2. Режим сотталғандарды түзеудiң басқа құралдарын қолдануға жағдайлар жасайды.
3. Түзеу мекемелерiнде Әділет министрлігі бекiтетiн iшкi тәртiп ережелерi қолданылады.
4. Түзеу мекемелерiнде сотталғандар нормативтiк құқықтық актiлермен айқындалатын белгiленген үлгiдегi киiмдi киiп жүредi.
5. Сотталғандар, олардың заттары мен киiм-кешегi, сондай-ақ түзеу мекемесiнiң үй-жайы тiнтiледi және тексерiледi. Жеке тiнтудi сотталғандармен бiр жыныстағы адамдар жүргiзедi. Тұрғын үй-жайды оларда сотталғандар болған кезде тiнтуге кейiнге қалдыруға болмайтын жағдайда жол берiледi.
6. Түзеу мекемесiнiң әкiмшiлiгi мекеменiң аумағындағы және оған жапсарлас режимдiк талаптар белгiленген аумақтардағы адамдарға, олардың заттарына, көлiк құралдарына тексеру жүргiзуде, сондай-ақ тiзбесi Қазақстан Республикасының заңдарымен және түзеу мекемелерiнiң Iшкi тәртiп ережелерiмен белгiленетiн тыйым салынған заттар мен құжаттарды алып қоюға құқылы.
6-1. Түзеу мекемесiне iргелес аумақтың шекарасын оның әкiмшiлiгi облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарымен келісім бойынша белгiлейдi.
7. Қылмыстық-атқару жүйесі органдарының түзеу мекемелеріндегі сотталған адамдарға қадағалауды және тексерулер жүргізуді жүзеге асыру қызметін ұйымдастыру тәртібін Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі айқындайды.
8. Сотталғандардың өзiнде болуға рұқсат етiлетiн заттар мен нәрселердiң тiзбесi түзеу мекемелерiнiң Iшкi тәртiп ережелерiмен белгiленедi. Сотталғандардың ақшаны, бағалы қағаздар мен бағалы заттарды, сондай-ақ тiзбеде көрсетiлмеген нәрселердi өзiнде сақтауына жол берiлмейдi.
9. Сотталғандардан табылған ақшаны, бағалы қағаздар мен өзге де бағалы заттарды, сондай-ақ түзеу мекемесінің аумағынан табылған, олардың кімге тиесілі екенін анықтау мүмкін болмаған ақшаны, бағалы қағаздар мен өзге де бағалы заттарды түзеу мекемелерiнiң ішкi тәртiп қағидаларына сәйкес түзеу мекемесiнiң әкiмшiлiгi алып қояды және соттың шешімі бойынша мемлекеттің кірісіне айналуға тиіс. Сотталғандардан алынған, сондай-ақ түзеу мекемесінің аумағынан табылған, заңнамамен тыйым салынған өзге де заттар мен құжаттар сақтауға өткiзiледi не соттың шешiмi бойынша жойып жiберiледi.
10. Сотталғандардың белгiленген тәртiппен сатып алған бағалы қағаздарын сақтауды түзеу мекемесiнiң әкiмшiлiгi қамтамасыз етедi.
2009.10.12. № 228-IV ҚР Заңымен 78-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
78-бап. Қадағалау мен бақылаудың техникалық құралдары
1. Түзеу мекемелерiнiң әкiмшiлiгi қашып шығу мен басқа қылмыстардың, жазаны өтеудiң белгiленген тәртібін бұзудың алдын алу, сотталғандардың мiнез-құлқы туралы қажеттi ақпарат алу үшiн дыбыстық-бейнелiк, (бейнелік қадағалау жүйесі) электронды және өзге де техникалық құралдарды пайдалануға құқылы.
2. Түзеу мекемелерiнiң әкiмшiлiгi сотталғандарға қадағалау мен бақылаудың бiр мезгiлде қорғау мiндетiн атқаратын, бұзылған жағдайда сотталғандардың өмiрi мен денсаулығына қауiп төндiруi ықтимал техникалық құралдары қолданылатыны туралы хабарлауға мiндеттi.
3. Техникалық қадағалау мен бақылау құралдарының тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды, оларды пайдалану тәртібін Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі белгілейді.
