Бұл ретте қоғамның жай акцияларын иеленуші акционердің жай акцияларды немесе қоғамның жай акцияларына айырбасталатын басқа да бағалы қағаздарды басымдықпен сатып алуға құқығы бар, ал қоғамның артықшылықты акцияларын иеленушi акционердің қоғамның артықшылықты акцияларын басымдықпен сатып алуға құқығы бар.
Акционер басымдықпен сатып алу құқығы бойынша сатып алынатын акциялардың немесе қоғамның жай акцияларына айырбасталатын басқа да бағалы қағаздардың ақысын төлеуді оларды сатып алуға өтінім берген күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде жүзеге асырады. Қоғамның жарғысымен акциялардың ақысын төлеудің өзге де мерзімі көзделуі мүмкін, ол акциялар орналастырыла бастаған күннен бастап күнтізбелік тоқсан күннен аспауға тиіс.
2. Жарияланған акцияларды орналастыруға, сондай-ақ бұрын сатып алынған акцияларды өткізуге ниетi бар қаржы ұйымы уәкілетті органның талабы бойынша пруденциялық және Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген өзге де нормалар мен лимиттерді орындау мақсатында акцияларды орналастыру туралы шешiм қабылдаған күннен бастап бес жұмыс күні iшiнде өз акционерлерiне жазбаша хабарлама жiберу немесе бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау арқылы бағалы қағаздарды өздерiнде бар акциялар санына барабар тең жағдайларда бағалы қағаздарды орналастыру (өткiзу) туралы шешiм қабылдаған қоғамның органы белгiлеген орналастыру (өткiзу) бағасы бойынша сатып алуды ұсынуға мiндеттi. Акционер қоғамның акцияларды орналастыру (өткiзу) туралы хабарлаған күнінен бастап бес жұмыс күні iшiнде акцияларды не қоғамның акцияларына айырбасталатын өзге де бағалы қағаздарды басымдықпен сатып алу құқығына сәйкес сатып алуға өтiнiм беруге құқылы.
Қаржы ұйымының басымдықпен сатып алу құқығы бойынша сатып алынатын акцияларына ақы төлеуді акционер оларды сатып алуға өтінім берген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жүзеге асырады. Акциялардың немесе қоғамның жай акцияларына айырбасталатын басқа да бағалы қағаздардың ақысын төлемеген жағдайда аталған мерзім аяқталғаннан кейін өтінім жарамсыз болып есептеледі.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында белгіленген басымдықпен сатып алу құқығы бойынша сатып алынатын акциялардың немесе қоғамның жай акцияларына айырбасталатын басқа да бағалы қағаздардың ақысын төлеу мерзімдері бойынша талаптар Қазақстан Республикасының Үкіметі республикалық мемлекеттік меншікке иелік етуге уәкілеттік берген мемлекеттік органның акцияларды сатып алу жағдайларына қолданылмайды.
Қазақстан Республикасының Үкіметі республикалық мемлекеттік меншікке иелік етуге уәкілеттік берген мемлекеттік орган басымдықпен сатып алу құқығы бойынша сатып алатын акциялардың немесе қоғамның жай акцияларына айырбасталатын басқа да бағалы қағаздардың ақысын төлеуді оларды сатып алуға өтінім берген күннен бастап он екі ай ішінде жүзеге асырады.
4. Акциялардың немесе қоғамның жай акцияларына айырбасталатын басқа да бағалы қағаздардың осы баптың 1, 2 және 3-тармақтарында белгіленген мерзім өткенге дейін ақысын төлемеген жағдайда өтінім жарамсыз болып саналады.
5. Қоғам акционерлерінің бағалы қағаздарды басымдықпен сатып алу құқығын іске асыру тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
6. Осы Заңның 83-бабында көзделген тәртіппен оған басқа қоғам қосылған кезде қоғамның акцияларын орналастыру (өткізу) кезінде қоғамның акционерлеріне басымдықпен сатып алу құқығы берілмейді.»;
«18-бап. Қоғамның акцияларын орналастыру
1. Қоғам өз акцияларының шығарылымы мемлекеттiк тiркеуден өткеннен кейiн акциялардың жарияланған мөлшерi шегiнде оларды бiр немесе бiрнеше орналастыру арқылы орналастыруға құқылы.
