1. Егер осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерінде өзгеше көзделмесе, жер учаскесiнiң меншiк иесi мемлекеттік органдардың қандай да бiр рұқсатын алмай, жер учаскесiн өз қалауынша иелену, пайдалану және оған билiк ету құқығын жүзеге асырады.
2. Меншiк иесi өзiнiң жер учаскесiне қатысты оның нысаналы мақсатын өзгертпей, Қазақстан Республикасының заң актілерінде тыйым салынбаған кез келген мәмiлелердi жасасуға құқылы.
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiнiң меншiк иелерi аталған құқықтарды осы Кодекстiң ережелерiн ескере отырып iске асырады.
Жер учаскесiне меншiк құқығы басқа адамға мәмiле жасалған кездегi барлық ауыртпалықтарымен берiледi.
3. Жер учаскесiнiң меншiк иесi оның нысаналы мақсатын өзгертпей, жер учаскесiн уақытша пайдалану туралы шарттың негiзiнде оны уақытша пайдалануға беруге құқылы. Жер учаскесiн уақытша пайдалану туралы шарт жалдау шарты (жалға алушымен) немесе өтеусiз пайдалану туралы шарт (өтеусiз пайдаланушымен) нысанында жасалады.
26-бап. Жерге мемлекеттік меншiк
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара); 2012.13.02. № 553-IV ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
1. Мемлекеттiк билiк органдарына, мемлекеттік ұйымдар мен мекемелерге берiлген, қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мұқтаждары үшін пайдаланылатын, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар алып жатқан, сауықтыру және тарихи-мәдени мақсаттағы, орман және су қорларының, елдi мекендер жерiндегi ортақ пайдаланудағы, босалқы жер қорындағы, оның iшiнде арнайы жер қорының жер учаскелерi, кенттер мен ауылдық елдi мекендердiң маңындағы жайылымдық және шабындық алқаптар, сондай-ақ жеке меншiкке берiлмеген шалғайдағы жайылымдар мен басқа да жерлер мемлекеттiк меншiкте болады.
2011.20.07. № 464-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Мынадай жер учаскелерi:
қорғаныс және мемлекеттік қауiпсiздiк, мемлекеттік меншiктегi қорғаныс өнеркәсiбi қажеттерiне; Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қорғау және күзету үшiн тұрғызылған инженерлiк-техникалық құрылыстар, коммуникациялар орналасқан; кеден қажеттерiне арналған жер учаскелерi;
ерекше қорғалатын табиғи аумақтар;
осы Кодекстiң 128-бабының 4-тармағында санамаланған жер учаскелерiн қоспағанда, орман қорының жерi;
осы Кодекстiң 133-бабының 2-тармағында санамаланған жер учаскелерiн қоспағанда, су қорының жерi;
магистральдық темір жол желiлерi мен ортақ пайдаланудағы автомобиль жолдары;
жеке меншiк құқығындағы үйлер мен ғимараттардың және оларға қызмет көрсетуге қажеттi жер учаскелерiн қоспағанда, елдi мекендердегi ортақ пайдаланудағы аумақтар орналасқан жер учаскелерi жеке меншiкте бола алмайды.
Жердің қандай да бір санатқа тиесілігі жерді аймақтарға бөлуге сәйкес нысаналы мақсатына және рұқсат етілген пайдаланылуына қарай айқындалады.
2011.20.07. № 464-ІV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
3. Азаматтар мен мемлекеттік емес заңды тұлғалардың бөлек меншiгiне және жер пайдалануына:
тұрғын халықтың қажетiне арнап пайдаланылатын және соған арналған жайылымдық және шабындық алқаптар;
ортақ пайдаланудағы жолдар, оның iшiнде шаруашылықаралық және мекенаралық маңызы бар, сондай-ақ ортақ пайдаланудағы жер учаскелерiне өтуге арналған жолдар;
жер учаскелерiнiң екi немесе одан көп меншiк иелерi немесе жер пайдаланушылар бiрлесiп пайдаланатын суландыру құрылыстары (суландыру каналдары, суағарлар, құдықтар, суат пункттерi) орналасқан жер учаскелерi берiлмейдi.