79-бап. Түзеу мекемелеріндегі жедел-iздестiру қызметi
1. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес түзеу мекемелерiнде жедел-iздестiру қызметi жүзеге асырылады, оның мiндетi мыналар болып табылады:
жазаларды атқарудың тәртібі мен ережелерiн, сотталғандардың, түзеу мекемелерiнiң қызметкерлерi мен өзге де адамдардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету;
түзеу мекемелеріндегі әзiрленiп жатқан және жасалмақшы қылмыстар мен жазаны өтеудiң белгiленген тәртібін бұзуды анықтау, ашу, жолын кесу және алдын алу;
түзеу мекемелерiнен қашып кеткен сотталғандарды, сондай-ақ бас бостандығынан айыруды өтеуден жалтарып жүрген сотталғандарды белгiленген тәртiппен iздестiру;
сотталғандардың түзеу мекемесiне келгенге дейiн жасаған қылмыстарын анықтау мен ашуға жәрдемдесу.
2. Жедел-iздестiру жұмысын түзеу мекемелерiнiң оралымды қызметтерi жүзеге асырады.
ҚР 16.07.01 ж. № 244-II Заңымен; 2009.10.12. № 228-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 80-бап өзгертілді
80-бап. Түзеу мекемелеріндегі айрықша жағдайлар режимi
1. Табиғи апат, түзеу мекемесi орналасқан ауданға төтенше, ерекше жағдай немесе соғыс жағдайы енгiзiлген, сотталғандардың топтасып бағынбаушылығы жағдайларында, сондай-ақ жаппай тәртiпсiздiктер кезiнде түзеу мекемесiнде ерекше жағдайлар режимi енгiзiлуi мүмкiн.
2. Ерекше жағдайлар режимi қолданылған кезеңде түзеу мекемесiнде сотталғандардың осы Кодексте көзделген кейбір құқықтарының жүзеге асырылуы тоқтатыла тұруы, күзет пен қадағалаудың күшейтiлген нұсқасы, объектiлерге жiберудiң ерекше тәртібі енгiзiлуi, күн тәртібінiң өзгертiлуi, өндiрiстiк, коммуналдық-тұрмыстық, мәдени-ағартушылық, медициналық-санитариялық және өзге қызметтердiң жұмысы шектелуi мүмкiн.
3. Ерекше жағдайлар режимі Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігін хабардар ету арқылы Қазақстан Республикасының Бас прокурорымен келiсе отырып, Қазақстан Республикасы Әділет министрiнiң шешiмi бойынша отыз тәулiкке дейiнгi мерзiмге енгiзiледi. Ерекше жағдайлар режимін енгізу тәртібін Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі белгілейді. Айрықша реттерде ерекше жағдайлар режимiнiң қолданылу уақыты осы бапта белгiленген тәртiппен қосымша отыз тәулiкке ұзартылуы мүмкiн.
81-бап. Қауiпсiздiк шаралары және оларды қолдану негiздерi
1. Егер сотталғандар түзеу мекемелерiнiң қызметкерлерiне қарсылық көрсетсе, олардың заңды талаптарына қасақана бағынбаса, бой бермеушiлiк танытса, жаппай тәртiпсiздiктерге, аманаттар басып алуға қатысса немесе осы секiлдi өзге де iс-әрекеттер жасаса, азаматтарға шабуыл жасаса, сондай-ақ түзеу мекемелерiнен қашып шығу немесе қашқандарды ұстау кезiнде сотталғандарға аталған құқыққа қарсы әрекеттердi тыю, сондай-ақ бұл адамдардың айналасындағыларға немесе өздерiне өздерi зиян келтiруiне жол бермеу мақсатында дене күшi, арнаулы құралдар мен қару қолданылады.
2. Осы баптың 1-тармағында аталған қауiпсiздiк шараларын қолдану тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
3. Өмiрiне нақты қатер төнгенi туралы деректер түскен сотталушылардың сазайын тарттырудан қорғау қажет болған жағдайда мұндай адамдарды жалпы негiздерде бiр айға дейiнгi мерзiмде жеке камераларда ұстауға рұқсат етiледi.
13-тарау. Түзеу мекемелерінде жазаны өтеу жағдайлары
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiледi) (бұр. ред. қара); 2007.26.03. № 240-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 82-бап өзгертілді
82-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың жазасын өтеу жағдайлары
1. Жалпы немесе қатаң режимдегi бiр түзеу колониясының, сондай-ақ тәрбиелеу колониясының шектерiнде сотталғандар жазаны өтеудiң дағдылы, қатаң, жеңiлдетiлген және жеңiлдiктi жағдайларында болуы мүмкiн.
