Өтiнiш бiр тауар таңбасына құқықты беру туралы шартқа және лицензиялық шартқа қатысты болуға тиiс.
Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұратын жеке тұлғалар немесе уәкілетті органға шарт құжаттарын өз атынан беретін шетелдiк заңды тұлғалар шарттарды тiркеуге байланысты құқықтарды Қазақстан Республикасының тiркелген патенттiк сенiм бiлдiрілген өкілдері арқылы жүзеге асырады.
Уақытша Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде жүрген оның азаматтары Қазақстан Республикасы аумағының шегiнде хат-хабар алмасуға арналған мекенжайларын көрсеткен жағдайда, шарттарды тiркеуге байланысты құқықтарды патенттiк сенiм бiлдiрілген өкілдерсіз жүзеге асырады.
4. Өтініш беруші құжаттар тізбесін тіркеу үшін ұсынғаннан кейін сараптама жасау ұйымы өтініш келіп түскен күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде келіп түскен құжаттарға алдын ала сараптама жүргізеді, оның барысында қажетті құжаттардың болуы және оларға қойылған талаптардың сақталуы тексеріледі, өтінішке қоса берілетін шарт материалдарында сараптама жүргізуге ақы төленгенін растайтын құжат болмаған жағдайда, өтініш берушіге төлем шоты беріледі. Бұл жағдайда көрсетілген мерзімдер сараптама жасау ұйымына төлемнің түскен күнінен бастап есептеледі.
Тауар таңбасына құқықты беру туралы шарттың және лицензиялық шарттың қарауға қабылданған материалдары бойынша жиырма күн мерзімде мәні бойынша сараптама жүргізіледі, оның барысында Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес тауар таңбасына құқықты беру туралы шарттың және лицензиялық шарттың материалдарына зерделеу жүргізіледі.
5. Жоюға болатын, тауар таңбасына құқықты беру туралы шартты және лицензиялық шартты тіркеуге кедергі жасайтын негіздер:
1) соған қатысты шарт жасалатын, бірақ қалпына келтіру мүмкіндігі бар куәлік қолданысының тоқтатылуы;
2) өнеркәсіптік меншік объектісін пайдалануға лицензия беруге кедергi келтiретiн, бұрын жасалған шарттар бойынша қабылданған мiндеттемелердiң болуы;
3) шартта Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына және ратификацияланған халықаралық шарттарға қайшы келетiн ережелердiң болуы;
4) құжаттардың толық топтамасының ұсынылмауы, не ұсынылған құжаттардың Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының талаптарына сай келмеуі.
6. Құжаттарды ресімдеуге қойылатын талаптар бұзылған немесе осы баптың 5-тармағында көрсетілген, шартты тіркеуге кедергі жасайтын, бірақ жоюға болатын негіздер болған жағдайда, сараптама жасау ұйымы өтініш берушіге ол жіберілген күннен бастап үш ай мерзімде жетіспейтін немесе түзетілген құжаттарды ұсыну немесе қажетті өзгерістер мен толықтыруларды енгізу туралы ұсынысы бар сауалды жібереді. Бұл жағдайда осы баптың 4-тармағында көрсетілген мәні бойынша сараптама жүргізу мерзімдері жетіспейтін немесе түзетілген құжаттарды өткізген күннен бастап есептеледі.
7. Мынадай негіздер болған:
1) соған қатысты шарт жасалатын қорғау құжаттарының қолданылуы тоқтатылған және оларды қалпына келтіру мүмкіндігі болмаған;
2) осы баптың 6-тармағында көзделген барлық қажетті материалдар мен мәліметтер үш ай мерзімде ұсынылмаған;
3) тараптарда шарт жасасуға қажетті құқықтар болмаған;
4) лицензиялық шартта лицензиаттың қосалқы лицензиялық шартты тіркеу туралы өкілеттігі болмаған және уәкілетті органда тіркелген лицензиялық шарт болмаған жағдайда, сараптама жасау ұйымы тауар таңбасына құқықты беру туралы шартты немесе лицензиялық шартты тіркеуден бас тарту туралы қорытынды шығарады.
Сараптама жасау ұйымы қорытынды шығарғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде бас тарту себептерін көрсете отырып, осы қорытындыны уәкілетті органға жібереді.