Қоғамның жарғысында осы мәселе акционерлердiң жалпы жиналысының құзыретiне жатқызылған жағдайды қоспағанда, қоғамның жарияланған акцияларының саны шегiнде оның акцияларын орналастыру туралы шешiмдi қоғамның директорлар кеңесi қабылдайды.
Акцияларды орналастыру акционерлердің акцияларды немесе қоғамның жай акцияларына айырбасталатын басқа да бағалы қағаздарды басымдықпен сатып алу құқығын іске асыруы, бағалы қағаздардың ұйымдастырылмаған рыногында өткiзiлетiн жазылу немесе аукцион не бағалы қағаздардың ұйымдастырылған рыногында өткiзiлетiн жазылу немесе аукцион арқылы, сондай-ақ осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда қоғамның бағалы қағаздарын және (немесе) ақшалай міндеттемелерін қоғамның акцияларына айырбастау арқылы жүзеге асырылады.
2. Акционер артықшылықпен сатып алу құқығына сәйкес оған акцияны немесе қоғамның жай акцияларына айырбасталатын басқа да бағалы қағазды сатып алуға өтінім беру үшін берілген күнтізбелік отыз күннің ішінде акцияны немесе қоғамның жай акцияларына айырбасталатын басқа да бағалы қағазды иеліктен айырған кезде, егер бұрынғы меншік иесі мұндай өтініш бермеген жағдайда бұл құқық акцияның немесе қоғамның жай акцияларына айырбасталатын басқа да бағалы қағаздың жаңа меншік иесіне өтеді.
3. Акцияларды орналастыру туралы шешім қабылдаған қоғамның органы осы орналастыру үшін белгілеген акцияларды орналастыру бағасы осы акциялардың сатылуы мүмкін ең төменгі бағасы болып табылады.
Акционерлер акцияларды басымдықпен сатып алу құқығына сәйкес қоғамның орналастыру туралы шешiм қабылдаған органы белгiлеген осы акциялардың бiрыңғай ең төменгі орналастыру бағасы бойынша сатып алады.
Қоғамның акциялары осы орналастыру шегiнде акцияларды жазылу арқылы сатып алатын барлық тұлғалар үшiн бiрыңғай баға бойынша сатылуға тиiс.
4. Қоғамның уәкілетті органы орналастырылатын акциялардың санын ұлғайту және (немесе) басымдықпен сатып алу құқығын іске асыру шеңберінде акционерлерге ұсынылған бағаны азайту арқылы жарияланған акцияларды орналастыру туралы бұрын қабылданған шешiмнің талаптарын өзгерту туралы шешімді қабылдаған жағдайда, қоғам акционерлерге осы акцияларды басымдықпен сатып алу құқығын қайта ұсынады.»;
17-тармақтың 8) тармақшасы 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
8) 19-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Қоғам акцияларын ұстаушылардың тiзiлiмдер жүйесiн жүргiзудi тіркеуші ғана жүзеге асыра алады.»;
9) 20 және 21-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
«20-бап. Қоғам акцияларын орналастыру қорытындылары туралы есеп
1. Қоғам уәкілетті органға:
қоғамның жарияланған акцияларын толық орналастырғанға дейін не оларды толық орналастырғаннан кейін әрбір алты айдың (есепті жарты жылдық аяқталғаннан кейін бір ай ішінде) қорытындылары бойынша өз акцияларын орналастыру қорытындылары туралы есептерді;
қоғамның орналастырылған акцияларының бір түрін осы қоғам акцияларының басқа түріне айырбастаған жағдайда акцияларды айырбастау рәсімдерін аяқтағаннан кейін бір ай ішінде өз акцияларын орналастыру қорытындылары туралы есептерге өзгерістер мен толықтыруларды беруге міндетті.
