38) cу объектілерін қорғау - су объектілерін сақтауға, қалпына келтіруге және ұдайы молайтуға, сондай-ақ судың зиянды әсеріне жол бермеуге бағытталған қызмет;
39) су объектілерін пайдалану - жеке және заңды тұлғалардың материалдық немесе өзге де қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін су объектілерінің пайдалы табиғи қасиеттерін алу;
40) су объектісінің бассейні - гидравликалық жағынан байланысты су айдындары мен ағын сулардың су жинау алаңдарын қамтитын аумақ;
41) су пайдалану - жеке және заңды тұлғалардың өз мұқтаждарын және (немесе) коммерциялық мүдделерін қанағаттандыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен су ресурстарын пайдалану;
42) су пайдаланушы - өз мұқтаждарын және (немесе) коммерциялық мүдделерін қанағаттандыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен су ресурстарын пайдалану құқығы берілген жеке немесе заңды тұлға;
43) су режимі - су объектілері мен топырақ қабатындағы су деңгейінің, шығыстары мен көлемінің уақытқа қарай өзгеруі;
44) су сервитуты - су объектісін шектеулі пайдалану құқығы;
45) су тарту құрылысы - су объектілерінен су алуға арналған құрылыстар мен құрылғылар кешені;
46) су торабы - бір тұстамада орналасқан әртүрлі мақсаттағы технологиялық байланысқан гидротехникалық құрылыстар тобы;
47) су тұтынушы - су объектілерінен су тұтынушы немесе су шаруашылығы ұйымдарының қызметтерін пайдаланушы және сумен жабдықтау жүйелерінен су алушы жеке немесе заңды тұлға;
48) су үнемдеу - су ресурстарының ұтымды және тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ететін шаралар жүйесі;
49) су шаруашылығы - су объектілерін пайдалануға, қорғауға және ұдайы молайтуға байланысты экономика саласы;
50) су шаруашылығы жүйесі - өзара байланысты су объектілері мен гидротехникалық құрылыстар кешені;
51) су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарының қауіпсіздігі - су шаруашылығы жүйелері, құрылыстары элементтерінің адамдардың өмірін, денсаулығын және заңды мүдделерін, қоршаған табиғи орта мен шаруашылық объектілерін қорғауды қамтамасыз ететін өзіндік ерекшеліктері;
52) су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету - су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстары авариялары туындауының алдын алу жөніндегі шараларды әзірлеу және жүзеге асыру;
53) су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстары қауіпсіздігінің өлшемдері - су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстары аварияларының туындау қатерінің жол берілетін деңгейіне сәйкес келетін су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстары жай-күйінің техникалық көрсеткіштерінің және оларды пайдалану шарттарының шекті мәні;
54) су шаруашылығы құрылыстары - су ресурстарының пайдаланылуы мен қорғалуын реттеу, сумен жабдықтау, су бұру және судың зиянды әсерін жою мақсатында жасанды түрде құрылған гидротехникалық құрылыстар мен қондырғылар;
55) су шаруашылығы ұйымдары - қызметі суларды реттеумен, жеткізумен, ұдайы молайтумен, сумен жабдықтаумен, су бұрумен және су объектілерін пайдаланумен байланысты заңды тұлғалар;
56) тау-кен жыныстарының су тұтқыш аймақтары, жиектері мен кешендері - тау-кен жыныстарының жарықтары мен кеуек қуыстарында жинақталған және гидравликалық байланыстағы сулар;
57) трансшекаралық әсер - табиғи көзі шектес мемлекеттің немесе көршілес мемлекеттердің аумағында толық немесе ішінара орналасқан трансшекаралық сулардың адамның қызметінен туындайтын сандық немесе сапалық жағынан өзгеруі нәтижесінде пайда болатын зиянды зардаптар;
58) тұстама - су торабының құрылыстары орналасқан өзен учаскесі;
59) шахта құдығы - сумен жабдықтау, тау-кен жыныстарын құрғату және жер бетінен атмосфералық және жер үсті суларын бұру мақсатында жерасты суларын алу үшін құрылған тереңдігі көлденең кесігінен үлкенірек тік тау-кен қазындысы;
60) шегендеу құрылысы - табиғи жолмен шығып жатқан жерасты суларының ашылуын және пайдалану мақсатында олардың жер бетіне шығарылуын қамтамасыз ететін инженерлік-техникалық құрылыс.
