12) Қазақстан Республикасының қауiпсiздiгiне төнген қатердi iске асыруға, тергелуi Қазақстан Республикасының заңдарымен ұлттық қауiпсiздiк органдарының қарауына берiлген қылмыстардың жасалуына мүмкiндiк беретiн себептер мен жағдайларды жою туралы орындалуы мiндеттi ұсыныстарды мемлекеттік органдарға, әскери құрамаларға, бөлiмдер мен ұйымдарға енгізу;
13) Қазақстан Республикасының аумағында мемлекеттік құпияларды қорғау туралы белгiленген ережелердi немесе Қазақстан Республикасының заңдарын бұза отырып пайдаланатын радиоэлектрондық хабар беру құралдарының қолданылуына жол бермеу;
14) ұлттық қауiпсiздiк органдарына жүктелген мiндеттердi орындау үшiн қажеттi ақпаратты мемлекеттік органдардан, әскери құрамалардан, бөлiмдер мен ұйымдардан өтеусiз және Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгiленген коммерциялық, банктiк және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi жария етуге қойылатын талаптарды сақтай отырып алу;
15) ұлттық қауiпсiздiк органдарының құзыретiне енетiн мәселелер жөнiнде жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдарды хабардар ету;
16) ұлттық қауiпсiздiк органдарының қызметiне қатысты архивтегi оперативтiк, тергеу және басқа да материалдарды сақтау мен пайдалануды жүзеге асыру;
17) ұлттық қауiпсiздiк органдары қызметкерлері мен әскери қызметшiлерiнiң жеке басын, олардың бөлiмшелерiнiң, үй-жайлары мен көлiк құралдарының ведомстволық қарастылығын шифрлау мақсатында әзірленуі және (немесе) ресімделуі бірлескен нормативтік құқықтық актілерде айқындалатын басқа мемлекеттік органдар мен ұйымдардың құжаттарын пайдалану;
17-1) басқа мемлекеттік органдар мен ұйымдарға ұлттық қауіпсіздік органдарына құжаттардың бланктері мен қызметтік куәліктерді, оларды толтыру үлгілерін беру туралы орындалуы міндетті сауалдарды жолдау;
18) ұлттық қауiпсiздiк органдарына жүктелген мiндеттердi орындау және аталған органдардың қызметiн қамтамасыз ету үшiн қажеттi ұйымдар мен бөлiмшелердi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен құру;
19) арнайы техникалық және өзге де құралдарды қоса алғанда, арнайы байланыс, қару-жарақ және жарақтандыру құралдарын әзiрлеу, жасау, сатып алу және пайдалану. Осы мақсаттарда Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарымен және ұйымдарымен, шет мемлекеттердiң арнаулы қызметтерiмен және ұйымдарымен шарттар, келісімшарттар жасасу;
20) Қазақстан Республикасының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету проблемалары жөнiнде ғылыми зерттеулер жүргiзу. Автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйелерi мен арнайы байланыс түрлерiнiң жүйелерiн әзiрлеу және жасау;
21) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен шет мемлекеттердiң арнаулы қызметтерi үшiн шарттық негiзде кадрлар даярлауды жүзеге асыру;
23) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру.
14-бап. 2012.13.02. № 553-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
15-бап. Берiлген құқықтарды iске асыру
Осы Заңда берiлген құқықтар тек ұлттық қауiпсiздiк органдарына жүктелген мiндеттердi шешу үшiн ғана пайдаланылады.
2012.13.02. № 553-IV ҚР Заңымен 3-1-тараумен толықтырылды
3-1-тарау. ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ОРГАНДАРЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ЖӘНЕ ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТШІЛЕРІНІҢ ДЕНЕ КҮШІН, АРНАЙЫ ҚҰРАЛДАРДЫ, ҚАРУ МЕН ЖАУЫНГЕРЛІК ТЕХНИКАНЫ ҚОЛДАНУЫ
15-1-бап. Дене күшін, арнайы құралдарды, қару мен жауынгерлік техниканы қолдану шарттары мен шектері
1. Ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілері қаруды, жауынгерлік техника мен арнайы құралдарды алып жүруге, сақтауға, қолдануға, сондай-ақ дене күшін қолдануға құқылы.
