2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Әрбір жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін жұмыс беруші үш күннен кешіктірмей зардап шеккен адамға немесе оның сенімді адамына жазатайым оқиға туралы актіні беруге міндетті, актінің бір данасы жұмыс берушімен тиісті шарттық қатынастары бар сақтандыру ұйымына, ал екіншісі - мемлекеттік еңбек инспекциясына қағаз және электронды жеткізгіште жіберіледі.
Улану жағдайында актінің көшірмесі халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік органға да жіберіледі.
5. Тергеп-тексеру нәтижесімен келіспеген немесе жазатайым оқиға туралы акт уақтылы ресімделмеген жағдайда, зардап шеккен адам немесе оның сенім білдірген адамы, ұйым қызметкерлерінің өкілі жұмыс берушіге жазбаша түрде жүгінуге құқылы, жұмыс беруші олардың өтінішін он күн ішінде қарап, тиісті шешім қабылдауға міндетті.
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру, ресімдеу және тіркеу мәселелері бойынша жұмыс берушінің, қызметкердің және мемлекеттік еңбек инспекторының не қауіпті өнеркәсіп объектілерінде болған оқиғалар кезінде төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі мемлекеттік инспектордың арасында туындаған келіспеушіліктерді тиісті жоғары тұрған бас мемлекеттік еңбек инспекторы бағыныштылық тәртіппен қарайды және (немесе) сот тәртібімен қаралады.
Жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру мәселелері бойынша жоғары тұрған бас мемлекеттік еңбек инспекторының шешімі еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген нысанда қорытынды түрінде ресімделеді.
7. Жазатайым оқиғаны арнайы тергеп-тексеру актісі материалдарының көшірмелерін жұмыс беруші мемлекеттік бақылау органдарына жібереді. Оның үстіне, жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін мемлекеттік еңбек инспекторы арнайы тергеп-тексеру актісі материалдары көшірмелерінің бір данасын жеті күн ішінде жергілікті ішкі істер органына жібереді, ол заңнамаға сәйкес тиісті шешім қабылдап, қабылданған шешім туралы жиырма күннен кешіктірмей хабарлайды.
8. Актімен ресімделген әрбір жазатайым оқиға өндірістегі жазатайым оқиғаларды және денсаулыққа келтірілген өзге де зақымдануларды тіркеу журналына жазылады. Журнал еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген нысан бойынша жүргізіледі. Еңбекке уақытша жарамсыздық және жарақаттану туралы алғашқы статистикалық деректер мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган бекіткен статистикалық әдіснамаға сәйкес беріледі.
9. 2010.19.03. № 258-ІV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
10. Жұмыс беруші немесе оның өкілі уақыт өте келе ауыр зардаптарға немесе кісі өліміне әкеп соққан жазатайым оқиғалар санатына ауысқан өндірістегі жазатайым оқиғалар туралы тиісті мемлекеттік еңбек инспекциясына, ал сақтандыру жағдайлары туралы - сақтандырушының атқарушы органына (сақтанушы тіркелген жердегі) хабарлайды.
11. Жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру материалдары ұйымда қырық бес жыл бойы сақталуға тиіс, ұйым таратылған жағдайда жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру материалдары міндетті түрде сол ұйым жұмыс істеген жердегі мемлекеттік мұрағатқа тапсырылуға тиіс.