2. Ерекше режимдегi түзеу колониясында сотталғандар жазаны өтеудiң дағдылы, қатаң және жеңiлдетiлген жағдайларында болуы мүмкiн.
3. Түрмеде ұсталатын сотталғандар үшiн режимнiң жалпы және қатаң түрлерi белгiленедi.
4. Сотталғандарды осы Кодекстiң 116, 118, 120, 123, 126 -баптарында аталған негiздер бойынша бiр жағдайдан екiншiсiне ауыстыру түзеу мекемесi комиссиясының шешiмiмен жүргiзiледi, оның жұмысына облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарының өкiлдерi қатыса алады. Түзеу мекемесiнiң комиссиясы түрмеде отырған сотталғандарды режимнiң жалпы түрiнен қатаң және қатаңынан жалпы режимге ауыстыру туралы мәселенi де шешедi. Тәрбиелеу колонияларында сотталған адамдарды бір жағдайдан екінші жағдайға ауыстыру осы кодекстің 128-бабына сәйкес жүргізіледі.
5. Сотталушы түзеу колониясындағы жазаны өтеудiң қатаң жағдайларына немесе түрмедегi режимнiң қатаң түрiне ауыстыруға келiспеген жағдайда ол ауыстыру туралы заңда белгiленген тәртiппен шағым жасауға құқылы.
ҚР 21.12.02 ж. № 363-II Заңымен 83-бап өзгертілді (бұр. ред. қара); 2007.26.03. № 240-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 83-бап өзгертілді
83-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажет заттарды сатып алуы
1. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажет заттарды жазасын өтеу кезеңiнде тапқан ақшасына, сондай-ақ алатын зейнетақылары мен әлеуметтiк жәрдемақыларының есебiнен шектеу қоюсыз қолма-қол есеп айырыспай сатып алуына болады.
2. Осы баптың 4-тармағында көрсетілген адамдарды қоспағанда, сотталған адамдардың жұмсауына рұқсат етiлетiн ақшаның жалпы сомасы, олардың жазасын өтеу кезiнде тапқанын қоспағанда, осы Кодекстiң 117, 119, 121, 127, 129-баптарымен реттеледi.
3. Рұқсат етiлген ақша сомасы ағымдағы айда жұмсалмаған жағдайда сотталғандардың тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажеттi заттарды жұмсалмаған сомаға кейiнгi айларда сатып алуына болады.
4. Жүкті әйелдердің, жанында балалары бар әйелдердің, сондай-ақ І және II топтағы мүгедектер мен емдеу түзеу мекемелерінде ұсталатын сотталған адамдардың тамақ өнімдері мен бірінші кезекте қажетті заттарды өздерінің жеке шоттарындағы қаражаттың есебінен шектеусіз сатып алуына болады.
5. 2007.26.03. № 240-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
6. Сотталғандарға сатуға тыйым салынған тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажеттi заттардың тiзбесi және олардың саны түзеу мекемелерiнiң Iшкi тәртiп ережелерiмен белгiленедi.
ҚР 16.07.01 ж. № 244-II Заңымен; 2007.26.03. № 240-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2009.11.12. № 230-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 84-бап өзгертілді
84-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың кездесулерi
1. Сотталғандарға түзеу мекемесiнiң аумағында ұзақтығы екi сағаттан төрт сағатқа дейiн қысқа мерзiмдi, ұзақтығы бiр тәулiктен үш тәулiкке дейiн ұзақ кездесулер берiледi. Осы Кодексте көзделген жағдайларда сотталғандарға түзеу мекемесiнен тыс тұру арқылы ұзақтығы бес тәулiк болатын ұзақ мерзiмдi кездесулер берiлуi мүмкiн. Бұл жағдайда кездесудiң тәртібі мен өтетiн жерiн түзеу мекемесiнiң бастығы белгiлейдi.
2. Туған-туыстарымен немесе өзге адамдармен қысқа мерзiмдi кездесулер түзеу мекемесiнiң әкiмшiлiгi өкiлiнiң қатысуымен берiледi. Ұзақ кездесулер жұбайымен /зайыбымен/ және жақын туыстарымен /ата-аналар, балалар, асырап алғандар, асырап алынғандар, ағалы-iнiлiлер, апалы-сiңлiлер, атасы, әжесi, немерелерi/, ерекше жағдайларда түзеу мекемесi бастығының рұқсаты бойынша өзге адамдармен бiрге тұру құқығымен берiледi.
