24) 56-бапта:
1-тармақтың екінші сөйлемі мынадай редакцияда жазылсын:
«Лицензиядан айыру туралы ақпарат Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына тарайтын кемінде екі мерзімді баспасөз басылымында қазақ және орыс тілдерінде жарияланады.»;
5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«5. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының уақытша әкiмшiлiгінің (уақытша әкімшісінің) орындалған жұмыс туралы есебі бекітілу үшін уәкiлеттi органға ұсынылады.
Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының құжаттары мен мүлкін уақытша әкімшіліктен тарату комиссиясының төрағасына қабылдап алу-беру актісімен ресімделеді, ол төрт данада жасалады. Қабылдап алу-беру актісінің бір данасы - уәкілетті органға, екіншісі сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын тарату туралы шешімді қабылдаған сотқа жіберіледі.»;
25) 59-баптың 1-тармағының 4) тармақшасындағы «3» деген цифр «4» деген цифрмен ауыстырылсын;
26) 62-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«62-бап. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының және сақтандыру холдингінің өз еркімен қайта ұйымдастырылуы
1. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының (сақтандыру холдингінің) өз еркiмен қайта ұйымдастырылуы (бірігуі, қосылуы, бөлінуі, бөлініп шығуы, қайта құрылуы) осы Заңда және уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген ерекшелiктер ескерiле отырып, Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде көзделген тәртiппен жүргізіледі.
2. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының (сақтандыру холдингінің) өз еркiмен қайта ұйымдастырылуы уәкiлеттi органның рұқсаты болған кезде жүзеге асырылуы мүмкін.
Өз еркімен қайта ұйымдастырылуға рұқсат алған жағдайда сақтандыру қызметін жүзеге асырмайтын заңды тұлғаға бұрын берілген барлық лицензияларды сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы бір апта ішінде уәкілетті органға қайтарып беруге міндетті.
3. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының (сақтандыру холдингінің) өз еркiмен қайта ұйымдастырылуын жүргiзуге рұқсат алуға өтiнiш беру үшін осы сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы (сақтандыру холдингі) акционерлерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысы шешiмiнің болуы негiз болып табылады.
4. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының (сақтандыру холдингінің) өз еркiмен қайта ұйымдастырылуын жүргізуге уәкілетті органның рұқсатын алу туралы өтінішке мынадай құжаттар қоса берілуге тиіс:
1) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының (сақтандыру холдингінің) жоғары органының оны өз еркімен қайта ұйымдастыру туралы шешімі;
2) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының (сақтандыру холдингінің) өз еркімен қайта ұйымдастырылуының болжалды шарттарын, нысандарын, тәртібін және мерзімін сипаттайтын құжаттар;
3) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының (сақтандыру холдингінің) өз еркімен қайта ұйымдастырылуынан кейінгі және (немесе) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының (сақтандыру холдингінің) өз еркімен қайта ұйымдастырылуы нәтижесінде құрылатын заңды тұлғалардың есептік балансын қоса алғанда, өз еркімен қайта ұйымдастырылудың салдарына қаржылық болжам.
5. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының (сақтандыру холдингінің) өз еркiмен қайта ұйымдастырылуын жүргiзуге рұқсат алуға арналған өтiнiштi уәкiлеттi орган құжаттардың толық топтамасы табыс етiлген күннен бастап екі ай iшiнде қарауға тиiс.
6. Қайта ұйымдастырылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы (сақтандыру холдингі) уәкілетті органның қайта ұйымдастыруды өткізуге рұқсатын алған күннен бастап екі апта ішінде алдағы өзгерістер туралы өздерінің барлық сақтанушыларына тікелей хабарлау және тиісті хабарландыруды Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына тарайтын кемінде екі мерзімді баспасөз басылымында қазақ және орыс тілдерінде жариялау арқылы хабардар етуге міндетті.
7. Қайта ұйымдастырылу нәтижесінде құрылған заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу немесе қайта тіркеу Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес жүргізіледі.
8. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының (сақтандыру холдингінің) өз еркiмен қайта ұйымдастырылуына рұқсат беру не аталған рұқсатты беруден бас тарту тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
9. Осы баптың талаптары:
тізбесін уәкілетті орган белгілейтін рейтингтік агенттіктердің бірінің А рейтингінен төмен емес жеке кредиттік рейтингінің, сондай-ақ сақтандыру холдингі, сақтандыру холдингі белгілерін иеленуші тұлға шыққан елдің қаржылық қадағалау органының аталған Қазақстан Республикасының резиденті емес тұлғалар шоғырландырылған қадағалауға жататындығы туралы жазбаша растауының болуы;
тізбесін уәкілетті орган белгілейтін рейтингтік агенттіктердің бірінің А рейтингінен төмен, бірақ Қазақстан Республикасына берілген шетел валютасындағы тәуелсіз рейтингінен төмен емес жеке кредиттік рейтингінің, сондай-ақ уәкілетті орган мен шет мемлекеттің тиісті қадағалау органының арасында ақпарат алмасу туралы келісімнің болуы шарттарының бірі орындалған кезде сақтандыру холдингі, сақтандыру холдингі белгілерін иеленуші тұлға болып табылатын Қазақстан Республикасының резиденті еместерге қолданылмайды.»;
27) 63-баптың 1-тармағында:
бірінші абзац «ұйымының» деген сөзден кейін «(сақтандыру холдингінің)» деген сөздермен толықтырылсын;
мынадай мазмұндағы 2-1) және 2-2) тармақшалармен толықтырылсын:
«2-1) қайта ұйымдастырылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының (сақтандыру холдингтерінің) жоғары органдарының тиісті шешімдері болмаған;
2-2) болжалды қайта ұйымдастыру нәтижесінде Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының талаптары бұзылатын;»;
28) 67-баптың 1-тармағының екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының өз еркiмен таратылуына рұқсат беру не аталған рұқсатты беруден бас тарту тәртібі, сондай-ақ сақтандыру портфелін беру тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.»;
29) 68-баптың 1-тармағы 3) тармақшадағы «болмаған жағдайларда бас тартады.» деген сөздер «болмаған;» деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 4) және 5) тармақшалармен толықтырылсын:
«4) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының міндеттемелері бойынша есеп айырысу үшін оның қаражаты жетпеген;
5) сақтандыру портфелін басқа сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына беру жөнінде шаралар қолданылмаған жағдайларда бас тартады.»;
30) 69-бапта:
2-тармақтың 6) тармақшасы «басшы» деген сөзден кейін «, ал қажет болған кезде өзге де» деген сөздермен толықтырылсын;
мынадай мазмұндағы 3-1 және 3-2-тармақтармен толықтырылсын:
«3-1. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының бұрын жұмыс істеп тұрған органдарының өкілеттіктері тоқтатылады, басшы, ал қажет болған кезде өзге де қызметкерлері Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген тәртіппен жұмыстан босатылады.
3-2. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап осы баптың 2-тармағының 1) - 5) тармақшаларында көзделген салдарлар туындайды.»;
31) 70-бапта:
5-тармақ мынадай мазмұндағы төртінші бөлікпен толықтырылсын:
«Тарату комиссиясы тарату балансын және тарату туралы есепті бекіткеннен кейін күнтізбелік отыз күн ішінде оларды заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын әділет органына, ал аталған құжаттардың көшірмелерін уәкілетті органға табыс етуге міндетті.»;
мынадай мазмұндағы 7-тармақпен толықтырылсын:
«7. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қызметін тоқтатуды тіркегеннен кейін тарату комиссиясы бес жұмыс күні ішінде уәкілетті органға сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қызметін тоқтатуды тіркеу туралы бұйрықтың көшірмесін ұсынады.»;
32) 73-баптың 1-тармағының 5) тармақшасы «орындамаған жағдайда» деген сөздерден кейін «Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шараларды қолдануға, сондай-ақ» деген сөздермен толықтырылсын;
33) 74-1-бапта:
1-тармақ:
«аяқталғаннан кейін» деген сөздерден кейін «күнтізбелік» деген сөзбен толықтырылсын;
«түсіндірме жазбасын» деген сөздерден кейін «, сондай-ақ үлестес тұлғалармен мәмілелер туралы есепті» деген сөздермен толықтырылсын;
2-тармақта:
бірінші абзац «аяқталғаннан кейін» деген сөздерден кейін «күнтізбелік» деген сөзбен толықтырылсын;
3) және 4) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
