Өтінішке:
1) нысанасы біртектес өнеркәсіптік меншік объектілері болып табылатын, титулдық парақпен жабдықталған, өзгеге беру шартының төрт дана түпнұсқасы қоса беріледі. Шарттың әрбір данасы тігіледі, тігілген және нөмірленген парақтардың саны туралы жазба жасалған қағаз пломбамен бекітіледі, мөр бедерлемесі мен екі тараптың немесе соған уәкілеттік берілген екі тарап тұлғаларының не өтініш берушінің қолдары қойылады.
Өзгеге беру шарты түпнұсқаларының орнына шарттың нотариат куәландырған көшірмелері ұсынылуы мүмкін;
2) өтініш патенттік сенім білдірілген өкіл немесе өзге өкіл арқылы берілген жағдайда - сенімхат;
3) мемлекеттік бажды төлегенін растайтын құжат қоса беріледі.
Ұлттық өтініш берушілер жоғарыда көрсетілген құжаттардан басқа, қорғау құжаты немесе айрықша құқықтар иесінің басқару органдарының, құрылтайшылардың немесе акционерлердің жалпы жиналысының шарт жасасу және шартқа кәсіпорын басшысының қол қою өкілеттігін беру мәселесі бойынша шешімін ұсынады.
Өтiнiш және басқа да қажетті құжаттар қазақ және орыс тiлдерiнде ұсынылады. Шетелдiк есiмдер мен заңды тұлғалардың атаулары қазақ және орыс транслитерациясымен көрсетiлуге тиiс. Егер құжаттар басқа тілде ұсынылса, нотариат куәландырған қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасы өтінішке қоса беріледі.
Өтiнiш бiр өзгеге беру шартына қатысты болуға тиiс.
Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұратын жеке тұлғалар немесе шетелдiк заңды тұлғалар уәкілетті органға шарт құжаттарын өз атынан берген жағдайда, шартты тiркеуге байланысты құқықтарды Қазақстан Республикасының тiркелген патенттiк сенiм бiлдiрілген өкілдері арқылы жүзеге асырады.
Уақытша Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде жүрген оның азаматтары Қазақстан Республикасы аумағының шегiнде хат-хабар алмасуға арналған мекенжайын көрсеткен кезде шартты тiркеуге байланысты құқықты патенттiк сенiм бiлдiрілген өкілсіз жүзеге асыра алады.
7. Өтініш беруші тіркеуге арналған құжаттар тізбесін ұсынғаннан кейін сараптама жасау ұйымы өтініш келіп түскен күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде келіп түскен құжаттарға алдын ала сараптама жүргізеді, оның барысында қажетті құжаттардың болуы және оларға белгіленген талаптардың сақталуы тексеріледі, қорғалатын құжатты өзгеге беру шартының өтінішке қоса берілетін материалдарында сараптама жүргізуге ақы төленгенін растайтын құжат болмаған жағдайда, өтініш берушіге төлем есебі беріледі. Бұл жағдайда көрсетілген мерзім сараптама жасау ұйымына төлем келіп түскен күнінен бастап есептеледі.
Өзгеге беру шартының қарауға қабылданған материалдары бойынша жиырма күн мерзімде мәні бойынша сараптама жүргізіледі, оның барысында өзгеге беру шартының материалдарын Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес зерделеу жүргізіледі.
8. Жоюға болатын, өзгеге беру шартын тіркеуге кедергі жасайтын негіздер:
1) қорғау құжатын күшінде қалдыру үшін төлемнің жүргізілмеуі;
2) өзгеге беру шартында Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға қайшы келетiн ережелердiң болуы.
9. Құжаттарды ресімдеуге қойылатын талаптар бұзылған немесе осы баптың 8-тармағында көрсетілген өзгеге беру шартын тіркеуге кедергі жасайтын, бірақ жоюға болатын негіздер болған жағдайда сараптама жасау ұйымы сауал жіберілген күннен бастап үш ай мерзімде жетіспейтін немесе түзетілген құжаттарды беру немесе қажетті өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныспен өтініш берушіге сауал жібереді. Бұл жағдайда осы баптың 7-тармағында көрсетілген мәні бойынша сараптама жүргізу мерзімі жетіспейтін немесе түзетілген құжаттар ұсынылған күннен бастап есептеледі.