3. Сотталғандарға өздерiнiң өтiнiшi бойынша ұзақ кездесудi қысқа мерзiмдiсiмен, ал тәрбиелеу колонияларында мекемеден тыс бiрге тұратын ұзақ кездесудi - колониядан тысқары шығатын қысқа мерзiмдiсiмен ауыстыруға рұқсат етiледi. Ауыстыру тәртібін Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі белгiлейдi.
4. Сотталғандарға заң көмегін алу үшін олардың санына, ұзақтығына шек қойылмай және олардың құпиялылығын қамтамасыз ететін жағдайларда, олардың арызы бойынша адвокаттармен кездесуге рұқсат беріледі.
ҚР 16.07.01 ж. № 244-11 Заңымен 85-бап өзгертілді
85-бап. Сотталғандардың посылкалар, сәлемдемелер мен бандерольдер алуы
1. Бас бостандығынан айыруға сотталғандарға түзеу мекемелерiнде осы Кодекстiң 117, 119, 121, 123, 129-баптарында белгiленген мөлшерде посылкалар, сәлемдемелер мен бандерольдер алуға рұқсат етiледi. Бiр посылканың немесе бандерольдың ең жоғары салмағы почта ережелерiмен айқындалады. Бiр сәлемдеменiң салмағы бiр посылкаға белгiленген салмақтан аспауға тиiс.
2. Ауру сотталғандардың, I және II топтағы мүгедектердiң, жүктi сотталған әйелдер мен балалары түзеу мекемесiнiң балалар үйлерiнде жүрген сотталған әйелдердiң мөлшерi мен түр-түрi медициналық қорытындыда белгiленген қосымша посылкалар мен сәлемдемелер алуына болады.
3. Сотталғандардың медициналық қорытындыға сәйкес алатын дәрiлiк заттары мен медициналық мақсаттағы бұйымдары осы баптың 1-тармағында айқындалған посылкалардың, сәлемдемелер мен бандерольдердiң санына қосылмайды. Олар сол сотталғандарды емдеу үшiн түзеу мекемесiнiң медициналық бөлiмiне жiберiледi.
4. Посылкалар, сәлемдемелер мен бандерольдер тексерiледi.
5. Сотталғандардың посылкаларды, сәлемдемелер мен бандерольдердi алу тәртібін Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі белгiлейдi.
6. Сотталғандар түзеу мекемесi әкiмшiлiгiнiң рұқсатымен посылкалар мен бандерольдер жөнелте алады.
2007.26.03. № 240-III ҚР Заңымен 86-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
86-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың хат алысуы, ақша аударымдарын жiберуi мен алуы
1. Сотталғандарға хаттар мен жедел хаттарды санына шек қоймай өз есебiнен алуға және жiберуге рұқсат етiледi.
2. Сотталғандардың жiберген және алған хат-хабарын цензура уәкілетті орган белгілейтін тәртіппен тексередi.
3. Туыстар болып табылмайтын, бас бостандығынан айыру орындарында ұсталушы сотталғандардың арасында хат алысуға түзеу мекемесi әкiмшiлiгiнiң рұқсатымен жол берiледi.
4. Сотталғандар ақша аударымдарын алуға, сондай-ақ жақын туыстарына, ал әкiмшiлiктiң рұқсатымен ақша аударымын өзге адамдарға жiберуге құқылы.
ҚР 21.12.02 ж. № 363-II Заңымен (бұр. ред. қара); 2007.26.03. № 240-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2009.10.12. № 228-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 87-бап өзгертілді
87-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың телефон арқылы сөйлесуi
1.Сотталған адамның телефон арқылы әр сөйлескенде ұзақтығы он бес минутқа дейін сөйлесуге құқығы бар. Телефон арқылы сөйлесу ақысы сотталғандардың немесе олардың жұбайының (зайыбының) жақын туыстарының жеке қаражатынан төленедi.
2. алынып тасталды
3. Қатаң ұстау жағдайындағы сотталғандарға, сондай-ақ жазалау шарасын айыптылық, тәртiптiк оқшаулау орындарында, камералық үлгiдегi үй-жайларда және жалғыз адамдық камераларда өтеушiлерге телефон арқылы сөйлесуге ерекше жеке жағдайлар кезiнде ғана рұқсат етiлуi мүмкiн.