12. Өндірістегі жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру материалдарында тергеп-тексеру актісімен қатар:
1) зардап шеккен адамның еңбекті қорғау жөнінде оқығаны және нұсқама алғаны, сондай-ақ алдын ала және мерзімдік медициналық тексерулерден өткені туралы мәліметтер;
2) еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген нысан бойынша жауап алу хаттамалары және оқиға куәгерлерінің, сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарының сақталуына жауапты лауазымды адамдардың түсініктемелері;
3) оқиға болған жердің жоспарлары, схемалары мен фотосуреттері;
4) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын регламенттейтін нұсқаулықтардан, ережелерден, бұйрықтардан және басқа да актілерден үзінді көшірмелер, өндірістегі салауатты және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге жауапты лауазымды адамдардың міндеттері және басқалар;
5) зардап шеккен адамның денсаулығына келтірілген зақымның сипаты мен ауырлығы (өлімге әкеп соққан себеп) туралы медициналық қорытынды;
6) зертханалық және басқа зерттеулердің, эксперименттердің, сараптамалардың, талдаулардың нәтижелері және тағы сол сияқтылар;
7) бас мемлекеттік еңбек инспекторының қорытындысы (егер бар болса);
8) жұмыс берушіге келтірілген материалдық залал туралы мәліметтер;
9) жұмыс берушінің зардап шеккен адамға (отбасы мүшелеріне) оның денсаулығына келтірілген зиянды өтеу және жол берілген оқиғаға кінәлі лауазымды адамдарды жауапкершілікке тарту туралы бұйрығы;
10) қоса берілетін құжаттардың тізбесі болуға тиіс.
13. Зардап шеккен адам немесе қызметкерлердің өкілі жазатайым оқиғаны тергеп-тексерудің бүкіл материалдарымен танысуға және қажетті үзінді көшірмелер жасауға құқылы.
327-бап. Жазатайым оқиғалардың дұрыс, уақтылы тергеп-тексерілуі мен есепке алынуын бақылау
Жазатайым оқиғалардың дұрыс, уақтылы тергеп-тексерілуі мен есепке алынуын, сондай-ақ мұндай оқиғаларды туындатқан себептерді жою жөніндегі іс-шаралардың орындалуын бақылауды мемлекеттік еңбек инспекторлары өз құзыреттері шегінде тексерулер жүргізу, азаматтардың шағымдарын, арыздары мен өтініштерін қарау және ұйымдарды тексеру арқылы жүзеге асырады. Өндірістегі жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру, сондай-ақ мұндай оқиғаларды туындатқан себептерді жою жөніндегі іс-шаралардың орындалуын бақылау аясында мемлекеттік еңбек инспекторлары жүргізетін тексерулер Қазақстан Республикасының мемлекеттік құқықтық статистика мен арнайы есепке алу туралы заңнамасына сәйкес тіркеуге және есепке алынбайды.
6-БӨЛІМ. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ЕҢБЕК ЗАҢНАМАСЫНЫҢ САҚТАЛУЫН БАҚЫЛАУ
38-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК БАҚЫЛАУ
2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен 328-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
328-бап. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы саласындағы мемлекеттік бақылау
1. Ұйымдарда Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылауды мемлекеттік еңбек инспекторлары жүзеге асырады.
2. Мемлекеттік еңбек инспекторларына:
1) Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік еңбек инспекторы - Қазақстан Республикасының еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органының мемлекеттік еңбек инспекциясының басшысы;
2) мемлекеттік еңбек инспекциясының бас мемлекеттік еңбек инспекторлары - еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның мемлекеттік еңбек инспекциясының лауазымды адамдары;
3) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың бас мемлекеттік еңбек инспекторы - еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның мемлекеттік еңбек инспекциясының облыстық, республикалық маңызы бар қаладағы аумақтық бөлімшесінің басшысы;
4) мемлекеттік еңбек инспекторлары - мемлекеттік еңбек инспекциясы органының облыстық, республикалық маңызы бар қаладағы аумақтық бөлімшесінің лауазымды адамдары жатады.
3. Мемлекеттік еңбек инспекторлары қызметтік міндеттерін атқару кезінде заңмен қорғалады және Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілерін басшылыққа алады.
4. Мемлекеттік еңбек инспекторына қызметтік міндеттерін орындауға кедергі келтірген тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
ҚР 2007.19.12. № 9-ІV Заңымен 5-тармақпен толықтырылды (қолданысқа енетін мерзімін қара); 2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Өңірлік қаржы орталығы қатысушыларының Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңнамасын сақтауына мемлекеттік бақылауды Алматы қаласы өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган жүзеге асырады.