10. Мынадай негіздер болған:
1) соған қатысты шарт жасалатын қорғау құжатының қолданысы тоқтатылған;
2) сараптама жасау ұйымының сауалына үш ай ішінде уақтылы жауап қайтарылмаған;
3) қайтарылған жауапта барлық қажетті мәліметтер мен құжаттар болмаған кезде сараптама жасау ұйымы өзгеге беру шартын тіркеуден бас тарту туралы қорытынды шығарады.
Сараптама жасау ұйымы қорытынды шығарылғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде бас тарту себептерін көрсете отырып, осы қорытындыны уәкілетті органға жібереді.
11. Сараптама нәтижесi оң болған кезде сараптама жасау ұйымы бес жұмыс күні ішінде уәкілетті органға өзгеге беру шартын тiркеуге кедергi келтiретiн негiздердiң жоқтығы туралы қорытынды жiбередi.
Өзгеге беру шартын тiркеу туралы немесе тiркеуден бас тарту туралы шешiмдi уәкілетті орган сараптама жасау ұйымының қорытындысы түскен кезден бастап бес жұмыс күні ішінде қабылдайды.
12. Шартты тіркеу туралы шешім шығарылғаннан кейін уәкілетті орган:
1) соған қатысты шарт жасалатын өнеркәсiптiк меншiк объектiсiне қорғау құжатының қосымшасын ресiмдейдi;
2) шарттың титулдық парағына тiркеу күнiн және тiркеу нөмiрiн көрсете отырып, оның тiркелгенi туралы мөртабан соғады;
3) шарт туралы мәлiметтердi тiркелген шарттардың тiзiлiмiне енгізедi;
4) өтiнiште хат-хабар алмасу үшiн көрсетiлген мекенжай бойынша шарттың тiркелген екi данасын және қорғау құжатына қосымшаны жiбередi;
5) шартты тіркеу туралы мәліметтерді жариялау үшін шарттың бақылау данасын қорытындымен қоса сараптама жасау ұйымына жібереді.
Шарттың үшiншi және төртiншi даналары тиісті уәкілетті орган мен сараптама жасау ұйымында сақталады және бақылау даналары болып табылады.
Тіркелген шарттар бойынша сараптама жасау ұйымы тіркелген шарттар туралы мәліметтерді, атап айтқанда, шарттың тіркелген нөмірі мен күнін, шарт тараптарының атауын немесе толық мәліметтерін, шарттың мәнін, шарттың қолданылу мерзімін, шарттың қолданылу аумағын бюллетеньде жариялайды.
Кез келген тұлға тiркелген өзгеге беру шарттарының тiзiлiмiнен тiркелген өзгеге беру шарттары туралы мәлiметтерге қатысты үзінді көшiрменi ашық жариялау үшін алуы мүмкін.
Үшiншi тұлғаларды өзгеге беру шартының мәтiнiмен таныстыруға, сондай-ақ одан үзінді көшiрме алуға шарт тараптарының жазбаша келiсiмiмен ғана жол берiледi.
Уәкілетті орган сараптама жасау ұйымының қорытындысы негізінде өзгеге беру шартын тiркеуден бас тарту туралы шешiм шығарған жағдайда, қаралып отырған шарт бойынша құжаттар тiркеуден бас тарту туралы шешiммен бiрге өтiнiште көрсетiлген мекенжай бойынша қайтарылады.
13. Қорғау құжатын өзгеге беру шарты және оны алуға құқықты өзгеге беру шарты уәкілетті органда тiркелген күнінен бастап күшiне енедi.
14. Өнеркәсiптiк меншiк объектiсiне қорғау құжаты және (немесе) оны алу құқығы мұрагерлiк бойынша немесе құқықтық мирасқорлық тәртiбiмен берiледi.
15. Патент иеленушi қорғау құжатын күшiнде ұстау үшiн жыл сайын ақы төлеп тұруға мiндеттi.»;
7) 12-баптың 4) және 6) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:
«4) егер мұндай пайдаланудың мақсаты табыс алу болып табылмаса, мұндай құралдарды жеке, отбасылық, үйдегі немесе өзге де кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мұқтаждарды қанағаттандыру үшін қолдану;»;
«6) егер қорғалатын өнеркәсіптік меншік объектісі бар құралдарды Қазақстан Республикасының аумағына азаматтық айналымға тікелей патент иеленуші немесе патент иеленушінің рұқсатымен өзге тұлға бұрын енгізген болса, оларды Қазақстан Республикасының аумағына әкелу, қолдану, сатуға ұсыну, сату, өзге де азаматтық айналымға енгiзу немесе осы мақсаттарда сақтау.».