4. Түзеу мекемелерiнде ұсталатын сотталғандардың арасында телефон арқылы сөйлесуге тыйым салынады.
5. Сотталған адамдардың телефон арқылы сөйлесулерін түзеу мекемелерінің қызметкерлері бақылайды.
Қылмыстық-атқару жүйесінің сотталған адамдардың телефон арқылы сөйлесулерін бақылау жөніндегі қызметін ұйымдастыру тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалады.
88-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың әдебиеттер және жазу керек-жарағын сатып алуы мен сақтауы
1. Сотталғандардың бандерольдарда, посылкалар мен сәлемдемелерде жазу керек-жарақтарын алуына, сауда желісі арқылы әдебиеттер сатып алуына, сондай-ақ жеке шотындағы қаражат есебiнен газеттер мен журналдарға шек қоюсыз жазылуға рұқсат етiледi.
2. Сотталғандарға конституциялық құрылысты күштен өзгертудi, Республиканың тұтастығын бұзуды, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiрудi, соғысты, әлеуметтiк, нәсiлдiк, дiни, әлеуметтiк және рулық артықшылықты, сондай-ақ қаталдық пен зорлық-зомбылыққа табынуды насихаттайтын басылымдарды, сондай-ақ әдепсiздiк сипаттағы басылымдарды алуға, сатып алуға, оларға жазылуға, сақтауға және таратуға тыйым салынады.
3. Сауда желісі арқылы сатып алынатын әдебиет сотталушы алуға құқылы посылкалар мен бандерольдардың санына кiрмейдi.
4. Сотталушыға өзiнде он данадан аспайтын кiтап пен журнал ұстауына рұқсат етiледi.
5. Саны осы баптың 4-тармағында аталған мөлшерден артық әдебиеттi сотталушы сақтауға өткiзедi не оның келісімiмен түзеу мекемесi кiтапханасының пайдаланылуына берiледi.
89-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың сейiлдеуi
1. Жабылатын үй-жайларда, айыптылық оқшаулау орындарында, тәртiптiк оқшаулау орындарында, камералық үлгiдегi үй-жайларда, жалпы және жалғыз адамдық камераларда бас бостандығынан айыруды өтеушi сотталғандардың, егер олар ашық жерде жұмыс iстемейтiн болса, ұзақтығы осы Кодекстiң 114, 117, 119, 121, 123, 127-баптарымен белгiленген уақытта сейiлдеуге құқығы бар.
2. Сотталғандарың сейiлдеуi күндiзгi уақытта түзеу мекемесi аумағының арнайы жабдықталған бөлiгiнде өткiзiледi. Сейiлдеу сотталғандар түзеу мекемелерiнiң Iшкi тәртiп ережелерiн бұзған жағдайда мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн.
90-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың кинофильмдер мен телехабарлар көруi, радиохабарлар тыңдауы
1. Жазасын түрмеде өтеушiлердi қоспағанда, бас бостандығынан айыруға сотталғандарға, сондай-ақ айыптылық оқшаулау орындарына, камералық үлгiдегi үй-жайларға және жалғыз адамдық камераларға көшiрiлген сотталғандарға аптасына кемiнде бiр рет кинофильмдер көрсетiледi.
2. Айыптылық оқшаулау орындарына, камералық үлгiдегi үй-жайларға және жалғыз адамдық камераларға көшiрiлгендердi қоспағанда, сотталғандарға күн тәртібімен түнгi демалыс үшiн бөлiнген уақыттан басқа жұмыстан бос сағаттарда телехабарлар көруге рұқсат етiледi.
3. Сотталғандар мен сотталушылар топтарының өз қаражаттарының есебiнен сауда желісі арқылы теледидар қабылдағыштары мен радиоқабылдағыштар сатып алуына немесе оларды туған-туыстарынан және өзге адамдардан алуына болады.
4. Сотталғандарға күн тәртібімен түнгi демалысқа бөлiнген уақыттан басқа жұмыстан бос сағаттарда радиохабарлар тыңдауға рұқсат етiледi. Тұрғын үй-жайлар, тәрбие жұмысы бөлмелерi, демалыс бөлмелерi, жұмыс үй-жайлары, айыптылық оқшаулау камералары, камералық үлгiдегi үй-жайлар, жалғыз адамдық камералар түзеу мекемесiнiң қаражаты есебiнен радионүктелермен жабдықталады.
