емделетін немесе емделмейтін науқастануларды, склерді, мөлдір қабықты, нұрлы қабықты, кірпікті денені, көз бұршағын, тамырлы қабықты, көздің торлы қабығын, шыны тәріздес денені, көз алмасын, көру нервісін, сондай-ақ жарақаттар мен күйіктердің салдарын көздейді.
Сирек асқынулармен (жылына екі реттен аз) аяқталған процесс немесе үдемеумен өтетін кезде, сондай-ақ тіндерді ауыстырғаннан кейін әскери қызметке жарамдылық санаты көз функциясына байланысты бағандар бойынша талаптардың тиісті тармақтары бойынша айқындалады.
Көз және оның қосалқысында жаңа өсінділер болған кезде, олардың сипатына және көру функциясының бұзылу дәрежесіне байланысты медициналық куәландыру бағандар бойынша талаптардың 8 немесе 10-тармақтарының тиісті тармақшалары бойынша жүргізіледі.
Көздердің функцияларын бұзбайтын қатерсіз ісіктер әскери қызмет өткеруге, ӘОО-ға түсуге кедергі келтірмейді. Бұл ретте зиянды факторлармен қызмет ету (жұмыс істеу) үшін іріктелетін, әскери қызмет өткеретін (жұмыс істейтін) азаматтар қызметке (жұмысқа) жарамсыз.
30-тармақтың 1) тармақшасына:
консервативті немесе хирургиялық емделмейтін және көрудің үдемелі төмендеуімен науқастанулар;
бір немесе екі көзде керапротездеуден кейінгі жай-күй;
көз функцияларына қарамастан тапеторетинальды абиотрофиялар жатады.
Қараңғыға бейімделудің (гемералопия) бұзылуымен үйлесетін пигментпен немесе онсыз тор қабығының пигменттік дегенерациясы қараңғыда көруді зерттеудің бақылау әдістерін пайадланумен сағаттық адаптометрияны екі мәрте орындаумен расталады.
Екі көзде көру аймағының фиксациясы нүктесінен 30 градустан төмен деңгейіне дейін астынан және сыртынан (тік және көлденең меридиандар бойынша) тұрақты тарылуы кезінде талаптардың барлық бағандары бойынша қорытынды 30-тармақтың 1) тармақшасы бойынша, бір көзде - 30-тармақтың 2) тармақшасы бойынша; екі көзде 30 градустан 45 градусқа дейін - 2) тармақша бойынша, бір көзде - 30-тармақтың 3) тармақшасы бойынша шығарылады.
30-тармақтың 2) тармақшасына:
стационарлық жағдайларда белгіленген және көздің ішкі қысымының жоғарылауымен ілесетін созылмалы увеиттер мен увеопатиялар, кератоглобус және кератоконус;
афакия, бір немесе екі көзде артифакия;
көздің көру функцияларының үдемелі төмендеуі кезінде көз түбінде дегенеративтік-дистрофиялық өзгерістердің (тор қабығының шеткі дегенерациясы, көптеген хориоретинальды ошақтары, артқы стафилома және тағы басқалар) болуы;
қабыну немесе дистрофиялық өзгерістерді тудырмайтын көз ішіндегі бөгде дене жатады.
ІІІ-ІV бағандар бойынша куәландырылатындардың әскери қызметке жарамдылығы санаты жараланғаннан кейін кемінде 3 айдан ерте емес айқындалады. Көздің жақсы функциялары кезінде (көру өткірлігі, көру аясы, қараңғыға бейімделу) қабыну құбылыстары және металлоз белгілері болмаған кезде көрсетілген әскери қызметшілер әскери қызметке шамалы шектеулермен жарамды деп танылады, бірақ танкілер, жаяу әскердің жауынгерлік машиналары, броньды транспортерлер экипаждары, зымыран әскери бөлімдерінің іске қосу қондырғылары құрамындағы қызметке, көлік құралдарының жүргізушілері ретінде, сондай-ақ дене дірілімен байланысты жұмыстарға жарамсыз.