8) 14-бапта:
4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Өнертабысты, пайдалы модельдi, өнеркәсiптiк үлгiнi пайдалануға арналған лицензиялық шарт пен қосалқы лицензиялық шарт жазбаша нысанда жасалады және ол уәкiлеттi органда міндетті түрде тiркелуге жатады. Жазбаша нысанды немесе тiркеу туралы талапты сақтамау шарттың жарамсыздығына әкеп соғады.
Лицензиялық шартты тiркеу сараптама жасау ұйымы жүргізетін материалдарды сараптау нәтижелерi бойынша жүзеге асырылады.
Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, қосалқы лицензиялық шартты тiркеу тәртiбiне лицензиялық шартты тiркеу туралы ережелер қолданылады.»;
мынадай мазмұндағы 4-1 және 4-2-тармақтармен толықтырылсын:
«4-1. Лицензиялық шартты тіркеу үшін сараптама жасау ұйымына белгіленген нысандағы өтініш ұсынылады.
Өтінішке:
1) титулдық парақпен жабдықталған шарттың төрт дана түпнұсқасы қоса беріледі. Шарттың әрбір данасы тігіледі, тігілген және нөмірленген парақтардың саны туралы жазба жасалған қағаз пломбамен бекітіледі, мөр бедерлемесі мен екі тараптың немесе соған уәкілеттік берілген екі тарап тұлғаларының қолдары қойылады.
Материалдарды тіркеуге беру шартқа қол қойылған күннен бастап алты ай мерзімнен кешіктірілмей жүзеге асырылады.
Шарт түпнұсқаларының орнына шарттың нотариат куәландырған көшірмелері ұсынылуы мүмкін;
2) өтініш патенттік сенім білдірілген өкіл немесе өзге де өкіл арқылы берілген жағдайда - сенімхат;
3) мемлекеттік бажды төлегенін растайтын құжат қоса беріледі.
Ұлттық өтініш берушілер жоғарыда көрсетілген құжаттардан басқа, лицензиардың (қосалқы лицензиардың) басқару органдарының шарт жасасу және заңды тұлғаның атынан өтініш берілген жағдайда кәсіпорын басшысының қол қою өкілеттігін беру мәселесі жөніндегі шешімін ұсынады.
Өтiнiш және басқа да қажетті құжаттар қазақ және орыс тiлдерiнде ұсынылады. Шетелдiк есiмдер мен заңды тұлғалардың атаулары қазақ және орыс транслитерациясымен көрсетiлуге тиiс. Егер құжаттар басқа тілде ұсынылса, өтінішке олардың нотариат куәландырған қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасы қоса беріледі.
Өтiнiш бiр лицензиялық шартқа қатысты болуға тиiс.
Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұратын жеке тұлғалар немесе уәкілетті органға шарт материалдарын өз атынан беретін шетелдiк заңды тұлғалар шартты тiркеуге байланысты құқықтарды Қазақстан Республикасының тiркелген патенттiк сенiм бiлдiрілген өкілдері арқылы жүзеге асырады.
Уақытша Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде жүрген оның азаматтары Қазақстан Республикасы аумағының шегiнде хат-хабар алмасуға арналған мекенжайын көрсеткен жағдайда, шартты тiркеуге байланысты құқықтарды патенттiк сенiм бiлдiрілген өкілсіз жүзеге асырады.
4-2. Лицензиялық шартты тіркеген кезде осы Заңның 11-бабының 7-12-тармақтарында көзделген ережелер қолданылады.