2-бап. Қазақстан Республикасының су заңдары
1. Қазақстан Республикасының су заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда осы Кодекстегiден өзгеше ережелер белгiленген болса, халықаралық шарттардың ережелерi қолданылады.
3-бап. Қазақстан Республикасы су заңдарының мақсаттары мен мiндеттерi
2009.12.02 № 132-IV ҚР Заңымен 1 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Қазақстан Республикасы су заңдарының мақсаттары халықтың және қоршаған ортаның тiршiлiк жағдайларын сақтау мен жақсарту үшiн су пайдалану мен су қорын қорғаудың, сумен жабдықтаудың және су бұрудың экологиялық қауiпсiз және экономикалық оңтайлы деңгейiне қол жеткізу және қолдау болып табылады.
2. Қазақстан Республикасы су заңдарының мiндеттерi:
2009.12.02 № 132-IV ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
1) су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау және су бұру саласындағы мемлекеттік саясатты жүргізу;
2009.12.02 № 132-IV ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
2) су қатынастарын, сумен жабдықтау және су бұру саласындағы қатынастарды реттеу;
2009.12.02 № 132-IV ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
3) тұрақты су пайдалануды және су қорын қорғауды, сумен жабдықтауды және су бұруды қолдау мен дамытудың құқықтық негiздерiн қамтамасыз ету;
2009.12.02 № 132-IV ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
4) су қорын пайдаланудың және қорғаудың, сумен жабдықтаудың және су бұрудың негiзгi принциптерi мен бағыттарын айқындау;
2009.12.02 № 132-IV ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
5) су ресурстарын зерттеу, барлау, ұтымды және кешенді пайдалану мен қорғау, гидромелиорациялық жүйелер мен су шаруашылығы құрылыстары саласындағы қатынастарды басқару;
2009.12.02 № 132-IV ҚР Заңымен тармақ 6) тармақшамен толықтырылды
6) жерді гидромелиорациялауды дамыту бағыттарын айқындау;
2009.12.02 № 132-IV ҚР Заңымен тармақ 7) тармақшамен толықтырылды
7) халықты және шаруашылық объектілерін су шаруашылығы құрылыстарындағы төтенше жағдайлардан және олардың зардаптарынан қорғау.
4-бап. Қазақстан Республикасының су қоры
Қазақстан Республикасының су қоры Қазақстан Республикасының аумағы шегіндегі мемлекеттік су кадастрына енгiзiлген немесе енгiзiлуге тиiс барлық су объектiлерiнiң жиынтығын қамтиды.
5-бап. Су объектiлерi
Шекарасы, көлемi мен су режимi бар құрлық бетi бедерлеріндегі және жер қойнауындағы су шоғырланымдары Қазақстан Республикасының су объектiлерiне жатады. Олар: теңiздер, өзендер, соларға теңестiрiлген каналдар, көлдер, мұздықтар және басқа да жер үстi су объектiлерi, жер асты сулары бар жер қойнауының бөлiктерi.
6-бап. Су ресурстары
Қазақстан Республикасының су ресурстары су объектiлерiнде жиналған, пайдаланылатын немесе пайдаланылуы мүмкiн жер үстi және жер асты суларының қорлары болып табылады.
7-бап. Су қорының жерлерi
2007.09.01. № 213-III ҚР Заңымен 1 тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
1. Су қорының жері мемлекет меншігінде болады.
2. Ауданаралық (облыстық) және шаруашылықаралық (аудандық) маңызы бар су шаруашылығы құрылыстары (суару және сорғыту жүйелерi) орналасқан су қорының құрамындағы жер учаскелерi, сондай-ақ бiр шаруашылық жүргiзушi субъектiнiң жер учаскесiне қызмет көрсететiн ирригациялық құрылғылар, аталған құрылыстар жекешелендiрiлген жағдайда, азаматтардың және Қазақстан Республикасының мемлекеттік емес заңды тұлғаларының жеке меншiгiнде болуы мүмкiн.
3. Осы баптың 2-тармағында аталған екi немесе одан көп жер учаскелерiн меншiктенушiлерге немесе жер пайдаланушыларға қызмет көрсететiн жер учаскелерi оларға ортақ меншiк немесе жалпы жер пайдалану құқығымен табысталады.
4. Су қорының жерiн меншiкке немесе жер пайдалануға беру тәртібі Қазақстан Республикасының жер туралы заң актiсiмен реттеледi.
8-бап. Қазақстан Республикасының су қорына меншiк құқығы
1. Қазақстан Республикасының су қоры айрықша мемлекеттік меншiкте болады.