8. Сараптама нәтижесi оң болған жағдайда сараптама жасау ұйымы бес жұмыс күні ішінде уәкілетті органға тауар таңбасына құқықты беру туралы шартты немесе лицензиялық шартты тiркеуге кедергi келтiретiн негiздердiң жоқтығы туралы қорытындыны жiбередi.
Тауар таңбасына құқықты беру туралы шартты немесе лицензиялық шартты тiркеу туралы немесе тiркеуден бас тарту туралы шешiмдi уәкілетті орган сараптама жасау ұйымының қорытындысы келіп түскен кезден бастап бес жұмыс күні ішінде қабылдайды.
9. Шартты тіркеу туралы шешім шығарылғаннан кейін уәкілетті орган:
1) соған қатысты шарт жасалатын өнеркәсiптiк меншiк объектiсiнiң қорғау құжатына қосымшаны ресiмдейдi;
2) шарттың титулдық парағына тiркеу күнiн, тiркеу нөмiрiн көрсете отырып, оның тiркелгенi туралы мөртабан соғады;
3) тiркелген шарттардың тiзiлiмiне шарт туралы мәлiметтердi енгізедi;
4) өтiнiште хат-хабар алмасу үшiн көрсетiлген мекенжай бойынша шарттың тiркелген екi данасын және қорғау құжатына қосымшаны жiбередi;
5) шартты тіркеу туралы мәліметтерді жариялау үшін шарттың бақылау данасын қорытындымен бірге сараптама жасау ұйымына жібереді.
Шарттың үшiншi және төртiншi даналары тиісті уәкілетті орган мен сараптама жасау ұйымында сақталады және бақылау даналары болып табылады.
Тіркелген шарттар бойынша сараптама жасау ұйымы тіркелген шарттар туралы мәліметтерді, атап айтқанда, шарттың тіркелген нөмірі мен күнін, шарт тараптарының атауын немесе толық мәліметтерін, шарттың мәнін, шарттың қолданылу мерзімін, шарттың қолданылу аумағын бюллетеньде жариялайды.
Кез келген тұлға тiркелген шарттар тiзiлiмiнен тiркелген шарттар туралы мәлiметке қатысты үзінді көшiрменi ашық жариялау үшін алуы мүмкін.
Үшiншi тұлғаны шарт мәтiнiмен таныстыруға, сондай-ақ одан үзінді көшiрме алуға шарт тараптарының жазбаша келiсiмiмен ғана жол берiледi.
Уәкілетті орган сараптама жасау ұйымының қорытындысы негізінде тауар таңбасына құқықты беру туралы шартты және лицензиялық шартты тiркеуден бас тарту туралы шешiм шығарған жағдайда, қаралып отырған шарт бойынша құжаттар тiркеуден бас тарту туралы шешiммен бiрге өтiнiште көрсетiлген мекенжай бойынша қайтарылады.
10. Тауар таңбасына құқықты беру туралы шарт және лицензиялық шарт уәкілетті органда тiркелген күнінен бастап күшiне енедi.»;
13) 24-баптың 1-тармағының 5) тармақшасы алып тасталсын;
14) 25-бап мынадай мазмұндағы 3-тармақпен толықтырылсын:
«3. Шет мемлекеттегi географиялық объектiнiң атауын, егер осы объектiнiң атауы осындай атау ретiнде тауар шығарылған елде қорғалса, тауар шығарылған жердiң атауы ретiнде мемлекеттiк тiркеуге жол беріледі. Көрсетiлген тауар шығарылған жердiң атауын пайдаланудың айрықша құқығының иесi тауар шығарылған елде осындай атауды пайдалану құқығы қорғалатын тұлға ғана болуы мүмкiн.»;
15) 26-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«26-бап. Тауарлар шығарылған жердiң атауы ретiнде тiркелетiн белгiлер
1. Тауар шығарылған жердiң атауы ретiнде елдiң, өңiрдiң, елдi мекеннiң, жердiң немесе басқа да географиялық объектiнiң қазiргi немесе тарихи, ресми немесе бейресми, толық немесе қысқартылған атауы, сондай-ақ осындай атаудан шыққан белгi және олардың тауардың көрiнiстік атауымен тiркесi тiркелуi мүмкiн.
