5. Патенттiк сенiм білдірілген өкiл сенiм бiлдiрушiден оның тапсырмасын орындауға байланысты алатын ақпарат Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде құпиялы ақпаратқа немесе өзге де заңмен қорғалатын құпияға қойылатын талаптарды сақтаған кезде құпиялы болып танылады.»;
23) мынадай мазмұндағы 36-1 және 36-2-баптармен толықтырылсын:
«36-1-бап. Патенттік сенiм білдірілген өкілдің құқықтары мен міндеттері
1. Патенттік сенiм білдірілген өкіл өтініш берушінің (жеке немесе заңды тұлғаның), өзімен еңбек шартын жасасқан жұмыс берушінің немесе өзімен немесе өзінің жұмыс берушісімен азаматтық-құқықтық шарт жасасқан тұлғаның мүддесінде мынадай қызмет түрлерін:
1) зияткерлік меншік құқықтарын қорғау, зияткерлік меншік құқықтарын иелену немесе беру мәселелері бойынша консультация беру;
2) тапсырыс берушінің, сенім білдірушінің, жұмыс берушінің атынан және тапсырмасы бойынша өнертабыстарға, пайдалы модельдерге және өнеркәсіптік үлгілерге өтінімдерді ресімдеу және жасау жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыру;
3) өнертабыстарға, пайдалы модельдерге және өнеркәсіптік үлгілерге құқықтарды қорғау мәселелері бойынша уәкілетті органмен және (немесе) сараптама жасау ұйымымен өзара іс-қимыл жасау, оның ішінде хат-хабар алмасуды жүргізу, сараптама шешімдеріне қарсылықтарды дайындау және жолдау, сараптама жасау ұйымы жанындағы сараптама кеңесінің отырыстарына қатысу;
4) лицензиялық (қосалқы лицензиялық) шарттарды және (немесе) өзгеге беру шарттарын жасасуға, қарауға және кейіннен оларды сараптамаға жіберуге жәрдемдесу қызметін жүзеге асыруға құқылы.
2. Патенттiк сенiм білдірілген өкiлдiң өкiлеттiгi сенiмхатпен куәландырылады.
3. Патенттік сенiм білдірілген өкіл өнертабысқа, пайдалы модельдерге және өнеркәсіптік үлгілерге өтінімдер беруге және (немесе) қорғау құжаттарын алуға, сондай-ақ апелляциялық кеңеске қарсылықтарды беруге байланысты істерді жүргізуге арналған сенімхаттың көшірмесін ұсынған жағдайда, көрсетілген өтінім немесе қарсылық берілген кезден бастап үш ай ішінде патенттік сенім білдірілген өкіл тиісінше сараптама жасау ұйымына және уәкілетті органға сенімхаттың түпнұсқасын ұсынуға міндетті. Түпнұсқалылығы расталғаннан кейін сенімхат түпнұсқасы қайтарылуға жатады.
Егер сенімхат шетел тілінде жасалса, онда міндетті түрде оның нотариус куәландырған қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасы ұсынылуға тиіс.
4. Егер патенттiк сенiм білдірілген өкiл осы iс бойынша мүдделерi іс жүргізу туралы өтiнiш жасаған тұлғаның мүдделерiне қайшы келетiн тұлғалардың атынан өкiлдiк етсе немесе оларға консультация берсе немесе оны қарауға өзгеше қатысса, сондай-ақ, егер iстi қарауға патенттiк сенiм білдірілген өкiлдің жақын туысы, жұбайы (зайыбы) және (немесе) оның жақын туысы болып табылатын лауазымды адам қатысса, ол тапсырманы қабылдамауға міндетті.
36-2-бап. Патенттік сенiм білдірілген өкілдің куәлігін қайтарып алу және оның күшін жою
1. Патенттік сенiм білдірілген өкіл аттестаттау комиссиясының шешімімен:
1) өзінің аттестаттау комиссиясына берген өтініші негізінде;
2) Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылған кезде немесе Қазақстан Республикасынан тыс тұрақты тұрғылықты жерге кеткен кезде;
3) патенттік сенiм білдірілген өкілдің кәсіптік қызметінде бес жылдан астам үзіліс болған жағдайда;
4) патенттік сенiм білдірілген өкіл қылмыс жасағаны үшін сотталып, соттың айыптау үкімі күшіне енген кезде;
5) патенттік сенiм білдірілген өкіл қайтыс болған немесе хабар-ошарсыз кеткен деп танылған не ол қайтыс болды деп жарияланған жағдайда;
6) патенттік сенiм білдірілген өкіл әрекетке қабілетсіз немесе оның әрекетке қабілеті шектеулі деп танылған жағдайда патенттік сенім білдірілген өкілдердің тізілімінен шығарылады.
