Авторлық құқықпен қорғалатын туындыларға құқықтарды тіркеуге берілетін өтініштің нысандарын уәкілетті орган бекітеді.
2. Мемлекеттік тіркеуге берілетін өтініште автордың (авторлардың) деректері, өтініш берушінің тегі, аты, әкесінің аты толығымен, тұратын жері, байланыс телефондары, жеке басын куәландыратын құжаттың деректері көрсетіледі.
Егер өтінішті құқық иеленуші берсе, онда оның заңды мекенжайы көрсетіледі.
Егер туынды төл туындыдан жасалса, пайдаланылған туынды авторының (авторларының) тегін, атын, әкесінің атын көрсету қажет.
3. Әдеби, ғылыми, драмалық, сценарийлік туындыларға құқықтарды тіркеу кезінде мынадай құжаттар:
1) өтініш;
2) туындының бір данасы;
3) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
4) мемлекеттік тіркеу үшін алымның төленгенін растайтын құжаттың түпнұсқасы ұсынылады.
4. Мәтіні бар немесе мәтіні жоқ музыкалық туындыларға және музыкалық-драмалық туындыларға құқықтарды тіркеу кезінде мынадай құжаттар:
1) өтініш;
2) туындының жазбасы бар жеткізгіш, мәтін, партитура немесе клавира түріндегі ноталар;
3) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
4) мемлекеттік тіркеу үшін алымның төленгенін растайтын құжаттың түпнұсқасы ұсынылады.
Бөлек тең авторлықпен шығарылған музыкалық туындыларға құқықтар тең авторлық құқықтары сақталған жағдайда бөлек те, бірлескен түрде де тіркелуі мүмкін.
5. Хореография, пантомима туындыларына, дыбыстау-бейнелеу туындыларына құқықтарды тіркеу кезінде мынадай құжаттар:
1) өтініш;
2) туындының жазбасы бар жеткізгіш;
3) туындының сипаттамасы;
4) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
5) мемлекеттік тіркеу үшін алымның төленгенін растайтын құжаттың түпнұсқасы ұсынылады.
6. Сәулет, қала құрылысы, бақша-парк өнері туындыларына құқықтарды тіркеу кезінде мынадай құжаттар:
1) өтініш;
2) эскиздер, сызбалар, суреттер;
3) туындының толық сипаттамасы;
4) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
5) мемлекеттік тіркеу үшін алымның төленгенін растайтын құжаттың түпнұсқасы ұсынылады.
7. Сурет өнері, мүсін, графика, бейнелеу және қолданбалы өнер туындыларына құқықтарды тіркеу кезінде мынадай құжаттар:
1) өтініш;
2) туындының бір данасы немесе туындының фотосурет түріндегі бейнеленуі;
3) туындының толық сипаттамасы;
4) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
5) мемлекеттік тіркеу үшін алымның төленгенін растайтын құжаттың түпнұсқасы ұсынылады.
8. Фотосурет туындыларына және фотосурет сияқты тәсілдермен алынған туындыларға, сондай-ақ географияға, топографияға және басқа да ғылымдарға жататын карталарға, жоспарларға, эскиздерге, иллюстрацияларға және үш өлшемдік туындыларға құқықтарды тіркеу кезінде мынадай құжаттар:
1) өтініш;
2) туындының бір данасы;
3) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
4) мемлекеттік тіркеу үшін алымның төленгенін растайтын құжаттың түпнұсқасы ұсынылады.
9. ЭЕМ-ге немесе дерекқорларға арналған бағдарламаларға құқықтарды тіркеу кезінде мынадай құжаттар:
1) өтініш;
2) ЭЕМ-ге немесе дерекқорларға арналған бағдарламасы және бастапқы коды (бастапқы мәтіні) бар жеткізгіш (дискета немесе басқа да электрондық жеткізгіштер);
3) ЭЕМ-ге немесе дерекқорларға арналған бағдарламаның атауын, өтініш берушінің атауын (тегін, атын, әкесінің атын), жасалған күнін, қолдану саласын, мақсатын, функционалдық мүмкіндіктерін, негізгі техникалық сипаттамаларын, бағдарламалау тілін, іске асырушы ЭЕМ-нің типін қамтитын ЭЕМ-ге немесе дерекқорларға арналған бағдарламаның рефераты;
4) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
5) мемлекеттік тіркеу үшін алымның төленгенін растайтын құжаттың түпнұсқасы ұсынылады.