2. Географиялық объектiнiң атауын бiлдiргенiмен немесе қамтығанымен, бiрақ Қазақстан Республикасында тауардың өндiрiлген жерiмен байланысты емес оның белгiлi бiр түрiнiң белгiлерi ретiнде жалпы қолданысқа енгiзiлген белгiлер тауар шығарылған жердiң атауы болып танылмайды.»;
16) 27-бапта:
1) тармақшадағы «географиялық көрсеткiштер» деген сөздер «географиялық объектiлердiң атаулары» деген сөздермен ауыстырылсын;
3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«3) тауарлардың шығарылған жерiмен байланысты емес, географиялық объектiлердiң атауын қамтитын белгiлер тiркелмейдi.»;
17) 29-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Егер атауы тауар шығарылған жердің атауы ретінде мәлімделетін географиялық объект Қазақстан Республикасының аумағында орналасса, аталған географиялық объектінің шекарасында өтінім беруші ерекше қасиеттері, сапасы, репутациясы және басқа да сипаттамалары негізінен осы географиялық объектіге тән табиғи жағдайлармен және (немесе) адам факторларымен айқындалатын тауар өндіретіні туралы жергілікті атқарушы органның қорытындысы өтінімге қоса беріледі.
Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан бұрын тiркелген тауар шығарылған жердiң атауына айрықша құқық беруге арналған өтiнiмге уәкiлеттi органның осы географиялық объектiнiң шекарасында өтiнiм берушi Қазақстан Республикасының тауар шығарылған жерлер атауларының мемлекеттiк тiзiлiмiнде көрсетiлген ерекше қасиеттерге ие тауарды өндiретiнi туралы қорытындысы қоса берiледi.
Егер атауы тауар шығарылған жердiң атауы ретiнде мәлiмделетiн географиялық объект Қазақстан Республикасынан тыс жерде орналасса, өтiнiм берушiнiң мәлiмделген тауар шығарылған жердiң атауына құқығын растайтын құжат өтiнiмге қоса берiледi.
Өтiнiмге сараптама жасау ұйымының сараптама жүргiзу бойынша көрсететін қызметтерiне ақы төленгенiн растайтын құжат та қоса берiледi. Төлем мөлшерi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгiленедi.
Iс жүргiзу өкiл арқылы жүргiзiлген жағдайда, өтiнiмге сенiмхат қоса берiледi.»;
18) 37-баптың 2 және 3-тармақтарындағы «географиялық көрсеткiштi», «географиялық көрсеткiштер» деген сөздер «географиялық объектiнiң атауын», «географиялық объектiлердiң атаулары» деген сөздермен ауыстырылсын;
19) 39-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«39-бап. Тауар шығарылған жер атауының тiркелуiне және (немесе) тауар шығарылған жердің атауын пайдалану құқығының берiлуiне дау айту
1. Егер тауар шығарылған жердің атауын тiркеу және (немесе) тауар шығарылған жердің атауын пайдалану құқығын беру осы Заңның 26, 27 және 29-баптарында белгiленген талаптарды бұза отырып жүзеге асырылған болса, оған дау айтылып, ол жарамсыз деп танылуы мүмкiн.
2. Егер тауар шығарылған жердiң атауын пайдалану неғұрлым ертерек басымдыққа ие, сондай-ақ Қазақстан Республикасында белсендi пайдалану нәтижесiнде кеңiнен танымал болған тауар таңбасының болуына байланысты тауарға немесе оны шығарушыға қатысты тұтынушыны жаңылыстыруы мүмкiн болса, тауар шығарылған жердiң атауын тiркеуге және (немесе) тауар шығарылған жердiң атауын пайдалану құқығын беруге, тауар шығарылған жердiң атауын мемлекеттiк тiркеу туралы мәлiметтер ресми бюллетеньде жарияланған күнiнен бастап бес жылдың iшiнде дау айтылып, ол жарамсыз деп танылуы мүмкiн.
3. Кез келген мүдделi тұлға уәкiлеттi органға осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетiлген негiз бойынша тауар шығарылған жер атауының тiркелуiне және (немесе) тауар шығарылған жердің атауын пайдалану құқығының берiлуiне қарсылық бере алады.
Қарсылық осы Заңның 23-бабының 2-тармағында белгiленген тәртiппен және мерзiмдерде қаралуға тиiс.»;
20) 41-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«41-бап. Апелляциялық кеңес
1. Апелляциялық кеңес осы Заңның 12-бабының 5-тармағына, 19-бабының 4-тармағына, 23-бабының 2-тармағына, 39-бабының 2-тармағына сәйкес берiлетiн қарсылықтар бойынша дауларды сотқа дейiн қарау жөнiндегi уәкiлеттi органның бөлiмшесi болып табылады. Апелляциялық кеңес туралы ереженi уәкiлеттi орган бекітеді.
