Өтiнiш және басқа да қажетті құжаттар қазақ және орыс тiлдерiнде ұсынылады. Шетелдiк есiмдер мен заңды тұлғалардың атаулары қазақ және орыс транслитерациясымен көрсетiлуге тиiс. Егер құжаттар басқа тілде ұсынылса, өтінішке олардың нотариат куәландырған қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасы қоса беріледі.
Өтiнiш өзгеге берудің бiр шартына қатысты болуға тиiс.
3. Селекциялық жетістіктерге патентті немесе патент алу құқығын өзгеге беру шартын тіркеген кезде осы Заңның 18-бабының 5-10-тармақтарында көзделген ережелер қолданылады.
Өзгеге беру шарты уәкілетті органда тіркелген күнінен бастап күшіне енеді.»;
8) 21-баптың 2-тармағының екінші бөлігі мынадай мазмұндағы сөйлеммен толықтырылсын:
«Апелляциялық кеңес туралы ережені уәкілетті орган бекітеді.»;
9) мынадай мазмұндағы 6-1-тараумен толықтырылсын:
«6-1-тарау. Апелляциялық кеңес және патенттік сенім білдірілген өкілдер
22-1-бап. Апелляциялық кеңес
1. Апелляциялық кеңес осы Заңның 8-бабының 5-тармағына, 10-бабының 5-тармағына, 21-бабының 2-тармағына сәйкес берiлетiн қарсылықтар бойынша дауларды сотқа дейiн қарау жөнiндегi уәкiлеттi органның құрылымдық бөлiмшесi болып табылады.
2. Апелляциялық кеңеске мынадай:
1) уәкілетті органның селекциялық жетістікке патент беруге өтінімді одан әрі қараудан бас тарту туралы шешімдеріне;
2) селекциялық жетістікке патент беруден бас тарту туралы;
3) селекциялық жетістікке патент беруге қарсы қарсылықтар берілуі мүмкін.
Осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген қарсылықты өтiнiш берушi немесе оның құқықтық мұрагерi тiкелей өзі не өкiл арқылы бере алады.
Осы тармақтың 3) тармақшасында көзделген қарсылықты кез келген мүдделi тұлға тiкелей не өкiл арқылы бере алады.
Қарсылық қазақ және орыс тілдерінде уәкілетті органға тiкелей берiледi немесе пошта арқылы жiберiледi. Қарсылыққа қоса берілетін материалдар қазақ және орыс тілдерінде ұсынылады. Егер қоса берілетін материалдар басқа тілде ұсынылса, онда қарсылыққа олардың қазақ және орыс тілдеріндегі нотариат куәландырған аудармасы қоса беріледі.
Егер қарсылық факсимильдiк байланыс немесе электрондық пошта арқылы берiлсе, ол осындай қарсылықты алған күннен бастап бiр айдан кешiктiрiлмей қағаз жеткізгіштегі түпнұсқасымен расталуға тиiс.
Қарсылық осы Заңда көрсетілген мерзiмдер iшiнде берiледi.
Осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көрсетiлген қарсылықтарды берудiң өтiнiш берушi өткiзiп алған мерзiмi, дәлелдi себептер болған жағдайда және өтіп кеткен мерзімді қалпына келтіру төлемі туралы құжаты болған кезде қалпына келтiрiлуi мүмкiн. Өтiнiш берушi мерзiмдi қалпына келтiру туралы өтiнiштi мерзімі өтіп кеткен күннен бастап он екі айдан кешіктірмей беруi мүмкiн. Мұндай өтiнiш апелляциялық кеңеске берілетін қарсылықпен бiр мезгілде ұсынылады.
3. Қарсылықты патенттiк сенiм бiлдiрілген өкіл немесе өзге де өкiл арқылы берген жағдайда, сенімхат қазақ және орыс тілдерінде беріледі, егер сенімхат басқа тілде (шетел тілінде) берілсе, онда ол қазақ және орыс тілдеріне аударылуға тиіс, сенімхаттың аудармасы нотариаттық түрде куәландырылады. Қарсылықтың материалдарына нотариат куәландырған сенімхаттың түпнұсқасы қоса беріледі немесе ол нотариат куәландырғанын растау үшін апелляциялық кеңестің хатшысына көшірмесімен бірге ұсынылады.