2007.26.03. № 240-III ҚР Заңымен 91-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
91-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың айдауылсыз немесе қосып ертпей жүруi
1. Бас бостандығынан айыруды түзеу және тәрбиелеу колонияларында өтеушi, сондай-ақ тергеушiлiк оқшаулау орындары мен түрмелерде шаруашылық қызмет көрсету жөніндегі жұмысқа қалдырылған, өзiн жақсы жағынан көрсеткен сотталғандарға, егер бұл олардың орындайтын жұмысының сипаты бойынша қажет болса, күзетiлетiн аумақтан тыс жерде айдауылсыз немесе қосып ертпей жүруiне рұқсат етiлуi мүмкiн.
2. Қайталап аса қауiптi қылмыс жасап сотталғандарға; өлiм жазасы түріндегі жазасы кешiрiм жасау тәртібімен бас бостандығынан айыруға ауыстырылған сотталғандарға; өмiр бойы бас бостандығынан айыруға сотталғандарға; белгiлi бiр түзеу мекемесiнде кемiнде алты ай болған сотталғандарға; жазалары алынбаған немесе өтелмеген сотталғандарға; аса ауыр қылмыстары үшiн сотталғандарға; сотталған шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарға; ұстаудың қатаң жағдайларындағы сотталғандарға; жазасын өтеу кезеңiнде қасақана жасаған қылмыстары үшiн сотталғандарға; алкоголизмнен, уытқұмарлықтан, нашақорлықтан, туберкулезден немесе соз ауруынан емделудiң толық курсынан өтпеген сотталғандарға күзетiлетiн аумақ шегiнен айдауылсыз немесе қосып ертпей жүруге жол берiлмейдi.
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) 92-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
92-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандарға айдауылсыз немесе қосып ертпей жүру құқығын беру тәртібі
1. Сотталушыға түзеу мекемесiнiң аумағынан тысқары айдауылсыз немесе қосып ертпей жүру құқығы түзеу мекемесi бастығының дәлелдi қаулысымен берiледi.
2. Айдауылсыз немесе қосып ертпей жүру құқығын пайдаланушы сотталғандар бөлек тұрғын үй-жайларда орналастырылуға тиiс. Оларға түзеу мекемесiнiң шегiнен тысқары, бiрақ облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарының келісімiмен түзеу мекемесiнiң әкiмшiлiгi белгiлеген шекте жатақханаларда тұруға рұқсат етiлуi мүмкiн.
3. Түзеу мекемесiнiң шегiнен тыс жерде айдауылсыз немесе қосып ертпей жүруге рұқсат берiлген сотталғандардың iс-қылығы түзеу мекемесiнiң Iшкi тәртiп ережелерiмен реттеледi.
4. Сотталушы iс-қылық ережелерiн бұзған жағдайда не жұмысының сипаты өзгерген кезде айдауылсыз немесе қосып ертпей жүрудiң түзеу мекемесi бастығының қаулысымен күшi жойылады.
2007.26.03. № 240-III ҚР Заңымен 93-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
93-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың түзеу мекемелерiнiң шегiнен тысқары жол жүруi
1. Түзеу және тәрбиелеу колонияларында ұсталатын сотталғандарға, сондай-ақ шаруашылық қызмет көрсету жөніндегі жұмысты жүргiзу үшiн белгiленген тәртiппен тергеушiлiк оқшаулау орындары мен түрмелерде қалдырылған сотталғандарға түзеу мекемелерiнiң шегiнен тысқары: ерекше жеке жағдайларға байланысты (жақын туысының өлуi немесе науқастың өмiрiне қатер төндiрiп ауыр сырқаттануы; сотталушыға немесе оның отбасына елеулi материалдық залал келтiрген табиғи зiлзала); сондай-ақ босатылғаннан кейiнгi еңбек және тұрмыстық жайласу мәселелерiн алдын ала шешу үшiн бару-қайту жолына қажет (бес тәулiктен аспайтын) уақытты есептемегенде, жетi тәулiктен аспайтын мерзiмге - қысқа мерзiмдi; жыл сайынғы ақылы демалыс уақытында, ал жұмыс iстемейтiн адамдарға заңға сәйкес демалыс мерзiмiне тең мерзiмге ұзақ мерзiмдi жол жүруiне рұқсат етiлуi мүмкiн.