Лицензиялық шарт (қосалқы лицензиялық шарт) уәкілетті органда тіркелген күнінен бастап күшіне енеді.»;
6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«6. Елдегі төтенше жағдайлар кезiнде Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн патент иеленушiнiң келiсiмiнсiз, бiрақ оны дереу хабардар етiп және оған мөлшерлес өтемақысын төлей отырып пайдалануға рұқсат етуге құқығы бар. Өтемақының мөлшерi туралы дауларды сот шешедi.»;
9) 16-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы екiншi бөлiкпен толықтырылсын:
«Өтiнiм электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат түрiнде берiлуi мүмкiн.»;
10) 17-баптың 4-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Өнертабысқа өтiнiмдi жасау, ресiмдеу және қарау, мәлiметтердi Қазақстан Республикасы өнертабыстарының мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзу, сондай-ақ қорғау құжатын беру тәртiбiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.»;
11) 18-баптың 4-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Пайдалы модельге өтiнiмдi жасау, ресiмдеу және қарау, мәлiметтердi Қазақстан Республикасының пайдалы модельдерінiң мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзу, сондай-ақ қорғау құжатын беру тәртiбiн уәкiлеттi орган белгілейді.»;
12) 19-баптың 4-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Өнеркәсiп үлгiсiне өтiнiмдi жасау, ресiмдеу және қарау, мәлiметтердi Қазақстан Республикасының өнеркәсiптік үлгiлерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзу, сондай-ақ қорғау құжатын беру тәртiбiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.»;
13) 20-баптың 5-тармағындағы «уәкiлеттi орган қорғау құжатын беру туралы шешiм қабылдаған күнге дейiн» деген сөздер «Қазақстан Республикасының тиiстi мемлекеттiк тiзiлiмiнде тiркелген күнге дейiн» деген сөздермен ауыстырылсын;
14) 22-баптың 7-тармағының үшiншi бөлiгiндегi «сараптамаға ақы төлеу» деген сөз «сараптама» деген сөзбен ауыстырылсын;
15) 22-1-бапта:
8-тармақтың бiрiншi бөлiгiнде:
«сатысында» деген сөзден кейiн «немесе патент иеленушiнiң инновациялық патент берiлгеннен кейiн» деген сөздермен толықтырылсын;
«өтiнiм берушi» деген сөздерден кейiн «немесе патент иеленушi» деген сөздермен толықтырылсын;
16) 23-баптың 2-тармағының үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Сараптама жасау ұйымының қорытындысы он күн мерзімде патент беру туралы шешiм қабылдау үшiн уәкiлеттi органға жiберiледi, бұл туралы (мұндай шешiм қабылданған жағдайда) өтiнiш беруші хабардар етіледі.
Сараптама жасау ұйымының қорытындысы негiзiнде уәкiлеттi орган он күн мерзімде пайдалы модельге патент беру не оны беруден бас тарту туралы шешiм шығарады.
Уәкiлеттi органның патент беру туралы шешiм қабылдағаны туралы хабарлама өтiнiш берушіге жiберiлген күннен бастап үш ай iшiнде өтiнiш беруші сараптама жасау ұйымына патент беруге және жариялауға дайындағаны үшiн тиiстi төлемді, сондай-ақ мемлекеттік бажды төлегенін растайтын құжатты ұсынады. Көрсетiлген құжаттар ұсынылмаған жағдайда төлем мерзімі үш ай ішінде қалпына келтірілуі мүмкін. Олай болмаған жағдайда өтiнiм қайтарып алынған болып есептеледi, өтiнiм бойынша iс жүргiзу тоқтатылады, бұл туралы өтiнiш беруші хабардар етіледі.»;
17) 24-бапта:
2-тармақтың бiрiншi бөлiгiнде:
«1)» деген цифрдан кейiн «, 2)» деген цифрмен толықтырылсын;
«бiрiншi бөлiгiнiң» деген сөздер алып тасталсын;
6-тармақ мынадай мазмұндағы үшiншi бөлiкпен толықтырылсын:
«Өтiнiш берушi сараптама жасау ұйымының терiс қорытындысына ол жiберiлген күннен бастап үш ай мерзiмде уәкiлеттi органға қарсылық беруге құқылы. Апелляциялық кеңес қарсылық түскен күнiнен бастап екi ай мерзiмде оны қарауға тиiс»;
18) 26-баптың 1-тармағының екінші сөйлемiндегi «жариялауы мүмкiн.» деген сөздер «жариялайды.» деген сөзбен ауыстырылсын;
19) 32-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«32-бап. Апелляциялық кеңес
1. Апелляциялық кеңес осы Заңның 22-бабының 10-тармағына, 22-1-бабының 6-тармағына, 23-бабының 3-тармағына және 29-бабының 2-тармағына сәйкес берiлетiн қарсылықтар бойынша дауларды сотқа дейiн қарау жөнiндегi уәкiлеттi органның бөлiмшесi болып табылады. Апелляциялық кеңес туралы ережені уәкілетті орган бекітеді.