Құрамында ЭЕМ-ге арналған бірнеше бағдарламалар болатын ЭЕМ-ге арналған бағдарламалар (бағдарламалық кешендер) тұтастай тіркеуге жатады.
10. Бір жеке немесе заңды тұлғалардың тауарларын (көрсетілетін қызметтерін) басқа жеке немесе заңды тұлғалардың біртектес тауарларынан (көрсетілетін қызметтерінен) айыруға қызмет ететін (арналған) туындылар авторлық құқық объектілері ретінде тіркелмейді.
11. Жұмыс берушінің қызметтік міндеттерін немесе қызметтік тапсырмасын орындау тәртібімен шығарылған қызметтік туындыларға құқықтарды тіркеу кезінде тіркеу үшін ұсынылатын құжаттардан басқа, еңбек шартының көшірмесін, автор мен жұмыс берушінің арасында қызметтік туындыны пайдалануға мүліктік құқықтардың тиесілігі туралы қосымша шарт жасалған жағдайда, осындай шарттың көшірмесін, сондай-ақ, егер жұмыс беруші ұйым болса, заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің көшірмесін ұсыну қажет.
Егер туындыға құқықтардың құқық иеленушісі заңды тұлға болса, тіркеу үшін ұсынылатын құжаттардан басқа, заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің көшірмесін ұсыну қажет.
12. Құрамдас немесе төл туындыдан жасалған туындыларға құқықтарды тіркеу кезінде төл туындының авторымен (авторларымен) немесе құқық иеленушісімен жасалған авторлық шарттың көшірмесі ұсынылады.
13. Автор (авторлар) немесе құқық иеленуші тіркеуге ұсынылатын материалдарды нөмірлеуге, тігуге және оларға қол қоюға тиіс.
14. Ұсынылған құжаттардың толықтығын және оларды ресімдеудің дұрыстығын тексеру он жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
Құжаттардың толық болмау фактісі анықталған жағдайда уәкілетті орган көрсетілген мерзімдерде, ұсынылған материалдарды қайтара отырып, жазбаша, толық дәйектелген түрде қараудан бас тартуды береді.
Автор (авторлар) немесе құқық иеленуші уәкілетті органның ескертпелерін жойғаннан кейін мемлекеттік тіркеу туралы өтінішпен қайта жүгінуге құқылы.
15. Мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыру үшін уәкілетті органға ұсынылатын туындылар олардың жеткізгіштерде объективті нысанда болуын тексеру үшін қарап көруге жатады.
16. Авторлық құқық объектісіне құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті беру авторлық құқықпен қорғалатын туындыларға құқықтарды мемлекеттік тіркеудің расталуы болып табылады. Авторлық құқық объектісіне құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің нысанын уәкілетті орган бекітеді.
17. Автордың (авторлардың) немесе құқық иеленушінің өтініші бойынша уәкілетті орган мемлекеттік тіркеу туралы куәлік жоғалған немесе бүлінген жағдайда он жұмыс күні ішінде оның телнұсқасын береді.