2009.04.07 № 166-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.20.07. № 464-ІV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 4-тармақ өзгертілді
4. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды, магистральды темір жолдарды, ортақ пайдаланудағы автомобиль жолдарын және магистральды құбырларды, байланысты, жер қойнауын пайдалануды энергетиканы дамыту үшін белгiленген тәртiппен резервке қойылған, сондай-ақ сәулет-қала құрылысының және (немесе) құрылыстың бекітілген құжаттамасына сәйкес әкiмшiлiк және әлеуметтiк маңызы бар объектiлер (әуежайлар, әуеайлақтар, вокзалдар, станциялар, ортақ пайдаланудағы жолдар, мемлекеттік органдардың әкiмшiлiк ғимараттары, ауруханалар, мектептер, мемлекеттік тұрғын үй қоры, парктер, бульварлар, гүлзарлар және қоғамдық пайдаланудағы басқа объектiлер) құрылысына арналған жер учаскелерi олардың жобалық игерiлуiне дейiн жер пайдаланушыларға басқа мақсаттар үшiн уақытша пайдалану құқығымен берiлуi мүмкiн.
5. Егер осы Кодекске сәйкес мемлекеттік меншiктегi жер учаскелерi жеке меншiкте бола алатын жағдайда, оларды азаматтар мен мемлекеттік емес заңды тұлғалардың меншiгiне беруден бас тартуға жол берiлмейдi.
27-бап. Мемлекеттік меншiк құқығын iске асыру
Мемлекеттік меншiктегi жерден жер учаскелерi:
1) жеке меншiкке сатылуы немесе өтеусiз берiлуi;
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды
1-1) ұлттық компания мәртебесі бар әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың жарғылық капиталының (меншігінің) төлеміне берілуі;
2) тұрақты немесе уақытша жер пайдалануға берiлуi;
3) осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерінде немесе халықаралық шарттарда көзделген жағдайларда өзге де құқықтық нысандарда iске асырылуы мүмкiн.
4-тарау. Жер пайдалану құқығы
28-бап. Жер пайдалану құқығының режимі
Жер пайдалану құқығы заттық құқық болып табылады. Осы Кодекске немесе заттық құқықтың мәнiне қайшы келмейтiндiктен, жер пайдалану құқығына меншiк құқығы туралы нормалар қолданылады.
29-бап. Жер пайдалану құқығының түрлерi
1. Жер пайдалану құқығы тұрақты немесе уақытша, иелiктен шығарылатын немесе шығарылмайтын, өтеулi немесе өтеусiз алынатын болуы мүмкiн.
2. Осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерінде белгiленген негiздерден басқа реттерде ешкiмдi де жер пайдалану құқығынан айыруға болмайды.
30-бап. Жер пайдалану құқығының субъектiлерi
Жер пайдаланушылар:
1) мемлекеттік және мемлекеттік емес;
2) ұлттық және шетелдiк;
3) жеке және заңды тұлғалар;
4) тұрақты және уақытша;
5) бастапқы және кейiнгi болып бөлiнедi.
31-бап. Жер пайдалану құқығының туындауы
1. Жep пайдалану құқығы:
1) жер пайдалану құқығын табыстау;
2) жер пайдалану құқығын беру;
3) жер пайдалану құқығының әмбебап құқықтық мирасқорлық тәртібімен ауысуы (мұраға қалдыру, заңды тұлғаның қайта ұйымдастырылуы) арқылы туындайды.
2. Жер пайдалану құқығын табыстау, беру және оның ауысуы жер учаскесiнiң нысаналы мақсаты ескерiле отырып жүзеге асырылуға тиiс.
3. Жер пайдалану құқығы:
1) мемлекеттік органдар актілерінiң;
2) азаматтық-құқықтық мәмiлелердiң негiзiнде;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де негiздерде туындайды.
32-бап. Жер пайдалану құқығын табыстау
1. Жер пайдалану құқығын табыстау тұлғаға жер пайдалану құқығын тiкелей мемлекеттiң беретiнiн бiлдiредi.
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді); ҚР 2007.06.07. № 275-III ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2009.10.07 № 180-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.21.07. № 470-ІV ҚР Заңымен (2012 жылғы 1 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) 2-тармақ өзгертілді
2. Азаматтарға және заңды тұлғаларға жер пайдалану құқығын табыстау облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының шешімі негізінде жер учаскесіне құқық табыстау жөніндегі құзыретке сәйкес жүргізіледі.
2006.10.01. № 116-III Заңымен (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді); 2007.06.07. № 275-III Заңымен (бұр.ред.қара); 2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2009.10.07 № 180-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.20.07. № 464-ІV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2011.21.07. № 470-ІV ҚР Заңымен (2012 жылғы 1 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) 3-тармақ өзгертілді
3. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органы өз құзыреті шегінде жер пайдаланушыларға уақытша жер пайдалану құқығын табыстаған кезде Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның уақытша жер пайдалану құқығын табыстау туралы тиісті шешімі негізінде осындай жер пайдаланушылармен жер учаскесiн жалға беру шарттары немесе уақытша өтеусiз жер пайдалану шарттары жасалады.