2. Апелляциялық кеңеске мынадай:
1) уәкілетті органның тауар таңбасын тіркеуден бас тарту туралы шешімдеріне (сараптама жасау ұйымының қорытындысына), оның ішінде Мадрид келісімінің 5-бабының 1 және 2-тармақтарына сәйкес мәлімделген белгілерге сараптама жасау нәтижелері бойынша қабылданған тауар таңбасын тіркеуден бас тартуларға;
2) уәкілетті органның тауар шығарылған жердің атауын тіркеуден және (немесе) оған пайдалану құқығын беруден бас тарту туралы шешімдеріне;
3) Мадрид келісімінің 5-бабының 6-тармағын қоса алғандағы тауар таңбасының тіркелуіне қарсы;
4) тауар шығарылған жердің атауын тіркеуге және (немесе) оған пайдалану құқығын беруге қарсы;
5) пайдаланбауына байланысты тауар таңбасының тіркелуіне қарсы қарсылықтар берілуі мүмкін.
Осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген қарсылықтарды өтiнiш берушi немесе оның құқықтық мұрагерi тiкелей өзі не өкiл арқылы береді.
Осы тармақтың 3) - 5) тармақшаларында көзделген қарсылықтарды кез келген мүдделi тұлға тiкелей өзі не өкiл арқылы береді.
Қарсылық қазақ және орыс тілдерінде уәкілетті органға тiкелей берiледi немесе пошта арқылы жiберiледi. Қарсылыққа қоса берілетін материалдар қазақ және орыс тілдерінде ұсынылады. Егер қоса берілетін материалдар басқа тілде берілсе, онда қарсылыққа олардың қазақ және орыс тілдеріндегі нотариат куәландырған аудармасы қоса беріледі.
Егер қарсылық факсимильдiк байланыс немесе электрондық пошта арқылы берiлсе, ол осындай қарсылықты алған күннен бастап бiр айдан кешiктiрiлмей қағаз жеткізгіштегі түпнұсқасымен расталуға тиiс.
Қарсылық осы Заңда көрсетілген мерзiмдер iшiнде берiледi.
Осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көрсетiлген қарсылықтарды берудiң өтiнiш берушi өткiзiп алған мерзiмi, дәлелдi себептер болған жағдайда және өтіп кеткен мерзімді қалпына келтіру төлемі туралы құжаты болған жағдайда қалпына келтiрiлуi мүмкiн. Өтiнiш берушi өткізіп алған мерзiмдi қалпына келтiру туралы өтінішті осы Заңда белгіленген мерзімдер ішінде бере алады. Мұндай өтiнiш апелляциялық кеңеске қарсылықпен бiр мезгілде ұсынылады.
3. Қарсылықты патенттiк сенiм бiлдiрілген өкіл немесе өзге де өкiл арқылы берген жағдайда, сенімхат қазақ және орыс тілдерінде беріледі, егер сенімхат басқа тілде (шетел тілінде) берілсе, онда ол қазақ және орыс тілдеріне аударылуға тиіс, сенімхаттың аудармасын нотариат куәландырады. Қарсылықтың материалдарына нотариат куәландырған сенімхаттың түпнұсқасы қоса беріледі немесе ол нотариат куәландырғанын растау үшін апелляциялық кеңестің хатшысына көшірмесімен бірге ұсынылады.
4. Берілген қарсылық апелляциялық кеңес алқасының отырысында осы Заңда белгіленген мерзім ішінде қаралуға тиіс. Қарсылықты қарау мерзiмi қарсылықты берген тұлғаның, сондай-ақ қорғау құжаты иесiнiң өтiнiшi бойынша, бiрақ қарсылықты қарау үшiн белгiленген мерзiм аяқталатын күннен бастап алты айдан асырмай ұзартылуы мүмкін.