2. Олар арнайы дайындықтан, дене күшін, арнайы құралдар мен қаруды қолдануға байланысты жағдайлардағы іс-қимылдарға жарамдылығын мерзімді тексеруден өтуге міндетті.
3. Қажетті қорғаныс және аса қажеттілік жағдайларында немесе қылмыс жасаған адамды ұстау кезінде ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкері немесе әскери қызметшісі өзінде қажетті арнайы құралдары немесе қаруы болмаса, қолына түскен кез-келген құралдарды пайдалануға, сондай-ақ осы Заңда белгіленген негіздер бойынша және тәртіппен қарулануға алынбаған басқа қаруды қолдануға құқылы.
4. Егер қорғану күзетілетін адамдарға, басқа азаматтарға, күзетілетін объектілерге немесе ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкеріне немесе әскери қызметшісіне өзіне қастандық жасалудың сипатына және қауіптілігіне сай келетін болса, ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкері мен әскери қызметшісі заңдарда көзделген жағдайларда дене күшін, арнайы құралдар, қару және жауынгерлік техниканы қолдануға байланысты келтірілген моральдық, материалдық зиян және дене зақымы үшін жауапты болмайды.
5. Ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің дене күшін, арнайы құралдарды, қару мен жауынгерлік техниканы өкілеттілігін асыра қолдануы заңда белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
6. Терроризмге қарсы операциялар жүргізу аймағында терроризмге қарсы операцияларға қатысушы ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің террористерге қатысты дене күшін, жауынгерлік және басқа да техниканы, қаруды және арнайы құралдарды, оның ішінде қызметтік жануарларды осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген ескертусіз және шектеусіз қолдануға құқығы бар.
15-2-бап. Дене күшін қолдану
1. Ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің азаматтардың өміріне, денсаулығына, құқықтарына, бостандығына, жеке абыройына, оның және мемлекеттің меншігіне және қорғалатын мүдделеріне қол сұғатын қылмыстар мен әкімшілік құқық бұзушылықтардың жолын кесу, қоғамға қауіпті әрекет жасаған адамдарды ұстау үшін, егер күш қолданбау тәсілдері сыртқы барлау органына жүктелген міндеттерді орындауды қамтамасыз етпесе, құқық бұзушылықтардың сипаты мен нақты жағдайды, заңды талаптарға қарсы іс-қимылды еңсеруді ескере отырып, дене күшiн, оның iшiнде жауынгерлiк күрес тәсiлдерiн қолдануға құқығы бар.
2. Ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкері мен әскери қызметшісінің осы Заңда арнайы құралдарды немесе қаруды қолдану рұқсат етілген барлық жағдайларда дене күшiн қолдануға құқығы бар.
15-3-бап. Арнайы құралдарды қолдану
1. Ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілері қарулануға алынған арнайы құралдарды мынадай жағдайларда:
1) азаматтарға және күзетілетін адамдарға жасалған шабуылды тойтару үшін;
2) ұлттық қауіпсіздік органдары күзететін ғимараттарға, құрылыстарға, үй-жайларға басқа да объектілер мен көлiк құралдарына жасалған шабуылды тойтару үшін, сол сияқты оларды басып алған жағдайларда осы объектілер мен құралдарды азат ету үшін;
3) қылмысты анықтау және алдын алу үшін;
4) заңсыз қару, оқ-дәрі, жарылғыш, улы және радиоактивті заттары бар адамдарды қарусыздандыру үшін;
5) ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлеріне немесе әскери қызметшілеріне, олардың отбасыларының мүшелерiне не күзет іс-шараларын қамтамасыз етуге тартылған басқа адамдарға жасалған шабуылды тойтару үшін;
6) құқық бұзушыларды, ұлттық қауіпсіздік органдарының немесе құқық қорғау органдарының әскери қызметшілеріне немесе қызметкерлеріне өздерiне жүктелген қызметтік мiндеттердi атқаруға қарсылық көрсететін немесе қасақана кедергі келтіретін адамдарды ұстау үшін;
7) егер ұсталған, қамауға алынған адамдар, сондай-ақ сотталған, күдiктi және айыпталушы адамдар қашып кетуi немесе айналасындағыларға немесе өзiнің денсаулығына зиян келтіруі мүмкін деп пайымдауға жеткілікті негіздер болса, оларды күзетпен апару және күзету кезінде, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерінiң немесе әскери қызметшілерінің өздерiне заңмен жүктелген мiндеттердi жүзеге асыруына кедергі келтіретін адамдарға қатысты;
8) кепілге алынған адамдарды босату, азаматтардың, күзетілетін адамдар мен объектілердің өміріне, денсаулығына, құқықтарына, бостандығына, жеке басының абыройы мен меншігіне қол сұғатын жаппай тәртіпсіздіктің, топтық іс-әрекеттердің жолын кесу үшін;
9) егер басқа тәсілдермен күзетілетін адамдар үшін нақты қауіпті тойтару мүмкін болмаса, жүргізушісі ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерінiң немесе әскери қызметшісінің тоқтау туралы талабын орындамаған көлік құралын тоқтату үшін;
10) қажеттi қорғаныс және аса қажеттілік жағдайларында қолдануға құқылы.
2. Ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерінiң немесе әскери қызметшілерінің, азаматтар мен күзетілетін адамдардың өмiрi мен денсаулығына қауiп төндiретiн шабуыл, топтасқан шабуыл жасаған не қарулы қарсылық көрсеткен жағдайларды қоспағанда, күзетілетін адамға қарата, сондай-ақ жүктілік белгілері анық білінетін әйелдерге, мүгедектiк белгiлерi анық бiлiнетін адамдарға және жас балаларға қатысты арнаулы құралдарды қолдануға тыйым салынады.
3. Ұлттық қауіпсіздік органдары қолданатын арнайы құралдардың тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
15-4-бап. Қару қолдану және жауынгерлік техниканы пайдалану
1. Ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерінiң немесе әскери қызметшілерінің қару мен жауынгерлiк техниканы соңғы шара ретiнде мынадай жағдайларда:
1) азаматтарға, күзетiлетiн адамдарға, сондай-ақ күзету ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлеріне немесе әскери қызметшілеріне тапсырылған басқа да адамдарға жасалған шабуылды тойтару үшiн;
2) ұлттық қауіпсіздік органдары күзететiн ғимараттарға, құрылыстарға, үй-жайлар мен басқа да объектiлерге және көлiк құралдарына жасалған шабуылды тойтару үшін;
3) ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлеріне немесе әскери қызметшілеріне, олардың отбасы мүшелерiне, осы орган күзет іс-шараларын қамтамасыз етуге тартқан басқа да адамдарға жасалған шабуылды тойтару үшiн, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздік органдарының қаруын, көлік құралын, арнайы және жауынгерлік техникасын тартып алу әрекеттерінің жолын кесу үшін;
4) азаматтарды қылмыстық қол сұғудан қорғау, сондай-ақ кепiлге алынған адамдарды, басып алынған күзетiлетiн объектiлердi, ғимараттарды және арнаулы жүктердi азат ету үшiн;
5) қылмыс жасау кезiнде үстiнен түскен не тiкелей қылмыс жасағаннан кейiн қарулы қарсылық көрсеткен адамдарды, сондай-ақ өзіндегі қаруды, оқ-дәріні, жарылғыш, улы және радиоактивті заттарды тапсыру туралы заңды талапты орындаудан бас тартқан қарулы адамды ұстау үшiн;
6) сыртқы белгілері мен іс-әрекеттерінің жиынтығы басқа азаматтардың, күзетілетін адамдардың және ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің немесе әскери қызметшілерінің өмірі мен денсаулығына төндіретін нақты қауіптің болуын айғақтайтын адамдарды оқшаулау және ұстау үшін;
7) қылмыс жасады деп күдік келтірілетін және айыпталатын адамдардың қамауда отырған жерден қашуының немесе қылмыс жасады деген күдікпен ұсталған адамдардың, оларға қатысты қамауға алу түріндегі жаза қолданылған, бас бостандығынан айыруға сотталған адамдардың күзеттен қашуының, сондай-ақ аталған адамдарды күшпен босатуға ұмтылудың жолын кесу үшін;
8) егер жүргiзушiсi күзетiлетiн адамдардың өмiрi мен денсаулығына нақты қауіп тудырса және ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерінің немесе әскери қызметшісінің тоқтау туралы талабы бойынша тоқтаудан бас тартса, көлiк құралын тоқтату үшiн;
9) жануарлардың шабуылынан қорғану үшiн;
10) дабыл белгісін беру немесе көмекке шақыру үшін;
11) қажетті қорғаныс және аса қажеттілік жағдайларында қолдануға құқығы бар.