2. Патенттік сенiм білдірілген өкіл осы баптың 1-тармағының 4), 5) және 6) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша тізілімнен шығарылған жағдайда, аттестаттау комиссиясының шешімімен куәліктің күші жойылады. Куәліктің күшін жою туралы мәліметтер патенттік сенiм білдірілген өкілдердің тізіліміне енгізіледі.
3. Осы баптың 1-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген жағдайларда, патенттік сенiм білдірілген өкіл куәлігі патенттік сенiм білдірілген өкілдің өзінің немесе соған негізі бар үшінші тұлғалардың өтінішінің негізінде аттестаттау комиссиясының шешімімен қайтарып алынады.
Осы баптың 1-тармағы 1) және 2) тармақшаларының негіздері бойынша тізілімнен шығарылған патенттік сенiм білдірілген өкіл тізілімнен шығаруға себеп болған негіздер тоқтатылып, тізілімнен шығару туралы шешім жарияланған күннен бастап үш жыл ішінде аттестаттау комиссиясына өтініш берген жағдайда, біліктілік емтиханын қайта тапсырмай-ақ, патенттік сенім білдірілген өкіл ретінде қайта тіркелуі мүмкін. Аттестаттау комиссиясы ұсынылған құжаттар бойынша осы баптың 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген негіздердің жойылу фактісін анықтайды.
4. Патенттік сенiм білдірілген өкілдердің тізілімінен шығарылған патенттік сенім білдірілген өкіл, бұл туралы мәліметтер енгізілген күннен бастап патенттік сенiм білдірілген өкілдің қызметін жүзеге асыру құқығынан айырылады, ал оны патенттік сенім білдірілген өкіл ретінде тіркеу туралы куәлік қайтарып алынады не оның күші жойылады.
5. Патенттік сенiм білдірілген өкіл осы Заңда белгіленген өз міндеттерін адал орындамаған жағдайда, уәкілетті орган құрамы уәкілетті орган қызметкерлерінің тақ санынан тұратын апелляциялық комиссия құрады.
Апелляциялық комиссия алқалы орган болып табылады және жеке және (немесе) заңды тұлғалардың пікірінше, өздерінің құқықтары мен заңды мүдделерін білдіретін патенттік сенім білдірілген өкілдердің қолданыстағы заңнаманы бұза отырып жасаған іс-әрекеттеріне олардың шағымдарын қарайды.
Патенттік сенiм білдірілген өкілдің іс-әрекеттеріне шағым берген тұлғалар және өздеріне қатысты осындай шағымдар берілген патенттік сенім білдірілген өкілдер апелляциялық комиссияның отырысына қатысуға құқылы.
Шағымды қарау нәтижелері бойынша апелляциялық комиссия уәкілетті органға патенттік сенім білдірілген өкіл куәлігінің күшін жою туралы сотқа талап арыз жолдауға ұсыным жасайды не мынадай:
1) дәлелдемелердің жеткіліксіздігіне байланысты немесе объективті шешім қабылдауға ықпал ететін мән-жайлар анықталғанға дейін шағымның қаралуын кейінге қалдыру туралы;
2) шағымды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімдердің бірін қабылдайды.
Апелляциялық комиссияның шешімі жай көпшілік дауыспен қабылданады және хаттамамен ресімделеді. Апелляциялық комиссияның шешіміне сотқа шағым жасалуы мүмкін.
Апелляциялық комиссия туралы ережені уәкілетті орган бекітеді.».