5. Қарсылық берген тұлға, тауар таңбасының немесе тауар шығарылатын жердің атауын пайдалану құқығының иесi апелляциялық кеңеске оның шешімін алған күннен бастап алты ай ішінде сотқа шағым жасауы мүмкін.»;
21) мынадай мазмұндағы 41-1 және 41-2- баптармен толықтырылсын:
«41-1-бап. Қарсылықты апелляциялық кеңесте қараудан бас тарту негіздері
1. Егер:
1) қарсылық апелляциялық кеңесте қаралуға жатпаса;
2) қарсылыққа қол қойылмаса не оған қол қоюға өкiлеттiгi жоқ тұлға қол қойса;
3) қарсылық белгiленген мерзiмдi бұза отырып берiлсе және көрсетілген мерзiмдi ұзарту мен қалпына келтiру мүмкiндiгi жоқ болса;
4) өтiнiш берушi қарсылық берудi ресiмдеуге, мазмұндауға және рәсiмдеуге қойылатын талаптарға қатысты кемшiлiктердi белгiленген мерзiмде жоймаса, қарсылықты қарауға қабылдаудан бас тартылады.
Көрсетілген мән-жайлар болған жағдайда, қарсылық берген тұлғаға алынған қарсылықты қарауға қабылдауға болмайтыны және ол берiлген жоқ деп есептелетiнi туралы хабарлама жiберiледi.
Қарсылық берген тұлға немесе оның өкiлi берiлген қарсылықты апелляциялық кеңес алқасының шешiмі жария етілгенге дейiн қайтарып алуы мүмкін.
41-2-бап. Қарсылықты апелляциялық кеңес алқасының отырысында қарау
1. Қарсылықты қарау құрамында кемінде бес мүшесi бар апелляциялық кеңес алқасында жүзеге асырылады. Дауды қарау басталғанға дейiн апелляциялық кеңес алқасының дербес құрамының құпиялылығы қамтамасыз етiлуге тиiс.
Апелляциялық кеңес алқасының отырысына қорытынды ұсыну үшін ғылыми ұйымдардың өкілдері мен тиісті бейіндегі мамандар шақырылуы мүмкін.
2. Апелляциялық кеңес алқасы отырысты өткізу мерзімдерін мынадай жағдайларда:
1) қарсылықты қарауға қатысу құқығы бар тұлғалардың біреуі келмегендіктен, қарсылықты бұл отырыста қарау мүмкін болмаса;
2) мәні бойынша шешім қабылдау үшін жетіспейтін қосымша құжаттарды (дәлелдемелерді) тараптардың ұсынуы қажет болғанда;
3) тараптардың өтініші бойынша кейінге қалдыруға құқылы.
3. Қарсылықты қарауға қатысушы тұлғалардың:
1) iс материалдарымен танысуға, олардан үзінді көшiрме жасауға, олардың көшiрмесiне тапсырыс беруге және оны алуға;
2) дәлелдемелер ұсынуға;
3) дәлелдемелердi зерттеуге қатысуға;
4) апелляциялық процеске қатысушыларға сұрақтар қоюға;
5) өтiнiштер мәлімдеуге;
6) апелляциялық кеңес алқасының мүшелеріне ауызша және жазбаша түсiнiктер беруге;
7) қарсылықты қарау барысында туындайтын барлық мәселелер бойынша өзiнiң дәлелдерi мен пайымдауларын ұсынуға;
8) iске қатысушы басқа тұлғалардың өтiнiштерiне, дәлелдерi мен пайымдауларына қарсылық бiлдiруге құқығы бар.
4. Дау мәнi бойынша шешiлген жағдайда апелляциялық кеңес алқасы шешiм шығарады.
Шешiм апелляциялық кеңес алқасы мүшелерiнiң жай көпшiлiк даусымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда апелляциялық кеңес алқасының отырысында төрағалық етушiнiң дауысы шешушi болып табылады.
Қарсылықты қарау нәтижелерi бойынша мынадай:
1) қарсылықты қанағаттандыру туралы;
2) қарсылықты iшiнара қанағаттандыру туралы;
3) қарсылықты қарау мерзімін кейінге қалдыру туралы;
4) қарсылықты қанағаттандырудан бас тарту туралы шешiм шығарылады.
5. Апелляциялық кеңес алқасы шешiм шығарылған күннен бастап он жұмыс күні iшiнде апелляциялық кеңестiң шешiмiн әзiрлейдi және тараптарға жiбередi. Апелляциялық кеңестiң шешiмi жазбаша нысанда баяндалады және ол кiрiспелiк, сипаттамалық, дәлелдемелiк және қарарлық бөлiктерден тұруға тиiс.