2. Түзеу колонияларының балалар үйлерiнде балалары бар сотталған әйелдерге балаларын туған-туыстарына не балалар үйiне орналастыру үшiн бару-қайту жолына қажет уақытты есептемегенде, түзеу мекемелерiнiң шегiнен тысқары жетi тәулiкке дейiнгi мерзiмге қысқа мерзiмдi жол жүруге, түзеу колониясынан тыс жерде кәмелетке толмаған мүгедек балалары бар сотталған әйелдерге олармен кездесуi үшiн жылына дәл сондай мерзiмге бiр рет қысқа мерзiмдi жол жүруге рұқсат етiлуi мүмкiн.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында аталған негiздер бойынша жол жүруге аса қауiптi қайталап қылмыс жасап сотталғандарға; өлiмге кесу түріндегі жазасы кешiрiм жасау тәртібімен бас бостандығынан айыруға ауыстырылған адамдарға; өмiр бойы бас бостандығынан айыруға сотталғандарға; есiнiң дұрыстығы жоққа шығарылмайтын, психикасының бұзылуынан зардап шегушi деп танылғандарға; алкоголизмнен, уытқұмарлықтан, нашақорлықтан, туберкулезден, соз ауруынан емделудi аяқтамағандарға рұқсат берiлмейдi.
4. Есiнiң дұрыстығы жоққа шығарылмайтын, психикасының бұзылуынан зардап шегушi сотталғандарға, I және II топтардағы мүгедектер болып табылатын және денсаулық жағдайына қарай үнемi күтiмдi қажет етушi сотталғандарға, сондай-ақ кәмелетке толмаған сотталғандарға түзеу мекемесiнiң шегiнен тысқары жол жүруге туысының ерiп жүруiмен немесе өзге адамның ерiп жүруiмен рұқсат етiледi.
5. Сотталушының ерекше жеке жағдайларға байланысты қысқа мерзiмдi жол жүруi туралы өтiнiшi бiр тәулiктен кешiктiрiлмей қаралуға тиiс. Қысқа мерзiмдi жол жүруге арналған рұқсатты сотталушының жеке басы мен мiнез-құлқын ескере отырып, түзеу мекемесiнiң бастығы бередi.
6. Сотталушының түзеу мекемесiнiң шегiнен тыс болған уақыты жазаны өтеу мерзiмiне есептеледi.
7. Сотталушының бас бостандығынан айыру орнынан тыс жолының шығындары оның жеке шотында бар қаражатынан төленедi не өзге адамдар төлейдi. Сотталушының түзеу мекемесiнен тыс болған уақыты үшiн оған табыс есептелмейдi.
8. Сотталушының белгiленген мерзiмде қайтып оралуын қиындататын күтпеген жағдайлар туындаған ретте сотталушының болған жеріндегі iшкi iстер органы бастығының дәлелдi қаулысымен түзеу мекемесiне оралу мерзiмi түзеу мекемесi әкiмшiлiгiне қабылданған шешiм туралы мiндеттi түрде шұғыл мәлiмденiп, бес тәулiкке дейiн ұзартылуы мүмкiн.
9. Сотталғандарға бас бостандығынан айыру орнынан тыс қысқа мерзiмдi жол жүрудiң тәртібі түзеу мекемелерiнiң Iшкi тәртiп ережелерiмен белгiленедi.
10. Сотталушы түзеу мекемесiне белгiленген мерзiмде оралудан жалтарған кезде оны жазасын өтеу орнына айдап апару немесе қылмыстық жауапқа тарту туралы мәселенi шешу үшiн болған жерi бойынша прокурордың санкциясымен оны отыз тәулiктен аспайтын мерзiмге iшкi iстер органы ұстауға тиiс.
11. Сотталғандардың басқа мемлекеттiң аумағына жол жүруiне тиiстi мемлекеттермен келісімдерде көзделген тәртiп пен жағдайларда рұқсат етiледi.
94-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандарды мемлекеттік әлеуметтiк сақтандыру әлеуметтiк және зейнетақымен қамтамасыз ету
1. Еңбекпен айналысушы бас бостандығынан айыруға сотталғандар мiндеттi мемлекеттік әлеуметтiк сақтандыруға жатады, ал әйелдер жүктілігi мен тууы бойынша жалпы негiздерде жәрдемақылармен қамтамасыз етiледi.