2. Азаматтардың, ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерінiң немесе әскери қызметшілерінің және күзетілетін адамдардың өмiрi мен денсаулығына нақты қауiп төндiретiн, сондай-ақ олар қарулы шабуыл жасаған, қарулы қарсылық көрсеткен, топпен шабуыл жасаған, кепілге адамдарды, объектілерді, көлік құралдарын, оның ішінде әуе кемелерін алған жағдайларды қоспағанда, күзетілетін адамға қарата, сондай-ақ әйелдерге, мүгедектiк белгiлерi анық бiлiнетін адамдарға және кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты қару қолдануға тыйым салынады.
3. Ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлері немесе әскери қызметшілері қару қолданған барлық жағдайларда айналадағы азаматтардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету және зардап шеккендерге кезек күттірмейтін медициналық көмек көрсету үшiн қажеттi шараларды қолдануға, қару қолданғаны туралы тікелей бастығына баяндауға мiндеттi.
4. Адамдардың өліміне немесе өзге де ауыр салдарларға әкеп соққан қару, арнайы құралдар, дене күшін қолданудың әрбір жағдайы туралы жиырма төрт сағат ішінде прокурорға хабарланады.
5. Ұлттық қауіпсіздік органдарының қарулануға алынған қарудың, жауынгерлiк техниканың түрлері мен ұрыс оқ-дәрiлері жиынтығының тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
4-тарау. Ұлттық қауiпсiздiк органдарының кадрлары және олардың құқықтық жағдайы
ҚР 05.04.99 ж. № 360-1; 21.03.02 ж. № 309-II Заңдарымен; 2011.10.01. № 383-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 16-бап өзгертілді; 2012.13.02. № 553-IV ҚР Заңымен 16-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
16-бап. Ұлттық қауіпсіздік органдарының кадрлар құрамы
1. Ұлттық қауіпсіздік органдарының кадрларын қызметкерлер, әскери қызметшілер және жұмыскерлер құрайды.
2. Ұлттық қауіпсіздік органдарына қызметке жасы он сегiзге толған, бірақ заңдарда белгіленген атақтар бойынша шекті жастан аспаған, қажетті жеке, моральдық және кәсіби қасиеттері, білім деңгейі, денсаулық жағдайы бар және дене бітімі дамыған Қазақстан Республикасының азаматтары ерікті негізде қабылданады.
3. Ұлттық қауіпсіздік органдарының штаттық санының лимитін Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
Ұлттық қауiпсiздiк органдары, сондай-ақ Ұлттық қауiпсiздiк комитетiне ведомстволық бағыныстағы мемлекеттiк мекемелер қызметкерлері, әскери қызметшілері және жұмыскерлерінің штат санын Қазақстан Республикасының Президентi бекiткен ұлттық қауiпсiздiк органдары штат санының лимитi шегінде Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Төрағасы белгiлейдi.
ҚР 21.03.02 ж. № 309-II; 2007.22.05. № 255-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен; 2007.27.07. № 320-III ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.06.01. № 379-IV ҚР Заңымен 17-бап өзгертілді; 2012.13.02. № 553-IV ҚР Заңымен 17-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
17-бап. Ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлері және әскери қызметшілері
1. Ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлері қызметін «Арнаулы мемлекеттік органдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес өткереді.
Ұлттық қауіпсіздік органдарының әскери қызметшілері әскери қызметін «Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 7, 14 - 19, 22, 24, 29 - 37-баптарында, 5, 7 және 9-тарауларында көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, әскери қызмет өткеру туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өткереді.
2. Әскери қарсы барлау органдары Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінен, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарынан ауыстырылған әскери қызметшілерден жасақталуы мүмкін.
3. Мемлекеттiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi шешу үшiн ұлттық қауiпсiздiк органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілері белгiленген тәртiппен арнаулы мемлекеттік органдарда қызметте және мерзімді әскери қызметте қалдырыла отырып, басшыларының келiсiмiмен мемлекеттiк органдарға, сондай-ақ ұйымдарға iссапарға жiберiлуi мүмкiн.