Апелляциялық кеңестiң шешiмiне апелляциялық кеңес алқасының барлық мүшелерi қол қояды.»;
22) 45-баптың екiншi бөлiгi «өтінімдер қабылдауды» деген сөздерден кейін «тауар таңбаларына, қызмет көрсету таңбаларына, тауар шығарылған жерлердiң атауларына сараптама жүргiзудi, тауар таңбаларына, қызмет көрсету таңбаларына құқықтарды беру туралы шарттарға немесе лицензиялық шарттарға (қосалқы лицензиялық шарттарға)» деген сөздермен толықтырылсын;
23) 46-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«46-бап. Патенттiк сенiм бiлдiрiлген өкiлдер
1. Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын, жоғары бiлiмi және зияткерлiк меншiк саласында кемінде төрт жыл жұмыс өтілі бар, аттестаттаудан өткен және зияткерлік меншік саласындағы уәкілетті органда тiркелген Қазақстан Республикасының әрекетке қабiлеттi азаматы патенттiк сенiм білдірілген өкiл болуға құқылы.
Уәкілетті орган патенттік сенім білдірілген өкілдерге кандидаттарды аттестаттаудан өткізу үшін уәкілетті орган мен сараптама жасау ұйымының қызметкерлері арасынан аттестаттау комиссиясын құрады. Бұл ретте, аттестаттау комиссиясы мүшелерінің ең аз саны кемінде бес қызметкерден тұрады.
Уәкілетті орган патенттік сенім білдірілген өкілдерге кандидаттарды аттестаттауды сенім білдірілген өкілдерге кандидаттардан өтініштердің келіп түсуіне қарай жылына кемінде бір рет өткізеді.
Аттестаттау комиссиясы аттестаттау нәтижелері бойынша кандидатты аттестаттау не аттестаттаудан бас тарту туралы шешім шығарады. Аттестаттау комиссиясы шешімінің нысанын уәкілетті орган бекітеді.
Аттестаттау комиссиясы шешім шығарған кезден бастап үш ай ішінде мұндай шешімге сот тәртібімен шағым жасалуы мүмкін.
Патенттік сенім білдірілген өкілге аттестаттау емтиханын ойдағыдай тапсырған кандидатқа патенттік сенім білдірілген өкіл куәлігі беріледі, оның нысанын уәкілетті орган белгілейді.
Патенттiк сенiм білдірілген өкiлдерге кандидаттарды аттестаттаудан өткізу және оларға куәлік беру үшін Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленетін мемлекеттік баж алынады.
2. Патенттік сенiм білдірілген өкiлдерге кандидаттар аттестаттауына:
1) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға ты-йым салынған адамдар;
2) уәкілетті органның және оның ведомстволық бағыныстағы ұйымдарының қызметкерлерi, сондай-ақ олардың жақын туыстары, жұбайы (зайыбы) болып табылатын адамдар;
3) қылмыс жасағаны үшін заң тәртібінде белгіленген өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адамдар;
4) осы Заңға сәйкес патенттiк сенiм білдірілген өкiлдердің тiзiлiмінен шығарылған адамдар жiберiлмейдi.
3. Патенттік сенiм білдірілген өкілдің қызметі аттестаттау комиссиясының хаттамалық шешімімен:
1) патенттік сенім білдірілген өкілдің аттестаттау комиссиясына берген өтініші негізінде;
2) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тыйым салынатын адамдарға, оның ішінде уәкілетті органның және оның ведомстволық бағыныстағы ұйымдарының қызметкерлеріне жатқызу кезеңіне;
3) осы Заңның 46-2-бабы 1-тармағының 2) және 6) тармақшаларында және 5-тармағында көзделген мән-жайларды анықтау мақсатында тоқтатыла тұрады.
Осы тармақтың 3) тармақшасында көрсетілген жағдайда патенттік сенiм білдірілген өкілдің қызметі аттестаттау комиссиясы үш ай ішінде тиісті шешім қабылдағанға дейін тоқтатыла тұрады.
Патенттік сенiм білдірілген өкілдің қызметін тоқтата тұруға негіз болған себептер жойылған жағдайда, оның қызметі аттестаттау комиссиясының хаттамалық шешімімен қайта жалғастырылады.