18. Авторлық құқыпен қорғалатын туындыларға құқықтарды мемлекеттік тіркеу, сондай-ақ оларды қайта тіркеу, авторлық құқықпен қорғалатын туындыларға құқықтардың тіркелуін куәландыратын құжаттың телнұсқасын беру үшін Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен алым алынады.»;
4) 15-баптың 1-тармағының 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«4) қызметтік міндеттерді немесе жұмыс берушінің қызметтік тапсырмасын орындау тәртібімен жасалған туындыларды қоспағанда, туындыға белгiсiз адамдар тобының қол жеткiзуiне жол ашу құқығы (халыққа жария ету құқығы).»;
5) 16-баптың 2-тармағының 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«2) туындының түпнұсқасын немесе даналарын кез келген әдiспен таратуына: сатуына, айырбастауына, прокатқа (жалға) беруiне, өзге де операциялар, оның ішінде ашық ақпараттық-коммуникациялық желіде операциялар жасауына (тарату құқығы);»;
6) 16-1 және 40-2-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
«16-1-бап. Авторлық сыйақының ең төмен ставкалары
Туындының сипатына немесе оны пайдалану ерекшелiктерiне (жұртшылық алдында, оның iшiнде радиода және телевизияда орындауға, туындыны механикалық, магниттiк немесе өзге де жазба арқылы қайта шығаруға, көшiрмелеуге, туындыны автордың келісімінсіз жеке мақсатта қайта шығаруға және басқа да жағдайларға) байланысты мүлiктiк (айрықша) құқықтарды жеке тәртіппен iс жүзiнде жүзеге асыру мүмкiн болмаған жағдайда, Қазақстан Республикасының Үкiметi авторлық сыйақының ең төмен ставкаларын белгiлейді.»;
«40-2-бап. Орындаушыларға және фонограмма шығарушыларға берiлетiн сыйақының ең төмен ставкалары
Орындауларды немесе фонограммаларды пайдалану сипатына (жұртшылық алдында, оның iшiнде радиода және теледидарда орындауға, туындыны механикалық магниттiк немесе өзге де жазба арқылы қайта шығаруға, көшiрмелеуге, автордың және фонограмма шығарушының келісімінсіз жеке мақсатта қайта шығаруға және басқа да жағдайларға) байланысты мүлiктiк (айрықша) құқықтарды жеке тәртiппен iс жүзiнде жүзеге асыру мүмкiн болмаған жағдайда, Қазақстан Республикасының Үкiметi орындаушылар мен фонограмма шығарушыларға сыйақының ең төмен ставкаларын белгiлейді.»;
7) 43-баптың 3-тармағы екінші бөлігінің 7) тармақшасындағы «басқару салаларында құрылуы мүмкiн.» деген сөздер «басқару;» деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 8) тармақшамен толықтырылсын:
«8) эфирлік және кәбілдік хабар тарату ұйымының көпшiлiк алдында орындау үшін, сондай-ақ жалпы жұрттың назарына кәбіл бойынша хабарлау немесе коммерциялық мақсаттарда жарияланған өз хабарларын эфирде беру үшiн сыйақы алу құқықтарын жүзеге асыру салаларында құрылуы мүмкiн.»;
8) 46-баптың 1-тармағының 3) тармақшасындағы «ұдайы» деген сөз «қазақстандық авторлық және сабақтас құқықтарды иеленушілерге - тоқсанына кемінде бір рет және осындай құқықтарды басқаратын шетелдік ұйымдарға жылына кемінде бір рет» деген сөздермен ауыстырылсын;
9) 46-2-баптың 7-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«7. Аккредиттеу жөнiндегi комиссия отырысының қорытындылары бойынша уәкiлеттi орган отырыс аяқталған күннен кейiн бес жұмыс күнiнен аспайтын мерзiмде аккредиттеу туралы шешiм қабылдайды және өтiнiш берушiге бес жыл мерзiмге аккредиттеу туралы куәлiк бередi.
Аккредиттеу туралы қорытынды шығарған кезде аккредиттеу жөніндегі комиссия мыналарды:
1) заңды тұлға ретінде тіркелген кезден бастап осы салада қызметін кемінде бір жыл жүзеге асырғанын;
2) жиналған сыйақыны кемінде үш рет бөлу және төлеу жөніндегі жұмыс тәжірибесінің болуын;
3) авторлардың және пайдаланушылардың ұйым қызметі туралы оң пікірлерінің болуын;
4) басқа мемлекеттердің құқық иеленушілердің мүліктік құқықтарды ұжымдық басқару жөніндегі осындай ұйымдарымен өзара мүдделілік білдіру туралы қолданыстағы шарттардың болуын назарға алуға тиіс.