2. Акцияларды орналастыру қорытындылары туралы есептің және оған өзгерістер мен толықтырулардың мазмұнын және оларды табыс ету тәртібін, сондай-ақ осы есепті қарау және бекіту тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
21-бап. Қоғамның орналастырылатын акцияларына төлем жасау
1. Осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, қоғамның орналастырылатын акцияларына төлем жасауға ақша, мүліктік құқықтар (оның ішінде зияткерлік меншік объектілеріне құқықтар) және өзге де мүлік енгізілуі мүмкін.
Ақшадан басқа, өзге де мүлікпен (бағалы қағаздан басқа) төлем жасау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берілген лицензия негізінде әрекет ететін бағалаушы айқындайтын баға бойынша жүзеге асырылады.
Қор биржасындағы айналыста болатын және қоғамның орналастырылатын акцияларына төлем жасауға берілетін бағалы қағаздардың құнын бағалау қор биржасының қаржы құралдарының бағалау әдістемесіне сәйкес жүргізіледі. Осындай бағалы қағаздарды аталған әдіс бойынша бағалауға мүмкіндік болмаған не акцияларға төлем жасауға салынатын бағалы қағаздардың түріне қатысты әдістеме болмаған жағдайда олардың құнын бағалауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берілген лицензия негізінде әрекет ететін бағалаушы жүргізеді.
2. Егер қоғамның орналастырылатын акцияларына төлем жасауға мүлікті пайдалану құқығы енгізілсе, мұндай құқықты бағалау осы мүлікті пайдалануға төленетін ақының мөлшері негізге алына отырып, қоғамның оны пайдаланған бүкіл мерзіміне жүргізіледі. Аталған мерзім аяқталғанға дейін қоғам акционерлері жалпы жиналысының келісімінсіз мұндай мүлікті алып қоюға тыйым салынады.
3. Акцияларды орналастырған кезде қоғамға:
1) орналастырылатын акцияларды сатып алуға;
2) шарттарында (шығару шарттарында) эмитент орналастырылған акцияларын эмитенттің сатып алу құқығы немесе міндеті көзделетін шарттар жасасуға (туынды бағалы қағазды сатып алуға) тыйым салынады.»;
10) 24-баптың 1-тармағының бірінші бөлігіндегі «Осы Заңның 22-бабының 5-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, қоғамның» деген сөздер «Қоғамның» деген сөзбен ауыстырылсын;
11) 25-бапта:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Бағалы қағаздардың қайталама рыногында қоғамның дауыс беретін акцияларының отыз немесе одан көп пайызын дербес немесе өзінің үлестес тұлғаларымен бірлесе отырып сатып алғысы келетін не дауыс беретін акциялардың өзге санын сатып алу нәтижесінде осы тұлғаға дербес немесе өзінің үлестес тұлғаларымен бірлесе отырып қоғамның дауыс беретін акцияларының отыз немесе одан көп пайызы тиесілі болатын тұлға бұл туралы қоғамға және уәкілетті органға ол белгілеген тәртіппен хабарлама жіберуге міндетті. Хабарламада сатып алынатын акциялардың саны, болжамды сатып алу бағасы туралы мәліметтер және уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерімен белгіленген өзге де мәліметтер болуға тиіс.»;
3-тармақтың бірінші бөлігі «сатып алған» деген сөздерден кейін «не дауыс беретін акциялардың өзге санын сатып алу нәтижесінде осы тұлғаға дербес немесе оның үлестес тұлғаларымен бірлесіп, қоғамның дауыс беретін акцияларының отыз немесе одан көп пайызы тиесілі болатын» деген сөздермен толықтырылсын;
12) 26-бапта:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Орналастырылған акцияларды сатып алу оларды кейіннен сату мақсатында немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына және қоғамның жарғысына қайшы келмейтін өзге де мақсаттарда қоғамның бастамасы бойынша акционердiң келiсiмiмен жүргізілуі мүмкін.