4. Қызметкерлер ұлттық қауiпсiздiк органдарында арнайы есепте тұрады.
Ұлттық қауіпсіздік органдарының офицерлік құрамы мен солдаттар, матростар, сержанттар мен старшиналар лауазымдарында келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілері ұлттық қауіпсіздік органдарының кадрларында, қолданыстағы резервте немесе запаста тұрады.
5. Ұлттық қауіпсіздік органдарының қолданыстағы резервіне қызметкерлерді және әскери қызметшілерді қабылдау және олардың қызметті өткеру тәртібін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы белгілейді.
ҚР 21.03.02 ж. № 309-II; 2007.22.05. № 255-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 18-бап өзгертілді; 2012.13.02. № 553-IV ҚР Заңымен 18-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
18-бап. Ұлттық қауiпсiздiк органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің құқықтық жағдайы
1. Ұлттық қауiпсiздiк органдарының қызметкерлерi мен әскери қызметшілері мемлекеттiң қорғауында болады.
2. Ұлттық қауiпсiздiк органдары қызметкерлерінің немесе әскери қызметшілерінің заңды талаптары азаматтардың, лауазымды адамдардың және ұйымдардың орындауы үшiн мiндеттi. Ұлттық қауiпсiздiк органдары қызметкерлерінің немесе әскери қызметшілерінің заңды талаптарын орындамау, оларды қорлау, қарсылық көрсету, күш көрсетумен қорқыту немесе олардың өмiрiне, денсаулығына, ар-намысы мен абыройына, мүлкiне қол сұғу, оларға жүктелген мiндеттердiң орындалуына кедергi келтiретiн, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің немесе әскери қызметшілерінің қызметтік міндеттері мен қызметтік борышын орындауларына байланысты олардың отбасы мүшелерінің, жақын туыстарының өмiрiне, денсаулығына, ар-намысына, абыройы мен мүлкiне қол сұғу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
Ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерінің немесе әскери қызметшісінің денсаулығына және мүлкіне келтірілген залал, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерінің немесе әскери қызметшісінің қызметтік міндеттерін орындауына байланысты олардың отбасы мүшелерінің және жақын туыстарының денсаулығына және мүлкіне келтірілген залал бюджет қаражатынан толық көлемде өтеліп, кейіннен бұл сома залал келтірген адамнан өндіріп алынады. Залалды өтеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
3. Шет мемлекеттердiң арнаулы қызметтерi мен ұйымдарында, қылмыстық топтарда тапсырмалар орындап жүрген (орындаған) ұлттық қауiпсiздiк органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілері туралы мәлiметтер мемлекеттiк құпияларды құрайды және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда ғана жария етiлуi мүмкiн.
4. Ұлттық қауiпсiздiк органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілері партияларда, кәсiптiк одақтарда тұруға, қандай да бір саяси партияға қолдау көрсетуге тиiс емес.
5. Ұлттық қауiпсiздiк органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілері қылмыстар және өзге де құқық бұзушылықтар жасағаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
Ұлттық қауiпсiздiк органдарының әскери қызметшілерін әскери тәртiптi бұзғаны үшiн жауапқа тарту тәртiбi әскери жарғыларда белгiленедi. Ұлттық қауiпсiздiк органдарының қызметкерлерін тәртiп бұзғаны үшiн жауапқа тарту тәртiбi «Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгiленедi.
6. Мемлекет ұлттық қауiпсiздiк органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің әлеуметтiк қорғалуына кепiлдiк бередi.
ҚР 19.06.97 ж. № 134-I; 10.10.01 ж. № 247-II; 21.03.02 ж. № 309-II Заңдарымен 19-бап өзгертiлдi
19-бап. 2012.13.02. № 553-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
ҚР 10.10.01 ж. № 247-1; 21.03.02 ж. № 309-II Заңдарымен 20-бап өзгердi; 2011.22.07. № 479-ІV ҚР Заңымен 20-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2012.13.02. № 553-IV ҚР Заңымен 20-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
20-бап. Ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілерін әлеуметтік қорғау шаралары
1. Ұлттық қауiпсiздiк органдары қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің шет мемлекеттердiң арнаулы қызметтерi мен ұйымдарында, қылмыстық топтарда тапсырмалар орындаған уақыты Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен зейнетақы тағайындау, әскери немесе арнаулы атақ беру және лауазымдық жалақы есептеу үшiн жеңiлдiкпен есептеле отырып, еңбек сіңірген жылдарына жатқызылады.