4. Берілген қарсылық апелляциялық кеңес алқасының отырысында осы Заңда белгіленген мерзім ішінде қаралуға тиіс. Қарсылықты қарау мерзiмi қарсылықты берген тұлғаның өтiнiшi бойынша ұзартылуы, сондай-ақ патент иеленуші ұзартуы мүмкін, бiрақ бұл ұзарту қарсылықты қарау үшiн белгiленген мерзiм аяқталатын күннен бастап алты айдан аспауға тиіс.
5. Қарсылық берген тұлға, патент иеленуші апелляциялық кеңес шешіміне осындай шешiмді алған күннен бастап алты ай iшiнде сотқа шағым жасауы мүмкiн.
22-2-бап. Қарсылықты апелляциялық кеңесте қараудан бас тарту негіздері
1. Егер:
1) қарсылық апелляциялық кеңесте қаралуға жатпаса;
2) қарсылыққа қол қойылмаса не оған қол қоюға өкiлеттiгi жоқ тұлға қол қойса;
3) қарсылық белгiленген мерзiмдi бұза отырып берiлсе және аталған мерзiмдi ұзарту мен қалпына келтiру мүмкiндiгi жоқ болса;
4) өтiнiш берушi қарсылықты берудi ресiмдеуге, мазмұндауға және рәсiмдеуге қойылатын талаптарға қатысты кемшiлiктердi белгiленген мерзiмде жоймаса, қарсылықты қарауға қабылдаудан бас тартылады.
Көрсетілген мән-жайлар болған жағдайда, қарсылық берген тұлғаға алынған қарсылықты қарауға қабылдауға болмайтыны және ол берiлген жоқ деп есептелетiнi туралы хабарлама жiберiледi.
Қарсылық берген тұлға немесе оның өкiлi берiлген қарсылықты апелляциялық кеңес алқасы шешiмді жарияланғанға дейiн қайтарып алуы мүмкін.
22-3-бап. Қарсылықты апелляциялық кеңес алқасының отырысында қарау
1. Қарсылықты қарау құрамында кемінде бес мүшесi бар апелляциялық кеңес алқасының отырысында жүзеге асырылады. Дауды қарау басталғанға дейiн апелляциялық кеңес алқасының дербес құрамының құпиялылығы қамтамасыз етiлуге тиiс.
Апелляциялық кеңес алқасының отырысына қорытынды ұсыну үшін ғылыми ұйымдардың өкілдері мен тиісті бейіндегі мамандар шақырылуы мүмкін.
2. Апелляциялық кеңес алқасы отырысты өткізу мерзімдерін мынадай жағдайларда:
1) қарсылықты қарауға қатысу құқығы бар тұлғалардың біреуі келмегендіктен, қарсылықты бұл отырыста қарау мүмкін болмаса;
2) мәні бойынша шешім қабылдау үшін жетіспейтін қосымша құжаттарды (дәлелдемелерді) тараптардың ұсынуы қажет болғанда;
3) тараптардың өтініші бойынша кейінге қалдыруға құқылы.
3. Қарсылықты қарауға қатысушы тұлғалардың:
1) iс материалдарымен танысуға, олардан үзінді көшiрме жасауға, олардың көшiрмесiне тапсырыс беруге және оны алуға;
2) дәлелдемелер ұсынуға;
3) дәлелдемелердi зерттеуге қатысуға;
4) апелляциялық процеске қатысушыларға сұрақтар қоюға;
5) өтiнiштер мәлімдеуге;
6) апелляциялық кеңес алқасының мүшелеріне ауызша және жазбаша түсiнiктер беруге;
7) қарсылықты қарау барысында туындаған барлық мәселелер бойынша өзiнiң дәлелдерi мен пайымдауларын ұсынуға;
8) iске қатысушы басқа тұлғалардың өтiнiштерiне, дәлелдерi мен пайымдауларына қарсылық бiлдiруге құқығы бар.
4. Дау мәнi бойынша шешiлген жағдайда апелляциялық кеңес алқасы шешiм шығарады.
Шешiм апелляциялық кеңес алқасы мүшелерiнiң жай көпшiлiк даусымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда апелляциялық кеңес алқасының отырысында төрағалық етушiнiң дауысы шешушi болып табылады.