2. Су қорын иелену, пайдалану және оған билiк ету құқығын Қазақстан Республикасының Yкіметі жүзеге асырады.
3. Су объектiлерiне мемлекеттік меншiк құқығын бұзған жеке және заңды тұлғалардың iс-әрекеттерiнiң күшi болмайды және ол Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауапкершiлiкке әкеп соғады.
9-бап. Қазақстан Республикасы су заңдарының принциптерi
Қазақстан Республикасының су заңдары мынадай принциптерге негiзделедi:
1) халықтың өмiрi мен қызметiнiң негiзi болып табылатын сулардың мемлекеттік маңызын мойындау;
2) халықты ауыз судың қажеттi мөлшерiмен және кепiлдi сапасымен бiрiншi кезекте қамтамасыз ету;
3) халықтың суға әдiл және теңдей қол жеткізуi;
4) су алуды азайтуға және судың зиянды әсерiн кемiтуге мүмкiндiк беретiн қазiргi заманғы технологияларды игерiп, кешендi және ұтымды су пайдалану;
5) су объектiлерiн оларды қорғаумен қоса кешендi пайдалану;
6) арнайы су пайдаланудың ақылылығы;
7) Қазақстан Республикасының су заңдарын бұзудан келтiрiлген залалды өтеу;
8) Қазақстан Республикасының cу заңдарын бұзғандық үшiн жауапкершiлiктiң бұлтартпастығы;
9) су қорын пайдалану мен қорғау жөніндегі мiндеттердi шешудегi жариялылық және оларға жұртшылықты тарту;
10) Қазақстан Республикасы су қорының жай-күйi туралы ақпараттың қолжетiмдiлiгi;
11) халықаралық нормалар мен Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттардың негiзiнде трансшекаралық суларды пайдалану.
2009.12.02 № 132-IV ҚР Заңымен 10-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
10-бап. Қазақстан Республикасының су және өзге де заңдарымен реттелетiн су қорын пайдалану мен қорғау, сумен жабдықтау және су бұру саласындағы қатынастар
2009.12.02 № 132-IV ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
1. Қазақстан Республикасының су заңнамасы су қорын пайдалану мен қорғау, су қорын және су шаруашылығы жүйелерін басқару, сумен жабдықтау және су бұру, гидромелиорациялық жұмыстарды және су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарының қауіпсіздігі жөніндегі жұмыстарды жүргізу саласындағы қатынастарды және өзге де су қатынастарын реттейді.
2. Су объектiлерiн пайдалану мен қорғау кезiнде туындайтын жерге, орманға, өсiмдiк пен жануарлар дүниесiне қатысты қатынастар арнайы заңдармен және осы Кодекспен реттеледi.
2009.12.02 № 132-IV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
3. Су объектiлерiнiң экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мен табиғи су экологиялық жүйелерiне шаруашылық және өзге де қызметтiң зиянды әсерiн болғызбау кезiнде туындайтын қатынастар Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасымен және Қазақстан Республикасының халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы заңнамасымен, сондай-ақ осы Кодекспен реттеледi.
2009.12.02 № 132-IV ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
4. Жep қойнауын геологиялық зерттеу, барлау және кешендi игеру, жер асты сулары мен жер асты құрылыстарын судың зиянды әсерiнен қорғау саласында туындайтын қатынастар жер қойнауы режимiне бағындырылады және, осы Кодекстiң 66-бабының 3 және 4-тармақтарын қоспағанда, жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану, өнеркәсiп қауiпсiздiгi саласындағы Қазақстан Республикасының тиiстi заңдарымен реттеледi.
5. Су объектiлеріндегі табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою саласында туындайтын қатынастар Қазақстан Республикасының табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар туралы заңдарымен реттеледi.
6. Кеме қатынасы мен теңiзде жүзу саласында туындайтын қатынастар Қазақстан Республикасының су көлiгi саласындағы заңдарымен реттеледi.
7. Теңiз суларын пайдалану саласындағы қатынастар осы Кодекспен және Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттармен реттеледi.
8. Трансшекаралық суларды пайдалану мен қорғауға байланысты қатынастар осы Кодекспен, Қазақстан Республикасының заңдарымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттармен реттеледi.
2-тарау. Су қатынастары объектілері
11-бап. Су қатынастары объектiлерi
1. Су объектiлерi, су шаруашылығы құрылыстары және су қорының жерлерi су қатынастарының объектiлерi болып табылады.