2. Комитет Төрағасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетi белгiлеген тәртiппен ұлттық қауiпсiздiк органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің жекелеген санаттарына арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке және әскери қызметке алынғанға дейiнгi еңбек қызметiнiң өтілін еңбек сiңiрген жылдарына есептеуi мүмкiн.
3. Ұлттық қауiпсiздiк органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшiлерi және олардың отбасы мүшелерi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен медициналық және санаториялық-курорттық қызметтi пайдаланады.
4. Ұлттық қауiпсiздiк органдарының қызметкері немесе әскери қызметшiсi қызметтiк мiндеттерiн немесе кәсiби парызын орындау кезінде қаза тапқан жағдайда қаза тапқан адамның отбасының ол қаза тапқан күннен бастап бiр жылдан кешiктiрмей Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасында белгiленген шарттармен және тәртiппен мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға құқығы бар.
ҚР 21.03.02 ж. № 309-II Заңдарымен 21-бап өзгертілді; 2007.15.05. № 253-III ҚР Заңымен 21-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2012.13.02. № 553-IV ҚР Заңымен 21-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
21-бап. Ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлері
1. Ұлттық қауiпсiздiк органдары қызметкерлерiнiң еңбек жағдайлары Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі және Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасымен реттеледi.
2. Ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлерін әлеуметтік қорғау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қамтамасыз етіледі.
ҚР 21.03.02 ж. № 309-II Заңдарымен 22-бап өзгертілді
22-бап. Ұлттық қауiпсiздiк органдары үшiн кадрлар даярлау
1. Ұлттық қауiпсiздiк органдары үшiн кадрлар даярлау, қайта даярлау және олардың біліктiлiгiн арттыру Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Кадрларды кәсiби даярлауды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің шешiмiмен тиiстi оқу орындары құрылады.
5 Тарау. Қорытынды және өтпелi ережелер
22.12.98 ж. № 327-1; 21.03.02 ж. № 309-II; 2004.20.12. № 13-III (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен; 2012.13.02. № 553-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 23-бап өзгертілді
23-бап. Ұлттық қауiпсiздiк органдарын қамтамасыз ету
1. Ұлттық қауiпсiздiк органдарын қаржыландыру, материалдық-техникалық және әлеуметтiк-тұрмыстық қамтамасыз ету бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
2. Темiр жол, су және әуе көлiктерiнде, сондай-ақ тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын қорғаныс және стратегиялық объектiлерде қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге қатысатын ұлттық қауiпсiздiк органдарының бөлiмшелерi, сол сияқты бұларды ұстау мен пайдалану жөнiндегi шығыстарды көтеретін тиiстi органдар мен ұйымдардың есебiнен жабдықталған, оның iшiнде байланыс құралдарымен жабдықталған қызметтiк үй-жайлармен, сондай-ақ жол жүру үшiн бiр жылдық қызметтiк билеттермен қамтамасыз етiледi. Әскери қарсы барлау органдары сонымен бiрге автокөлiкпен, жанар-жағармай материалдарымен, қару-жарақпен және тұрмыс-тiршiлiгі үшiн қажеттi басқа да мүлiкпен, сондай-ақ тұрғын үймен және әкімшілік үйлердің күзетімен осы мақсаттар үшін Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарына бөлінетін бюджет қаражаты есебінен қамтамасыз етiледi.
24-бап. Ұлттық қауiпсiздiк органдарының қызметiне бақылау жасау
1. Ұлттық қауiпсiздiк органдарының қызметiне бақылауды Қазақстан Республикасының Президентi жүзеге асырады.
2. Ведомстволық бақылауды ұйымдастыру және жүзеге асыру Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Төрағасына жүктеледi.
2012.13.02. № 553-IV ҚР Заңымен 25-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
25-бап. Ұлттық қауiпсiздiк органдарының қызметiн прокурорлық қадағалау