Алматы қаласы өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган:
1) еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органды Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының бұзылу фактілері туралы өз құзыреті шегінде хабардар етуге;
2) Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасы талаптарының орындалу жай-күйі туралы ақпаратты еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген нысанға сәйкес еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға тоқсан сайын беріп отыруға міндетті.
Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығы қатысушыларының Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын сақтауына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті лауазымды тұлғалар мемлекеттік еңбек инспекторына теңестіріледі және осы Кодексте көзделген өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен мазмұн 6-тармақпен толықтырылды; 2011.06.01. № 378-IV ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы саласындағы мемлекеттік бақылау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
Тексеру «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандары осы Кодекске сәйкес жүзеге асырылады.
329-бап. Мемлекеттік еңбек инспекциясы қызметінің принциптері мен негізгі міндеттері
Мемлекеттік еңбек инспекциясының қызметі қызметкерлердің құқықтары мен бостандықтарын сыйлау, сақтау және қорғау, заңдылық, әділдік, тәуелсіздік және жариялылық принциптері негізінде жүзеге асырылады.
Мемлекеттік еңбек инспекциясының негізгі міндеттері:
ұйымдарда Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету;
қауіпсіз еңбек жағдайларына құқықты қоса алғанда, қызметкерлердің құқықтары мен бостандықтарын сақтауды және қорғауды қамтамасыз ету;
Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының мәселелері бойынша қызметкерлер мен жұмыс берушілердің өтініштерін, арыздарын және шағымдарын қарау болып табылады.
330-бап. Мемлекеттік еңбек инспекторларының құқықтары
Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру кезінде мемлекеттік еңбек инспекторларының:
1) еңбек заңнамасының сақталуына тексеру жүргізу мақсатында ұйымдар мен кәсіпорындарда кедергісіз болуға;
2) жұмыс берушілерден өздеріне жүктелген функцияларды орындауға қажетті құжаттарды, түсініктемелерді, ақпаратты сұратуға және алуға;
3) жұмыс берушілер орындауға міндетті нұсқамалар, қорытындылар беруге, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хаттамалар мен қаулылар толтыруға, әкімшілік жазалар қолдануға;
4) өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша түсініктемелер беруге;
5) ұйымдардың, жекелеген өндірістердің, цехтардың, учаскелердің, жұмыс орындарының қызметі және жабдықтардың, тетіктердің пайдаланылуы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сай келмейтіні анықталған жағдайда, оларды үш күннен аспайтын мерзімге, көрсетілген мерзім ішінде міндетті түрде сотқа талап-арыз бере отырып, тоқтата тұруға (тыйым салуға);
6) жұмыс орындарында белгіленген талаптарға сай келмейтін арнаулы киімнің, арнаулы аяқ киімнің және басқа да жеке және ұжымдық қорғану құралдарының берілуі мен пайдаланылуына тыйым салуға;
7) жұмыс берушіге (оның өкіліне) хабарлай отырып және тиісті акт жасау арқылы арнаулы киім үлгілерін, пайдаланылатын немесе өңделетін материалдар мен заттарды талдау жасау үшін алуға;
8) өндірістегі жазатайым оқиғаларды белгіленген тәртіппен тергеп-тексеруге;
9) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқудан, нұсқау беруден, білімін тексеруден өтпеген қызметкерлерді жұмыстан шеттету үшін жұмыс берушілер орындауға міндетті нұсқамалар беруге;
10) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын бұзу, мемлекеттік еңбек инспекторларының актілерін жұмыс берушілердің орындамауы фактілері бойынша тиісті құқық қорғау органдарына және соттарға ақпарат, талап қою және өзге де материалдар жіберуге;
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 11) тармақша өзгертілді (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
11) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі білімді тексеруге қатысуға;
12) шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру кезінде белгіленетін айрықша талаптардың орындалуына тексеру жүргізуге;
13) жұмыс берушінің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша ішкі бақылау жүргізуінің толықтығы мен дәйектілігін бақылауды жүзеге асыруға;
14) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.