Уәкiлеттi орган:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген құжаттар ұсынылмаған;
2) ұсынылған құжаттарда қамтылған мәлiметтер толық болмаған жағдайларда аккредиттеуден бас тарту туралы шешiм қабылдайды.»;
10) 47-бапта:
1-тармақта:
«Авторлардың» деген сөзден кейін «, орындаушылардың, фонограмма шығарушылардың немесе өзге де авторлық және (немесе) сабақтас құқықтарды иеленушілердің» деген сөздермен толықтырылсын;
«өз қызметіне бақылау жасайтын» деген сөздер алып тасталсын;
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Уәкiлетті орган ұжымдық негiзде мүлiктiк құқықтарды басқаратын ұйымдардан ұйым қызметiнiң осы Заңға, Қазақстан Республикасының коммерциялық емес ұйымдар туралы заңнамасына немесе өзге де заңнамаға, сондай-ақ мұндай ұйымның жарғысына сәйкестiгiн тексеру үшiн қажеттi қосымша ақпаратты талап етуге құқылы.»;
11) 47-1-баптың 3) тармақшасындағы «ұсынылған жағдайда қайтарып алуы мүмкін.» деген сөздер «ұсынылған;» деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 4), 5), 6) және 7) тармақшалармен толықтырылсын:
«4) коммерциялық қызметті жүзеге асырған;
5) осы Заңның 46-бабында көзделген міндеттерді орындамаған;
6) авторлық сыйақыны уақтылы төлемеген;
7) жиналған авторлық сыйақыны аудару үшін авторларды, орындаушыларды және фонограмма шығарушыны іздеу жөнінде шаралар қолданбаған жағдайда қайтарып алуы мүмкiн.».
12) 48-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Осы Заңда көзделген авторлық және (немесе) сабақтас құқықтарды бұзғаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылық туындайды.»;
13) 49-баптың 1-тармағында:
бірінші бөліктің 5) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«5) құқық бұзушы авторлық және (немесе) сабақтас құқықтарды бұзу салдарынан тапқан табысты өндiрiп алу;»;
екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Осы тармақтың 4), 5) және 6) тармақшаларында көрсетілген шаралар құқық иеленушінің таңдауы бойынша қолданылады.».
7. «Селекциялық жетiстiктердi қорғау туралы» 1999 жылғы 13 шiлдедегi Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1999 ж., № 19, 655-құжат; 2004 ж., № 17, 100-құжат; 2005 ж., № 21-22, 87-құжат; 2007 ж., № 5-6, 37-құжат; 2009 ж., № 24, 129-құжат; 2011 ж., № 1, 7-құжат, № 11, 102-құжат):
1) 3-1-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы 2-1) және 2-2) тармақшалармен толықтырылсын:
«2-1) селекциялық жетістікке патентті өзгеге беру шартын немесе патентті алуға құқықты тіркеу туралы өтініш нысанын бекіту;
2-2) селекциялық жетістікті пайдалануға лицензиялық шартты немесе қосалқы лицензиялық шартты тіркеу туралы өтініш нысанын бекіту;»;
2) 3-2-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:
«2-1) селекциялық жетiстiкке патенттi өзгеге беру немесе патенттi алуға құқық шарттарына, сондай-ақ лицензиялық және қосалқы лицензиялық шарттарға сараптама жүргiзу;»;
3) 5-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы екiншi бөлiкпен толықтырылсын:
«Өтiнiм электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат түрiнде берiлуi мүмкiн.»;
4) 6-баптың 1-тармағының екiншi бөлiгi «мемлекеттiк комиссиялар» деген сөздерден кейiн «сараптама жасау ұйымынан өтiнiм материалдары келiп түскен күннен бастап екi ай мерзiмде» деген сөздермен толықтырылсын;
5) 10-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы екiншi бөлiкпен толықтырылсын:
«Мемлекеттiк комиссиялар сараптама жасау ұйымы өтiнiм материалдарын жiберген күннен бастап бiр ай iшiнде патент қабiлеттiлiгiне сынақтар өткiзудiң нақты мерзiмдерi туралы сараптама жасау ұйымын хабардар етеді.»;
6) 18-бап мынадай редакцияда жазылсын
«18. Лицензиялық шарт
1. Патент иеленушi болып табылмайтын кез келген тұлға селекциялық жетiстiктi патент иеленушiнiң рұқсатымен ғана лицензиялық шарт негiзiнде пайдалануға құқылы.
2. Лицензиялық шартта лицензиатқа:
1) селекциялық жетiстiктi лицензиардың оны пайдалану мүмкiндiгiн сақтап пайдалану құқығы мен лицензияны басқа тұлғаларға беру құқығын (жай, ерекше емес лицензия);
2) селекциялық жетiстiктi лицензиардың оны пайдалану мүмкiндiгiн сақтап, бiрақ лицензияны басқа тұлғаларға беру құқығынсыз пайдалану құқығын (ерекше лицензия);
3) селекциялық жетiстiктi лицензиардың оны пайдалану мүмкiндiгiн сақтамай және лицензияны басқа тұлғаларға беру құқығынсыз пайдалану құқығын (толық лицензия) беру көзделуi мүмкiн.