9. «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» 1999 жылғы 23 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1999 ж., № 21, 771-құжат; 2001 ж., № 10, 122-құжат; 2003 ж., № 24, 175-құжат; 2005 ж., № 13, 53-құжат; 2006 ж., № 1, 5-құжат; № 3, 22-құжат; №12, 77-құжат; 2007 ж., № 12, 88-құжат; 2009 ж., № 2-3, 7-құжат; № 15-16, 74-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат, № 22, 130-құжат; 2011 ж., № 1, 2-құжат; № 11, 102-құжат):
1) 13-баптың 3-тармағы «өткізу тәртібі туралы» деген сөздерден кейін «, Интернет желісіндегі авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» деген сөздермен толықтырылсын;
2) 17-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Редакция, интернет-ресурстың меншік иесі пайдаланылатын зияткерлік меншік құқығының объектілеріне құқықтарды, оның iшiнде зияткерлік меншiкке авторлық, сабақтас және өзге де құқықтарды сақтауға мiндеттi.»;
3) 24-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Қазақстан Республикасының Конституциясын және осы Заңның нормаларын бұзатын шетелдiк бұқаралық ақпарат құралдарының өнiмiн таратуға сот тәртiбiмен тыйым салынады, ал интернет-ресурстар болып табылатын шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары үшін - Қазақстан Республикасының аумағында көрсетілген интернет-ресурстарға қол жеткізуді тоқтата тұру көзделеді.».
10. «Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердiң атаулары туралы» 1999 жылғы 26 шiлдедегi Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1999 ж., № 21, 776-құжат; 2004 ж., № 17, 100-құжат; 2005 ж., № 21-22, 87-құжат; 2007 ж., № 5-6, 37-құжат; 2011 ж., № 11, 102-құжат):
1) 1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) айрықша құқық - тауар таңбасын немесе тауар шығарылған жердiң атауын өз қалауы бойынша кез келген тәсiлмен пайдалануға оның иесінің мүліктік құқығы;
2) бюллетень - тауар таңбалары мен тауар шығарылған жерлердің атауларын қорғау мәселелері жөніндегі ресми мерзімдік басылым;
3) географиялық объектінің атауы - бұл белгілі бір аумақтан, аймақтан немесе жерден шығарылатын тауарды бірыңғайландыру көрсеткіші;
4) жалпыға бiрдей белгiлi тауар таңбасы - тауар таңбасы ретiнде пайдаланылып жүрген белгi немесе Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық келiсiмдерге орай, мүдделi тұлғалардың дәлелдемелеріне негiзделген құзыретті органның немесе соттың шешiмiмен жалпыға бірдей белгілі деп танылған тауар таңбасы;
5) өтініш беруші - тауар таңбасын тіркеуге немесе тауар шығарылған жердің атауын тіркеуге және тауар шығарылған жердің атауын пайдалану құқығын беруге өтініш берген заңды немесе жеке тұлға;
6) патенттiк сенiм білдірілген өкiлдер - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкiлеттi орган мен сараптама жасау ұйымы алдында жеке және заңды тұлғалардың өкiлi болу құқығы берiлген Қазақстан Республикасының азаматтары;
7) Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің халықаралық сыныптамасы - 1957 жылғы 15 маусымда Ницце келiсiмiмен қабылданған, кейiннен өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлген сыныптама;
8) тауар таңбасы, қызмет көрсету таңбасы (бұдан әрi - тауар таңбасы) - осы Заңға сәйкес тiркелген немесе Қазақстан Республикасы қатысатын халықаралық шарттарға орай тiркеусiз қорғалатын, бiр заңды немесе жеке тұлғаның тауарларын (көрсететін қызметтерiн) басқа заңды немесе жеке тұлғаның бiртектес тауарларынан (көрсететін қызметтерiнен) ажырату үшiн қызмет ететiн белгi;
9) тауар таңбасын немесе тауар шығарылған жердiң атауын пайдалану - тауар таңбасын немесе тауар шығарылған жердiң атауын қорғалатын тауарларда және қызметтер көрсету кезінде және (немесе) олардың бумасында қолдану, тауар таңбасының немесе тауар шығарылған жердiң атауының белгiсi бар тауарды жасау, қолдану, әкелу, сақтау, сатуға ұсыну, сату, маңдайшажазуларда, жарнамада, баспа өнiмiнде немесе өзге де iскерлiк құжаттамада қолдану, тауар таңбасына құқықты беру, сондай-ақ оларды азаматтық айналымға өзгеше енгiзу;
