2. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әлеуметтiк және зейнетақымен қамтамасыз етiлуге құқығы бар.
3. Бас бостандығынан айыруға дейiн зейнетақы тағайындалған, сондай-ақ жазасын өтеу кезiнде еңбек қабiлетiн жоғалтқан адамдарды әлеуметтiк және зейнетақымен қамсыздандыру Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргiзiледi.
4. Сотталғандардың зейнетақылары мен жәрдемақыларынан ұсталынып қалады. Зейнетақылар мен жәрдемақылардан ұстап қалудың негiзi, түрлерi мен тәртібі, сондай-ақ ұсталып қалғанның бәрiне қарамастан сотталушының жеке шотына есептелетiн зейнетақылар мен жәрдемақылардың ең төменгi процентi осы Кодекстiң 103-бабымен белгiленедi.
5. Бас бостандығынан айыруды түзеу мекемелерiнде өтеушi сотталғандар жөнiнде ерiктi медициналық сақтандырудың қолданылуы түзеу мекемелерiнде болу мерзiмi аяқталғанға дейiн тоқтатыла тұрады.
2007.26.03. № 240-III ҚР Заңымен 95-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
95-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың материалдық-тұрмыстық жағынан қамтамасыз етiлуi
1. Бiр сотталушыға шаққандағы тұрғын алаңның нормасы түзеу колонияларында - екi шаршы метрден, түрмелерде - екi жарым шаршы метрден, әйелдердi ұстауға арналған колонияларда - үш шаршы метрден, тәрбиелеу колонияларында - үш жарым шаршы метрден, мәжбүрлеп түзеудi жүзеге асыратын түзеу мекемелерiнде үш шаршы метрден кем болмауы керек.
2. Сотталғандарға жеке жатын орындары мен төсектiк керек-жарақтар берiледi. Олар жынысы және климат жағдайлары ескерiлiп, маусымдық киiммен, iш киiммен және аяқкиiммен қамтамасыз етiледi.
3. Сотталғандарды тамақпен және материалдық-тұрмыстық жағынан қамтамасыз ету нормаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi. Сотталған адамдар мемлекет есебiнен тамақпен, киiммен және бiрiншi кезекте қажеттi заттармен қамтамасыз етiледi. Сотталғандарды еңбекке тартушы кәсiпорындардың қаражаты есебiнен оларға белгiленген нормадан тыс қосымша тамақтандыру ұйымдастырылуы мүмкiн.
4. 2007.26.03. № 240-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
5. Жүктi әйелдерге, бала емiзушi аналарға, кәмелетке толмағандарға, сондай-ақ аурулар мен I және II топтағы мүгедектерге жақсартылған тұрғын үй-тұрмыстық жағдайлар жасалады және тамақтың көтерiңкi нормасы белгiленедi.
6. 2007.26.03. № 240-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара).
7. Тамақ өнiмдерiн және бiрiншi кезекте қажеттi заттарды сатып алуға жұмсауға рұқсат етiлетiн, осы Кодекстiң 83, 117, 119, 121, 127,
129-баптарында белгiленген ақша сомасынан тыс сотталғандардың жеке шоттарындағы қаражаттан түзеу мекемелерiнде пайдалануға рұқсат етiлген аяқкиiм мен киiмдi, оның iшiнде спорттық киiмдi қосымша сатып алуына, қосымша емдеу-профилактикалық және өздерiнiң қалауы бойынша нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленген өзге де қосымша қызметтерге ақы төлеп, медициналық көрсету бойынша қажеттi диеталық тамақ алуына болады.
96-бап. Сотталған жүктi әйелдердi, бала емiзушi сотталған аналарды және балалары бар сотталған әйелдердi материалдық-тұрмыстық жағынан қамтамасыз етудiң ерекшелiктерi
1. Балалары бар сотталған әйелдер жазасын өтеп жатқан түзеу мекемелерiнде балалар үйлерi ұйымдастырылуы мүмкiн. Түзеу мекемелерiнiң балалар үйлерiнде балалардың қалыпты тұруы мен дамуы үшiн қажеттi жағдайлар қамтамасыз етiледi. Сотталған әйелдер түзеу мекемелеріндегі балалар үйлерiне өздерiнiң үш жасқа дейiнгi балаларын орналастырып, олармен жұмыстан бос уақытында шек қоюсыз бiрге бола алады. Оларға балаларымен бiрге тұруға рұқсат берiлуi мүмкiн.