Қарсылықты қарау нәтижелерi бойынша мынадай:
1) қарсылықты қанағаттандыру туралы;
2) қарсылықты iшiнара қанағаттандыру туралы;
3) қарсылықты қарау мерзімдерін кейінге қалдыру туралы;
4) қарсылықты қанағаттандырудан бас тарту туралы шешiм шығарылады.
5. Апелляциялық кеңес алқасы шешiм шығарылған күннен бастап он жұмыс күні iшiнде апелляциялық кеңестiң шешiмiн әзiрлейдi және тараптарға жiбередi. Апелляциялық кеңестің шешiмi жазбаша нысанда баяндалады және ол кiрiспелiк, сипаттамалық, дәлелдемелiк және қарарлық бөлiктерден тұруға тиiс.
Апелляциялық кеңестің шешiмiне апелляциялық кеңес алқасының барлық мүшелерi қол қояды.
22-4-бап. Патенттік сенім білдірілген өкілдер
1. Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын, жоғары бiлiмi және зияткерлiк меншiк саласында кемінде төрт жыл жұмыс өтілі бар, аттестаттаудан өткен және зияткерлік меншік саласындағы уәкілетті органда тiркелген Қазақстан Республикасының әрекетке қабiлеттi азаматы патенттiк сенiм білдірілген өкiл болуға құқылы.
Уәкілетті орган патенттік сенім білдірілген өкілдерге кандидаттарды аттестаттаудан өткізу үшін уәкілетті орган мен сараптама жасау ұйымының қызметкерлері арасынан аттестаттау комиссиясын құрады. Бұл ретте, аттестаттау комиссиясы мүшелерінің ең аз саны кемінде бес қызметкерден тұрады.
Уәкілетті орган патенттік сенім білдірілген өкілдерге кандидаттарды аттестаттауды сенім білдірілген өкілдерге кандидаттардан өтініштердің келіп түсуіне қарай жылына кемінде бір рет өткізеді.
Аттестаттау комиссиясы аттестаттау нәтижелері бойынша кандидатты аттестаттау не аттестаттаудан бас тарту туралы шешім шығарады. Аттестаттау комиссиясы шешімінің нысанын уәкілетті орган бекітеді.
Аттестаттау комиссиясы шешім шығарған кезден бастап үш ай ішінде мұндай шешімге сот тәртібімен шағым жасалуы мүмкін.
Патенттік сенім білдірілген өкілге аттестаттау емтиханын ойдағыдай тапсырған кандидатқа патенттік сенім білдірілген өкіл куәлігі беріледі, оның нысанын уәкілетті орган белгілейді.
Патенттiк сенiм білдірілген өкiлдерге кандидаттарды аттестаттаудан өткізу және куәлік беру үшін Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленетін мемлекеттік баж алынады.
2. Патенттік сенiм білдірілген өкiлдерге кандидаттар аттестаттауына:
1) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға тыйым салынған адамдар;
2) уәкілетті органның және оның ведомстволық бағыныстағы ұйымдарының қызметкерлерi, сондай-ақ олардың жақын туыстары, жұбайы (зайыбы) болып табылатын адамдар;
3) қылмыс жасағаны үшін заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адамдар;
4) осы Заңға сәйкес патенттiк сенiм білдірілген өкiлдердің тiзiлiмінен шығарылған адамдар жiберiлмейдi.
3. Патенттік сенiм білдірілген өкілдің қызметі аттестаттау комиссиясының хаттамалық шешімімен:
1) патенттік сенім білдірілген өкілдің аттестаттау комиссиясына берген өтініші негізінде;
2) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тыйым салынатын адамдарға, оның ішінде уәкілетті органның және оның ведомстволық бағыныстағы ұйымдарының қызметкерлеріне жатқызу кезеңіне;
3) осы Заңның 22-6-бабы 1-тармағының 2) және 6) тармақшаларында және 5-тармағында көзделген мән-жайларды анықтау мақсатында тоқтатыла тұрады.
Осы тармақтың 3) тармақшасында көрсетілген жағдайда патенттік сенiм білдірілген өкілдің қызметі аттестаттау комиссиясы үш ай ішінде тиісті шешім қабылдағанға дейін тоқтатыла тұрады.
Патенттік сенiм білдірілген өкілдің қызметін тоқтата тұруға себеп болған негіздер жойылған жағдайда, оның қызметі аттестаттау комиссиясының хаттамалық шешімімен қайта жалғастырылады.