10) тауар таңбасының немесе тауар шығарылған жердің атауын пайдалану құқығының иесі - кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын, осы Заңға сәйкес тауар таңбасына айрықша құқыққа немесе тауар шығарылған жердің атауын пайдалануға айрықша құқыққа ие заңды тұлға немесе жеке тұлға;
11) тауар шығарылған жердiң атауы - елдің, өңірдің, елді мекеннің, жердің, не басқа географиялық объектінің атауын білдіретін не құрамында атауы бар белгі, сондай-ақ ерекше қасиеттері, сапасы, репутациясы немесе басқа сипаттары негізінен географиялық шығу тегімен, оның ішінде өзіне тән табиғи жағдайлармен және (немесе) адам факторларымен байланысты тауарға қатысты пайдалану нәтижесінде белгілі болған және туындының осындай атаудан шығарылған сілтемесі;
12) ұжымдық тауар таңбасы - бұл заңды тұлғалардың және (немесе) дара кәсiпкерлердiң (бұдан әрi - бiрлестiк) қауымдастығының (одағының) немесе өзге де бiрлестiгiнiң немесе бiрыңғай сапалық немесе басқа да сипаттамалары бар олар шығаратын немесе сататын тауарларды (көрсетілетін қызметтердi) белгiлеу үшiн қызмет ететiн тауар таңбасы.»;
2) 3-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы 2-3) және 2-4) тармақшалармен толықтырылсын:
«2-3) тауар таңбасына құқықты беру туралы шартты тіркеу жөніндегі өтініштің нысанын бекіту;
2-4) тауар таңбасын пайдалануға лицензиялық шартты немесе қосалқы лицензиялық шартты тіркеу туралы өтініштің нысанын бекіту;»;
3) 3-1-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:
«2-1) тауар таңбаларына және қызмет көрсету таңбаларына құқықтарды беру туралы шарттарға сараптама жүргiзу;»;
4) 6-бапта:
1-тармақтың 6) тармақшасындағы «байланыста бар;» деген сөздер «байланысы бар тауар таңбаларын тіркеуге жол берілмейді.» деген сөздермен ауыстырылып, 4), 5), 7), 8), 9), 10), 11), 12) және 13) тармақшалар алып тасталсын;
3-тармақтың 1) және 3) тармақшаларындағы «географиялық көрсеткiштердi», «географиялық көрсеткiштер» деген сөздер тиісінше «географиялық объектiнiң атауларын», «географиялық объектiнiң атаулары» деген сөздермен ауыстырылсын;
5) 7-бапта:
1-тармақта:
2) тармақшадағы «жалпыға бiрдей белгiлi» деген сөздер «белгiленген тәртiппен жалпыға бiрдей белгiлi деп танылған» деген сөздермен ауыстырылсын;
4) тармақша алып тасталсын;
5) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«5) егер тауар таңбасын тіркеу дараландыру үшін тауар шығарылған жердің атауы тіркелген тауарларға қатысты жүзеге асырылса, тауар шығарылған жердiң осы атауын пайдалану құқығы иесiнiң атына тiркелетiн тауар таңбасының қорғалмайтын элементi ретiнде олар енгiзiлуi мүмкiн жағдайларды қоспағанда, кез келген тауарларға қатысты Қазақстан Республикасында қорғалатын тауар шығарылған жер атауларымен олар араласып кеткен дәрежеге дейiн бiрдей немесе ұқсас белгiлер тiркелуге жатпайды.»;
2-тармақтың 3) тармақшасындағы «, егер осындай құқықтар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен тiркелетiн тауар белгiсiне басымдық берiлген күннен бұрын тiркеуден өтсе» деген сөздер алып тасталсын;
6) 8-бап мынадай мазмұндағы 3-тармақпен толықтырылсын:
«3. Өтiнiм электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат түрiнде берiлуi мүмкiн.»;
7) 9-баптың 6-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«6. Тауар таңбасына өтiнiмдi жасау, ресiмдеу және қарау тәртiбiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.»;
8) 11-баптың 1-тармағының 1) және 2) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:
«1) алдын-ала сараптама - өтiнiм келіп түскен күннен бастап бір ай iшiнде жүргiзiледi, оның барысында өтiнiмнiң мазмұны, осы Заңның 5 және 9-баптарында белгiленген талаптарға сәйкес қажеттi құжаттардың бар-жоғы тексерiледi;
2) толық сараптама - өтiнiм берiлген күннен бастап тоғыз ай iшiнде жүргiзiледi, оның барысында мәлiмделген белгiнiң осы Заңның 6 және 7-баптарында белгiленген талаптарға сәйкестiгi тексерiледi.»;
9) 12-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«12-бап. Сараптама нәтижелерi бойынша шешiмдер
1. Алдын ала жасалған сараптама нәтижелерi бойынша өтiнiш берушiге өтiнiмнiң қарауға қабылданғаны, оған тиiстi нөмiр берiлгенi, берiлген күнi және басымдық күнi белгiленгенi туралы не өтiнiмдi қарауға қабылдаудан бас тартылғаны туралы дәлелдi қорытынды түрiнде хабарланады.