Орналастырылған акцияларды қоғамның бастамасы бойынша сатып алу қоғам акцияларды қор биржасында ашық сауда-саттық әдісімен сатып алған жағдайларды қоспағанда, қоғамның оларды сатып алған кезінде акциялардың құнын айқындаудың осы Заңда белгіленген тәртіппен бекітілген әдістемесіне сәйкес жүргізіледі.»;
3-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«2) акцияларды құрылтайшылар арасында орналастыру қорытындылары туралы бірінші есеп бекітілгенге дейін;»;
13) 27-бапта:
1-тармақтың 2) тармақшасындағы «және қоғамның» деген сөздер «және (немесе) қоғамның» деген сөздермен ауыстырылсын;
1-1-тармақ «қоғамның акцияларды» деген сөздерден кейін «ұйымдастырылмаған бағалы қағаздар рыногында» деген сөздермен толықтырылсын;
14) 28-баптың 1-тармағының 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«1) орналастырылған акцияларды акционердің талап етуі бойынша сатып алған кезде:
акционерлердің жалпы жиналысында осы Заңның 27-бабы 1-тармағының 1), 1-1) және 3) тармақшаларында көрсетілген шешімдер қабылданған;
сауда-саттықты ұйымдастырушы қоғам акцияларының делистингі туралы шешім қабылдаған;
оның жасалуында қоғамның мүддесі бар ірі мәміле және (немесе) мәміле жасасу туралы шешім қабылданған күнгі жағдай бойынша;»;
15) 30-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«30-бап. Эмитенттің бағалы қағаздарын және өзге де ақшалай міндеттемелерін қоғамның жай акцияларына айырбастау
1. Қоғам өзінің жарғысында айырбасталатын бағалы қағаздарды шығару мүмкiндiгi көзделген жағдайда ғана мұндай шығаруға құқылы.
Акционерлiк қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған коммерциялық емес ұйымдардың айырбасталатын бағалы қағаздарды шығаруға құқығы жоқ.
2. Қоғамның акцияларға айырбасталатын бағалы қағаздарын шығаруға қоғамның жарияланған және орналастырылған акциялары арасындағы айырма шегiнде жол берiледi.
3. Қоғамның бағалы қағаздарын айырбастау шарттары, мерзімдері мен тәртiбi айырбасталатын бағалы қағаздарды шығару проспектiсiнде көрсетiледi.
4. Қоғамның бағалы қағаздарын және кредиторлар алдындағы өзге де ақшалай міндеттемелерін оның жай акцияларына айырбастау мынадай құжаттардың бірінің:
1) қоғамның жай акцияларына айырбасталатын бағалы қағаздар шығару проспектісі;
2) Қазақстан Республикасының банктер және банк қызметі туралы заңнамасында көзделген тәртіппен қабылданған банкті қайта құрылымдау жоспары;
3) егер қоғам дәрменсіз борышкер болып табылса, Қазақстан Республикасының банкроттық туралы заңнамасында көзделген тәртіппен қабылданған оңалту жоспары негізінде жүзеге асырылады.
5. Егер бұрын қоғамның жай акцияларына айырбасталатын бағалы қағаздарды орналастырған кезде акционерлерге осы бағалы қағаздарды басымдықпен сатып алу құқығы берілсе, осы бағалы қағаздар шығару проспектісі негізінде бағалы қағаздарды қоғамның жай акцияларына айырбастау кезінде қоғамның акционерлеріне акцияларды басымдықпен сатып алу құқығы беріледі.
6. Бағалы қағаздар банктің активтері мен міндеттемелерін қайта құрылымдау рәсімі аясында немесе қоғамның оңалту процесінде қоғам акцияларына айырбасталатын жағдайда, егер қоғам дәрменсіз борышкер болып табылса, басымдықпен сатып алу құқығы акцияларын бағалы қағаздарды және (немесе) қоғамның ақшалай міндеттемелерін оның акцияларына айырбастау арқылы орналастырған кезде банктің (қоғамның) акционерлеріне берілмейді.