331-бап. Мемлекеттік еңбек инспекторларының міндеттері
Мемлекеттік еңбек инспекторлары:
1) Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асыруға;
2) Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының орындалуын тексеруді уақтылы және сапалы жүргізуге;
3) анықталған еңбек заңнамасын бұзушылықтарды жою жөніндегі шараларды қабылдау мақсатында осындай бұзушылықтар туралы жұмыс берушілерді (олардың өкілдерін) хабардар етуге, кінәлі тұлғаларды жауапқа тарту жөнінде ұсынулар енгізуге;
4) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын қолдану мәселелері бойынша қызметкерлер мен жұмыс берушілердің өтініштерін уақтылы қарауға;
5) еңбек заңнамасының бұзылуына әкеп соғатын себептер мен мән-жайларды анықтауға, оларды жою және бұзылған еңбек құқықтарын қалпына келтіру жөнінде ұсынымдар беруге;
6) өндірістегі жазатайым оқиғаларды және кәсіптік ауруларды тергеп-тексеруге қатысуға;
7) еңбек заңнамасының бұзылу себептерін жинауды, талдауды, қорытуды жүзеге асыруға, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы бұзылуының алдын алу жөніндегі жұмысты күшейтуге бағытталған іс-шараларды әзірлеу мен қабылдауға қатысуға;
8) мемлекеттік құпияны, еңбек міндеттерін орындауға байланысты өзіне мәлім болған қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді жария етпеуге;
9) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын қолдану мәселелері бойынша түсіндіру жұмысын жүргізуге;
10) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы бақылауды жүзеге асыру кезінде азаматтармен және қызметкерлердің өкілдерімен өзара іс-қимыл жасасуға міндетті.
332-бап. Жұмыс берушінің мемлекеттік еңбек инспекторы бақылау жүргізген кездегі құқықтары мен міндеттері
1. Жұмыс беруші Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүргізу кезінде:
1) жүргізілген тексеру актілері бойынша мемлекеттік еңбек инспекторына түсініктемелер беруге;
2) егер жүргізілетін тексеру нысанасына қатысы болмаса, мәліметтер мен құжаттарды бермеуге;
3) тексеру нәтижелері туралы актіге және мемлекеттік еңбек инспекторының іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағымдануға құқылы.
2. Жұмыс беруші Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүргізу кезінде:
1) мемлекеттік еңбек инспекторының тексерілетін объект аумағына және үй-жайларына кедергісіз кіруін (болуын) қамтамасыз етуге;
2) тексеру жүргізетін мемлекеттік еңбек инспекторына және ұйым қызметкерлерінің өкілдеріне тексеру нәтижелері туралы актіге қоса тіркеу үшін қағаздағы және электрондық тасығыштардағы құжаттарды (мәліметтерді) не олардың көшірмелерін беруге, сондай-ақ тексерудің міндеттері мен нысанасына сәйкес автоматтандырылған деректер базасына (ақпараттық жүйелерге) қол жеткізуіне мүмкіндік жасауға;
3) мемлекеттік еңбек инспекторының актілерін орындау үшін қабылдауға және актінің екінші данасына оны алғаны туралы тиісті белгі жасауға;
4) тиісті мерзімдерде мемлекеттік еңбек инспекторының актілерін орындау жөнінде ақпарат беруге міндетті.
333-бап. Мемлекеттік еңбек инспекторының актілері
1. Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасын бұзушылықтардың анықталуына қарай мемлекеттік еңбек инспекторы мынадай актілер:
1) нұсқама:
Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы;
жарақаттану қаупі бар және авариялық жағдайлардың туындауын болғызбау үшін өндірістік объектілер мен жабдықтардағы, сондай-ақ өндірістік процестердегі еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі алдын алу жұмыстарын жүргізу туралы;
жекелеген өндірістердің, цехтардың, учаскелердің, жұмыс орындары мен жабдықтардың пайдаланылуына және тұтас алғанда ұйым қызметіне тыйым салу (оны тоқтата тұру) туралы нұсқама шығарады (жасайды). Бұл ретте ұйым қызметіне тыйым салу (оны тоқтата тұру) туралы акт сот шешімі шығарылғанға дейін қолданылады;
2) әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама;
3) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы;
4) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулы шығарады.