«3) ұйымдардың жарғылық капиталдарындағы (акцияларындағы) өзіне тиесілі қатысу үлестері, сондай-ақ оларды сатып алу көздері туралы;
4) жақын туыстары, жұбайы (зайыбы) және жұбайының (зайыбының) жақын туыстары, сондай-ақ осы адамдар бақылау жасайтын ұйымдар туралы ақпаратты;»;
мынадай мазмұндағы 5) тармақшамен толықтырылсын:
«5) кірістер мен мүлік туралы мәліметтерді, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына ірі қатысушының салық органдарына ұсынатын жеке табыс салығы бойынша декларацияның көшірмесін қамтитын есептілікті табыс етуге тиіс.»;
3-тармақта:
1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«1) есепті тоқсаннан кейінгі күнтізбелік тоқсан күн ішінде тоқсан сайынғы шоғырландырылған қаржылық есептілік пен оған түсіндірме жазбаны және есепті тоқсаннан кейінгі күнтізбелік отыз күн ішінде тоқсан сайынғы шоғырландырылмаған қаржылық есептілік пен оған түсіндірме жазбаны;»;
2) тармақша «аяқталғаннан кейін» деген сөздерден кейін «күнтізбелік» деген сөзбен толықтырылсын;
2) тармақшадағы «түсіндірме жазбаны табыс етуге тиіс.» деген сөздер «түсіндірме жазбаны;» деген сөздермен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 3) тармақшамен толықтырылсын:
«3) үлестес тұлғалармен мәмілелер туралы тоқсан сайынғы есепті табыс етуге тиіс.»;
4-тармақта:
бірінші бөлікте:
2) тармақшада:
«сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ірі қатысушысы, сақтандыру холдингі» деген сөздер «ірі қатысушы (сақтандыру холдингі)» деген сөздермен ауыстырылсын;
«, сақтандыру тобының құрылымы туралы есеп» деген сөздермен толықтырылсын;
3) тармақшадағы «мәліметтер көрсетілуге тиіс.» деген сөздер «мәліметтер;» деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 4) тармақшамен толықтырылсын:
«4) сақтандыру тобының меншікті капиталының он немесе одан көп пайызын құрайтын үшінші тұлғалардың (адамдар тобының) алдындағы сақтандыру тобының барлық міндеттемелері туралы есебі көрсетілуге тиіс.»;
екінші бөлікте:
«осы баптың 4-тармағында» деген сөздер «осы тармақта» деген сөздермен ауыстырылсын;
«есепті тоқсаннан кейінгі» деген сөздерден кейін «күнтізбелік» деген сөзбен толықтырылсын;
екінші бөлік «кезден бастап» деген сөздерден кейін «күнтізбелік» деген сөзбен толықтырылсын;
5-тармақ алып тасталсын;
6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«6. Қазақстан Республикасының резиденті емес сақтандыру холдингі қаржы жылы аяқталғаннан кейін күнтізбелік бір жүз сексен күн ішінде уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінің талаптарына сәйкес уәкілетті органға жылдық қаржылық есептілікті ұсынуға тиіс.
Жеке тұлға болып табылатын Қазақстан Республикасының резиденті емес сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына ірі қатысушыға осы баптың 1-тармағының талаптары қолданылады.
Заңды тұлға болып табылатын Қазақстан Республикасының резиденті емес сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына ірі қатысушыға осы тармаққа сәйкес Қазақстан Республикасының резиденті емес сақтандыру холдингіне қатысты көзделген талаптар қолданылады.»;
7-тармақ алып тасталсын;
34) 76-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«76-бап. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы, сақтандыру брокері және сақтандыру холдингі қызметінің негізгі көрсеткіштерін жариялау
Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы және сақтандыру брокері - жылдық шоғырландырылған қаржылық есептілікті, ал еншілес ұйымы (ұйымдары) болмаған жағдайда - жылдық шоғырландырылмаған қаржылық есептілікті және аудиторлық есепті оларда ұсынылған мәліметтердің дәйектілігін тәуелсіз аудиторлық растаудан кейін және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы акционерлерінің жылдық жиналысы жылдық қаржылық есептілікті бекіткеннен кейін уәкілетті орган белгілеген тәртіппен және мерзімде жариялайды.
Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес келетін бухгалтерлік балансты, пайдалар мен шығындар туралы есепті уәкілетті орган белгілеген тәртіппен және мерзімде, оларды аудиторлық растаусыз тоқсан сайын жариялайды.
Сақтандыру холдингтері - жылдық шоғырландырылған қаржылық есептілікті, ал еншілес ұйымы (ұйымдары) болмаған жағдайда -шоғырландырылмаған қаржылық есептілікті, сондай-ақ аудиторлық есепті уәкілетті орган белгілеген тәртіппен және мерзімде жариялайды.