7. Қоғам бағалы қағаздарды қоғамның жай акцияларына айырбастауға, осындай айырбастау нәтижесінде жай акцияларды сатып алатын тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде тиісті қызмет түрлерін жүзеге асыратын қоғам акционерлеріне (акцияларды сатып алуды жоспарлайтын тұлғаларға) қатысты белгіленген талаптарды орындаған жағдайда құқылы.
Уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде көзделген жағдайларда бағалы қағаздарды қоғамның жай акцияларына айырбастауға тыйым салынады.»;
16) мынадай мазмұндағы 30-1-баппен толықтырылсын:
«30-1-бап. Қоғамның орналастырылған акцияларының бір түрін осы қоғамның акцияларының басқа түріне айырбастау
1. Қоғамның жарғысында және акцияларды шығару проспектісінде айырбастау мүмкіндігі көзделген жағдайда ғана қоғамның орналастырылған акцияларының бір түрін осы қоғам акцияларының басқа түріне айырбастауды жүзеге асыруға құқылы.
2. Қоғамның орналастырылған акцияларының бір түрін осы қоғам акцияларының басқа түріне айырбастаудың шарттары, мерзімдері және тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде және акцияларды шығару проспектісінде белгіленеді.»;
17) 33-баптың 1-тармағының 4) тармақшасындағы «және қоғам» деген сөздер «және (немесе) қоғам» деген сөздермен ауыстырылсын;
18) 34-1-баптың 1-тармағының бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Екінші деңгейдегі банктерді қоспағанда (Қазақстанның Даму Банкінен және Қазақстанның Тұрғын үй құрылысы жинақ банкінен басқа), ұлттық басқарушы холдингтің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың және акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке, ұлттық компанияға тікелей немесе жанама түрде тиесілі ұйымдардың тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуы Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алудың үлгі қағидалары негізінде жүзеге асырылады.»;
19) 35-баптың 1-тармағында:
үшінші бөліктегі «шақырылуы және өткізілуі мүмкін» деген сөздер «екі ай ішінде шақырылуға және өткізілуге тиіс» деген сөздермен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы төртінші бөлікпен толықтырылсын:
«Акционерлердің бірінші жалпы жиналысында қоғамның директорлар кеңесі сайланады.»;
4-тармақтың екінші сөйлеміндегі «және қоғамның» деген сөздер «және (немесе) қоғамның» деген сөздермен ауыстырылсын;
20) 36-бапта:
1-тармақта:
мынадай мазмұндағы 3-2) және 3-3) тармақшалармен толықтырылсын:
«3-2) қоғамның жай акцияларына айырбасталатын бағалы қағаздарды шығару туралы шешім қабылдау;
3-3) орналастырылған акциялардың бір түрін акциялардың басқа түріне айырбастау туралы шешім қабылдау, мұндай айырбастаудың шарттары мен тәртібін айқындау;»;
5) тармақшадағы «сыйақы төлеудің мөлшері мен талаптарын» деген сөздер «олардың өз міндеттерін атқарғаны үшін сыйақы төлеудің және шығыстарын өтеудің мөлшері мен шарттарын» деген сөздермен ауыстырылсын;
9) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«9) қоғамның жай акциялары бойынша дивидендтер төлемеу туралы шешім қабылдау;»;
10) тармақшадағы «беру арқылы қоғамның өзге заңды тұлғаларды құруға немесе олардың қызметіне қатысуы» деген сөздер «беру (алу) арқылы қоғамның өзге де заңды тұлғаларды құруға немесе олардың қызметіне қатысуы не өзге де заңды тұлғалардың қатысушылары (акционерлері) құрамынан шығуы» деген сөздермен ауыстырылсын;
14) тармақша «осы Заңға сәйкес» деген сөздерден кейін «ұйымдастырылмаған нарықта» деген сөздермен толықтырылсын;
18) тармақшадағы «және қоғам» деген сөздер «және (немесе) қоғамның» деген сөздермен ауыстырылсын;
2-тармақта:
бірінші бөлік «3)» деген цифрдан кейін «және 14)» деген сөздермен толықтырылсын;
екінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«Егер осы Заңда және (немесе) қоғам жарғысында өзгеше белгіленбесе, акционерлердің жалпы жиналысының өзге мәселелер бойынша шешімдері қоғамның дауыс беруге қатысушы дауыс беретін акцияларының жалпы санының жай көпшілік дауысымен қабылданады. Бұл ретте, қоғамның жарғысында өзге мәселелер бойынша шешімдер қабылдауға қажетті көп дауыс саны ғана көзделуі мүмкін.»;
үшінші бөлік алып тасталсын;
21) 41-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Акционерлерге («алтын акцияның» иесіне) алда жалпы жиналыс өткізілетіні туралы жиналыс өткізілетін күннен - күнтізбелік отыз күн бұрын, ал сырттай немесе аралас дауыс беру жағдайында күнтізбелік қырық бес күн бұрын хабарлануға тиіс.
Қаржы ұйымы болып табылатын қоғам акционерлерінің, уәкілетті органның талабы бойынша пруденциялық және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де нормалар мен лимиттерді орындау мақсатында күн тәртібіне қоғамның жарияланған акцияларының санын ұлғайту туралы мәселе енгізілген жалпы жиналысы өткізілген жағдайда, акционерлерге («алтын акцияның» иесіне) алда жалпы жиналыс өткізілетіні туралы жиналыс өткізілетін күннен - он жұмыс күнінен бұрын, ал сырттай немесе аралас дауыс беру жағдайында он бес жұмыс күнінен бұрын хабарлануы тиіс.»;
22) 44-баптың 2-тармағының екінші бөлігіндегі «3-тармағында» деген сөздер «2-тармағының 3) тармақшасындағы» деген сөздермен ауыстырылсын;
23) 46-баптың 2-тармағының бірінші бөлігіндегі «оның алқалы органдары мүшелерінің,» деген сөздер «қоғамның алқалы органдары мүшелерінің, сондай-ақ» деген сөздермен ауыстырылсын;
24) 47-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«47-бап. Акционерлердің жалпы жиналысындағы өкілдік
1. Акционер жеке өзі немесе өз өкілі арқылы акционерлердің жалпы жиналысына қатысуға және қаралатын мәселелер бойынша дауыс беруге құқылы.
Қоғамның атқарушы органы мүшелерінің акционерлердің жалпы жиналысында акционерлердің өкілдері ретінде сөз сөйлеуге құқығы жоқ.
Мұндай өкілдік акционерлердің жалпы жиналысының күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша дауыс беру туралы нақты нұсқаулары бар сенімхатқа негізделген жағдайларды қоспағанда, қоғам қызметкерлерінің акционерлердің жалпы жиналысында акционерлердің өкілдері ретінде сөз сөйлеуге құқығы жоқ.
2. Қазақстан Республикасының заңнамасына немесе шартқа сәйкес акционердің атынан сенімхатсыз әрекет етуге немесе оның мүддесін білдіруге құқығы бар тұлға үшін акционерлердің жалпы жиналысына қатысуға және қаралатын мәселелер бойынша дауыс беруге сенімхат талап етілмейді.»;
25) 49-бап мынадай мазмұндағы 7-1-тармақпен толықтырылсын:
«7-1. Егер акционерлердің жалпы жиналысы сырттай дауыс беру арқылы өткізілген жағдайда тиісті түрде толтырылған бюллетеньдер барлық акционерлерден дауыстарды санау белгіленген күннен бұрын келіп түскен болса, онда дауыстарды уақытынан ертерек күні санауға жол беріледі, бұл дауыс беру қорытындылары туралы хаттамада көрсетіледі.»;
26) 51-бапта:
3-тармақтағы «қоғамның мұрағатына сақтауға тапсырылады» деген сөздер «қоғамда сақталады» деген сөздермен ауыстырылсын;
6-тармақтың бірінші бөлігіндегі «он» деген сөз «күнтізбелік он бес» деген сөздермен ауыстырылсын;
27) 52-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Акционерлердің жалпы жиналысының хаттамасына:
1) акционерлердің жалпы жиналысының төрағасы (төралқа мүшелері) мен хатшысы;
2) есеп комиссиясының мүшелері;
3) қоғамның дауыс беретін акцияларының он немесе одан көп пайызын иеленетін және акционерлердің жалпы жиналысына қатысқан акционерлер қол қоюға тиіс.