2. Сотталған әйелдердiң келісімiмен олардың балалары туған-туыстарына немесе қорғаншы және қамқоршы органдардың шешiмi бойынша өзге адамдарға берiлуi не балалары үш жасқа толған соң тиiстi балалар мекемелерiне жiберiлуi мүмкiн.
3. Егер түзеу мекемесiнiң балалар үйіндегі бала үш жасқа толса, ал анасының жазасын өтеу мерзiмiнiң аяқталуына бiр жылдан аспайтын уақыт қалса, емдеу мекемесiнiң әкiмшiлiгi баланың балалар үйiнде болу уақытын анасының жазасын өтеу мерзiмi аяқталған күнге дейiн ұзарта алады.
4. Сотталған жүктi әйелдер мен бала емiзушi сотталған аналардың саны мен түр-түрi медициналық қорытындыда айқындалған қосымша азық-түлiк посылкалары мен сәлемдемелерiн алуына болады. Сотталған жүктi әйелдер, сотталған әйелдер тууы уақытында және туғаннан кейiнгi кезеңде мамандандырылған көмек алуға құқылы.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II Заңымен 16.07.01 ж. № 244-II Заңымен; 21.12.02 ж. № 363-II Заңымен (бұр. ред. қара); 2007.26.03. № 240-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 97-бап өзгертілді
97-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың медициналық-санитариялық жағынан қамтамасыз етiлуi
1. Бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға санитариялық-індетке қарсы (профилактикалық) іс-шаралар жүргізу және медициналық көмек Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ұйымдастырылады және беріледі.
2. Қылмыстық-атқару жүйесінде сотталған адамдарға медициналық қызмет көрсету үшін емдеу-профилактика мекемелері (ауруханалар, арнаулы психиатрия және туберкулезді емдеу ауруханалары, медициналық пункттер), ал туберкулезбен ауыратын сотталған адамдарды үстау және емханада емдеу үшін емдеу қүқығындағы түзеу мекемелері үйымдастырылады. Алкогольге салынумен, нашақорлықпен және уытқұмарлықпен ауыратын сотталған адамдарды мәжбүрлеп емдеу түзеу колонияларының медициналық бөлімінде жүзеге асырылуы мүмкін.
3. Түзеу мекемесiнiң әкiмшiлiгi сотталғандардың денсаулығын сақтауды қамтамасыз ететiн, белгiленген санитариялық-гигиеналық және эпидемияға қарсы талаптардың орындалуы үшiн жауапты болады.
4. Бас бостандығынан айыруға сотталғандар жеке және жалпы гигиена ережелерiн, санитария талаптарын орындауға мiндеттi.
5. Сотталғандарға медициналық көмек көрсетудiң, санитариялық қадағалауды ұйымдастыру мен жүргiзудiң, денсаулық сақтау органдарының емдеу-профилактикалық және санитариялық-профилактикалық мекемелерiн пайдаланудың және осы мақсаттар үшiн олардың медицина қызметкерлерiн тартуының тәртібін Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі мен уәкiлеттi мемлекеттік орган белгiлейдi.
6. Қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеп жүрген шетелдік қайтыс болған жағдайда мекеменің әкімшілігі бас бостандығынан айыру орындарында заңдардың қолданылуын қадағалауды жүзеге асыратын прокурорға, сондай-ақ қайтыс болған адам азаматы болып табылатын мемлекеттің елшілігіне немесе өзге өкілдігіне дереу жазбаша түрде хабарлайды.
98-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың материалдық жауаптылығы
1. Жазасын өтеу уақытында мемлекетке, түзеу мекемесiне немесе заңды және жеке тұлғаларға материалдық залал келтiрген жағдайда сотталғандар заңда белгiленген тәртiппен материалдық жауапты болады.
2. Сотталушы мемлекетке, түзеу мекемесiне келтiрген залалын, қашып шығушыны тыюға, сондай-ақ өзiнiң денсаулығына қасақана зиян келтiрiлген жағдайда өзiн емдеуге байланысты қосымша шығындарды өтеуге тиiс.