Осы баптың талаптары сақтандыру холдингтері болып табылатын Қазақстан Республикасының резидент еместеріне қолданылмайды.»;
35) 79-баптың 1, 2, 3, 4 және 6-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Деректер базасын қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйым (бұдан әрі - ұйым) акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған коммерциялық емес ұйым болып табылады.
Ұйым көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру жөніндегі деректер базасын қалыптастыру мен жүргізуді осы Заң және Қазақстан Республикасының міндетті сақтандыру түрлері жөніндегі заңнамалық актілері негізінде жүзеге асырады.
2. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары және Ұлттық Банк ұйымның акционерлері болып табылады.
Акционер Ұлттық Банк болып табылатын жағдайды қоспағанда, ұйымның әрбір акционерінің үлесі оның үлестес тұлғаларымен бірлесіп, ұйымның орналастырылған (сатып алынғандарды шегере отырып) акцияларының жалпы санының бес пайызынан аспауы керек.
Ұлттық Банктің үлесі ұйымның дауыс беретін акцияларының жалпы санының кемінде жиырма бес пайызын құрайды.
Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген жағдайларды қоспағанда, ұйымның әрбір акционері «бір акция - бір дауыс» қағидаты бойынша дауыс береді.
3. Қазақстан Республикасының акционерлік қоғамдар туралы заңнамасымен директорлар кеңесінің құзыретіне жатқызылған мәселелерден басқа, ұйымның директорлар кеңесінің құзыретіне мынадай мәселелер жатады:
1) ұйымның жылдық бюджетін бекіту;
2) ұйымның резервтік және өзге де қорларын пайдалану;
3) ұйымға төленуге тиісті жарналардың мөлшерлемесін бекіту.
Ұйымның директорлар кеңесінің құрамына тұрақты негізде дауыс беру құқығымен уәкілетті органның өкілі кіреді.
4. Уәкілетті орган сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының ұйымға төленуге тиісті жарналарының мөлшерлемесін келіседі.
Ұйымға қойылатын осы Заңда белгіленген талаптарды орындау үшін сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының ұйымға төлеуге тиіс жарналары мөлшерлемесінің жеткіліксіздігі оны келісуден уәкілетті органның бас тартуы үшін негіз болып табылады.
Уәкілетті орган сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары төлеуге тиіс жарналар мөлшерлемесін келісуден бас тартқан жағдайда оның мөлшерін уәкілетті орган айқындайды.»;
«6. Ұйым өз қызметінде:
1) ақпараттық жүйелерді, деректер базасын қауіпсіз орналастыру және пайдалану үшін онда техникалық және өзге де үй-жайлардың болуы;
2) деректер базасын және ақпараттық жүйелерді қорғау құралдарын орналастыру үшін аталған ақпараттық жүйелерді қалыптастыру және пайдалану кезінде сертификатталған жабдық пен бағдарламалық қамтамасыз етуді қолдануға;
3) ұйым өз қызметінде пайдаланатын ақпараттық, коммуникациялық жүйелер мен технологияларды қоса алғанда, ұйымды бағдарламалық-техникалық қамтамасыз етудің жыл сайынғы аудитін жүргізуге;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында және (немесе) ақпарат беру туралы және (немесе) сақтандыру есептерін алу туралы шарттарда белгіленген өзге де талаптарды сақтауға міндетті.»;
36) 80-баптың 1-тармағындағы «және уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде» деген сөздер алып тасталсын;
37) 85-баптың үшінші бөлігіндегі «79-бабы 1-тармағының» деген сөздер «79-бабының» деген сөздермен ауыстырылсын.
15. «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» 2001 жылғы 16 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2001 ж., № 1, 8-құжат; № 24, 338-құжат; 2003 ж., № 11, 56-құжат; 2004 ж., № 5, 30-құжат; № 10, 56-құжат; 2005 ж., № 13, 53-құжат; 2006 ж., № 8, 45-құжат; № 15, 95-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; № 9, 67-құжат; № 17, 141-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 7, 28-құжат; 2011 ж., № 2, 21-құжат; № 5, 43-құжат; 2011 жылғы 15 қазанда «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2011 жылғы 11 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңы):
1) 13-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:
«Жеке меншік қор құрылтайшысының (құрылтайшыларының) құқықтары, егер ол құрылтай құжаттарында көзделген жағдайда, мұраның құрамына кіргізілуі мүмкін.»;
2) 16-баптың 4-тармағы екінші бөлігінің 2) тармақшасындағы «қайта құрылуы жағдайларына қолданылмайды.» деген сөздер «қайта құрылуы;» деген сөздермен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 3) тармақшамен толықтырылсын:
«3) Қазақстан Республикасының кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы заңнамасына сәйкес құрылған кредиттік бюролардың қайта құрылуы жағдайларына қолданылмайды.».