Егер лицензиялық шартта лицензияның түрi көрсетiлмесе, ол жай, ерекше емес лицензия деп есептеледi.
3. Лицензиаттың басқа тұлғаға (қосалқы лицензиатқа) селекциялық жетiстiктi пайдалану құқығына ерекше емес лицензия беруi туралы шарт (қосалқы лицензиялық шарт) лицензиялық шартта көзделген жағдайларда ғана жасалуы мүмкін.
Егер лицензиялық шартта өзгеше көзделмесе, қосалқы лицензиаттың iс-әрекетi үшiн лицензиар алдында лицензиат жауаптылықта болады.
4. Лицензиялық және қосалқы лицензиялық шарттар жазбаша нысанда жасалады және уәкiлеттi органда тiркелуге жатады. Жазбаша нысанның немесе тiркеу туралы талаптың сақталмауы шарттың жарамсыздығына әкеп соғады.
Лицензиялық шарттарды тiркеу сараптама жасау ұйымы жүргізетін материалдарды сараптау нәтижелерi бойынша жүзеге асырылады.
Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, қосалқы лицензиялық шарттарды тiркеудiң тәртiбiне лицензиялық шарттарды тiркеу туралы ережелер қолданылады.
Лицензиялық шартты тіркеу үшін сараптама жасау ұйымына белгіленген нысандағы өтініш ұсынылады.
Өтінішке:
1) титулдық парақпен жабдықталған шарттың төрт дана түпнұсқасы қоса беріледі. Шарттың әрбір данасы тігіледі, тігілген және нөмірленген парақтардың саны туралы жазба жасалған қағаз пломбамен бекітіледі, мөр бедерлемесі мен екі тараптың немесе соған уәкілеттік берілген екі тарап тұлғаларының қолдары қойылады.
Материалдарды тіркеуге беру шартқа қол қойылған күннен бастап алты ай мерзімнен кешіктірілмей жүзеге асырылады.
Шарт түпнұсқаларының орнына шарттың нотариат куәландырған көшірмелері ұсынылуы мүмкін;
2) өтініш патенттік сенім білдірілген өкіл немесе өзге де өкіл арқылы берілген жағдайда, сенімхат;
3) мемлекеттік бажды төлегенін растайтын құжат қоса беріледі.
Ұлттық өтініш берушілер жоғарыда көрсетілген құжаттардан басқа, лицензиардың (қосалқы лицензиардың) басқару органдарының, (құрылтайшылардың немесе акционерлердің жалпы жиналысының) шарт жасасу және заңды тұлғаның атынан өтініш берген жағдайда, шартқа ұйым басшысының қолын қою өкілеттігін беру мәселесі жөніндегі шешімін ұсынады.
Өтiнiш пен басқа да қажетті құжаттар қазақ және орыс тiлдерiнде ұсынылады. Шетелдiк есiмдер мен заңды тұлғалардың атаулары қазақ және орыс транслитерациясымен көрсетiлуге тиiс. Егер құжаттар басқа тілде ұсынылса, өтінішке олардың нотариат куәландырған қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасы қоса беріледі.
Өтiнiш бiр лицензиялық шартқа қатысты болуға тиiс.
Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұратын жеке тұлғалар немесе уәкілетті органға шарт материалдарын өз атынан беретін шетелдiк заңды тұлғалар, шартты тiркеуге байланысты құқықтарды Қазақстан Республикасының тiркелген патенттiк сенiм бiлдiрілген өкілдері арқылы жүзеге асырады.
Уақытша Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде жүрген оның азаматтары Қазақстан Республикасы аумағының шегiнде хат-хабар алмасуға арналған мекенжайларын көрсеткен жағдайда, шартты тiркеуге байланысты құқықтарды патенттiк сенiм бiлдiрілген өкілдерсіз жүзеге асырады.