4. Патенттiк сенiм білдірілген өкiл сенiм бiлдiрушiден оның тапсырмасын орындауға байланысты алатын ақпарат Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде қызметтік және коммерциялық құпияға қойылатын талаптарды сақтаған кезде құпиялы болып танылады.
22-5-бап. Патенттік сенiм білдірілген өкілдің құқықтары мен міндеттері
1. Патенттік сенiм білдірілген өкіл өтініш берушінің (жеке немесе заңды тұлғаның), өзімен еңбек шартын жасасқан жұмыс берушінің немесе өзімен немесе өзінің жұмыс берушісімен азаматтық-құқықтық шарт жасасқан тұлғаның мүддесінде мынадай қызмет түрлерін:
1) зияткерлік меншік құқықтарын қорғау, зияткерлік меншік құқықтарын иелену немесе беру мәселелері бойынша консультация беру;
2) тапсырыс берушінің, сенім білдірушінің, жұмыс берушінің атынан және тапсырмасы бойынша селекциялық жетістіктерге өтінімдерді ресімдеу және жасау жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыру;
3) селекциялық жетістіктерге құқықтарды қорғау мәселелері бойынша уәкілетті органмен және (немесе) сараптама жасау ұйымымен өзара іс-қимыл жасау, оның ішінде хат-хабар алмасуды жүргізу, сараптама шешімдеріне қарсылықтарды дайындау және жолдау, сараптама жасау ұйымы жанындағы сараптама кеңесінің отырыстарына қатысу;
4) лицензиялық (қосалқы лицензиялық) шарттарды және (немесе) өзгеге беру шарттарын жасасуға, қарауға және кейіннен оларды сараптамаға жіберуге жәрдемдесу қызметін жүзеге асыруға құқылы.
2. Патенттiк сенiм білдірілген өкiлдiң өкiлеттiгi сенiмхатпен куәландырылады.
3. Патенттік сенiм білдірілген өкіл селекциялық жетістіктерге өтінімдер беруге және (немесе) қорғау құжаттарын алуға, сондай-ақ апелляциялық кеңеске қарсылықтарды беруге байланысты істерді жүргізуге арналған сенімхаттың көшірмесін ұсынған жағдайда, көрсетілген өтінім немесе қарсылық берілген кезден бастап үш ай ішінде патенттік сенім білдірілген өкіл сенімхаттың түпнұсқасын тиісінше сараптама жасау ұйымына және уәкілетті органға ұсынуға міндетті. Түпнұсқалылығы расталғаннан кейін сенімхаттың түпнұсқасы қайтарылуға жатады.
Егер сенімхат шетел тілінде жасалса, онда міндетті түрде оның нотариус куәландырған қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасы ұсынылуға тиіс.
4. Егер патенттiк сенiм білдірілген өкiл осы iс бойынша мүдделерi іс жүргізу туралы өтiнiш жасаған тұлғаның мүдделерiне қайшы келетiн тұлғалардың атынан өкiлдiк етсе немесе оларға консультация берсе немесе оны қарауға өзгеше қатысса, сондай-ақ, егер iстi қарауға патенттiк сенiм білдірілген өкiлдің жақын туысы, жұбайы (зайыбы) және оның жақын туысы болып табылатын лауазымды адам қатысса, ол тапсырманы қабылдамауға міндетті.
22-6-бап. Патенттік сенiм білдірілген өкілдің куәлігін қайтарып алу және оның күшін жою
1. Патенттік сенiм білдірілген өкіл аттестаттау комиссиясының шешімімен:
1) өзінің аттестаттау комиссиясына берген өтініші негізінде;
2) Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылған кезде немесе Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кеткен кезде;
3) патенттік сенiм білдірілген өкілдің кәсіптік қызметінде бес жылдан астам үзіліс болған жағдайда;
4) патенттік сенiм білдірілген өкіл қылмыс жасағаны үшін сотталып, соттың айыптау үкімі күшіне енген кезде;
5) патенттік сенiм білдірілген өкіл қайтыс болған немесе ол хабар-ошарсыз кеткен деп танылған не қайтыс болды деп жарияланған жағдайда;
6) патенттік сенiм білдірілген өкіл әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеті шектеулі деп танылған жағдайда патенттік сенім білдірілген өкілдердің тізілімінен шығарылады.