4. Патенттік сенiм білдірілген өкіл өтiнiш берушiнің өкілі ретінде зияткерлік меншік объектілерін құқықтық қорғау мәселелері бойынша уәкiлеттi органмен және сараптама жасау ұйымымен iс жүргiзуге байланысты қызметті жүзеге асырады. Уәкiлеттi органмен және сараптама жасау ұйымымен iс жүргiзудi сондай-ақ өтініш беруші және (немесе) тауар таңбасының иесі дербес жүзеге асыра алады.
Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұратын жеке тұлғалар немесе шетелдiк заңды тұлғалар уәкiлеттi органда және оның ұйымдарында патенттiк сенiм білдірілген өкiлдер арқылы өздерінің өтiнiш берушi, тауар таңбасының, қызмет көрсету таңбасының және тауар шығарылатын жер атауының иесі ретіндегі құқықтарын, сондай-ақ мүдделі тұлға ретіндегі құқықтарын жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын, бiрақ уақытша одан тыс жерде жүрген жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының шегiнде хат-хабар алмасу үшiн мекенжайларын көрсеткен кезде патенттiк сенiм білдірілген өкiлсiз-ақ өздерінің өтiнiш берушi, тауар таңбасының, қызмет көрсету таңбасының және тауар шығарылатын жер атауының иесі ретіндегі құқықтарын, сондай-ақ мүдделі тұлға ретіндегі құқықтарын жүзеге асыра алады.
5. Патенттiк сенiм білдірілген өкiл сенiм бiлдiрушiден оның тапсырмасын орындауға байланысты алатын ақпарат Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде құпиялы ақпаратқа немесе өзге де заңмен қорғалатын құпияға қойылатын талаптарды сақтаған кезде құпиялы болып танылады.»;
24) мынадай мазмұндағы 46-1 және 46-2-баптармен толықтырылсын:
«46-1-бап. Патенттік сенiм білдірілген өкілдің құқықтары мен міндеттері
1. Патенттік сенiм білдірілген өкіл өтініш берушінің (жеке немесе заңды тұлғаның), өзімен еңбек шартын жасасқан жұмыс берушінің немесе өзімен немесе өзінің жұмыс берушісімен азаматтық-құқықтық шарт жасасқан тұлғаның мүддесінде мынадай қызмет түрлерін:
1) зияткерлік меншік құқықтарын қорғау, зияткерлік меншік құқықтарын иелену немесе беру мәселелері бойынша консультация беру;
2) тапсырыс берушінің, сенім білдірушінің, жұмыс берушінің атынан және тапсырмасы бойынша тауар таңбаларын, қызмет көрсету таңбаларын және тауар шығарылатын жердің атауларын тіркеуге өтінімдерді ресімдеу және жасау жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыру;
3) тауар таңбаларына, қызмет көрсету таңбаларына және тауарлар шығарылатын жердің атауларына құқықтарды қорғау мәселелері бойынша уәкілетті органмен және (немесе) сараптама жасау ұйымымен өзара іс-қимыл жасау, оның ішінде хат-хабар алмасуды жүргізу, сараптама шешімдеріне қарсылықтарды дайындау және жолдау, сараптама жасау ұйымы жанындағы сараптама кеңесінің отырыстарына қатысу;
4) лицензиялық (қосалқы лицензиялық) шарттарды және (немесе) өзгеге беру шарттарын жасауға, қарауға және кейіннен оларды сараптамаға жіберуге жәрдемдесу қызметін жүзеге асыруға құқылы.
2. Патенттiк сенiм білдірілген өкiлдiң өкiлеттiгi сенiмхатпен куәландырылады.
3. Патенттік сенiм білдірілген өкіл тауар таңбаларына (қызмет көрсету таңбаларына) және тауар шығарылған жерлердің атауларына өтінімдер беруге және (немесе) қорғау құжаттарын алуға, сондай-ақ апелляциялық кеңеске қарсылықтарды беруге байланысты істерді жүргізуге арналған сенімхаттың көшірмесін ұсынған жағдайда, көрсетілген өтінім немесе қарсылық берілген кезден бастап үш ай ішінде патенттік сенім білдірілген өкіл тиісінше сараптама жасау ұйымына және уәкілетті органға сенімхаттың түпнұсқасын ұсынуға міндетті. Түпнұсқалылығы расталғаннан кейін сенімхаттың түпнұсқасы қайтарылуға жатады.
Егер сенімхат шет ел тілінде жасалса, онда міндетті түрде оның нотариус растаған қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасы ұсынылуға тиіс.