16. «Қазақстанның Даму Банкі туралы» 2001 жылғы 25 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2001 ж., № 9, 85-құжат; 2003 ж., № 11, 56-құжат; № 12, 83-құжат; № 15, 139-құжат; 2004 ж., № 15, 85-құжат; № 23, 140, 142-құжаттар; 2005 ж., № 11, 37-құжат; № 23, 105-құжат; 2006 ж., № 8, 45-құжат; № 16, 99-құжат; 2009 ж., № 2-3, 18-құжат; 2010 ж., № 7, 29-құжат):
1) 6-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«6-бап. Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының
Даму Банкімен өзара қарым-қатынасы
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өкілеттіктер шегінде банктерді, банк конгломераттарын және резервтік талаптарды пруденциялық реттеу, басшы қызметкерлердің келісуі, активтерді, шартты міндеттемелерді жіктеу және оларға қарсы провизиялар (резервтер) құру мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерді қоспағанда, Даму Банкінің Қазақстан Республикасының қаржы ұйымдарының қызметін реттейтін заңнамасын, тәуекелдерді басқару мен ішкі бақылау жүйесін қалыптастыру тәртібіне қойылатын талаптарды орындауын бақылауды жүзеге асырады.
2. Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк органдардың және олардың лауазымды адамдарының Даму Банкiнiң қызметiне кез келген нысанда араласуына тыйым салынады.»;
2) 17-бап алып тасталсын.
17. «Акционерлік қоғамдар туралы» 2003 жылғы 13 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2003 ж., № 10, 55-құжат; № 21-22, 160-құжат; 2004 ж., № 23, 140-құжат; 2005 ж., № 14, 58-құжат; 2006 ж., № 10, 52-құжат; № 16, 99-құжат; 2007 ж., № 4, 28, 33-құжаттар; № 9, 67-құжат; № 20, 153-құжат; 2008 ж., № 13-14, 56-құжат; № 17-18, 72-құжат; № 21, 97-құжат; 2009 ж., № 2-3, 18-құжат; № 17, 81-құжат; № 24, 133-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; 2011 ж., № 2, 21-құжат; № 3, 32-құжат; № 5, 43-құжат; № 6, 50-құжат):
1) 1-бапта:
1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«1) айқын басым көпшілік - кемінде төрттен үш бөлігі мөлшеріндегі көпшілік;»;
2) тармақшадағы «айырбасталуға» деген сөз «ауыстыруға» деген сөзбен ауыстырылсын;
12) тармақшадағы «не» деген сөз «және (немесе)» деген сөздермен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы 12-1) тармақшамен толықтырылсын:
«12-1) корпоративтік оқиғалар - акционерлік қоғамның қызметіне елеулі ықпал ететін, осы Заңның 79-бабында айқындалған акционерлік қоғамның акционерлері мен инвесторларының мүдделерін қозғайтын оқиғалар;»;
17-тармақтың 1) тармақшасының сегізінші абзацы 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
15) тармақша алып тасталсын;
20) тармақшадағы «осы акционерлік қоғамның аудиторы» деген сөздер «осы акционерлік қоғам органдарының отырысында акционердің өкілі» деген сөздермен ауыстырылсын;
2) 4-1-бап мынадай мазмұндағы 2-1-тармақпен толықтырылсын:
«2-1. Жария компанияның корпоративтік интернет-ресурсында мынадай құжаттар ашық орналастырылуға тиіс:
1) жария компанияның жарғысы;
2) корпоративтік басқару кодексі;
3) соңғы екі қаржы жылының аудиторлық есептермен расталған жылдық қаржылық есептіліктері (жаңадан құрылған жария компанияларды қоспағанда);
4) корпоративтік басқару мәселелерін регламенттейтін, оның ішінде директорлар кеңесінің және оның комитеттерінің қызметін, корпоративтік хатшының қызметін, сондай-ақ жария компанияның аудитін жүргізу мәселелерін регламенттейтін өзге де ішкі құжаттар.