2. Патенттік сенiм білдірілген өкіл осы баптың 1-тармағының 4), 5) және 6) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша тізілімнен шығарылған жағдайда, аттестаттау комиссиясының шешімімен куәліктің күші жойылады. Куәліктің күшін жою туралы мәліметтер патенттік сенiм білдірілген өкілдердің тізіліміне енгізіледі.
3. Осы баптың 1-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген жағдайларда, патенттік сенiм білдірілген өкілдің куәлігі патенттік сенiм білдірілген өкілдің өзінің немесе соған негізі бар үшінші тұлғалардың өтінішінің негізінде аттестаттау комиссиясының шешімімен қайтарып алынады.
Осы баптың 1-тармағы 1) және 2) тармақшаларының негіздері бойынша тізілімнен шығарылған патенттік сенiм білдірілген өкіл өзін тізілімнен шығаруға себеп болған негіздер тоқтатылып, тізілімнен шығару туралы шешім жарияланған күннен бастап үш жыл ішінде аттестаттау комиссиясына өтініш берген жағдайда, біліктілік емтиханын қайта тапсырмай-ақ, патенттік сенім білдірілген өкіл ретінде қайта тіркелуі мүмкін. Аттестаттау комиссиясы ұсынылған құжаттар бойынша осы баптың 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген негіздердің жойылу фактісін анықтайды.
4. Патенттік сенiм білдірілген өкілдердің тізілімінен шығарылған патенттік сенім білдірілген өкіл, бұл туралы мәліметтер енгізілген күннен бастап патенттік сенiм білдірілген өкілдің қызметін жүзеге асыру құқығынан айырылады, ал оны патенттік сенім білдірілген өкіл ретінде тіркеу туралы куәлік қайтарып алынады не оның күші жойылады.
5. Патенттік сенiм білдірілген өкіл осы Заңда белгіленген өз міндеттерін адал орындамаған жағдайда, уәкілетті орган құрамы уәкілетті орган қызметкерлерінің тақ санынан тұратын апелляциялық комиссия құрады.
Апелляциялық комиссия алқалы орган болып табылады және жеке және заңды тұлғалардың өз құқықтары мен заңды мүдделерін білдіретін патенттік сенім білдірілген өкілдердің қолданыстағы заңнаманы бұза отырып жасаған іс-әрекеттеріне олардың шағымдарын қарайды.
Патенттік сенiм білдірілген өкілдің іс-әрекеттеріне шағым берген тұлғалар және өздеріне қатысты осындай шағым берілген патенттік сенім білдірілген өкілдер апелляциялық комиссияның отырысына қатысуға құқылы.
Шағымды қарау нәтижелері бойынша апелляциялық комиссия уәкілетті органға патенттік сенім білдірілген өкіл куәлігінің күшін жою туралы сотқа талап арыз жолдауға ұсыным жасайды не мынадай:
1) дәлелдемелердің жеткіліксіздігіне байланысты немесе объективті шешім қабылдауға ықпал ететін мән-жайлар анықталғанға дейін шағымның қаралуын кейінге қалдыру туралы;
2) шағымды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімдердің бірін қабылдайды.
Апелляциялық комиссияның шешімі жай көпшілік дауыспен қабылданады және хаттамамен ресімделеді. Апелляциялық комиссияның шешіміне сотқа шағым жасалуы мүмкін.
Апелляциялық комиссия туралы ережені уәкілетті орган бекітеді.»;
10) 25-баптың бiрiншi бөлiгi «жүргiзгенi» деген сөзден кейiн «, селекциялық жетiстiктерге патенттердi немесе оларды алуға құқықты өзгеге беру шарттарына, сондай-ақ лицензиялық шарттарға (қосалқы лицензиялық шарттарға) сараптама жүргiзгенi» деген сөздермен толықтырылсын.