Хаттамаға қол қоюға міндетті адамның қол қою мүмкіндігі болмаған жағдайда, өзіне берілген сенімхат негізінде оның өкілі не Қазақстан Республикасының заңнамасына немесе шартқа сәйкес акционердің атынан сенімхатсыз әрекет етуге немесе оның мүддесін білдіруге құқығы бар адам хаттамаға қол қояды.»;
28) 53-бапта:
1-тармақтағы «және қоғамның» деген сөздер «және (немесе) қоғамның» деген сөздермен ауыстырылсын;
2-тармақта:
бірінші абзацтағы «және қоғамның» деген сөздер «және (немесе) қоғамның» деген сөздермен ауыстырылсын;
1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«1) қоғам қызметінің басым бағыттарын және қоғамның даму стратегиясын айқындау немесе Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда қоғамның даму жоспарын бекіту;»;
мынадай мазмұндағы 5-1) тармақшамен толықтырылсын:
«5-1) директорлар кеңесінің комитеттері туралы ережелерді бекіту;»;
7) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«7) қоғамның облигацияларын және туынды бағалы қағаздарын шығару талаптарын айқындау, сондай-ақ оларды шығару туралы шешімдер қабылдау;»;
11) тармақша «аудиторлық ұйымның» деген сөздердің алдынан «қаржылық есептіліктің аудиті үшін» деген сөздермен толықтырылсын;
15) тармақшадағы «көп процентiн (жарғылық капиталға қатысу үлестерiн) сатып алу» деген сөздер «көп пайызын (жарғылық капиталға қатысу үлестерiн) сатып алу (иелігінен шығару)» деген сөздермен ауыстырылсын;
17) тармақша алып тасталсын;
20) тармақшадағы «және қоғамның» деген сөздер «және (немесе) қоғамның» деген сөздермен ауыстырылсын;
29) 53-1 және 54-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
«53-1-бап. Директорлар кеңесінің комитеттері
1. Аса маңызды мәселелерді қарау және директорлар кеңесіне ұсынымдар әзірлеу үшін қоғамда директорлар кеңесінің мынадай мәселелер жөніндегі комитеттері құрылады:
1) стратегиялық жоспарлау;
2) кадрлар және сыйақылар;
3) ішкі аудит;
4) әлеуметтік мәселелер.
Қоғамның ішкі құжаттарында директорлар кеңесінің өзге мәселелер жөніндегі комитеттерін құру көзделуі мүмкін.
2. Директорлар кеңесінің комитеттері директорлар кеңесінің мүшелерінен және нақты комитетте жұмыс істеу үшін қажетті кәсіби білімі бар сарапшылардан тұрады.
Директорлар кеңесінің комитетін директорлар кеңесінің мүшесі басқарады. Осы баптың 1-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген директорлар кеңесі комитеттерінің басшылары (төрағалары) тәуелсіз директорлар болып табылады.
Атқарушы органның басшысы директорлар кеңесі комитетінің төрағасы бола алмайды.
3. Директорлар кеңесі комитеттерін қалыптастыру және олардың жұмыс істеу тәртібі, сондай-ақ олардың сандық құрамы директорлар кеңесі бекітетін қоғамның ішкі құжатында белгіленеді.