2. Өтiнiш берушi өзiне толық жасалған сараптаманың алдын ала қорытындысы жiберiлген күннен бастап үш ай мерзiмде дәлелдi қарсылық беруге құқылы, оны қарау нәтижелерi бойынша сараптама жасау ұйымы қарсылық келiп түскен күннен бастап үш ай iшiнде түпкiлiктi қорытынды шығарады.
3. Толық жасалған сараптаманың нәтижелерi бойынша уәкiлеттi орган он бес жұмыс күнi iшiнде тауар таңбасын тiркеу туралы немесе тiркеуден бас тарту туралы шешiм қабылдайды. Тiркеу туралы шешiм тауарлар мен көрсетілетін қызметтердiң бүкiл тiзбесiне не олардың бiр бөлiгiне қатысты болуы мүмкiн.
4. Тауар таңбасын тiркеу туралы шешiм оны тауар таңбаларының мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзгенге дейiн неғұрлым ертерек басымдығы бар өтiнiмнiң анықталуына байланысты қайта қаралуы мүмкiн.
5. Уәкiлеттi органның тауар таңбасын тiркеу туралы шешiмiнiң негiзiнде өтiнiш берушi сараптама жасау ұйымының оң қорытындысы туралы хабарлама алған күннен бастап үш ай iшiнде тауар таңбасына куәлiк бергенi үшiн мемлекеттiк баж төлеудi, сондай-ақ тауар таңбасына куәлiк беруге құжаттарды дайындағаны үшiн сараптама ұйымының iс-әрекеттерiне ақы төлеудi жүргiзедi.
Өтiнiш берушi белгiленген тәртiппен тауар таңбасына куәлiктi беруге мемлекеттiк баж және тауар таңбасына куәлiктi беруге құжаттарды дайындағаны үшiн сараптама ұйымының iс-әрекеттерiне ақы төлегенi туралы құжаттарды ұсынбаған жағдайда, тауар таңбасын тiркеу жүргiзiлмейдi, ал тауар таңбасына тиiстi өтiнiм қайтарып алынған болып саналады және ол бойынша iс жүргiзу тоқтатылады.
6. Осы баптың 2-тармағына сәйкес шығарылған сараптама қорытындысымен келiспеген жағдайда өтiнiш берушi сараптаманың қорытындысы жiберiлген күннен бастап үш ай iшiнде уәкiлеттi органға оған қарсылық бере алады. Апелляциялық кеңес қарсылық келiп түскен күннен бастап төрт ай iшiнде оны қарауға тиiс.»;
10) 18-1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«18-1-бап. Тауар таңбасын жалпыға бірдей белгiлi деп тану
1. Қазақстан Республикасының аумағында тiркелген немесе халықаралық шарттарға орай қорғалатын тауар таңбасы, сондай-ақ Қазақстан Республикасында құқықтық қорғалмайтын тауар таңбасы ретінде пайдаланылатын, бірақ белсендi пайдалану нәтижесiнде Қазақстан Республикасында кеңiнен мәлiм болған белгi Қазақстан Республикасында жалпыға бiрдей белгiлi тауар таңбасы деп танылуы мүмкiн.
Тауар таңбасын Қазақстан Республикасында жалпыға бiрдей белгiлi деп тану жөнiндегi жеке және заңды тұлғалардың өтiнiшiн уәкiлеттi органның тауар таңбасын жалпыға бiрдей белгiлi деп тану жөнiндегi комиссиясы қарастырады.
Қазақстан Республикасында тауар таңбасын (қызмет көрсету таңбасын) жалпыға бiрдей белгiлi деп тану жөнiндегi комиссия туралы ереженi уәкiлеттi орган бекiтедi.
Өтiнiштi қарау нәтижелерi бойынша уәкiлеттi органның комиссиясы тауар таңбасын жалпыға бiрдей белгiлi деп тану туралы не ондай деп танудан бас тарту туралы шешiм қабылдайды, мұндай шешiм ол қабылданған кезден бастап он жұмыс күнi iшiнде тауар таңбасының иесiне жiберiледi.