5. Өтініш беруші құжаттар тізбесін тіркеу үшін ұсынғаннан кейін сараптама жасау ұйымы өтініш келіп түскен күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде келіп түскен құжаттарға алдын ала сараптама жүргізеді, оның барысында қажетті құжаттардың болуы және оларға қойылған талаптардың сақталуы тексеріледі, өтінішке қоса берілетін шарт материалдарында сараптама жүргізуге ақы төленгенін растайтын құжат болмаған жағдайда, өтініш берушіге төлем шоты беріледі. Бұл жағдайда көрсетілген мерзімдер сараптама жасау ұйымына төлемнің келіп түскен күнінен бастап есептеледі.
Лицензиялық шарттың қарауға қабылданған материалдары бойынша жиырма күн мерзімде мәні бойынша сараптама жүргізіледі, оның барысында Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес лицензиялық шарт материалдарын зерделеу жүргізіледі.
6. Жоюға болатын, лицензиялық шартты тіркеуге кедергі жасайтын негіздер:
1) патенттің күшінде қалуы үшін төлемнің жүргізілмеуі;
2) шартта Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға қайшы келетiн ережелердiң болуы.
7. Құжаттарды ресімдеуге қойылатын талаптар бұзылған немесе осы баптың 6-тармағында көрсетілген, шартты тіркеуге кедергі жасайтын, бірақ жоюға болатын негіздер болған жағдайда сараптама жасау ұйымы өтініш берушіге ол жіберілген күннен бастап үш ай мерзімде жетіспейтін немесе түзетілген құжаттарды ұсыну немесе қажетті өзгерістер мен толықтыруларды енгізу туралы ұсынысы бар сауалды жібереді. Бұл жағдайда осы баптың 5-тармағында көрсетілген сараптаманы жүргізу мерзімдері жетіспейтін немесе түзетілген құжаттарды ұсынған күннен бастап есептеледі.
8. Мынадай негіздер болған:
1) соған қатысты шарт жасалатын селекциялық жетістікке патенттің қолданылуы тоқтатылған;
2) сараптама жасау ұйымының сауалына үш ай ішінде уақтылы жауап қайтарылмаған;
3) сараптама жасау ұйымының сауалына жауапта барлық қажетті мәліметтер мен құжаттар болмаған;
4) лицензиялық шартта лицензиаттың қосалқы лицензиялық шарт жасасу туралы өкілеттігі болмаған және уәкілетті органда тіркелген лицензиялық шарт болмаған жағдайда, сараптама жасау ұйымы лицензиялық шартты тіркеуден бас тарту туралы қорытынды шығарады.
Сараптама жасау ұйымы қорытынды шығарғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде бас тарту себептерін көрсете отырып, осы қорытындыны уәкілетті органға жібереді.
9. Сараптама нәтижесi оң болған жағдайда сараптама жасау ұйымы бес жұмыс күні ішінде уәкілетті органға лицензиялық шартты тiркеуге кедергi келтiретiн негiздердiң жоқтығы туралы қорытындыны жiбередi.
Лицензиялық шартты тiркеу туралы немесе тiркеуден бас тарту туралы шешiмдi уәкілетті орган сараптама жасау ұйымының қорытындысы келіп түскен кезден бастап бес жұмыс күні ішінде қабылдайды.
10. Лицензиялық шартты тіркеу туралы шешім шығарылғаннан кейін уәкілетті орган:
1) соған қатысты шарт жасалатын өнеркәсiптiк меншiк объектiсiнiң қорғау құжатына қосымшаны ресiмдейдi;
2) шарттың титулдық парағына тiркеу күнiн, тiркеу нөмiрiн көрсете отырып, оның тiркелгенi туралы мөртабан соғады;
3) тiркелген шарттардың тiзiлiмiне шарт туралы мәлiметтердi енгізедi;
4) өтiнiште хат-хабар алмасу үшiн көрсетiлген мекенжай бойынша шарттың тiркелген екi данасын және қорғау құжатына қосымшаны жiбередi;
5) шартты тіркеу туралы мәліметтерді жариялау үшін шарттың бақылау данасын қорытындымен бірге сараптама жасау ұйымына жібереді.
Шарттың үшiншi және төртiншi даналары тиісті уәкілетті орган мен сараптама жасау ұйымында сақталады және бақылау даналары болып табылады.