2. Апелляциялық кеңеске мынадай:
1) өнертабысқа инновациялық патентті, өнертабысқа, пайдалы модельге, өнеркәсіптік үлгіге патентті беруден бас тарту туралы уәкілетті органның шешімдеріне (сараптама жасау ұйымының қорытындысына);
2) өнертабысқа инновациялық патентті, өнертабысқа, пайдалы модельге, өнеркәсіптік үлгіге патентті беруге қарсы қарсылықтар берілуі мүмкін.
Осы тармақтың 1) тармақшасында көзделген қарсылықты өтiнiш берушi немесе оның құқықтық мұрагерi тiкелей өзі не өкiл арқылы бере алады.
Осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген қарсылықты кез келген мүдделi тұлға тiкелей өзі не өкiл арқылы бере алады.
Қарсылық қазақ және орыс тілдерінде уәкілетті органға тiкелей берiледi немесе пошта арқылы жiберiледi. Қарсылыққа қоса берілетін материалдар қазақ және орыс тілдерінде ұсынылады. Егер қоса берілетін материалдар басқа тілде ұсынылса, онда қарсылыққа олардың қазақ және орыс тілдеріндегі нотариаттық түрде куәландырылған аудармасы қоса беріледі.
Егер қарсылық факсимильдiк байланыс немесе электрондық пошта арқылы берiлсе, ол осындай қарсылықты алған күннен бастап бiр айдан кешiктiрiлмей қағаз жеткізгіштегі түпнұсқасымен расталуға тиiс.
Қарсылық осы Заңда көрсетілген мерзiмдер iшiнде берiледi.
Осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетiлген қарсылықтарды берудiң өтiнiш берушi өткiзiп алған мерзімі дәлелдi себептер болған жағдайда және өтіп кеткен мерзімді қалпына келтіру төлемі туралы құжат ұсынылған жағдайда қалпына келтiрiлуi мүмкiн. Өткiзiп алған мерзiмдi қалпына келтiру туралы өтiнiштi өтiнiш берушi осы Заңда белгіленген мерзімдер ішінде беруi мүмкiн. Мұндай өтiнiш апелляциялық кеңеске қарсылықпен бiр мезгілде ұсынылады.
3. Қарсылықты патенттiк сенiм бiлдiрілген өкіл немесе өзге өкiл арқылы берген жағдайда, сенімхат қазақ және орыс тілдерінде беріледі, егер сенімхат басқа тілде (шетел тілінде) берілсе, онда ол қазақ және орыс тілдеріне аударылуға тиіс, сенімхаттың аудармасы нотариаттық түрде куәландырылады. Қарсылық материалдарына нотариат куәландырған сенімхаттың түпнұсқасы қоса беріледі немесе ол нотариат куәландырғанын растау үшін апелляциялық кеңестің хатшысына көшірмесімен бірге ұсынылады.
4. Берілген қарсылық апелляциялық кеңес алқасының отырысында осы Заңда көрсетілген мерзім ішінде қаралуға тиіс. Қарсылықты қарау мерзiмi қарсылықты берген тұлғаның, сондай-ақ патент иеленушінің өтiнiшi бойынша, бiрақ қарсылықты қарау үшiн белгiленген мерзiм аяқталған күннен бастап алты айдан асырмай ұзартылуы мүмкін.
5. Қарсылық берген тұлға, патент иеленуші апелляциялық кеңестің шешiмiне осы шешім шығарылған күннен бастап алты ай iшiнде сотқа шағым жасауға құқылы.»;
20) мынадай мазмұндағы 32-1 және 32-2-баптармен толықтырылсын:
«32-1-бап. Қарсылықты апелляциялық кеңесте қараудан бас тарту негіздері
1. Егер:
1) қарсылық Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес апелляциялық кеңесте қаралуға жатпаса;
2) қарсылыққа қол қойылмаса не оған қол қоюға өкiлеттiгi жоқ тұлға қол қойса;
3) қарсылық белгiленген мерзiмдi бұза отырып берiлсе және көрсетілген мерзiмдi ұзарту мен қалпына келтiру мүмкiндiгi жоқ болса;
4) өтiнiш берушi қарсылықты беруді ресiмдеуге, мазмұндауға және рәсiмдеуге қойылатын талаптарға қатысты кемшiлiктердi белгiленген мерзiмде жоймаса, қарсылықты қарауға қабылдаудан бас тартылады.