Егер өтiнiш берушi ұсынған нақты мәлiметтерде таңбаның жалпыға бiрдей белгiлi болуы өтiнiште көрсетiлгеннен өзге күн екендiгi расталса, тауар таңбасы нақты күннен бастап жалпыға бірдей белгілі деп танылуы мүмкiн.
Егер:
өтiнiш берушi ұсынған мәлiметтерде тауар таңбасының жалпыға бiрдей белгiлi екенi расталмаса немесе олар тауар таңбасының жалпыға бiрдей белгiлi екенiн тану үшiн жеткiлiксiз болса;
өзiнiң тауар таңбасын жалпыға бiрдей белгiлi деп тануға өтiнiш берген күннен неғұрлым ертерек басымдығы бар, қорғалатын немесе бiр тектес тауарларға қатысты өзге тұлғаның атына мәлiмделген, өтiнiш берушiнiң тауар таңбаларымен араласып кеткен дәрежеге дейiн бiрдей немесе ұқсас тауар таңбасы бар екенi анықталса, тауар таңбасын жалпыға бiрдей белгiлi деп танудан бас тарту туралы шешiм шығарылады.
Уәкiлеттi орган комиссиясының осы тармақтың төртiншi бөлiгiнде көрсетiлген шешiмiне сотқа шағым жасалуы мүмкiн.
2. Жалпыға бiрдей белгiлi тауар таңбасына осы Заңда тауар таңбасы үшiн көзделген құқықтық қорғау берiледi.
3. Жалпыға бiрдей белгiлi тауар таңбаларын құқықтық қорғау:
1) тiркеудiң қолданылу мерзiмi аяқталуына байланысты;
2) уәкiлеттi орган комиссиясының тауар таңбасын жалпыға бiрдей белгiлi деп тану туралы шешiмiнiң күшiн жою туралы сот шешiмiнiң күшiне енуiне байланысты тоқтатылады.
4. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген белгiнi немесе тауар таңбасын жалпыға бiрдей белгiлi деп тану негiзiнде оның иесiне тауар таңбасы жалпыға бiрдей белгiлi деп танылған күннен бастап он жыл бойы қолданылатын сертификат берiледi.
Сертификат иесiнiң өтініші бойынша және тауар таңбасының жалпыға бiрдей белгiлi екенiн растайтын мәлiметтер табыс етiлген жағдайда оның қолданылу мерзiмi келесi он жыл мерзiмге ұзартылуы мүмкiн.
Жалпыға бiрдей белгiлi тауар таңбасын тiркеу, оның иесi туралы мәлiметтер және осындай тiркеуге қатысты кейiнгi өзгерiстер жалпыға бiрдей белгiлi тауар таңбаларының мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзiледi және бюллетеньде жарияланады.»;
11) 19-бапта:
4-тармақтың екiншi бөлiгiнiң екiншi сөйлемi мынадай редакцияда жазылсын:
«Тауар таңбасымен белгiленген тауарды жасау, әкелу, сақтау, сатуға ұсыну, сату, оны жарнамада, маңдайшажазуларда, баспа басылымдарында, ресми бланкiлерде, өзге де iскерлiк құжаттамада қолдану, тауар таңбасына құқықты беру немесе Қазақстан Республикасында өткiзiлетiн көрмелерде тауарлардың көрсетiлуi кезiнде қолдану, сондай-ақ оларды азаматтық айналымға өзгеше енгiзу тауар таңбасын пайдалану болып танылуы мүмкiн.»;
5-тармақ алып тасталсын;
6-тармақтағы «кем емес» деген сөздер «аспайтын» деген сөздермен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы 7-тармақпен толықтырылсын:
«7. Қазақстан Республикасының аумағына азаматтық айналымға тiкелей құқық иесi енгiзген немесе оның келiсiмiмен енгiзiлген тауарларға қатысты тауар таңбасын басқа тұлғалардың пайдалануы осы тауар таңбасына айрықша құқықты бұзу болып табылмайды.»;
12) 21-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«21-бап. Тауар таңбасына құқықты беру
1. Куәлiкте көрсетілген барлық тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге не олардың бiр бөлiгiне қатысты тауар таңбасына айрықша құқықты оның иесi басқа тұлғаға шарт бойынша беруi мүмкiн.