Көру нервсінің атрофиясы кезінде көз функцияларына байланыссыз (көру өткірлігі, көру аясы) І-ІІ бағандар бойынша куәландырылатындар әскери қызметке жарамсыз деп танылады, ал ІІІ бағаны бойынша куәландырылатындардың әскери қызметке жарамдылығы санаты көз функцияларына байланысты айқындалады.
Мүйізгекке немесе склераға оптикалық түзету операцияларын жасатқан азаматтар мерзімді әскери қызметке шақырылған, келісімшарт бойынша әскери қызметке кірген кезде, егер операциядан кейін кемінде 6 ай өтсе, әскери қызметке уақытша жарамсыз деп танылады. Операциядан кейін олардың әскери қызметке жарамдылығы санаты көз функцияларының жай-күйіне және көз алмаларының ультрадыбыстық биометриясы нәтижелерін ескере отырып, құжаттық расталған операцияға дейінгі аметропия дәрежесіне байланысты бағандар бойынша талаптардың тиісті тармақтары бойынша айқындалады.
Мүйізгекке оптикалық түзету операциясын жасатқан адамдар операциядан кейін асқынулар, мүйізгекте және көз түбінде дегенеративті-дистрофиялық өзгерістер болмаған кезде, сондай-ақ операцияға дейін құжатты расталған аметропия дәрежесі бағандар бойынша талаптардың 34-тармағының 4) тармақшасында көзделгеннен жоғары болмаған жағдайда операциядан кейін бір жылдан ерте емес ӘОО-ға түсуге жарамды.
Бір немесе екі көзде афакия, артифакия кезінде І-ІІ бағандар бойынша куәландырылушы әскери қызметшілерге қатысты қорытынды 30-тармақтың 2) тармақшасы бойынша шығарылады, ал ІІІ баған бойынша куәландырылатын әскери қызметшілерге қатысты бағандар бойынша талаптардың 35-тармағы бойынша іс жүзінде түзетумен көру өткірлігіне байланысты шығарылады. Көрсетілген әскери қызметшілер ӘОО-ға түсуге, ДШӘ-де, АМБ-да және ӘТК-да әскери қызметке, танкілер, жаяу әскердің жауынгерлік машиналары экипаждары құрамында, көлік құралдарының жүргізушілері ретінде және дене дірілімен байланысты жұмыстарға жарамсыз.
Көз бұршағының таюы мен шала таюы афакия болып бағаланады. Егер осы көздің көру өткірлігі 0,4-ке дейін және одан төмен төмендететін екінші көзде көз бұршағының қарауытуы бар болса, бір көздегі афакия екіжақты болып саналады.
Қуыстық лампамен зерттеген кезде ғана анықталатын көз бұршағы вакуоліндегі түстердің құлпыруы, құбылмалылығы, үйінділердің, дәндердің болуы, сондай-ақ көру өткірлігін төмендетпейтін көз бұршағының алдыңғы капсуласындағы туғаннан пигменттердің жиналуы, осы тармақты қолдануға негіздеме болып табылмайды, әскери қызмет өткеруге, ӘОО-ға түсуге, зиянды факторлармен қызметке (жұмысқа) жұмыс істеуге кедергі жасамайды.
Зиянды факторлармен жұмыс істейтін адамдарда биомикроскопияда көз бұршағының (ұзақ бақылаған кезде олардың санының және көлемінің айтарлықтай ұлғаюы) артқы капсуласында қарауыту табылған кезде қызметке (жұмысқа) жарамсыз деп танылады.
Бір немесе екі көзде орталық және параорталық тұрақты абсолюттік скотомалар кезінде әскери қызметке, әскери-есептік мамандық бойынша қызметке жарамдылық санаты көз функциясына байланысты айқындалады.
Мерезден туындаған паренхиматозды кератиті бар адамдар бағандар бойынша талаптардың 6-тармағының 2) тармақшасы бойынша куәландырылады.
31-тармақ. Көздің тор қабығының сырылуы және жарылулары.