Көрсетілген мән-жайлар болған жағдайда, қарсылық берген тұлғаға алынған қарсылықты қарауға қабылдауға болмайтыны және ол берiлген жоқ деп есептелетiнi туралы хабарлама жiберiледi.
Қарсылық берген тұлға немесе оның өкiлi берiлген қарсылықты апелляциялық кеңес алқасының шешiмі жарияланғанға дейiн қайтарып алуы мүмкін.
32-2-бап. Қарсылықты апелляциялық кеңес алқасының отырысында қарау
1. Қарсылықты қарау құрамында кемінде бес мүшесi бар апелляциялық кеңес алқасында жүзеге асырылады. Дауды қарау басталған кезге дейiн апелляциялық кеңес алқасының дербес құрамының құпиялылығы қамтамасыз етiлуге тиiс.
Апелляциялық кеңес алқасының отырысына қорытынды ұсыну үшін ғылыми ұйымдардың өкілдері мен тиісті бейіндегі мамандар шақырылуы мүмкін.
2. Апелляциялық кеңес алқасы отырысты өткізу мерзімдерін мынадай жағдайларда:
1) қарсылықты қарауға қатысу құқығы бар тұлғалардың біреуі келмегендіктен, қарсылықты бұл отырыста қарау мүмкін болмағанда;
2) мәні бойынша шешім қабылдау үшін жетіспейтін қосымша құжаттарды (дәлелдемелерді) тараптардың ұсынуы қажет болғанда;
3) тараптардың өтініші бойынша кейінге қалдыруға құқылы.
3. Қарсылықты қарауға қатысушы тұлғалардың:
1) iс материалдарымен танысуға, олардан үзінді көшiрме жасауға, олардың көшiрмесiне тапсырыс беруге және оны алуға;
2) дәлелдемелер ұсынуға;
3) дәлелдемелердi зерттеуге қатысуға;
4) апелляциялық процеске қатысушыларға сұрақтар қоюға;
5) өтiнiш мәлімдеуге;
6) апелляциялық кеңес алқасының мүшелеріне ауызша және жазбаша түсiнiктер беруге;
7) қарсылықты қарау барысында туындаған барлық мәселелер бойынша өзiнiң дәлелдерi мен пайымдауларын ұсынуға;
8) iске қатысушы басқа тұлғалардың өтiнiштерiне, дәлелдерi мен пайымдауларына қарсылық бiлдiруге құқығы бар.
4. Дау мәнi бойынша шешiлген жағдайда апелляциялық кеңес алқасы шешiм шығарады.
Шешiм апелляциялық кеңес алқасы мүшелерiнiң жай көпшiлiк даусымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда апелляциялық кеңес алқасының отырысында төрағалық етушiнiң дауысы шешушi болып табылады.
Қарсылықты қарау нәтижелерi бойынша мынадай:
1) қарсылықты қанағаттандыру туралы;
2) қарсылықты iшiнара қанағаттандыру туралы;
3) қарсылықты қарау мерзімін кейінге қалдыру туралы;
4) қарсылықты қанағаттандырудан бас тарту туралы шешiм шығарылады.
5. Апелляциялық кеңес алқасы шешiм шығарылған күннен бастап он жұмыс күні iшiнде апелляциялық кеңестiң шешiмiн әзiрлейдi және тараптарға жiбередi. Апелляциялық кеңестiң шешiмi жазбаша нысанда баяндалады және ол кiрiспелiк, сипаттамалық, дәлелдемелiк және қарарлық бөлiктерден тұруға тиiс.
Апелляциялық кеңестiң шешiмiне апелляциялық кеңес алқасының барлық мүшелерi қол қояды.»;
21) 35-баптың екiншi бөлiгiндегi «жүргiзудi» деген сөзден кейiн «, қорғау құжаттарын өзгеге беру және оларды алуға құқықты өзгеге беру шарттарына, сондай-ақ лицензиялық шарттарға (қосалқы лицензиялық шарттарға) сараптама жүргiзудi» деген сөздермен толықтырылсын;
22) 36-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«36-бап. Патенттік сенім білдірілген өкілдер
1. Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын, жоғары бiлiмi және зияткерлiк меншiк саласында кемінде төрт жыл жұмыс өтілі бар, аттестаттаудан өткен және зияткерлік меншік саласындағы уәкілетті органда тiркелген Қазақстан Республикасының әрекетке қабiлеттi азаматы патенттiк сенiм білдірілген өкiл болуға құқылы.