2009.11.07. № 183-ІV ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Егер жер учаскесi жер қойнауын пайдалануға лицензия немесе келісімшарт жасасуды талап ететiн қызметтi жүзеге асыруға немесе iс-қимыл жасауға арналса, осы учаскеге жер пайдалану құқығын табыстау жер қойнауын пайдалануға тиiстi лицензия алынған немесе келісімшарт жасалған соң жүргізіледі.
Осы ереже Қазақстан Республикасының тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңнамалық актісіне сәйкес үлескерлердің ақшасын тарту есебінен тұрғын үйлер (тұрғын жайлар) құрылысын ұйымдастыру жөніндегі қызметті жүзеге асыруы үшін жобалау компаниясына жер учаскесіне құқығын беру жағдайларына қолданылмайды.
Жер қойнауын пайдалануға келісімшарттың болуы жер учаскесiн кiдiрiссiз ресiмдеу үшiн негiз болып табылады.
33-бап. Жер пайдалану құқығын беру
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2011.24.03. № 420-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.20.07. № 464-ІV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2011.21.07. № 470-ІV ҚР Заңымен (2012 жылғы 1 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Жер пайдалану құқығын беру тұлғаға жер пайдалану құқығын басқа жер пайдаланушының беретiнiн бiлдiредi.
Жер пайдалану құқығын беру азаматтық-құқықтық мәмiлелер негiзiнде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де негiздер бойынша жүргiзiледi.
Жер пайдалану құқығын иелiктен шығару азаматтық-құқықтық мәмiлелер (сатып алу-сату, сыйға тарту, айырбастау және басқалар) негiзiнде жүргiзiледi.
Жер пайдалану құқығын белгiлi бiр мерзiмге басқа тұлғаға беру жалдау немесе жер учаскесiн уақытша өтеусiз пайдалану шартының негiзiнде жүргізіледі.
Жер пайдалану (жалдау) құқығын беру мен оны иелiктен шығаруды уақытша өтеулi жер пайдалану (жалдау) құқығын сатып алған тұлғалар ғана жүргiзе алады.
Уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығын сатып алу:
1) кепiлге беру кезінде, оның ішінде кепіл беруші өз міндеттемелерін орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда кепіл ұстаушының кепілге салынған затты сатуы кезінде, сондай-ақ шаруашылық серiктестiгiнiң жарғылық капиталына салым ретiнде, акционерлік қоғам акцияларының төлемiне немесе өндiрiстiк кооперативке жарна ретiнде беру кезiнде;
2) орман және су қорлары, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, сауықтыру, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттағы жер құрамындағы, иеліктен шығарылатын үйлер (құрылыстар, ғимараттар) орналасқан, сондай-ақ оларды пайдалануға арналған жер учаскесіне;
2011.21.07. № 470-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ 3) тармақшамен толықтырылды (2012 жылғы 1 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді)
3) арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясы жер учаскелерін Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық аймақтар туралы заңнамасына сәйкес екінші рет жер пайдалануға (қосалқы жалға) берген кезде талап етiлмейдi.
Жер пайдалану құқығын иелiктен шығару және оны беру кезiнде жер пайдаланушылардың жер учаскесiнiң нысаналы мақсатын өз бетiнше өзгертуге құқығы жоқ.
2. Жер пайдаланушылардың:
1) ортақ пайдаланудағы;
2012.13.02. № 553-IV ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
2) қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мұқтаждары үшін берілген;
3) орман қорының;
4) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, сауықтыру, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттағы;
5) қызметтiк жер телiмiнiң;
2011.24.03. № 420-IV ҚР Заңымен 6) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
6) уақытша өтеусiз және уақытша қысқа мерзiмдi өтеулi жер пайдалану (жалдау) құқығымен берiлген жер учаскелерiнiң;
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 7) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
7) кепілге, сондай-ақ шаруашылық серіктестігінің жарғылық қорына салым ретінде, акционерлік қоғам акцияларының төлеміне немесе өндірістік кооперативке жарна ретінде беруді қоспағанда, шаруа немесе фермер қожалығын және тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін, уақытша жер пайдалану құқығымен берілген жер учаскелерінің;
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 8) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
8) су қорының жерiнде жер пайдалану құқығына қатысты мәмiлелер жасасуына жол берiлмейдi.