2. Су объектiлерi:
1) жер үстi су объектiлерi;
2) жер асты су объектiлерi;
3) Қазақстан Республикасының теңiз сулары;
4) трансшекаралық сулар болып бөлiнедi.
3. Пайдалану түрлерiне қарай су объектiлерi:
1) ортақ пайдаланудағы су объектiлерi;
2) бiрлесiп пайдаланудағы су объектiлерi;
3) оқшау пайдаланудағы су объектiлерi;
4) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың су объектiлерi;
5) ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектiлерi болып бөлiнедi.
12-бап. Жер үстi су объектiлерi
1. Жер үстi су объектiлерi:
1) су айдындары - өзендер және соларға теңестiрiлген каналдар, көлдер, су қоймалары, тоғандар және басқа iшкi су айдындары, аумақтық сулар;
2) мұздықтар, батпақтар болып бөлiнедi.
2. Жер үстi су объектiлерi жер үстi суларынан, олардың түбiнен және жағалауынан тұрады.
13-бап. Жер асты су объектiлерi
Жер асты су объектiлерiне мыналар жатады:
1) су тұтқыш аймақтар, тау-кен жыныстарының жиектерi мен кешендерi;
2) жер асты суларының бассейнi;
3) жер асты сулары орындары мен учаскелерi;
4) жер асты суларының құрлықта немесе су астынан табиғи шығуы;
5) жер қойнауының суландырылған учаскелерi.
14-бап. Теңiз сулары
1. Қазақстан Республикасының теңiз суларына, егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы шегіндегі Каспий және Арал теңiздерiнiң сулары жатады.
2. 2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен алып тасталды (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара)
15-бап. Трансшекаралық сулар
1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын белгiлейтiн және (немесе) қиып өтетiн жер үстi және жер асты сулары трансшекаралық сулар болып табылады.
2. Трансшекаралық суларды пайдалану мен қорғау тәртібі осы Кодекспен, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекара туралы заңдарымен және Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттармен белгiленедi.
16-бап. Ортақ пайдаланудағы су объектiлерi
1. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, барлық су объектiлерi ортақ пайдаланудағы объектiлер болып табылады.
2. Су объектiлерiнде ортақ су пайдалану осы Кодексте белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
3. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда ортақ пайдаланудағы су объектiлерiн пайдалануды шектеуге жол берiледi.
17-бап. Бiрлесiп пайдаланудағы су объектілерi
1. Жеке немесе заңды тұлғаларға толық немесе iшiнара бiрлесiп пайдалануға берiлген су объектiлерi бiрлесiп пайдаланудағы су объектiлерi болып табылады.
2. Бiрлесiп пайдаланудағы су объектiлерiн пайдаланған кезде ағын судың төменгi жағында орналасқан су пайдаланушылардың мүдделерi бiрiншi кезекте қанағаттандырылады.
3. Бiрлесiп пайдаланудағы су объектiлерiн пайдаланатын су пайдаланушылар өзара мүдделерді ескеруге, су пайдалану құқығын жүзеге асыруды қиындатпауға және бiр-бiрiне зиян келтiрмеуге мiндеттi.
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара)
4. Бiрлесiп пайдалану үшiн су объектiлерiн облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiппен уәкілетті органмен келісім бойынша бередi.
5. Бiрлесiп пайдаланудағы су объектiлерiнде ортақ су пайдалану осы Кодексте белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
18-бап. Оқшау пайдаланудағы су объектiлерi
1. Жеке немесе заңды тұлғаларға толық немесе iшiнара оқшау пайдалануға берiлген су объектiлерi оқшау пайдаланудағы су объектiлерi болып табылады.
2. Оқшау пайдаланудағы су объектiлерi осы Кодексте белгiленген тәртiппен ортақ пайдаланудағы су объектiлерi ретiнде пайдаланылуы мүмкiн.
19-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың су объектiлерi
Ерекше қорғалатын су объектiлерiн құру тәртібі, қорғау және пайдалану режимi, сондай-ақ оларда қызмет ету жағдайлары Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңдарымен белгiленедi.
20-бап. Ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектiлерi
1. Қоршаған орта мен аймақ экономикасына басым ықпал ететiн және шаруашылық қызметтi реттеудiң ерекше құқықтық режимiн талап ететiн жаратылысы табиғи су объектiлерi ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектiлерi деп танылады.
2. Ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектiлерiнiң тiзбесiн және олардағы шаруашылық қызметтi реттеудiң құқықтық режимiнiң ерекшелiктерiн Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
21-бап. Су объектiлерiнiң және су қоры жерлерiнiң айналымдық қабiлетi
Осы Кодекстiң 7-бабының 2-тармағында аталған жерлердi қоспағанда, су объектiлерiнiң, су қоры жерлерiнiң айналымына, сондай-ақ олар орналасқан су объектiлерi мен жерлердiң иелiктен шығарылуына әкеп соғатын немесе әкеп соғуы мүмкiн болатын сатып алуға, сатуға, кепiлге беруге және басқа да мәмiлелер жасасуға жол берiлмейдi.
2-Бөлім. Су объектілерін пайдалану құқығы.
Су шаруашылығы құрылыстарына меншік құқығы және өзге де құқықтар
3-тарау. Су объектілерін пайдалану құқығы
22-бап. Су объектiлерiн пайдалану құқығы
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара); 2009.10.07 № 180-IV ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Жеке және заңды тұлғаларға cу объектілерін пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының су заңнамасында белгіленген арнайы, оқшау немесе бірлесіп пайдалану тәртібімен беріледі.
2. Жеке және заңды тұлғаларға су объектiлерi:
1) қысқа мерзiмдi пайдалану;
2) ұзақ мерзiмдi пайдалану құқығымен табысталады.
3. Қысқа мерзiмдi пайдалану құқығы бес жылға дейiнгi мерзiмге, ұзақ мерзiмдi пайдалану құқығы бес жылдан қырық тоғыз жылға дейiнгi мерзiмге табысталады.
4. Су объектiлерi пайдалануына берiлген жеке және заңды тұлғалар су объектiлерiн пайдалану құқығына билiк ете алмайды.
23-бап. Су сервитуты
1. Су объектiлерiне су сервитуты қауымдық және жеке су сервитуттары нысандарында болады.
2. Ортақ пайдаланудағы су объектiлерiн әркiм пайдалана алады, бұл жағдайда қауымдық су сервитуты су объектiсiн пайдалану құқығының ажырамас бөлiгi болып табылады.
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара)
3. Ортақ пайдаланудағы су объектiсi болып табылмайтын су объектiсiне қауымдық су сервитуты Қазақстан Республикасы заңдарының, облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органы актiсiнiң немесе оны пайдалануға алған жеке немесе заңды тұлғалардың су объектісiн пайдалану тәртібін жариялауы негiзiнде туындауы мүмкiн.
4. Су объектiсiн ұзақ мерзiмдi немесе қысқа мерзiмдi пайдалану құқығы өзге де мүдделi тұлғалардың пайдасына (жеке су сервитуты) шектелуi мүмкiн.
5. Жеке су сервитуты қауымдық су сервитуты сияқты негіздерде белгiленедi, сондай-ақ сот шешiмiнiң негiзiнде де белгiленуi мүмкiн.
2010.21.01. № 242-IV ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Қауымдық және жеке су сервитуттары:
1) құрылыстарды, техникалық құралдар мен құрылғыларды қолданбай су алу;
2) суат және мал айдау, балық шаруашылығын жүргізу;
3) су объектiлерiн сал, қайық және басқа да шағын көлемдi кемелер үшiн су жолдары ретiнде пайдалану мақсаттарында белгiленуi мүмкiн.
2007.12.01. № 222-III ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (күшіне енетін мерзімін қара) (бұр.ред.қара)
7. Су сервитуттарын жүзеге асыру үшiн арнайы су пайдалануға рұқсат алу талап етiлмейдi.
4-тарау. Су шаруашылығы құрылыстарына меншік құқығы және өзге де құқықтар
24-бап. Су шаруашылығы құрылыстарына меншiк құқығы
1. Су шаруашылығы құрылыстары мемлекеттік не жеке меншiкте болуы мүмкiн.
2. Жеке меншiктегi су шаруашылығы құрылыстарын пайдалануға, иемденуге және оларға билiк етуге байланысты қатынастар, егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарымен реттеледi.
25-бап. Ерекше стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы құрылыстары
2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Ерекше стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы құрылыстары мемлекеттік меншiкте болады және жалға, сенiмгерлiк басқаруға берiлмейдi және иеліктен шығаруға жатпайды.
2. Ерекше стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы құрылыстарының тiзбесiн Қазақстан Республикасының Президентi белгiлейдi.