8. «Қазақстан Республикасының Патент Заңы» туралы 1999 жылғы 16 шiлдедегi Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1999 ж., № 20, 718-құжат; 2004 ж., № 17, 100-құжат; 2005 ж., № 21-22, 87-құжат; 2007 ж., № 5-6, 37-құжат; 2009 ж., № 15-16, 75-құжат; 2011 ж., № 11, 102-құжат):
1) 4-1-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:
«2-1) қорғау құжаттарын өзгеге беру және оларды алуға құқықты өзгеге беру шарттарына, сондай-ақ лицензиялық шарттарға (қосалқы лицензиялық шарттарға) сараптама жүргiзу;»;
2) 5-бапта:
3-тармақта:
бесiншi бөлiктегi «он» деген сөз «он бес» деген сөздермен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы алтыншы бөлiкпен толықтырылсын:
«Инновациялық патенттің және өнертабысқа патенттiң, пайдалы модель мен өнеркәсiптiк үлгiге патенттiң қолданылу мерзiмiн ұзарту тәртiбiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.»;
6-тармақтағы «тәртiбi заңдармен реттеледi.» деген сөздер «тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.» деген сөздермен ауыстырылсын;
3) 6-бапта:
1-тармақтың бесiншi бөлiгіндегi «басқа адамдардың берген өтiнiмдерi» деген сөздер «берiлген өтiнiмдер» деген сөздермен ауыстырылсын;
3-тармақтың 8) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«8) қоғамдық тәртіпке, iзгiлiк пен мораль қағидаттарына қайшы келетiн ұсыныстар өнертабыстар деп танылмайды.»;
4) 8-бапта:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Бұйымның сыртқы түрiн айқындайтын көркемдiк-конструкторлық шешiм өнеркәсiптiк үлгiге жатады. Егер өнеркәсiптiк үлгi жаңа, бiрегей болса, оған құқықтық қорғау берiледi.»;
2-тармақтың 3) тармақшасы алып тасталсын;
5) 9-бап мынадай мазмұндағы 5-тармақпен толықтырылсын:
«5. Неғұрлым маңызды және кең пайдаланылатын өнертабыстардың авторлары «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнертапқышы» атағын беруге ұсынылуы мүмкін. «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнертапқышы» атағын беру қағидаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.»;
6) 11-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«11-бап. Патент иеленушiнiң айрықша құқығы мен мiндеттерi
1. Патент иеленушiнiң қорғалатын өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн өз қалауы бойынша пайдалануға айрықша құқығы болады.
Патент иеленушi қорғалатын өнеркәсiптiк меншiк объектiлерiн пайдалануға айрықша құқықты қорғау құжатын беру туралы мәлiметтер ресми бюллетеньде жарияланған күннен бастап осы қорғау құжатының қолданылу кезеңiнде жүзеге асырады.
2. Қорғалатын өнеркәсiптiк меншiк объектiсi бар өнiмдi дайындау, қолдану, жеткiзу, сатуға ұсыну, сату, азаматтық айналымға өзге де енгiзу немесе осы мақсатпен сақтау, сондай-ақ қорғау әдiсiн қолдану өнеркәсiптiк меншік объектiсiн пайдалану болып танылады.
Егер өнiмде оны пайдалану басталған күнiне техниканың осы саласындағы белгiлi формуланың тәуелсiз тармағында келтiрiлген өнертабыстардың, пайдалы модельдердiң әрбiр белгiсi немесе соған барабар белгi болып, ол қорғалатын әдiс пайдаланылса, өнiм қорғалатын өнертабысы немесе пайдалы моделі бар деп танылады, ал қорғалатын әдiс қолдануға болады деп табылады.
Тiкелей осындай әдiспен дайындалған өнiмдi азаматтық айналымға енгiзу не осы мақсатпен сақтау өнiм алудың қорғалатын әдiсiн пайдалану деп танылады.
Егер өнiмде бұйымның ұсынылған кескiндерiнде (макетiнде) көрсетiлген және негiзгi белгiлерiнiң тiзбесiнде келтiрiлген барлық негiзгi белгiлерi болса, ол қорғалатын өнеркәсiптік үлгiсi бар деп танылады.
3. Патент иеленушi өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн пайдалануға мiндеттi.
Қорғау құжаты бiрнеше адамға тиесiлi өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн пайдалану жөнiндегi өзара қатынастар олардың арасындағы келiсiммен айқындалады. Ондай келiсiм болмаған жағдайда патент иеленушiлердiң әрқайсысы қорғалатын объектiнi өз қалауынша пайдалана алады, бiрақ өзге патент иеленушiлердiң келiсiмiнсiз оған лицензия беруге немесе қорғау құжатын басқа адамға беруге құқығы жоқ.
Патент иеленушi қолданылатын өнеркәсiптiк меншiк объектiсiнің патенттелгенін көрсететiн ескерту таңбаларын пайдалана алады.