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды
2-1. Осы баптың 2-тармағында көзделген шектеулер жер пайдаланушылардың орман және су қорлары, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, сауықтыру, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттағы жер құрамындағы, иеліктен шығарылатын үйлер (құрылыстар, ғимараттар) орналасқан, сондай-ақ оларды пайдалануға арналған жер учаскесіне жер пайдалану құқығына қатысты жасасатын мәмілелеріне, соның ішінде кепілге салуға қолданылмайды.
3. Жер пайдаланушының өзiне тиесiлi жер учаскесiн басқа тұлғаға (кейiнгi жер пайдаланушыға) уақытша жер пайдалануға беруi, сондай-ақ уақытша жер пайдалану құқығын иелiктен шығару осы Кодекстiң 32-бабының 4-тармағында және 37-бабының 3-тармағында көзделген нормалардың ережелерi ескерiле отырып жүргiзiледi.
34-бап. Тұрақты жер пайдалану құқығы
1. Жер учаскелерi тұрақты жер пайдалану құқығымен мынадай мемлекеттік жер пайдаланушыларға:
1) кондоминиум объектiлеріндегі үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды), үй-жайларды шаруашылық жүргiзу құқығымен немесе оралымды басқару құқығымен иеленетiн заңды тұлғаларға;
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 2) жаңа редакцияда (бұр. ред. қара )
2) ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы өндірісін жүзеге асыратын заңды тұлғаларға, сондай-ақ ғылыми-зерттеу, тәжірибе және оқу мақсаттарына;
3) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерiнде жер пайдалануды жүзеге асыратын заңды тұлғаларға;
4) Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген өзге де жағдайларда берiледi.
2. Тұрақты жер пайдалану құқығы шетелдік жер пайдаланушыларға тиесiлi болмайды.
35-бап. Уақытша жер пайдалану құқығы
1. Жер учаскесi азаматтар мен заңды тұлғаларға уақытша өтеулi жер пайдалану (жалдау) немесе уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығымен берiлуi мүмкiн.
2011.24.03. № 420-IV ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Егер осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше белгiленбесе, уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығы 5 жылға дейiнгi мерзiмге беріледі.
Осы Кодексте көзделген шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығын беру жағдайларын қоспағанда, уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығы қысқа мерзімді (5 жылға дейін) және ұзақ мерзімді (5 жылдан 49 жылға дейін) болуы мүмкін.
2011.20.07. № 464-ІV ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
3. Уақытша өтеулі жер пайдаланудың (жалдаудың) шекті мерзімдері осы Кодексте белгіленген уақытша жер пайдалану мерзімдеріне сәйкес жер учаскесiн нысаналы пайдалану ерекшеліктері ескеріле отырып, жалдаушының өтініші негізінде белгiленедi.
4. Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, сондай-ақ шартты бұзу тәртібі оның өзiнде көрсетiлген жағдайларда, атқарушы органдардың уақытша жер пайдалану шарттарын бiржақты бұзуына жол берiлмейдi.
2011.20.07. № 464-ІV ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды
5. Жер пайдалану құқығында берілген жер учаскесін мемлекеттік меншікке қайтару жасалған жер учаскесін жалдау шартына немесе уақытша өтеусіз жер пайдалану шартына сәйкес жүзеге асырылады.
36-бап. Уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығы
2008.05.07 № 66-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Жер учаскелерi Қазақстан Республикасының азаматтары мен Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығымен:
шалғайдағы мал шаруашылығы (маусымдық жайылымдар) үшiн;
тұрғын халықтың мал жаюы мен шөп шабуы үшiн;
мемлекеттік жер пайдаланушыларға;
бақша өcipу үшiн;
қызметтiк жер телiмі түрiнде;
ортақ пайдаланылатын жолдарды салу, мемлекеттік меншiктегi және әлеуметтiк-мәдени мақсаттағы объектiлер құрылысы кезеңiне;
тозған және бүлiнген жерлердi қалпына келтiру кезiнде;
концессия шартының қолданылу мерзіміне;
Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен үйлердi (үй-жайларды) және ғимараттарды уақытша өтеусiз пайдалануға берген кезде; ғибадат объектiлерi үшiн;
осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген өзге жағдайларда берiлуi мүмкiн.