31-тармақтың 1) тармақшасына олардың функцияларына (көру өткірлігі, көру аясы) қарамастан, екі көздегі тор қабықшасының жарақаттық емес сырылуы (жарылуы), сондай-ақ көз функцияларының үдемелі төмендеуі кезінде екі көздегі тор қабықшасының жарақаттық емес сырылуы (жарылуы) сәтсіз қайта хирургиялық емдеу жағдайлары жатады.
Екі көзде жарақаттық этиологиядағы көздің тор қабығының сырылуына шалдыққан тұлғалар, көздің жақсы функциялары (көру өткірлігі, көру аясы) сақталған жағдайда 31-тармақтың 2) тармақшасы бойынша куәландырылады. Олар танкілер, жаяу әскердің жауынгерлік машиналары, броньды транспортерлер экипаждары, зымыран әскери бөлімдерінің іске қосу қондырғылары құрамында, көлік құралдарының жүргізушілері ретінде, сондай-ақ дене дірілімен байланысты жұмыстарға жарамсыз.
32-тармақ. Глаукома диагнозы жүктеме сынамаларын қолдана отырып стационарлық тексеру жағдайларында расталады. Әскери қызметке жарамдылық санаты емдеуден кейін (дәрі-дәрмекпен немесе хирургиялық) көру мүшесінің процесін және функцияларын орнықтыру дәрежесін ескере отырып (көру өткірлігі, көру аясы, параорталықты скотомалардың болуы, оның ішінде жүктеме сынамалары кезінде, сондай-ақ көру нервісі дискісін экскавациялау) айқындалады.
Осы тармақ бойынша екінші рет глаукома болған адамдар куәландырылады.
33-тармақ. Көз бұлшықеттерінің аурулары, көз қозғалысы серіктестігінің бұзылуы.
33-тармақтың 1) тармақшасына көз ұясының жарақатынан кейін көз бұлшықеттерінің зақымдануымен тұрақты диплопиясы жатады. Егер диплопия қандай да бір науқастанудың салдары болып табылса, қорытынды негізгі науқастану бойынша шығарылады.
Куәландырылатындарда көз алмаларының жан-жағына және жоғарыға қатты ауытқу кезінде ғана қосарлану болған кезде куәландыру 33-тармақтың 2) тармақшасы бойынша, ал төмен қараған кезде 33-тармақтың 1) тармақшасы бойынша жүргізіледі.
33-тармақтың 2) тармақшасына, сондай-ақ, көз алмасы бұлшықеттерінің айқын көрінген тербеліс түйілуі жатады.
Егер нистагм нерв жүйесінің немесе вестибулярлық аппараттың зақымдануының бір белгісі болып табылса, куәландыру негізгі науқастануы бойынша жүргізіледі. Көру өткірлігі елеулі төмендеген кезде қорытынды бағандар бойынша талаптардың 35-тармағы бойынша шығарылады.
Көз алмасының қатты ауытқуы кезінде көздің нистагмоидты тартуы әскери қызметке, ӘОО-ға түсуге, радиолокациялық станцияның немесе танкіге қарсы басқарылатын снаряд операторы мамандығы бойынша оқуға, дисплейлермен және ақпаратты көрсететін басқа да блоктармен жұмыс істеуге кедергі жасамайды.
Кемінде 15 градусқа бірдей қылилық кезінде диагноз бинокулярлы көруді тексеру жолымен расталады. Бинокулярлық көрудің болуы бірдей қылилықты жоққа шығару үшін негіздеме болып табылады.
Екі көздің жақсы көруімен баламалы қылилық кезінде диплопияның пайда болуына байланысты хирургиялық емдеуден бас тарту керек.
Бірдей қылилық, диплопиясыз парализденген қылилық және бинокулярлық көрудің басқа да бұзылуы кезінде әскери қызметке жарамдылық санаты және әскери-есептік мамандық бойынша қызметке жарамдылық көз функцияларына байланысты (көру өткірлігі, көру аясы) айқындалады.