3. Келтiрiлген материалдық залал үшiн дұрыс ұсталмаған сома сотталушының жеке шотына есептелiп, оған қайтарылуға жатады.
14-тарау. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың еңбегі,
кәсіптік білімі және кәсіптік даярлығы
99-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың еңбегi
1. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың бәрi түзеу мекемесiнiң әкiмшiлiгi белгiлеген орындар мен жұмыстарда еңбек етуге мiндеттi. Сотталғандар өздерiн тиiстi күзетпен және оқшаулаумен қамтамасыз еткен жағдайда түзеу мекемелерiнiң кәсiпорындарында, мемлекеттік кәсiпорындарда немесе өзге де меншiк нысанындағы кәсiпорындарда жұмысқа тартылады. Сотталғандар дербес еңбек қызметiмен айналысуға құқылы.
2. Сотталғандарға еңбек жанжалдарын шешу мақсатында жұмысты тоқтатуға тыйым салынады. Жұмыстан бас тарту немесе жұмысты тоқтату жазаны өтеудiң белгiленген тәртібін қасақана бұзушылық болып табылады және жазалау мен материалдық жауаптылық шараларын қолдануға әкеп соғуы мүмкiн.
3. Түзеу мекемелерiнiң әкiмшiлiгi сотталғандарды жынысын, жасын, еңбекке қабiлетi мен мүмкiндiгiнше мамандығын ескере отырып, еңбекке орналастырады.
4. Сотталған еркектер мен әйелдер, сондай-ақ I және II топтағы мүгедектер еңбекке Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес тартылады.
5. Жазасын түрмеде өтеушi сотталғандардың еңбегi түрме аумағында ғана ұйымдастырылады.
6. Сотталғандар тартылатын өндiрiстiк қызмет оларды оқшаулау мен күзету талаптарын сақтай отырып ұйымдастырылады және түзеу мекемелерiнiң негiзгi мiндетiн - сотталғандарды түзеудi орындауына кедергi келтiрмеуге тиiс.
7. Сотталғандарды пайдалануға тыйым салынатын жұмыстар мен қызметтер тiзбесi түзеу мекемелерiнiң Iшкi тәртiп ережелерiмен белгiленедi.
8. Түзеу мекемелерiнiң ұйымдарында еркiн жалданатын инженер-техника қызметкерлер мен біліктi жұмысшылардың еңбегiн пайдалануға жұмыс iстеушi сотталғандар санының 15 процентiне дейiнгi шекте жол берiледi.
2009.10.12. № 228-IV ҚР Заңымен 100-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
100-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандар еңбегiнiң жағдайлары
1. Түзеу мекемелерiнде жазасын өтеушi адамдар үшiн апталық жұмыс уақытының ұзақтығы Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгiленген нормадан аспауы керек. Жұмыстың (ауысымның) басталу және аяқталу уақыты әкiмшiлiк белгiлейтiн ауысымдылық кестесiмен айқындалады. Сотталғандар Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес демалыс және мереке күндерi жұмыстан босатылады.
2. Сотталғандарды демалыс және мереке күндерi жұмысқа тарту қажет болған кезде оларға ай iшiнде басқа күндерi демалыс берiледi.
3. Сотталғандардың орындайтын жұмысының сипаты ескерiлiп, тәрбиелеу колонияларын қоспағанда, жұмыс уақытын жинақтап есептеуге жол берiледi. Есептi кезеңдегi жұмыс уақытының орташа ұзақтығы заңмен белгiленген күн сайынғы жұмыс ұзақтығынан аспауға тиiс.
4. Тәрбиелеу колонияларында жазасын өтеушi сотталғандардың жұмыс күнiнiң ұзақтығы, оларға апта сайынғы демалыс күндерiнiң, сондай-ақ өндiрiстен қол үзбей жалпы білім беретiн мектепте үлгерiмдi оқушы адамдарға жеңiлдiктердiң берiлуi Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес белгiленедi.