2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Мемлекеттік еңбек инспекторының актілері жұмыс берушілер мен лауазымды адамдардың Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының талаптарын бұзушылықтарына ықпал етудің құқықтық шаралары болып табылады. Актілер екі дана етіп жасалады, оның біреуі қолы қойғызылып, жұмыс берушіге тапсырылады.
3. Лауазымды адамдар, жеке және заңды тұлғалар мемлекеттік еңбек инспекторының актілерін орындауға міндетті.
4. Мемлекеттік еңбек инспекторы актілерінің нысанын еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган бекітеді.
334-бап. 2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
335-бап. Мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратынмемлекеттік еңбек инспекторының шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздіктеріне) шағымдану тәртібі
1. Мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру кезінде жұмыс берушінің құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайда, жұмыс беруші мемлекеттік еңбек инспекторының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен еңбек
жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға, жоғары тұрған мемлекеттік инспекторға және (немесе) сотқа шағымдануға құқылы.
2. Шағымдану мемлекеттік еңбек инспекторлары берген актілердің орындалуын тоқтатпайды.
336-бап. Мемлекеттік еңбек инспекциясының басқа мемлекеттік органдармен және ұйымдармен өзара іс-қимыл жасасуы
1. Мемлекеттік еңбек инспекциясы өз қызметін басқа мемлекеттік қадағалау және бақылау органдарымен, қызметкерлердің өкілдерімен, қоғамдық бірлестіктермен, басқа да ұйымдармен өзара іс-қимыл жасаса отырып жүзеге асырады.
2. Мемлекеттік органдар мемлекеттік еңбек инспекторына Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының орындалуын бақылауды жүзеге асыру жөніндегі міндеттерін атқаруына жәрдемдесуге міндетті.
337-бап. Мемлекеттік еңбек инспекторының мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру кезіндегі жауапкершілігі
Мемлекеттік еңбек инспекторы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру кезінде өз қызметтік міндеттерін орындамаған немесе тиісінше орындамаған, сондай-ақ өзге де заңға қайшы әрекеттер (әрекетсіздіктер) жасаған жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
39-тарау. ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІ ЖӘНЕ ЕҢБЕКТІ ҚОРҒАУ ЖӨНІНДЕГІ ІШКІ БАҚЫЛАУ
338-бап. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі ішкі бақылау
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Ішкі бақылау еңбекті қорғауды басқару жүйесін құруды және енгізуді, еңбек жағдайларының жай-күйін қадағалауды ұйымдастыруды, өндірістік бақылаудың деректеріне жедел талдау жүргізуді, тәуекелдерді бағалауды және еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі анықталған сәйкессіздіктерді жою жөнінде шаралар қабылдауды қамтиды.
2. Жұмыс беруші жұмыс орындарында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі белгіленген талаптарды сақтау және анықталған бұзушылықтарды жою бойынша жедел шаралар қабылдау мақсатында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі ішкі бақылауды жүзеге асырады.
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 339-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
339-бап. Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі ішкі бақылауды жүзеге асыру тетігі
1. Қызметкерлерінің саны елуден асатын өндірістік қызметті жүзеге асыратын ұйымдарда еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптарын сақтау үшін ішкі бақылауды жүзеге асыру мақсатында жұмыс беруші ұйымның тікелей бірінші басшысына немесе ол уәкілеттік берген адамға бағынатын еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметін құрады.
2. Ұйымдағы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау қызметі туралы үлгі ережені еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган әзірлейді.
3. Қызметкерлерінің саны елуге жетпейтін жұмыс беруші қызмет ерекшелігін ескере отырып, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі маман лауазымын енгізеді не еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі міндетті басқа маманға жүктейді.
4. Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау қызметі немесе осы баптың 3-тармағында көрсетілген маман:
1) өндірістік, тұрмыстық және басқа да үй-жайларға кедергісіз кіруге және қарауға;
2) қауіпсіз және салауатты еңбек жағдайларын жасау, ұйымдардың құрылымдық бөлімшелерінде өндірістік жарақаттану мен кәсіптік ауруларды болдырмау жөніндегі алдын алу іс-шараларының әзірленуін және орындалуын бақылауды жүзеге асыруға;
3) ұйымның құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлеріне анықталған еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптарын бұзушылықтарды жою жөнінде шара қолдану туралы орындалуы міндетті нұсқаулар беруге құқылы.
5. Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау қызметі немесе осы баптың 3-тармағында көрсетілген маман:
1) ай сайын ұйымдарда өндірістік жарақаттану мен кәсіптік аурулардың жай-күйі мен себептерін талдауды жүргізуге және олардың алдын-алу іс-шараларын әзірлеуге;
2) еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелері бойынша ұйымның қызметкерлерін оқытуды, олардың білімдерін тексеруді ұйымдастыруға;
3) ұйымдарда өндірістегі жазатайым оқиғаларды зерттеп тексеру тәртібінің сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 339-1-баппен толықтырылды
339-1-бап. Ұйымдардағы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі комитет (комиссия)
1. Жұмыс берушінің және (немесе) қызметкердің не олардың өкілдерінің бастамасы бойынша еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі комитет (комиссия) құрылады. Оның құрамына жұмыс берушінің өкілдері, кәсіподақ ұйымының өкілдері немесе қызметкерлердің уәкілетті өкілдері тең құқылы негізде кіреді.
2. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі комитет (комиссия) жұмыс беруші мен қызметкерлердің еңбекті қорғау талаптарын қамтамасыз ету, өндірістік жарақаттану мен кәсіптік аурулардың алдын алу жөніндегі бірлескен іс-қимылын ұйымдастырады, сондай-ақ жұмыс орындарындағы еңбек жағдайлары мен еңбектің қорғалуына тексеру өткізуді және қызметкерлерді көрсетілген тексерулердің нәтижелері туралы хабардар етуді, ұжымдық шарттың (келісімнің) еңбекті қорғау туралы бөліміне ұсыныстар жинауды ұйымдастырады.
40-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ЕҢБЕК ЗАҢНАМАСЫНЫҢ
САҚТАЛУЫН ҚОҒАМДЫҚ БАҚЫЛАУ
340-бап. Ұйымда еңбек заңнамасының сақталуын қоғамдық бақылау
1. Ұйымда еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы қоғамдық бақылауды ұйымның кәсіподақ комитеті, ал кәсіподақ болмаған кезде қызметкерлердің жалпы жиналысы (конференциясы) сайлайтын еңбекті қорғау жөніндегі қоғамдық инспектор жүзеге асырады.
2. Қызметкерлердің республикалық, салалық, өңірлік бірлестіктері ұйымдарда еңбек заңнамасының сақталуын қоғамдық бақылауды мұндай құқық келісімдерде және ұжымдық шарттарда бекітілген жағдайда жүзеге асырады.
341-бап. Еңбекті қорғау жөніндегі қоғамдық инспекторлардың құқықтары
Еңбекті қорғау жөніндегі қоғамдық инспектордың:
1) жұмыс берушілердің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі нормативтік құқықтық актілерді, жұмыс берушінің ұйымдардағы жұмыс орындарында қалыпты еңбек жағдайлары мен қауіпсіздік техникасын жасау жөніндегі келісімдерді, ұжымдық шарттарды сақтауын қоғамдық бақылау арқылы жұмыс берушілер алдында қызметкерлердің еңбекті қорғау құқықтарының қорғалуын жүзеге асыруға;
2) өндірістегі жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеруге және мемлекеттік еңбек инспекторлары жүргізетін еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғаудың жай-күйін кешенді тексерулерге қатысуға;