4. Патент иеленушi өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн пайдаланбаған және тиiмдi коммерциялық жағдайларда ол лицензиялық шарт жасасудан бас тартқан кезде, егер өнеркәсiптiк меншiк объектiсiне қорғау құжатын беру туралы мәлiметтер алғаш рет жарияланғаннан кейiн өнеркәсiптiк меншiк объектiсi осындай өтiнiш берiлген күннiң алдындағы кез келген төрт жыл iшiнде үздiксiз пайдаланылмаса, кез келген адам өзiне мәжбүрлі ерекше емес лицензияны алып беру туралы сотқа жүгінуге құқылы. Егер патент иеленушi оны пайдаланбауы дәлелдi себептерге байланысты болғанын дәлелдемесе, сот аталған лицензияны пайдалану шектерiн, мерзімін, төлем мөлшерi мен тәртiбiн белгiлей отырып ұсынады. Төлем мөлшерi қалыптасқан практикаға сәйкес белгiленген лицензияның нарықтық бағасынан төмен болмауға тиiс.
Кез келген мәжбүрлі лицензия бiрiншi кезекте Қазақстан Республикасы iшкi нарығының мұқтажын қамтамасыз ету үшін берілуге тиiс.
Мәжбүрлі лицензия берiлген адам көрсетілген өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн пайдалану құқығын басқа адамға тек қана осы объект пайдаланылатын тиiстi өндiрiспен бiрге беруi мүмкiн.
Мәжбүрлі лицензияны беруге себеп болып табылатын мән-жайлардың қолданысы тоқтатылған жағдайда оның күші сот арқылы жойылуға жатады.
5. Тиiмдi коммерциялық жағдайларда лицензиялық шарт жасасудан бас тартқан өнеркәсiптiк меншiк объектiсiне басқа қорғау құжатын иеленушiнiң құқықтарын бұзбай пайдалана алмайтын патент иеленушінің Қазақстан Республикасының аумағында өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн пайдалануға мәжбүрлі ерекше емес лицензияны өзіне беру туралы өтінішпен сотқа жүгінуге құқығы бар.
Егер өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн басқа қорғау құжатын иеленушінің құқықтарын бұзбай пайдалана алмайтын патент иеленуші өзінің өнеркәсіптік меншік объектісі маңызды техникалық жетістікті білдіретінін және басқа қорғау құжатын иеленушiнiң өнеркәсіптік меншік объектісінің алдында айтарлықтай экономикалық маңызға ие екенін дәлелдесе, сот оған мәжбүрлі ерекше емес лицензия беру туралы шешім қабылдауы мүмкін.
Көрсетілген лицензияны беру кезінде қорғау құжаты басқа тұлғаға тиесiлi өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн пайдалану шектерiн, мерзімдерін, төлем мөлшерi мен тәртiбiн сот айқындауға тиiс. Бұл ретте төлем мөлшерi қалыптасқан практикаға сәйкес белгiленген лицензияның нарықтық бағасынан төмен болмауға тиiс.
Осы тармақтың негiзiнде алынған өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн пайдалану құқығы бұл құқық қорғау құжатына байланысты берiлген өнеркәсiптiк меншiк объектiсiне тек қана осы қорғау құжатын берумен бірге берiлуi мүмкiн.
Осы тармаққа сәйкес мәжбүрлі лицензия берілген жағдайда, көрсетілген лицензияның негізінде пайдалану құқығы берілген қорғау құжатына патент иеленушінің мәжбүрлі лицензия берілген тәуелді өнертабысты пайдалануға лицензия алуға да құқығы бар.
6. Патент иеленушi өзі алған қорғау құжатын кез келген жеке немесе заңды тұлғаларға бере алады. Өзгеге беру шарты уәкiлеттi органда мiндетті түрде тiркелуге жатады.
Қорғау құжатын өзгеге беру шарты мен оны алуға құқықты өзгеге беру шартын тіркеу сараптама жасау ұйымы жүргізетін материалдарды сараптау нәтижелері бойынша жүзеге асырылады.
Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, қорғау құжатын алуға құқықты өзгеге беру шартын тіркеу тәртібіне өзгеге беру шартын тіркеу туралы ереже қолданылады.
Өзгеге беру шартын тіркеу үшін сараптама жасау ұйымына белгіленген нысандағы өтініш ұсынылады.