Сараптама жасау ұйымы тіркелген шарттар бойынша бюллетеньде тіркелген шарттар туралы мәліметтерді, атап айтқанда, шарттың тіркелген нөмірі мен күнін, шарт тараптарының атауын немесе толық мәліметтерін, шарттың нысанасын, шарттың қолданылу мерзімін, шарттың қолданылу аумағын жариялайды.
Тіркелген лицензиялық шартқа, қосалқы лицензиялық шартқа өзгерістер немесе толықтырулар енгізу туралы өтініш уәкілетті органға беріледі, бұл ретте лицензиялық шарттарды тіркеу туралы ережелер қолданылады.
Кез келген тұлға тiркелген лицензиялық шарттар, қосалқы лицензиялық шарттар тiзiлiмiнен тiркелген шарттар туралы мәлiметке қатысты үзінді көшiрменi ашық жариялау үшiн алуы мүмкін.
Үшiншi тұлғаны лицензиялық шарт мәтiнiмен таныстыруға, сондай-ақ одан үзінді көшiрме алуға шарт тараптарының жазбаша келiсiмiмен ғана жол берiледi.
Уәкілетті орган сараптама жасау ұйымының қорытындысы негізінде лицензиялық шартты тiркеуден бас тарту туралы шешiм шығарған жағдайда, қаралып отырған шарт бойынша құжаттар тiркеуден бас тарту туралы шешiммен бiрге өтiнiште көрсетiлген мекенжай бойынша қайтарылады.
11. Лицензиялық шарт пен қосалқы лицензиялық шарт уәкілетті органда тiркелген күнінен бастап күшiне енедi.
12. Елдегі төтенше жағдайлар кезiнде Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң селекциялық жетiстiктi патент иеленушiнiң келiсiмiнсiз, бiрақ оны дереу хабардар етiп және оған мөлшерлес өтемақысын төлей отырып пайдалануға рұқсат етуге құқығы бар. Өтемақының мөлшерi туралы дауларды сот шешедi.»;
7) 5-тарау мынадай мазмұндағы 20-1-баппен толықтырылсын:
«20-1-бап. Селекциялық жетістікке патентті немесе патент алу құқығын өзгеге беру
1. Селекциялық жетістікке патентті немесе патент алу құқығын өзгеге беру тек қана өзгеге беру шартымен ресімделеді.
Өзгеге беру шарты оған қатысты шарт жасалатын селекциялық жетістікке ерекше құқықтың қолданылу мерзімі ішінде кез келген уақытта жасалуы мүмкін.
Өзгеге беру шарты жазбаша нысанда жасалады және уәкілетті органда міндетті түрде тіркелуге жатады.
Өзгеге беру шартын тіркеу сараптама жасау ұйымы жүргізетін оның материалдарын сараптау нәтижелері бойынша жүзеге асырылады.
2. Өзгеге беру шартын тіркеу үшін сараптама жасау ұйымына белгіленген нысандағы өтініш ұсынылады.
Өтінішке:
1) нысанасы біртектес өнеркәсіптік меншік объектілері болып табылатын, титулдық парақпен жабдықталған, өзгеге беру шартының төрт дана түпнұсқасы қоса беріледі. Шарттың әрбір данасы тігіледі, тігілген және нөмірленген парақтардың саны туралы жазба жасалған қағаз пломбамен бекітіледі, мөр бедерлемесі мен екі тараптың немесе соған уәкілеттік берілген екі тарап тұлғаларының қолдары қойылады.
Өзгеге беру шарты түпнұсқаларының орнына шарттың нотариат куәландырған көшірмелері немесе құқықты беру фактісін көрсететін, нотариат куәландырған шарттан үзінді көшірмелер ұсынылуы мүмкін;
2) өтініш патенттік сенім білдірілген өкіл немесе өзге өкіл арқылы берілген жағдайда, сенімхат;
3) мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжат қоса беріледі.
Ұлттық өтініш берушілер жоғарыда көрсетілген құжаттардан басқа, қорғау құжаты немесе ерекше құқық иесінің басқару органдарының, құрылтайшылардың немесе акционерлердің жалпы жиналысының шарт жасасу және шартқа ұйым басшысының қолын қою өкілеттігін беру мәселесі жөніндегі шешімін ұсынады.