2008.05.07 № 66-IV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Уақытша өтеусiз жер пайдалану мерзiмi жер учаскелерiн қызметтiк жер телiмi түрiнде және тозған әрi бүлiнген жердi қалпына келтiру үшiн берiлетiн жағдайларды қоспағанда, сондай-ақ концессиялық жобаларды іске асыру үшін жер учаскелерін беру жағдайларында бес жылдан аспауға тиiс.
Үйлер (үй-жайлар) мен ғимараттарға берiлген жер учаскесiн уақытша өтеусiз жер пайдалану мерзiмi үйлердi (үй-жайларды) және ғимараттарды, соның iшiнде ғибадат құрылыстарын уақытша өтеусiз пайдалану мерзiмiмен айқындалады.
3. Уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығындағы жер учаскелерiн иелiктен шығаруға, соның iшiнде оларды кейiнгi жер пайдалануға беругe жол берiлмейдi.
37-бап. Уақытша өтеулi жер пайдалану (жалдау) құқығы
1. Жер учаскесiне уақытша өтеулi (қысқа мерзiмдi және ұзақ мерзiмдi) жер пайдалану (жалдау) құқығы азаматтарға, мемлекеттік емес заңды тұлғаларға, сондай-ақ халықаралық ұйымдарға табысталуы мүмкiн.
2. Егер Қазақстан Республикасының заң актілерінде немесе шартта өзгеше белгiленбесе, өз мiндеттерiн тиiсiнше орындаған уақытша өтеулi жер пайдаланушы (жалға алушы) шарт мерзiмi аяқталғаннан кейiн, басқа тең жағдайларда, жаңа мерзiмге шарт жасасуға басқа тұлғалар алдында басым құқығы болады. Жалға алушы осындай шарт жасасу ниетi туралы жалға берушiнi шартта көрсетiлген мерзiмде, егер шартта мұндай мерзiм көрсетілмесе, шарттың қолданылу мерзiмi аяқталғанға дейiн үш ай мерзiмде жазбаша хабардар етуге мiндеттi.
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді); 2011.24.03. № 420-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-тармақ өзгертілді
3. Мемлекеттен уақытша өтеулi ұзақ мерзiмдi жер пайдалану (жалдау) құқығын сатып алған, осы баптың 5-тармағында аталғандардан басқа мемлекеттік емес жер пайдаланушылар өздерiне тиесiлi жер учаскелерiн (немесе олардың бiр бөлiгiн) жалға (қосалқы жалға) немесе уақытша өтеусiз пайдалануға беруге құқылы, егер осы Кодексте өзгеше белгiленбесе, жер учаскесі орналасқан жердегі облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың уәкілетті органына хабарлай отырып, жер учаскесi меншiк иесiнiң келісімiнсiз, жер учаскесiн жалға беру шартының мерзiмi шегiнде өздерiне тиесiлi уақытша жер пайдалану құқығын иелiктен шығаруға да құқылы.
Аталған жағдайларда, жалдау құқықтарын кепiлге берудi қоспағанда, жер учаскесiнiң жаңа жалға алушысы жалға берушiнiң алдында жер учаскесiн жалдау шарты бойынша жауапты болады.
4. Жалға берiлетiн жер учаскесiн үйлердiң, құрылыстар менғимараттардың меншiк иелерi сатып алатын жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік меншiктегi жер учаскесiн сату кезiнде осы жер учаскесiн жалға алушының ортақ меншiк құқығындағы үлесiн бөгде тұлғаға сатуы үшiн Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында белгiленген тәртiппен оны сатып алуға басым құқығы болады.
2011.24.03. № 420-IV ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығы:
1) шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін:
Қазақстан Республикасының азаматтарына - 10 жылдан 49 жылға дейінгі мерзімге;
оралмандарға - 10 жылға дейінгі мерзімге;
2) тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісі үшін:
Қазақстан Республикасының мемлекеттік емес заңды тұлғаларына - 49 жылға дейінгі мерзімге;
шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға 10 жылға дейінгі мерзімге беріледі.
38-бап. Кейiнгi жер пайдалану (қосалқы жалдау) құқығы
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
1. Бастапқы жер пайдаланушы өзiнiң жер пайдалану құқығын иелiгiнен шығармай, ал өзiне тиесiлi учаскенi (немесе оның бiр бөлiгiн) жер учаскесі орналасқан жердегі облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың уәкілетті органына хабарлай отырып, басқа тұлғаға уақытша жер пайдалануға беретiн жағдайларда, кейiнгi жер пайдалану туралы шарттың негiзiнде кейiнгi жер пайдалану туындайды.