5. Сотталғандардың ақы төленетiн еңбекке тартылу уақыты олардың еңбек стажына есептеледi. Жұмыс iстелген уақыттың есебiн жүргiзу жазаны атқарушы мекеменiң әкiмшiлiгiне жүктеледi және ол күнтiзбелiк жылдың қорытындысы бойынша жүргiзiледi. Сотталушы белгiленген тапсырмаларды атқарудан ұдайы жалтарған жағдайда уақыттың тиiстi кезеңi жазаны атқарушы мекеме әкiмшiлiгiнiң ұсынысы бойынша сот шешiмiмен оның жалпы еңбек стажынан алынып тасталады.
6. Сотталған адамдардың ұзақтығы күнтізбелік жиырма төрт күн ақы төленетін жыл сайынғы еңбек демалысына құқығы бар. Демалыстар осы Кодекстің 93-бабына сәйкес түзеу мекемесінің шегінен тысқары шығатындай немесе шықпайтындай етіп беріледі.
7. Сотталған адамдарға:
1) ауыр жұмыстарға, зиянды (аса зиянды) және (немесе) еңбек жағдайлары қауіпті жұмыстарға қамтылғандарға ұзақтығы кемінде күнтізбелік алты күн;
2) бірінші және екінші топтағы мүгедектерге ұзақтығы кемінде күнтізбелік он бес күн ақы төленетін қосымша жыл сайынғы еңбек демалыстары беріледі.
8. Сотталғандардың еңбегi Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен белгiленген еңбектi қорғау, қауiпсiздiк техникасы және өндiрiстiк санитария ережелерiн сақтай отырып ұйымдастырылады.
101-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың еңбегiне ақы төлеу
1. Сотталғандардың Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес еңбегiне ақы төленуге құқығы бар.
2. Жұмыс уақытының сол кезеңге белгiленген нормасын толық iстеген және өздерiнiң еңбек мiндеттерiн (еңбек нормаларын) орындаған сотталғандардың айлық жалақысы белгiленген ең төменгi жалақы мөлшерiнен төмен болмауы керек.
3. Толық емес жұмыс күнiнде немесе толық емес жұмыс аптасында еңбекке ақы төлеу жұмыс iстеген уақытқа пропорциялы түрде немесе iстелген жұмысқа қарай жүргiзiледi.
2007.26.03. № 240-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 102-бап өзгертілді
102-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандарды еңбегiне ақы төленбейтiн жұмыстарға тарту
1. Сотталғандар тек түзеу мекемелерiн және оларға жапсарлас аумақтарды көркейту жөніндегі, сондай-ақ мәдени-тұрмыстық жағдайларды жақсарту жөніндегі жұмыстарға ғана еңбегiне ақы төленбей тартылады. Аталған жұмыстардан бас тарту осы Кодекстің 111-бабында көзделген жазалау шараларын қолдануға әкеп соғады.
2. Сотталғандар бұл жұмыстарға әдетте жұмыс уақытынан тыс кезде кезектілік тәртібімен тартылады және оның ұзақтығы аптасына екi сағаттан аспауға тиiс. Сотталғандардың қалауы бойынша жұмыстың ұзақтығы арттырылуы мүмкiн.
2007.26.03. № 240-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 103-бап жаңа редакцияда
103-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталған адамдардың кірісінен ұстап қалу
Сотталған адамдардың жалақысынан, зейнетақысынан, жәрдемақысынан және өзге де кірістерінен атқару парақтары немесе басқа да атқару құжаттары бойынша сомаларды ұстап қалу Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен жүргізіледі.
Түзеу мекемелерінде сотталған адамдардың жеке шотына ұстап қалғаннан кейін оларға есептелген жалақының, зейнетақының немесе өзге де кірістерінің кемінде елу проценті аударылады.
ҚР 16.07.01 ж. № 244-II Заңымен 104-бап өзгертілді
104-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандарға кәсiптiк білім беру және оларды кәсiптiк даярлау
2007.27.07. № 320-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Түзеу мекемелерiнде кәсiбi (мамандығы) жоқ сотталғандарды сол мекемеде немесе босанған соң сотталушы жұмыс iстей алатын техникалық және кәсіптік білім беру немесе кәсiптiк даярлау жүзеге асырылады.
2. Жұмыс iстеуге тiлек бiлдiрген I және II топтағы мүгедектер, 60 жастан асқан еркектер мен 55 жастан асқан әйелдер кәсiптiк даярлауға тартылуы мүмкiн.