Осы тармақта аталған құжаттарды жария компания Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасына сәйкес айқындалған қаржылық есептілік депозитарийінің интернет-ресурсында да орналастыруы мүмкін.»;
3) 6-баптың 2-тармағында:
4-1) тармақшадағы «айырбастауға» деген сөз «ауыстыруға» деген сөзбен ауыстырылсын;
6) тармақша алып тасталсын;
4) 9-бапта:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Қоғамның жарғысы қоғамның заңды тұлға ретіндегі құқықтық мәртебесін айқындайтын құжат болып табылады. Акционерлердің жалпы жиналысы уәкілеттік берген адам қол қоятын, жарғыға Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен ресімделген өзгерiстер мен толықтыруларды (оның ішінде жарғының жаңа редакциясы түрінде жазылғандарды) қоспағанда, қоғам жарғысына құрылтайшылар (жалғыз құрылтайшы) не оның өкiлдерi (өкiлi) қол қоюға тиiс. Қоғамның жарғысын, сондай-ақ оған енгiзiлетiн барлық өзгерiстер мен толықтыруларды нотариат куәландыруға тиiс.»;
2-тармақта:
мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:
«3-1) оларға қатысты «алтын акция» (ол болған кезде) иесінің вето құқығы белгіленген мәселелер, сондай-ақ «алтын акция» иесінің тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде);»;
7) тармақшадағы «құралының» деген сөз «құралдарының» деген сөзбен ауыстырылсын;
5) 13-бапта:
2-тармақтың екінші бөлігінде:
«Қоғамның» деген сөз «Орналастыру кезеңінде қоғамның» деген сөздермен ауыстырылсын;
«жарияланған» деген сөз «орналастырылған» деген сөзбен ауыстырылсын;
4-тармақта:
1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«1) қоғам акционерлерінің жалпы жиналысы ол бойынша шешім артықшылықты акцияларды иеленуші акционердің құқығын шектеуі мүмкін мәселені қараса, артықшылықты акция акционерге қоғамды басқаруға қатысу құқығын береді. Орналастырылған (сатып алынғандарын шегере отырып) артықшылықты акциялардың жалпы санының кемінде үштен екісі шектеу қоюға дауыс берген жағдайда ғана мұндай мәселе бойынша шешім қабылданды деп есептеледі.
Олар бойынша шешімдер қабылдау артықшылықты акцияларды иеленуші акционердің құқығын шектеуі мүмкін мәселелерге:
артықшылықты акциялар бойынша төленетін дивидендтердің мөлшерін азайту не мөлшерін есептеу тәртібін өзгерту;
артықшылықты акциялар бойынша дивидендтер төлеу тәртібін өзгерту;
артықшылықты акцияларды қоғамның жай акцияларына айырбастау туралы мәселелер жатады.»;
мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:
«1-1) қоғам акционерлерінің жалпы жиналысы қоғам артықшылықты акцияларды ұйымдастырылмаған рынокта осы Заңға сәйкес сатып алған кезде олардың құнын айқындау әдістемесіне (егер құрылтай жиналысы әдістемені бекітпесе, оны бекіту) өзгерістерді бекіту туралы мәселені қарайды;»;
6) 14-бапта:
1-тармақтың 1) тармақшасындағы «және» деген сөз «және (немесе)» деген сөздермен ауыстырылсын;
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Акционерлердің осы баптың 1 және 2-тармақтарында белгіленген құқықтарын шектеуге жол берілмейді.
Акционерлердің осы баптың 1-тармағында көзделген құқықтарынан басқа, қоғамның жарғысында акционерлердің қосымша құқықтары көзделуі мүмкін.»;
7) 16 және 18-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
«16-бап. Қоғамның бағалы қағаздарын басымдықпен сатып алу құқығы
1. Жарияланған акцияларды немесе қоғамның жай акцияларына айырбасталатын басқа да бағалы қағаздарды орналастыру, сондай-ақ бұрын сатып алынған аталған бағалы қағаздарды сату ниетi бар қоғам осы туралы шешiм қабылдаған күннен бастап күнтізбелік он күн iшiнде өз акционерлерiне жазбаша хабарлама жiберу немесе бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау арқылы бағалы қағаздарды өздерiнде бар акциялар санына барабар тең жағдайларда бағалы қағаздарды орналастыру (өткiзу) туралы шешiм қабылдаған қоғамның органы белгiлеген орналастыру (өткiзу) бағасы бойынша сатып алуды ұсынуға мiндеттi. Акционер қоғамның акцияларын орналастыру (өткiзу) туралы хабарлаған күнінен бастап күнтізбелік отыз күн iшiнде акцияларды не қоғамның акцияларына айырбасталатын өзге де бағалы қағаздарды басымдықпен сатып алу құқығына сәйкес сатып алуға өтiнiм беруге құқылы.