Кейiнгi жер пайдаланушы әрдайым уақытша жер пайдаланушы болып табылады, өз құқықтарын басқа жер пайдаланушыларға беруге құқығы болмайды.
2. Жер учаскесiн кейiнгi жер пайдалануға берген кезде бастапқы және кейiнгi жер пайдаланушылар жер пайдаланушының мемлекет алдындағы мiндеттерiн толық көлемiнде атқарады.
3. Кейiнгi жер пайдалану туралы шарт жалдау шарты немесе уақытша өтeуciз пайдалану туралы шарт нысанында жасалады.
4. Кейiнгi жер пайдаланушы жер учаскесiнде шаруашылық жүргiзудi жүзеге асырады, сондай-ақ кейiнгi жер пайдалану (қосалқы жалдау) туралы шартта белгiленген шарттарды сақтай отырып, жер пайдаланушының басқа да құқықтары мен мiндеттерiн (осы Кодекстiң 64 және 65-баптары) iске асырады.
5. Осы Кодекстiң 41-бабына сәйкес жер учаскелерiн қызметтiк жер телiмi тәртібімен берудi қоспағанда, жеке және заңды тұлғаларға уақытша жер пайдалану құқығымен тиесiлi ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiн ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн кейiнгi жер пайдалануға беруге жол берiлмейдi.
39-бап. Мемлекеттік жер пайдаланушылардың құқықтық жағдайының ерекшелiктерi
1. Мемлекеттік жер пайдаланушылар жер учаскесiнде шаруашылық жүргiзудi жүзеге асырады, сондай-ақ осы учаскенiң нысаналы мақсаты мен жер пайдаланушы қызметiнiң жарғыдағы мақсаттарын ескере отырып, жер пайдаланушының басқа да құқықтарын iске асырады.
2006.07.07. № 176-III ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
2. Мемлекеттік жер пайдаланушы өзіне тиесілі жер пайдалану құқығын иелігінен шығаруға, сондай-ақ кепілге беруге құқылы емес.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің ережесі, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы жерді қоспағанда, жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүлікті иеліктен шығаруға не кепілге беруге байланысты жер пайдалану құқығын иеліктен шығару не оны кепілге беру жағдайларына қолданылмайды.
3. Мемлекеттік жер пайдаланушыларға тиесiлi үйлерден (құрылыстардан, ғимараттардан) кредиторлардың талап етуi бойынша өндiрiп алуға байланысты жер пайдалану құқығынан өндiрiлiп алынатын жағдайларды қоспағанда (осы Кодекстiң 78-бабының 3-тармағы), мемлекеттік жер пайдаланушыларға тиесiлi жер пайдалану құқығы кредиторлардың талап етуi бойынша өндiрiп алу нысанасы бола алмайды.
4. Мемлекеттік жер пайдаланушы өзiне тиесiлi үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) белгiленген тәртiппен жалға берген жағдайда, осы Кодекстiң 52-бабының 3-тармағында белгiленген ережелер бойынша, олармен бiрге аталған мүлiк орналасқан және оны белгiленген нормаларға сәйкес пайдалану үшiн қажеттi жер учаскесi де жалға берiледi.
Үйдiң (құрылыстың, ғимараттың) өзiн тиiсiнше жалға бермей тұрып, үйлер (құрылыстар, ғимараттар) орналасқан жер учаскесiн басқа тұлғаға жалға беруге болмайды.
5. Жер учаскесi қызметтiк жер телiмi тәртібімен берiлетiн жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік жер пайдаланушының өзiне тиесiлi жер учаскесiн уақытша өтеусiз жер пайдалануға беруiне жол берiлмейдi.
40-бап. Жер пайдалану құқығының әмбебап құқықтық мирасқорлық тәртібімен ауысуы
1. Жер пайдалану құқығының әмбебап құқықтық мирасқорлық тәртібімен ауысуы заң бойынша мұраға ие болу кезiнде немесе заңды тұлға қайта ұйымдастырылған жағдайда құқық мирасқорында жер пайдалану құқығының туындауын бiлдiредi.
2. Жер учаскесiне ұзақ мерзiмдi уақытша жер пайдалану құқығы бap азамат қайтыс болған жағдайда, жер пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында көзделген тәртiппен мұраға қалдырылады. Егер уақытша жер пайдалану шартында өзгеше көзделмесе, қысқа мерзiмдi уақытша жер пайдалану құқығы да осындай тәртiппен мұраға қалдырылады.