Уәкілетті орган патенттік сенім білдірілген өкілдерге кандидаттарды аттестаттаудан өткізу үшін уәкілетті орган мен сараптама жасау ұйымының қызметкерлері арасынан аттестаттау комиссиясын құрады. Бұл ретте, аттестаттау комиссиясы мүшелерінің ең аз саны кемінде бес қызметкерден тұрады.
Уәкілетті орган патенттік сенім білдірілген өкілдерге кандидаттарды аттестаттауды кандидаттардан өтініштердің келіп түсуіне қарай жылына кемінде бір рет өткізеді.
Аттестаттау нәтижелері бойынша аттестаттау комиссиясы кандидатты аттестаттау не аттестаттаудан бас тарту туралы шешім шығарады. Аттестаттау комиссиясы шешімінің нысанын уәкілетті орган бекітеді.
Аттестаттау комиссиясы шешім шығарған кезден бастап үш ай ішінде мұндай шешімге сот тәртібімен шағым жасауға болады.
Патенттік сенім білдірілген өкілдерге аттестаттау емтиханын ойдағыдай тапсырған кандидатқа патенттік сенім білдірілген өкіл куәлігі беріледі, оның нысанын уәкілетті орган белгілейді.
Патенттiк сенiм білдірілген өкiлдерді аттестаттаудан өткізу кандидаттардан және оларға куәлік беру үшін Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленетін мемлекеттік баж алынады.
2. Патенттік сенiм білдірілген өкiлдерге кандидаттар аттестаттауына:
1) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға тыйым салынған адамдар;
2) уәкілетті органның және оның ведомстволық бағыныстағы ұйымдарының қызметкерлерi, сондай-ақ олардың жақын туыстары, жұбайы (зайыбы) болып табылатын адамдар;
3) қылмыс жасағаны үшін заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адамдар;
4) осы Заңға сәйкес патенттiк сенiм білдірілген өкiлдердің тiзiлiмінен шығарылған адамдар жiберiлмейдi.
3. Патенттік сенiм білдірілген өкілдің қызметі аттестаттау комиссиясының хаттамалық шешімімен:
1) патенттік сенім білдірілген өкілдің аттестаттау комиссиясына берген өтініші негізінде;
2) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тыйым салынатын адамдарға, оның ішінде уәкілетті органның және оның ведомстволық бағыныстағы ұйымдарының қызметкерлеріне жатқызу кезеңіне;
3) осы Заңның 36-2-бабы 1-тармағының 2) және 6) тармақшаларында және 5-тармағында көзделген мән-жайларды анықтау мақсатында тоқтатыла тұрады.
Осы тармақтың 3) тармақшасында көрсетілген жағдайда патенттік сенiм білдірілген өкілдің қызметі аттестаттау комиссиясы үш ай ішінде тиісті шешім қабылдағанға дейін тоқтатыла тұрады.
Патенттік сенiм білдірілген өкілдің қызметін тоқтата тұруға себеп болған негіздер жойылған жағдайда, оның қызметі аттестаттау комиссиясының хаттамалық шешімімен қайта жалғастырылады.
4. Патенттік сенiм білдірілген өкіл өтiнiш берушiнің немесе патент иеленушiнің өкілі ретінде зияткерлік меншік объектілерін құқықтық қорғау мәселелері бойынша уәкiлеттi органмен және сараптама жасау ұйымымен iс жүргiзуге байланысты қызметті жүзеге асырады. Уәкiлеттi органмен және сараптама жасау ұйымымен iс жүргiзудi өтініш беруші және (немесе) патент иеленуші дербес жүзеге асыра алады.
Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұратын жеке тұлғалар немесе шетелдiк заңды тұлғалар патенттiк сенiм білдірілген өкiлдер арқылы уәкiлеттi органда және оның ұйымдарында өтiнiш берушi, патент иеленуші ретіндегі өздерінің құқықтарын, сондай-ақ мүдделі тұлға ретіндегі құқықтарын жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын, бiрақ уақытша одан тыс жерде жүрген жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының шегiнде хат-хабар алмасу үшiн мекенжайын көрсеткен кезде патенттiк сенiм білдірілген өкiлсiз-ақ өтiнiш берушi, патент иеленушi ретіндегі өздерінің құқықтарын, сондай-ақ мүдделі тұлға ретіндегі құқықтарын жүзеге асыра алады.