3. Сотталғандардың кәсiптiк білім алу мен кәсiптiк даярлауға көзқарасы олардың түзелу дәрежесiн анықтау кезiнде ескерiледi.
4. Сотталғандарға кәсiптiк білім беру мен оларды кәсiптiк даярлау білім мәселелерi жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік органмен келісім бойынша Әділет министрлігі белгiлейтiн тәртiппен жүзеге асырылады.
15-тарау. Бас бостандығына айыруға сотталғандарға тәрбиелік ықпал ету
2009.10.12. № 228-IV ҚР Заңымен 105-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
105-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандармен тәрбие жұмысы
1. Бас бостандығынан айыруға сотталғандармен тәрбие жұмысы оларды түзеуге, сотталғандардың қоғамдық пайдалы қызметпен айналысуға ұмтылысын, еңбекке адал көзқарасын қалыптастыруға, заңдардың талаптарын және қоғамда қабылданған басқа да мiнез-құлық ережелерiн сақтауға, сотталғандардың білімiн, олардың білім және мәдени деңгейiн арттыруға және одан әрi дамытуға бағытталған.
2. Сотталғандардың жүргiзiлген тәрбие шараларына қатысуы олардың түзелу дәрежесiн анықтау кезiнде, сондай-ақ көтермелеу және жазалау шараларын қолдану кезiнде ескерiледi.
3. Түзеу мекемесiнiң күн тәртібінде сотталғандардың қатысуы мiндеттi тәрбие шаралары көзделуi мүмкiн.
4. Сотталғандармен тәрбие жұмысы түзеу мекемесiнiң түрi, жазалау мерзiмi, ұстау жағдайлары, олардың жеке басының дара ерекшелiктерi және олардың жасаған қылмыстарының мән-жайлары ескерiле отырып, Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі белгілейтін тәртіппен саралап жүргiзiледi.
2009.10.12. № 228-IV ҚР Заңымен 106-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
106-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандармен тәрбие жұмысының негiзгi бағыттары, нысандары мен әдiстерi
1. Түзеу мекемелерiнде адамгершiлiк, құқықтық, еңбек, дене тәрбиесi, сондай-ақ оның сотталғандарды түзеу мақсатына жетуге жағдай тудыратын басқа түрлерi жүргiзiледi.
2. Сотталғандармен тәрбие жұмысы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі белгілеген тәртіппен психологиялық-педагогикалық әдiстер негiзiнде дара, топтық және жаппай нысандарда ұйымдастырылады.
ҚР 16.07.01 ж. № 244-II Заңымен; 2007.26.03. № 240-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 107-бап өзгертілді
107-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың өздiгiнен қызмет ету ұйымдары
1. Сотталғандардың өзiн-өзi басқару элементтерiн дамыту мақсатында түзеу мекемелерiнде сотталғандардың өздiгiнен қызмет ету ұйымдары ерікті негізде құрылады, олар түзеу мекемелерi әкiмшiлiгiнiң бақылауымен жұмыс iстейдi.
2. Сотталғандардың өздiгiнен қызмет ету ұйымдарына қатысуы түзелу дәрежесiн анықтау кезiнде ескерiледi.
3. Өздiгiнен қызмет ету ұйымдарының мiндеттерi мыналар болып табылады: қоғамға пайдалы бастамаларды ынталандыру және сотталғандардың түзелуiне ықпал жасау; еңбектi, тұрмысты және бос уақытты ұйымдастыру мәселелерiн шешуге қатысу; тәртiп пен реттіліктi қолдауда әкiмшiлiкке жәрдемдесу, сотталғандар арасында салауатты өзара қатынасты қалыптастыру; сотталғандарға және олардың туған-туысқандарына әлеуметтiк көмек көрсету.
4. Сотталғандардың өздiгiнен қызмет ету ұйымдарының мүшелерi қосымша жеңiлдiктер мен артықшылықтарды пайдаланбайды. Өздiгiнен қызмет ету ұйымдары мен олардың мүшелерi түзеу мекемесi әкiмшiлiгiнiң өкiлеттiктерiне ие бола алмайды.
5. Сотталғандардың өздiгiнен қызмет ету ұйымдарын құру мен олардың жұмысының тәртібін Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі белгiлейдi.