Егер ол тауарға немесе оның дайындаушысына қатысты жаңылыстыруға себепшi болатын болса, тауар таңбасына құқықты беруге жол берілмейдi.
Тауар таңбасына құқықтың ауысуы, оның iшiнде оны шарт бойынша немесе құқық мирасқорлығы тәртiбiмен беру уәкiлеттi органда тiркелуге тиiс.
2. Тауар таңбасын пайдалану құқығын тауар таңбасының иесi (лицензиар) басқа тұлғаға (лицензиатқа) куәлiкте көрсетiлген барлық тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге не олардың бiр бөлiгiне қатысты лицензиялық шарт бойынша беруі мүмкін.
Лицензиатқа тауар таңбасын пайдалануға рұқсат беретiн лицензиялық шарт тауарлардың немесе көрсетілетін қызметтердiң сапасы лицензиар тауарлары мен көрсетілетін қызметтерiнiң сапасынан төмен болмайтыны және лицензиардың осы талаптың орындалуына бақылау жасауға құқығы бар екенi туралы талапты қамтуға тиiс.
Тауар таңбасына құқықтың күшi тоқтатылғанда, лицензиялық шарттың қолданылуы тоқтатылады.
Тауар таңбасына құқықтың басқа тұлғаға ауысуы лицензиялық шартты тоқтатуға әкеп соқпайды.
3. Тауар таңбасына құқықты беру туралы шарт немесе лицензиялық шарт жазбаша нысанда жасалып, уәкiлеттi органда тiркелуге тиiс. Тiркеу туралы жазбаша нысан мен талаптарды сақтамау шарттың жарамсыздығына әкеп соғады.
Тауар таңбасына құқықты беру туралы шартты немесе лицензиялық шартты тіркеу сараптама жасау ұйымы жүргiзетін материалдар сараптамасының нәтижелерi бойынша жүзеге асырылады.
Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, қосалқы лицензиялық шарттарды тiркеудiң тәртiбiне лицензиялық шарттарды тiркеу туралы ережелер қолданылады.
Тауар таңбасына құқықты беру туралы шартты және лицензиялық шартты тіркеу үшін сараптама жасау ұйымына белгіленген нысандағы өтініш ұсынылады.
Өтінішке:
1) титулдық парақпен жабдықталған шарттың төрт дана түпнұсқасы қоса беріледі. Шарттың әрбір данасы тігіледі, тігілген және нөмірленген парақтардың саны туралы жазба жасалған қағаз пломбамен бекітіледі, мөр бедерлемесі мен екі тараптың немесе соған уәкілеттік берген екі тарап тұлғаларының қолдары қойылады.
Лицензиялық шарттар үшін материалдарды тіркеуге беру шартқа қол қойылған күннен бастап алты ай мерзімнен кешіктірілмей жүзеге асырылады.
Шарт түпнұсқаларының орнына шарттың нотариат куәландырған көшірмелері ұсынылуы мүмкін;
2) өтініш патенттік сенім білдірілген тұлға немесе өзге де өкіл арқылы берілген жағдайда, сенімхат;
3) мемлекеттік бажды төлегенін растайтын құжат қоса беріледі.
Лицензиялық шарттар бойынша ұлттық өтініш берушілер жоғарыда көрсетілген құжаттардан басқа, лицензиардың (қосалқы лицензиардың) басқару органдарының шарт жасасу және заңды тұлғаның атынан өтініш берген жағдайда шартқа кәсіпорын басшысының қол қою өкілеттігін беру мәселесі жөніндегі шешімін ұсынады.
Өзгеге беру шарттары бойынша ұлттық өтініш берушілер жоғарыда көрсетілген құжаттардан басқа, қорғау құжаты немесе айрықша құқық иесінің басқару органдарының, құрылтайшылардың немесе акционерлердің жалпы жиналысының шарт жасасу және шартқа кәсіпорын басшысының қол қою өкілеттігін беру мәселесі жөніндегі шешімін ұсынады.
Өтiнiш пен басқа да қажетті құжаттар қазақ және орыс тiлдерiнде ұсынылады. Шетелдiк есiмдер мен заңды тұлғалардың атаулары қазақ және орыс транслитерациясымен көрсетiлуге тиiс. Егер құжаттар басқа тілде ұсынылса, өтінішке олардың нотариат куәландырған қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасы қоса беріледі.