26-бап. Республикалық меншiктегі су шаруашылығы құрылыстары
Республикалық меншiктегi су шаруашылығы құрылыстары мемлекеттік су шаруашылығы ұйымдарына бекітілiп берiледi.
Республикалық меншiктегi су шаруашылығы құрылыстарының тiзбесiн уәкiлеттi органның, сондай-ақ жер қойнауын зерделеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті органның ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
Республикалық меншiктегi су шаруашылығы құрылыстары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жалға, сенiмгерлiк басқаруға берiлуi және жекешелендiрiлуi мүмкiн.
27-бап. Коммуналдық меншiктегi су шаруашылығы құрылыстары
Коммуналдық меншiктегi су шаруашылығы құрылыстары мемлекеттік коммуналдық кәсiпорындарға бекітілiп берiледi және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, ерекше стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы құрылыстарынан басқалары, жалға, сенiмгерлiк басқаруға, өтеусiз пайдалануға берiлуi мүмкiн.
28-бап. Ауыз сумен жабдықтау жүйелерiне меншiк құқығы
1. Ауыз сумен жабдықтау жүйелерi республикалық, коммуналдық меншiкте, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың меншiгiнде болуы мүмкiн.
2. Республикалық меншiктегi ауыз сумен жабдықтау жүйелерiн пайдалануды мемлекеттік ұйымдар жүзеге асырады.
Коммуналдық меншiктегi ауыз сумен жабдықтау жүйелерiн пайдалануды мемлекеттік және өзге де ұйымдар жүзеге асырады.
3. Ауыз сумен жабдықтаудың жекелеген жүйелерi тұрғын үй кондоминиумдарының құрамына кiруi мүмкiн.
29-бап. Ауыл шаруашылығы су пайдаланушыларына қызмет көрсетуге арналған су шаруашылығы құрылыстары
1. Ауыл шаруашылығы су пайдаланушыларына қызмет көрсетуге арналған су шаруашылығы құрылыстары мемлекеттік немесе жеке меншiкте болуы мүмкiн.
2. Мемлекеттік меншiктегi ауыл шаруашылығы су пайдаланушыларына қызмет көрсетуге арналған су шаруашылығы құрылыстары Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiп пен шарттар бойынша осы құрылыстарға қызмет көрсететiн су пайдаланушыларға немесе олардың бiрлестiктерiне жалға, сенiмгерлiк басқаруға, өтеусiз пайдалануға берiлуi, сондай-ақ сатылуы немесе өтеусiз берiлуi мүмкiн.
30-бап. Су шаруашылығы құрылыстарын уақытша мемлекеттік басқару
1. Ұлттық қауiпсiздiк мүдделерiне, азаматтардың өмiрi мен денсаулығына қатер төнген жағдайда және республиканың немесе аймақтың экономикасы үшiн маңызды стратегиялық мәнi бар жекелеген су шаруашылығы құрылыстарының тұрақты жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі мемлекеттік мүлiктi басқару жөніндегі уәкiлеттi органның ұсынысы бойынша осы құрылыстарға қатысты уақытша мемлекеттік басқаруды енгізуi мүмкiн.
2. Осы баптың 1-тармағында аталған су шаруашылығы құрылыстарын уақытша мемлекеттік басқаруды енгізу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 31-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
31-бап. Су шаруашылығы құрылыстарына құқықтарды мемлекеттік тiркеу
1. Су шаруашылығы құрылыстарына құқықтар Қазақстан Республикасының жылжымайтын мүлiкке құқықтарды мемлекеттік тiркеу туралы заңдарына сәйкес мiндеттi түрде мемлекеттік тiркелуге тиiс.
2. Су шаруашылығы құрылыстарына құқықтарды мемлекеттік тiркеу құрылысқа уәкілетті орган белгiлеген нысандағы паспорты болған жағдайда жүргiзiледi.
32-бап. Су шаруашылығы құрылыстарын меншiктенушiлердiң жауапкершiлiгi
1. Су шаруашылығы құрылыстарын меншiктенушiлер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес олардың техникалық жай-күйiнiң қауiпсiздiгi үшiн жауапты болады.
2008.26.05 № 34-IV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара); 2011.06.01. № 378-IV ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Су шаруашылығы құрылыстарының қауiпсiздiгiн меншiктенушілердiң қамтамасыз етуiн бақылауды:
1) су шаруашылығы құрылыстарының жұмыс режимін сақтауы үшін уәкілетті орган;
2) су шаруашылығы құрылыстарының техникалық жай-күйі үшін өнеркәсіптегі қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.