6. Түзеу мекемелерiнде өзiн жақсы көрсеткен сотталғандардың арасынан мекеме ұжымдары мен топтарының кеңестерi құрылады. Түзеу мекемелерiнде қызметi жазаны атқарудың мақсатына, тәртібі мен ережелерiне қайшы келмесе, сотталғандардың өзге де өздiгiнен қызмет ету ұйымдары құрылуы мүмкiн.
7. Түрмелерде және камералық үлгiдегi үй-жайларда ұсталатын сотталғандар арасында өздiгiнен қызмет ету ұйымдары құрылмайды.
ҚР 16.07.01 ж. № 244-II Заңымен 108-бап өзгертілді; 2007.27.07. № 320-III ҚР Заңымен 108-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
108-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім алуын ұйымдастыру
1. Түзеу мекемелерiнде 30 жасқа толмаған сотталғандардың мiндеттi бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім алуы ұйымдастырылады.
2. Отыз жастан асқан сотталғандар мен I және II топтағы мүгедектер бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білімдi өздерiнiң қалауы бойынша алады.
3. Емтихан тапсыру үшiн оқушылар Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жұмыстан босатылады.
4. Сотталғандардың бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім алуға ұмтылысы көтермеленедi және олардың түзелу дәрежесiн анықтау кезiнде ескерiледi.
2007.27.07. № 320-III ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Өмiр бойы бас бостандығынан айыруды өтеушi сотталғандар бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім алуға тартылмайды. Оларға өздiгiнен білімiн көтеру үшiн жазаны өтеудiң тәртібі мен ережелерiне қайшы келмейтiн жағдайлар жасалады.
6. Мектептердiң педагогикалық ұжымдары тәрбие жұмысында түзеу мекемесiнiң әкiмшiлiгiне көмек көрсетедi.
7. Сотталғандардың бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім алуын ұйымдастыру білім беру мәселелерi жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік органмен келісім бойынша Әділет министрлігі белгiлейтiн тәртiппен жүзеге асырылады.
2007.26.03. № 240-III ҚР Заңымен 109-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
109-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандарға қолданылатын көтермелеу шаралары
1. Сотталғандарға жақсы мiнез-құлқы, еңбекке, оқуға адал қарағаны, өзiне-өзi қызмет ету ұйымдарының жұмысына және тәрбие шараларына белсене қатысқаны үшiн мынадай көтермелеу шаралары қолданылуы мүмкiн:
алғыс жариялау;
сыйлықпен марапаттау;
сыйақы беру;
қосымша посылка немесе сәлемдеме алуға рұқсат беру;
қосымша қысқа мерзiмдi немесе ұзақ мерзiмдi кездесуге рұқсат беру;
жүкті әйелдерді, жанында балалары бар әйелдерді, сондай-ақ І және II топтағы мүгедектер мен емдеу түзеу мекемелерінде ұсталатын сотталған адамдарды қоспағанда, мереке күндері тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажеттi нәрселердi сатып алуға бiр айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi сомада қосымша ақша жұмсауға рұқсат беру;
бұрын қолданылған жазаны мерзiмiнен бұрын алып тастау.
2. Колония-қоныстарда жазасын өтеушi сотталғандарға, осы баптың 1-тармағында аталған көтермелеу шараларынан басқа, демалыс және мереке күндерiн колония-қоныстың шегiнен тыс жерде өткізуге рұқсат беру түрiнде көтермелеу шарасы қолданылуы мүмкiн.
3. Жақсы мiнездемелi сотталғандарға осы Кодекстiң 73-бабының 2-тармағында және 82-бабының 4-тармағында көзделген шаралар да қолданылуы мүмкiн.
4. Құқық бұзбайтын мінез-құлқы, еңбекке (оқуға) адал қарағаны, көркемөнерпаздар ұйымдарының жұмысына және тәрбиелік іс-шараларға белсенді қатысқаны, жәбірленушінің денсаулығы мен мүлкіне, мемлекетке келтірген залалды өтеу жөнінде шаралар қолданғаны үшін, сот тағайындаған жазаны толық өтеуді қажет етпейтін сотталған адамдарды сот жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатуы, сондай-ақ жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жұмсақ түрімен ауыстыруға ұсынуы мүмкін.
5. Жақсы мiнездемелi сотталғандар жөнiнде кешiрiм жасау туралы өтiнiш қозғалуы мүмкiн.
2007.26.03. № 240-III ҚР Заңымен 110-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
110-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандарға көтермелеу шараларын қолдану тәртібі
1. Алғыс түріндегі көтермелеу ауызша немесе жазбаша, қалған көтермелеу - тек жазбаша қолданылады.
2. Сотталғандарға көтермелеу ретiнде жыл iшiнде қосымша төрт посылкаға немесе сәлемдемеге дейiн алуға рұқсат етiлуi және қосымша төрт қысқа мерзiмдi немесе ұзақ кездесулер берiлуi мүмкiн.
3. Бұрын қолданылған жазаны мерзiмiнен бұрын алуға осы Кодекстiң 111-бабының 1-тармағында аталған жазаларды өтей бастаған күнiнен үш айдан ерте жол берiлмейдi.
Бұрын қолданылған жазаны мерзімінен бұрын алу жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қасақана бұзушылар деп танылған сотталған адамдарға қолданылмайды.
111-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандарға қолданылатын жазалау шаралары
1. Сотталғандарға жазаны өтеудiң белгiленген тәртібін бұзғаны үшiн мынадай жазалау шаралары қолданылуы мүмкiн:
ескерту немесе сөгiс;
екi айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерiнде тәртiптiк айыппұл;
түзеу колонияларында немесе түрмелерде ұсталатын сотталғандарды он бес тәулiкке дейiнгi мерзiмге айыптылық оқшаулау орнына шығару;
жалпы және қатаң режимдегi түзеу колонияларында ұсталатын, жазаны өтеудiң белгiленген тәртібін қасақана бұзушы сотталған еркектердi камералық үлгiдегi үй-жайларға, ал қатаң режимдегi колонияларда - алты айға дейiнгi мерзiмге жалғыз адамдық камераларға ауыстыру;
жазаны өтеудiң белгiленген тәртібін қасақана бұзушы сотталған әйелдердi үш айға дейiнгi мерзiмге камералық үлгiдегi үй-жайларға ауыстыру.
2. Бас бостандығынан айыруды колония-қоныстарда өтеушi сотталғандарға жатақханалардан тыс тұру құқығының күшiн жою және жұмыстан бос уақытта отыз күнге дейiн мерзiмге жатақхана шегiнен шығуға тыйым салу түріндегі жаза қолданылуы мүмкiн.
3. Жазаны өтеудiң белгiленген тәртібін қасақана бұзушылар болып табылатын сотталғандарға осы Кодекстiң 73-бабының 4-тармағында және 82-бабының 4-тармағында көзделген шаралар да қолданылуы мүмкiн.
ҚР 21.12.02 ж. № 363-II Заңымен (бұр. ред. қара); 2007.26.03. № 240-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара; 2009.10.12. № 228-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 112-бап өзгертілді
112-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың жазаны өтеудiң белгiленген тәртібін қасақана бұзуы
1. Сотталған адамның еңбекақы төленбейтін жұмыстан негізсіз бас тартуы; алкогольді, есірткілерді, басқа да есеңгірететін заттарды пайдалануы; ұсақ бұзақылық; түзеу мекемесі әкімшілігінің өкілдерін қорқытуы немесе оларды қорлауы не оларға бағынбауы, соның ішінде өзіне қандай да бір қасақана жарақат салумен ұштасқан оларға бағынбауы; түзеу мекемелерінде пайдалануға рұқсат етілмеген нәрселерді жасауы, сақтауы немесе беруі (алуы); құмар ойындарға қатысуы; сот тағайындаған міндетті емделуден жалтаруы; емдеу-профилактикалық мекемесінің ішкі тәртіп ережелерін бұзуы; ереуілдер немесе өзге де топтасып бағынбауларды ұйымдастыруы, сол сияқты оларға белсене қатысуы; жыныстық сипаттағы лайықсыз іс-әрекеттерді жасауы; осы бапта көрсетілген бұзушылықтарды жасауға бағытталған сотталған адамдар топтарын ұйымдастыруы немесе оларға белсене қатысуы бас бостандығынан айыруға сотталған адамдардың жазаны өтеудің белгіленген тәртібін әдейі бұзуы болып табылады.